«Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды»

 ХХ ғасырдың соңғы жылдары, яғни тәуелсіздік кезеңде ақын мұрасын жаңаша тануға деген көзқарас қалыптаса бастады. Осы тұста «Тіпті кеше оқушылық кезде де, Тізгінімді ешбір жанға бермедім» дейтін ақиық ақынның жоғары көркемдік-эстетикалық талаппен жазылған жыр жолдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.  Мұның өзі – ақын мұраларының өміршеңдігіне мысал.

Басқа ақындар секілді Мұқағали да өз заманының перзенті. Оның «Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды», «Менің ғасырым», Мен – Октябрь» т.б. өлеңдері өзі өмір сүрген кезеңін мақтан етуден туған. Ол сол кезеңдегі ел өміріндегі негізгі де өзекті мәселелерді жыр жолдарына арқау етті. Солардың ішінде көзге ерекше түсетіні – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өмірінің ауыр тіршілігі мен жүректерге соғыс салған жазылмас жара. Ел өміріндегі бұл айтулы кезең Мұқағали ақынның замандастарының бәріне де ортақ болса, сол шындықты әрқайсысы өз шама-шарқынша бейнелей білді. Ақын өлеңдерінің дені сұрапыл соғысқа айтылған лағынет тәрізді. «Көзің нұрсыз дейсің сен» өлеңіндегі «Жанарымның жартысы ағып кеткен, Себебі, бір-ақ рет шын жыладым» дейтін лирикалық кейіпкердің әкесін майданға шығарып салғандағы көңіл-күйін ақын шынайы бейнелей білген. Ақын шығармаларын оқып отырып, әкесінің аманатын арқалаған он жасар лирикалық кейіпкер өмір бойы сол аманатқа қиянат жасамауға бел байлаған тәрізді әсер береді. Он жасында балалықпен қоштасып, кәрі ана мен жас бауырларына қамқор болуды мақсат тұтқан ол «Сарылып оқып білім ал, Сөнгенше сәулең асырар» деген аманатты жадында сақтап оқудан да қол үзбеген.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өміріндегі ауыр тіршіліктің куәсі болған ақын «1941 жыл. Ақпан», «Қайран жеңгем», «Майданның бәйгесіне», «Соғыстың соңғы көктемі», «Беташар», «Қара қамба», «Абысындар», «Қырқыншы жылдар», «Қырқыншы жылдардағы бесік жырынан», «Біздер жеңдік», т.б. өлеңдерінде сол заманның жанды картинасын жасады. Ол:

Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас, рас, көзімізден жас ақты.

Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты

– деген өлең жолдарына өз замандастарының образын сыйғыза білген. Ол осы өлеңдерге арқау болған негізгі идеяны «Бала шақтан – болашаққа» деген өмірдастанында жалғастыра түсті. Бұл дастандағы кәрі-жастың, қыз-келіншектің түгелдей ауыр жұмысқа тартылғаны мен жесір жеңгелерінің жеке бастарынан өткізген жағдайлар сол тұстағы өмір шындығының жанды картинасы екені рас. Әсіресе жесір қалған жеңгелерінің жерік болып жүрген шағын ақын нанымды түрде бейнелей білген. Шаңырақ сайын бір азаматын Отан қорғауға берген қырық түтіні бар ауылдың жазылмас жарасын «Қырық әже күзетіп отырады, Қырық ұлдың орынын суып қалған» деген екі тармаққа сыйғыза білген.  Осындай ауыр кезең куәгері болған ақын «Қайырлы таң», «Армысыздар адамдар» өлеңдерінде бейбіт өмірдегі тыныштықтың шырқы бұзылмауын тілейді. «Сәби де жоқ таң алдында қыңқылдап, Бір үзім нан сұраған» ….

Ақын өлеңдерінің ішінде туған жер туралы өлеңдері үлкен орын алады. «Тайсалмай өзім тауда өстім, Таласар, қане, бар ма ешкім!» деп жырлаған тау ұлында өршіл рух басым. Оны он жасынан көрген ауыр тіршілігі де, әкеден жастай айрылған қасіреті де жасыта алмаған. Керісінше, «қырдан масақ терген қызыл аяқ партизандар» әкесіздік пен некесіздіктің не екенін біліп, ерте есейген жандар еді. Ақын өзі өмір сүрген дәуірдің шынайы картинасын «Бала шақтан – болашаққа» атты өмірдастанында жинақтай білді. Мұнда ақынның тал бесікте жатқанда жыланнан аман қалуынан бастап, оның көз алдында өткен өмір шындығы арқау болған. Сол жылдары жер жыртып жерге егін салуға он жасар балалар ғана емес, күш-қуаты толмаған тайлардың жегілуі де өмірден алынған шындық. Әсіресе, қасқа тайдың мүшкіл хәлін ақын «Мезгілсіз үсік ұрған жапырақтай, Бүрісіп қос құлағы салбырады» деп жеткізе бейнелеген. Тұяғын да серпуге шамасы келмеген тайынан айрылған ол сол бір шақтағы сезім-күйін «Белім менің бесіктен шықпай жатып, Беймаза өмір, мінеки, қайғы ұсынды» деп суреттеген. Әсіресе жалғызын майданға аттандырған ананың қаралы хабарға сенбей өле-өлгенше перзентін тосуын ақын:

Есімде әлі.

Әжемді өлерінде,

Көзімше көрші шалдың алдағаны.

Жатқан-ды түпсіз, терең сандырақта,

Одан саса қоймады шал бірақта:

«Балаң тірі, тірі екен хаты келды,

Қинама енді жаныңды қалжыратпа…»

«Бәсе…

Солай…

Кебенек киіп кеткен…»

Деді де, бәрімізді сүйіп беттен,

Мазасыз жан алданып, толас тауып,

Мәңгілік ұйқыменен ұйып кеткен…, – нанымды суреттеді. Бұл – жалғызын майданға жіберіп, «кебенек киген келеді» деп күнде қыр басына шығып, соғымнан сыбаға сақтаған қазақ аналарының типтік бейнесі еді.

 Кіндік кескен өлкесін «Ескі жұртта», «Нені аңсаймын», «Хантәңірі», «Апырмай, Туған жер-ай!», «Бозқараған», «Туған жерге», «Қайран Қарасазым-ай!», «Аттанғанда»,  т.б. өлеңдерінде жырға қосқан ақын ендігі жерде жалқыдан жалпыға ауысып, қазақ жерінің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін «Алматының аспаны», ««Жездіде», т.б. өлеңдерінде түгел жырға қосты. Ақын бұл өлеңдерінде нақтылыққа қарай бет бұра бастады. Ол қазақ жерінің жекелеген қала, облыстарының нақты жетістіктерімен мақтанды. Оның ұғымындағы қазақ еліне, туған жерге деген үлкен құрмет «Елім барда», «Отан», «Қазақстан», «Отан туралы», «Елім! Саған ғашықпын», «Қазақ жері», т.б. өлеңдерінде Отан деген ұғыммен кеңейе түсті. Осы өлеңдердің лейтмотивін ақын «Алтай – Атырау» деген поэмасында жалғастыра білді. Қазақтың кең сахарасын түгел жырға қосқан ақын қазақ болып туғанына марқайған күй танытады.

Ақын туындыларының бірсыпырасына табиғат лирикасы арқау болған. «Мен таулықпын!» деп келетін ақын өлеңдерінде өршіл рух басым. Табиғат байлығынан Оның н«Пай, пай, шіркін! Демін-ай жігіт – қыстың!» дейтін ақын Абайдың кәрі қысын жас жігітке теңейді. Ақын ұғымындағы қыс жас жігітке тән от  қызуымен ерекшеленеді. Енді бірде ол қысты ақ қалат киген дәрігерге теңейді:

Аспан, жердің арасын.

Дәрігер  – қыс алуда.

Табиғаттың жарасын

Ақ дәкемен таңуда.

Ақын жер бетінің лайсаңын аппақ қармен жапқан қысты тазалыққа теңей білген. Қысты бірде жас жігітке, енді бірде дәрігерге теңеген ақын көктемге де жаңа теңеу іздестірген. «Ұзатылған көктем – қыз, Қайта оралса несі бар?!» дейді ақын. 

 «Аспанның лағыл маржаны, Мұхитқа батып барады» дейтін ақын жұлдыздарды лағыл маржанға теңеу арқылы бейнелі образ жасай білген. Осы секілді жаңа тіркестерді ақын өлеңдерінен молынан кездестіруге болады. Ол бірде «Сырғасынан айрылған ақ қайыңның» деп ағаш жапырағын сырғаға теңесе, енді бірде «Күн түйе алмай барады шашын әлі» деп күннен шашылған шуақты сұлулардың шашына балайды. Ақын табиғатқа жан бітіріп кейіптеуге шебер. Оны мына жолдардан көруге болады:

Емендер анау

Жапырақтары шашылып,

Қайыңдар әне

Бөксесін жерге батырып,

Аһ ұрып бәрі

Аңсайды нөсер шақырып.

Немесе:

Айрылып бара жатыр ағаш біткен көріктен.

Көргенсіз де,

Жүгенсіз де,

Күздің бұзық бораны,

Бала – бақтың, дала – қарттың,

Шашын түтіп желіккен.

Міне, жоғарыда келтірілген жаңа тіркестер мен жаңа образдар – ақынның қазақ поэзиясына алып келген жаңалықтары. 

Махаббат туралы өлеңдер ақын шығармасынде ерекше орынға ие. «Махаббат диалогы», «Махабатым өзімде», «Ат суара барғанда жылғаға мен», «Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!», «Қарғам-ау, қайдасың сен, жүрсің бе есен?», «Жамылып сағыныштың сал шекпенін», «Махаббат моласы», «Жүр, қалқам», «Сен әлі тірі ме едің?», «Сен менің», «Алдынан терезеңнің жүріп өттім», «Сол түні», «Сен бе едің», «Сүйген ерін», т.б. өлеңдері оның осы тақырыпты жеткізе жырлағанына мысал. Осылардың ішінде ақынның шеберлігін диалогқа құрылған «Махаббат диалогы» аша түскен. « – Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің? – Сені іздеумен мәңгілік өтер едім», – деп келетін екі ғашық арасындағы сырлы сезімді жастардың сүйе оқитыны да содан.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында жекелеген адамдарға арналған арнау өлеңдер жетерлік. Ақын шығармаларынан да жеке адамдарға жазған арнау өлеңдер кездеседі. Олардың бірқатары туыс-бауырларға, балаларына, сүйгеніне қарата айтылса, енді бірсыпырасы ақын-жазушылар мен тарихи тұлғаларға арналған. Солардың қатарында «Қасым солай болмаса», «Майгүлге», «Майгүліме», «Әкеме», «Қызыма», ««Әбділда», «Ағажан», «Бауыржан Момышұлына», «Пушкинмен қоштасу», «Сабырханға», «Төлегенге», «Ұлыма», «Сергей Есенинге», «Шәмілге жазған хаттардан», «Ғабаңа», «Фаризаға», т.б. сынды өлеңдерін атауға болады. Осылардың ішінде қызы Майгүл мен қазақтың ақын қызы Фаризаға арналған өлеңдері көпшілік оқырманның ыстық ықыласына ие болды. «Фаризаға» өлеңіне ән жазылып, көптің сүйіп тыңдайтын әндерінің қатарына қосылды.

Ақын өлеңдерінің бірсыпырасына ән жазылып елдің сүйіп тыңдайтын ән-өлеңдеріне айналды. Олардың қатарында «Арулар», «Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған», «Жазира, жасыл кілем өрнектелген», «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!», «Сәби болғым келеді», «Жетісу», «Дариға, домбырамды берші маған», «Солдат арманы», «Аңса, жаным», «Есіңе мені алғайсың», «Құмған алған», т.б. атауға болады.

Мұқағалидың соңғы жылдары жазған өлеңдері оның ауру меңдеп, ауруханада жатқан, жүрегінің жаралы сәттерінен хабар береді. Бұл тұстағы ақын өлеңдерінен өмірге деген құштарлық, өмір бар жерде өлімнің бар екендігін шынайы қабылдау сынды ойлар байқалады. Оның «Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен», «Туған жер сағындырды, келді есіме», ««Бір келіншек», «Өзгеден емес, өзімнен қорқам», «Жүрек неге зат болып жаралмаған», «Дәрігеріме», «Болашақ дәрігерге», т.б. өлеңдері өмір мен өлімнің бетпе-бет келген сәттеріне арналған.

Алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиеті жетістігінің бірі ауыздан-ауызға тарап, атадан балаға жеткен аңыздарға жан бітіріп, халқымен қайта табыстыру болса, ақын шығармаларынан да бұл ерекшелік байқалады. Оған ақынның «Жетім көл» туралы аңызға құрылған «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы мысал бола алады.

Бірде ана көкке жайып алақанын:

«Қазір, ботам…

Мінеки, таң атады…

Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын…

Жазыласың құлыным…

балапаным! –

деп, өзімен-өзі сөйлесіп жүретін ананың қасіретін ақын қасиетті үркітумен аша білген. Поэманың эпилогында ақын аққулардың содан кейін «Жетім көлге» оралмағанын «Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар, Шошыса, екінші рет оралмайды», – деп түсіндіреді.

Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясына өршіл рухпен келген Мұқағали Мақатаев қазақтың сөз өнеріне қомақты үлес қосты. Оның қаламынан туған жыр жолдары ұлттық рухани қорымызды көркем де бейнелі кестелермен байытты. «Мавр», «Ильич», «Болшевиктер», «Чили – шуағым менің» атты поэмалары – ХХ ғасырдағы кеңестік дәуірде өмір сүрген жандардың көңіл-күйі мен наным-сенімін шынайы бейнелеген туындылар. Ақынның ермек үшін емес, «Жаралы жүректерді емдеу үшін» жазған жыр жолдары өз мақсатына жетті. Ол – өмірдің қуанышы мен қасіретін қатар тартқан, өмір мен өлімнің не екенін ерте түсінген, өз замандастарының жан жарасына шипа іздеген ақын. Сондықтан да болар оның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» сынды бірсыпыра өлеңдеріне ән жазылып ән сүйер қауымның сүйіп тыңдап келе жатқандығы. Олай болса, қазақ поэзиясына жаңа ырғақ, соны серпін алып келген Мұқағали ақын әр қазақтың жүрегінде мәңгілік жыр болып қала бермек.

Гүлжаһан ОРДА

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының жеткші ғылыми қызметкері,

филол.ғ.к.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Пікір жазу