Іздеу
Наурыз 23, 2018
  • :
  • :

1929-1931 жылдары барысындағы көтерілістер

Ергүн Акгедік

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

 университеті Қазақстан тарихы кафедрасының ізденушісі

        Ресми құжаттарға қарағанда 1929-31 жылдар аралығында Қазақстанда 372     шаруалар көтерілісі болған. Бұл көтерілістерге 80 мыңдай адам қатысқан  [10, 239 б]. ОГПУ-дің саяси құпия бөлімінің 1931 жылы 1 желтоқсанда берген статистикалық мәліметіне қарағанда 1929 жылы 54, 1930 жылы 77, 1931 жылы болған көтерілістердің барлығын қосқанда 372 көтеріліс болған. Көтерілістірге 1921 жылы 31 топ, 351 адам, 1930 жылы 85 топ, 1925 адам, 1931 жылы 80 топ, 3192 адам қатысқан. Барлығы үш жылдың ішінде 196 көтерілістер жасаған. Аталған жылдары көтерілістерге барлығы 5468 адам қатысса керек. Кеңес үкіметіне қарсы 460 рет қастандық әрекеттері, колхоз және совхоз құруға қарсы 127 рет зиян келтіру оқиғасы ресми тіркелген [11,1-2 пп].

        Жоғарыдағы мәліметтер ресми орындарда істеген қызметкерлерден алынған. Әсілі, бұл мәліметтер толық емес. 1929-39 жылдар арасында тек қана қазақтардан екі миллионнан астам адамның аштық, соғыс т.б. себептермен өлгенін немесе өлтірілгендегі ресми берілген мәліметтерде көрсетілмейді деп айта аламыз  [2, s. 100].

       Көтерілістер мен оған қатысқан адамдардың саны ресми мәліметтерден қарағанда әлдеқайда көп. Демек, бірнеше оқиғалар ресми тіркеуге алынбастан жабылған. Оның  себебі, Кеңес үкіметіне қарсы  көтерілгендер саны көп болды. Сонымен бірге, бұндай ішкі алауыздықтар Кеңес үкіметінің сыртқы  «келбетіне» кір келтіретін еді. Күллі әлемге коммунизмді таратқысы келген Кеңес үкіметі, алдымен бұл идеяны өз халқына мойындатуы керек болатын. Сыртқы күштерге қарсы тұру үшін өз халқының кеңестік режимге риза екендіктерін танытуы тиіс болды. Яғни, Кеңес үкіметіне қарсы көтерілістердің санын аз етіп көрсету осы мақсаттан туындаған еді.

        Мемлекеттік қызметкерлер де жоғары жаққа көтерілістердің санын аз етіп көрсеткенін аңғару қиын емес. Мысалы, 1931 жылы желтоқсан айында Ф.И.Голощекин Сталинге жазған хатында; «Тап күресінің өрістегенін ГПУ-дің төмендегідей анықтамасынан білуге болады: соңғы екі жылда ірі бандалардың 34000-дай адамы қатысқан 15 бас көтеруі орын алды. Осы екі жылда 1350 контрреволюциялық топтар жойылып және оған, қатысқан 7500 кісі қолға түсті…» [12,108 п]– деп жазды.

Көтерілістердің орын алуының бірден бір себебі  Кеңес өкіметінің  саясаты еді.  Көтерілістердің басты себептерінің бірі, 1929 жылы қолға алынған күштеп колхоздастыру саясаты болды. Сталин 1928 жылы Лениннің жаңа экономикалық саясатын қорытындылап, 1-ші бесжылдықты бастап, жоспарлы экономиканы жүзеге асыра бастады. Ал мәселеде өзіне қарсы келген Л.Д.Троцкий секілді тұлғаларды саясаттан қуғындады  [13, s. 147].

Әсілі,  бұл саясаты 1925 жылдың желтоқсан айында комунистік партияның ХІV съезінен  бастау алды. Сталиннің директивасымен қабылданған шешім бойынша ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жөнінде қарар алынды. Қарар негізіндегі жоспар бойынша қауым басшыларынан билік алынып, жер қазақ шаруаларының қолына берілуі керек болды. Бірақ, бұл Кеңес үкіметінің айтқанындай болмады. Айтылғанмен жасалынған іс-әрекеттер бір-біріне қарсы келді. Ауыл щаруашылығында ұжымдық шаруашылыққа күшпен біріктіру белең алды. Осы себептен де А.Байтұрсынов секілді зиялылар бұл реформаға қарсы шықты. Алайда, Кеңестік үкімет  реформаға қарсы келгендерді аяусыз жазалады. Көптеген адамдар мемлекеттік қызметтен қуылды  [2, s. 97].

         Тек қана жер емес, халықтың малы да мемлекеттік меншікке алынды. Бағзы заманнан мал шаруашылығымен шұғылданатын қазақ шаруалары малынан айырылғысы келмеді. Қолындағы малын тартып алғысы келген үкіметке малдарын бермес үшін өз қолымен малдарын өлтіріп немесе көрші мемлекеттерге қашып, жан сақтауды жөн көрді. Осының нәтижесінде 1915 жылы бір қазақ отбасына 26 бас малдан келсе, 1929 жылы 5 бас малдан келді [2, s. 97-98]. 1928-1932 жылдары аралығында ірі қара малдың басы 6 миллион 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 миллион 566 мыңнан, 1 миллион 386 мыңға, жылқы 3 миллион 516 мыңнан 316 мыңға, түйе 1 миллион 42 мыңнан 63 мыңға дейін азайып кеткен. 1925-1929 жылдары Кеңес үкіметінің жүргізген колхоздастыру саясаты осылайша аласапыранға айналды [14,166 б].

 Алғашқы бес жылдық жылдары (1928-1932 жж) ауылда жеке меншік жойылып, колхоз бен совхоздарды құрылды. Осы реформаның нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағдайы   теңестіріліп ұжымдастырылды. Реформа Кеңестік идеология мен жүйені жүзеге асыруды жеңілдетті. Осылайша, халық мемлекеттің қатаң бақылауына алынды  [5, s. 90].

       А.Заки Валиди Тоғанның: «Бұл жер реформасы олардың мінетін аты еді. Өйткені, үкімет әр жерде шаруалар феодалдардан, билер және ағамандардан құтқаратын болып көрінуді негізгі мақсат етіп қойды» [15, s. 97]. деген-дей, қазақ халқының байлыққа толы жерін өз иесінен тартып алып, құтқарамекен? Негізінде қазақтарда жерге деген меншік немесе феодалдық ұғым болған емес. Яғни, бұл мәселеде ішкі Ресейдегі шаруалар мен қазақ халқымен бірге Орта Азия халқының өмір сүруі мүлде басқа болатын. Орыстарда кулак деген ауқатты шаруалар болды.  1905 жылы Ресейде кулактар шаруалардың 10 пайызын құрағанына қарамастан, жердің 35 пайызына иелік ететін. Кедей шаруалар кулактардың құлы секілді өмір сүретін [6, s.792]. Қазақтарда мүлде басқаша еді. Қазақтар көбіне мал шаруашлығымен айналысатын. Жылдың белігілі бір мерзімінде малды өрістету үшін жайлауға шығатын. Дәл осы кезде керегінше егін егетін. Аз да болса сауда-саттықпен шұғылданатын  [16, s. 8].

      Жер, қырдағы халықтың әдеп ғұрпы негізінде әрбір рудың ортақ меншігі болатын. Қала немесе өзге де елді мекендерде  шариғатқа сай меншік құқығы бар-тын. Сонымен бірге, қырды мекендеген халық жерді шабындық және мал жайу үшін пайдаланатын. 1917 жылғы төңкеріске дейін Қазақ қоғамында негізінде үлкен жер иеленушілер жоқ болды. Мақта егуге мемлекеттің мәжбүрлеуі және ұсақ жер иелерінің қарызға батуына байланысты төңкерістен кейін азда болса ірі жер иелері пайда болды. Бірақ, бұл да Кеңес үкіметінің ауылшаруашылық саясатының негізінде ортаға шықты. Қысқасы, Қазақстан мен Орта Азияда жер мәселесі Ресейдегідей халықтың жікке бөлінетіндей ушыққан емес еді  [3, s. 953-54].

        1929 жылы Сталин Кеңес үкіметінің жылдық қорытындысы ретіне сөйлеген сөзінде: «Мынаны білгеніміз жөн, ұжымдастыру әрекетінде біз туындаған дағдарыстан міндетті түрде құтыламыз немесе құтылдық. Егер, колхоз бен совхоздарды құруды осылайша жеделдете түссек өлкеміз үш жылдан кейін   бидайға бай ел болып, бидайды экспорттайтын бірден бір мемлекет болатындығына шүбә жоқ» - деген еді  [7, s. 364-373]. Бірақ, үмітке толы бұл сөздер  1929-1931 жылдар аралығында тек қана қазақтардан екі миллионнан астам  адамның өліуіне әкеп соқты.

Кеңес үкіметі орта шаруаларды жойып, шаруларды мақта секілді шаруашылықпен шұғылдануға мәжбүрлеп, аз жалақы беріп т.б. с.с әрекеттерімен халықты мемлекеттің беретін бидайына телміртіп қойды  [17, s. 1-2]. Сұралған бидайда дер кезінде келмеді. Мысалы, 1928 жылы 688.000 тонна сұралсада, оның тек  550.000 тоннасы ғана жіберілді. Жер мен суды да мемлекеттік меншікке алған Кеңес үкіметі халықты астық егуден бас тартызып шаруларды ұжымдасуға мәжбүрледі. Бұл саясатқа қарсы шыққандар бай, буржуй т.б. айып тағылып, түрмеге қамалып, сүргінге жіберіліп, өлім жазасын кесті. Мақта екпеген, ұжымға кірмеген шаруалардың қолынан жері мен малы тартып алынды. Мемлекеттің берген тракторы тек мақта егіп, ұжымға мүше болғандарға ғана берілді. Шаруалар арасында болған әртүрлі түсініспеушіліктен олар бір-біріне қарсы келетін. Осылайша Кеңес үкіметінің жүргізген саясаты дәлелдеуді қажет етпейтін зұлымдықты тудырды [1, s. 385].

1929 жылы 27 желтоқсанда қабылданған шешімде «Кулак» деп аталатын жер иелері қуғындау және тап ретінде жоюды міндеетіп қойды. Әсілі, қазақ қоғамында «кулак» деген ірі жер иелері жоқ еді. Кулактарды қуғындау барысында ұсақ жер иелері немесе бір сиыры бар адамдар да сүргінге айдалған кездері болды [5, s. 90].

Сталин 1929 жылы жариялаған шешімімен колхоз және совхоз жұмыстарына басымдық берді. Бірақ, бұл реформаны іске асыруда кедергілер жоқ емес еді. Қазақстандағы Коммунистік партияның өкілдері колхоздастыруға әлі ерте екендігі жөнінде сан мәрте Мәскеуге мәлімдеме жасағанмен, ештеңе өзгермеді.

Мемлекет жетекшілері ұжымдастыру кезіндегі қателіктерін өздерінің мойындаған кездері болды. Голощекинің 1931 жылы желтоқсанда Сталинге жазған хатында: «Сонымен, бұл қозғалыстардың таралуына уақыт көзімен қарасақ, мұны тек қана ұйымдастырудағы қателіктермен байланыстыруға болмайды ғой» - деді. Бірақ, хаттағы мына сөздер, үкімет адамдарының ойына не келгенін жасағанын айғақтайды; «Қазақ аудандарында отырықшы және жаппай ұжымдастыру аудандарына қарағанда ұжымдастыру әлдеқайда қарқынды болды. Оларды ұжымдастыруға ешқандай бір жағдай болмағандықтан, онда ұжымдастыруды қалай өткізу керектігін ешкім біле алмағаны белгілі және білмейді де»[18,108-109 пп]. Мемлекет басындағы қызметкерлердің өзі ұжымдастыру ісін білмесе, оны кім біледі? Жетекшілерінің өзі білмейтін бұл күштеп ұжымдастыру құбылыс шынында  қорқынышты еді. 

1929 жылы 7.4 пайыз   қазақты  мәжбүрлеп  ұжымдастырды.   1930 жылы 5 қаңтарда Мәскеуден келген директивалар нәтижесінде Қазақстанның 1932 жылдың көктеміне дейін колхоздастыруды аяқтау керек болды. Бұл бұйрықтар нәтижесінде 1930 жылдың қаңтарында қазақтарды колхоздарға топтастыру жүрді. 1930 жылдың 1 ақпанында 53.3 пайызы, 1930 жылыдң мартында 42 пайызы, 1931 жылдың қараша айында 62.7 пайызы, 1932 жылы 70 пайызы колхоздастырылды. Қыс маусымында халықтың қолындағы мал алынып, жерді мемлекеттік меншікке өткізу үшін Мәскеуден 25.000 жеке топ қызметке тағайындалды. Қолдарындағы малдары мен жерлері тартып алынып, қыстың ортасында ашаршылыққа ұрынған халық ашуға булықты. Осындай кейбір топтар колхоздарға қараңғы кештерде шабуыл жасап, халықты өлімнен арашалап алғысы келді. 1933 жылға дейін жалғасқан бұл нәубет кезінде жүз мыңдаған адамдар аштан өлді. Жүз мыңдаған адамдар өз отанын тастап, басы ауған жаққа босып кетті [2, s. 98-100].

       Қазақстанда бұл жылдары орын алған көтерілістердің негізгі себебі Кеңес үкіметінің отаршылдық саясатының бір көрінісі болған колхоздастыру реформасынан туындады. Бірақ, мемлекет жетекшілері көтерілістердің негізгі себебін басқаша көрсеткісі келді. Ф.И.Голощекин 1930 жылы 21 сәуірде Сталинге: «Қазақ ауылындағы 91 жағдай туралы» атты жіберген хатында, көтерілістер «бай, атқамінер, ру басысы әлі де ауылда елеулі күш  болып табылатын тап күресінің шиеленісе түсуінен» [19, 127 б] - деп бұны баскөтеру себебі ретінде көрсетті. 

        Кеңес Үкіметінің ресми орындары Қазақстандағы әлеуметтік реформаны Ресейдегі ірі жер иелері және олардың қанауына ұшыраған орыс шаруаларына ұқсатып, бұны өз мүддесіне пайдаланды. Тек Кеңес үкіметі емес, Еуропа империалистері басып алған өлкелерін мәдениет әкелу, халықты феодалдардан құтқару т.б.  себеп етіп отарлаған болатын. 

       Көтерілістерді  ресми мәліметтерде көрсетілгендей Ташкенттегі зиялылардың ұйымдастырған. 1921 жылы Самарқандта А.З.Валиди Тоған басшылығымен «Орта Азия Ұлттық рефолюциялық қауымдастықтар одағы» құрылған болатын. Түркістан халықтарының (қазақ, өзбек, түркмен, башқұрт) құрған бұл одақты қысқаша «жамиғат» деп атайтын. Алаш орда қайраткерлері де мүше болған бұл «жамиғаттың» жеті баптан тұратын платформасының біріншісінде: «Жамағаттың мақсаты Түркістанның тәуелсіз болуы және Түркістанның билігі Түркістандықтардың қолында болуы» [1, s. 408] - деп көрсетілді.

        «Советская степь» (Казакстанская правда) газетінің 1930 жылы 6 қыкүйегіндегі санында зиялыларды айыптап,  былай жазды: «Қазақстанда ОГПУ органдары ашқан Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымы Кеңес үкіметін құлатуды және буржуазиялық демократиялық автономияны қалпына келтіруді өзінің мақсаты етіп қояды. Астыртын ұйым пантуркизмнің белгілі идеологы және Орта Азиядағы басмашылықтың идеялық жетекшісі Заки Валиди басқаратын «Тәуелсіз Түркістан» контреволюциялық ұйымына біріккен ақтардың шығыс әміршісімен құпия байланыс орнатқан [21].

   1923 жылы 21 ақпанда Орта Азияны тастап шыққан [42, s. 401]. Заки Валиди Тоған  қазақ қайраткерлерімен байланыс жасады.  Ол Германиядағы Түркістанға қайтқысы келген Мурадиеге 1926 жылы 10 желтоқсанда Түркиядан жіберген хатына қарағанда «Жамиғаттың» аз да болса қазақ қайраткерлерімен байланысы болғандығын білдіреді  [8, s. 811-815].

 Зиялылар халықты ұйымдастырып әрекет етіп бақты. Олардың бұл әрекеті туралы «Еңбекші қазақ» газетінің  269 санында Голощекин: «Көшпенділерді отырықшыландыру мәселесінде Алихан Бөкейханов, Қаратілеуов пен Жафар Сұлтан Бек секілді тұлғалармен екі жыл бойы күресіп келеміз» [9, s. 298]. - дейді. 

         Қазақстандағы Кеңес үкіметінің билеушілері көтерілістердің   себептері жөнінде Мәскеуге жіберген рапорттарында былай дейді: «Банды басшыларының кеңес үкіметі мен кулактарды арандатулар негізінде елді наразылық күштерді топтастыруы, ал екіншісі ауылдағы таңдаулы адамдарды окруктық жұмысқа совхоздарға, оқу орындарына алып қоюға, байланысты жергілікті жерлерде негізінен ескі кадрлардың қалды.  Мәліметтерді берген Голощекиннің пікірінше кейінгілер «байлардың қолжаулықтары, топшылдар. бізге зиянды адамдарын дайындап, ол агенттерімен бірге өздерінің қаскүнемдік істерін жүзеге асырды»  [19,130 б].

Кеңес үкіметінің жетекшілерінің көтеріліс туралы пікірі осылай еді. Ал, халықтың пікірі қалай еді? 1930 жылдың көктемінде Қарақұмдағы көтеріліске қатысқандардың мемлекет басшыларына жазған хатында мынандай талаптар қойылды:

1. 1928 жыл ортасындағы әділетсіз тәркіленген мал-мүлікті қайтару;

2. Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттармен шараларға кедіргі жасамау;

3. Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтындығы жөнінде декрет шыққан еді, бірақ, бұл іс орта шаруға қарсы әлі жасалуда;

4. Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек ерікті негізде кіргізілсін;

5. Қазақ даласында тапқа бөліп, жіктеуді қою керек. Және   істі шешуге комсомолдарды жібермеу,  оны ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет;

6. Салықтарды мал мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын…» [20, 82 п].

Бұл талаптар, халық айтпай-ақ, мемлекет өз жасауы керек еді. Кеңес үкіметінің жетекшілерінің айтқанындай ешкім ірі жер иелерін қорғау немесе қуғындау ниеті болмағандығы анық. Онсызда, бұндай адамдар өте аз болатын. Халық әділетсіздіктің орын алмауын қалады. Хатта, байлардың мал мүлкін тәркілеу жөніндегі қаулыны да сынға алады. Кеңес үкіметі жетекшілері қалаған адамын осы категорияға жатқызып, мал мүлкіне қол сала алатын. Қаулыны іске асыруда бай мен кедейдің немесе орта шаруаның шекарасын анықтамады. Егер, өте бай адамдар көп болса, аштық болмас еді ғой. Бұған қатысты «Қарақұмға жиналған азаматтардан!» деп жазылған хатта жағдайды былайша жеткізеді; «Ірі байларды тәркілеген «Еңбекші Қазақ» беттерінде енді мал-мүлікті тәркілеудің болмайтындығы бірнеше рет атап көрсетілді. Бұған қарамастан, соңғы жылдары байларда ғана емес, тіпті орташаларды да тәркілеу басталды. Сондай-ақ оларды жер аударды. Қазақ даласында байлар жоқ, сондықтан 58-ші бапты басшылыққа алмай-ақ, 58 бап бойынша жері барларға тек салық салуды өтінеміз… Біз мемлекеттік міндеткерліктен ешқашанда жалтармаймыз. Біз үкіметке қарсы шықпаймыз.  Және қарсы наразылық білдірмейміз. Адамша өмір сүру құқығын қамтамасыз етуді өтінеміз» [21,98 п].

Жоғарыдағы халық колхоздарға мәжбүрлеп кіргізу, дін бостандығы т.б. талап- тілектері адам құқығына ешқандай қайшы емес негіздер. Бірақ, бұл Кеңес Үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы талап-тілектер еді. Мәселенің мәні осында жатырған болатын.

Кеңес үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққандар «бандит» деп бағалады. Олардың талап-тілектері өкінішке орай назарға алынбады.  Көтерілістер Кеңес үкіметінің айтқаны секілді байлар мен дін адамдарының бастағын көтерілісі емес, ашынған халықтың отаршылдыққа қарсы наразылығы болатын [19, 130 б, 138-142 бб].  Денеге кірген у денені қаншалықты қыздырса, бұл жердегі жағдай да халықтың өз-өзін қорғаудағы жанталасы еді.

Қазақстанда  1929-1931 жылдары аралығында жоғарыда айтып өткен себептердің негізінде көптеген көтерілістер орын алды. Жетісу (Сарқанд), Балқаш, Қазалы, (Қарақ Ақмырза Тасов көтерілісі), Қарақұм, Ырғыз, Созақ, Батпақара, Тақтакөпір, Бостандық т.б. көтерілістер болды.

        Бұл көтерілістердің кейбіріне қысқаша тоқталсақ.

       1929 жылы 27 қыркүйегінде осы тұста   Қазақстанға бағынышты болған Қарақалпақстанның Тақтакөпір елді мекенінде болды. Көтеріліске 300 шамасында адам қатысты. Бұл көтеріліс күшпен жаншылды. 1929 жылдың 8 желтоқсанына дейін   шығарылған үкімде көтеріліске қатысушылардың 32-ісіне өлім жазасы кесілді. Көтеріліске қатысушыларды соттау 1930 жылдың маусымына дейін созылды. Көтеріліске қатысушы өзге азаматтарды түрмеге жапты  [19,143 б].

        Сырдария округінің Бостандық ауданындағы бұл көтеріліс 1929 жылдың 29 қыркүйегінде басталды. Көтеріліске қатысқандар Қырғыз басмаштарының жетекшісі Исламбек Жәнібековпен қатысы бар екендігі белгілі болды. Көтеріліс күшпен басылғаннан кейін қысқа уақыттың ішінде көтерілісті бастаушы екі адам өлім жазасына кесіліп, өзгелері жазаланды [19,143-144 бб].

          1929 жылы қараша айының басында Батпаққарада көтерілісі басталып, он бес күнге созылды. Көтеріліске ресми құжаттарға қарағанда 530 адам қатысқан. Көтерілісшілер 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің басшыларының бірі Әбдіғаппардың жақтастары ретінде көрсетілген. Көтеріліске қатысушылар біртіндеп тұтқындалып, көтеріліс күшпен жаншылды.  Үкімет тарапынан115 кісіге өлім жазасы, өзгелеріне түрлі жазалар берілді. ОГПУ қызметкерлері тұтқынға түскендерді мәжбүрлеп болмаған нәрселерді жаздырды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Еспалов секілді зиялыларқа қарсы өтірік айғақтар жаздырып, олардың халықтың алдындағы беделін түсіруге әрекеттер жасалды  [19,144-145 б].

       1930 жылы 7 ақпанда Сырдария округінің Созақ ауданында орын алды. Көтерілісті ұйымдастырушы ретінде байлар, молдалдар, ишандар етіп көрсетілген. ОГПУ-дың мәліметіне қарағанда көтеріліске 2000- нан астам адам қатысқан. Көтеріліс  Сұлтанбек Солоковтың Созаққа кіріп ондағы тұтқындағы туыстартын құтқарып, кейбір қызметкерлерді өлтірумен басталған.  Көтерілісті жаншу кезінде 13-14 ақпанда  83 адам, жазалаушылардан 7 адам өлді. 16 ақпандағы төрт сағаттық шайқас кезінде 300 адам өлді және 200 адам тұтқынға түсті [19,146-147 бб]. Голощекинің 1930 жылы наурыз айында Сталинге жазған хатында  көтерілісшідерден 400-ден астам, жазалаушылардан 50 шамасында адам өлгенін білдірді [18, 44 п].  Тұтқынға түскен 311 адамның 88-і өлім жазасына кесіліп, өзгелері әртүрлі жазаларға тартылды  [19, 147 б].

Ырғыз көтерілісіне қатысушылар Мұқатай Саматовтың мешітінде жиналып, Айжарқын Қанаевті хан сайлады. Көтеріліс Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында 1930 жылдың 25 ақпанында басталды. 1930 жылы 9 наурызда болған қақтығыста Айжарқын Қанаев 35 досымен бірге қаза болды. Бұдан кейінгі қақтығыстарда жүздеген көтерілісшілер шейіт түсті. ОГПУ-дің 1930-1932 жыллдардағы үкімімен 44 адам өлім жазасына кесілді [19,147- 148 бб].  

Ақтөбе, Торғай секілді Қазақстанның өзгеше жерлерінен саяси себеппен қашып жүргендер Арал теңізінің солтүстік шығысындағы Қарақұмда бас қосты.  Қарақұм көтерілісі 1930 жылдың наурыз айында басталды. Көтерілісшілер әртүрлі топтар негізінде ұйымдасты.   Пірмағамбет Лауовтың жетекшілігімен көтерілісшілер тобы Тұздақ Қараүнгір деген жерде  жиналған.   2000 шамасындағы көтерілісшілердің негізгі бөлігі қарулы Баймбетов Жұмағазының басшылығымен 7 сәуірде қызыләскермен шайқасқа түскен. Шайқаста көтерілісшілерден 35 кісі, қызыләскерден 40 адам өлді. Жағдайдың қиын екенін, сезген Кеңес үкіметі көтерілісшілерді бітімге шақырмақшы болды. Голощекин Әліби Жангелдин бастаған бітімгер топты көтерілісшілерге жіберді. Бітімгер топ көтерілісшілермен келісімшарт жасасты. Бірақ, келісімшартқа сай Кеңес үкіметі берде бір уәдесін орындаған жоқ. Осыған орай, кейін көтерілісішілер әр жерде бас көтеру жасады. 21 тамыз - 8 желтоқсан  аралығында болған бас көтерулер осылардың бірі болатын. Көтеріліске қатысқаны үшін 586 адам тұтқындалып, оның 175 адам өлім жазасына кесілді  [19,148-150 бб].

Ишан Ақмырза Тасов ұйымдастырған көтеріліс 1930 жыдың наурыз айында Қазалы ауданында Қареке жерінде болған. Көтеріліс 14 наурызда Қараке жанындағы Ақмырзаның мешітінде басталды. Қақтығыс нәтижесінде көтерілісшілерден 170 адам, жазалаушылардан 4 адам өліп, одан  әрі жалғасын тапқан. Сырдарияның сол жағалауындағы құм ішінде Ақмырза 107 адамымен қызылдармен шайқасып қаза тапты.  Көтеріліс нәтижесінде Ақмырзаның інісі Тоймырза Тасов және бірнеше адам тұтқындалды.  Үкімет тарапынан 10 адам өлім жазасына кесіліп,  41 адам 10 жылға түрмеге жабылып, өзгелері әртүрлі жазаларға тартылды [19,151 б].

  Балқаш көтерілісі өзге көтерілістер секілді Кеңес үкіметінің колхоздастыру саясатына қарсы басталған. 7 сәуірде Әбдібек Нұрабаевтың жетекшілігімен болған жиналыс нәтижесінде, көтеріліс басталды. Бірақ, көтерілісшілер жеткілікті деңгейде қаруланбағандықтан, жазалаушы әскер қысқа уақыттың ішінде көтерілісті күшпен жаншыды. ОГПУ тарапынан 1930 жылы 30 мамырда 30 адамға өлім жазасы және өзгелері  жазаларға тартылды [19, 151-152 бб].

 Жетісу көтерілісі кең аумақты қамтығын ауқымды болды. Көтерілістің себебі Кеңес үкіметінің   саясатының нәтижесіндегі халықтың мал-мүлкі тартып алынып, аштыққа ұрынуы болатын. Кеңес үкіметі елді аздырып тоздырғаны соншалықты, халық жанынан безініп, көтеріліске шықты. ОГПУ қызметкерлерінің Ақсудан Алматыға жіберген рапортында: «Ақсу аудандарының үлкен байлары 27 қарашада Кеңес үкіметіне қарсы белсенді бас көтеріп,  үш бағытта іс-қимыл көрсетті. Арасан-Абакумовка-Ақсу бағытында 200 адамнан тұратын көтерілісшілер жасағы Абакумовканы алды…»[18,150п]. -деп түсіндіреді. Көтерілісшілердің мақсаты халықттан зорлап, тартып алған мал мүлкін қайтару болатын. 1930 жылы 27 наурызда Ақсу ауданын басып алып,  көтерілісшілер  осы жерді көтеріліс орталығына айналдырды. Жергілікті Кеңес үкіметінің ресми өкілдері тұтқындалды. Ресми құжаттарда жазылғандай көтерілісшілердің тарапынан «Кеңес үкіметі жойылсын!», «Коммунистерді, комсомолдарды соғыңдар!», «Салықтар жойылсын, тұқым қорын жинауға қарсымыз!» деген  мазмұндағы ұрандар көтерілген  [19,155 б].

Көтеріліс қысқа уақыттың ішінде басқа қалаларды да шарпыды. Ақсу, Абақұмовка және Сарқанттағы көтерілістер Иван Човиннің Қапалдан Сарқандқа жіберген рапортында жағдайды былай баяндайды: «Банда (көтерілісшілер) Қапалдан 45 шақырым, Арасаннан ары, Сарқанд Асу бойында, сандары 500 адам шамасында, оларға қарсы 25 адамнан тұратын Смирнов отрядының бір бөлігі 31 наурызда банданы ұстауға Арасанға барды, онда бандиттер жоқ болып шықты. Арасанда  отрядқа бандыдан қол үзіп қалған 100 астам кедейлер қызыл жалау көтеріп, біздің жағымызға өтіп, қосылды. Бұлардан басқа кедейлердің көрсетуімен Арасанның айналасында неғұрлым белсенді, араларында басшылары бар 20 шақты  банда қолға түсті. Әртүрлі мағлұматтарға қарағанда Арасанды, Сарқандты отрядымыз басып алған. Осыдан бес күн бұрын бандиттер Сарқандқа шабуыл жасамақ болып әрекеттеніп, әскердің қарсылығына тап болып, нәтижесінде бандиттер қашып кетті. Қазіргі уақытта бейбіт, тыныш ахуал қалыптасып келеді. Сарқандтағы коммунистік отряд таратылды. Коммунистер егін оруға оралуда»  [19, 171 б].  Жетісудің бірнеше аудандарында орын алған көтерілістер жаңа үкіметтің шығарған әскери күшімен жаншылып, қатаң жазаланды.

Гурьев (Атырау) округінің Маңғыстау өңірінде 1931 жылы Кеңес үкіметіне қарсы бірнеше бас көтерулер орын алды .   

Көтерілісті ұйымдастырушылардың басында Қошанов Құрмаш, Оразбаев Естұрған, Өмірбаев Айзақ секілді адамдар болды. Өңірдегі көтерілістер 1922 жылдан бастау алған. 1931 жылдың 16 сәуірінде, 7 шілдесінде, 15 сәуірінде, 20 сәуірінде, 26 сәуірінде, 23 маусымында, 24-25 маусымында, 9 шілдеде  Маңғыстау өңірінде болған көтеріліс кезінде көптеген адамдар жазаланып, өлім жазасына кесілді. Тұтқынға түскендер де әртүрлі жазаға тартылды  [19, 215-220 бб].

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны тұсында  [22,65-66 б]  Шыңғыстау,  Қастек Қордай  [23,146 б],  т.б  өлкелерінде көтерілістер орын алды.   

           Кеңес үкіметі   көтерілістерді күшпен жаншуды қолға алды.  Көтерілістерге үкімет тарапынан: «Бұл бас көтерулер байлардың, ұлтшылдардың, Қазақстанда өмір сүрген контрреволюциялық астыртын ұйымның мүшелері» болып табылатын байлардың және қазақтың ұлтшыл интелегентерінің жекелеген өкілдерінің контрреволюциялық әрекетінің нәтижелері болып табылады…» [19, 207 б].  - деген ресми саяси баға берілді.

Көтеріліс желеуімен зияларды құрту үшін оларға әртүрлі  жалар жауып,   көтерілісшілерді айғақ қылды. Зиялыларға бұндай кінә тағудың мүлде орынсыз екендігі 1988 жылдың 19 қазанында Қазақстан прокуратурасының мына рапорты  дәлел бола алады: «1927 жылы даладағы қарулы көтерілісті ұйымдастыруға байланысты мәселені талқылау жайлы айыпта ешнәрсемен дәлелденген жоқ. Оның өзі де Әділовтың құрғақ сөзден тұратын көрсетулеріне негізделген. Осы мәселе жөнінде тергелген Дулатов, Байтұрсынов, Еспалов, Ғаббасов және т.б, көтерілісті ұйымдастыруды өздерінің мақсаты етіп қоймағанын көрсетіп берді» [19, 207 б].

Ашаршылық және елді жайлаған ауру-сырқау Кеңес үкіметінің көтерілісшілерді   жаншуына өз септігін тигізді. Көтерілістің нәтижесінде мыңдаған адамдар өлім жазасына кесіліп, көптеген адамдар түрмеге, айдауға т.б жазаларға тартылды. Халықтың көп бөлігі өз жерін  тастап, басқа өлкелерге, шет елдерге көшті.  Көш барысында мыңдаған адамдар қаза болды.

Пайдаланылған Әдебиеттер мен деректер тізімі:

  1. Aһmet Zeki Velidi Togan. Bugünkü Türkili Türkistan ve Yakın Tarihi, Enderun  Kitapevi, 2, Baskı, İstanbul 1981.
  2. Mehmet Saray. Kazak Türkleri Tarihi, İstanbul -1993. 
  3. Mustafa Çokay. 1917 Yılı Hatıra Parçaları, Yaş Türkistan Neşriyatı, Ankara 1988.
  4. Aһmet Zeki Velidi Togan. Hatıralar, Türkiye Diyanet Vakfı Yayınları, Ankara, 1999.
  5. Timur Kocaoğlu. B. Hayit, Türkistan’da Yenilik Hareketleri ve İhtilaller:1900-1924. SOTA Haarlem, 2001
  6. Fahir Armaoğlu. 19. Yüzyıl Siyasi Tarihi (1789-1914), Alkim Yay., İstanbul.2006.
  7. Yaş Türkistan’dan  Seçilmiş Makaleler, Ayaz Tahir Türkistan İdil-Ural Vakfı Yay. İstanbul. 2006.
  8. Ahat Andican. Cedidizm’den Bağımsızlığa Hariçte Türkistan Mücadelesi, Emre Yayınları, İstanbul, 2003.
  9. Yeni Türkistan Dergisi, Sayı 10-11-12, Mayıs-Haziran- Temmuz 1928, Yıl 1.
  10. Талас Омарбеков. Қазақстан тарихының XX ғасырдағы өзекті мәселелері. Алматы, 1997.
  11. Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты (одан әрі ҚР ПМ). 141 қ, 1 т, 5192 іс.
  12. ҚР ПМ. 141 қ, 17 т, 605 іс.
  13. Alaaddin Yalçınkaya, Yetmiş Yıllık Kriz, Beta Yayınevi, İstanbul, 2004.
  14. Хамит Маданов. Қазақ халқының aрғы-бергі тарихы. Алматы 1994.
  15. İrfan Ülkü, KGB Arşivlerinden Enver Paşa, İstanbul 1996.
  16. ATASE Arşivi, 1846, D. 79.
  17. Osman Kocaoğlu, Yeni Türkistan, Sayı 36,Yıl 5, Haziran 1931.
  18. ҚР ПМ. 141 қ, 17 т, 2948 іс.
  19. Талас Омарбеков. ХХ ғ.  20-30 жж. Қазақстан қасіреті. Алматы, 1997.
  20. ҚР ПМ. 141 қ, 1 т, 2953 іс.
  21. ҚР ПМ. 141 қ, 17 т, 454 іс.
  22. Талас Омарбеков. Абыралы дүрбелеңі. Ақиқат, 1993 №3.
  23. Талас Омарбеков. Шыңғастау наразылығы. Ақиқат, 1993 №3.

 

     В этой статье, в период с 1929 по 1931 год против Советов в Казахстан и описывает беспорядков.

 

     In this article, between the years 1929 to 1931 against the Soviets in Kazakhstan and describes the riots occurred.

 




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir