Мұхтар Шаханов, ақы
«Алматыда көтеріліс болып жатқанда, желтоқсанның 19-ында Шаханов Мәскеуде өзінің жыр кешін өткізіп жатқан. Сондықтан ол – Желтоқсан оқиғасына еш қатысы жоқ адам… Көтеріліске ешқандай саяси баға берілген жоқ. Желтоқсан оқиғасын тексерем, істің соңына жеткіземін деген Шаханов еді ғой. Егер ол жақсылап тексерсе 25 жылдан кейін осындай сұрақ қойылар ма еді?..»
Хасен Қожа-Ахмет
«Аңыз адам», №12 2012 ж.
Мұхтар аға, Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
– Рахмет!
– Ұлы мейрам қарсаңында өзіңізбен шынайы әңгіме өрбіткім келеді, сондықтан менің қайсыбір сауалдарым сізді ренжітетіндей болса, алдын-ала кешірім сұраймын…
– Жақсы.
– Сіздің ұлт перзенті екеніңізді, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушысы екеніңізді ешкім жоққа шығара алмайды. Қарапайымсыз, кішіпейілсіз, «ішіп қойды, жеп қойдыдан» адасыз, тазасыз. Дегенмен, сіз мен үшін жұмбақ жансыз… Өзіңіз туралы қандай пікірдесіз? Сіз қандай адамсыз?
– Көптеген мемлекеттердің мектеп оқулықтарына кірген «Төрт Ана» деген өлеңім бар. Сонда мынадай ой айтылады: әр адамның өз анасынан басқа төрт анасы болу керек – туған жері, туған тілі, жан байлығы – салт-дәстүрі және туған тарихы. Осы төрт анаға терең тамыр жібере алмаған адам өз халқының төл перзенті емес. Осы тұрғыдан келер болсақ, мен шама-шарқымша осы төрт анама терең тамыр жіберуге тырыстым. Елдік, ұлттық мүддеге барынша адал болуға тырыстым.
– «Аңыз адам» журналының түсінігі бойынша, қазіргі кезеңде көзі тірісінде аты аңызға айналған адам қазақта екеу ғана екен. Оның бірі – Елбасы, екіншісі – өзіңіз. Журнал қанша тұлғалардың ішінен көзі тірі екі-ақ адамға, Елбасыға және Сізге ғана арнаулы санын арнапты. Сіздің өміріңіздің ақиқаты мен аңызы астасып кеткен тәрізді…
– Атым аңызға айналсын деп тірлік қылған жерім жоқ. Не істесем де, азаматтық борышымның төңірегінде қозғаламын. Аңызға айналған да түгім жоқ. Өмірімнің негізі шындық пен ақиқатты іздеуден тұрады.
– Сізді жұрт «Ірі қайраткер, ұлы тұлға, талантты ақын, кемеңгер философ» дейді. Осы сөздерді естігенде қандай күйде боласыз?
– «Ұлы тұлға», «кемеңгер» деген теңеулер менің теңім емес. Қазір бұл айшықты сөздер басқа адамға айтылып жүр ғой. Солай қала берсін. Өз басым мақтан сөзге тіпті құмар емеспін. Жастау кезімде Габриэль Гарсия Маркестің «Өзімді мақтап жазған кітаптарды, мақалаларды оқымаймын» деген пікірін естіп таңқалғаным бар еді. Кейіннен сондай мінезді аға-досым Шыңғыс Айтматовтан да көрдім. Бүгінде өзім де сол ұстанымға бет қойғанмын. Ғаламторда қазір мен жөнінде 100 мыңнан астам мақалалар, пікірлер, ойлар, толғаныстар бар екен. Мұны оқу былай тұрсын, санап шығудың өзі үлкен іс. Қайбір жылы «Өркениеттің адасуы» атты романым неміс тілінде жарық көргенде, осы кітап жайлы 400-ден астам мақала шыққан екен. Егер менің шығармаларымның 55-ке жуық тілдерге аударылғанын ескерсек және туындыларымнан өрбіген дауларға, пікірлерге назар аударар болсақ, бұл бірнеше институттың қолынан келе қоймайтын шаруа. Тек «Жазагер жады космоформуласынан» негіз алған Шыңғыс хан төңірегіндегі даудың өзі бірнеше мемлекетті қамтымады ма? Кезінде Шыңғыс Айтматов осы дауларды сараптай келіп: «Шығармалары үлкен дау, үлкен талас тудырған дәл сендей ақын қазір әлемде жоқ шығар» деп әзілдеген еді. Қайтеміз, әркімге әрқилы тағдыр бұйырған…
– Күзде, 70 жылдық мерейтойыңыз қарсаңында ауырып қалғаныңызды, аурухананың жансақтау бөліміне түскеніңізді естігенде халық кәдімгідей абыржып, уайымдады, демін ішіне тартып, үнсіз күтті. Тілеуіңізді тіледі. Аллаға шүкір, амансыз, ортамыздасыз. Қазір денсаулығыңыз қалай?
– Жаман емес. Құдайға мың шүкіршілік айтамын, өйткені қазақтың қаншама арысы біздің жасымызға жете алмады. Мысалы, Саттар Ерубаев бүлдіршін кезінде кетіп қалды. Төлеген Айбергенов 30 жасында дүниеден өтті. Мұқағали 40-тан сәл-ақ асты… Солармен салыстырғанда біраз жасадық, бұл да құдайдың қарасқаны деп есептеймін.
– 70-ке келдіңіз, өзіңізді қарттардың қатарына қосасыз ба?
– Жоқ, қоспаймын. Қайбір жылы Евгений Евтушенконың 50 жылдығына орай Абхазияда болдым. Сонда қариялар ансамблінің өнерін тамашаладым. Ансамбльдің ең жас мүшесі – 104 жаста болса, ең қарты – 120-да екен. Сол елдің басшысы Евтушенко екеумізге мұңын шақты. «Ауылымызда бір керемет әнші бар еді, жасы 91-де, соны осы ансамбльге кіргізейін деп едім, «бізге жас бүлдіршінді ұсынып отырсың» деп алмай қойды» дейді. Олар 100-ге жасы жетпегеннің бәрін жас бала деп есептейді екен. Сол қарттар ән салғанда, билегенде біздің жас жігіттерді шаң қаптырады. Осы тақырыпта өлеңім де бар:
Жер бетінде жел өшірген із аз ба?
Жігерсіздің өрісі әркез тар болған.
Отызында кемпір болған қыз аз ба,
Жігіт аз ба отыз бесте шал болған?!
Бұрын біздің ауылда Қожабай дейтін кісі бар еді, соны жұрттың бәрі «шал» дейтін. Байғұс қалт-құлт етіп зорға жүретін. Сөйтсек әлгі жігіт сол кезде небәрі 37-де екен ғой. Жақында бір газеттен оқыдым, қазіргі жас жігіттердің 40 пайызға жуығының жігіттік қабілеті төмен екен. Өз басым, қарттықты әлі мойындай қойғаным жоқ. Қарттықты мойындамау – әрбір еркектің азаматтық міндеті…
– Сол жолы сіз ауырып қалғанда өзіңіз жиі «ұстасатын» билік сізге қызмет көрсеткен тәрізді. Дәлірек айтқанда Астанадағы ҚР Президенті іс басқармасы жанындағы ауруханаға жатып, ем қабылдадыңыз. Біздің білуімізше, бұл ауруханаға кез келген адамның қолы жете бермейді. Сіз секілді «ярый оппозиционер» үшін бұл аурухана – қауіпті жер болуы да мүмкін… Билік қаласа, сізді басқа ауруханаға жатқызуға пәрмені жетер еді. Бірақ сізді ең білікті дәрігер-мамандар өз бақылауына алды. Соған қарағанда, сіз билікке керек сияқтысыз?
– Жоқ, бұл пікіріңіз мүлде дұрыс емес. Менің «Төтенше және Өкілетті Елші» деген дәрежем, атағым бар. Қызмет емес, атақ. Мен 10 жыл Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқардым, сол қызметтен кетерде маған осындай жоғары дәрежелі атақ берілді. Сондықтан сол құжатым арқылы кез-келген уақытта кез-келген елге «ВИБ-клиент» ретінде ұша аламын. Сол дәрежем арқылы Астанадағы және Алматыдағы ҚР Президенті іс басқармасы жанындағы ауруханада жатуыма болады. Әрине, бұл биліктің маған жаны ашығандығынан емес. Елшілік қызметте істегендігімнің пайдасын көріп жүргендігім рас.
– Түсінікті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында халық үш күн демалып, мәре-сәре болып қалады. Сіз бұл мерекені атап өтесіз бе?
– Мен ылғи жұмыста боламын, қоғамдық істермен айналысамын. Қазіргі тәуелсіздігімізді толыққанды тәуелсіздік деп есептемеймін. Тіпті, одақтас 15 республиканың ішінде тәуелсіздігін ең соңында алған елміз. Мәселен, мемлекеттік тіл тәуелсіздік алды ма? Алған жоқ. Рухани құндылықтарымыз тәуелсіздік алды ма? Алған жоқ. Кейбір тарихи шындықтарымыз тәуелсіздік алды ма? Алған жоқ. Күні бүгінге дейін ашаршылыққа толық баға бере алмай отырмыз. Бір мәлімет бойынша Қазақстанда ашаршылық жылдары 4 миллионнан астам адам, екінші мәлімет бойынша 6 миллионға жуық адам аштан қырылған. Бұл қолдан ұйымдастырылған ашаршылық екені белгілі. Сол ашаршылық болмағанда, қазір қазақтың саны 50 миллионнан асар еді. Ресейден қорқып, сол ашаршылыққа «геноцид» ретінде баға бере алмай отырмыз. Сондықтан қазіргі тәуелсіздігімізді «жартыкеш тәуелсіздік» деп есептеймін.
– Тәуелсіздік мерекесін 16 желтоқсан – яғни, Желтоқсан көтерілісі күнінен басқа күнге ауыстыру керек деген пікірді жақтайтындар көп. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– Бұл туралы кезінде Парламентте депутат болып тұрғанымда мәлімдеме де жасағанмын, осы мәселені көтергенмін. Сөйтіп, менің айғайыма құлақ асып, билік Тәуелсіздік күнін 25 қазанға ауыстырған. Бірақ, кейін таз қалпына қайта түсті. Себебі, желтоқсан рухын әлсірету үшін, мерекенің көлеңкесінде елеусіз, ескерусіз қалдыру мақсатында тәуелсіздік күнін 16 желтоқсан деп бекіткен. Иә, құжат жүзінде тәуелсіздік алғанымыз ақиқат. Өзге жұрт бізді тәуелсіз мемлекет ретінде мойындайды. Демек, Тәуелсіздік күнін мерекелеуіміз керек.
– Желтоқсан көтерілісінен соң КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросы қазақ халқын «ұлтшыл» деп қаулы шығарды. Осы қаулыға тұңғыш рет биік мінберде ашық қарсы шыққан өзіңізсіз. Карсылығыңызды бір емес, бірнеше рет айтып жүріп, талап етіп жүріп, ақыры үлкен істерге қол жеткізгеніңізді ел біледі. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісінің ашылмаған ақтаңдақтары көп деп жиі айтасыз, ол қандай ақтаңдақтар?
– Желтоқсан көтерілісін тексеретін комиссия жұмысын аяқтап қалған кезде маған орыстың екі офицері келді. Олар желтоқсан туралы бір ащы шындықты айтты. Қасымда бір топ адам отыр еді, комиссияның басқа да мүшелерін шақырып, солардың көзінше әлгі екеудің айтқандарын жазбаша жаздырып, қол қойдырып алдым. Кейін алқымынан алған кезде олар басқа жаққа тайқып шығуы мүмкін ғой. Олар «Желтоқсан кезінде 168 адам қаза болды» дейді. Сол хатты прокуратураға да, сотқа да тапсырдық. Осы мәліметті прокуратура тексеру керек еді, тексермек түгілі, пысқырып та қараған жоқ. Міне, осындай-осындай нәрселер толық ашылған жоқ. Прокурордың үстінен қарайтын біз емес, билік қой, біздің қолымыздан не келеді? Мұны көп газеттерде айттым, жаздым, дабыл қақтым, бірақ күні бүгінге дейін бұл шындық ашылған жоқ.
– Желтоқсанға қатысты өз міндетіңізді толық атқарып біттім деп айта аласыз ба?
– Қолымнан келгеннің бәрін, тіпті, көп адамдардың қолынан келмейтін нәрселерді жасадым. Мысалы, егер мен желтоқсан көтерілісіне Ельцинді араластырмағанымда, желтоқсан көтерілісі салтанат құрмай, «Алаңға шыққандардың барлығы Қонаевтың құйыршықтары, маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар» болып қала берер еді. Ол кезде Ельцин мен Горбачев бір-бірімен ит мен мысықтай болатын. Сол тұста мені Горбачев шақырып алып, «сенің аузыңды жабатын мүмкіндік табамыз» деп үстелді тоқпақтаған. Әрине, менің көзімді жоя салу оларға түк емес. «Үшеудегілерге» жасырын тапсырма берсе, бітіп жатыр. Осы мәселені Ельцинге айтқанымда ол: «Еш қауіптенбе, ондай жағдайға жібермеудің амалын қарастырамыз» деді. Сөйтіп, өз адамдары арқылы «Шахановқа тиісетін болсаңдар, әлемдік деңгейде айқай көтеріледі» деген пікірді Горбачевтің құлағына жеткізеді…
– Желтоқсан мәселесін КСРО Халық депутаттарының І-ші Құрылтайында, одан кейін іле-шала КСРО Жоғарғы Кеңесінің І-ші сессиясында көтергеніңіз белгілі. Дәл сол кезеңде Мәскеуде сізге қастандық ұйымдастырылғаны рас па?
– Иә, желтоқсан мәселесін сондай биік мінберлерде көтерген соң, қатты ауырып қалдым да, мені Кремльдің емханасына апарды. Сол жерде дәрігерлер тексеріп, «миыңыздың жартысына қан бармайды екен, тез арада ауруханаға жатуыңыз керек» деді. Мен қонақүйге барып, керекті заттарымды, құжаттарымды алып, Желтоқсан оқиғасын тексеріп жүрген қағаздарымды сейфке жасырып, ертең келіп жатуға келістім. Түн ішінде біреу қоңырау соқты. Дауысы күңгірлеп естілді, соған қарағанда үш әріптің адамдарына ұсталып қалмау үшін қандай да бір айла қолданған болуы керек.
– Шахановсыз ба?
– Иә.
– Ауруханаға жататын болдыңыз ба?
– Ертеңнен бастап жатамын.
– Жатсаңыз, шықпайсыз… – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Өзіме қастандық жасалмақ екенін түсіне қойдым. Сол күні түнде таң атар-атпастан өте сақтықпен, көрші жігіт арқылы машина шақыртып, КСРО халық депутатының куәлігі арқылы Алматыға ұшып келдім. Алматыдағы Министрлер Кеңесінің ауруханасына барып тексерілдім. Бас дәрігер Мұхтар Айтқазин жоқ екен, орынбасары мені бір орыс дәрігеріне бекітіп берді. Ол маған бірнеше дәрі-дәрмек ұсынды. Сол сәтте Мұхтар Айтқазиннің өзі кіріп келді де, ымдап сыртқа шақырды. Оңашалау жерге бардық. Қасында бір әйел дәрігер жүрді. Оны кардиология бөлімінің бастығы деп таныстырды. «Дәрігердің берген дәрілерін іштіңіз бе?» деп сұрады. Әлі ішіп үлгермегенімді айттым. «Ішпеңіз, анау байқап қалса, өтірік ішкен болыңыз, бірақ барлық дәрілерді мына әйелге әкеп беріңіз» деді. Сөйтіп басымды тексеруге алып барды. «Миыңның жартысына қан бармайды дегендері өтірік, басыңыз сап-сау, тек аздап қан қысымыңыз бар екен. Енді бұл жерден тезірек кетіңіз, мен сізге бұдан артық жәрдем бере алмаймын» деді. Сол кісінің арқасында мен аман қалдым, әйтпесе олар мені құртатын еді. «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабымда осының бәрі бүге-шігесіне дейін жазылған…
– Желтоқсан көтерілісі болатын күндері сіз Мәскеуде шығармашылық кешіңізді өткізіп жатқан екенсіз. Сол кезде Алматыда сондай сұмдық оқиға өткенін кешіңізге жиналған халыққа хабарлауға бір қазақ жігіті рұқсат сұраған көрінеді. Сонда сіз «кешімнің шырқын бұзба» деп микрофон бермей қойыпсыз. Мұның бәрі желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахметтің сізді қаралаған пікірлерінде айтылады. Хасен сізге не үшін жауығып жүр? Бұған не айтасыз?
– Ең алдымен айтарым, ол шығармашылық кеш бірнеше ай бұрын жоспарланған еді. 19 желтоқсанда өтеді деп бекітілген. Жалпы, әртүрлі деңгейдегі кештер, іс-шаралар көп болады ғой, бірақ бұл кештің ерекшелігі – халықпен әңгімелесіп, өлең оқылып, ән айтылып қана қоймайды, ол кешті бүкіл кеңестер одағының телеарналарынан көрсетеді. Ондай кешті өткізу КОКП Орталық комитетінде қаралып, санаулы адамдарға ғана рұқсат берілетін. Мәселен, ұлт ақындары ішінен Расул Ғамзатовтың, Қайсын Күлиевтің, Давид Кугультиновтің кештері ғана теледидар арқылы бүкіл Кеңестер Одағына әйгіленді. Ал кейінгі толқын арасынан, ұлт ақындарының ішінен маған рұқсат етілген-ді. Кешті орыстың ұлы ақыны Евгений Евтушенко жүргізетін болды. Ол Мәскеуге бір апта ертерек келуің керек деген соң, 12 желтоқсан күні сонда болдым. Жақсылап дайындалдық. Ол кезде желтоқсан көтерілісі болады деген ой ешкімнің үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. 18-і күні КОКП Орталық комитеті Жазушылар одағының басшыларын шақырып, «Шахановтың кешін кейінге қалдырыңдар» деп тапсырма беріпті. Себебі сол кезде Мәскеуде төрт мыңнан астам қазақ жастары оқиды екен. Солар көтеріліп кете ме деп қорыққан. «Бүкіл билет таратылып кетті, тіпті шет елдерден қаншама қонақ шақырылған. Бұл қалай болады?» дегенде, «Шаханов жол апатына түсіп, аяғын сындырып алды» деп айтыңдар депті. Мұны естіген Мәскеулік жігіттер: «Олар енді міндетті түрде, жол апатын ұйымдастырып, сіздің аяғыңызды сындырады» деді. Бір кезде Евтушенко келді. Кеш болмайтынын айттым. Ол бірден КОКП Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Яковлевқа телефон соқты. «Шахановтың кешін қалайда өткізуіміз керек. Бұған жауапкершілікті түгелдей өз мойныма аламын» деді. Яковлев Евтушенконың айтқанына көніп, Горбачевқа түсіндіруге тырысатынын айтыпты. Жиырма минуттан соң Яковлев қайтадан қоңырау шалып, «Горбачевты көндірдім, кешті өткізе беріңдер» деп қуантты. Үш жерден қатаң тексеру қойылды, екі метро жабылды. Кеш өтетін залдың бастығы Евтушенко екеуміздің құлағымызға Қауіпсіздік Комитетінің 60 қызметкері қатысып отырғанын сыбырлады. КОКП Орталық комитетінен бір адам келіп «Время» хабарынан «Алматыда алаңға шыққандардың бәрі нашақорлар, маскүнемдер» деп интервью беріңіз дейді. «Бере алмаймын, өйткені мен бір аптадан бері осында жүрмін, онда не болып жатқанын білмеймін, көзіммен көрмегендіктен ештеңе айта алмаймын» деп, сұхбат бермей қойдым. Кеш жүріп жатқанда Ербол Байжарқынов деген жігіт шығып, 250 адам қол қойған Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысты хатты оқи бастады. Мен бір топ аудармашыларыммен бірге төралқада отырмын. Кешті жүргізіп жатқан Евтушенко. Әлі маған сөз берілген жоқ. Байжарқынов хатты оқып тұрғанда төменнен бір адам сахнаға көтеріліп, оны алып кетті. Бірақ содан кейін мен әлгі жігітті қолдау мақсатында «Жігерлендіру» атты өлеңімді қазақша оқыдым. Жиын біткен соң Евтушенкоға: «Орталық комитеттегі таныстарыңызға телефон соғыңыз. Бағанағы ұстап әкеткен жігітті босатсын» дедім. Ол менің айтқанымды орындады. Осы оқиғаны Хасен Қожа-Ахмет өзінше бұрып алған. Құдайдан қорқу керек қой! Керісінше, ол адамға ара түсіп, құтқарып қалған мен емеспін бе? Жуырда «Өмір-ай» газетінде Х.Қожа-Ахмет маған тағы тиісіпті. Оның өсектеріне түпкілікті тоқтам салу үшін сіздердің назарларыңызға бірінші хаттың негізінде жазылған «Желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахметтің жаласына жауап хат» деген өлеңімді осы арада түгелдей оқып берейін:
«Әр адамның пенделігі өз тағдырын шешеді…»
Мұны ұғу қайда саған Қожа-Ахметтің Хасені.
Амал нешік, қызғанышың қайсар және батыл-ақ,
Асанова Ләззатқа да шаштың қара топырақ.
Тағдыр сені қаралаудың сарбазы етіп қойғандай,
Соттасып ең, абыройың төгілді одан айрандай.
Бір пәтуә таба алмастан ісіңнен, не сөзіңнен,
Қаншама адал желтоқсаншы азап шекті өзіңнен.
Сенікі не? Пенделік пен қызғаныштың шатысы?
«Шахановтың желтоқсанға жоқ – дейсің – еш қатысы!»
Бүкіл Кеңес билігінің парқына мұң түсіріп,
Кремльдің, Горбачевтың зәре-құтын ұшырып,
Дел-сал шақта қайта оятып, ел намысын бөгелген,
Қайтер еді ұлт,
Желтоқсанды көтермесем егер мен?
Бірақ мені мадақтаудың қажеті жоқ ол үшін,
Мұнда ерлік жоқ. Ол жай ғана азаматтық борышым.
Сол үшін де еңсем биік, сол үшін де асқақпын,
Билік берер барлық мақтау, марапаттан бас тарттым.
Қожа-Ахметтің маған қояр өкпе-назы көп екен,
Менің тілдік мүддеге де «еш қатысым жоқ» екен.
Жә, солай ма? Онда бір сәт үңілелік өткенге,
Орыс тілі мемлекеттік мәртебе алып кеткенде,
Құтылғандай иірімі мол ұлттық, тілдік азаптан,
Талай рухсыз депутаттар – ұлтсыз шалақазақтар,
Бір-бірімен құшақтасып, құттықтасып жатқанда,
Дабырласа, қауымдаса ұлт мүддесін сатқанда,
Мен зор айқай көтермесем,
қанып рухсыз айызы
Орыс болып кетер еді ұлттың сексен пайызы.
Әрине, олар МҒҚ* боп, бас қойып зор білімге,
Ұлтсызданып санасы,
Сөйлер еді Хасекеңнің анасы
Екатерина Лисовскаяның тілінде.
Пайымсыздық батпағына батқан жансың белшеңнен.
Ал өзіңнің қай еңбегің болып еді ел сенген?
Шексіз даңққа құштарлығың жазды аңсаған даладай,
Президент те болғың кеп жүр өз шамаңа қарамай.
Жаның құмар әрқашанда дау-дамай мен шатаққа,
Өзіңді сан ұсындырдың «қаһармандық» атаққа.
Рас, өсек, өтірікті айналдырған ғажапқа,
Сендей рухсыз бір «қаһарман» керек біздің қазаққа!
– Қазақстанның халық жазушысысыз, Қырғызстанның халық ақынысыз, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегерісіз. Өз еліңіздің мемлекеттік марапаттарынан, тіпті, «Халық қаһарманы» атағынан бас тартуыңыздың себебі не?
– Менің қағидам бар: Отанына, еліне, халқына адал адам еңбегін бұлдамауы керек. Бірақ Отан да өзінің дараланған ұлдарын марапататтап отыруы шарт. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ ол өте әділетті болуы керек. Қазір кез-келген ұрының, түрмеде шіруге тиісті ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында жүргім келмейді. Міне, менің ұстанымым осы. Бірақ шет мемлекеттер тағайындаған сыйлықтарды аламын. Ол ұлт үшін қажет. 20-дан астам мемлекеттердің әрқилы сыйлықтарын иелендім. Ондаған шетелдік академиялардың, өнер, ғылым ордаларының академигімін, докторымын, профессорымын. Егер сол атақтарымның бәрін үстіме тағатын болсам, оларға арқамда да орын жетпеген болар еді…
– Кезінде, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында «Қос тіл – қос қанатың» деген Олжас Сүлейменов бертінде Қазақстанның болашағы үш тілді болатынын – орыс, қазақ, ағылшын тілінсіз мемлекет ретінде дами алмайтынымызды айтқан еді. Оған біраз ақын-жазушыларымыз қарсы шығып, хат жазып, мақала жариялағанымен, бүгінде Олжастың айтқаны дәл келгенін уақыт көрсетіп отыр. Ал «мемлекеттік тілді – ана тілімізді өз тұғырына қондырайық» деген ондаған, жүздеген ақын-жазушылардың да, мыңдаған, миллиондаған халықтың да талабы жиырма жылдан бері жер жастанып келеді. Сіз де қанша шырылдағаныңызбен, нәтиже жоқ. Соған қарағанда, өз атын «Алжас» дейтін жалғыз Олжас қазақтілді жүз зиялыдан мықты ма деп қалдым…
– Бар мәселе билікте. Биліктегілер орыстілді болған соң, орыс тілін, ағылшын тілін қолдаған соң, қазақ тілі босағада қалып отыр. Билік қазақ тілін төрге оздырса, қазақ тілінің көсегесі көгереді, бірақ қазіргі билікке бұл тиімсіз. Егер Елбасының бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан пікірін негізге алсақ, ұлтымыздың тең жарымынан астамы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Яғни космополитке айналған. Жуырда біреулер: «Қазақтың 30 пайызға жуығы ғана өз ана тілін білмейді екен» деп, осынау күрделі мәселені жұмсартпақ ниет танытты. Бұл – рухсыздық. Ащы шындыққа тура қарау және оның шешімін табуға тырысу – ортақ міндетіміз.
«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының арнайы тапсырмасымен біраз ғалымдар мен зиялылар тобы зерттеу жүргіздік. Сол зерттеудің нәтижесіне таңқалдық. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында өзінің ұлтына, тіліне қарсы шыққан және ашық түрде ұлттық рухын, тілін менсінбеген қазақтар болған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарындағы ұлтымыздың дара тұлғасы Әлихан Бөкейхановтың пікіріне жүгінсек, сол тұста Кеңестер одағында үлкен билік басындағыларға жағыну мақсатында өзінің ата-тегін «Степнов» деп өзгерткен, ана тілін менсінбеуі былай тұрсын, ата-бабасының дінін де христиан дініне айырбастаған Әліби Жанкелдиннен бастап, жап-жас кезінде-ақ дүниеден өткен, «…қазақтың тілі – өлген тіл, енді оны тек мұрағатқа қою керек» деп дабыл қаққан космополит Нұрболат Масановқа дейінгі аралықтағы өз тілін, ділін, дінін, ұлтын сатқан қазақтардың бәрінің өмірі трагедиямен аяқталған. Осыған көз жеткізгенде жағамызды ұстадық. Кім өзінің ұлтына, тіліне тас атса немесе оның беделін түсірерліктей менсінбеушілік мінез көрсетсе, сол адамның тағдыры трагедиямен бітеді екен. Зерттеу осындай ауыр шешімді әйгіледі. Өйткені ұлтты да, тілді де Құдай жаратқан. Ендеше оған қарсы бағыт ұстау – тікелей Құдайға қарсы шығумен пара-пар. Сондықтан туған ұлтының тілінде сөйлеуге намыстанатын, ұлтсыздануға, мәңгүрттенуге бет бұрған қандастарымызға осы ерекше маңызды мәселені ескерту – азаматтық борышымыз.
– «Жалын» журналының бас редакторысыз. Біздің білуімізше, бұл басылым сіздің жекеменшік журналыңыз емес, солай ма?
– Жоқ, жекеменшік журналым емес, үкіметтікі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі журнал. Бес жылдан бері жекешелендіре алмай-ақ қойдым. Бермейді.
– Үкімет өз журналын өзі қаржыландырмайтыны қалай? Бір сөзіңізде ұжымдағылар жеті-сегіз айлап айлық көрмегенін айтып едіңіз. Сонда қалай күн көресіздер?
– Үкіметтен бөлінетін қаржы тым кешігіп, қызметкерлерімнің айлықсыз қалатын кездері жиі болады. Ылғи да шындықты айтатынымыздың кесірі жиі тиеді. Қайтеміз, өмір күрес дегенді жадымыздан шығармауымыз керек.
– Соңғы 20 жылдағы өлеңдеріңіздің бәрі дерлік саяси өлеңдер. Поэзияңыздағы жас кезіңіздегі лиризм неге жоғалды?
– ?!.
– Сіз сөздерді қысқартып айтуға неге құмарсыз? (Мысалы, «ТЖ – туфли жалағыштар», «ҚС – қол сүйгіштер», «МҒҚ – мордасы ғана қазақ», «ШҚ – шала қазақтар», «КБ – күйеу бала», «БұрВерҚал – бұрынғы Верный қаласы т.б.)
– ?!.
– Кеше Студенттер сарайында 70 жылдық мерейтойыңызға арналған шығармашылық кешіңізге куә болдық. Залға жиналған бір жарым мың адамның ұйықтап жатқан ұлттық сезімдерін дір еткізген кеш болды. Кеш өз көңіліңізден шықты ма?!
– Мен осы кешті өткізгім келмеген еді, бірақ қасымда жүрген рухтастарым қоймады, «Аға, 70-ке келген де бар, келмегенде бар. Халықтың басын қосып, бір жиын жасауға тиіссіз, дұшпандарыңызға да бір көрініп қоюыңыз керек…» деді. Мен келістім. Кеш Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Жаман өтпеген тәрізді. Төрт-бес жасар балапандар менің ұзынсонар өлеңдерімді жатқа оқығанда көзіме жас келді… – Құтты болсын! Еліңізге рух беріп, ауырмай-сырқамай, аман-есен ортамызда жүре беріңіз!
Сұхбаттасқан
Сәуле Әбединова
Ақжүніс