Кәрістер қазақ фольклорын экрандауға кірісті

Таяуда Алматыда «Корея – Орталық Азия шығармашылық симпозиумы» өтті. Бұл мәдени шығармашылық байланысты ұйымдастыру екі мемлекеттің мәдениет министрлері деңгейінде шешіліп, тең құқықты қарым-қатынаста өту жоспарланса да, негізгі ұйымдастырушы бізге қонаққа келіп жатқан Корея Мәдениет, спорт және туризм министрлігі болды.
Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің өкілі Ли Чжин Сик өзінің «Азия мәдениетінің орталығы және Алтай мәдени бірлігі» атты кіріспе баяндамасында Азия мәдениетінің Орталығын қалыптастыру концепциясымен таныстырып өтті. Азия мемлекеттері халықаралық қауымдастығын құрып, үлкен құрлыққа орналасқан 51 мемлекеттің басын біріктіретін орталықта өзара шығармашылық кештер, ғылыми зерттеулер өткізуге, ғылыммен айналысуға мүмкіндіктер жасалмақ. Бұл шара Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі тарапынан ұзақ уақытқа – 2004–2023 жылдар аралығындағы атқарылатын ұлттық жоба болып бекітілген екен. Бүкіл Азия елдерінің мәдени астанасы етіп Оңтүстік Корея Республикасының Гванджу қаласы таңдап алыпты.

Сол орталық жұмысының бір парасы ретінде Қазақстанға арнайы келіп, негізгі топты құраған делегация мүшелері Қазақстан және Орта Азия халықтарының үздік аңыз әңгіме, эпостарын зерттеп, өздерінің бағдарламаларына сай әралуан жанрда жазылған шығармашылықтарымен таныстырды. Кәрістер өз тарапынан алдын ала «Қозы Қөрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қамбар батыр» эпостары мен «Ер Төстік» сынды басқа да көптеген қазақ халық ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін алдыртып, кәріс тіліне аударған. Аталған симпозиумның бірінші күні кәріс делегациясы осы шығармалар негізінде бүгінгі таңда кең сұранысқа ие кино, теле, анимациялық фильмдер, компьютерлік ойындар бағдарламасын т.б. өнімдер шығаруды қолға ала бастағандықтарын атап айтты.

Екіжақты пікірталас барысында Қазақстан тарапынан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, белгілі фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов және институттың маман ғалымдары қатысқан отырыста жасалған жұмысқа байланысты өздерінің көзқарастарын айтып, жаңаша оқылған көне эпос пен ертегінің жетістігі мен кемшін тұстары сараланды.

Кәріс режиссерлерінің нұсқасы бойынша ағайынды екі жігіт Төлеген мен Сансызбайдың қаланың сұлу қызы Жібекке ғашық болуы, басында пайда қуған екеудің ойы мен пиғылы өзгеріп, арты махаббатқа айналып, бірі қарақшылар қолынан қайтқаннан кейін, екіншісі Жібекпен қосылатын фильм оқиғасы бүгінгі телеэкраннан көрсетіліп жатқан өзге халықтар сериалынан кем болмайтындай қызықты оқиғалар, детальдармен өрілген екен. Екі ел Қазақстан мен Корея арасында бүгінгі заман іскерлік қарым-қатынастары кірістірілген бұл жұмыс әрі қарай жалғастырылса, тұшымды халықаралық сериалдың негізі дайын болатын түрі бар екен. Ал осы сюжетке құрылған екінші қысқаша жарнамалық роликте (синопсисте) оқиға желісі өзгеше өрбиді. Театр сахнасына қолайлы жасалған бұл шығармада да сұлу Жібек пен Төлегеннің махаббаты, өткен күндер мен бүгінгі уақыт арасы астасып, жаңа сахналық бояу желілерімен өріліп, өзіндік қызықты туындының нобайы болып шыққан.

Симпозиумнің екінші күні қонақтар өтініші бойынша қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен ауыз әдебиетінің, музыкалық аспаптары мен жыршылық өнерінің үлгілері таныстырылды. М.Әуезовтің мұражай-үйінде өткен бұл кездесуде олар қызыға тамашалап, таспаға жазып алған материалдар ішінде Аманқос Садықов пен қызылордалық жас жыршы Күнсұлу Түрікпенова екеуінің орындауындағы «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Көроғлы» жырлары болды. Алматы қаласы филармониясының «Сазген сазы» ансамблі (көркемдік жетекші әрі директоры – Бағдат Тілегенов) көрсеткен ұлт музыкасының үздік үлгілері, кең тараған домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, адырна, шаңқобыз т.б. халық аспаптарының әрқайсысы бір көркем туындыға жүк боларлық пайда болу тарихы туралы аңыздар қонақтардың көңілінен шығып, жақсы әсерлер қалдырды. Мемлекеттік архив қорында қонақтарды қызықтырған көптеген тарихи-этнографиялық, фото-видео материалдар қарастырылып, қажеттілері бейнетаспаға жазып алынды.

Қонақтар бірнеше күн халқымыздың мәдени-рухани мұраларымен танысып, өздерінің жобасы аясында көне Тараз қаласында материалдар жинақтады. Осы ретте, біз қазақ мәдениеті мен өнері осындай халықаралық біріккен жобалармен, тығыз қарым-қатынастармен алға басатынына көзіміз жетті. Қалай болғанда да жоба иелерінің Қазақстанға бұл келулері соңғы болмасына өзімізді сендіргіміз келеді.

Қыжыл

Қазіргі уақытта біздің рухани құндылықтарымызға өзгелердің қызыға қарап, ұлттық дүниелерімізді арнайы іздеп келуі – қуанарлық жайт. Осы орайда кәрістердің қазақы дүниетанымдағы фольклорымызды аударуы, ауыз әдебиетіміздің үздік үлгілеріне деген қызығушылығының зор екендігі қуантты. Симпозиум барысында кореялықтардың «Қыз Жібек» эпосы негізінде жасаған 16 бөлімнен тұратын заманауи киносериалының (авторы – Чжу Чхан Ок), спектакльдің (авторы – Чжонг Енг Ук), «Ер Төстік» ертегісі (авторы – Ли Син У) негіз болған компьютер ойынының жобасы назарға ұсынылды. Алдағы уақытта бұл жобалар қалың көрерменге жол тартпақ. Алайда жыр, қисса, дастандарымыз бен ертегі-аңыздарымызды өзіміздің кино мен мультфильмге айналдыра алмай отырғандығымыз қынжылтады.

P.S.

Бұл симпозиумнің көңілге қоныңқырамаған тұсы – мұндай жоғары деңгейдегі шараны өткізуге Қазақстан жағынан тек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мамандарының ғана атсалысуы болды. Басқа ресми мекемелермен әдебиет пен киноның өзге де білгірлерінің бұл шараға қатысы жоқтай сырт қалғаны қайран қалдырды.

Автор: Аманкелді МҰҚАН, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театртану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, театртанушы.

Пікір жазу