Моңғолия қазақтары білімге құмар

Моңғолия қазақтары білімге құмарЕлбасының «Менің халқым өзге бір ұлттың түсіне кірсе шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырды басынан кешірді» деген сөзі бар. Зобалаң заман кезінде қандастарымыз Қытай асып, Тибет асып, бірі – Моңғолияға, бірі – Түркияға тұрақтап қалды. Біздің Моңғолиядағы сапарымыздың мақсаты – қандас туыстарымызды іздеу, биылғы қыста малдары қырылған аймақтардағы қан-дастарымыздың жағдайымен танысу, қиыншылығымен бөлісу еді.Өткен қыс жұт болды. Мәселен, 600 малы бар бір әулеттің 200-дей малы шығынға ұшырапты. Ал, бір әулеттің 1200 малының жартысы қырылып қалған. Олар қысқа арнап шөп жинамайды екен. Соғымға деп арнайы мал байламайды.
Қазақтардың көбі Лақшын, Суба, Делу аймақтарына қоныстанған. Жайлауда киіз үйлерде тұрады. Төрт түлік малмен күн көреді. Қысқы шығындардың орнын толтыруға дүниежүзінен көмек беріліп жатыр екен. Оның ішінде, әрине, Қазақстан да бар.
Моңғолиядағы бауырларымыз күн сәулесі батареясымен теледидар көреді. Олар отандық «Қазақстан», «Хабар», «31 арна», КТК телеарналарын көреді.
Олар Қазақстан туралы, мұндағы жағ-даймен жақсы хабардар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Моңғолиядағы 160 мың қазақтың 60 мыңы елге көшіп келді. Алтын құрсақ аналарымыздың арқасында жиырма жыл ішінде Моңғолиядағы қазақтардың саны 160 мыңға қайта жетті.
Баян өлгей аймағының 70 жылдығы мерейтойында Президенттің хаты оқылды. «Қандай қысылтаяң шақ болса да, арқа сүйер қазақ елі бар екенін ұмытпағайсың, ағайын!» — деген Президенттің жылы сөзі көпшіліктің рухын бір көтеріп тастады. Мақпал Жүнісованың келгенін естігенде ол жақтағы ағайындар қуанғанынан өре түрегеліп қол шапалақтап, қазақ өнеріне деген ерекше құрметтерін көрсетті.
Тамыз айының 22-інде Ресей президенті Медведев пен Елбасы Н.Назарбаевтың кездесетінін, сол кездесуде шекара мә-селесінің шешімін табуға тиіс екенін естіген ағайын қатты қуанды. Шекара мәселесі шешілсе, таулы аймаққа тө-зімді, шөпті тебіндеп жей беретін керей қойлары елге оралатын болады. Бұрын бұл қой Моңғолия батыс аймақтық қойы деп аталып келген. 1999 жылы Қатран Орынбайұлы деген ғалым ағамыздың ғылыми еңбегінің арқасында Моңғолия ауыл шаруашылығы министрінің қаулы-сымен керей қойы деген атқа ие болды.
Моңғолиядағы бауырларымыз дүниеге көп қызықпайды, көбіне рухани байлық пен білімге ерекше көңіл бөледі. Ондағы қазақтардың 98 пайызы сауатсыз деген жаңсақ пікір. Моңғолия қазақтарында «Артық білсең – тең түсесің, тең білсең – кем түсесің», – деген мақал бар. «Сондықтан біз Моңғолиядағы басқа халықтарға қарағанда артық білуге ұмтыламыз», – дейді олар. Моңғолиядағы қазақ жастары Жапонияда, Германияда, Венгрияда, Қытайда, АҚШ-та оқып жатыр. Олардың ата-аналары Кеңес кезінде Ресейде, Польшада, Украинада оқыған. Бір қуанарлығы, шетелде оқып келген 1 500 жас жоғары оқу орнын бітіріп келсе, соның 1 мыңы Қазақстанға қызмет етіп жатыр.
Біраз бауырларымыз елге оралды. Қалғандарының да келгісі бар, бірақ көшуге шамалары келмейді. Моңғол мемлекетінің оларға деген көзқарасы жақсы. Сонда да тәуелсіздік алып, оң-солымызды таныған соң, алыстағы бауыр-ларымызды жатсынбай, елге шақыру біздің парызымыз деп ойлаймын.
Мына «Ағайынды аңсау» деген өлеңім сол бауырларымызға арналады.

Ағайынды аңсау

Армысыңдар, Абақ-Керей ұрпағы,

Ұмытқан жоқ өздеріңді жұрт әлі.

Оралар деп Отан-Анаң күтуде,

Бай өлкеге ұшып кеткен сұңқары.

Уа, армысың, Барақ бидің ұлдары,

Еңкеймеген ешкімге де туғалы.

Атажұрттан көз жазып қап қапыда,

Қиыр қонған сонау қиын жылдары.

Уа, армысың, Шақабайлап шапқан ел,

Тағдыр сорын татудай-ақ татқан ел.

Соңдарыңнан сәлем жолдап жіберді,

Айы туып, таңы қайта атқан ел.

Армысыңдар, Ер Жәнібек шыққан ел,

Мәрттігімен Сырдан сырғып ыққан ел.

Қара тамақ найзалы сап шашақтап,

Ақ торғыннан ту ұстаған тұтқалы ел.

Уа, армысың, Оспан батыр әулеті,

Намысты етті Ноян ұлды нәубеті.

Көк байрақтан алтын арай

нұр шашып,

Шаңырағыңнан сығалаған сәулесі.

Армысыңдар, Ақыт қажы өскен ел,

Имандылық жүрегінен өшпеген.

Күлтегіннің өсиетін қайталап,

Ер Түрік боп, Көк байрағын көксеген.

Ботаң қалды Сыр бойында боздаған,

Атаң қалды сай-сүйегін қозғаған.

Күтіп жатыр боз биесін құрбан ғып,

Боз селеулі бабаң жатқан боз далаң.

Кеткен кім бар елді сатып, арды аттап,

Келдім содан ата жолын ардақтап.

Сол баяғы Бұқар жырау сияқты,

Барақ биге арзу айтқан салмақтап.

Сендерменен өсе түсер айбарым,

Нар ұлдарым, намысыңды қайрадым.

Бетке тұтып Баян-Өлгей аймағын,

Іздеп келдім Қазағымның қаймағын.

Уақыт келді табылатын бір жерден,

Көтергенде Нұрсұлтанның байрағын.

02.09.2021
Бақытбек Смағұл,

Пікір жазу