Sunday, March 30, 2022

Түркиядағы Абай атындағы мектеп 

15 Ақпан 2012,

Түркия топырағындағы Абай атындағы мектеп бүкіл түрік балаларына қазақтың ұлы ақынын танытып отыр. Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы - Абай Құнанбайұлы әлемге танымал екені хақ. Түркияның Ыстамбұл топырағында хәкім Абайдың атындағы мектептің болуы да осының бір айғағы ретінде болса керек.2002 жылы Ыстамбұл қаласының Зейтінбұрын ауданында жаңа жасалып жатқан мектепке Абай атының берілуі туралы ұсыныс жасаған Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, шоқайтанушы Абдулвахап Қараны бұл тақырыпқа орай сұхбатқа тартқан едік.

- Бұл ұсыныс жасауға не түрткі болды?

Оған 1995 жылы бүкіл дүниежүзінде өткізілген Абайдың 150 жылдық тойы түрткі болды десек қателеспейміз. Өйткені сол жылы мұндай іс-шара Ыстамбұлда қазақтар көптеп шоғырланған Зейтінбұрын ауданында да өткізіліп, бұрын Темірхана деп аталған көше Абай көшесі деп аталды. 2002 жылы сол көшеден келе жатсам, үлкен бір мектеп салынып жатыр екен, сол туралы мәлімет берген тақтада көшенін аты Темірхана, мектептің аты болса Темірхана мектебі деп жазылыпты. Мен мұны оқып таңғалдым. Бұл қалай болды. Біз бұған 1995 жылы Абай көшесі деп ат қоймап ма едік. Әлде көшенің аты бұрынғы атына қайта өзгертілді ме? деп аудан әкімі Мұрат Айдынға интернеттен хат жібердім. Егер көшенің қателікпен бұрынғы дағды бойынша Темірхана деп жазылып кеткен болса, онда Абай көшесіндегі мектептің аты Абай болу керек. Сонымен қатар бұл лайықты да ат болар еді. Өйткені Абай тек ақын емес, ол сонымен қатар ойшыл, ағартушы, Қазақстанда Абай атында универсиетте бар, дедім. Дереу әкімнен жауап келді. Дұрыс айтасыз, бұл көше Абай көшесі. Бірақ мектепті орталықтың тапсырмасы бойынша салып жатыр. Олар бұрынғы аудан картасы бойынша мектепті салғандықтан көше қателікпен Темірхана деп аталыпты. Дұрысы Абай көшесі болуы керек еді. Оны түзеттіреміз. Ал мектептің атын Абай деп қою ұсынысыңызға келер болсақ, ол менің қолымнан келмейді. Орталық, яғни Ыстамбұл қаласы әкімшілігінің оқу-ағарту мекемесі шешетін мәселе. Бірақ сіздің ұсынысыңызды орталыққа жеткіземіз деді. Бірнеше айдан кейін аудан әкімшілігі “cүйінші, ұсынысыңыз қабылданды, мектептің аты Абайға берілетін болды” деп хабар келді. Қатты қуандым. Кейде кішігірім нәрселерді елемейміз. Мен бұл Абай көшесі, неге Темірхана деп бұрынғы атты жазасыңыздар деп жазған бір екі ауыз хатым бізді үлкен қуанышқа жетеледі. Соңында үлкен бір абыройға да себеп болды.

- Ол қандай абырой?

- 2003 жылы көкек айында сол мектептің тұсаукесері болды. Оған адам айтса сенгісіз, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп тұсауын қиды. Міне бұл Зейтінбұрын аудан қазақтары, Ыстамбұл қазақтары, тіпті бүкіл Түркия қазақтары үшін үлкен абырой болды. Біздің еңсеміз көтеріліп төбеміз көкке жетті. Қазақстан Президенті қыруар жұмысының арасында осындай аудандағы бір мектептің тұсаукересіне қатысу арқылы, біріншіден, қазақ халқының Абайға деген үлкен құрметін бүкіл түрік халқына көрсетті. Екіншіден, Президент өзінің оқу-ағарту саласына, мектептерге қаншалықты мән бергенін көрсетті. Үшіншіден, ол қазақтар көптеп тұрған аудандағы мектептің тұсаукесеріне қатысу арқылы Түркиялық қазақтардың қамқоршысы екенін нақты көрсетті. Расында да осыдан кейін ауданда қазақтарға көзқарас басқаша болды және олардың беделі өсті.

- Бұл мектепте қазақ қандастарымыздың балалары білім алып жатыр ма?

- Иә, солай. Бірақ сандары көп емес. Атап айтқанда жалпы 1800 бала білім алып жатқан сегіз жылдық мектепте қазақ балаларының саны 50-ден көп емес. Өйткені Зейтінбұрын - үлкен аудан. Мұнда 310 мың адам өмір сүреді. Ауданда 26 сегіз жылдық мектеп бар. Ауданда балалар үйлеріне жақын мектептерде оқуға міндетті. Сөйтіп саны былай да аз болған қазақ балалар аудандағы мектептерде оқып жатыр. Барлығын бір мектепте жинасаңыз да бір мектепті толтыратын қазақ бала саны шыға да қоймас.

- Мектепте Абайды таныту жолында шаралар болып тұрады ма екен?

- Онда екі қазақ мұғалім жұмыс істеуде. Біреуі Айсел Тандоған, екіншісі менің жолдасым Тайра Әбдіхамиқызы. Ағылшын тілінен сабақ береді. Абайтану және қазақ ән биі туралы сабақ және курстар енді-енді қолға алынып отыр. 2009 жылы желтоқсан айында Қазақстанның елшісі Жансейіт Түймебаев осы Абай мектебі ашылғаннан кейінгі жерде мектепке келген алғашқы Қазақстан елшісі болды. Ол кісі мектепке үлкен көңіл бөліп жатыр. 2010 жылы қыркүйек айында оқу жылының ашылу рәсімінде де Абай мектебінде болды. Сол рәсімінде Елші мырза Абай туралы көптеген кітап және бейнекөріністерді сыйға тартты. Кейбір дәрістік құрал-жабдықтар тарту етті. Сол кісінің қолдауымен екі жылдан бері қазақтың билері апта соңында балаларға ерікті түрде үйретілуде. Оған қазақ балаларымен қатар түрік балалары да қатысуда. Және сол кісінің мұрындық болуымен 2010 жылы жаз маусымында Абай мектебі және Зейтінбұрын ауданындағы басқа екі мектептен үздік оқыған 15 қазақ бала және екі қазақ мектеп мұғалімі Қазақстанға Көкшетауға 15 күнге барып қайтты.

- Мұнан балалар қандай әсер алды?

- Керемет әсер алды. Құлақпен естіген басқа, көз көрген басқа емес пе? Менің де екі балам барып қайтты. Оның бірі Абай мектебінде, екіншісі Әбділхақ Хамит мектебінде оқиды. Қатты әсер алып келді. Бұрын біз қазақпыз, Қазақстан деген еліміз бар деп бізден көп естіп біліп жүрсе де, барып келгеннен кейін басқаша болды. Енді тағы қашан барамыз, келесі жыл тағы барсақ дейтін болды. Онда өзіндей құрбы-құрдастарымен танысты. Қазір интернет арқылы хаттасып отырады. Қазақ тіліне деген ынтасы күшейді. Меніңше диаспора балаларын, жастарын кез келген орайды пайдаланып атамекенмен байланыстыра беру керек. Сөйтіп диаспорада Қазақстанға деген патриоттық сезім күшейеді. Елін, отанын, ана тілін білмеген диаспорадан Қазақстанға ешқандай пайда жоқ. Сондықтан Қазақстан елшісі Жансейіт мырзаның осы бастамасы өте игілікті шара деп білемін.

- Сіздің балаларыңыз Абай туралы не біледі?

- Әрине, Абай - бүкіл қазақтың ұлы ақыны. 1992 жылы дүниежүзілік құрылтайға барғанда бір ағамыз маған ағаштан жасалған әдемі Абай портретін сыйлаған еді. Ол содан бері біздің үйдің төрінде ілулі. Балалар кішкентайынан сол суретті көріп өсті. Балаларымның бірі 5-6 жас кезінде сұрайды: Бұл біздің атамыз ба деп. Иә бұл біздің де, бүкіл қазақтың да атасы дегенім бар. Енді болса Зейтінбұрында Абай атында мектеп бар. Қазір Зейтінбұрында Абай атын естімеген бала да, ересек адам да жоқ. Мен жыл сайын барып сол мектепте Абай туралы конференция өткізіп тұрамын. Демек, Абай мектебі тек қазақ балаларына емес, бүкіл түрік балаларына да ұлы ақын Абайды танытып отыр. Абай арқылы түрік балалары қазақтың әдебиетін, мәдениетін, тарихын, тіпті философиясын үйреніп жатыр.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қазақ тілі

DK: http://www.baq.kz/kaz/news/cat/5/8741

Пікір жазу