Іздеу
Тамыз 6, 2020
  • :
  • :

Түркі жұртының тұтастығын қашан көреміз?

Төрткіл дүние жаһандану дәуірін бастан кешіп жатқан бүгінгі аласапыран уақытта мақсаты мен мүддесі бір, тарихи тамыры тереңнен байланысып жатқан елдер өзара бірігіп, ынтымақтаса тіршілік етуге бейімделе бастады. Тоқтаусыз даму үстіндегі технологиялық прогресс пен сәт сайын алмасып жатқан ақпараттар тасқыны қандай елдің болсын етек-жеңін жиып, сергек болуын талап етуде. Ғаламда орын алып жатқан экономикалық дағдарыс пен түрлі саяси реформалар түркі әлеміне де өзіндік ықпал-әсерін тигізбей қойған жоқ. Кез келген қиындықтан жалғыз шығу мүмкін емес екенін түсінген түркітілдес елдер әсіресе соңғы кездері одақтасып өмір сүру қағидасына көбірек иек арта бастады.

Бірігудің басты қадамдары

Жалпы, түркі  жұртының  бірігу мәселесін кезінде Алаш арыстары көтерген болатын. Мұндай бірігудің нәтижесі бізге саяси-экономикалық, тарихи-мәдени тұрғыдан орасан ұпай алып келетіні сөзсіз еді. Алай­да сыртқы күштер бұл мақсаттарымыздың жүзеге асуына тосқауылдар қойып бақты. Түркінің ұрпақтары арасына іріткі салған кешегі кеңестік идеология салтанат құрып тұрған өткен ғасырда түркі халықтары бір-бірінен айтарлықтай алшақтап, бас-басымен қайғы болып кеткені тарих парақтарында жазулы тұр. Дегенмен дәл бүгінгі кезеңде бұрынғы қол жетпеген құндылықтарымызды жандандыра түсуге, түркілер тарихын қайта парақтап, жаңаша бағытта одақтасуымызға мүмкіндіктер туды. Қазіргі уақытта түркі әлемінде жан-жақты интеграция саласы қалыптасып, сатылап дами бастағанына куә болып келеміз. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстанның атқарып отырған рөлі зор. Егемендігіміздің алғашқы жылында-ақ біз түбі бір түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы жөнінде бастама көтеріп, нақты ұсыныстарды ортаға салған болатынбыз. Бұл қадамды ұлттық санамыз бен тарихи жадымызды жаңғыртып, көзқарастар қайшылығы қызып тұрған әлемдік саясат сахнасында қайткен күнде де өзіміздің берік орнымыз­ды табуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалауға болады. Содан бергі 20 жыл уақыт аралығында түркі әлемінің тұтас­ты­ғына негіз бола алатын көптеген ұйымдар мен арнайы кеңестер, орталықтар мен қорлар құрылып, жұмыс істей бастады. Әйтсе де түркі жұртының тұтастығы үшін әр жерде шашыраңқы түрде жұмыс атқарып жатқан елдерді ортақ идеялық бағытқа жұмылдыру оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан да бұл төңіректегі мәселелер жоғары деңгейде қаралып, тиісті шешімін тауып отыру үшін тәуелсіз түркі мемлекеттері өз мүмкіндіктерін бір арнаға тоғыстыруға талпыныс жасай бастады.

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас»

Әрқайсымыз өзімізше тон пішіп, түркі жұртының тұтастығын қашан көреміз деп отыра берсек, жаһандану үрдісі түркітіл­дестерге тісін батырған үстіне батыра бермек. Ал күш біріктіру – түрлі кесапаттар­дан сақтанудың ең жақсы құралы. Осы орайда былтырғы жылы Алматыда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің І саммитінің өткізілуін аталған бағыттағы ең сәтті қадамдардың бірі болды деп есептеуге болады. Түркі кеңесі деп аталатын бұл саммит әрбір түркітілдес мемлекет мүше бола алатын түркітілдес елдердің бірлестігі саналады. Бұл Кеңестің жұмысы тек бейбіт мақсаттарда ғана жүргізілетін болады. Қазақстан төрағалық еткен осынау тұңғыш саммитте біздің елімізбен қатар, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия басшылары бас қосты. Алдағы уақытта бұл төрттікті өзге де түркітілдес мемлекеттер толықтыра түседі деген үмітіміз бар. Тарихи маңызға ие болған осы бір алғашқы алқалы жиында Қазақстан тарапы төраға ретінде негізгі үш мәселені қадап айтқан болатын. Біріншісі – түркі әлеміне ортақ рухани, тарихи тұлғалары­мызды бірлесіп дәріптеу, ортақ әдеби, мәде­ни кеңістік құрып, ортақ ғылыми зерттеулер мен альманахтар шығару. Екін­шісі – ортақ экономикалық сауда-саттық саласын дамытып, кеңеске мүше елдер арасындағы тауар айналымы көрсеткішін арттырып, инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру. Үшіншісі – бүгінгі әлемнің бас ауруына айналған діни-экстремистік, лаңкестік топтармен күресте күш біріктіріп, өзге де мемлекеттердің жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартуына қол жеткізу. Осы үштіктің басында түркі әлеміне ортақ рухани мәселелердің тұруы тегін емес. Себебі түркітілдес мемле­кеттер мен өзге де саны жағынан аз түркі халықтарының ықпалдасу жайын рухани тұрғыда дұрыс жолға қойып алмай, белгілі бір түсіністікке қол жеткізу қиын.

Түркі кеңесінің ІІ саммиті биыл Қырғыз­стан­да «Білім, ғылым және мәдениет сала­сындағы ынтымақтастық» тақырыбында өткiзіледі деп жоспарланған. Алдағы саммитте түркі елдерінің біртұтастығын нығайта түсетін тағы да бірқатар құжаттар қабылданады деген сеніміміз бар. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бас­тал­ған іс аяқсыз қалмас деген үлкен үміті­міз бар.

Түркіге ортақ термин мен телеарна құру мүмкін бе?

Бүгінде көптеген тіл мамандары алдымен түркіге ортақ термин жасап, ор­тақ жазу жағдайын қалыптастыру мәселесін қайта қаузап келеді. Бұған қоса, соңғы кездері түркітілдес елдерге ортақ теле-радио ашу жағы да жиі айтыла бастады. Бұл ұсыныс-талаптардың бәрі, әрине, біртұтас түркі идеологиясына қызмет ететін құралдар екені даусыз. Енді тек осы идеяларды жүзеге асыру тетіктерін жандан­ды­ру қажет. Жуырда ғана Анкарада өткен Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер бойынша тұрақ­ты комиссиясының кезекті отырысында аталған мәселелер жан-жақты қаралған. Бұл басқосуда түркітілдес елдердің ортақ телеарнасын құру мәселесі күн тәртібіне қойылса да, қандай да бір нақты шешім қабылдана қойған жоқ. Онда тек түркітіл­дес елдердің ортақ телеарнасы құрылған жағдайда оны түркітілдес елдер немесе ТүркПА мүшелері бірлесіп қаржыланды­руы тиіс екендігі ғана ұсыныс ретінде айтылған. Сонымен қатар ТүркПА  мүшеле­рі ұзақ жылдар бойы талқыға түсіп келе жатқан «түркіге ортақ термин» мәселесін де қайта қарап, біржақты шешімге келе алмай отыр. Бұл бағыттарда Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы да бірқатар жобаларға атсалысып келеді. Себебі ортақ термин жасау бір-екі жылда еңсеріле қоятын шаруа емес. Ал осы мәселемен тікелей айналысатын лингвист ғалымдар кеңесінің жұмысшы тобы әлі құрыла қойған жоқ. Түркіге ортақ телеарна ашыла қалған жағдайда ондағы бағдарламалар қай тілде жүргізіледі және ол қай мемлекетте орналаспақ? Бұл да айтылғаннан соң, жүзеге аса салатын оңай іс емес. Дегенмен мұндай әрекеттердің өзі бүкіл түркі әлемі­нің  мүддесі үшін бірқатар игі бастамалар­дың қолға алына бастағанының жарқын көрінісі бола алады.

Ахмет АЛЯЗ, «Қазақстан-Zaman» халықаралық газетінің бас директоры:

– Қазіргі таңда бірқатар түркітілдес елдер тәуелсіз мемлекетке айналып, өз бағыттарын айқындап алды. Сондықтан әр  мемлекет өзге біреудің өзіне үстем­дік етуін қаламайды. Ал кез келген дер­бес мемлекет үшін ең үлкен мәселе – өз тілін сақтап қалу. Дегенмен тығырықтан шығудың тың жолдарын қарастыру қажет. Бұл жердегі ең тиімді  әдістің бірі – түркітілдес мемлекеттерде бірлескен оқу орындарының, басқа да ортақ жо­ба­лардың санын арттыру. Осы арқылы түркітілдес елдердің азаматтары бір-бірінің тілін аудармашысыз-ақ түсінетін деңгейге біршама жеткізуге болады. Негізі, әрбір түркі азаматы өзара рухани жақындасудың кілтін алдымен өзінен іздеуі керек.

Р.S.

Әсілі, нақты стратегиялық жоба-жоспарсыз қандай да бір істің нәтижесін көру мүмкін емес. Біздің де жаңа заманның қатал талаптарына бейімделмей, бейқам отыра алмасымыз анық. Әдетте, еларалық рухани байланыс туралы айтыла қалса, алдымен сәні мен салтанаты келіскен мәдени-көпшілік шаралар ғана көз алдымызға келетіні рас.

Түркі дүние­сін жақындастыруға келетін болсақ, ол тек қана туысқан елдер арасында саяхаттар мен концерттер ұйымдастырып, кездесулер мен көрмелер өткізумен шектелмеуі керек. Түркі әлемін біріктіру жолын­да біз эмоционалды көңіл күйден гөрі барынша терең ғылыми талдаулар мен саяси-экономикалық сараптамаларға сүйенгеніміз абзал. Бұл жерде жалындаған ұрандар мен жалған патриотизмге жол берілмеуі шарт.

Автор: Алмат ИСӘДІЛ

DK: http://alashainasy.kz/culture/30955/




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir