Іздеу
Шілде 4, 2020
  • :
  • :

ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН АНТАЛИЯ

ТАЛАЙДЫ ТАМСАНДЫРҒАН АНТАЛИЯ
Гүлзина БЕКТАСОВА

Анталия – түрiк жұрты үшiн пейiштiң төрi секiлдi. Табиғат оған сұлулықты аямай-ақ берген. Көгiлдiр теңiздi көмкерген тау-тасының өзi ерекше әсемдiк бередi. «Алланың нұрын көргiң келсе, Тауды көр» демекшi, табиғаттың нұрын көргiңiз келсе, Анталияны аралап қарауыңызға болады.

Анталияның сұлулығын, тамаша табиғатымен түрік жұрты талайды тамсантып отыр. Жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер келіп, демалып қайтады. Анталияға Кумлужада Олимпос жағалауынан қараған жұрт, оның Мұса тауының Жерорта теңізімен табысып жатқанын байқайды. Ежелгі мифологиялық аңыздарға сүйенсек, Олимпос тауы Құдайлардың мекені саналады. Ежелгі дәуірде Олимпос деп аталған жерлердің саны жиырмаға жеткен. Олимпос-Бейтаулары ұлттық қорығындағы 2374 метр биіктіктегі Тахталы тауының ежелгі дәуірдегі есімі де Олимпос аталған. Олимпос жағалауындағы Жерорта теңізімен табысып жатқан аймақта көне ғасырларға тиесілі байырғы дүниелердің орнын көптеп кездестіруге болады. Көне тарихты көзіңе әкелетін мұражайлар мен ұлттық қорықтар мұнда көптеп саналады. Анталияға келіп демалушылар мұндағы көк аспанмен тірескен қонақ үйлерде демалып қана қоймай, теңіз жағалауында серуендеп, байырғы тарихи дүниелердің орнын тамашалап қайтуына мүмкіндік бар.

АТТАЛИЯДАН АНТАЛИЯҒА ДЕЙІН…

Анталияның негізін біздің дәуірімізге дейінгі 159 жылы грек патшасы Пергам Аттал ІІ қалаған екен. Оның әуелгі аты Атталия деп аталған. 133 жылы бұл аймақты римдіктер жаулап алады. Римдіктердің қысқы резиденциясына айналып, мұнда император Адриан салтанат құрады. Ұзақ уақыт бойы Анталия римдіктердің билігінде болады, кейінірек Византияның қарамағына көшеді. 1080 жылдары бұл аймақта ислам діні өркениет жая бастады. 1321-1423 жылдары аймақта тәуелсіз Хамидогуллар билік құрады. Тек, 1423 жылы ғана Анталияны осман-түріктері бағындырады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни 1919-1921 жылдары қаланы уақытша италияндықтар жаулап алады. Олимпос тұрған бұл керемет жағалаулар қазір Ұлттық қорық деңгейінде қорғалуда. 1972 жылы қорғауға алынған 69800 гектарлық аймақ Бейтаулары етегінде, Гелидония мүйісі мен Жаңа порт арасында. Қорық шекарасы ішінде еш сөнбейтін от Янарташ, Ликия портты қаласы Фаселис және табиғи сұлулығымен атағы шыққан Тахталы тауы және бар.

КЕЛБЕТТІ САРАЙЛАР, КӨНЕ ЕСКЕРТКІШТЕР ӘЛЕМІ…

Халықаралық аэропарты бар бүкіл әлемге танымал курортты мекен саналатын Анталияда бірнеше аквапарктер, көптеген қонақүйлер, көңіл көтеру индустриясы айтарлықтай дамыған. Анталияның көз тартар сұлу келбеті Еуропа жұртшылығын тәнті етумен келеді. Анталияның келбетін ашатын ежелгі римдік, византиялық және османдық тарихи көне ғимараттар мен байырғы ескерткіштер де әлі күнге өзінің сұлулығын жоғалтпаған. Бұл аймақтың өзінде үш бірдей сарқырама бар.
Анталияның Кумлужа ауданына қарасты Чыралы маңындағы және Мұса тауы мен Омурға тауы қалыптастырған бұғаздан ирелеңдеп Жерорта теңізіне жететін Ақдере жылғасының екі жағасына құрылған Олимпос ежелгі қаласының маңында Рим дәуірінен қалған үлкен храм мен көркем қақпа орналасқан. Қаланың сол кезден қалған Ликия қабірлері, мазарлар, монша және театр қалдықтары бар. Бұлардың арасында ең қызығы Олимпостық теңізші капитан Еудемостың қабірі.
Олимпос жағалауы – Түркияның ең сұлу, табиғаты тамаша жерлерінің бірі. Каретталардың мекені де осы жерде. Олимпос – Бейтаулары жағалау Ұлттық паркі, әсіресе қол тимеген табиғаттың ғажайыптары, көркем жағалаулар және тарих іздегендердің бас тартылмас мекендерінің бірі. Тыныш құмдықтары, ежелгі қалалары бар, аңызға толы өткені бар Анталия қонақтарды осындай кереметтерімен де қарсы алады.
Бүгінде теңіз жағалай қоныс тепкен әртүрлі санаттағы қонақүйлер де туризм ошағының көркіне көрік қосады. Қаладан қырық шақырым жерде тау шаңғысы орналасқан. Анталияға келген туристерді қаланың көзтартарлық ғажайып инфроқұрылымы да ерекше қызықтырады. Табиғаттың сұлулығымен астасып жатқан туризм қалашығы заманауи қонақ үйлерімен де ерекшеленеді. Мұнда ұлттық бағыттағы қонақүйлерді де, заманауи бағыттағы қонақүйлерді де көптеп кездестіруге болады.

КӨРМЕНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҒЫ – ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ

Қазақстаннан шыққан бір топ делегация Түркия мәдениет және туризм министрінің арнайы шақыртуымен, Анталия елдімекенін аралап қайтты. Бұл сапардың негізгі мақсаты – Түркияның туризм аймағы саналатын Анталияны жете танып білу. Бір топ журналис­терден құралған делегация әуелі Анталия қаласында ұйымдастырылған үлкен көрменің куәгері болды. Көрмені ұйымдастырған – Анфаш фирмасы. Бұл жолғы сапар барысында тілшілер қауымы туризм саласының дамуы туралы да кеңінен мағлұматтар алып қайтты. Қонақүйлер желісі де әңгімеден тыс қалған жоқ. Бір Анталияның өзінде бүгінде 275 бесжұлдызды қонақүй бар екен. 90-ға жуық футбол алаңы, жер-жерде жалпы 150 мың адамға арналған конгресс залдары бар. Жылына мұнда мыңдаған адам туристік сапармен келіп қайтады. Өткен жылы 11 миллион турист Анталияда дем алған, оның 188 300-і қазақстандықтар. Биылғы жылы 200 мыңға жуық қазақстандық туристер демалуға келеді деп жоспарлануда. Бүгінгі Анталия Лондон мен Парижден кейінгі ең көп турист қабылдауда үшінші орында тұр.
Біз осы сапар барысы туралы «Қазақ­стан-Заман» газетінің Бас директоры Ахмет Алязға бірнеше сауал тастаған едік.
– Бұл сапардың негізгі мақсаты – Түркияның туризм аймағы деп есептелетін Анталияны танып білу болатын. Бұл мақсатымыз орындалды деп айтуға болады. Біз әуелі көрмені тамашаладық. Бұл көрме туризмге пайдаланып жатқан өнімдерге арналды. Біздің негізгі сапарымыз да осы көрмеге байланысты болды. Көрмеден кейін қазақстандық делегация Анталиядағы мәдени-тарихи ошақтарды, қонақүйлер желілерін тамашалап қайттық Бұл сапарда көзіміз жеткен тағы бір нәрсе, Түркияның туризмін мынадай ерекшеліктерге бөліп қарастыруға болады екен. Біріншіден – туризм тек қана күн, құм және теңізден тұрмайды екен. Түркия – әлемдегі көне ескерткіштерге бай елдің біреуі. Олар бұл мүмкіншілікті пайдаға асыра білген. Екіншіден – соңғы кездері спорттың барлық түрлерін туризм көзіне айналдырған. Мысалы футбол, гольф командалары қысы-жазы Анталияда жаттығу жасайды екен. Тағы бір қызығы, әсіресе қыс айларында суық елдердің кемпір-шалдары қыста Анталияда демалуды ұнатады екен. Осылайша туризм төрт маусым үзілмей жалғасып тұрады.
– Бұл сапарға тек қазақ елінен ғана арнайы делегация барды ма?
– Биылғы жылы құрметті қонақ ретінде тек қазақстандық журналистерді ғана шақырып отыр. Бұл жақта қалыптасқан бір үрдіс бар екен. Жыл сайын ұйымдастырылған көрмеге тек қана бір елден БАҚ өкілдері арнайы шақырылады. Басқа елдерден де журналистер болды. Біздің елімізден он журналист барып қайттық. Сапар бес күнге созылды. Бір нәрсеге көз жеткіздік. Түркия туризмді дамытуда төрт нәрсеге баса назар аударады екен. Оның біріншісі – қонақүй, екіншісі- турфирмалар, үшіншісі – қызмет секторы, төртінші – арнайы мамандандырылған жол сілтеушілер қызметі.
– Түркияда қонақүйлер салу мәселесін түрік фирмалары жүзеге асыра ма, әлде әлемдік құрылыс компанияларына бере ме?
– Негізінен, қонақүйлер жүз пайызға жуығы отандық өнімдермен қамтылған. Жүз пайыз отандық компаниялардың салған қонақүйлері. Екіншіден, Анталияда бес жұлдызды қонақ үйлер саны – 275 дана екен. Қонақүйлер федерациясының төрағасы Осман Айықтың айтуы бойынша, бұл дегеніңіз, бүкіл Испаниядағы бесжұлдызды қонақүйлерден көп.
– Қонақүйлерді салуда түрік халқы нені басты назарда ұстайды?
– Әртүрлі қонақүйлерді көрдік. Ұлттық сипатта салынған қонақүйлер де бар. Сосын шетелдік озық үлгідегі қонақүйлердің көшірмелерін де кездестіруге болады. Анталияда тағы бір таңқаларлық дүние, онда сыртқы келбетімен бірге, ішкі қызмет көрсету мәселесі басты назарда болады. Өйткені ішкі сервистік жағы, түріктердің ұлттық тамағы мен өзге де қызмет түрлеріне қонақтар өз ризашылықтарын білдіріп жатады. Үшінші бір нәрсе, қонақүйлерде демалумен бірге, Анталияның бай тарихына көз жеткізе аласыз. Анталияның айналасының бәрі тарихи мұражайға толы. Көне гректерден, оның алдында Анталияны жаулаған халықтардан қалған көне тарихи жәдігерлер өте көп. Соның бірі – Аспендос. Бұл – римдіктерден қалған өте көне мұражай. Керемет үлгіде салынған театр. Ол кезде ешқандай микрофон, түрлі акустикалық аппараттар болмаса да, әрбір сөзіңіз театрдың төрт бұрышынан да естіледі. Әлгі театрдың көрінісі, салыну жобасы көз тартарлық…

«ГОЛД СИТИ» – ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕГІ ҚОНАҚҮЙ

– Анталияға қарасты Алания қалашы­ғын­да керемет үлгіде салынған Голд Сити қонақүйінің арнайы қонағы болдық. Қонақүйге кіре берісте бізді Мирлан деген жерлесіміз күтіп алды. Он жылдан бері қарай Түркияда тұрады екен. Қонақүйдің халықпен байланыс бөлімін басқарады. Жерлесіміз Түркияда жүріп менеджерлікті әбден меңгеріп алған ба дедік. Өйткені қонақүйді және Аланияны қыдыртқан бауырымыз, жан-жақты түсіндіре бастағанда «өз ісінің нағыз маманы екен» деген баға бердік. Голд Сити қонақүйі сұңқардың ұясындай үлкен бір төбеге салынған. Жалпы, 200 мың гектар алаңға бір мезгілде 5500 адамды күтіп алуға ыңғайланып салынған. Бүгінде Аланияның ең үлкен және ең үздік қонақүйі. Кішкентай қалашыққа ұқсатып салынған қонақүй вилла, тұрғын үй және қонақүй жүйесі бойынша жұмыс істейді. Ішінде супермаркеті де бар. Былайша қарасаңыз, демалу үшін барлық жағдай жасалған.
Анталияға барып қайтқан әріптес­те­ріміздің арасында «Дала мен қала» га­зетінің Бас редакторы Сапарбай Пар­ман­құлов та бар. Анталия сапары туралы Сапарбай ағаның айтары көп.
– Осман Айыкпен танысу барысында ардақты ағаның туризм саласында дәйекті қызмет етіп келе жатқаны қызықтырды. 2005 жылы Түркия территориясында «Тур Опек» конференциясы құрылғаннан кейін, осы ұйымның белсенді мүшесі болды. Ал былтырғы жылдың желтоқсан айынан бас­тап конференцияға төраға болып сайланды. Осман мырза, сонымен қатар «Ақ теңіз» қонақүйлер жүйесінің, яғни Анталиядағы қонақүйлер конфедерациясының төрағасы. Ағамыздың қазақтың белгілі балуаны Болат Тұрлыхановпен ажырамас дос болғаны өз алдына бөлек әңгіме.
Жалпы, аталмыш конференцияға Түркияның 12 аймағы мүше. Дәл қазіргі таңда Түркияның туризм саласы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, қарқынды дамып келеді. Соған байланысты конференция жұмысы да жандануда. Түркия туризмі 1980 жылдардан кейін ерекше екпінмен дамып, әлемдік туризм орталықтарының біріне айналды. Бұған мысал, 2011 жылы Түркияға келген туристердің саны қараша айына дейінгі көрсеткіш бойынша 30,2 млн. адамға жетті. Жылды қорытындылағанда бұл сан одан әрі де өсе түскені сөзсіз. Осы көрсеткіш бойынша Түркия әлемдегі туристер қабылдау жағынан 6 үздік мемлекеттің қатарына кіріп отыр. Атап айтар болсақ, түрік бауырларымыз АҚШ, Қытай, Франция Германия, Италия сияқты алпауыт елдермен иық қағыстырып тұр. Бір ғана Анталияны алар болсақ, былтырғы жылы бұл өңір 11 млн. туристі қабылдаған екен. Биылдың өзінде Анталия Қазақстаннан келер 200 мың туристі асыға күтіп отыр. Жалпы, елдің қонақжайлылығы керемет, тамсандырады десек болғандай. Мамандар, бір сәтте 1 млн. туристі күте алар қабілеттерін ерекше мақтанышпен жеткізеді. Алға қойған мақсаттары да биік. 2015 жылға дейін туризмнің ауқымын одан әрі арттырып, осы арқылы Үкімет міндеттеген тапсырма бойынша 2023 жылға қарай Анадолы еліне келуші туристердің санын 60 млн. адамға жеткізбек. Ал сырттан келушілерден түсетін пайда 60 млрд. долларға жуықтамақ. Қазіргі көрсеткіш, жыл сайын туризмнен түсетін табыс 10 пайызға еселеніп келе жатыр. Түркия туризмінің татып алар тұсы, туристік қызметтер азаматтар үшін арзан әрі қолжетімді. Ашығын айтқанда, елдің бар байлығы да осы туризм, өйткені мұнай мен газ Түркияда тапшы. Оның үстіне Түркияның табиғаты да адамдарға төрт маусым бойына демалуға болатындай өте қолайлы. Сонымен қатар, қазіргі туризм орталықтарында гольф алаңдары да көптеп ашылуда. Сөзімізге дәлел, Анталиядағы гольф алаңдары 2009 жылы әлемнің ең үздік алаңдары деп танылыпты. Елге қонаққа келіп кететін туристердің көпшілігі әртүрлі бұйым алуға да келеді. Себебі жеңіл өнеркәсіп тауарлары әрі арзан, әрі сапалы.
Екінші мәселе, Түркияның тартымдылығы оның әдемі жағажайлары мен көрікті қонақ үйлерінде ғана жатқан жоқ, бұл ел туристерді көне мәдениеті, салт-дәстүрімен де қатты қызықтырады. Өңір тарихына қызығатын туристердің саны күн өткен сайын артып келеді. Бір мысал, Анталия қаласының орналасқан жерінде көнеден қалған 140 қала бар.
Үшіншіден, келуші туристердің нөпірі толастамау үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Қазір Түркияның 40 қаласында арнайы рейстер жасақталған. Теңіздермен шекараласып жатқан барлық қалаларда порттар соғылған. Сондай-ақ келуші қонақтарға ыңғайластырып жасалған, заманауи жолдарын айтыңыз. Осының арқасында туристер елдегі бір қаладан басқа бір қалаға қиналмай сапар шеге алады. Бұл елдегі туризмді дамытудың ерекше бір әдісі дер едік. Халықаралық дәрежедегі қонақүйлер де көп. Түркиядағы туризм дамуының бір себебі географиялық тұрғыдан ыңғайлы орналасуында жатса керек. Іргеміздегі Еуропадан да, Орталық Азиядан да көп уақыт шығындамай демалуға келуге болады. Түркияда туризмнің дамығаны соншалықты қонақ күту жағынан бүгінде Италия да, Франция да бәсекелесе алмайды. Бұған, туристер арасында жасалған сауалнама бойынша көз жеткізілген. Елге келген туристердің 85 пайызы қызмет көрсету саласы жоғары дәрежеде екендігіне көңілдері толатындықтарын айтады.
Анталия бойынша қонақүйлер 3 жерде тіркеледі. Біріншісі, министрліктің тіркеуіндегі қонақүйлер, екіншісі әкімшіліктің тіркеуінде, үшінші кішігірім ұйымдардың тіркеуінде. Министрліктің тіркеуінде 300 мың қонақүй бар. Бұлар жоғары сапалы қонақүйлер. Әкімшіліктің қарамағына 200 мың қонақүй тиесілі. Бұлар орта дәрежелі саналады. Ал бір жұлдызды пансионаттар 37 мың. Бұлар тиісінше кішігірім ұйымдардың тіркеуінде тұр. Анталияда 275 бесжұлдызды қонақүй бар. Өткен жылы айшықты қалаға барлығы 65 елдің ұшақтары келіп қонғаны да біраз жайтты аңғартса керек. Мұнда тек қана қонақүйлер емес, сонымен қатар 14 гольф алаңы, 90 футбол алаңы, 150 мың орындықтан тұратын конгрес-холл залдары бар. Қазіргі таңда келуші туристер тасқыны жөнінен Лондон мен Парижден кейін Анталия үшінші орында тұр.
Сөзімнің соңында айтарым, туризм саласы таза, әрі адамның тірнектей істеген толайым еңбегімен жасалатын сала екенін түйіндейсіз. Бұл салада қызмет ететін адамдар жауапкер және еңбекқор болуы тиіс екенін сезінесіз.

02.02.2022



Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir