Елорда құрылысын Елбасы ұдайы өз бақылауында ұстайды. Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананы аралап, ерке Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік орталықта бой көтерген жаңа нысандармен танысты.
Бұлар Астанаға келген қонақтарды қайран қалдырмай қоймайтын сәулет туындыларының қатарын толықтыруда. Мемлекет басшысы алдымен «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешенінде болды. Кешен 165 бизнес-класты пәтерден тұрады, оның 30-ы ғана бұрын сатылған, яғни үлескерлердің еншісінде. Қалған 135 пәтер енді «кейін сатып алу құқығымен» арендаға-жалға берілмек. Кешенді аралап көрген Елбасы барлық дерлік пәтерлердің толық әрленгендігіне әрі қоныстану үшін дайын екендігіне көз жеткізді.
Президент, сондай-ақ «Изумрудный квартал» деп аталатын 39 қабатты әкімшілік корпусы кешеніне де ат басын бұра кетті. Бұл кешенді тұрғызып жатқан құрылыс компаниясы оны биылғы жылғы қарашада пайдалануға беруге ниетті. Ғимараттың жалпы алаңы - 112 мың шаршы метр. Бір қарағанда, жеке инвесторлардың жоба-жұмысы болғанымен, бұл екі нысанға да мемлекеттің қатысы бар: қос нысанды Астана қаласындағы құрылыс объектілерін аяқтау жөніндегі дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында «Самұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры қаржыландыруда. Мәселен, бишілердей бұралған сыртқы пішіні көз тартар, қалтасы қалың байларға арналған «Солтүстік шұғыласы» атты салтанатты зәулім үйдің құрылысын бітіру үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы жетпей қалыпты.
Мемлекет көмек қолын созбағанда, дәл «Бәйтеректің» қақ қасында, халық серуен құруды сүйетін сулы-желекті бульварда алып «сақалды құрылыс» пайда болатын еді. Бұған билік жол бермеді. Сөйтіп, екі жылдай бұрын мемлекеттік суперхолдингтің Жылжымайтын мүлік қоры арқылы көмек қолын созған. Ал кеше өзі келіп көрген Елбасы олардың құрылыстарының барысына оң баға берді.
Сапар соңында журналистерге сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жаңа әкімшіліктік орталығының құрылысын «аяқтап қалғандығымызды», Есілдің кезінде жел қаңбақты қуалап ойнаған сол жағалауын абаттандырып, жаңа шаһар тұрғызу ісі ақырғы кезеңге шыққандығын жариялады.
- Біз жаңа ғана «Солтүстік шұғыласында» болдық, - деді алған әсерімен бөліскен Нұрсұлтан Назарбаев. - Астаналықтарға арналған бүгіндегі ең жақсы, элиталы пәтерлер сонда ма деп қалдым. Енді, міне, «Изумрудный квартал» кешенінің екінші ғимаратының көркемдігіне куә болдық. Оның қасында үшіншісі - Астанадағы ең биік ғимарат бой көтеріп келеді. Ол тіпті «Қазақстан темір жолының» ғимаратынан да асқақ болғалы тұр! Осылайша, біз сулы-желекті бульвар айналасында елордалық «даун-таунды», әкімшілік-тұрғын орталығын тұрғызуды аяқтаймыз!-дей келе, Н.Назарбаев еліміздің бас қаласының төрінде пайда болған осынау ғажайыпты, оның әсемдігін барша қазақстандықтарға көрсету, әңгімелеп отыру қажеттігіне назар аударды.
«Мұнда өмір сүру қолайлы,-деді айналаны көрсеткен Президент. - Энергияны сақтайтын технологиялар - суықты ішке жібермейтін, жылуды сыртқа шығармайтын шынылар пайдаланылуда. Мұнда арнайы, яғни ең соңғы заманауи технологияларға құрылған байланыс орнатылған» деп суреттеді Елбасы. Алда бұл әңгімені мемлекеттік телеарналар іліп әкететін сыңайлы. Ал олар осынау әсемдікті көре білуі, сұлулық айдынында жүріп, қанығуы үшін билік өзіне қарасты барлық ақпараттық құралдарды «даун-таунға» көшірмек. Қазіргі кезде олар негізінен Астананың ескі орталығындағы жеке ғимараттарында жұмыс істеуде. «Бұл жерде медиаорталық салынатын болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев, - онда «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» корпорациясы орналасады. Мұнда басқа телекомпаниялар да көшіп келеді. Бұл заманауи үлкен студиялары бар жаңа тұрпатты медиакешен болмақ, сонда фильмдер жасауға, қоғамдық іс-шаралар өткізуге жол ашылады». Осы жерде Елбасы жаңа орталыққа қатысты жоспарларды жайып салды.
- Мұнда жаңа Оқушылар сарайы салынатын болады, - деді Мемлекет басшысы. - Ђнер университеті жанында 4 мың орындық жаңа университет тұрғызылады. Тәуелсіздік сарайының оң қанатына қарай Қазақстан тарихының мұражайы орын теппек. «ҚазМұнайГаздың» ғимаратының артында жаңа Опера және балет театры ашылады. Осылайша, Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай елордада спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы жаңа нысандар пайдалануға беріледі, - деді Мемлекет басшысы. Ел Президенті «келесі жылы үлескерлер мәселесі толық шешілетіндігін» хабарлады. Оның байламынша, «жалға берілетін пәтер қазақстандықтарды баспанамен қамтудың жақсы шешімі» болып табылады. Ђйткені «жалдағаны үшін төленетін төлем пәтерді сатып алуға кетпек», соның құнын өтеуге бағытталмақ.
Айхан ШӘРІП, «Айқын» газеті