Іздеу
Маусым 25, 2016
  • :
  • :

Жерорта теңізі жағасында жағылған шамшырақ немесе «Отан — отбасынан басталады»

 Жуықта Жерорта теңізінің жағасында орын тепкен əсем қала Антальяда «Дін, дəстүр жəне отбасы» атты тақырыпта халықаралық конференция өтті. Екі күндік алқалы жиынға əлемнің елуге жуық мемлекетінен жеті жүзден астам делегат келді. Ал, Қазақстаннан бұл жиынға бас-аяғы 50-ге тарта делегат барды. Олардың қатарында DA Қазақстан кординаторы Салих Ақчай Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Парламенті Сенатаның депутаты Ғарифолла Есім, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Елбасының тікелей нұсқауымен құрылған Түркі Академиясының президенті Шəкір Ыбыраев, Шығыс Қазақстан облысы əкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбекұлы, əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы Қансейіт Əбдезұлы секілді азаматтармен бірге ғалымдар, өнер жəне білім қайраткерлері, ақын-жазушылар жəне қаламы қарымды журналистер Антальяға аяқ басты. Диалог Евразия Платформасы және Түркия жазушылары және журналистер Одағы Қоры бірлесіп ұйымдастырған құрылтайда көптеген көкейтесті мәселелер талқыға түсті. Пленарлық мәжілісті ашып берген Түркия Жазушылар Одағы Қорының төрағасы Мұстафа Ешил: «Біз Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымыз. Яғни, баршамыз Адамзат деген тұтас дененің бөлшегіміз. Тегінде, отбасы институтын тек биологиялық құбылысты айтсақ қателесеміз. Өткен ғасырда пайда болған базбір философиялық ағымдардың отбасы мен әйел хақындағы тұжырымдары талай шаңырақтардың шайқалып, жетім-жесірлер санының күрт артуына, әке-шешелеріміздің қарттар үйіне тоғытылуына әкеп соқтырды. Түркі халықтарының дүниетанымында от-басыны «ошақ» деп атайды. Ал, «ошақ» — тек ас-ауқат дайындайтын орын емес, сонымен бірге, мейірім мен нәзіктікке баулитын мекен. Қарабасынан басқа ешкімге пайдасы тимейтін индивидтерді көргенімізде, олардың «отбасы» атты лабараторияның илеуінен өтпегенін байқаймыз. БҰҰ алдағы елу жылда адамзат баласының саны тоғыз миллиардқа жететінін болжап отыр. Сондықтан, осы санның сапаға айналуы үшін қазірден бастап «отбасы» ісіне асқан жауаптылықпен қарауымыз қажет», деп ағынан жарылды Диалог Евразия Платформасының төра-ғасы Нұрлан Оразалин өз сөзінде ғаламдық ортақ мәселелерді шешуде осы ұйымның маңыздылығына тоқталып: «Антальяда төрткүл дүниенің зиялылары әлемдік деңгейдегі алқалы жиынды өткізіп отырмыз. «ДА» құрылған күннен бастап адамзат баласына ортақ мәселелерді шешуді күн тәртібінен түсірген емес. Біз осы жауапкершілікті терең сезінген ағайын адамдармыз. Мақсатымыз адамзаттың игілігі болғандықтан, жыл сайын қатарымыз да көбейіп келеді. «ДА» әскери-техникалық күш қолданатын ұйым емес. Біз қара күш-ке сүйенетін құрылымдарды қолдамаймыз да. Біз көңіл қойнауында жатқан ақжарма пікірлерімізді ортаға салу үшін бас қосамыз. Кешегі күні бір-бірімен жаға жыртысып, қан төгуге барған ұлыстар бүгінде ғаламның бейбітшілігі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда. Өйткені, біз Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары ретінде мойнымызға түскен жүкті өз межесіне жеткізудеміз. Адамзаттық құндылықтардың бір күнде қалыптаспағаны белгілі. Ендеше, мыңдаған жылдардың өні-мі саналатын адамзаттық құндылықтарды қызғыштай қорғағанымыз абзал. Хакім Абай өз ғақлиясында: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейді. Біздің ең басты байлығымыз адамгершілік құндылықтар. Ұлы Жаратушы бізді ұлттар мен қауымдарға бөле отырып, бізге бірігуді сынақ қылған. Сондықтан да, барлық діндердің көздегені адамзаттың біртұтастығы. Атағы жер жарған түріктің ұлы шайыры Назым Хикмет: «Мен жаңбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Кім жанады лапылдап» дейді. Жалпы, диалог рухы бізге: «Біз тең құқық пен құндылықтарға ие қауымбыз» деген тәмсілді үйретті. Бүгінде Платформа жиынына Латын Америкадан, Африкадан, Азиядан, яғни, дүниенің төрт бұрышынан делегаттар қатысып отыр. Біздің өзге ұйымдардан басты ерекшелігіміз бейбітшілік пен сұхбаттастықты алдыңғы сапқа шығаруымыз. Қазақтың тағы бір ақыны Олжас Сүлейменов: «Бір Атаның Шығыс және Батыс атты ұлдары бір-біріне қол ұшын беруі қажет» дейді. Біз бүгін Шығыс пен Батысқа ортақ отбасы тақырыбында бас қосып отырмыз. Қазақта: «Отан отбасыдан басталады» деген қанатты сөз бар. Болашақта, адамзат баласы Диалог Евразия Платформасының бекіткен «отбасы» ұғымының тұрпаты негізінде қалыптасатын болады», деп бүгінгі жиынның миссиясын анықтап берді. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Нина Оксалинова да «отбасы» мәселесінің өзектілігіне тоқтала келіп: «Соңғы жылдардың бедерінде Ресейде бала туу тым төмендеп кетті. Оның ең басты себебі азаматтық неке институтының белең алуында жатыр. Ресейде азаматтық некеге тұрушылардың саны жыл өткен сайын артып барады. Ал, азаматтық неке дегеніміз тұрақсыз отбасын ғана қалыптастырып қоймайды, бала тууды да барынша шектейді. Әлеуметтік жағдай мен қоғамдық тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауына байланысты, жас отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп, көктей солып жатады. Осыдан кейін «жетімдер үйінің» неліктен көбейіп жатқанын сұрамасаңыздар да болады», — деп отбасы институтының маңызды мәселелерін сөз етті. Украина Жоғарғы Радасының депутаты Андрей Шевченко да өз сөзінде адамгершілік қасиеттердің ұясы отбасы екеніне тоқталып: «Зеңгір көкті көру үшін бурыл бұлт бауырынан төпелеп тамшыларын төгуі тиіс. Сонда, бұлт кетіп көк жүзі керім болып көрінеді. Сол сықылды әке-шеше де ұясындағы балапандарына мейірім-шапағатын сарқып төгуі тиіс. Сонда, ата-ана өзінің соңынан мейірім мен ізгілікті заңдылыққа айналдырған алтын ұрпақты көре алады. Қазіргі дамыған әлемге де бір отбасы ретінде қарайтын болсақ, онда біз де ұрпақ тәрбиесіне мейірім-шапағатпен қарауымыз қажет», — деп жүрек жарды тілегін ортаға салды. Әзербайжаннан келген делегат Садақат Қаһраманова соңғы жылдары Әзербайжанда отбасы институтының тұрақтылығын күшейтуге бағытталған реформалардың қолға алын-ғанын, отбасы институтын нығайту үшін 2006 жылдан бастап мемлекеттік комиссия құрылып, көптеген заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулардың енгенін хабарлады. Әсіресе, жетімдер үйіндегі жеткіншектерді өз ұясымен қайта қауышуына заңдық тетіктер қарастырылғанын жеткізді. Әзірбайжандағы бұл бастаманың дұрыс һәм пайдалы екеніне дау жоқ. Себебі, бүлдіршіндердің ұясы жетімдер үйі емес, өз үйі екені белгілі. Қырғызстан атынан қатысқан Президент-тің кеңесшісі Сұлтан Раев отбасыны қорғаудың бейбітшілікті қорғаумен тең екенін алға тартты. Сұлтан Драйбер Достаевскийдің «Дүниені сұлулық құтқарады» деген сөзін негізге алып «Дүниені сұхбаттастық құтқарады» деген пікір білдірді. Ал, АҚШ-тан келген профессор Ален Керсер отбасы институтын кемел бір діннің, кемел бір мәдениеттің және кемел бір заманауи түсініктегі бас қосулардың құтқаратынын алға тартты. Тәжікстан Президентінің кеңесшісі Шамил Паттаев болса, әлемде руханиятқа деген сұраныстың бар екенін, жалпы өмірде табысқа жету үшін отбасында рухани сусындайтын өзектің болуы шарт екеніне тоқталып, қазіргі заманда әлеуметтік-психологиялық, ғылыми-технологиялық мәселелерді тек қана позитивті һәм рухани білім беру арықылы шешуге болатынын жеткізді. Тәжікстан Республикасы 1998 жылы «Отбасы» туралы заң қабылдады. Бірақ, біздің қоғамымызда төрт аяғын тең басқан отбасы институты қалыптасуы үшін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құрметі болуы маңызды. Сүйіспеншілік отбасындағы жаңа жарған бүршікті өсіреді. Ал, заң — сол бүршікті қорғайды. Адамзат осы мәселеге ерекше ыждақатпен көңіл бөлсе екен» деді. Гүржістан Президенті Никола Сакашви-лидің анасы Гиули Аласания бүгінгі Гүржістанның төзімділіктің ордасына ай-налғанын, сөзіне дәлел ретінде өз елінде шіркеу мен мешіт және синагогалардың қатар жұмыс істеп жатқанын, сонымен қатар, соңғы жылдары Гүржістанда босқындар санының артқанын баса айтты. Түркиядағы Ватиканның Елшісі Кенан Гүрсой өз сөзінде адамзатқа ортақ дағдарыстарды адамзат баласының ортақ негізде шешуі керек екеніне тоқталып: «Әсілі, әрбір отбасында дағдарыс бар. Негізінде дағдарыс дегеніміз адамзаттың нақ өзі. Ал, дағдарыстың орын алуының басты себебі, бүгінге дейін адамзат баласының мәселеге терезенің арғыжағынан қарап келуінде. Егер, отбасыға дін, дәстүр және заманауи алғышарттар негізінде қарайтын болсақ, мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік алған болар едік» — деді. Жасыл бақ жәннатты еске түсіретін әсем Анталияның әкімі Ахмет Алтыпармак та соңғы жылдары Анталияда отбасы институтының мәселесі қоюланып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуына қарағанда соңғы бес жылда Анталияда ажырасу деңгейі едәуір артқан. Отбасы мәселесін шешу үшін отбасын қорғайтын теледидар заңының қабылдануы керектігін алға тартты. Пленарлық мәжілістен кейін әлемнің әр тарабынан келген зиялылар төрт секцияға бөлініп, отбасы институтының бүге-шігесіне дейін талқылап, тыңдаулар өткізді. Алты құрлықтан келген зиялылардың қызу жұмысын Түркияның мемлекеттік «TRT» телеарнасы тікелей эфир арқылы күллі түрік халқына жеткізіп отырды. АҚШ, Еуропа һәм Азия құрлығынан келген ғалымдар мен жазушылар қазақтың жас психолог ғалымы Майра Қабақованың баяндамасын ерекше ілтипатпен тыңдады. Майра ханым жеті ата институтын, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта жасалатын ырым-тыйым, салт-дәстүрінің даналығын паш етті. Екі күнге созылған халықаралық кон-ференцияның аясында қазақстандық делегация мүшелері үшін қуанышты жағдай орын алды. ҚР Мемлекеттік сыйлығы-ның лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің «Қоздағы шоқ» («Yanik Yurek») кітабының түрікше тәржімасының тұсаукесер рәсімі өтті. «Диалог Еуразия» Платформасының баста-масымен осыған дейін түркі елдері ақын-жазушыларының шығармалары түрік тіліне аударылды. Өзімізге етене таныс Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың туындылары да осыған дейін Платформаның ұйытқы болуымен тәржімаланып түрік оқырмандарына жеткен болатын. Бірнеше жыл бұрын сенатор Ғарифолла Есімнің «Адамзат» атты пәлсапалық тұжырымдық еңбегі түрік тіліне аударылып, оның да тұсаукесері Түркияда өткен еді. Ал, енді Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Қоздағы шоқ» атты кітабының тұсаукесері өтіп жатыр. Тұсаукесер рәсімін Әзірбайжан халқының даңқты ұлы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Диалог Еуразия» Платформасының құрметті төрағасы Анар Рза жүргізді. Жалпы, Оразалиннің шығармашылығы туралы Қазақстанда аз айтылмайды. Дегенмен, Нұрлан Мырқасымұлының шығармашылығы, қайраткерлігі, адамгершілігі туралы сырт көздің сөз еткені ерекше әсер ететінін жасыра алмаймыз. Тәжікстан Жазушылар Одағының төрағасы Мехмон Бахти, Молдава Жазушылар Одағының төрағасы Борис Мариан, Еуразия Жазушылар Одағының басшысы Якуб Делиомароғулы, Украинаның белгілі ақыны Иван Драч, Қырғызстанның көрнекті драматургі Сұлтан Раев, Қазақстаннан Ақұштап Бақтыгереева сынды ақын-жазушылар Оразалин шығармашлығы турасында тұщымды ойларымен бөлісіп, әдемі де сырлы естеліктер арнады. Бұл арада түріктің талантты қаламгері, «Диалог Еуразия» Платформасының тең төрағасы Харун Токак мырзаның баяндамасы тұсаукесер рәсіміне қатысқан жұртшылықты дән риза еткенін айта кету керек. Харун Токак Оразалин өлеңдерін түрікше оқып, әр өлеңге жеке-жеке тоқталып, мән-мағынасына, ішкі ағысына терең бойлап, тартымды талдау жасады. Кеш соңында Нұрлан Оразалин өз шығармашылығынан қазақ және орыс тіліндегі өлеңдерін оқыды. Сөйтіп, Ақ теңіздің жағасында Алаш баласының өлеңі оқылып, Анаталья аспанында қазақтың қара өлеңі қалықтады. Тұсаукесерден кейін қонақ үйдің үлкен залында халықаралық «Түріксой» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың тікелей бастамасымен құрылған түркі халықта-ры жастарының халықаралық «Түріксой» оркестірінің Гала-концерті болды. 50 шақты мемлекеттен келген көрермендердің риза-шылығына бөленген оркестірдің бас дирижері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаров. Жиынның үшінші күні «Диалог Еуразия» Платформасның IX кеңейтілген жиналысы болды. Жиналысты Платформаның бас хатшысы Исмаил Тас мырза жүргізді. Осыдан екі жыл бұрын Еуразия кеңістігіндегі он алты елден шақырылған делегаттар келелі жиында кеңесе келе халықаралық «ДА» Платформасының төрағалығына Нұрлан Оразалинді сайлаған болатын. Екі жыл ішінде халықаралық деңгейде көптеген конференциялар, симпозиумдар, ірі-ірі шаралар өткізілді. Платформаның осы ІХ кеңейтілген мәжілісінде Нұрлан Оразалин төраға ретінде екі жылда атқарылған жұмыстарға есеп берді. Қорытынды баян-дамадан кейін Платформа төрағалығын өткізіп беретіндігін мәлімдеді. Мәжіліс барысында Ресей академигі Ростислав Рыбаков, гүржі тарихшысы, профессор Гуили Аласания, Әзірбайжан ақыны Анар, Платформаның тең төрағасы Харун Тоқақ, Түркия Парламентінің депутаты, саясаткер Идрис Нимчах, сенатор Ғарифолла Есім, Украина Президентінің кеңесшісі Сергей Тележин, «Түріксойдың» бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, қырғыз дипломаты Әбдіразақовтар әлемдік кеңістікте болып жатқан түрлі ұлттық, әлеуметтік түйткілдерге байланысты, оған Платформаның ықпал ету тетіктеріне қатысты құжаттар қабылдау жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, Платформаның әр елдердегі — Молдова, Белоруссия, Украина, Әзірбайжан, Тәжікстан, Ресей, Түркіменстандағы жетекшілері өз ойларын ортаға салды. Осы жиынға бақылаушы ретінде қатысқан елдердің өкілдері де өз байламдарын айтты. Жиын барысында осыған дейін бақылаушы ел ретінде қатысып келген Эстония комитеті мүшелерінің ашық дауысқа салуымен «ДА» Платформасына толық мүше болып сайланды. Мәжілістің соңы Платформаға жаңа төраға сайлауға ұласты. Нұрлан Оразалиннің екі жыл ішінде атқарған қыруар жұмысына бірауыздан жоғары баға берген комитет мүшелері бас хатшы Исмаил Тас жаңа үміткерлер ұсынуды тапсырды. Қазақстан ұлттық комитетінің жетекшісі, сенатор Ғарифолла Есім Украинаның белгілі қайраткері Владимир Сергейчукті ұсы-натынын мәлімдеді. Бұл ұсынысты академик Ростислав Рыбаков та мақұлдады. Қорыта келгенде ұсынысты барлық ұлттық комитет жетекшілері қолдайтынын айтып, ұсыныс ашық дауысқа салынды. Украина өкілінің төраға болуына қырымдықтар ғана қарсы шықты. Дауысқа салу нәтижесінде басым дауыспен Владимир Сергейчук «ДА» Платформасының төрағасы болып сайланды. Нұрлан Оразалин мен Анар Рза, Харун Тоқақ тең төрағалыққа ұсына отырып, тең төрағалық институтынының қажеттілігіне тоқталды. Дауыс беру барысында бұл ұсыныс та бірауыздан қолдау тапты. Осы жиынға қатысқан өзге де делегаттардың пікірлері мынандай: Қансейіт Әбдезұлы, ҚР Жоғарғы мектебі, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор: — Аталмыш халықаралық конференцияны ұйымдастырған — Еуразиялық халықаралық платформасы және Түркияның жазушылар мен журналистер қоры. Ерекше атап өтетін жәйт Анталия делегаттары, әр елден келген белгілі әлеуметтанушы, қоғамтанушылар және ғалымдар конференция деңгейін көтере түсті. Бұдан 2 жыл бұрын платформаның тақырыбы білім саласындағы кеңістік деп аталған бола-тын. Негізі, алдымен жүйелі түрде білім, ғылым, одан кейін отбасы, мемлекеттік мәселелерге бір ізбен келеді екен. Отбасы мәселесі жайлы жан-жақтан келген делегаттар сөйлеп, пікірлерін айтып жатты. Сонда барлығының тоғысқан ортақ ойлары — жаһандану заманында отбасын сақтап қалу болды. Қазіргі әлемдік жаһандану үдерісінде отбасының құндылықтары біртіндеп жоғалып бара жатқаны ақиқат. Көптеген отбасылар қауіп-қатердің алдында тұрғандығына Ресейден келген ғалымдар айрықша тоқталып өтті. Себебі, Ресейде заңды неке қиюдан гөрі көңілі жарасқан, іс басында мақсаттары түйіскен, бір бағытта жұмыс істеп жүрген адамдардың уақытша азаматтық некеде тұрып жатқандығы кең өрістеп барады екен. Олар: жұмыс мақсатында немесе жеке өмірлерінде пікірлері түйіспей қалса, бірден жеңіл ажырасып кете баратын жеңіл отбасылар, Екіншіден, дінтанушылар мен теолог ғалымдар отбасы құрудың маңыздылығын, ұрпақ өрбіту заңдылық екенін баса айтты. Олар Құрандағы Мұхаммед Пайғамдар (с.а.у-ның) хадистерін келтіре отырып, пенделердің отбасын құру арқылы көбейюін қалайды. Ал үшінші бағыт-тағы ғалымдар, отбасының әлсіреуі, мемлекет-тің әлсіреуіне әкеліп соқтырады дейді. Яғни, отбасы жоғалса, отбасының алтын өзегі құласа, түбінде ұлттардың азғындауы, тілдің, діннің жойылып кетуіне, іргелі мемлекттердің шайқалып, күйреуіне әкеліп соқтыратын үлкен негатив құбылыс екенін әлеуметтік тұрғыдан айтты. Біз, мұсылман елдері отбасының үлкен құндылық екенін байқадық. Мәселен, Түркияда отбасын құру, шаңырақ көтеру, бала тәрбиелеу, отағасы, отанасы әлі мызғымаған, тамыры тереңге тартқан мәселе. Сондай-ақ, біздің қазақ ұғымында да отбасы — үлкен құндылық. Осыған байланысты қаншама фольклор, ауыз әдебиетіміз, эпостық, лироэпостық жырларымыз бар. Отбасы құндылығы туралы сонау 3 мың жыл бұрын Кұлтегін жырларында айтылады. Себебі, отбасы —қазақ ұғымында киелі ұғым, тамыры тереңге кеткен ауқымды мәселе екенін біздің ғалымдар да айтты. Отбасы Отанмен тең дәріптелген үлкен ұғым. Бұл тақырыпты өзек етпеген бірде-бір ақын-жазушы жоқ. Мәселен, қазақтың кемеңгер жазушысы М.Әуезовтың тырнақалды туындысы «Отбасы негізі— әйел» деген тақырыпта болған. Екі күндік жиында айтылған ұсыныс-пікір-лер қаулы болып қабылданды. Қаулы отбасы — адамзаттың құндылығы, мемлекеттің негізі деп қаланды және осы пікірді бүкіл мемлекет қолдады. Сондай-ақ, «Бақытсыз отбасыларын» болдырмауға мән берілді. Қазіргі отбасылырдың тез қирайтындығы, олардың ақсап жататындығы, үйленеген жастардың ажырасуы қоғамдық-әлеуметтік мәселеге байланысты болмақ. Ендеше, отбасын сақтау қалуға мемлекет, қоғам мүдделі болуы тиіс. Сонда-ақ, бүкіл қоғам, институт, билік жас отбасылардың аяғынан тұрып, жақсы шаңырақ болуына жол ашуды көздейді. Дегенмен, жиында ғалымдардың бір-бірімен пікірлері түйіспей, қайшы келіп жатқан тұстары да болды. Мәселен, батыс пен шығыс халқы-ның көзқарастары мүлдем үйлеспейді. Батыс ғалымдары «отбасы — мемлекеттің іргетасы» дегенге келіспейді. Олар ең бірінші адамның жеке құндылығын жоғары деңгейге қойып, отбасын содан кейінгі мәселе деп қарайды. Бұл Еуропадағы әсресе Америкада белең алған көзқарас. Ал шығыс елдері Жапония, Корея және Өзбекстан, Қырғыстан, Түрікменстан сынды мемлекттерде ислам дәстүрлері тереңге кеткен. Оларда адамның жеке басының құндылығынан гөрі отбасын жоғары деңгейге қояды. Сейітқазы Матаев, Қазақстан журналистер Одағының төрағасы: — Ұлттық комитеттің мүшесі болғандықтан ұйыммен бұрыннан жұмыс істейміз. Осы уақытқа дейін әртүрлі мәселелер болды, бірақ отбасы мәселесі алғаш рет көтеріліп отыр. Әр елден келген қонақтар отбасының қыр-сырына жетік тоқталды. Мәселен, отбасының құндылығы саналатын —тәрбие, әйелдер жағдайы, денсаулық, жұмыс, баспана мәселесінің барлығы экономикаға ке-ліп тіреледі. Сондықтан отбасы ынтымағы үшін мемлекет болып күресуіміз керек. Жастарымыз-ға үкімет қолдау көрсетіп, оларды үймен қамтамасыз ету қажет. Кең байтақ жеріміз көп болғанымен, халқымыздың саны аз. Сондықтан демография өсімін көркейтуіміз қажет деген ұсыныстар баса айтылды. Ынтымағы берік мемлекет болу үшін жақсы отбасы көбірек болғаны жөн. Ал жақсы отбасы болу үшін оларға мемлекттік демеу қажет. Форум жақсы өтті. Себебі, отбасы тақырыбы біздің мемлекеттің мәселесі ғана емес, барша елді ойландырған жайт. Баспанасыздық, жастардың кеш үйленуі, денсаулығы жоқ сәбилердің өмірге келуі барша мемлекетте кездесетін ортақ мәселе. Қуандық Түменбай, «Үркер» журналының бас редакторы: — Әзербайжанның жазушысы Анар, Украйнаның атақты ақыны И.Драч біздің жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин және басқа да көрнекті адамдар қатысып, отбасы мәселесі талқыланған конференция жоғары деңгейде өтті. Көтерілген негізгі мәселе “Отбасын қалай ұстап тұру керек” пікірмен өрбіді. Қазіргі таңда көптеген отбасылардың қандай күйге түскенін көріп те, естіп те жүрміз. Жиында ҚазҰУ-дың доценті Майра деген қыздың қазақтағы «жеті атаға дейін қыз алыспау» мәселесі жайында жасаған баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Жеті атаға дейін қыз алыспау, қан араластырмау сияқты тек біздің ғана халыққа тән қасиетті Грузия президенті Сокашвилидің анасы да қолдады. Өйткені, ол қан тазалығы сақталған ұрпақтың мықты болатынын айта отырып, «Біз қазақ халқында осындай қасиеттің ежелден келе жатқанын білеміз және сіздерге қызығамыз», — деп таң қаларлық пікірлерін айтты. Мысалы, біздің көршіміз өзбектерде бір ананың сүтін ембесе болды, бірінің қызын бірі ала береді. Сондай-ақ, отбасындағы мәселені орыс халқы және Рессей шешендері баса айтты. Олар ұлтқа дерт болып жабысқан азаматтық неке халқымыздың санының өсуіне кедергі келтіріп жатқанын ашына жеткізді. Иә, азаматтық неке мәселесі бізде де бар. Ауылдан келген қыздар жұмысы жоқ, күн көру үшін біреумен бірге тұрады. Сөйтіп аяғы ауырлап, аборт жасатады, кейін осының кесірінен өмірге сәби әкеле алмайды. Мен мұны жазушы ретінда талай көркем шығармаға арқау да еттім. Мәселен, бұрын Алматыда АХБК деген мекемеде ауыл жастары көп істейтін. Кейіннен мекеме жабылып, кезінде үй алғандар, жатақханада тұратындар бәрінен айырылды. Адамдар үйреніп қалған адам әдетін істейді ғой, таңертең сол мекеменің алдына топталып келеді. Бер жағында Сайн көшесі орналасқан. Әлгі топталғандар қасына әуелі бір мәшине, одан кейін екінші мәшине тоқтайды. Міне, дағдыға айналған Сайн көшесі деген ұғым осыдан қалған. Ол негізінен АХБК-ның қыздары. Міне, жұмыссыздық, панасыздық, ұрпағымыздың азғындауына себепші болатын көрініс. Осылай сүттей ұйыған отбасының аяқ астынан быт-шыты шығады. Әр мемлекет осылайша өз жағдайларын айтып жатты. Біздің елде көбінесе үй ала алмаушылық, пәтер кезегінің жоқтығы көбірек көтерілді. Түйін: Жиынның негізгі мақсаты — әлемді алаңдатып отырған отбасы мәселесін кеңінен талқылау, өзекті деп табылған ортақ мәселелерді басшының назарына жеткізу. Бар-ша жұртты толғандырған отбасы мәселесі форумнан кейін қаралып, шешімін табар деп үміттенейік, ағайын!!! 17.12.2021 Ахмет Аляз, Кәмшат Айдарханова DK: http://kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=53594




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir