Біз бұл мақаламызда, туысқан ел Түркияның Османдық мемлекеті дүниежүзілік соғыста дұшпан тарапынан құлатылып ел талан таражқа түскеннен кейін Мұстафа Қамал Пашаның жетекшілігінде бірігіп ұйымдасқан түрік халқы құрған жаңа мемлекет Түркия республикасының өз тарихын жазу барысында бетбет келген қиыншылықтарды жеңу тәжрибесін және осы тәжрибемен Астанада ашылған Түрік академиясының сабақтастығы туралы атап өтпекпіз.
Ататүріктің тарих реформаларын жасауына негізінен үш мәселе түрткі болды.
- Жаңа ұлттық мемлекетке сай ұлттық тарихты қалыптастыру
- Әлемге түрік халықтарының жоғары мәдениетін таныстыру
- Жас мемлекетті баянды ету
1. Дүниежүзілік бірінші соғыстың аяғында алты ғасырлық ұлы Османдық мемлекеті жеңіліске ұшырап жерін жат жұрттықтар басып алған еді. Мұстафа Қамал Паша халықпен күш біріктіріп дүшпанпен күрексе түсіп ұлы жеңіске жетті. Сонымен қатар Осман Патшалығының орнына жаңа сипатта ұлттық бір мемлекет құрды. Бұрынғы мемлекет, патшалық жүйесінде діни негізде бір мемлекет еді. Жаңа мемлекет ұлттық демократиялық негізде республикалық мемлекет болып құрылды. Осман мемлекетінің тарих түсінігі де өзінің басқару жүйесіне сай болатын. Ол түсінік ғылымда “үмбетші тарих түсінігі” деп аталады. Османдық тарих өзін үмбеті санаған пайғамбар Мұһаммед ғалейһисселамның туыуымен басталады. Исламнан бұрынғы Түркі тарихы жоқ саналатын. Яғный Осман мемлекетінде тарих Исламмен басталатын.
Ал жаңа мемлекет ұлттық негізде болғандықтан түрік халқынынң Исламнан бұрынғы дәуірлерде де өмір сүргені айтылып сол тарих қарастыралатын болды.
Өйткені түрік халықтарының Түрік және Ислам сынды екі жоғары мәдениеттің өкілдері екенін Ататүрік жақсы түсінді. Мұнын бірі түрік халықтарының денесі болса, екіншісі жаны еді. Олардың екеуінің тарихын толық игермей, екеуінің философиясын толық меңгермей Түркілерді түсініп болашаққа болжам жасау мүмкін емес еді. Түркі мәдениетінің алыптары Алып Ер Тұнға, Күлтігін, Тоныкөк сынды тұлғалар болса, Ислам мәдениетінің ұлылары Ел Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ибн Синалар еді.
2. Ататүрік 1920- жылдарда жаңа мемлекетті қалыптастырып жатқан тұста, Еуропада түріктердің әлемнің артта қалған, мәдениеті жоқ халықтар санатына жатқызатын ғалымдар аз емес еді. Олар Түріктерде бұрындары ешқандай ұлы мемлекет болмағандықтан, олардың Осман Патшалығы сынды ұлы мемлекетті құруы да Византия секілді ұлы мемлекеттің мұрасына ие болуымен ғана іске асқанын алға тартуда еді. Ататүрік Византиядан да бұрын түрік халықтарының ұлы мемлекеттер құрғанын дәлелдеу үшін тарихқа жүгінді.
Ол кезде Түркияда тарих, ғылыми тұрғыдан қолға алынбағандықтан және тарих кітаптары шетелдік авторлардың еңбектерінен жасалған аудармалар арқылы жазылғандықтан мұндай жаңсақ көзқарастар мен жаңсақ сенімдер де елде кең тараған еді. Сол себепті түрік халқы өзіне деген сенімін жоғалтып өзге халықтарға еліктеп отырған жағдайда болатын. Міне халықты осындай жағдайдан арылтып өзінінің ұлтына және мемлекетіне деген сенімін қалпына келтіру үшін ұлттық тарих қажет еді.
3. Ататүріктің көзқарасы бойынша, ұлттық намыс жігерді күшейту тек тарихы санамен ғана іске асады. Өйткені экономикалық және саяси тәуелсіздікке қол жеткізген ұлттың рухани тәуелсіздігін де қамтамасыз ету үшін тарих зерттеулерін тереңдету маңызды еді.
Ататүрік тарих арқылы ғана елдің тәуелсіздігінің баянды болатыны туралы сенімін былап деп ортаға салады:
“Түрік таланты мен құдіретінің тарихтағы табыстары жарыққа шыққан сайын бүкіл түрік балалары өздері үшін қажетті қозғалыс күшін сол тарихтан табатын болады. Сонымен бұл тарихтан олар тәуелсіздік пікірін де алады да, сол үлкен табыстар мен ұлы тұғлаларды біліп өздерінің бір қандан екенін ойлап ешкімге мойынсұбайтын болады.”
Енді Ататүрік уақтында осы тарихи мақсаттарға жету барысында атқарылған маңызды іс шараларды атап өтейік.
Ататүрік ғылымға негізделген Түрік тарихының зерттелуі және қол жетілген табыстардың үйретілуі жұмыстарына жақындан көңіл бөлді. Ол осы жұмыстарды үш бағытта жүргізілуіне назар аударды.
- Түрік және әлем тарихын бұрынғы жаңсақ көзқарастардан құтқару;
- Әлем өркениетіне түрік өркениетінің қосқан үлесін анықтау;
- Түрік тарихын ғылыми тәсілдермен заманауі шынайы тарихқа айналдыру
Ататүрік зерттеулерде тарихты бұрмаламай сол қалпында жазып шығудың маңыздылығын мына сөздерімен түсіндірген:
“Тарих жазу, тарихты жасаудай маңызды. Жазған жасағанға адал болмаса, өзгермейтін ақиқат адамды таң қалдыратын сыйпат алады.”
Ататүрік тарих саласындағы шындықтың орнатылуы үшін жұмыстарға ең алдымен өзі ат салысқан. Ол 1927 жылы Түрік республикасының құрылу тарихының маңызды қайнар көзі саналған өзінің “Нұтық” яғни “сөйлеу” немесе “жолдау” деп аталатын тарихи құжатын партияның құрылтайында оқыған. Сөйтіп ол дүниежүзілік соғыс кезінде жау қолына түскен елдің қалай жеңіске жеткенін өзі баяндаған, және сол кездің деректерін де келтірген.
Нұтык атты осы еңбегін Ататүрк өзінің жетекшілігіндегі Республикашыл Халықшыл Партиясынын ІІ. Конгресінде 1927 жылы, 15-20 қазан күндері 36,5 сағатта оқыды. Онда 1919-1927 жылдары арасында Мұстафа Қамал Паша мен жолдастарының атқарған жұмыстары баяндалады. Бұл жолдау, кейін 900 бет көлемінде кітап болып жарияланды. Онда сол кездің хаттары, шешімдері, телеграмма мәтіндері сияқты тарихый құжаттар да орын алуда. Бұл Түркия республикасының ен негізгі рәсіми тарихи бұлағы ретінде жоғары бағаланады.
Онда Ататүрік 1919-1927 жылдары арасындағы уақиғаларды үш бөлімде әнгімелейді.
1. Бөлімде дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған Осман мемлекеті жат жұрттықтардың үстемдігін мойындап отырған тұста Анатолияға өткеннен кейін өзі басқарған ұлт азаттық күресін бастан аяқ баяндайды.
2. Бөлімде Түркияның ұлы ұлттық парламентінің құрылуы мен шешімдері.
3. Бөлімде ресбулика кезеңі айтылады. Елдің ұлттық мемлекет болып қалыптастыру барысындағы жұмыстар жан жақты әңгіме етіледі.
Ататүрік тарих реформаларының алғашқы қадамы ретінде ұлттық тарихи көзқарасты қалыптастыру үшін “Түрік тарих тезісін” жасатты. 1928 жылы тарихшы ғалым Афет Инанның бір француз ғалымының түрік нәсілділерді мәдениеті жоқ халықтар ретінде сипаттаған кітабы туралы пікірін сұрағанда, мұның қате екенін көрсетіп зерттеулер жүргізуін сұрады. Төмендегідей сұрақтарға жауап іздеу керектігін айтты:
1. Түркияның ең ертедегі тұрғындары кімдер, қай халықтар?
2. Түркиядағы ен алғашқы өркениет қалай ортаға шықты, оны кімдер әкелді?
3. Түріктердің әлем тарихындағы және әлем өркениетіндегі орны қалай?
4. Кейбір ғалымдардың Түріктердің қаңғып жүрген ру-тайпа ретінде Анатолияға келіп мемлекет құрғаны шындық, емес ертегі. Олай болса мемлекет құрушы халық ретінде біздің мәдени негіздеріміз не? Бұл жерде Ататүрік көшпелі өркениеттің негіздерінің ортаға шығарылуына меңзеп отыр.
5. Ислам тарихының шынайы сипаты не? Түріктердің Ислам тарихындағы рөлі қандай болған?
Афет Инанның осы тұрғыдағы зерттеулері нәтижесінде 600 беттік Түрік тарихының негіздері деген кітап өмірге келді. Түрік нәсілділерді ұлы мәдениетке ие екендіктерін көрсету мақсатында жазылған бұл кітап Ататүріктің “Түрік тарих тезісі” деп аталды.
Онда негізінен түрік тарихының Осман мемлекеті тарихымен шектелмейтіні, оның тамырының одан әлдеқайда әріде жақтаны және түріктердің ұлы мемлекеттер құрған өркениетті ұлт екені дәлелденеді. Кітаптың кіріспесінде былай денілген:
“Осыған дейін елімізде жарық көрген тарих кітаптарының көпшілігі және оларға негіз болған французша тарих кітаптарында түріктердің әлем тарихындағы орны қасақана немесе кездейсоқ төмендетілген. Түріктердің аталары туралы осындай қате мәлімет алуы түріктердің өздерін қате танып білуіне, және сөйтіп ұлттық болмысын жалғастыруына нұқсан келтіретін болған. Бұл кітаптағы негізгі мақсат, қазіргі таңда әлемде табиғи орнын басқан және осы көзқараспен өмір сүрген ұлтымыз үшін зиянды осы қателіктерді түзетуге ат салысу. Сонымен қатар, бұл, соңғы ірі уақиғалармен рухында ұлттық болмысы мен бірлік сезімі оянған Түрік ұлты үшін ұлттық бір тарих жазу қажеттілігі барысындағы алғашқы қадам болып табылады.”
Ататүрік Түрік тарихының жүйелі түрде зерттеліп үйретілуі үшін 1931 жылы 15 көкекте “Түрік тарихын зерттеу қоғамын” құрды. Ол 1935 жылы “Түрік тарих институты” деп аталып күні бүгін қызметін жалғастырып келеді. Бұл институттың мақсаты жарғысында былай деп көрсетілген:
- Ғылыми талқылаулар үшін бас қосып тұру.
- Түрік тарихының бұлақ-көздерін тауып жариялау.
- Түрік тарихын жарыққа шығаратын деректер мен материалдарды жинау және тиісті елдерге экспедициялар жіберу.
- Түрік тарихы зерттеу қоғамының жұмыстарының нәтижелерін әр түрлі жолдармен жариялап отыру.
Осы зерттеу қоғамының алғашқы жұмысы лицей-гимназюмдар үшін төрт томдық тарих оқулығын баспадан шығару болды.
Түрік тарих институты 1932 жылы, 2 Шілдеде 9 күнге жалғасатын І. Түрік тарих конгресін өткізді. Бұл жиынға ғалымдар мен мұғалымдар қатысып түрік тарих тезісі талқыланды. Тарих институтының жұмыс бағыттары сөз болды. Сонымен қатар Түркі халықтардың адам өркениеті мен Ислам тарихындағы орны туралы пікірлер ортаға салынды. Түркі халықтар жайындағы жаңсақ көзқарастардың орынсыздығына көрсетілді. Түріктердің текті нәсіл екені, Ортағасырлық Ислам өркениетіне орасан зор үлес қосқандықтары көрсетілді.
Ататүрік тарихпен қатар тіл мәселелеріне қатты көңіл бөлді.І. Түрік тарих конгресі аяқталған күні, атап айтқанда 1932 жылы, 12 шілде күні “Түрік тілін зерттеу қоғамы” құрылды. Кейін “Түрік тіл институты” деп аты өзгерген бұл институт қазіргі таңда тіл саласында маңызды жұмыстарды атқарып келеді. Ататүрік анатілді қорғауды саяси тәуелсіздікті қорғаумен бірдей көргенін оның мына сөзінен нақты көруге болады:
“Елін сондай-ақ ұлы тәуелсіздігін қорғай білген түрік халқының тілін де бөгде тілдердің бодандығынан құтқаруы қажет.”
Ататүріктің бұлай деуінің себебі, Осман патшалығы тұсында түрік тіліне Арап және Парсы тілдерінен көптеген сөздер орынды орынсыз кіріп тіл шұбарланып кеткен болатын. Тіпті Осман патшалығының зиялы қауымының тілін қарапайым халық түсінбейтін дәрежеде сол тілдерден сөздер, тіпті грамматикалық қолданыстар кіріп кеткенді. Сонымен қатар олардың жазған өлеңдер мен кітаптарын халық түсінбейтін. Сондықтан Ататүрік тарих пен бірге жүргізген тіл реформаларында тілге өзге тілдерден кірген сөздерді тазартуды бірінші орынға қойды.
Ататүрік білім ордаларының, яғни университеттердің де заманауі ғылымға сай болуын қалады. Бұл үшін түрік университеттерінің батыстық универсиетет жүйесін алу керектігіне сенді. Бұл турасында ол кезде елдің дара университеті болып саналатын “Істамбұл Дарүлфүнын” заманға сай жағдайға келтіруін Оқу ағарту министрі Доктор Решіт Ғалипке тапсырды.
Ататүрік сонымен қатар тарих және тіл институттарының академиялық негізде жұмыс істеуін қамтамасыз ету барысында 1935 жылы, 14 Мамырда парламенттің шешімімен Анкара тіл, тарих және жағрапия факултеті құрды.
Осы факулетте түрік халықтарының және Түркияның тарихын зертетулерге септігін тигізетін әлем тілдері үйретілетін болды. Сондықтан онда синология, шумерология, һититология, латын тілі, грек тілі, арап тілі және парсы тілі үшін арнайы бөлімдер құрылды. Сонымен қатар онда Түркі халықтарының тілінің бұрынғы және бүгінгі жағдайларының зерттелуі де ұйғарылды. Сондай-ақ тіл теорияларының зерттелуі және түрік тілінің осы теорияларындағы орнын анықтау да көзделді.
Сонымен қорыта айтар болсақ, осыдан шамамен 90 жыл бұрын құрылған Түркия Республикасы ұлттық тарихын жасау барысында атқарған істерін бүгін Қазақстан да бастан кешіріп жатыр. Бауырлас, түбірлес екі елдің осы орайдағы атқарған істерінің де, мақсаттарының да бір екені байқалады. Атап айтқанда Ататүрік кезінде “Нұтықты” жазған болса, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та “Әділеттің ақ жолы”, “Сындарлы он жыл”, “Тарих толқынында”, “Ғасырлар тоғысында”, “Еуразияның жүрегінде” кітаптарымен тәуелсіздік Қазақстанның тарихын жасаушы тұңғыш президенті ретінде оның тарихының жазылуына да өзінің зор үлесін қосқан. Сонымен қатар мәдени мұра бағдарламасын іске қосып қазақ ғалымдарының қазақ тарихы туралы орасан зор еңбектерінің жарыққа шығуына мұрындық болды. 2008 жылы Астанада Мемлекеттік тарих институтының құрылуы жөніндегі қаулысы да осыған саяды.
Енді болса, Астанада тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеп әлемге танытатын Түрік академиясының ашылып отыр. Түркі мәденийетінде орны зор осы құбылыс өткен жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік мемлекеттері президенттерінің жоғары дәрежелі кездесуінде жасаған ұсынысының нәтижесінде іске асып отыр. Мұның мән маңызы зор. Өйткені кезінде Ататүрік Түркі тарихын академиялық деңгейде зерттеуді көздеп 1935 жылы мамыр айында Анқара тіл, тарих және жағрапия факултетін құрған болса, арада тура 75 жыл өтіп 2101 жылы мамыр айында Астана Түрік Академиясы құрылып отыр. Сондықтан мұны АТА деп қысқартып айтсақ та болады. Өйткені мұнда түркілердің ата тегі, ата мәдениеті зерттеледі және осы академия орын тепкен елдің өзі түркілердің атамекені. Демек, Ататүрік бастаған тарих реформасы бүгінгі таңда бүкіл Түркі халықтарының тарихын жасау барысында кең көлемді іске асуда. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің бүкіл Түркі халықтарының рухани жаңару жолындағы үлкен бастамасы болып табылатын осы академияның шаңырағы астында бүкіл Түркі халықтарының ғалымдары бас қосып өз елдерінің ұлттық тарих жасау барысындағы тәжрибелерін ортаға салады. Сонымен ол бүкіл Түркі халықтарының тарихының жан-жақты зерттеп әлемге таныстыратын бірегей орталық болады. Түрік академиясы құтты болсын!
Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы,
Мимар Синан көркем өнер универсиетінің профессоры