Іздеу
Тамыз 6, 2020
  • :
  • :

Мерейі үстем Мекемтас аға

  ХХ ғасырдың екінші жартысында көшпенділер өркениеті жойылғанымен, олардың мәдениеті мен әдебиеті мұқым ғаламның назарын өзіне аударта бастады. Әдебиеттану әлемінде әдебиетті жасаушы ақын-жазушылармен бірге, әдебиет сыншылары және әдебиетті зерттеуші толқын пайда болды. Кеңестік атеизм идеологиясы діннің қанат жаюына барынша кедергі болғанымен, хақ діннің қағидалары қазақ әдебиетінде моральдік  құндылықтар ретінде көрініс берді. Үркіншілік жылдары небір зұлматты басынан кешірген қазақ жұртының еңсесінің көтерілуіне ақын-жазушылар мен әдебиетті зерттеушілері елеулі ықпал етті. Кешегі би-шешендер мен ақын-жыраулардың легін әдебиетшілер жалғап, қазақтың өшкені жанып, өлгені тіріліп, қазақтың әдебиеті мен сөз өнері шарықтап дами алды. Сол кезеңде цензура қанша жерден қатал болғанымен, Алаш арыстары санамызға еккен тәуелсіздіктің алтын ұрығын алпысыншы жылдардағы әдебиет өкілдері қалың бұқараның жадында қайта жаңғыртты. Сөз өнерінің майталмандары әдебиет арқылы қазақтың дәстүрлі дүниетанымын байытып, Хакім Абайдың ғақлиясын алты алаштың ақыл-өлшемі бола алатынын паш етті. Яғни, әдебиет қайраткерлерінің шеберлігі қазақтың табиғи болмысының сақтап қалуына айтарлықтай әсер етті.
Бүгінгі торқалы тойдың иесі Мекемтас Мырзахметов ағамыз сол қым-қуыт кезеңде қазақтың жоғын жоқтап, алаштың арын арлап, зарын зарлаған зиялы толқынның белді өкілі. Қазақ зиялыларының ішінде ғылыммен бірге қайраткерлікті қатар ұстанған жандар некен-саяқ. Ал, Мекемтас ағамыздың абайтанушы ғалым һәм қоғам қайраткері екеніне ешкім шүбә келтіре алмайды. Мен көп созбақтатпай, бүгінгі той иесінің мынадай үш қырын сөз еткім келіп отыр:
Біріншіден, Мекемтас ағамыз үлкен ғұлама-ғалым. Оның Абайтану ғылымында ашқан жаңалықтары өзінің ғана емес, қазақ әдебиетінің де бағын ашты. Кеңестік дәуірде Абайды батысшыл етіп көрсету белең алып, оның көзқарастарының қалыптасу қайнар-көздері ретінде орыс әдебиеті негізге алынған болатын. Ал, Абайдың шығыс әдебиетімен байланысы бар екенін, оның Физули, Рудаки, Низами, Науаи, Дауанилерді де пір тұтқанын алғаш аңғарған Мекемтас ағамыз еді. Абайдың философиялық өлеңдерінің көпшілігі Шығыстың жеті жұлдызының рубайлерімен рухтас һәм үндес екеніне көз жеткізіп, осы тұжырымдарын ғылыми ортада дәлелдеу үшін кандидаттық және доқторлық диссертация жазды. Ғалым ағамызға бұл оңайға соққан жоқ. Тасадан тұрып тас ататындар мен көрінеу аяқтан шалатындар болғанына қарамастан, Мекемтас ағамыз мұқалмай, Кеңестік цензураның құрсауын жарып шығып, Ұлы Абайдың таным көкжиегінде Шығыстың ұлы шайырлары тұрғанын шырылдап жүріп дәлелдеп шықты. Абайтануда осымен ғана шектелмей, ғалым ағамыз хакімнің ғақлияларының сырын ашуға еңбектенді. Базбіреулер докторлық атақ алғаннан кейін, ғылымнан қол үзіп, карьера жасауға құмбыл тұрады. Ал, Мекемтас Мырзахметов бүкіл ғұмырын Абайтануға арнаған, яғни, ақыл-қайраты мен пайым-парасатын, қала берді әрбір алған тынысы мен демін ғылымға берген жан. Мекемтас ағамыздың ғылымдағы үлкен жаңалығы Хакім Абайдың «толық адам» концепциясы болып табылады. Әсілі, адамның дүниетанымдық көзқарастарын төменнен жоғарыға қарай жіктеу дәстүрлі шығыстық ойшылдардың әдісіне жатады. Біз бұл әдістің Әл-Фараби, Имам Ғазали, Қ.А.Ясауидің еңбектерінде де бар екенін білеміз. Десекте, Ұлы Абай адамдарды ойлау жүйесі мен мұрат-мақсатына қарай «надан», «жарты адам», «толық адам» деп жіктеп, саты-сатысына қарай жұмыр басты пенденің танымын өзіндік тұрғыдан қорытады. Осындағы «толық адам» концепциясы сопылық ілімнің мұраты саналатын «кемелдіклікпен» немесе хақ діннің үдесіндегі «ихсандықпен» толық үндестік табады. Яғни, Хакім Абайдың ұлылығы қасиетті Құраннан бастау алып, Ұлы Жаратушыға деген махаббатқа ұласып жататынын Мекемтас ағамыз жан-жақты түрде зерттеп, терең зерделеді. Бұл сөз жоқ қазақ әдебиетіндегі үлкен жаңалық болатын. Мекемтас ағамыз соңғы жылдарда «Бауыржантану» ғылымында да үлкен ізденістер жасап, отыз томдық кешенді зерттеуге мұрындық болды. Сонымен бірге, ғылымда озық ойлы шәкірттер дайындап, өзінің мектебін қалыптастырды. Оған қазір әдебиеттің жоғын жоқтап жүрген ағамыздың көптеген шәкірттерінің бар екені дәлел бола алады.  
Екіншіден, Мекемтас ағамыз қоғам қайраткері. Жас шағында қазақтың қыран мінез, қайсар ұлы Баукеңнің тәрбиесін көргендіктен болар, Мекемтас Мырзахметов ұлт мүддесі талқыға түскен небір алмағайып шақтарда қазақ үшін жанын беруге әзір екенін әлдеқашан дәлелдеді. Сонау 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін, халықтың басына қара бұлт үйіріліп, зиялылардың көбісі креслосының астына тығылған кезде, Мекемтас ағамыз Кеңес өкіметінің озбыршыл әрекетін сынға алып, ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тікті. Сол кезде қазақтың жеті зиялысы «арым жанымның садақасы» деп «Желтоқсан» оқиғасын қайта қарау жөнінде Кеңес Үкіметінің Жоғарғы Кеңесіне хат жазған болатын. Сол жеті зиялының бірі Мекемтас Мырзахметов еді. «Желтоқсан» оқиғасынан кейін ғалым ағамыз отарсыздану ісіне бастамашыл болды. Әдетте, көптеген елдерде отарсыздану тәуелсіздіктен кейін қолға алынған болса, Мекемтас ағамыз бұл игі істі тәуелсіздіктен екі-үш жыл бұрын бастап жіберді. Алаш арыстары мен Наурыз мерекесінің  халқымен қайта қауышуына ықпал етіп, жер мен елдің және сананың отарсыздануы үшін «Қазақ қалай орыстандырылды» атты монографияны жазып шықты. Патша үкіметі кезіндегі миссионерлік саясатты сынға ала отырып, тәуелсіз Қазақстандағы діни секталардың қауіптілігі жөнінде баспасөздерде мәселе көтерді. Әсіресе, мемлекеттік тіл және әліпби туралы концептуалдық тұрғыда проблемалар көтерді. Бұл сөз жоқ ғалым ағамыздық халық үшін туған жан екенін әрі қоғам қайраткері екенін көрсетеді.
Үшіншіден, Мекемтам ағамыз көрнекті педагог. Ғалым ағамыз педагогиканың барлық басқышынан өткен білім қайраткері. Қарапайым ауыл мектебінен бастап, жоғары оқу орындарына дейін дәріс беріп, білім беруді бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Қасиетті Түркістанда Университет ашуға Елбасымыз шешім қабылдағанда, сол іргелі оқу орнының бір уығын көтерісуге алғаш қол созған Мекемтас Мырзахметов еді. Біржағынан ғалым ағамыздың түрікшілдігін көрсететін еді. Бұның бір дәлелі Мекемтас ағамыз осы университетте жүріп филологияға алғаш рет «Түрік халықтарының әдебиеті» атты пәнді енгізді. Он жылдай уақыт Қожа Ахмет Ясауи атындаы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде педагогтық қызмет атқарып, қаншама шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Одан беріде Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік Университетінде де педагогтық қызмет етіп, Жамбыл өңірінің өрендерін өсіріп шығарды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамастан, Абай атындағы Ұлттық Университетте еңсесі түспестен, қанаты талмастан ерен еңбек етіп келеді. Қазақта сексен жасына дейін лекция оқыған ғалым бірен-саран болса, соның бірі сөзсіз Мекемтас Мырзахметов еді. Бұл да ғалым ағамыздың үлкен ерлігіне баланады.  
Сөз соңында айтпағым, Мекемтас ағамыз қай жағынан алып қарағанда Алты Алаштың баласына үлгі болатын көрнекті тұлға. Оның отызға жуық монографиясы мен бес жүзге жуық ғылыми мақалалары сөз жоқ ұлтымыздың мол қазынасы. Ол кешегі Асан қайғы мен Абайлардың жалғасы. Мекемтас ағамыздың үні мұқым қазақтың үні. Абыз ағамыздың зары халықтың зары. Ендеше, ағамыз аман болсын, бүгінгі торқалы тойы құтты болсын!

 Ахмет Алияз,
Халықаралық Қазақстан-Заман
 газетінің бас директоры




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir