Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

Қайда барсаң, Қорқыттың көрі

Қайда барсаң, Қорқыттың көрі

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тарихта Қорқыт-ата есімімен аты қалған, түркі халықтарының бәріне ортақ  ойшыл, ақын, жырау, асқан күйші, қобызшы, түркі халықтарына кеңінен тарағанаңыз кейіпкері Қорқыт 8 ғасырда қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмірге келіп, ғұмыр кешкен. Туылған, өлген жылы белгісіз. Кей деректер бойынша 95, енді біреулерінде 195 жыл жасаған. Қорқыттың зираты Сыр бойында күні бүгінге дейін сақталған. Бұл туралы академик           Ә. Марғұлан : «Қорқыт – тарихи дәуірлерде  Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады» (Ә. Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар. А., 1985, 135-бет).

Зерттеушілер мен шежіренің анықтауынша, Қорқыттың анасы қыпшақ та, әкесі оғыз тайпасынан. Қорқыттың  ел қамын жеген  беделді қоғам қайраткері,  ойшыл ретінде түркі халықтарының арасында аса танымал болуына, тіпті аты аңызға айналып кетуіне оның өзінің жан-жақты дарын иесі болуымен бірге шыққан тегі мен  өскен ортасы да әсер еткен. Түркі әлемінің әр жерінде оны әулие, пайғамбардың досы, имам, бақсы, қызыр аруақ, батыр, өнер иесі, қобызшы, жыршы, жырау,  ақын, ақылгөй дана, көріпкел кемеңгер, ұлы ұстаз, ұлы гуманист ретінде ұғынып, өздерінің бабалары санайды.

Қазақтар арасында Қорқыт халық қамын жеп, күңіренген ұлы гуманист, ұлы музыкант, ұлы қобызшы ретінде аңыз болып, кеңінен тараған. Халық аңызында Қорқыт жепмаясына мініп алып, өлімнен қашып, адам өлмейтін жер іздеп, дүниенің төрт бұрышын шарлайды. Бірақ ондай жерді таба алмайды; керісінше, қайда барса да қуарып, сарғайып бара жатқан сары даланы, мүжіле бастаған тауларды, көр қазып жатқан адамдарды кездестіреді. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген  аңыз содан қалған дейді халық аңызы.

Өлімнен қашып, құтылатын жер таппаған Қорқыт «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген қорытындыға келіп, қалған өмірін қобыз тартумен өткізеді. Өлмеуді, мәңгілік өмірді аңсап, өмір жырын қобызында сайратады. Соңында Сырдың суының бетіне кілемін жайып жіберіп, соның үстінде отырып, күндіз-түні ұйықтамай, қобызымен күңірентіп,  өмір күйін   тартады. Көзін ілмей, әбден шаршаған Қорқыттың мүлгіп кеткен сәтінде аспаннан түскен қарақұрт шағып өлтіріпті.

Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан күйші, композитор болған. Халық арасында «Қорқыттың күйі», «Қорқыттың сарыны» деген өмірдің сырын шертетін күйлер сақталып қалған. Қазақ музыкасының тарихында Қорқыт қобыз өнерінің атасы саналады. Қойлыбай бақсы, Нысан абыз, Мекеш бақсы, Найман бала секілді көптеген өнер иелері Қорқытты өздеріне ұстаз тұтқан. Қорқыттың күй сазы тек қазақ халқында ғана емес, туысқан халықтардың көпшілігінде кездеседі. Сондықтан да ғасырлар түкпірінен философиялық сыр шертетін Қорқыттың музыкалық мұрасы - түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына.

Ұзақ өмір сүрген Қорқыт түркі жұртының үш ханының тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Кезінде қазіргі қазақ даласының көп жерлері кірген ұлан-ғайыр өлкеде хандық құрған Инал, Көл-Еркен, Қаңлықожа хандар Қорқыттың тікелей ықпалында болған. Епдің тұтастығын, ішкі бірлігін сақтау мақсатымен Қорқыт биліктің барынша әділ болуын, халықтық мүдделерге сай келуін қамтамасыз ететін әлеуметтік жораның (заңның) негізін қалап, оның жүзеге асуына ат салысты. Онда ата-баба мекенін сыртқы жаудан әрбір адамның қасық қаны қалғанша қорғау, жер-су дауларын белгіленген тәртіп бойынша, адамдар арасындағы түрлі дау-жанжалдарды ақылға сала отырып, барынша әділ шешу, кінәлі болған адамдарды міндетті түрде жазалау сияқты мәселелерге барынша көңіл бөліп, күнделікті тұрмыс-тіршілікте халықтық дәстүрлерді ұстану, соған сай өмір сүру басшылыққа алынған.

Ел аузында Қорқыт айтты деген, кейіннен мақал-мәтелге айналып кеткен сөздер жиі кездеседі: «Ескі мамық бөз болмас, кәрі дұшпан дос болмас», «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», «Шөлді жердің отын киік білер, сулы жердің қадірін құлан білер, ұзақ жолдың сырын түйе білер, шытырманды тау қойнауын түлкі білер».

Сонымен Қорқыт - сегізінші ғасырда өмір сүрген, түркі тектес халықтарға кеңінен танымал асқан өнер иесі, заманының озық ойлы ақсақалы, ақылгөй данасы, демек, тарихи тұлға. Десек те Қорқыт есімінің аңызға айналып кеткен тұстары басым. Кей тұстарда аңызы қайсы, шыны қайсы екенін ажыратудың өзі қиын соғатын тұстары да баршылық. Аты аңызға айналып кеткен Қорқыттың әдеби бейнесі «Қорқыт-ата кітабынан» анық көрінеді.

«Қорқыт ата кітабы» түркі тектес халықтардың арасына кең тараған аңыздар негізінде Х1 ғасыр шамасында жазылған. Кітап негізінен Қорқыттың өміріне, тарихи оқиғаларға қатысты деректер негізінде жазылғанымен, халықтың арман-аңсарынан бастау алған әдеби қиялға, көркемдік амалдарға  да көбірек орын берілген.

«Қорқыт ата кітабында» әрқайсысы аяқталған жеке дүние саналатын 12 жыр біріктіріліп, тұтас бір эпопеялық желіні құрайды. Онда түркі халықтары өмірінің он ғасырдай тарихы қамтылып, тұтас бір дәуірдің көркем бейнесі жасалады. Оқиғалар бір кездерде түркі халытары өмір сүрген Орта Азияда, Иранда, Кавказда, Дешт қыпшақ даласында өтеді. Түркі халықтарының басынан он ғасырдай уақыт ішінде өткен  елеулі оқиғаларды қамтып, тарихи өмірінің энциклопедиясы іспеттес «Қорқыт ата кітабының» әр тарауы маңызды бір оқиғаларға арналып, жекелік сыпат танытады.

«Қорқыт ата кітабы» мынадай он екі тараудан тұрады:          1. «Дерсехан ұлы Бұқаш хан туралы жыр»,                                       2. «Салар Қазанның ордасына жау шабуылы туралы жыр»,                 3. «Хан Бураның) баласы Бамсы-Бейрек туралы жыр»,                                                                                                                  4. «Қазанбектің баласы Оразбектің тұтқындалуы туралы»,                                                                                                                             5. «Бұқа Қожаның ұлы Домбауыл (Домрул) туралы жыр»,                      6. «Қаңлы Қожа ұлы Хан-Тұралы (Төрәлі) туралы жыр»,                     7. «Қазылық Қожа ұлы Йүгенек туралы жыр»,                                       8. Бисаттың Дөпе Гөзді қалай өлтіргені туралы жыр»,                        9. «Бегіл ұлы Әмірен туралы жыр»,                                                     10. «Үйсін Қожа ұлы Секрек туралы жыр»,                                         11. «Салар-Қазанның тұтқынға түсуі, оны баласы Ораздың құтқаруы туралы жыр»,

12. «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы көтеріліске шығуы, Бейректің өлімі туралы жыр».

«Қорқыт ата кітабында» суреттелетін оқиғалардың сюжеттік желісі, эпизодтардың көбі түркі тектес халықтардың көпшілігінің ауыз әдебиетіндегі эпостық жырларда кездесіп отырады. Мұның басты себебі түбі бір туыстықтан болса, сонымен бірге тұрмыс-тіршіліктің, арман-мақсаттардың бірлігінен, жүріп өткен тарихи жолдың ұқсастығынан болса керек. Мұндай ұқсастықтарды қазақ эпосынан да жиі кездестіруге болады. Мысалы, қазақтың «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Қырымның қырық батыры» сияқты жырлары мен «Қорқыт ата кітабы» арасынан батырлар бейнесінің  сомдалуы, оқиғалардың суреттелуі, негізгі идеялары тұрғысынан көптеген ұқсастықтарды көреміз.

«Қорқыт ата кітабы» - түркі халықтарының болашақ үшін қалай күрескендігін, елін, жерін қорғаған ерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жырлаған, көрінгенге жем болмай, қайтсе бақытты өмір сүруге болады деген сауалдарға біршама жауаптар берген, қоғамдық өмірдің аса маңызды өңірлері жайлы философиялық ойлар түйген кең тынысты эпикалық туынды. «Қорқыт ата кітабында» көтерілген мәселелер, онда айтылған ойлар, ұсынылған ережелер  күні бүгінге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Мысалы: «Ақ сақалы жарасқан шал көрікті, инабатты болса, әйел көрікті, сыйлас болса, ағайын көрікті, үлкен шаңырақтың қасында отау көрікті, жібек шатырдың жібі көрікті, өнегелі болса, бала көрікті», «Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне алмас», «Қонақ келмеген үйдің құлағаны артық», «Көп қорқытады, терең батырады», «Шіріген мақтадан мата шықпайды, нағыз жаудан дос шықпайды», «Қиып түсер қылышты мұқалтқанша, шаппаған жақсы», «Өтірік сөз өрге баспас», «Қара таудың басындай байлық жиса да, бұйырғаннан артық ешкім ештеңе жей алмайды», «Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың туғанынан тумағаны игі, жалған сөздің болғанынан болмағаны игі», «Өтірік сөз өрге баспас», «Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы», «Қанша тасып тулағанмен өзен суы теңізді толтыра алмайды, қанша қалың жауғанмен қар көктемнен қалмайды», «Ажал жетпей, өлмек жоқ, өлген қайтып тірілмес, шыққан жан кері оралмас», т. б.

Өмірдің мәнін осылайша терең толғаған, бұралаңы көп бұ дүниеде адамдардың тура жолда жүріп, бақытты өмір сүруіне көмектесетін осы сияқты қанатты сөз тіркестері кітапта молынан кездеседі. Мұндай терең ойлы сөздер түркі халықтарының түркілік болмысын, өмірдің даму заңдылықтарына сай өмір сүруін анықтаумен бірге, одан қалды адамзат баласының жер бетінде бейбіт қатар бақытты ғұмыр кешуге үндеуімен де аса құнды.

Қорыта айтқанда, Қорқыт - түркі әлемінен шыққан ұлы ойшылдардың бірі. Қорқыттың артында қалған рухани мұрасы, сонымен бірге оның атына қатысты түрлі аңыз-әңгімелер тек  түркі халықтарының ғана емес, күллі адамзат баласының болашағына қызмет ететін рухани асыл қазына.

Әдебиеттер: «Книга моего деда Коркыта» огузский геройческий эпос. М., 1962; Ә. Марғұлан. «Ежелгі жыр-аңыздар». А., 1985; Ә. Қоңыратбаев. 1-том, А., 2004;                   Ш. Ыбыраев. «Қорқыт ата» кітабы», А., 1977;  «Оғыз батырлық эпосының поэтикасы», А., 1997; Х. Сүйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің тарихы», А., 1997; Н. Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті», А., 2005; «Қазақ әдебиетінің тарихы», 2-том, А., 2006.




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir