Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

Анадолыдан келген жігіттің махаббаты

Анадолыдан келген жігіттің махаббаты

Ертай Айғалиұлы

(Қаз-қалпында)

Ауылдың қарапайым ғана әдеміше келген осы бір келіншегімен таныстырған нәрсе «Ана тілі» газетіндегі фермер клубы. Осы клубты ашқалы бері алыс ауылдардан шаруалар жиі хабарласады, аяғы жеткендері, қожалығын ашқандар өтініштерімен редакцияға келіп жатады. Біз де қолдан келгенше көмектесеміз. Гүлжаһан есімді бұл келіншек Жамбыл облысының Аспарсында тұрады. Ағайын-туғандарымен бірігіп шаруа қожалығын ашыпты. Шаруаға алдымен не керек, жер керек. Бұларды ауылдың мықтылары өзі сор, әрі су шықпайтын жерге итеріп тастайды. Гүлжаһан ашуланып бармаған жері, ашпаған есігі қалмайды. Ақыры біздің газеттен сая іздейді. Біз Гүлжаһанның көрген қорлығын газетімізге шығардық, аудан әкіміне хат жаздық…

– Сізді төменде бір келіншек шақырып жатыр,– деген соң келсем, Гүлжаһан! Жымиып күліп тұр. Қасында інісі, баласы бар. Ең қуаныштысы біздің газетіміздің көмегі тиіпті. Алған құнарлы жерлеріне бидай, қызылша тағы да басқа дақылдар егіп тастаған. Әп-сәтте осы жайларды Гүлжаһан айтып шықты. Рақметін айтқалы келген.

«Жұмыстан кейін бір жерге барып әңгімелесейік»– деді. Бас тартып ем, ренжіді.

Ашық аспан астында орналасқан кафеде отырмыз. Төртеуміз. Әдемі музыка ойнап тұр. Баласының аты Мұстафа екен. Түрі біздің қазаққа келмейді. Түрікке ме, курдқа ма ұқсайды. Сезімтал Гүлжаһан мұны аңғарып қалыпты.

– Менің күйеуім түрік жігіті болған. Мына көкем содан қалған тұяқ…– Манадан бермен әзіл отын жандырып отырған Гүлжаһанның қарақат жанарларына жас үйірілді. Үзіліп түскен мөлдір тамшыларды орамалымен асығыс сүрткен Гүлжаһан қызарып ыңғайсызданып қалды. Көңіл шылбырын әзер жинаған төрт-бес жастағы Мұстафа:

– Апа, жыламашы,– деп кішкентай қолдарымен Гүлжаһанның көздерін сүртіп әуре.

– Айналайын, жыламаймын. Сен тұрғанда мен неге жылаймын…– Сәлден кейін менің өтінішімді жерге тастамай Гүлжаһан басынан кешкен хикаясын қысқаша айта бастады.

– Апамыз ерте қайтты. Мен ол кезде он екіде едім. Қатты жылағаным соншама есімнен танып қалыппын. Одан не пайда? Өмір сүру керек. Отбасының үлкені менмін. Өзімнен кейін төрт інім бар. Әкем момындау кісі. Бұрын мал баққан. Қазір қолына не жұмыс түссе сонымен айналысады. Бір-екі сиырымыз, ұсақ малдарымыз бар. Күнкөрісіміз осы. Мен апамның барлық жұмысын өз мойныма алдым. Сөйтіп бойжеттім. Бұрын ілдалдалап өмір сүріп жатқан біз кейінгі кезде қатты қиналдық. Мал таусылуға айналған. Әкемнің зейнетақысымен жан сақтап отырмыз. Жарайды, әңгімемді қысқартып айтайын.

Аспараның сол жылғы қысы қатты болды. Бұрынғыдай көмір жоқ. Ағаштың жылуы ұзаққа бармайды. Бір жақсысы інілерім жазымен қойнау-қолаттан ағашты молынан кесіп, тезекті үйіп алғанымыз әбүйір болды. Түн. Далада боран ұлып тұр. Көрпеге тас бүркеніп алсам да, неге екенін білмеймін сол түні менен ұйқы қашты. Өзім туралы ойлаймын. Сөз салып жүрген жігіттер бар. Інілерімді қайтемін. Әкем болса қартайып келеді. Жоқшылық деген қызыл көз пәле мынау есіктен сығалап қарап тұрған. Әйтеуір ой көп, қамалап алған… Кенет… қақпа тарсылдағандай болды. Құлағымды түре қалдым. Ақтөс итіміз шабалана үреді. Әлдекім қақпаны дүңкілдете қағып тұр. Дереу сыртқа киімімді кидім. «Ойпыр-ау, түн ортасында жүрген кімдер екен?» деп ойладым. Әкем де оянып жатыр екен.

– Әке, біреулер қақпаны дүрсілдетіп жатыр,– дедім мен үрейлене.

– Жә-ә… әрі бері жүрген жолаушылар шығар,– деп әкем сабырлы түрде. Тонын жамылып сыртқа кетті. Көп өтпей екі кісіні ертіп, кіріп келе жатты. Кірпіктеріне, мұрттарына мұз қатқан, үсті-бастары қар-қар екеуінің әбден тоңғандары көрініп тұр. Әсіресе жастауы пештің қасындағы бөстек-көрпешеге сылқ етіп құлап түсті.

– Машиналары бұзылып қалыпты,– деді әкем.– Қызым от жақ. Мына бала оның үстіне қатты ауырып келе жатқан көрінеді. Шай қайнат!

– Бұл жігіт Түркиядан келген қонақ. Машинадағы осы жігіттің заттары. Бірігіп жұмыс істеп жатырмыз,– деді мосқалдау кісі киімдерін шешіп жатып.

Мен әп-сәтте дүрілдетіп от жақтым. Бұрқылдап шай да қайнады. Ана кісі:

– Мехмед! Тұр, шай іш!– деп бірнеше рет айқайлап, досын зорға тұрғызды. Әзер басын көтерген Мехмед бір кесе шәйді де дұрыстап іше алмады.

– Ойпырмай, мына баланың денесі күйіп тұр ғой,– деді әкем Мехмедтің маңдайынан ұстап,– Қызу басатын дәрілерің бар ма, қызым. Қарашы…

Дәріні де әзер ішті. Мосқал кісі біраздан соң қор етіп ұйқыға кетті. Әбден шаршаған болуы керек. Әкем айтпақшы түрік жігітінің маңдайы шоқ сияқты ыстық екен. Ес-түсін білмей жатыр. Неге екенін білмеймін осы жігітке мейірімім түсті. Біртүрлі алаңдап, алыстан келген бауырым сияқты түнімен көз ілмей қарап шықтым. Маңдайына әлсін-әлсін суға шылап шүберек саламын. Әп-сәтте кеуіп кетеді. Үстіне қабаттап көрпе жаптым.

– Дұрыс балам. Кім де болса Алланың құлы ғой. Жақсылығың күндердің күнінде қайтады. Түу, қу тіршілігі-ай, сонау Түркиядан келіп, жап-жас болып жұмыс істеп жүргенін айт. Бұлар мұсылманшылықты қатты ұстайды,– деп әкем әңгімесін айтып біраз отырды да, ол да ұйықтауға кетті. Түрік жігіті түнімен сандырақтап шықты. Өліп кете ме екен деп қорықтым. Кейде тамағы қырылдап, тістерін қайрайды. Маңдайындағы тамыры әлсіз соғып жатты. «Ей, жігітім-ай– деп ойладым мен. Рас-ау, сонау қиянда жүріп түкпірдегі бір қазақтың үйіне келіп, өлім мен өмірдің ортасында арпаласып жатам деп ойладың ба екен?» Таң ата, қара терге малшынып байғұс жігіт ұйқыға кетті…

Таңертең жігіт тұра алмады. Әкем, інім және әлгі кісі үшеуі машинаға кетті. Түске таман машина жөнделіп бітті. Мехмедтің тағы да қызуы көтеріліп, одан сайын ауырып қалды. Ауылдағы дәрігерді шақырттық. Қарап-қарап ол басын шайқады.

– Қатты суық тиген. Жақын жерде аурухана жоқ. Ал, әрі-бері қозғасаң өліп кетуі мүмкін. Бұл жігітке күтім және күтім керек.– Бәрі дағдарып тұрып қалды. Әкем де, әлгі кісі де үнсіз. Неге екенін білмеймін мен батылдық жасап бәрін осы тығырықтан шығарғандай болдым.

– Әкем бәріміз бірдеңе етіп, қарармыз. Аға, сіз де жолдан қалмаңыз. Қайтарда соғып алып кетерсіз,– дедім.

– Дұрыс. Адам баласы ғой бұл да. Ешқандай уайымдамаңыз. Жас қой, ертең-ақ жазылып кетеді,– деді әкем мені қостап. Біраз азық-түлік тастап ана кісі алып машинасымен жолға шығып кетті. Дәрігер ақыл-кеңесін айтып, ем-дом, дәрісін тастап ол да қайтты.Мехмед екі күннен кейін ғана барып есін жинады. Мені көріп таң қалды. Машинада ауырып келе жатқанын біледі. Қалғаны есінде жоқ. Мән-жайды білгеннен кейін дереу жиналып кеткісі келді. Тұрамын деп қайта құлап қалды.

– Қозғалмаңыз дегенді неге тыңдамайсыз. Әлі әлсізсіз. Ешқандай қысылмаңыз. Біз, қазақ халқы, өте қонақжай халықпыз. Досыңыз қайтарда соғып сізді алып кетеді. Оған дейін әбден жазыласыз,– дедім мен неғұрлым жылы сөйлеуге тырысып. Мехмедтің қара көздерінен ризалық отын аңғардым.

– Рақмет, рақмет қарындасым. Сіздің онсыз да жұмысыңыз көп екен, масыл болмайын дегенім ғой…

Қазақшасы тәп-тәуір. Бірақ түрік тілінің акценті анық байқалып тұрады. Мехмед күн сайын жазылып келе жатты. Біртіндеп басын көтерді. Аяғына тұрды тәлтіректеп. Тәй-тәй басқан баладай далаға шықты. Ініміз Сайын екеуміз аздап демедік. Күн сол күні ашық еді. Ақша қар көз қарықтырады. Өзі өле алмай жүріп Мехмед әзілкеш екен.

– Гүлжаһан, о дүниеге кетіп бара жатқанымда аяғымнан тартып жібермей қалдыңыз. Мен сіздің бұл жақсылығыңызды қалай қайтарамын?– дейді маған ақсия күле қарап.

– О не дегеніңіз, менің сізге істегенімді әрбір қазақ істейді. Ештеңенің керегі жоқ,– деймін мен де нық сөйлеп. Мехмед ашық-жарқындығымен біздің отбасымызды тез баурап алды. Інілеріммен бірге мал жайғайды, сонау қырларға шығып келеді. Менімен әңгімелескенді ұнатады. Неге екенін білмеймін мен де Мехмедпен әңгімелескенді, оны тыңдағанды жақсы көремін. Оның әңгімешілдігімен бірге көп білетіндігі мені таң қалдырды.

– Біз туысқан халықпыз,– дейді Мехмед бір күні– Мен мұнда тек қана дүние табайын деп келгенім жоқ. Менің онда өзіме жетерлік байлығым жетеді. Бұл жер біздің ата-жұртымыз. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жаққа қақпа ашылды. Мен Қазақстанға баруды армандайтынмын. Екі жылдай болды– арманым орындалды. Келіп-кетіп жұмыс та істеп жатырмын, қазақ халқын да танып жатырмын. Біздің бауыр, туысқан екенімізді дәлелдейтін бір аңыз бар. Айтып берейін бе?

Мен басымды изедім.

– Бізді түрік халықтары дейді. Түркінің түбірі бір, тарихи тамыры ортақ. Бәріміз Бөрілі ту көтерген бір атаның баласымыз. Бәріміз жер биігі– ұлы таудан шыққанбыз. Күллі түркі жұртының атасы– оғыз. Міне, осы түркі халқының басына талай мәрте жоқ болып кетудің бұлты үйірілген. Соның бірі Оғыздың немересі Елханның кезіндегі жойқын шапқыншылық. Осы шапқыншылықта ел түгел қырылған. Тек қана Елханның ұлы Қиян мен оның інісінің баласы Нүкіз ғана әйелдерімен аман қалыпты. Олар қашып Ергене қон тауына келіп паналапты. Төрт ғасыр осында жайлапты, көбейіпті. Содан қоршаған тауды бұзып шығыпты. Олар өздерін түрк деп атапты. Бұл қайсар деген мағынада екен…

Кейде Мехмедтің көздерінен от ұшқындап маған ұзақ қарап қалғанын байқаймын. Көздеріміз ұшырасқанда екі бетім ду ете ұялып кетемін. Жүрегім лүпілдей соғып, содан кейін көпке дейін өзімді баса алсамшы. Соңғы кездері көкірегімде Мехмедке деген осындай ұялшақ сезім ұшқындары пайда бола бастағандай. Бұл сезімге шынымды айтсам ол кезде түсінген жоқпын. Бір анық байқағаным Мехмедті бауырымдай жақсы көріп кеттім. Оншақты күннен кейін оның досы келді. Жұмыстары ойдағыдай біткені көрініп тұр. Көңілді. Кетерде Мехмед маған біртүрлі қимас көзқараспен қарап, былай деді:

– Рақмет, Гүлжаһан. Мен сенің жақсылығыңды да, өзіңді де ешқашан- ешқашан ұмытпаймын! Келемін, қайткенде де келуге тырысамын. Ал келе алмасам Анадолыдан келген жігіттің тағдырын Аллатағала сізге қосуға жазбаған ғой деген шешімге келіңіз де, менің атымды мәңгіге сызып тастаңыз.

Кейін барып білдім, Мехмед әкеме жасырып біраз ақша тастап кетіпті. «Неге алдыңыз? Жақсылықты сатуға бола ма екен?» деп бұлқан-талқан ашуландым. Жоқшылықтан жаман нәрсе бар ма екен мынау дүниеде. Кейін амал жоқ сол ақшаны пайдаландық. Сиыр алдық. Ағайын-туғанға көмектестік. «Сіздерде жер көп. Соны еміңдер. Сонда өлмейсіңдер» деген Мехмедтің сөзі ойымнан шықпай біраз жер алып, бірігіп егін егуге бел байладық.

Өмірімдегі осы жиырма екінші көктемім ерекше көктем еді. Мехмедті сағынғандаймын. Аспара тауларына үздігіп ұзақ қараймын кеп! Әкем, бауырларым үшін өзімді құрбандыққа шалған мен махаббат мәселесіне қырын қарайтынмын. Себебі мен кетсем олар күнін көре алмай өліп қалатындай сезілетін. «Махаббат деген жоқ! Ол біреулердің ойлап тапқаны ғана» деп өзімді сендіретінмін. Және соған сендім де. Талай құрбыларым айтатын «Сенде жүрек жоқ шығар» деп. Ол сөзді де мойындайтынмын. Ал Мехмед, Анадолыдан келген жігіт сол қамалымның бәрін тас талқан етіп бұзды. Қаңтар айында ол келіп менің жүрегіме махаббат гүлінің дәнін тастап кетіпті. Ол махаббат дәні менің жиырма екінші көктемімде гүл жарғанын сездім. Мен Мехмедті сүйіп қалғанымды білдім. Бірақ келмесе екен деп Құдайдан тіледім, Келсе оның алдында тым әлсіз екенімді сездім.

Бірақ ол тілегім қабыл болмады. Ол келді. Табиғат-ананың гүл шашып тұрған нағыз әдемі шағы мамыр айында келді. Мен ол келгенде үсті-басым шаң-шаң болып егіс басында жүрген болатынмын. Шетелдің машинасының шаңдатып келе жатқанын көргенімде жүрегім кеудеме сыймай кетті. «Сол, сол!» дей беріппін ішімнен. Үсті-басымның шаңын қаққылап әбігер болдым да қалдым. Әне, машинадан шықты. Әппақ болып киінген дудар бас жігіт маған қарай жақындап келеді. Жымиып күліп, нұр шашып келеді. «Мехмедім, келдің бе, жаным!» деймін ішімнен. Неге екенін білмеймін, шегініп қаша жөнелгім келген. Бірақ тас мүсін болып қатып қалыппын.

Бір жеті қасымда болды. Қолына күрек алып көмектесті. Менің ең бақытты шақтарым еді сол күндер. Мехмед мені сүйетінін айтты. Анадолыға алып кететінін айтты. Ол осыны айтқанда демала алмай қалдым. Әкемді, бауырларымды қайтемін. Ол менің көзімнен бәрін біліп қоятын. «Көмектесіп тұрамыз. Інілерің жігіт болып қалды ғой» деді. Сөйтіп мен тағдыр айдап Анадолыдан барып бір-ақ шықтым. Зауыты, үлкен дүкендері бар бай жігіт екен, менің Мехмедім. Біз бақытты едік. Біз екеуміз бал айларымызда алаңсыз демалдық. Түсімде көрмеген елдерде болдым. Алып қалаларда кемемен теңізде жүздік. Еуропаша киінген мен сұлудың сұлуы болып кеттім. Айнаға қарап өзімді өзім танымай қалатынмын. Тоймай қарай беретінмін. Менің бір үйрене алмаған нәрсем еңбексіз жүруім. Он екіде бір гүлім ашылмай жатып еңбекпен көзімді ашқан мен дозақтан жұмаққа топ ете қалғандай болдым. Шынында да қазақ ауылының өмірі дозақпен тең деген тоқтамға келдім. Еуропа бізден баяғыда-ақ озып кетіпті-ау…

Мехмед мен дегенде шығарда жаны бөлек. Бір жаққа жұмыспен кетсе үйге келгенше асығатын. Біздің екеуіміздің махаббат дарағымыздың тамырынан тағы бір шыбық өсіп шықты. Ол мына ойнап жүрген Мұстафа құлыным. Мехмедтің көзі де, өзі де осы Мұстафам…

…Гүлжаһан бұл кезде жылап отыр еді. Үстел басында екеуміз ғана. Інісі Сайын Мұстафа жиенін қыдыртып, бақ аралап кеткен. Келіншектің аппақ жүзін жуған мөлдір тамшылар тырс-тырс етіп үстелдің үстіне тамып жатты. Мен үндеген жоқпын. «Жыласын, әбден жылап алсын. Жеңілдеп қалады» деп ойладым.

– Гүлжаһан! Көп жылай бермеңіз. Аруаққа ауыр тиеді. Онанда өзіңізді қолға алып, оқиғаны аяғына дейін айтып берсеңіз. Мехмед жол апатынан ба, әлде…– деп аржағын айта алмай сөзімді үздім.

– Жо-жоқ! Осы Мұстафам екіге келгенде ғой деймін, бір күні біздің отбасының дәрігері маған келіп кетуімді өтінді. Бардым. Дәрігер жігіт көп суыртпақтамай мен үшін сұмдық нәрсені қатал түрде айтып салды. Қол-аяғым балғадай мен көзім қарауытып құлап қалыппын. Көзімді ашсам ақ төсекте жатырмын. Мехмед төне қарап отыр.

– Жаным! Тірісің бе?– деп ол қуанғаннан айқайлап жіберді.– Түу, қорқыттың ғой сен. Бүйтіп ауырмашы.

Ол мені құшақтап жатыр. Ал мен ағыл-тегіл жылап жаттым. Бәрі де түсім сияқты. Түс, түсім-ақ болшы деп тілеймін ішімнен. Бірақ, мың жерден өтінсем де түсім болмайтынын сеземін, білемін. Білемін де жылаймын. Жылаймын келіп! Мехмед байғұс шыр-пыр болып: «Жыламашы!» деп жалынады.

Көп ұзамай Мехмед ауырып, төсек тартып жатып қалды. Рак екенін ішім сезеді. Енді мен оған білдірмеуге, көңілді болуға тырысамын. «Әлі-ақ жазылып кетесің, жаным!» деймін. Бірақ оңашада жылап-жылап аламын. Мехмед төсектен тұрмады. Күннен-күнге нашарлай береді. Менің Мехмедім күндердің күнінде әбден әлсіреді. Тек сүйегі ғана қалды жанымның. Мехмед адам болмайтынын сезді ме, бір күні мені қасына жеке отырғызып мына әңгімені айтты.

– Гүлім! Дүниеде ең қымбат нәрсе бар, ол шындық. Мен енді адам болмаймын. Алла тағала шынында да әрі қарай біздің бірге тұруымызды жазбаған шығар. Енді сенің жағдайыңды, Мұстафа екеуіңнің арғы өміріңді күні-түні ойлаймын. Біз енді ахиретте ғана кездесеміз. Мен сені сонда күтемін. Сен Мұстафаны алып еліңе қайт. Біраз ақша алып қойдым. Қазақстанда да біраз дүнием бар менің атымда. Соған ие бол. Сенім хатты жазып қойдым. Мына жерде ағаларым, інілерім саған күн көрсетпейді ме деп қорқамын. Дүние, байлық деген пендесін бұзады ғой. Мұстафа атына да осындағы біраз дүкендерімді өсиет етіп жаздыртып қойдым. Ержеткен соң өзі ие болар. Оған өзің көмектесесің. Енді қоштасалық, жаным!– деді ол маған мейірлене қарап жатып. Сол түні ұйықтаған жоқпыз. Ұзақ сыр шертістік. Өзімді өзім тоқтата алмай ұзақ жыладым.

Гүлжаһан бұл жолы жылаған жоқ. Аналық мейіріммен Мұстафасын құшақтап, еміреніп отырды. Ал мен Анадолыдан келген жігіттің махаббатының соншалықты мөлдірлігіне іштей сүйсіндім де, тебірендім де. Сезімімді суытпай оны қағаз бетіне түсіруге асықтым.




One thought on “Анадолыдан келген жігіттің махаббаты

  1. Ахма

    Қыздың арын - елдің ары демеуші ме ед халық деген,
    Сені көрдім жатқа төсек болған қызын дәріптеген…
    Светқали Нұржан.

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir