Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, жоғары кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы болып табылады.
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бағытын жүзеге асыру барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кадр дайындау саласы бойынша оң өзгерістерге қол жеткізуде. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында университет алдына жаңа басым міндеттер қойылып отыр. Ол – әлемдік білім беру жүйесіне дәйекті түрде ойысу, мамандарды даярлаудың халықаралық стандарттарына толықтай көшу, жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы орайда әл–Фараби атындағы ҚазҰУ- да жаңа Академиялық саясаттың қарқынды іске асырылып жатқандығын баса айтқан жөн. Бұл алдыңғы қатарлы ғылыми және әдістемелік жетістіктерді ұтымды меңгеруге мүмкіндік береді.
Осы тұрғыда істелініп жатқан іс шаралар орасан зор. Соның бірі Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекетік тіл кафедрасына 2012 жылдың 26- 4 сәуір аралығында Түркия мемлекетінің Анкара қаласында орналасқан Гази университетінің Гази түрік зерттеу орталығының директоры және әдебиет факультетінің қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті бөлімінің бастығы профессор Йылдыз Насиле (Naciye Yıldız) ханымның іссапармен келуі. Түркияның Гази университеті Түркиядағы ең ірі университеттердің бірі болып саналады.
Профессор Йылдыз Насиле әл –Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және шығыс тілдері, тарих, археология және этнология, химия, экономика және бизнес жоғары мектебі, журналистика, заң, философия және саясаттану, география, шығыстану факультеттерінің профессор- оқытушылар құрамы мен студенттерімен бірнеше кездесулер өткізді.
Кездесу барысында профессор Насиле Йылдыз Түркия мемлекетіндегі оқу үрдісі, Гази университеті, Түрік дастандары және Түркияда қазақ тілінің оқытылуы туралы баяндады. «Қазақ - түрік достастығы тереңде. Соның бір белгісі екі елдің дастан, аңыз, жырларының да ұқсас болуы. Мысалы, Қорқыт ата қазақ халқында да бар, бізде де бар, Алдар көсе де екі елге ортақ кейіпкер. Біз түбі бір түркі еліміз», - дейді ғалым.
Насиле ханымның баяндамалары тартымдылығымен студенттер арасында да зор қызығушылық танытты. Студенттер өз кезегінде Түркия жастары, Түркиядағы мемлекеттік тіл саясаты туралы, студент жастар туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кездесу соңында «ауылдың алты ауызы» ретінде өз өнерлерін көрсетті.
Сонымен қатар іссапар барысында ғалым оқытушыларға арнап «Орта деңгейге арналған жаттығу, тапсырма түрлері», «Орта ғасыр түркі мұраларының тарихи маңызы», «Қорқыт ата мұрасы» тақырыптарында дәріс оқыды. Танымал қорқыттанушы ғалымның Қорқыт ата туралы келтірген құнды деректері әдебиетші, тілші, тарихшы ғалымдар арасында үлкен қызушылық танытты.
Іс сапар екі университеттің оқу үрдістері жайындағы пікір алмасулармен жалғасып жатты. Әсіресе мемлекеттік тіл кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен өткен «Оқытудағы инновациялық бағыттар» тақырыбындағы дөңгелек үстелде кафедра оқытушыларының оқытудың тұлғаға бағытталған оқыту, топтық жұмыс, сыни тұрғыдан ойлау арқылы оқыту әдістері турасында баяндаған пікірлері Насиле Йылдыз ханымның үлкен қызығушылығын тудырды. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - өте ірі университет. Сондықтан сіздердей білікті мамандармен тәжірибе алмасу мен үшін өте маңызды»,- деді профессор Йылдыз Насиле.
Қазақстан мен Түркия мемлекетінің мызғымыс достастығы тамырын тереңге жайып отыр. Осындай достастық білім беру саласында да өз жалғасын табуда. Соның бір айғағы ретінде әл –Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ студенттерінің Түркия мемлекетінің Гази университетінде білім алып жатқандығын атауға болады. Әл -Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім қуған жастарға барлық мүмкіншіліктер жасайды.
Иманалиева Ғазиза Қынуарбекқызы