Түркиясының жарқын болашағы үшін жанын да аямайтын тұлға
Түркияның билік басына Режеп Тайып Ердоған келгелі бері елдің ішкі және сыртқы саясатында үлкен өзгерістер орын алды. Әсіресе, Ердоған үкіметінің батылдығының арқасында «Эргенекон» деп аталатын төңкерісшіл топтың қылмыстық әрекеттері әшкереленді. Бұл саяси бұлғақты ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бүгінде мұқым әлемнің назары Түркияға ауып отыр. Қазір елуден астам генерал және екі жүзден астам әр түрлі әскери қызметтегі лауазымды тұлғалар мүше болған әйгілі бұл топ сот алдында жауап беруде. Бұдан тыс қаншама саясаткер, қаншама кәсіп иелері және журналистер Эргенеконға қатысы бар деп айыпталуда. Бұл Түркия тарихы үшін, сөз жоқ, үлкен төңкеріс деуге болады. Өйткені күні кешеге дейін әскери адамдарды соттамақ былай тұрсын, оларды сынауға ешкімнің батылы бармайтын. Ердоған басқарып отырған үкімет көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның барлық саласында тамыр жайлап алған осы жасырын ұйыммен күресте жеңіске жетті. Қазір сот ісі әлі жалғасып жатыр. Сөйтіп, бір кездері өзінің премьер-министрін дарға асқан түрік әскерилері енді ауыр жазаға тартылатын түрі бар. Әлбетте, бұл жағдай әскерилердің беделін күрт төмендетті.
Алапат шабуылдарға тойтарыс
Түркияда «Сен жүз жерден билікке келсең де, бәрібір билей алмайсың» деген жазылмаған қағида бар. Ердоған және оның командасының жазылмаған бұл қағиданың қыспағына түсетіні әу бастан белгілі еді. Ердоғанның өзі Ыстамбұлға әкім болып тұрған кезінде патриоттық рухтағы бір өлеңді оқығаны үшін сотталып, түрмеге түсті. Бұл қысым оның болашақ саяси ұстанымын тежеу үшін жасалған-ды. Алайда бұл қысым Ердоғанға тежеу емес, керісінше саяси өміріне серпін берді. Үш ай түрмеде жатып шыққаннан кейін жаңа саяси партия құру үшін білек сыбана іске кірісті. Сөйтіп, 2001 жылдың 14 тамызында «Әділет және Даму» партиясы дүниеге келді. Жаңа саяси ұйымның қолға алған бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып 2002 жылдың 3 қарашасындағы Парламент сайлауында 34,63 пайыз дауыс жинап, Үкімет тізгінін қолға алды. Сөз жоқ, оның бұл биікке көтерілуі Түркия халқы үшін құпия емес, трансферентті һәм бұлтартпастай айқын еді. Осы себептен де Түркиядағы жасырын ұйым оның саяси өміріне кедергі келтіру үшін барын салып бақты. Абдуллах Гүлдің жетекшілігіндегі саяси құрылым Түркия Республикасының 58-ші Үкімет құрамын жасақтағаннан кейін партия көсемінің алдын орайтын саяси барьерлерді жою үшін арнайы заң қабылдады. Осы шешімнен соң Тайып Ердоған 2003 жылдың 15 наурызындағы Сиирт қаласында сайлау кезінде Фадыл Аққүндіз заңсыз әрекет жасағаны үшін оның орнына депутат болып сайланып, Бас уәзірдің тағына қол жеткізді.
«Ер болсаң, бопсаға шыда» демекші, одан кейін де Тайып Ердоған түрлі құқайды бастан кешірді. Әсіресе Еуропа Одағына кіру жөніндегі батыл қадамдары бәсекелестері тарапынан қатты сынға алынды. Түркиядағы адам құқықтарына кедергі келтіретін заңдарды өзгертуі, оппозицияның қатаң сынына ұшырады. Солшыл бағыттағы ұлтшылдар Тайыпқа «Ататүрік бекітіп кеткен Түркия Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық бағытын өзгертпекші» деп кінә тақты. Шынында да, Ердоғанның бұл қадамы оның ұстанымын түсіне алмаған саясаткерлерді қатты алаңдатты.
Алайда Ердоған бәсекелестерінің өзіне қарата айтқан сындарына пысқырып та қараған жоқ. Өзінің қолға алған саяси бағдарламасын батыл іске асыра бастады. Оның әрбір бастамасы оппозиция тарапынан қарсылыққа тап болса, халық тарапынан керісінше қызу қолдау тауып жатты. Сөйтіп, 2004 жылғы жергілікті әкімдерді сайлау науқанында «Әділет және Даму» партиясы 41,67 пайыз дауыс иеленді.
Ердоғанның саяси белсенділігі артып, ел алдындағы абыройы өскен сайын оған қарсы шабуылдар күшейе түсті. Мысалы, Парламент қабылдаған заңдарға Конституциялық сот немесе Президент Ахмет Неждет Сезер вето қойды. Яғни Ердоғанның құлашын кеңге сермеуіне бәсекелестері мүмкіндік бермеуге тырысып бақты.
Әйткенмен, 2007 жылдың көкек айындағы кезекті Парламент сайлауында Тайып Ердоғанның партиясы 46,58 пайыз дауыс жинады. Бұл халықтың күн артқан сайын Ердоғанның реформасына қолдау көрсетіп жатқанын көрсететін еді.
Гүлге жасалған әділетсіздіктің күйреуі
Түркияны жасырын түрде басқарғысы келген әйгілі ұйым мүшелері 2007 жылғы президент сайлауына Ердоғанды қатыстырмау үшін Ыстамбұл, Измир, Анкарада миллиондаған халық қатысқан шерулер ұйымдастырды. Бірақ, бұл акцияны «Ататүрікті ойлау қоғамы», «Зайырлы өмір сүру қоғамы» және кейбір жұмысшылар одағы ұйымдастырғандай болып көрінді. Задында, бұл шеруді бүгінгі таңда сотталып жатқан «Эргенекон» ұйымы қолдан жасаған болатын. Аталмыш ұйым мұнымен ғана шектеліп қойған жоқ, Ердоғанның үзеңгілес серігі Абдуллаһ Гүл 2007 жылғы президент сайлауында көп дауыс иеленіп кетпес үшін түрлі ойындарды ортаға шығарды. Отставкадағы бұрынғы бас прокурор Сабих Қанадоғлы бұрын бірде-бір президентке қойылмаған 550 депутаттың 367-сі депутаттық сайлауға қатысуға тиіс деген ұсыныс жасады. Бұл бастаманы оппозициялық күштер қолдай кетті. Сөйтіп, оппозициялық топ Гүлді Чанқаяға шығармау үшін парламенттегі дауыс беруге қатыспады. Осылайша Гүл Өзалдар сайланған жүйе бойынша сайлана алмады. Есесіне, 27-і көкекте әскери күштер ресми веб сайттарында қатаң мәлімдеме жасап, биліктегі партияға сес көрсетіп, халыққа үрей салды. Әсіресе, А.Гүлдің әйелінің ора-малды болуы, президенттікке үміткер А.Гүлмен Бас уәзірдің партиялас болуы, осы мәлімде мені жасауына түрткі болды. Бұл мәлімдемеде әске-рилер Ататүрік бекіткен зайырлылық жүйесінің қатаң күзетшісі екенін аңғартқысы келді. Жалпы, аталмыш мәлімдеме «егер мәлімдемеден кейін Мәжілістегі партиялар бір мәмілеге келмесе, онда әскерилер билік тізгінін қолға алады» деген мазмұнда жасалды. Алайда, Ердоған әскерилердің ығына жығыла қойған жоқ. Қайсарлық танытып, бұл мәселені референдумға салды. Ал халық президент сайлау жүйесін өзгертетін құқықтық толықтыруларды жақтап 58 пайыз дауыс берді. Осылайша Абдуллаһ Гүлге қарсы жасалған әділетсіздікке халық араша түсті. Конституцияға енген бұл өзгертулер мен толықтырулардаң соң президентті заң шығарушы орган емес, бес жыл мерзімге халық сайлайтын болды. Әсілі, 2007 жылдың 22 шілдесіндегі сайлауда «Әділет және Даму партиясы» халықтан 46,7 пайыз дауыс жинап, Абдуллаһ Гул атқарушы билік тізгінін қайта қолға алған болатын. Осы науқанда қатты қарсылық көрсеткен «Ұлтшыл Әрекет Партиясы» Абдуллаһ Гүлдің кандидатурасын қолдап дауыс бермегенмен, Абдуллаһ Гул соңғы рет мәжілісте президент болып сайланды.
Партияға қауіп төнгенде…
Ердоған мен оның партиясына қарсы шабуылдар желісі осымен тоқтаған жоқ. Жасырын күштер 2008 жылдың 14 нау-рызында тағы да бүлік шығарды. Бұл жолы «Әділет және Даму» партиясына мемлекеттің зайырлылық принциптерін бұзды деген айып тағылды. Бүлікті ұйымдастырушылар партияны жауып, Ердоған, Гүл және партияның белсенді 71 адамын бес жыл бойына саясаттан аластату туралы конституциялық сотқа талап-арыз берді. Осылайша, Түркия тарихында бас прокурор Абдуррахман Ясынкаяның www.google.com, яғни гоогл соты деп аталатын (құжаттарды ғаламтордағы ақпараттар бойынша дайындалғаны үшін осылай аталған) сот процесі басталды. Конституциялық сот 2008 жылы 30 шілдеде партияға қазынадан алатын көмектің елу пайызын қысқарту туралы шешім шығарды. Әсілі, конституциялық соттың 11 мүшесінің 6-ы партияны жабу туралы, төртеуі қазынадан жасалған қаржылай көмекті жартылай қысқарту туралы, біреуі мүлде кінәлауға болмайды деп дауыс берген еді. Осылайша конституциялық соттың бір мүшенің қарсы дауыс беруімен партия аман қалды. Дегенмен, қазынадан берілетін көмек елу пайыз қысқартылды. Алайда, Ердоған мен Гүл мұқалмастан саясат сахнасындағы рөлдерін жалғастыра берді. Астыртын ұйымның бүлігі осылайша жартылай ғана іске асты. Қазір осы бүлікті ұйымдастырғаны үшін Эргенекон ұйымы жауапқа тартылуда.
Эргенекон ұйымы жауапқа қалай тартылды?
Ердоған халықтың сеніміне ие болғанына толық көз жеткізгеннен кейін өзіне қарсы астыртын ұйыммен күресті бастады. 2009 жылдың 12 маусымында Ыстамбұлдың Умрание ауданындағы бір үйде 27 гранат және бомба жасау-да қолданылатын құрал-жабдықтар табылды. Бұл Эргенекон жасамақ болған бүліктің басы ғана болатын. Одан кейін әскери шені жоғары генералдар мен лауазымды тұлғалар, журналистер мен қоғам қайраткерлері, базбір партия жетекшілері осы ұйымның мүшесі екені белгілі болды. Ергенекон ұйымының жасырын һәм заңсыз елді билеп келгені, сондай-ақ, өздеріне қарсы тұрған тұлғаларға қарсы небір қылмыстық әрекеттерге барғаны анықталды. Күн сайын жаңа айғақтар табылып жатты. Жоғары соттың мүшелеріне жа-салған қастандық, «Жұмхұрият» газетіне тасталған бомба, Түркияда тұратын өзге ұлт өкілдеріне жасалған қастандық, «Әділет және Даму» партиясын биліктен тайдыру және «Фетуллаһ Гүленді жою жоспары» деп аталатын істе бір миллион халықты өлтіріп, (әсіресе діндар элитаны және елдегі белсенді азаматтарды) Ыстамбұлдың тарихи мешіттерін бомбалап, оны гректерге жаба салу секілді жоспарларының болғаны белгілі болды. Бұл қатерлі ойындардың артында мүйізі қарағайдай әскерилер, генералдар (Шенер Эрұйғыр, Хуршит Толон, Четин Доған т.б.), сондай-ақ, күні кешеге дейін «Әділет және Даму» партиясына ашық та, жасырын да жаулық жасап келген саясаткерлердің тұрғаны анықталды. Әрине, бұл былық-шылық Ердоғанның «Жылап келген дүниеден кебен киіп кетеміз, сіз мені өліммен қорқытпақшысыз ба?» деген батыл ұстанымынан, таяқтан тайсалмайтын, семсерден сескенбейтін түріктің нағыз патриоттарының арқасында ашылған болатын.
Ергенеконға қатысты күн сайын жаңа істердің басы қылтиюда. Осы күнге дейін ашылған істердің ақ-қарасын бір күнде анықтау мүмкін емес. Осыған қарағанда, сот процесі жақын арада бітпейтін секілді. Әйтсе де, Ердоған билігі бұл күрестің нүктесін қоймаққа бел байлады. Ол үшін халықты жікшілдікке ұрындырып, әскери төңкеріс жасау арқылы жасалған Ата заңды өзгерту керек болып тұр. Ағымдағы жылдың 12 маусымындағы Парламент сайлауында Ердоғанның халқына берген уәдесінің бірі Ата заңды жаңа заманға сай қайта жетілдіру болатын. Яғни билік жүйесін-де шын мәніндегі демократиялық, зайырлық, құқықтық институттарды қалыптастыруды көздеп отыр. Ердоған бұл мақсаттағы жұмыстарын бастап та кетті. Алдағы уақытта оппозициямен келісімге келіп, өз уәдесін орындай ала ма? Әлбетте, оған уақыт төреші. Десек те, халық Ердоғанға зор сенім артып отыр.
Халық ризашылығынан артық ештеңе жоқ!
Үкімет тізгінін қолға алған Ердоғанның командасы өздеріне жасалған осыншама қастандықтарға қарамастан халықтың көңілінен шыға білді. Қалың бұқараның мүддесіне қалтқысыз қызмет етіп, ерекше көзге түсті. Жалпы, Ердоғанның еңбекқорлығын халық Ыстамбұлға әкім болып тұрған кезінде-ақ байқаған еді. Сол кездері Ыстамбұлда ауызсу күніне небәрі 2-3 сағат берілетін. Көшелер қоқысқа толы болатын. Әсіресе Халич деп аталатын аймаққа жақындау мүмкін емес еді. Ыстамбұлға сырттан келген адамдар қайда келгенін білмей аңырайып қалатын. Ердоған әкім болғаннан кейін небәрі екі жыл ішінде Ыстамбұл көрікті қалаға айналып үлгерді. ХХ ғасырдың қалалық мәдениетіне жат көріністерді ада-күде жойды. Ердоғанның осындай қажырлы еңбегі оның атын Анадолыға әйгілеген болатын.
«Әділет және Даму» партиясы билік басына келгеннен кейін де орасан зор істер қолға алынды. Біріншіден, мемлекетке зиян келтіріп жатқан ірі кәсіпорын-дар жекешелендірілді. Кәсіпкерліктің алдындағы бюрократиялық кедергілер мүлде жойылмаса да азайтылды. Өндіруші кәсіпкерлерге экспорттық- импорттық жеңілдіктер жасалды. Осы реформалардың арқасында бүгінде Түркияның экспорты 135 млрд. долларға жетті. Импорт 190 млрд. долларды құрады. 2001 жылы ауыр экономикалық кризисті бастан кешкен Түркия Үкіметі қысқа уақыттың ішінде IMF-ке қарызынан құтылды. Соңғы 3 жылдан бері қарай Түркия экономикасы орташа 8.5-10 пайыз қарқынмен алға жылжуда. Бұл үдемелі өсіммен бүгінде Түркия Қытайдан кейін әлемде 2-орынға шықты.
Ердоған Үкіметі билікке келгенде 1 АҚШ долларының құны 2 миллион түрік лирасына жеткен еді. Ақшаның осыншама құнсыздануы, әрине, алдыңғы Үкіметтің жіберген қатесі болатын. Ердоған түрік лирасынан 6 нөлді алып тастап, 1 долларды 1 лираға теңеді. Экономикалық тұрақтылықтың арқасында бір кездері 85-90 пайызға жеткен инфляция 6-9 пайызға төмендеді. Қымбатшылық тоқтады. 2002 жылдан бері қарай тек жанар-жағармайдың бағасы ғана көтерілді. Ал киім-кешек және азық түліктің бағасы бір қалыпты.
Ердоғанның Үкіметіне халықтың ри-зашылығын білдірген тағы бір сала — ол денсаулық сақтау саласы. Түркияда денсаулықты сақтандыру міндетті саналады. Яғни зейнетақысы төленіп тұрған әрбір азамат тегін емделуге құқылы. Дәрі-дәрмектерді де 80 пайызын жеңілдікпен ала алады. Бұрынғы билік ба-сындағылардың жіберген кем-шіліктерінің кесірінен жыл сайын 8 млрд. долларға жуық мемлекет осы салада зиян шегуші еді. Әсіресе дәрі-дәрмектердің бақылаусыздығы, дәрігерлердің тегін емделетін ауруларды ақыландыруы, сондай-ақ, халықтың «әйтеруір емделсем болды» деп, мәселеге бей-жәй қарауынан парақорлық және ұйымдасқан қыл-мыстық істер етек алған еді. Қазіргі денсаулық сақтау министрі Режеп Ақдағдың зор еңбегінің арқасында бұл мәселелерге үлкен реформалар жасалды. Дәрі-дәрмек сатушы фирмалар мен оппозициялық бағыттағы денсаулық одақтары қаншама қарсылық білдірсе де Режеп Ақдағға ауруға пышақ салудан тайдыра алмады. Ақыр аяғы қазір Түркияда өндіріліп жатқан әрбір дәріге баркот нөмірі берілетін болды. Осылайша зауыттардан шыққан дәрі-дәрмек қай ауруға, қанша рет, қандай дозада берілетіні нақты белгілі болатын жүйе қалыптастырылды. Бұл, сөз жоқ, бұрын ауырмай тұрған ауруға және жеңіл аурумен ауырған адамға қымбат дәрілер жазып берген дәрігерлердің және дәріні сатып жүрген фирмалардың арасындағы қылмысты тоқтатты. Әр қала, аудан және ауылдарда жаңадан ауруханалар мен емханалар ашылды. Мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларда жедел жәрдем жүз пайыз тегін қызмет ететін болды. Түркияда бұрын ауруханалар мемлекеттік және мемлекеттік міндетті сақтандыру ауруханалары деп екіге бөлінетін. Яғни, біреуінде емделіп, келесісінде тегін емделе алмайтын. Бұл жойылып, ауруханалар біріктірілді. Сөйтіп, әр азамат мемлекеттік ауруханаларда тегін емделетін болды. Мінеки, осындай игі істерден соң ауруханаларда апталап, айлап кезек күтіп тұратын халықтың денсаулық жағдайы жақсара бастады.
Ердоғанның тағы бір үлгілі ісі – ол әлеуметтік тұрғын үй жобасы болды. Түркия — жас жұбайлар жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі. Сондықтан тұрғын үй мәселесі өте маңызды іс саналады. Ердоған Үкіметі тұрғын үй мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қабылдап, оны іске асыруда. Қаланың сәнін бұзатын ескі жер үйлерді бұзып, орнына жаңа зәулім ғимараттар салу арқылы халықтың баспанаға деген қажеттілігін қамтамасыз етуде. Соңғы 9 жылдың ішінде Түркияда осы жоба бойынша 500 мың үй салынды. Қолжетімді баға және ұзақ мерзімді төлеу мүмкіндігі беріліп, осы жоба бойынша халық кіре ақысын төлеген сияқты ақшасын төлеп, өз үйін иелене алады. Бұл үйлер қазір де зор сұранысқа ие болуда. Ал Ердоған алдағы бес жылда тағы да 500 мың үй салуға уәде беріп отыр.
Экономиканы дамытуда заманауи инфрақұрылым және тасымалдау мәселесі дұрыс жолға қойылмай, алға басу мүмкін емес. Әсіресе Түркия сияқты таулы аймақтары басым географиялық ортада бұл аса маңызды. Осыған байланысты Анадолыда теміржол жақсы дамымаған еді. Десе де, Түркияның тас жолдары, әсіресе Тұрғыт Озалдың тұсында еуропалық стандарттарға сай салынып, «Автобан» аталатын асфальт жолдарды салу үрдісі басталған болатын. Ердоған өз сөзінде: «Түркия тарихында осы күнге дейін салынған тас жолдан екі есе көп жол салдық», — дейді. Ердоғанның бұл дерегінің рас екеніне Түркияда болған азаматтар куә.
Сондай-ақ, Түркия тарихында алғаш рет Ыстамбұл, Анкара, Ескішехир, Кония қалалары арасында жылдам жүретін жүрдек пойыз қатынай бас-тады. Сағатына 250-300 шақырым жылдамдықпен жүретін бұл пойыздар бүгінде жолаушылардың игілігіне жарап тұр.
Ал түрік әуе жолдарындағы қызмет секторының дамуы күні кешеге дейін жыл сайын мемлекетке тек зиян келтіріп келді. Бұл салаға жасалған кешенді реформадан кейін түрік әуе жолдары компаниясы бүгінде әлемнің 115 еліне тасымалдау қызметін жасайды. Сондай-ақ, сапалы қызмет көрсету тұрғысынан дүниежүзі бойынша екінші орынға шықты. Бұрын Түркияның үлкен қалаларына ғана ұшатын ұшақтар қазір ел аумағындағы қалалардың 50 пайызына дейін ұшатын болды. Түрік әуе жолдары компаниясы бұл межені алдағы 5 жылда 85 пайызға көтеруді жоспарлап отыр.
Ердоғанның ауыз толтырып айтарлық мақтаулы ісінің бірі — оқу-ағарту саласы. Күні кешеге дейін тек қана үлкен қалаларда салынған университеттер бүгінде Түркияның барлық қалаларында бар десек, асыра айтқандық емес. Яғни, 74 миллион халқы бар Түркияда 2002 жылға дейін елуге жетпейтін университет бар болса, бүгінде ЖОО саны 200-ге жуықтады. Осы реформа қолға алынар шақта елдегі зиялы қауым Ердоғанды қатты сынға алды. Ал, Ердоған болса, «университеттерге ұстаз керек, оқытушы керек, мәдениет жоқ жерде университет ашуға болмайды» дейтін бейпіл ауыздарға сөзбен емес, іспен жауабын берді. Бүгінде жоғары оқу орындарының алдындағы кедергілер біртіндеп жойылып, университеттер саяси идеологиядан тазартылып, таза білім беретін ошақтарға айналуда. Осының нәтижесінде әлемнің ең үздік оқу орындарының қатарында түрік университеттері де көріне бастады.
Орта білім беру саласында да талай игі істер қолға алынды. Біріншіден, орта білім 12 жылдық білім беруге көшірілді. Мектепке бара жатқан әрбір оқушының оқитын бүкіл кітаптары мемлекет тарапынан тегін берілетін болды. Ата-аналарға әрбір жағдайы жоқ қыз бала үшін ай сайын стипендия төлене бастады. (Бұл ақша оқушының жағдайына қарай, орташа есеппен, ай сайын 3,5 мың теңге көлемінде беріледі.). Сонымен бірге, көптеген жаңа мектептер ашылды. Мұғалім жетіспейтін жерлерге мұғалімдер жіберілді. Электронды оқу құралдары оқушыға тегін беріле бастады. Яғни, оқушы бұдан былай мектепке барарда кітап арқаламай, электронды кітабымен баратын болды.
Түйін:
Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі таңда әрбір жылы 25 миллиард доллар табысқа қол жеткізіп отырған туризм саласымен Түркия экономикасы Еуропадағы 6-шы, әлемдегі 15-ші орынға көтерілді. Осы қарқынын жоймаса, алдағы бес жылда әлемнің экономикасы дамыған 10 мемлекетінің біріне айналмақ. Лайым, соған жеткізсін деп тілейміз!
13.10.2021 |
Ахмет Аляз, «Қазақстан-ZAMAN» еларалық газетінің бас директоры.
DK:http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=54373