Іздеу
Тамыз 10, 2016
  • :
  • :

ТОНЫКӨК БАБАНЫҢ КӨРЕГЕНДІГІ немесе БОДАНДЫҚҚА ҚҰЛШЫНЫСТЫҢ АҚЫРЫ

Мұхтар Шаханов

І.

Қартаю ылғи ортаю емес, ортайған жанның – соры көп,
Қартайған сайын қанатын қомдап, мазмұндана түсті Тоныкөк.
Қанша рет жаудан мекенін қорғай, өліммен келген бетпе-бет,
Мазмұнды шақта тәуелді болмай қалуға қанша от керек?
Осындай қарттық салтанат құрғай, бұл неткен өрлік, жанымау,
Әділдік үшін қағанның өзін қаған екен деп танымау.
Қаптаған жауын ақылмен емес, қара күшімен жасқаған,
Қапаған көсем – азулы түрік тайпаларындағы бас қаған
Жеңіспен сырттан оралған кезде шоқтанып дара кескіні,
«Тоныкөк баба шақырып жатыр» деген бір хабар естіді.
Көңілге секем алғаныменен, бармауға жоқ-ты амалы,
Бұл қайсар қарттың әр сөзі елде алтыннан да артық бағалы…
Қағанның берген сәлемін алмай бастады сөзін Тоныкөк:
– Абыройсыз басшы атану оңай әрі оның мұңлы жолы көп…
Ежелден бізге жау елдің үшке жаңадан толған гүл құрақ
Сәбиін түйе табаныңменен таптапсың, езіп, мыжғылап.
Және сол тайпа көсемінің сен толғатып жатқан келінін
Қылышпен жарып, баласын турап, қорлапсың гүлзар өмірін.
Рас па бұл сөз? – деп түнерді ол.
– Иә, рас, – деді Қапаған, –
Мақалды қалай мойындамаймыз, жол тартқан сансыз атадан?:
«Жауын аяған жаралы болмақ».
Даналық сөз бұл, арысым,
Көршілес елдер біздерді әркез қатал күшімізден танысын!
Осынау қапан атағымменен әскерді өзім басқардым,
Найзамен, қанмен қасқита жаздым әр жолын ерлік дастанның.
Сізден мен мақтау дәметіп едім, алдымнан шықты налаңыз…
Ел қарты ерді бағаламаса, шындықты қайдан табамыз?

– Шайқассаң дағы қанқұйлы жаумен, адам екеніңді ұмытпа,
Ізгілік сезім қай жағдайда да тұрмауы тиіс құлыпта! –
деді қарт дана, – Батырлық деген тасырлық емес білгенге,
Тасына берме, әскерің бүгін соңыңнан жөңкіп жүргенге.
Үлгі еттің нені көсемі нәрсіз жеңілген жаудың халқына,
Зұлымдығыңмен кір жақтың лезде еліңнің бедел-парқына.
Жүз жерден, мейлі, мадақталса да, ерлік те, тіпті білім де,
Рухқа тамыр жібере алмаса, тудырар қауіп түбінде…
– Қытайдың әйел патшасының ұлы қызыма сырттай көз салып,
Кейіннен тіпті қонаққа келіп, емінген кезде сөз салып,
Күлтегін, Білгемен бірлесе жүріп, жолыма қақпан құрдыңыз, –
деп Қапаған ашуға басты – бағымды кейін бұрдыңыз.
Бағынбай ғұмыр кеше алмаймыз ғой…
Еліміз біздің, расында,
Мысыққа ұқсас жолбарыс-Қытай мемлекетінің қасында…
– Белгілі бәрі, – деді қарт дана, – бодандыққа бастап еліңді,
Ой шырмар жойқын сатқындық іске буып ең сонда беліңді.
Қарсы топ құрдық, мәжбүрледік те, бағытыңнан кері қайтуға,
Ол үшін тіпті тиісті едің сен біздерге алғыс айтуға!

– Жоқ, айта алман! – деді Қапаған, – сенімім, санам өзімде,
Қытайсыз жеке күн кеше алмаймыз… зор сақтық жатыр
сөзімде.
Күшті елдің егер тілін меңгерсек, бұрылар бізге көңілі,
Көңілін бұрсақ түрік тайпаларының қауіпсіздене түсер өмірі.
Ол елге бодан болу да бақыт… көрерсіз оны кезінде…
Бүркіттің күші тырнағында болса, ал менің күшім – төзімде!..
– Түсіндім, – деді Тоныкөк қария, – ет кессе де енді етіңнен,
Мәңгүрттенуге жол алыпсың-ау, қайтпассың бағыт-бетіңнен.
Ұл-қызың қытай тілінде сайрап,
Ойыңды әркез қытай боп байлап,
Жағындың сарай маңындағыларға бірнеше дүркін сый беріп,
Жақында қытай ақсүйегінің қызына да алдың үйленіп.
Ұғынбадың-ау, тәуелсіз тіл мен тәуелсіз рух бағасын,
Сірә, сен қытай сарайындағы күлкілі зат боп қаласың…

ІІ.
Сеңдей жылжып… сол жеті жүз он алтыншы жыл келді,
Күзгі ызғырық бір-ақ түнде жайпап өтті гүлдерді.
Бодандыққа мойынсынбау болып басты айқасы,
Зорлық пен рух тірескен соң…
Кескілескен күрестен соң
Қапағанға тізе бүкті өр байырқы тайпасы.

Тек төрт адам аман шығып, паналады орманға.
…Толы өзені жағасында, қол артқандай арманға,
Көңлі тасып, серуенде қаған жалғыз қалғанда,
Мұңын қосқан іріктеліп,
Әлгі төртеу бұғып келіп,
Қасиетсіз қанішердің басын алды сол маңда…
Басты апарып олар қытай елшісіне ұсынды,
Елші бірден мұнда не сыр жатқандығын түсінді.
Сосын, басты жібекке орап әміршіге жеткізді,
Ал әмірші қаған ісін ой-електен өткізді:
– Бұл бейшара жанын салған бізге бодан болуға,
Сондықтан да тиіс сарай қызметінде қалуға.
Ой, әттең-ай, адам еді ыңғайлы әрі тиімді,
Қытай десе ықыласы елден-ерек тасыған.
Амал қанша, енді менің көрсін соңғы сыйымды!..
Ол шеберін шақыртты да: «Қапағанның басынан
Той-жиында шарап ішер ыдыс соқ!» – деп бұйырды.

Сөйтіп дана Тоныкөктің дөп келді бар айтқаны,
Сорлы қаған мекеніне мәңгілікке қайтпады.
Талай билік ауысқанмен, қалған емес іссіз бұл.
Естелік боп мұң мен мазақ өтінде,
Шарап ішер әсем ыдыс ретінде
Император сарайында қызмет етті үш жүз жыл…
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Бірде елі тап болғанда азапты, ауыр заманға,
Ұлы Түрік қағанаты жаншылғанда табанға,
Император мақтанышпен сөз сөйледі толғанып,
Шарап құйған мұның басын сәл жирене қолға алып…
ІІІ.
Қай кезде де талғамыңа байланысты кеңісің,
Шындық… әлде сатқындықпен ұлғайды ма өрісің?
Қатал уақыт қатал сұрақ әзірледі сен үшін:
«ЕРТЕҢ ЖЕҢІС САНАЛА МА БҮГІНГІ ҮЛКЕН ЖЕҢІСІҢ?
ҚЫЗМЕТ ЕТТІҢ ҚАЛАЙ,
ҚАЙТІП,
КІМГЕ
ЖӘНЕ НЕ ҮШІН?»

Дерек: http://m-shahanov.kz/?p=654




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir