Тіпті, тоталитарлық дәуірде түркология түркі халықтарын тұтастандыруға емес, керісінше тарихи жәдігерлерді түркінің әр баласына еншілеп беріп, ер түріктің ұрпағын бір-бірімен қырғи-қабақ ететін құралға айналды. Империяға қызмет еткен түрколог мамандар бай шежіремізді талан-таражға салып, өз аймағында туған тұлғаларды өз ұлтына жатқызып, бір атаның балалары қырық-пышақ болып бөлінетін жағдайға келді. Алайда, тәуелсіздік алуымызбен түркология түркінің мүддесі үшін қызмет ететін бағытқа бұрылды. Бүгінгі құрылтайдың барысында түркітанудың тек түркінің біртұтастығын көздейтін бірегей ғылым екені айқын аңғарылды.
Конгрестің ашылу салтанатында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің президенті Лесбек Ташимов сөз сөйлеп, игі жақсыларымыздың рухы дамыл тапқан қасиетті Түркістан қаласында орналасқан білім ордасының ашылуының негізгі мақсаты түркі халықтарының басын біріктіру екенін алға тартты. Осыған орай Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті әрбір екі жыл сайын түркінің 29 ұлтының басын құрайтын Түркология конгресін өткізіп тұруды қолға алғанын тілге тиек етті. Өзі басқарып отырған данышпан бабамыздың атындағы білім ордасының дәйім осы бағытта талмай қызмет ете беретініне тоқталып өтті.
Беташардан кейін сөз кезегі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Өкілетті Кеңесінің Төрағасы Осман Хоратаға тиді. Осман мырза түркі халықтарының интеграциясын арттыруда саяси-экономикалық байланысты ғана емес, мәдени һәм ғылым саласындағы да барыс-келіске екпін беру керектігіне назар аударды. Осы тұрғыда, өткізіліп отырған Түркология конгресінің түркі халықтарының ғаламдық үлкен саяси күшке айналуына баспалдақ бола алатынын алға тартты.
Бұдан кейін сөздің реті түркінің «Қорқыт бабасы » атанған Рахманқұл Бердібай ақсақалға берілді. Ақсақал өткен жылы Түркияның Қараман қаласында өткен «Түрік дүниесіндегі ортақ қарым-қатынас тілі» атты симпозиумнан алған әсерімен бөлісіп, түркі халықтарының басын біріктіруде тілдің басты фактор екеніне тоқталды. Ортақ тіл мен графика қалыптаспай, түркі халықтарының тұтастығын қамтамасыз ету мүмкін еместігін көбірек қозғады. Осыған байланысты, Батыс түрік халықтарының ортақ тілі бүгінгі түрік тілі бола алатынын, ал Шығыс түрік халықтарының ортақ тілі қыпшақ, яғни қазақ тілі бола алатынына тұжырым жасады.
Балқантау сілемінен келген венгриялық зерттеуші Жанос Сипос «Түркі халықтарының салыстырмалы
музыкасы» атты тақырыпта баяндама жасады. Мажар бауырымыз түркінің этномузыкасы туралы терең толғанып, дәстүрлі музыкамыздан тұтас түркілік рухтың іздерін көруге болатынын алға тартты.
Татарстаннан келген Фануза Нуриева Орта ғасырлардағы жазба әдеби тілдің бітім-болмысы хақындағы ойларын ортаға салды. Ол Алтын Орда дәуірінде қыпшақ тілінің қарым-қатынас тілі болғанын, сондай-ақ, қыпшақ, қарлұқ, оғыз тіліне тән терминдердің маңызды рөл атқарғанына тоқталып өтті.
Моңғолиядан келген Тсенд Баттулға «Моңғолиядағы ескі түрік ескерткіштері мен жазуларын зерттеудің нәтижелері» атты тақырыпта баяндама оқып, балбал тастар мен тас жазулардың сырына үңілді. Моңғол үстіртінде түркінің бай тарихы мен түркі өркениетінің іздерін көруге болатынын айтып, осы бағыттағы ізденістерін ортаға салып, өзінің ой-тұжырымымен бөлісті.
Ашылу салтанатынан кейін конгресс төрт секцияға бөлініп, жұмысын жалғастырды. Тіл, рунология секциясы түркі халықтарының өзара ықпалдастығында тілдің аса маңызды екеніне мән беріп өтті. Осы тұрғыда, Ева Жсаки, Сабыр Мұрат, Расим Өзүйрек, Қаржаубай Сартқожаұлы, Исмайыл Доған, Бекжан Орынбай, Луиза Самситова, Нәпіл Базылхан, Александр Кузнецов т.б. зерттеушілердің баяндамасы әсерлі шықты. Ал әдебиет, фольклор секциясы түркінің әдебиет әлеміндегі түйінді мәселелерді орынды көтере білді. Бұл бөлімде Елфина Сыбғатуллина, Өндер Гөшкун, Ясиын Құмарұлы, Нариман Сейтяьяев,
Айгүл Смақова, Ольга Терентьева, Ахмет Аляздың жасаған баяндамалары көңілден шықты. Тарих секциясы бойынша Ахмет Незихи Туран, Мертхан Дүндар, Берекет Кәрібаев, Александр Гаркавец, Абдулуахап Қара, Ахмет Ташағыл т.б. ғалымдар тарих қатпарында жатқан көкейтесті мәселелерді көтерді. Философия, өнер секциясында Досай Кенжетай, Кемал Реха Кавас, Дандай Ысқақов, Мехмет Уғур Екинжи, Алтай Тайжанов, Серік Нұрмұратов, Оразбек Нұсқабаев, Сайран Әбушәріп, Зікірия Жандарбек т.б. зерттеушілер көңіл қойнауында жатқан тұжырымды ойларын ортаға салды. Архeология және этнология саласы бойынша секция жұмысы белгілі архeолог Сейден Жолдасбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналды. Осы тұрғыда Мұхтар Қожа, Хазірет Тұрсын, Берекет Кәрібаев т.б. ғалымдар мазмұнды баяндамалар жасады.
Екі күнге созылған құрылтайда Гази Университетінің «Түрік әуендері» хоры, сондай-ақ, ХҚТУ-дің Би Сұлтан би тобы мен Шереф Ташлыова өз өнерлерін ортаға салып, қонақтар думанды кештің куәсі болды. Сонымен бірге, құрылтай қонақтары Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелеріне зиярат жасап, рухани тыныс алды.
Құрылтай соңында делегаттар ортақ қарар қабылдап, түркология конгресін дәстүрлі түрде өткізумен түркі халықтарының рухани-мәдени ынтымағын арттыруға байлам жасады. |