Tuesday, June 16, 2021

Тамсандырған Түркия 

ТІЗГІНҚАҒАР: Қалың қараңғы¬лықты қақ жарған алып ұшақ бізді қанатына қондырып алып, Анадолы еліне қарай бет бұрды. Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайына келіп қонғанымызда Түркияда таң енді себезгілеп атып келе жатқан. Ал бұл уақытта біздің байтақта түс әлеті еді.
Ататүрік әуежайы қозы көш жерді алып жатыр екен. Білетіндердің айтуынша, әрбір минут сайын аталған әуежайға бір ұшақ қонып, бір ұшақ ұшып кететін көрінеді. Мәрмәр теңізінің ернеуіне орналасқан алып әуежайды көргенде Ыстамбұлдағы қайнаған тіршіліктің қандай екенін бірден сезінгендейсің. 17 миллион халықты құшағына сыйдырып жатқан қала құмырсқаның илеуіндей болып таң білінгеннен-ақ тіршілігін бастап кеткен.
Біздің негізгі бағытымыз Ыстамбұл емес-тін. Барар жеріміз – Анталья. Ататүрік әуежайында ат ауыстырдық. Бес сағаттық жолсоқты сапарымыз тағы бір сағатқа созылмақ. Дегенмен аспанға көтерілуіміз мұң болды. Антальяға апаратын ұшақ бір жүріп, бір тоқтайды. Иненің жасуындай ғана ұшақ терезесінен әр ғимаратта желбіреген түрік туын көреміз. Онан соң қаланың әр жеріндегі мешіт мұнаралары алыстан көз тартады. Дәл сол сәтте өзіміздің мұсылман мемлекетінде жүргенімізді анық сездік. Өзімізбен салыстырамыз ғой баяғы. Алматыда мешіт мұнарасы көрінбейді екен ғой. «Сонда сырттан келген ел қандай мемлекетке келдім деп ойлайды» деген ой санада жылт етіп өтті. Ұшу алаңына жақындағанда байқадық, біздің алдымызда сегіз ұшақ тұр екен. Бағанадан бері бір жүріп, бір тоқтап тұрғаны¬мыз¬дың себебі анықталды. Біз ұшақтың кептелісінде тұрмыз. Таңғалғаннан таң¬дайымыз тақ ете қалды. Бұл біз үшін тосын көрініс еді. Алматыдағы көлік кептелісінде тұрғанымызда «ұшақтың кептелісі болады» деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Уақыты жеткенде біздің ұшақ та аспанға көтерілді. Мәрмәр теңізінің үстінде қалықтап кетіп барамыз. Ұшу алаңына қарадық. Тұп-тура 10 ұшақ қаздың баласындай қаз-қатар тізіліп тұр. Ал бір ұшақ тақтайдай жолда тайдай желіп кетіп бара жатыр.
Торрос тауы мен Қара теңіздің ортасында жатқан Антальяға да табанымыз тиді. Алатаудың басында жатқан ақ қарға көзіміз әбден үйренгеннен кейін бе, Торрос тауы жалаңаш жатқандай болып елестеді. Шыршасы мен қарағайы сыңсып тұрса да. Ал Ақ теңіз ақ көбігін шашып, суға түсу маусымының әлі аяқталмаға¬нын білдіріп жатыр. Антальяда 2 миллион халық тұрады екен. Біздің білуімізше, Алматы халқының саны да осыған жетті. Дегенмен Антальяда біздегідей кептеліс жоқ. Сымдай тартылған көшелерінен ескі-құсқы, өкпесін сүйреткен көлік көрмейсің. Бәрі дерлік – зауыттан жаңа шыққан темір тұлпарлар. Біздің байшыкештер міне¬тін «крузак», «майбах» секілді «крутой» көлік не Антальяда жүрмейді, не олар мінбейді. Әсілі, түрік халқы үнемдеуге, артық ысырап жасамауға әбден үйренсе керек. Сондықтан оларда біздегідей үл¬кен мәшиненің алдында маңғазданып оты¬ру «мода» емес.
Антальяға жеткенімізде әлі 80 ша¬қырым жол жүретініміз белгілі болды. Тоқтар жеріміз – Текирова жағажайы екен. «Жазған құлда жазық жоқ». Оған да көндік. Тау жағалап келеміз. Жолды таудың жақпарларын құлатып салғаны бірден білінеді. Өйткені төбеден қой тас¬тар төніп тұр. Ал тауды тесіп туннель салғанын көргенімізде, Алматы метросы еске бірден оралды. Жиырма жылдан бері бір метроны бітіре алмай келеміз. Ал түрік ағайындар тауды тесіп, туннель салып тастаған…
Жолдың жағасында өсіп тұрған апельсин, мандарин, бананды қызықтап отырып Текироваға да жеттік. Әлемдік брендке айналған «Rixos» қонақүйіне келіп тоқтадық. Теңізі тулап, балығы шулап, экзотикалық ағаштары самсап тұрған бұл аймақты жердегі жұмақтың көлеңкесі демей көріңіз.
Оттың амандығы –
Отанның беріктігі
Антальяның Текирова ауданын¬да орналасқан «Rixos» кешенінде Түркия Журналистер мен жазушылар қорының ұйымдастыруымен екі күндік «Отбасы және әлем» атты халықаралық конференция, сондай-ақ «Диалог Еуразия» Платформасының ІХ кеңейтілген жиналысы өтті. Аталмыш жиынға жер-жаһанды мекен еткен 54 елден 700-ге жуық делегаттар келіп қатысты. Олардың қатарында елшілер, министрлер, депутаттар, әкімдер, өнер және мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен журналистер де болды. Қазақстаннан бұл жиынға бас-аяғы 60-қа тарта делегат барды. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғарифолла Есім, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Елбасының тікелей нұсқауымен құрылған Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбырай, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы секілді азаматтармен қатар ғалымдар, өнер және білім қайраткерлері, ақын-жазушылар және қаламы қарымды журналистер Антальяға аяқ басты.
Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Осынау бірауыз сөздің құдіретін айшықтаған жиын болды бұл. Түркияның Журналистер мен жазушылар қоры жыл сайын белгілі бір тақырыпты алып, соның шеңберінде әлемнің әр шетіндегі ғалымдарды шақырып, ой алмасады екен. Биылғы жиын отбасына арналды.
Әгәрәки, аталған тақырыпқа ғалам¬дық тұрғыдан көз жіберер болсақ: онда жер бетіндегі адамзаттың бәрі – бір атаның баласы. Себебі бәріміз Адам ата мен Хауа анадан тарадық. Бір ата¬ның баласы дейтініміз де сондықтан (бұл үшін бізді ешкім космополит деп жазғырмас). Сол бір ата мен бір анадан тараған ұрпақ бүгінде түрлі ұлт пен ұлысқа бөлініп, тіл ерекшеліктері пайда болып, дін ұстану жағдайы әртүрлі болғанымен, түптің түбінде түбіміздің бір екенін мойындамасқа лаж кем. «Отбасы және әлем» атты халықаралық конференцияның айтары да осы болса керек. Мінберден сөз алып, ортаға қамшы тастағандардың басым бөлігі адамзат баласының азып бара жатқанын, жер бетінде қатыгездіктің көбейгенін тілге тиек етті. Жер бетіндегі Соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) «Үйленіңдер. Көбейіңдер. Мен ақыретте үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» деген екен. Дегенмен бүгінде әлем бойынша бала туудан гөрі, адам өлімі көбейіп кеткен. Жыл өткен сайын маскүнемдік, нашақорлық, айуандық белең алып барады. Бұл піл сауырлы қара жерді мекен еткен әрбір ұлт пен ұлысқа тән құбылыс екенін осы жиыннан анық аңғардық. Өйткені сөз алушылардың басым бөлігі осы төңіректе ой шиырлады. Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Нина Установа өз еліндегі жағдайды айтқанда, қос етегі жасқа толды.
– Соңғы жылдардың бедерінде Ресейде бала туу тіпті төмендеп кетті. Оның ең негізгі себебі азаматтық неке институтында жатыр. Ресейде азаматтық некеге тұрушылар саны жыл өткен сайын ар¬тып барады. Ал азаматтық некеге тұрғандар бала табуды кейінге ысыра береді. Онан бөлек соңғы жылдары Ресейде адам өлімі артып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, кейінгі жылдарда орыс халқы 1 миллионға кеміген. Маскүнемдік жыл артқан сайын белең алып барады. Мұның сыртында көптеген адамда тұрақты жұ¬мыс жоқ. Баспана мәселелерін дұрыс реттей алмайды. Соның салдарынан жас отбасылардың тағдыр тауқыметіне шыдай алмай, ажырасып жатқандары көп. Осыдан кейін «Жетімдер үйінің» неліктен көбейіп жатқанын сұрамасаңыздар да болады, – деді.
Аталмыш конференцияның ашылу салтанатында Түркияның Мемлекеттік министрі Селма Әлия Каваф сөз сөйлеп, әлемнің әр түкпірінен келген делегаттарды құттықтады. Сонымен қатар Антальяның губернаторы Мұстафа Акайдын мырза өзі басқарып отырған аймақтың демо¬графиялық жағдайын нақты сандармен әспеттеп, тұшымды баяндама жасады.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Диалог Еуразия» Платфор¬масының төрағасы Нұрлан Оразалиннің сөзі де тартымды шықты.
– Мемлекеттің бауыры бүтін болса – отыңның басы, ошағыңның бұты аман болады. Мемлекеттен отбасын әсте бөліп қарау мүмкін емес. Осынау жарық дүниеде 7 миллиардқа таяу адам өмір сүруде. Олар – Жер дейтін алып отбасы¬ның бір-бір мүшелері. Отбасының тағды¬ры – адамзатты алаңдатуға тиіс. Қазақ¬тың ұлы ақыны, ұлттың ұстазына айнал¬ған Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ғақлиясы бар. Ұлы ойшылдың ХІХ ғасырдың екінші жартысында айтқан, күллі адам баласын мейірімге, кішілікке, кісілікке шақырған даналығы ХХІ ғасырдың күнтәртібінде әлі ілініп тұр. Жұмыр жердің бетінде өшпестей болып қалып қойған қара түстер – сол мейірімсіздіктің белгілері. Сондықтан осынау адамзат баласының дамуында ерекше орын алатын отбасы тақырыбына арналған халықаралық конференцияға табыс тілеймін, – деді ол.
Салтанатты ашылудан соң әлемнің әр тарабынан келген зиялылар төрт секцияға бөлініп, отбасы институтының бүге-ші¬гесіне дейін талқылап, тың¬даулар өткізді. Алты құрлықтан келген зиялылардың қызу жұмысын Түркияның мемлекеттік «TRT» телеарнасы тікелей эфир арқылы күллі түрік халқына жеткізіп жатты. АҚШ, Еуропа һәм Азия құрлығынан келген ғалымдар мен жазушылар қазақтың қаршадай қызы, психолог-ғалым Майра Қабақованың баяндамасын ерекше ілтипатпен қарсы алды. Майра ханым жеті ата институтын, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықта жасалатын ырым-тыйым, салт-дәстүрлерін санамалап шыққан. Жиынға келген қонақтар бұған таңырқай қарап, еліте тыңдады. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүр әлемнің барлық халқында болған екен. Дегенмен ол қазір қазақ пен қырғызда ғана сақталған. Конференцияға қатысқан мүйзі қарағайдай зиялы қауым өздерінің айырылып, көз жазып қалған дәстүрін қазақтың осы уақытқа дейін ұстанып келе жатқанын естіп, ерекше тебіренді.
«Отбасы және әлем» халықаралық конференциясы екі күнге созылды. Конференция барысында адамзат дамуына қатысты түрлі көрікті ой айтылды, көркем баяндамалар жасалды.
Анталья аспанында
қалықтаған қара өлең
Екі күнге созылған халықаралық кон¬ференцияның соңын ала қа¬зақстандық делегация мүше¬ле¬рі үшін қуанышты жағдай орын алды. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалин¬нің «Қо第дағы шоқ» («Yanık Yurek») кітабы¬ның тү¬рік¬ше тәржімесінің тұсаукесер рәсімі өтті.
«Диалог Еуразия» Платформасының бастамасымен осыған дейін түркі елде¬рі ақын-жазушыларының шығармалары түрік тіліне аударылды. Өзімізге етене таныс Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтің туындылары да осыған дейін Платформаның тәржімелеуімен түрік оқырмандарына жеткен. Осыдан бір жыл бұрын сенатор Ғарифолла Есімнің «Адам-зат» атты пәлсапалық-тұжырымдық еңбегі түрік тіліне аударылып, оның да тұсаукесері Түркияда өткен болатын. Ал енді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Қоздағы шоқ» атты кітабының тұсаукесері өтіп жатыр. Тұсаукесер рәсімін Әзірбайжан халқының даңқты ұлы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Диалог Еуразия» Платформасының Құрметті төрағасы Анар Рза жүргізді. Жалпы, Оразалиннің шығармашылығы туралы Қазақстанда аз айтылмайды. Дегенмен Нұрлан Мырқасымұлының шығармашылығы, қайраткерлігі, адамгершілігі туралы сырт көздің сөз еткені ерекше әсер ететінін жасыра алмаймыз. Тәжікстан Жазушылар одағының төрағасы Мехмон Бахти, Молдова Жазушылар одағының төрағасы Борис Мариан, Еуразия Жазушылар одағының басшысы Якуб Делиомароғлы, Украинаның белгілі ақыны Иван Драч, Қырғызстанның көрнекті драматургі Сұлтан Раев, Қазақстаннан Ақұштап Бақтыгереева сынды ақын-жазушылар Оразалин шығармашылығы турасындағы тұшымды ойларымен бөлісіп, әдемі де сырлы естеліктерін арнады. Бұл арада түріктің талантты қаламгері, «Диалог Еуразия» Платформасының тең төрағасы Харун Токак мырзаның баяндамасы тұсаукесер рәсіміне қатысқан жұртшылықты дән риза еткенін айта кету керек. Харун Токак Оразалин өлеңдерін түрікше оқып, әр өлеңге жеке тоқталып, мән-мағынасына, ішкі ағысына терең бойлап, тартымды баяндама жасады. Кеш соңында Нұрлан Оразалин өз шығармашылығынан қазақ және орыс тіліндегі өлеңдерін оқыды. Сөйтіп, Ақ теңіздің жағасында Алаш баласының өлеңі оқылып, Анталья аспанында қазақтың қара өлеңі қалықтады.
Түркі елдері басшыларының бастамасымен құрылған ТҮРКСОЙ ұйымының штаб-пәтері Түркия жерінде екені белгілі. Аталған ұйымды бүгінде қоғам және мәдениет қайраткері Дүйсен Қасейі¬нов басқарады. Қасейінов мырза Түркияда қарап жатпапты. Түркі халықтарының талантты жастарын жиып, ТҮРКСОЙ-дың симфониялық оркестрін құрыпты. Тұсаукесер рәсімінен соң 54 елден келген делегаттар аталған оркестрдің концертін тамашалады. Бір сағатқа таяу болған концертті жұрт табанынан тік тұрып көрді. Қыбыр еткен адам болмады. Бұл да біздің мерейімізді бір өсіріп тастады. Өйткені оркестрді құрып отырған – қазақ баласы. Сонымен қатар оркестрдің дирижері өзіміздің отандасымыз Әнуар Акбаров екенін айта кеткен ләзім.
Жиынның үшінші күні «Диалог Еуразия» Платформасының ІХ кеңейтілген жиналысына арналды. Соңғы екі жылда Платформаға Қазақстанның төрағалық еткені белгілі. Жиын барысында екі жылда атқарылған ауқымды істерге шолу жасалып, төраға ретінде Нұрлан Оразалиннің есебі тыңдалды. Осы екі жылда қыруар шаруа атқарылғанына көз жетті. Атап айтқанда, биылғы жылы Астанада өткен халықаралық форум, Бішкек конференциясы, Киевте өткен дөңгелек үстел және т.б. Әрі нақты, әрі тұшымды баяндамадан соң Нұрлан Оразалин төрағалықты өткізіп беретінін мәлімдеді.
Осыдан соң жиналысты жүргізіп отырған «Диалог Еуразия» Платфор¬масының бас хатшысы Исмаил Тас ұсыныс-тілек, Платформаның алдағы жұмысын жүйелеу туралы ойларға кезек берілетінін айтты. Ресейлік түрколог, академик Ростислав Рыбаков, грузиялық тарихшы Гиули Аласания, Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рза, Платформаның тең төрағасы Харун Токак, Түркия Парламентінің депутаты, саясаткер Идрис Наимчах, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғарифолла Есім, Украина Президентінің кеңесшісі Сергей Тележин, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтер жер жаһандағы саяси қақтығыстар турасында, мемлекеттер арасындағы байланыс¬тар жайында, адамзат дамуын ілгері¬ле¬ту хақында, түрлі әлеуметтік түйткілдер туралы айта келіп, «Диалог Еуразия» Платформасының жұмысын жүйелеу хақында нақты ұсыныстармен шықты. Жиын барысында «ДА» Платформасының көкжиегі тағы бір елмен кеңейді. Бұған дейін бақылаушы ретінде келген Эстония мемлекеті Платформаға мүшелікке өтуге ниет білдірді. Ашық дауысқа салу барысында Эстония Платформаның мүшелігіне қабылданды.
«Диалог Еуразия» Платформасына екі жыл сайын жаңа төраға сайланып оты¬рады. Осыдан екі жыл бұрын төрағалық тізгінді Қазақстанның алғанын барша жұрт біледі. Н.Оразалин төрағалықты жиын үстінде өткізіп берді. Енді жаңа төраға сайлайтын мезет жетті. Қазақстан ұлттық комитетінің жетекшісі, сенатор Ғарифолла Есім жаңа төрағалыққа Украинаның, оның ішінде Владимир Сергейчуктің лайық екенін айтып, ортаға ұсыныс тастады. Сенатордың ұсынысын Ростислав Рыбаков табан астында қолдады. Сондай-ақ ұлттық комитет мүшелері де аталған ұсынысқа ешқандай қарсылықтарын білдірген жоқ. Сонымен кандидатура ашық дауысқа салынды. Сөйтіп, В.Сергейчук «Диалог Еуразия» Платформасының алдағы екі жылдағы жұмысын жүргізетін болып келісілді.
ТІЗГІНТАРТАР: Ақ теңіздің жаға¬сындағы бес күн естен енді кетпейтін шығар. Айналаны қар басып, қәрі құда қаһарына мінгенде теңіздің ащы суына шомылып, шекемізді күніне қыздырдық. Көшеде өсіп тұрған апельсинін жұлып жеп, елге тәбәрік ретінде ала келдік. Тақтайдай жолымен жүріп, ұшақтың кептелісін көрдік. «Атың барда жер таны желіп жүріп» демекші, түрік жерін танып қайттық. Қарт құрлықтың бар адамын өз жерінде демалдырып, бюджетінің басым бөлігін туризмнен түскен пайдадан құрап отырғанын біліп келдік. Бір грамм мұнай шығармаса да, бақуатты өмір сүріп жатқандарына риза болып тарқастық. Ең бастысы, Сырдың бойынан ауған түбі бір түрік жұртының Еуропа елінде 75 миллионға жетіп, дамыған мемлекетке айналғанын көрдік…
Ержан БАЙТІЛЕС
Алматы – Анталья – Алматы
DK: http://anatili.kz/?p=5304#more-5304
9-Желтоқсан. 2010

Пікір жазу