Іздеу
Мамыр 31, 2016
  • :
  • :

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: ШЕКСПИРІ ЖОҚ ЕЛДІҢ НЬЮТОНЫ ДА БОЛМАЙДЫ

“Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жазып, сол ұлт әдебиетінің өкілі болып кеткен мы­сал­да­ры аз емес. Мысалы, мол­да­ван Антиох Кан­те­мир орыс поэзиясының бас­тауында тұрған тұл­ға­лардың бірі са­на­лады, поляк Юзеф Теодор Кон­рад Коже­невский болса Джозеф Конрад деген ат­пен ағылшын прозасының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Вла­ди­мир Александр Аполлинарий Кос­тровицкий француз поэ­зиясының даңқын Гийом Апол­ли­нарий деген атпен шығарған, украин Николай Васильевич Гогольдің туындылары орыс про­засының мақтанышы, тіпті бертінге түссек Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де жазғандары орыс әдебиетінің игі­лігі делінеді… Алайда, ұлттық әдебиет ұғымын ек­шеудің классикалық өлшемдері солай сөйлей тұр­ғанмен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әде­биетіне теліп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрі тақ тұрады. Тақ тұрғызған – Олжас өлеңдеріндегі көне дәуірлерден жетіп жатқан қыпшақы қайы­рым-қағыстар, ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қай­сы­сына да тек қазақтың көзімен қарайтын қымбат қасиеті, ең бастысы – қай кезеңде де алтын ба­сы­ның азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршіл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийді “Новый мирден” кетіріп, бір жылдан кейін көрге тығып тын­ған сұр кардинал Сусловтың өзі Сүлейменов­тің сағын сындыра ал­ған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңінде: “Аз и Я” – Азия деп оқталып, Жаңыл­дым ба? Жатпаймын мен ақталып… Танып-біліп өзімізді өзгеден, Көшеміз біз өзімізді бетке алып”, деп жазғанындай, Олжас жырының көші өзімізге өзімізді бетке алдыртқан күйі бір ғасырдан бір ғасырға ауысып барады. Олжастың кешегі кеңес­тік кезеңде бір одаққа біріккен халықтар арасын­дағы ба­ды­райтылмағанымен байқалмай да тұр­майтын бәйге-бәсекеде алғашқы “Арғымақтары­мен”-ақ арындап шығып, “Қазақтар осындай бола­ды екен ғой” дегізген, ұлтымызды мойын­да­мас­қа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Суреткер Сүлейменовтің халықтың абыройын асырған сырлы сөзі саясаткер Сүлейменовтің әр кезде әртүрлі себеппен әрқилы айтып қалған ар­тық-кемді пікірлерін жуып-шайып кете бе­ретінін біз білмейді емеспіз” – кезінде газе­тімізде бес жыл бойында жүргізілген “Жиыр­ма­сыншы ғасыр жырлайды” атты авторлық антоло­гия­мызда осылай жазған екенбіз.

Содан бері де 7 жыл өте шығыпты. Бұл екі аралықта Олжас Сүлейменов жет­піс жастың жотасынан асып кетті. Әйтсе де, әлі күнге Алаш жұрты айтулы ақы­нының ау­зына қарайды. Дұрыс айтса да, бұрыс айтса да Олжас сөзі қоғамдық ойға қозғау салмай қоймайды. Біз де атақты азаматымызбен әр жолыққан сайын аз-кем болса да сұхбат­та­сып қалуға тырысып жүреміз. Бүгін оқырман назарына ұсы­нылып отырған мына көлемді сұхбатқа 2008 жылы Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыруымен Кендірліде өткен демалыс күндеріндегі, Ол­же­кең­нің өткен жылдың аяғында Әбіш Кекіл­баевтың 70 жылдығына арнайы келгеніндегі әңгімелесулеріміз арқау болған. Кейінгі кездегі кейбір саяси пікір­та­лас­тарға қатысты туындаған қосымша сұрақтардың жауап­тары ақынның өз тілегі бойынша электронды пошта арқылы жазбаша алынды.

Сонымен, Олжас ақынның сөзіне назар салайық, ағайын.

– Құрметті Олжас Омарұлы! Газеті­міз­дің бетінде ірі тұлғалардың кең көлемді сұх­баттарын жариялап, өзі, өмірі, айна­ла­сы, мына дүниенің қым-қуыт құбылыстары туралы ойларын емін-еркін айтуына мүмкіндік жасап жүрміз. Кеңінен отырып әңгімелессек деп жоспарлаған азаматтары­мыз­дың бірі өзіңіз едіңіз. Мұнан бұрынғы жүзде­сулеріміздегі айтқандарыңыз қағазға түсірілген. Оған қоса Астанаға жол түс­кен­де арнайы кездесуге келісіміңізді де алған болатынмын. Деген­мен, осыдан біраз күн бұрын Парижге теле­фон соғып, ол сұхбат­тың уақытын бері қарай жылжытудың мүмкіндігін қарас­ты­руды өтінуге тура келді. Кейінгі кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарындағы сан қилы жарияланым­дарға орай сіздің өз сөзіңізді оқырмандардың дер шағында естігені жөн деп ойлаймын. Әйтсе де, біздің сұхбатымыз белгілі бір уақытқа қатысты, саяси сипаттағы сауалдармен шектеліп қал­ғанын қаламас едім. Сондықтан сізге өмі­ріңізге, өлеңіңізге, ғылыми еңбектеріңізге, публицистикаңызға, қоғамдық қызметі­ңізге, бүгінде баршамызды толғандыратын басқа да тақырыптарға байланысты сұрақ­тарымды қойғым бар.

Алғашқы сұрақ – дәстүрлі сұрақ. Өзіңіздің шыққан тегіңіз, өскен ортаңыз туралы айтсаңыз.

– Кезінде “Жұлдыз” журналында мақала жариялағанмын. Сонда мынандай жолдар бар: “Менің жасым жиырманың алтауында. Барлаушы-геолог дипломы мен әдебиетші мамандығына иемін. Тарихты зерттеуге геолог әрі ақын ретінде қараймын. Соңғы жылдарда жүздеген тарихи кітаптарды қопарып шықтым. Қаламақыларымды Совет Одағының ең ірі кітапханаларында жұмыс істеуге жұм­сап жүрмін. Маған Ғылым академиясын­дағы әкетайларым әлі бере қоймаған нәр­селерді іздеудемін. Мұны теріске шығару да күнә: Ресейдің, Қытайдың, Америка­ның, Грекияның, Францияның, Грузия­ның, Ирактың өткен өмірін білемін, бірақ қазірше қазақтардың тарихын білмеймін. Көшпенділер дәуірі әлі ашылған жоқ. Кітапшыл халықтардың тарихындағы көптеген көмескі тұстарды түркілер та­рихын білмейінше түсіндіруге болмайды деп батыл мәлімдей аламын”. Бұл айтқа­ным жалпы қазақ тарихына қатысты сол кездегі ойым. Әрине, қазақ болған соң мен сол кездің өзінде бері қойғанда жеті атамның шежіресін тәп-тәуір білетінмін. Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батыр­лар көп болған. Солардың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетінші атам – атақ­ты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған. Ибраһим­нің Абайға, Әбдірахманның Әбішке, Қанафияның Қанышқа айналғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа айналып кет­кен. Ана жылы, 70-ке толғанымда Қанат Саудабаев досым Америкадан ма­қала жолдап, менің есімімді “Ол жас” – “Он молодой” деп түсіндіріпті, Олжас жетпісінде де жас жігіт күйінде деп жа­зыпты. Онысына рахмет, айтқаны келсін. Құдайға шүкір, әлі волейбол ойнап жүр­мін. Жақында Санжар Жандосовқа арналған турнирде менің командам бірінші орын алды.

Олжабай батырдың Абылай хан әс­ке­рінің оң қанатын басқарғанын, жоңғар­лармен күресте аты шыққанын әр қазақ біледі деп ойлаймын. Бір жолы Олжабай батыр шешуші шайқас алдындағы әскери кеңесте кей тайпалар көсемдерінің батыл­сыздығына күйініп кетіпті де, даладан жылан ұстатып алдыртыпты. Сол жылан­ның басын аузына салып жіберіп, қарш-қарш шайнапты да, түкіріп тастаған соң: “Ертең біз менің тістерімдей бір болсақ, берік болсақ дұшпанның басын мына жы­ландай жұлып түсіреміз!”, депті. Жоңғар­лар өз туына айдаһардың суретін салғаны мәлім. Ертеңінде расында да қазақтар қолы жеңіске жетіпті. Сол шайқас өткен жер “Қалмаққырылған” аталады. Келесі, 2011 жылы Олжабай батырдың 300 жыл­дығы. Ол той кеңінен аталып өтеді, елдік­тің, ерліктің тойы болып өтеді деп сене­мін. Өз әкем – Омар Сүлейменов қазақ­тың тұңғыш кавалерия полкінде офицер болған. 1937 жылы Ташкенттегі Түркістан әскери округінің штабына жіберілген де, содан қайтып оралмаған. Лев Николаевич Гумилев маған Омар Сүлейменов деген әскери қызметкермен түрмеде бір каме­рада отырғанын айтқан еді. Менің ойым­ша, сол кісі менің әкем. Әрі әскерилігі, әрі есімі, әрі фамилиясы бірдей келетін басқа адам дәл сол кезде бола қоймаған шығар. Әкем хабар-ошарсыз жоғалғаннан кейін ағайындарымыз бізді Баянауылға алып кетпекші болыпты, бірақ Насыржан атам жібермей қойыпты. Анам – Фатима Насыржанқызы Беделбаева күйеуі Омар­дың оралуынан әбден үмітін үзген соң 1943 жылы сол кездің өзінде журналист ре­тінде танылып үлгерген Әбдуәли Қара­ғұловқа тұрмысқа шыққан. Мен өмір бойы өкіл әкеме тәнті болумен, қайран қалумен өттім. Ол кісінің сауаттылығы, жауаптылығы, еңбекқорлығы кім-кімге де үлгі етіп айтатындай. Күн сайын түн орта­сында үйге әкелетін газет беттерін кор­ректор сияқты мұқият қарайтыны есімде. Қазақ тіліне бірқатар жаңа сөздерді менің әкем енгізген. Мысалы, “суверенитет” сөзін алғаш рет “егемен” деп қолданған адам – Әбдуәли Қарағұлов. Әкемнің қа­шан көрсем де не оқып, не жазып отыра­тыны мені де бара-бара қалам мен қағазға алып келді. Төртінші класта жүргенімде Толстойдың 12 томдығын толық оқып шық­қан едім, сонда мамам мені аяп, “Көзіңді құртасың” дегенде әкемнің: “Кітаптан көз құрымайды, кітаптан көз ашылады” дегені есімде. Мен пионер газеті­не шыққан алғашқы әңгімелеріме “О.Қарағұлов” деп қол қоятынмын. Бір күні әкем: “Омар ерекше адам еді. Аты өшпесін”, деді. Содан бері фамилиям Сүлейменов. Әкем әуелде менің журна­лист болуыма қарсылық білдірген. Содан мен геология факультетіне түстім. Оны бітірген соң бәрібір Әдебиет институтына баруды жөн көрдім. Қай істе де, қай жерде де әкем көрсеткен өнегені ұстануға тырысамын.

– Алдыңғы жылы өзіңіз жақсы білетін кинорежиссер Дариға Тналинамен сұхбат­тасқанымда сіздің Мәскеудегі студенттік өміріңізге қатысты бір жайды айтып еді. Сіз ол кісінің үйіне барып, оқудан шыға­рылғалы жатқаныңызды айтыпсыз, қа­рызға ақша сұрапсыз, ол кісі берер-бер­месін білмей ойланып тұр­ғанында есіктен шығып жүре беріпсіз. Кейін Алматыда жолыққанда сол оқиғаны есіне салыпсыз…

– Жастық шақта бәрі болады ғой. Әуелде жатақханадағы төбелес үшін оқу­дан шығып қалғаным рас. Бірақ көп ұза­май оның пайдасын да көрдім… Оқудан шыққан соң Алматыға келіп, “Казах­станская правда” редакциясына жұмысқа орналастым. 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа Юрий Гагарин ұшты. Сол ұлы оқиғаны хабарлаған газет нөмірінде менің адамның ғарышқа тұңғыш көтерілуіне арналған өлеңім басылды. Ал Алматының өзінде ол өлеңді баспаханада арнаулы лис­товка түрінде басып, ұшақтан қала үстіне шашты. Бұл менің өзімді ең ба­қытты сезінген сәттерімнің бірі. Өзімді алғаш рет ақын ретінде шындап сезінген сәтім де сол. Жаңағы оқиғадан шабыт­тан­ғаным сондай, мен айналасы бір аптаның ішінде тұтас поэма жазып тастадым. “Адамға табын, Жер, енді!” поэмасының қандайлық танымал болғанын айтып жатуды артық көремін. Жалпы, Гагарин­нің ғарышқа көтерілуі бүкіл адамзаттың санасын бір сәтте өзгертіп жіберді деуге болады. Сол күні адамдардың бәрі алды­мен орыстар, америкалықтар, қытайлар, француздар, поляктар, қазақтар емес, алдымен Жер планетасының тұрғындары екенін, адамдардың бәрі Жер аталатын ортақ кемеде жүзіп келе жатқанын сезінді. Менің поэмамның басты айтары да осы еді. Содан шамасы бір айдың ішінде-ақ атақты ақынға айналдым дей аламын. Поэма Мәскеу газеттерінде басылды, ра­диодан оқылды, аяқ астынан, жоспардан тыс түрде жеке кітапша күйінде жарық көрді. Ал өзім арада бір ай өткенде Аме­рикадан бір-ақ шықтым. Сондағы Колум­бия университетінде поэмамды студенттер алдында оқыдым, сұрақтарына жауап бердім. Осы жерде бір жағдай есіме түсіп отыр. Сапардың алдында Мәскеуде инсти­тутымның жатақханасында қонып шықтым. Студент достарыммен дастар­қан­да, көңіл көтеріп отырғанбыз. Кенет солардың біреуі орнынан ұшып тұрды да: “Қой, шығып келейін, біреудің тұмсығын бұзбасам болмайды екен!” деді. “Не үшін?” деп жатырмыз. Сонда әлгі дос­ы­мыз­дың: “Америкаға барғым келеді!” дегені… Америкадан кейін Парижде, Сор­боннада оқыдым сол тұңғыш көлемді туындымды. Поэманың арқасында Жазу­шылар одағына қабылдандым. Институт ректорынан ресми хат түсті. “Оқуға қай­туыңызға рұқсат” деген. Мен телеграм­мамен жауап жібердім: “Қайтайын, бірақ оқытушы ретінде” деп.

– Сіз Әдебиет институтының көркем аударма факультетіне оқуға түскеніңізді білеміз. Аудармашылықты кәсіп етпей, ақындық жолға ауысуыңыздың себебін қалай түсіндірер едіңіз?

– Ол факультетті таңдағандағы мақ­сатым туған халқымның ғажайып поэзиясын орыс тілінде сөйлету арқылы қазақ әдебиетін бері қойғанда Одақ кө­лемінде таныту еді. Сондағы әр студент өзін өз ұлты әдебиетінің елшісіндей сезінетін. Әрқайсымыз бір-бірімізбен жарыса аударатынбыз. Айтқандай, біздің топта Болат Жансүгіров, Мереке Майлин оқыды. Ілиястың, Бейімбеттің балалары­мен бірге болу да менің заман, қоғам туралы ойларға ерте берілуіме әсер етті. Атақты аудармашы Лев Озеров өткізген шығармашылық семинарлардың пайдасы көп еді. Бірақ көп ұзамай-ақ аудармашы­лық менің стихиям емес екеніне көзім жетті. Қазақтың он бір буындық өлең өлшемі орысшада табиғи шықпай-ақ қойды. Жалпы, өлең аудармасы қиямет-қайым іс. Шынымды айтсам, біздің ақын­дардың өзін дәлме-дәл аударуды талап етіп отырып алатыны да жаныма тиіп бітті. Ақыры аударманы қойып, өлеңді өзім жазуға кірістім. Оның да өзінің қы­зығы бар. Жігіттерміз ғой, стипендияның басына алғашқы аптаның өзінде-ақ су құйып үлгереміз. Содан ашқұрсақ жүретін күндеріміз болады. Қыздарымыз үнемшіл, тамақты өздері дайындап, бір стипен­диядан бір стипендияға жетіп жатады. Суламита деген курстас қызым бар еді, сол маған “Әр кешкі тамақ үшін мынаған жаңадан бір өлең жазып отырасың” деп қалың дәптер ұсынды. Жаяу Мұсаның ұрпағы емеспін бе, қанша өлең керек болса сонша өлең жазып тастаймын. Сол Суламита күндердің бір күнінде жаңағы дәптерді Борис Слуцкийге апарып беріпті. Атақты ақын мені шақыртты. Бардым. Менің өлеңімдегі бір жолға көңілі қатты құлап түсіпті. “Ребята, судите по мне о ка­захах” деген жол. “Осыны маған сый­ласаңыз”, дейді. “Мен қазақтарды соғыста көргенмін. Жақсы солдаттар, жауапты жауынгерлер еді. Сіз аудармашылықты қойып, өлеңді өзіңіз, орысша жазбақ екенсіз. Онда сіз бүкіл орыс әдебиетінің алдында бүкіл қазақ әдебиетінің атынан сөйлейсіз. Сіздің орыс құрдастарыңыздың жүгі жеңіл. Олардың ту сыртында ұлы тарих, алып ауқымды мәдени мұра тұр. Ал сіз ерекше мықты болуға тиіссіз”, деп біраз әңгіме айтты. Кейіннен Слуцкий жаңағы менен сұрап алған бір жолдан өрбітіп, тамаша өлең жазды. “Судите на­род по поэту, Я о турках сужу по Назыму Хикмету, По-моему, турки голубоглазы…” деп келеді. Борис Слуцкий кейін менің өлеңдерімді Леонид Мартыновқа көр­сетіпті. Леонид Николаевич 1960 жылы “Литературная газетада” менің бір топ өлеңдерімді өзінің алғысөзімен жария­латты. Мартынов пен Слуцкий екеуі менің “Аргамаки” деп ат қойған алғашқы жинағымның қолжазба­сын “Советский пи­сатель” баспасына тапсырған. Сөйтіп жүргенде жатақханада бір төбелеске ұры­нып қалдым да мені оқудан шығарып тас­тады. Қолжазбаны баспаның жоспарынан шығарып тастады. Амал жоқ, Алматыға қайтып келдім. Одан арғысын мұның алдын­дағы сұраққа жауабымда айтқан­мын. “Аргамаки” деген бірінші кітабым ақыры Алматыда жарық көрді.

– Алғашқы кітабыңыздан кейін-ақ сіз даңққа бөлендіңіз. “Ночь-парижанка”, “Солнечные ночи”, “Доброе время вос­хода” деген жинақтарыңыз жыл аралатпай шығып жатты. 1964 жылы Қазақстан комсомолының сыйлығын алдыңыз. 1967 жылы Ленин комсомолы сыйлығын алған алғашқы ақын да сіз болдыңыз. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан тарихнамаға бой ұрып, лингвистикаға ауыз салдыңыз. 1975 жылы атышулы “Аз и Я” жарияланды… Өзіңіз мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Аяқ астынан деген сөзіңізбен келісе алмаймын. Арғы бабам Олжабай батыр жайындағы аңыз аралас әңгіме­лердің өзі-ақ мені бала күнімнен көне тарихқа құлақ түргізіп өсірген болатын. Оның үстіне көшпенділердің бәрін тек жабайы варварлардай есептейтін көзқарас та жастайымнан жаныма тиетін. Әдебиет институтының өзінде СССР тарихынан сабақ беретін Водолагин деген профес­сордың бірінші лекцияда-ақ маған қарап, “Ал, айта қойшы, сендер орыс жеріне алғаш рет қашан басып кіріп едіңдер?” деп “әзілдегені” бар. Мен де қарап қал­май, “Сендер” деп сіз Қазақ ССР-ін ай­тып тұрсыз ба?” деп қарсы сұрақ қой­ған­мын сонда. Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған жинақты тауып оқығанмын. “Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность Советского Союза – 6 млн. 200 тысяч че­ловек” деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 миллионнан астам қазақтан 2 миллион адам ғана қалған… Мұндай қорлыққа тек қой мінез халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінез халық емес пе едік?! Осындай-осындай ойлардан барып тарихтың тереңіне сүңги бердім. Сүңги берген сайын шежірешілер, жылнамашылар, тарихшылар халық­тардың өткен өмірінен тек қақтығысты, тек соғысты, тек жанжалды жазып отыр­ғанына көзім жете түсті. Этностардың ғасырлар бойы араласып-құраласып өмір сүргенінің, алыс-беріс, барыс-келіс жасағанының жай-жапсарын жазып жату онша әсерлі шықпайтыны рас та болар. Оның есесіне су боп аққан қанды сурет­теу кім-кімнің де есінде көбірек қалады. Соғыстар шежіресі өшпенділікке тәрбие­лейді, кек қайтаруға шақырады. Мұндай тарихнама қоғамдық сананы төзімсіздікке тәрбиелейді. Мұндай тарихнама күрескер­лерді, батырлар мен азапкерлерді өсіруге септесуі мүмкін, бірақ жасампаз жан­дарды өсіруге септеспейді. Әсіресе, Қазақстан сияқты елде сергек тарихи сана қалыптастырудың маңызы ерекше. Бізге бірлесе өмір сүрудің, өзара көмектің тарихи тәжірибесі басқалардан гөрі көбірек керек.

Бейбіт күндер тарихтың тақырыбы емес дегенді жаңа айттым ғой. Оны жазу қиын. Бейбіт күндер есте қала бермейді. Соғыстар, шайқастар апталап, кейде айлап созылып отырған, оларды қоссаңыз әрі барғанда жылдар шығады. Ал егер славяндар мен көшпенділердің қатар­ласып, араласып, сауда-саттық жасап, бей­біт өмір сүрген күндерін қоссаңыз тұтас ғасырлар шығады. Мен “Аз и Я” кітабын жазуға Дала мен Русьтің тарихы ежелден қойындасып кеткенін, екі елдің тарихтың ұзына бойында негізінен жа­қын­дасумен, бауырласумен өткенін, ха­лықтардың тіпті тілдері араласуға дейін жеткенін дәлелдеу үшін кірістім. Тіл деген тарихи ақпа­раттың ең бай қоймасы. Мәдениеттердің өзара жақындасуының ең толық суретін біз тілден таба аламыз. Түріктің “товарищ” деген сөзі орысқа ауысқаны бекер деуге бола ма? Ұрыс кезі­нен “ура” сияқты сөздер ғана ауысады.

“Аз и Я” кітабының ел назарын ерекше ау­дар­ғанының басты себебі – менің “Игорь жасағы жайындағы жыр­дың” ең алғашқы қостілді оқырманы бол­ғандығымнан. Мен сізге бір-ақ мысал келтірейін. Жырда “Се уримъ кри­чатъ подъ саблями по­ловецкыми” деген жол бар. Монолингвист аудар­машылар оны “се у Римъ” деп оқыған. Сонда немене, Кончак қыпшақтары Римге дейін барған ба? Енді Русь жерінен Рим деген қала іздей бастаған. Одан кейін Мәскеуді кезінде “третий Рим” деп атағанын еске түсір­ген. Одан да болмаған соң Переяслав князді­гін­дегі Римов деген қаланы еске түсірген. Ал енді қос тілді оқырманның көзімен қарасаңыз бәрі оп-оңай орнына келе қалады. “Уримъ” – кәдімгі түркі сөзі. Әйелдің өрім шашы. Қыпшақтар Игорь жорығынан кейін Руське қайта шапқанда әйелдердің ша­шын кескен, сөйтіп қорлаған.

Талайлар менің түпкі ойымды тым қарабайырлатып түсіндіреді. “Аз и Я” кітабы тап бір “Игорь жасағы жайындағы жырды” қазақ жазған деп дәлелдейтіндей айтады. Бұл – күлкілі нәрсе. Мен ол жырды қос тілді меңгерген адам шығаруы, нақты айтқанда, түркі тілдерін де білетін орыс адамы шығарған болуы мүмкін деймін. Тап-таза тілді табу мүмкін емес. Корей тілінің 75 пайызын қытай сөздері, француз тілінің 25 пайызын араб сөздері құрайды екен. Солардың соған намыста­нып жатқанын естіп көрмеппін. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы ұлыдер­жа­ва­лық өркөкіректік орыс тіліне түркі сөздері араласқан дегеннің өзін кешіре алмады. Өркен жайған мәдениет – өзгелермен ұдайы, жүздеген жылдар бойы араласып-құраласудың жемісі. Сөз алмасу деген тілдің кедейлігінің белгісі емес, бұл оның даму үстіндегі тіл екендігінің белгісі. Ол кітапқа көзқарастың өзгергеніне де біраз болып қалды. Алдыңғы жылы “Аз и Я” Мәскеуде басылды. Өткен жылы Бол­га­рияда, Украинада шықты. Бакуде әзір­бай­жан тілінде 30 мың данамен жарық көрді. Бұл қазіргі кез үшін өте үлкен та­ра­лым. Айтқандай, осыдан біраз бұрын мен Рустам Ибрагимбековке Әзірбайжан атауы­ның мағынасын тү­сін­ді­ріп бергенім бар. Қытайлар “азе­ба­жень” деп албан­дарды атаған. Каспий теңізінің батыс беткейі ІІ-V ғасырларда Албания делін­ген. Мұның өзі Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ол жерге түркілердің, бұрын айтылып жүргендей, ХІ ғасырда емес, ІІ ғасырда барғанын көрсетеді.

– Сіздің түркологиялық еңбектеріңіз көшпенділер мәдениетін көтермелей көрсетеді деген де пікір бар. Бұған не айтар едіңіз?

– Мәдениеттің ең басты құрамдас бөліктері қатарында поэзия мен музыка аталуға тиістігі талассыз. Бұл талассыз болса, онда түркі халықтарының дәл осы поэзия мен музыкада ешкімге дес бермейтіндігі тіпті талассыз. Өмір сүру салтына байланысты айтсақ, мысалы, ең таза музыка ХІХ ғасырға дейін көшпелі өмір салтын сақтап келген халықтарда екендігі даусыз. Ал отырықшылыққа ауысқан түркі халықтарында музыка көбіне сөздің немесе бидің сүйемеліне айналып кеткені белгілі.

Көп нәрсе қалай түсіндіруге байла­ныс­ты. Батыстағы әдебиетте ғұндар талай уақыт бойы жабайылықтың баламасындай болып бейнеленді. Ақиқатында сол замандағы герман тайпалары әлеуметтік, мәдени дамуы жағынан Еуропаға келген ғұндардан көп төмен тұрған. Германдық­тар ғұндардан тұтас дүниетаным жүйе­лерін қабыл алған. А.Плетнева сияқты­лардың көшпенділерге мәдениет жат деген сөзінің түкке тұрғысыз екендігін тек Эрмитаждағы скиф алтын өрнектері-ақ даусыз дәлелдей алады. Ал олар клас­сикалық көшпенділер ғой.

Көшпенділер сөздің толық мағына­сында мемлекет құрмаған деген де жай нәрсе. Әдеби жазба тіл – мемлекет­тіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында сонау VІІІ ғасырда тасқа қашалған жазулардың тілі қандай ғажап десеңізші! Әрі икемді, әрі қуатты тіл, ең кернеуі мол сезімдерді, поэтика­лық ойдың ең нәзік нақыштарын жеріне жеткізіп айта білетін тіл! Еуропа мен Азиядағы талай отырықшы халықтар ол заманда мұндай байлыққа қол жеткізбеген болатын. Көшпенділер тіпті сол Орхон-Енисей жазбаларынан басқа ештеңе жасамаған болса да, әлем мәдениетінен ойып тұрып өз орнын алар еді. Түркі көшпенділерінің жазба ескерткіштерінің аз сақталуына ислам дінінің салқыны тиді деп санаймын өз басым. Сына жазуының жәдігерліктері мұсылман дінінің ықпалы жетпеген жерлерде – Алтайда, Сібірде, Моңғолияда ғана сақталғаны тегін дейсіз бе? Тегін емес. Діни фанатиктер тасқа түскен “бөтен” жазуларды жойып жіберіп отырған.

Ежелгі түрк тілі Орхон-Енисей мәтін­дерінде ғана, басқа мәтіндер жоқ, ал бұл мәтіндер оғыз-қарлұқ тілдерінің нормаларына сай деген ұғым бар. Түркологиядағы догмалардың біреуі осы. Кейбіреулер осыдан шығарып, ол заманда қыпшақ тілдері болмаған деуден де тайынбайды. Олар қыпшақ тілдері оғыз тармағынан өрбіген дегенді айтқысы келеді. Сонда қыпшақ тілдерінің жасы біздің заманымыздың орта ғасырларынан бері қарай есептелетін болып шығады. Ал дұрысында, қыпшақ және оғыз тілдерін салыстырып қарасаңыз, ежелгі оғыз тілді жәдігерліктерден ап-айқын кипчакизм­дерді көресіз, олар грамматикадан да, лексикадан да танылып тұрады, мұның өзі екі тілдік бұтақтың да орхон-енисей жазбаларынан көп бұрын болғанын әрі бір-бірімен байланыстылығын айқын­дайды.

Көшпенділерді, көшпенділікті мен орынсыз көтермелей сөйлеген емеспін. Менің мақалаларымда, кітаптарымда көш­пенді өмірдің кері кетіретін тұстары да жазылған. Мұның алдындағы сұраққа қайтарған жауабымда 1929 жылғы энци­клопедиялық сөздікте қазақтардың саны 6 миллионнан астам деп көрсетілгенін, арада он-ақ жыл өткенде 2 миллионға түскенімізді айттым ғой. Ал сол кезде өзбектер 4 миллионның маңайында болатын. Қазір өзбектер 26 миллионнан астам. Олар аштықтан дәл біздей қырылған жоқ. Өйткені, отырықшылыққа ерте көшіп, жерді еміп үлгерген еді. Біз 30-шы жылдардағы сол ойранды айтқанда Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған ашаршылығымен қатар жартылай көшпенді экстенсивті мал шаруашылығы жиырмасыншы ғасырда экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шыққанын да ай­ту­ға тиіспіз. Өкінішке орай, ғалымдары­мыз да, саясаткерлеріміз де ол аштықтан тиімді тағылым алған жоқ. Мал шаруа­шы­лығы экстенсивті сипатта жүргізіле берді. Тың игеру басталып, ең құйқалы жер­лерге егін егілген кезде мал шаруа­шылығы шөлейт, жартылай шөлейт аймақтарға ысырылып кетті. Қазақтардың жағдайы қайтадан қолдан нашарлатылды. Осы айтқанымның өзі көшпенділік атты құбылысқа диалектикалық тұрғыдан қарай алатынымды көрсетеді деп ой­лаймын.

Қазақтардың көшпенді өмірден сақ­та­лып қалған кеңдігі, көнтерілігі, жұрттың бәрін өзіндей көретін қасиеті еліміздегі тұрақтылықты сақтауға әсер етіп отырған шешуші факторлардың бірі. Астанада, Еуразия университетінде Әбіш Кекілбаев­тың 70 жылдығына арналған конферен­цияда сөз сөйлегенімде Толстой туралы айттым. Тургенев те, Бунин де, Паус­товский де стилист ретінде Толстойдан шеберірек болуы мүмкін дедім. Бірақ, Толстойдың әлемге қарайтын нүктесі биікте, сондықтан ол өмірді, адамдарды басқаша көрген дедім. Толстой әлемді “біздер” және “бөгделер” деп бөлмеген. Толстой үшін Наполеон да, Қажымұрат та бөгделер емес, өзінің артықшылығы мен кемшіліктері бар кәдімгі адамдар. Әлемді “біздер” және “бөгделер” деп қарастыра­тын жазушылар өмірге окоптан көз са­лады. Ал окоптан, амбразурадан адамдар­ды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Толстой ­– бір-біріне жат халық­тар болмайтын болашақ адамзатты дай­ын­даған жазушы. Қазақтар нағыз толс­тойшыл халық. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман бо­луы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс.

– Сіздің біраз уақытыңыз, біраз уақытыңыз емес-ау, талай жылдарыңыз қоғамдық, нақты айтқанда, депутаттық қызметке арналды. СССР халық депутаты ретінде ең көп шұғылданған мәселеңіз ұлтаралық қатынастар болды дей аламыз. ТМД кеңістігінде, өзіміздің елімізде осы мәселе қалай шешім табуда деп санайсыз?

– Кезінде бір газетке берген сұхба­тым­да азаттық алауын оқ-дәрі қойма­сын­да отырып тұтатуға болмайды дегенім бар еді. Кеңес Одағы ұлтаралық проблема­лар­дың оқ-дәрі қоймасын еске түсіретін. Ұлт­тық идея кейбір кеудемсоқ саясат­кер­лердің қолында билік үшін күрестің құ­ра­лына айналып, тарихи, рухани, әлеу­меттік және экономикалық факторлардан бөлек қарастырылған кезде деструктивті, қиратқыш күшке ие болды. Гамсахур­диа­ның “Грузия грузиндер үшін” деп ұран тастауы мұң екен, Абхазияның, Оңтүстік Осетияның, Аджарияның проблемалары андыздап шыға келді. Молдова рефор­ма­тор­лары жазуды латиницаға аяқ астынан ауыстырғанда халықтың 40 пайыздайы, не­гізінен өнеркәсіпті қалалардың тұр­ғын­дары, өздерін елдің толыққанды азамат­та­ры сезінуден қалды, сөйтіп Придне­стровье, гағауыз проблемалары пайда бол­ды. Бостандықта өмір сүре білу бодан­дық­та өмір сүруден оңай емес. Оны Тәжік­стан трагедиясы да көрсетті. Сталиндік ре­прессия мен соғыс жылдарында тәжік­тер екі жүз мыңның маңайында адамынан айырылған екен, ал жақ-жақ болып пре­зи­денттік таққа таласқан азамат соғы­сын­да үш жүз мыңнан астам адамынан айы­ры­лыпты. Миллионға жуық тәжіктің бет-бетіне босып кеткені тағы бар. Ресейде де әуелде демократияның бар қызығын көріп қалғылары келіп, облыстарда, қалаларда губернаторларды шетінен сайлай бастады. Сол-ақ екен, сепаратизм белгілері бой көр­сетті. Ал бұл кез келген ел үшін, әсіре­се федеративті ел үшін қауіпті нәрсе. Пу­тин келісімен облыстардың басшылары та­ғайындалатын тәртіп енгізілді. Онда тіпті автономиялық құрылымдардың пре­зиденттерінің кандидатураларын Кремль ұсынады қазір.

Жаңағы мен айтқан елдердің көбі не­гі­зінен бірұлтты елдер. Осыдан Қазақ­стан­дағы ұлтаралық қарым-қатынас мәсе­ле­сінің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да қандайлық күрделі болғанын шамалай беріңіз. Бұғанасы бекімеген жас елді түрлі саяси күштер жан-жағынан жұлқылап жат­қан кезде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл жауапкер­ші­лікті өз мойнына алып, президенттік билік жүйесінің артықшы­лық­тарын орынды пайдалана білді. Президенттің сол жыл­дарда елдегі жағдайды қуатты қолында қалай ұстап тұрғанын мен жақсы білемін. Оған өзім куәмін. Мен Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстандағы саяси тұрақты­лық­ты сақтап қалу ісіне қосқан үлесін өте жо­ғары бағалаймын. Бүгінде саяси тұ­рақтылық қоғам дамуының басты шарты екенін еліміздің барлық азаматтары жақсы түсінеді. Мен мұны тәуелсіздік жыл­да­рын­дағы ең басты жетістігіміз дер едім. То­леранттылық пен келісімге келе білудің орталықшыл қағидаты кезінде Назар­баев­тың “Әділеттің ақ жолы” кітабында мә­лім­делген болатын. Көпэтносты, қайшы­лықты ортада Мемлекет басшысынан еуразиялық үдерістің мәнін танытатын интеграция қағидатын дәйекті жүзеге асыру орынды күтілген-ді. Халықтық көкейге қонымды ойдың жеткізушісі болу, келісімге келтірудің шебері болу, көп­қырлы қоғамда қандай да бір жақтың сөзін сөйлемей, көпшіліктің сөзін сөйлеу Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді. Айқастан биік тұра білу ұстанымы адам­зат­­тың ұлы жазушыларын ерекшелендіріп көрсеткен. Мысалы, Толстой сондай болған. Мұндай мысалдар аз емес. Ай­қасқа жол бермеу ұстанымы ХХ ғасыр­дағы ұлы саясаткерлерді ерекшелендіріп тұрған. Мұндай мысалдар аз.

Күрделі, өтпелі кезеңдерде билік ба­сында тәжірибелі, кәсіби саясаткерлер тұруға тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл­дан шығып, қол еңбегі мен ой еңбегін қатар ұштастырған, комсомол жұмысы­ның да, партия жұмысының да мекте­бі­нен өткен, көпұлтты ұжымдарда еңбек ет­кен, советтік кезеңнің барлық мансап­тарының биігіне жеткен адам. Мен Назарбаевпен 40 жылдан бері достық қа­рым-қаты­настағы адаммын. Келіспей қал­ған тұс­тарымыз бар, бірақ кетіскен тұс­тарымыз жоқ. Ешкім де біз екеумізді араз­дастыра алмады ақыры. Сондықтан мен Назарбаевты дәйім қолдаумен келемін. Елбасымызды мақтаныш етемін.

Нұрсұлтан Әбішұлын талай жағдай­ларда көрдім. Қорғаныс министрі Д.Язов пен Атом энергетикасы мен өнеркәсібі ми­нистрі В.Коноваловтың Семейде қо­сым­ша үш сынақ өткізу жөніндегі ұсы­ны­сына Горбачев қолдау көрсеткенде Назар­баевтың: “Только с согласия Верховного Совета Казахской ССР” деп жазғанын білемін. Сонда республика басшысы республика Парламенті ендігі жерде ешқандай сынаққа келісім бермейтініне сеніп отыр. Одақ Президентімен ашық­тан-ашық жанжалдасып жатудың қажеті қанша? Ең бастысы түпкі нәтиже ғой.

Қазақстанның тұңғыш Президентінің қызметіне түпкілікті бағаны, әрине, тарих береді. Болашақ ұрпаққа тұңғыш Елба­сы­ның қызметін бағалаудың үлгісін бүгінгі замандастары көрсетуге тиіс. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы 70 жылдығы елді­гі­мізді, мемлекеттілігімізді байыптау, пайымдау тұрғысынан өткізілгені жөн болады деп ойлаймын.

– Сіздің атыңызға ұлтаралық қатынас­тар, тіл проблемалары жөніндегі пікір­ле­ріңізге байланысты сын пікірлер жиі айты­лып жатады. Сіз ол пікірлерге қалай қарайсыз?

– “Аз и Я” жарияланған кезде мені ұлт­шыл етіп шығарған. “Москва”, “Мо­ло­дая гвардия”, “Знамя” журнал­дарында кітабымды орысқа қарсы еңбек деп бағалаған. СССР Ғылым акаде­миясының жабық мәжілісі шақырылып, академигі бар, корреспондент-мүшесі бар, ғылым докторы бар 49 адам табандатқан 10 сағат бойы сөз сөйлеп, Сүлейменовті шектен шыққан ұлтшыл етіп көрсеткен. Мой­ны­ма жұрт ұмыта бастаған “пан­тюркист” деген айыпты да тағып жібер­ген. Тепкіге түскелі тұрған жерімнен Диме­кеңнің Брежневке кітабымды апарып беруі, Бас хатшының бір ауыз қолдау сөзі құтқарып қалған. Желтоқсан оқиғасы кезінде одан да асырып түсірді. Сол күндерде Мәскеуге жөнелтілген қа­ғаздардың бірінде тіпті “Сүлейменов ав­томатты асынып алып, орыс балабақ­шаларына барды” деген сұмдыққа дейін жазған. Енді қазір мені интернационалист болғаным үшін сынап жатыр. Иә, мен интернационалистпін. Абай – интерна­ционалист. Шоқан да интернационалист. Әсіресе, мына жаһан­дану жағдайында мұндай сана қалып­тас­ты­рудың мәні арта түседі. Жалпы, моно­этнос­ты елден поли­этносты елдің өзіндік артықшылықтары да болады. Мемлекеттің өз ішінде этностардың қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыру арқылы біз олар­дың дәйім ықпалдастығына, сөздің жақсы мағына­сындағы бәсекелестігіне қол жеткізіп, дамуға соны серпін бере аламыз. Өзге этностармен жарысу ахуа­лы­ның өзі халықты бәсекеге қабілетті ете түседі.

Тіл туралы ауызша берілген сұхбат­тарымдағы кейбір онша дәл айтылмаған пікірлеріме қарап мені қазақ тіліне жа­н­ашыр еместей сөйлейтіндерге жаным аши­ды. Сөздің де қисыны болуы керек қой. Сонау 1984 жылы Жазушылар ода­ғында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастырған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Оған қатысқан адамдар, құдайға шүкір, арамызда жүр ғой. Мен тек қазақтардың соңғы ғасырда та­рихтың өзі қолға әкеліп түсірген қымбат қа­зынасынан – орыс тілін баршамыз толық игергендігімізден бас тартпағанын қалаймын. Олай болмайтынына сенемін. Олай болмайтыны былай тұрсын, қазақ­тардың келешекте үш тілді қатар мең­гер­ген халық болатынына сенемін. Егер қол­ға алынған бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылса, онда таяудағы оншақты жыл­дың өзінде біздің жастарымыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөй­леу арқылы бүкіл әлемнің білім бай­лы­ғы­на есік ашады деп білемін. Мұның өзі мемлекетті болашақта миллиондаған долларлық шығындардан құтқаратынын да ескеру керек. Орысша, ағылшынша оқымайтын халыққа мына үшінші мыңжылдықта қаншама ғылыми әдебиетті қазақшаға аударып беруге тура келетінін ойласаңыз жаныңыз түршігеді. Ал әрбір адам, әсіресе қазіргі жас адамдар ерінбесе, ыждаһат танытса болды – сол мыңдаған кітаптардың бәріне қолын тікелей жеткізе алады. Аудармасы дұрыс па екен деп күмәнданып жатпай, түпнұсқадан оқи алады. Халқымыздың орыс тіліндегі, ағыл­шын тіліндегі Интернетке еркін енуінің өзі интеллектуалдық өсуімізге қандай өріс ашатынын дәлелдеп жатудың қажеттігі жоқ. Жаһандануға бейімделу дегеніміз осы. Жаһандануға қарсы күресу дегенді айтып жүргендердің сөзін де, өзін де тек аяу керек. Сөздің реті келгенде айтайын, мен алфавитімізді латиницаға ауыстыруға да қарсымын. Өзбектер мен түркімендердің содан озып кеткенін қазірше көре қойған жоқпын. Әзір­байжандардың жөні басқалау. Олар түріктердің латиницасын сол күйінде ала салды. Өйткені, әзірбайжан мен түрік тілдері бір топқа – оғыз тобына жатады, айырмашылығы шамалы. Латиницаға көшеміз деп әуре-сарсаңға түссек, қазақ тілін қазіргі білетін жазуының өзімен үйрене алмай жүрген қазақтарды тіпті тілден алыстатып тынуымыз мүмкін. Бәлкім, сол алфавитпен мамандар үшін бірер басылым ашып қоюдың, сол арқылы латиницаның мүмкіндігін, қажеттілігін жылдар бойы байқап көрудің артықтығы болмас. Бұл асығыс шешетін мәселе емес. Сонан кейін айтатын тағы бір жай бар. Екі алфавит ұстанатын ел болмайды. Іргемізде Ресей тұрғанда Қазақстандағы орыс жұртшылығы кириллицаны қойып, латиницаға көше салады екен деп ойлаудың өзі кәдімгі балаңдықтың дәл өзі. Рас, әуелде қазақ алфавиті Интернетке келмейді екен, қазақша сайттар ашылмайды екен, қазақша мәтін электронды поштамен жіберілмейді екен дегендей қауіптер айтылған. Қазір оның бәрі шешілген. Бұл жағын да ескеру керек.

Кириллицаны өз алфавитіміз емес қой деп қуыстанудың тіпті жөні жоқ. Қазақтың алфавиті кириллицамен жазылатын орыс алфавитінің негізінде, соған қазақ дыбыстарын бейнелейтін жаңа әріптер қосу арқылы жасалған. Әлемде төл алфавиті бар елдер қазір өте аз. Қытай, араб, грузин, армян сияқтылар ғана. Қалған жұрттың бәрі ортақ алфавиттерді пайдаланады. Балқан түбегіне Аспарух хан бастап кеткен бұлғарлар (олардың бір тобы Еділ бойымен жоғары өрлегенін, кейіннен татарлар атанғанын білесіз, Татарстанда Булгар деген қала да бар) сондағы славян тайпаларының жерін басып алды да, саны аз болғаннан кейін өздері ассимиляцияға түсіп кетті, бірақ жаңа жерге түрктің сына жазуын ала барды, ол жазу кейін болгар жазуы аталып кетті. ІХ ғасырда Балқан түбегі христиан дініне көшкенде Кирилл мен Мефодий сол жазуды грек редакциясына түсірді. Сондықтан кириллицаны мен біздің ортақ түрк-славяндық мұрамыз деп санаймын.

– Кітап оқудың азайғаны біздің бәріміздің жанымызды ауыртады. Әлемдік тұрғыдан, Эйфель мұнарасының биігінен осы проблемаға қалай қарайсыз?

– Эйфель мұнарасының биігінен… Қызық болғанда, мен сол мұнараға 1961 жылдан кейін қайтадан көтерілген емеспін. Ал нақты сұраққа келсем, менің өзімнің қыздарымның да классикалық әдебиетті негізінен сол шығармалардың экрандалған нұсқалары арқылы білетіні қинайды. Өткен жылы Ресей теледи­дарын­­дағы (Парижде ОРТ көрсетеді) бір хабардан елдің ересек халқының 40 пайы­зы жыл бойында бірде бір кітап оқы­майды деген мәліметті естідім. Қазақстан­дағы жағдай одан жақсырақ деп ойламай­мын. Қазір жұрт кітап десе Интернетті алға тартатын болып алған. Ал Жапо­нияда кейінгі кезде жұрт бұрынғыдан көбірек оқи бастапты, кітаптардың таралымы көбейіпті. Өйткені ондағылар компьютер ұлттың көзін нашарлатады деп тоқтам жасаған. Қазір елеулі шығармалар­дың бәрі, бүкіл классика Интернетке са­лынғаны рас, бірақ оларды экраннан оқып тауысу шынында да көзге қатер. Кітап оқу арқылы адам бүкіл адамзатпен тілдесе алады. Бүкіл адамзаттың мыңдаған жылдар бойы жинаған даналығын бойына сіңіре алады. Әсіресе, көркем әдебиеттің жөні бөлек. Ол сезім мәдениетін, ой мәдениетін қалыптастырады, адамның қабілетін шың­дай­ды, талантын оятады. Әйтсе де осы көр­кем әдебиетке байланысты бір қызық жай бар. “Жоғалсын цензура!” дедік. Жоғалды. Жоғалып еді, енді өзіміз абдырап қалдық. Бәрін жазуға болады, бірақ не жазарыңды білмейсің! Сөйтсек, нағыз әдебиет тек күрес жағдайында, цензурамен, мемлекеттің қысымымен текетірес жағдайында ғана толыққанды дами алады екен. Совет заманындағы цензура тіпті әдебиеттің астарлы ойлы, қат-қабатты, күрделі болып келуіне әсер етті ме деймін.

Біз оқырман халық ретінде қалыпта­сып қалып едік. “Жұлдыздың” таралымы 250 мыңға жақындаған болатын. Қазақ романдары 50-60 мың данамен тарайтын. “Жазушы” мен “Жалын” деген екі бас­па­мыз жылына 20 миллион дана кітап шы­ғаратын. Әр үйде дерлік жеке кітап­ха­на болатын. Сол халық қайтадан көрер­мен халыққа, тыңдаушы халыққа айналып ба­рады. Мықты әдебиетті мықты оқыр­ман ғана қалыптастырады. Бүгінгі әде­биет­тегі тоқыраудың басты себебі – оқыр­мандардың тоқырауы. Сұраныстың азаюы. Бұл айтқаным таралымы 160 мың­дық “Егемен Қазақстан” арқылы қазақ жұртына барынша кеңінен жетсін деп отыр­мын. Біздің ағайындар ауыз ашса кітаптың қымбаттығын айта береді. Кітап­тың жанында түкке тұрмайтын нәр­селерге ақша аямай жатамыз. Қазақ хал­қының өсуі үшін қазақ тілінің өсуі керек. Қазақ ті­лінің өсуі үшін қазақ әдебиеті өсуі ке­рек. Қазақ әдебиетінің өсуі үшін оның таралымы өсуі керек. Оның таралымы өсуі үшін қазақ әдебиетін қадірлейтін, оқи­тын адамдардың қатары өсуі керек. Дүкеннен қазақ кітаптарын сатып алу арқылы-ақ сіз қазақ тілінің өсуіне көмек көр­сете аласыз. Кітабы молынан тараса, өз шығынын ақтаса, баспаға табыс тү­сірсе, авторы қаламақы алады, тұрмысын түзейді, көңілі көтеріледі, жаңа шығармаға кіріседі, шабыттана кіріседі. Талантты жазушының қаламынан шыққан кітап тілді байытады, тіл елді байытады.

Кез келген елдің шығармашылық әлеуе­­ті бүгінде экономикалық көрсет­кіш­терден ғана танылмайды. Елдің әлеуеті кітап өнімдерінің санынан да, са­пасынан да көрінуі керек. Әсіресе, әде­биетінен. Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды. Осыны ұмытпайықшы!

– Сіздің кезінде “Қазақфильмнің” бас редакторы, кейін Қазақстан Кинематогра­фистер одағының басшысы, кейін Мем­ле­кет­тік кинокомитеттің төрағасы болға­ны­ңызды білеміз. Бірнеше фильм сценарийінің авторысыз. Өміріңіздің сол белесі, кинода өт­кен жылдардың тағы­лымы, қазіргі қазақ киносының хал-ахуалы туралы не айтар едіңіз?

– Кинода өткен жылдарымды елжірей еске аламын. Шәкен Айманов киносту­дияның көркемдік жетекшісі, мен бас ре­дакторы болып тұрған жылдарды қалайша сағынбайын? Шәкен Кенжетайұлы менің сценарийім бойынша “Атамекен” филь­мін түсіргенін қалайша мақтаныш ет­пейін? Сол жылдардағы “Көксерек”, “Қараш-Қараш”, “Қыз Жібек”, “Ата­ман­ның ажалы” сияқты фильмдердің бәріне тікелей қатысым болған. “Қыз Жібектегі” Төлегеннің ақбоз атының ер-тұрманы менің өзімдікі еді. Үйден алып келгенмін. Мемлекеттік кино комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде Мәс­кеудегі таныс­тарымды пайдаланып, сон­дағы атақты режиссерлердің оқу тобына талантты жастарымызды орналастыра алғанымның арқасында кейіннен қазақ киносына “жаңа толқын” деп аталған те­геу­рінді лек қо­сыл­ға­нын да мақтаныш етемін. Кейіннен бел­гілі бір себептермен кинодан қол үзің­кіреп қалдым. Соңғы жыл­дардағы жаз­ға­ным – “Махамбет” фи­льмінің сценарийі. Оның қалай шық­қа­нын көрермен қауым бағалап жатқан болар…

Қазақ киносының қазіргі деңгейі көңіл көншітерлік. Мемлекет тарапынан қаржы жеткілікті бөлініп жатыр деп ой­лаймын. Бір ғана “Көшпенділерге” бөлінген қаржы мен Кинокомитеттің төрағасы болып тұрған кезде бір жылда бүкіл кино өндірісіне бөлінетін қаржымен бірдей екен. Айтқандай, мен сол “Көш­пен­ділер” сәтсіз шыққан деп санайтын­дарға қосылмаймын. Негізінен жап-жақсы фильм. Жоғары кәсіби деңгейде түсіріл­ген. Әсерлі сценалары жеткілікті. Бәріміз тым талапшыл, тым талғамшыл бола қа­лып, түкке тұрғысыз дүниедей етіп жібер­дік. Әлемдік прокатта мол ақша түсірме­ге­нін айтамыз. Қазірше әлемдік прокатта қазақ киносының қандайының да мол ақша түсіруі мүмкін емес. Әлемдік про­кат­қа қазақ киносының кіруіне, орны­ғуына, басқа жұрттардың “Мынау қазақ киносы екен. Яғни, жақсы фильм. Бару керек, көру керек” деген пікірге келуіне әлі талай жыл бар. Киноиндустрияның өз заңы осындай. Онымен санаспай болмайды.

Ұлттық кинематографта түсіріліп жат­қан фильмдердің санының өзі қуантады. Сан сапаға айналмай қоймайды.

– “Невада-Семей” қозғалысын, Қа­зақ­стан халық конгресін басқарған жылдары­ңызда саясатпен, қоғам өмірін демокра­тия­ландыру мәселелерімен көп айналыстыңыз. Еліміздегі демократияның қазіргі деңгейі жайында қандай пікірдесіз?

– “Саясат – мүмкін нәрсені жүзеге асыра білу өнері” деген сөз бар. Ана бір жылдары Солженицын Америкадан келді. Келе салып, оңды-солды ақыл айта бастады. Шығыс славяндардың басын қалайда біріктіру идеясын көтерді. Соның салдарынан Украина Ресейден алыстай түсті. Қазақстан да тіксініп қалды. Сая­сат­та жүрген ұзақ жылдарым мені нақты мақсаттарға ұмтылуға үйретті. “Демо­кра­тия­ның бар мәні халық бекіткен заңдарды қатаң сақтау” деген Вольтердің сөзі дәл айтылған.

Қазақстанның халық конгресі партия­сын басқарып тұрған жылдарымда менен “Сіздер президенттік билікке конструк­тивті, яғни сындарлы оппозиция болып табыласыздар ма?” деп жиі сұрайтын. Мен өтпелі кезеңде, материалдық өндіріс пен қоғамдық өмірдегі бей-берекетсіздік жағдайында күшті президенттік билікке балама жоқ екенін айтатынмын. Сын­дарлы оппозиция заңды президенттік билікпен қалайда тіресуден емес, жаңа, теңдестірілген мемлекеттік институттарды құруға септесетін азаматтық келісімге, заңнамалық бастамаларға барар жолды бірлесе іздеуден танылуға тиіс дейтінмін. Қазақстан халық конгресінің құрылтай съезі 1991 жылғы қазан айында өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз бірқатар реформалармен келіспейтінімізді ашық айттық. Жекешелендірудің жаппай жүргізілуіне, колхоз, совхоздардың жап­пай таратылуына қарсылық білдірдік. Көп ұсыныстарымыз қабылданған жоқ. Содан біз 1994 жылғы қазанда пленум өткізіп, өзімізді билікке конструктивті оппозиция деп жарияладық. Алайда, арада біраз уақыт өткеннен кейін мен артық оппо­зициялық белсенділік қоғамдағы ахуалды тұрақсыздандыруға соқтыруы мүмкін еке­нін түсіндім. Оған ешқашан, қандай жағдайда да баруға болмайды. Сөйтіп, бағы­тымызды өзгерттік. Атқары­лып жат­қан игі істерді атымен ауызға алмау, қол­дағы барды бағаламау тіпті жөнсіз болар еді. Өкінішке орай, біздегі қазіргі оппо­зицияға осы тән. Ап-айқын нәрселерді мойындамау, бадырайып тұрған нәрсе­лер­ді көрмеу, биліктің қызметінен іліп алар еш­теңе таппау оппозицияның сөзін өтім­сіз етіп отыр. Қазақстанға барған сайын біздегі кей газеттердің соншама бейпіл сөйлейтініне қайран қаламын. Он­дайды мына Па­рижде де оқи алмай­сың. Ресейде де би­лікке дәл бұлайша ауыз салуды кез­дестіре қоймайсың. Кез келген нәр­се­нің шегі болуы керек қой. Әрине, оп­по­зи­ция атаулының бә­рін биліктің қас жау­ын­дай көру дұ­рыс емес. Назарбаев осыны айтып та жүр. Оппозиция – қоғам да­муының міндетті шарты. Демокра­тия­лық даму жолына түс­кен кез келген қоғам сая­си пікір­­та­ласқа бой үйретуге тиіс. Билік қалайда сыналмай қоймайды. Қазақ­стан­дағы билік те сыналып жатыр, сонысымен де еліміз бүкіл әлемнің көз алдында демо­кра­тиялық мемлекет ретінде орнығып отыр. Бізді Еуро­падағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­аға­лыққа жеткізген көп факторлардың бірі де осы. Сонымен, ойымды түйіп айт­сам, Қазақ­станда демократиялық үдерістер ойда­ғыдай жүріп жатыр деп санаймын.

– Бұл сұхбатта сіздің “Язык письма”, “Тюрки в доистории” деген іргелі еңбек­теріңізге қатысты сұрақ қоймай отырмын. Сіз осы және басқа кітаптарыңыз енген жеті томдығыңызды маған 2004 жылғы жел­тоқсанда Мәскеуде, Ресей Мәдениет қорында “Сауытбек ініме” деп жазған қол­таңбаңызбен сыйлап едіңіз. Олар жөнінде газет сұхбатында қамтып айту мүмкін де емес. Дегенмен, талай жылдан бері айты­лып келе жатқан “1001 сөз” атты сөзді­гі­ңіздің жайын сұрамай тұра алмайтын сияқ­ты­мын. Ол жұмысыңыз қашан бітуі мүмкін?

– Этимология – менің өмір бойғы әуес­тігім. Онымен күн-түн демей айна­лы­суға дайынмын. Сіз айтқан сөздікке кіріскеніме 40 жылдан асты! Оның басты тақырыбы – орыс тіліндегі түркизмдер. Пуш­кин сөздердің мағына­сын түсіндіре алсақ, әлемді жаңылыс­тарының жарты­сы­нан айыра алар едік деген болатын. Эти­мо­логияның мән-ма­ңызын бұдан дәл айт­қан ешкім жоқ. Тіл – этностардың та­рихи жолда тоғысуы, табысуы туралы та­ным-білімнің ең шын­шыл шежіресі. “1001 сөз” кітабы уақыт өте келе тың тұрпатты тіл­танудың негізіне айналады деп жа­қын­да ғана берген бір сұхбатымда айтқанмын. Сол сөзімді қай­талағым келеді. Сөздіктің алғашқы томын биыл немесе келесі жылы жариялаудың сәті түсетін сияқты. Жалпы, жұмыстың қашан бітетінін айту қиын. Өмі­рімнің басты кітабы “1001 сөз” бола­тынын сезгендіктен де асығуымның жөні жоқ.

– Олжас Омарұлы! Қоғам талқы­лауы­на ұсынылған “Қазақстанның ел бірлігі доктринасының” жобасы негізінен қолдауға ие болды. Сонымен бірге жобаның әртүрлі қағидалары сын тезіне де салынып жатыр. Сіздің пікірлеріңіз де сан саққа жүгіртілуде. Доктринаның жалпы қажеті жоқ еді деп жүргендер де бар. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Неге қажеті болмасын? Бүкіл дүниеде Қазақстандай көп тілді, көп дінді елдің осындайлық сүттей ұйып отырғаны, аталарымыз аманат етіп кеткен дәстүрлі достықты сақтай білгені, әлемдік және дәстүрлі діндердің үш бірдей съезін өт­кізуге қол жеткізгені үлкен қызығушылық туғызатыны рас па? Рас. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы биігіне көтерілуіне біздің еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас­тар­дың нағыз өркениетті сипатта қалып­тас­қа­ны да әсер еткені рас па? Рас. Қазақ­стан Ұйым төрағасы ретінде өз еліндегі бірлікке жету моделін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің назарына ұсына ала ма? Ұсына алады. Ол жағын айтпағанның өзінде, өз елімізде осы істе жинақталған тәжі­рибені қорытудың, ел бірлігін алдағы кезде де нығайта түсудің жолдарын бел­гі­леудің ешқандай артықтығы жоқ. Мұ­ның өзі біздің мемлекеттілігіміз идео­логиясының ең маңызды бөлігі. Жобаның қазақша нұсқасындағы аты барынша дәл шыққан. Бізге бәрінен бұрын ел бірлігі керек. Мен жақында берген бір сұхбатым­да: “Алғашқы жиырма жылдықта бірлікті сақтай алғанымыз – халқымыз бен тұң­ғыш Президентіміздің басты жетістігі” деп айттым. Сол сөзімді сізге де қайталаймын. Оның қандай қиындыққа түскенін мен жақсы білемін. Ел бірлігі ұғымы қоғамдық санаға қазіргіден де берік сіңірілуге тиіс. “Ел бірлігі доктринасы” – мемлекет тұ­тас­тығының идеологиясы. Ондай құжат­тың қажеттігі жоқ деу тіптен ретсіз. Док­три­наның жобасы қазақ халқының мүд­де­леріне нұқсан келтіреді, қарама-қайшы дейтін сөздердің атымен жөні жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Чеховтың бір кейіп­керінің: “Этого не может быть. Потому что этого не может быть никогда” дейтіні бар. Өзін өзі сыйлайтын кез келген мемлекеттегі билік сол мемлекеттің негізгі ұстыны болып табылатын халықтың мүддесіне қайшы қадамға бармайды.

Доктрина жобасын сынға алу керек. Онда жеріне жеткізе жазылмаған тұстар бар. Бірақ доктрина жобасын онда айтыл­мағанды айтылғандай етіп көрсетіп, әдейі бұрмалап сынаудың, сөйтіп жұрт­шы­лық­ты шатастыруға тырысудың керегі жоқ. Мысалы, кейбір авторлар доктрина жо­басы “қазақстандық ұлт” идеясын өт­кізуге құрылған деуден тайынбады. Ал онда мұндай тіркес атымен жоқ! Атымен жоқ екендігі дәлелденіп еді, енді “өйтіп ашық жазбағанмен құжаттың астарлап ай­тары осы ғой” деуге шықты. Негізінде, бұл мәселе әлі ұзақ талқылануға тиіс. Ал “этнос”, “халық”, “ұлт” ұғымдарының төңірегінде ой­ланатын, толғанатын жайлар жет­кі­лікті. Энциклопедиялық сөз­дікте “этнос” ортақ өзіндік санаға және өзіндік атауға, шығу тегі мен мәдениетіне ие адамдардың тарихи тұрғыдан қалып­тасқан тобы деп түсіндіріледі. “Халық” сөзіне “этностық қауымдастық” деген тү­сінік берілген. “Ұлт” сөзінің мағынасы “бел­гілі бір мем­ле­кеттің барлық азамат­тарының этностық тиесілігіне қарамастан саналатын жиын­тығы” делінген. Яғни, бұл ұғымдардың өзі­нің белгілі бір бас­палдақтары бар. Мем­лекет негізі ­– ұлт. Жер бетінде мың­даған этностар бар. Солардың екі жүзге жуығы ғана мемле­кетке атын беретін ұлттарға айнала алған. Басқаларға ондай бақыт әлі тимеді. Олар­дың арасында ірі этностар да көп. Мы­салы, курдтарды алайық. Ресми мәлімет­тердің өзінде олар­дың саны 1995 жылы 18 миллионнан астам болған делінеді: Түркияда 6,5 млн., Иран­да 5,5 млн., Ирак­та 4 млн., т.б. Осындай көп халық­тың бір туын тігетін алақандай өз жері жоқ, өз елі жоқ. Ол курдтардың өзгелер­ден әлсіздігінен емес. Қалыптасқан тарихи жағдай оларға ұлтқа айналуға мүмкіндік бермеді. Ал біз ұлтқа айнала алдық. Ұлт – биік ұғым, тарихи категория. “Абай тілі сөздігінен” сіз “ұлт” сөзін таба алмайсыз. Абай заманында ондай ұғым болған жоқ. Жалпы, феода­лизм кезінде ұлттар қалыптаспайды. Маркс­тің ұлт салыстырмалы түрде алған­да жаңа құбылыс, ол капитализмнің көрі­гінде шыңдалып шығады деген сөзін әлі ешкім терістей алған емес. Қазақстан атты мемлекеттің барлық тұрғындарын ортақ ұлттық сана біріктіретін күн келеді. Мен оған сенемін. Бұл не деген сөз? Бұл Қа­зақ­станды мекен еткен барша жұрт тер­ри­ториясының, экономикалық өмірі­нің, мәдениетінің, тілінің, ерекше өзіндік са­на­сының ортақтығын қалыптастыру ба­ры­сында біржола бірігеді деген сөз. Бізде қазірдің өзінде осы белгілердің ортақ тілден басқаларының бәрі толықтай бар. Доктрина жобасы барлық қазақ­стандық­тар­дың болашақта мемлекеттік тілді мең­геруі міндетті екендігін көрсетеді. Түптің түбінде солай болады да. Қазақ­станда ел бір­лігін қазіргіден де берік ету үшін қо­лайлы ахуалдың бәрі дайын тұр. Қазақ­стандық орыстардың ресейлік орыс­тардан басқаша сипатта қалыптасқанына талай уақыт болды. Қазақстандық украиндықтар да сондай. Қазақстандық өзбектер де сон­дай. Олардың бәрі ең алдымен қазақ­стандықтар. Олардың бәрі Қазақ елінің азаматтары. Қазақстан – Қазақ елі деген сөз. Ел – “мемлекет” сөзінің синонимі. Сондықтан менің “Қазақстан” атауын “государство казахов” деп түсіндіруімде онша қате жоқ. Қайта мен осылай деу арқылы елдің иесі, жердің иесі алдымен қазақтар екенін бадырайтып айттым. Енді осы жерде соны түсіндіруге мәжбүр бо­лып тұрмын. Мен бұлай дегенде өз атыма түрліше сын айтып жатқан азаматтарға өкпемді білдірмек емеспін. Олардың бәрі де өзінше елдің қамын ойлап сөйлеп жа­тыр. Олар да менің ел қамынан басқа мақ­сат-мүддем жоқ екеніне сенеді деп ойлаймын.

Доктрина жобасы қоғамдық ойға қозғау салуымен-ақ қазірдің өзінде пай­дасын тигізді. Оны талқылау, сонымен қатар қазір әңгіме болып жатқан ба­ла­ма­лы тұжырымдаманың негізгі ұстаным­дарын қарастыру барысында мемлекеті­мізді мығымдандыра түсетін тың тетіктер табылатынына сенемін.

– Ақпан айының аяғында Мәскеуде “ХХІ ғасырдағы халықаралық қауіпсіздік архитектурасы: Еуразияның жаңа кон­цептілері” деген тақырыпта кон­ференция өтті. Оны Ресейдің АҚШ және Канада институты, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырғанын, сонда сіздің баяндама жасағаныңызды білеміз. Баяндамаңызда не жайында айттыңыз?

– Мен онда басқа бір баяндамамның тезисін еске түсірдім. 1979 жылдың күзін­де, Азия және Африка елдері жазушы­лары­ның Ташкентте өткен конферен­ция­сында айтқанымды. Ол кезде отар­сыз­дандыру кезеңі іс жүзінде аяқталған еді. Қос құрлықтың қаламгерлері ұлт-азаттық қозғалыстарының белсенді қа­тысушылары мен көшбасшылары болған­дықтан да ондай кездесулерде әңгіме әдебиет жай­ын­да ғана қозғалмайтын. Сол конферен­цияда мен отарсыздандырудың кейбір қо­ры­тындыларын шығаруға тырыстым, бұл кезеңде қолға тиген тәуелсіздік азаттық алған халықтарға аңсаған бақыттың ор­нына билік үшін бітпейтін де қоймайтын талас-тартыс, аштық пен кедейлік әкелген болатын. Ұлт-азаттық күресінің түпкі мақсаты тек тәуелсіздікке қол жеткізу деп ұғу қателік еді. Мен дамудың басқа фор­муласын ­– отарлық тәуелділіктен тәуел­сіздік кезеңі арқылы саналы өзара тәуел­ділік дәуіріне өтуді жақтадым.

Тереңірек үңіле қарасақ, болашаққа ба­ратын мұндай жол тек Азия және Аф­ри­ка елдеріне ғана жарамды емес екенін көреміз. Бүгін бұған көзіміз анық жетіп отыр. Бірде-бір халық абсолютті тәуел­сіздікке қол жеткізген жоқ. Таби­ғатта абсо­лютті тәуелсіздік деген атымен бол­май­ды. Табиғатта бәрі де бір-біріне тәуел­ді. Кез келген мемлекетте барлық ұлттар өкілдері өзара тәуелді. Жалпыға ортақ өзара тәуелділік заңы табиғатта баяғыдан бар, бірақ ол заңды біз өзіміз үшін жаңа ғана ашып жатырмыз. Егер алғашқы марксистер социумдағы таптар­дың бәрі өзара тәуелді екендігін пайым­дағанда таптардың бірін бірі жоюын заңға айналдырған ілім дүниеге келмес еді.

Жаһандық қатерлердің табалдырығын­да тұрған қазіргідей кезеңде біз адам мен табиғат шынында да бір-біріне тәуелді екенін көруге, соған сенуге дайынбыз. Жалпыға бірдей өзара тәуелділікті ұғыну адамзатты қорғап қалатын планеталық, жалпыадамзаттық сана-сезімнің негізіне айналатын болады.

Міне, дәл осындай пайым әрбір ұлт­тық сана-сезімнің арқауына айналуға тиіс.

Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығы жылында да, әрқашанда да жаһан­дық қауіпсіздік архитектурасына сенім­ділік пен сұлулық сыйлайтын жалпыға ортақ өзара тәуелділік философиясын басшылыққа алатынына сенемін. Мәскеу­дегі баяндамамды осылай бітірдім. Әрине, бұлай дегенде мен бұл құрылымды Еур­азия­ның әрбір мемлекеті өзінің ішкі өмі­рінің практикасымен нығарлай түсетінін, ал әр елдің ішкі өмірі абсолютті тәуел­сіз­дік жолындағы күрестің ғасырлар бойы жи­нақталған дәстүрлерінің сарқын­шақ­тарына толы болатынын жақсы ұғына­мын. Бұған Доктрина жобасын талқылау барысындағы пікірталас кезінде көзіміз тағы жете түсті.

Жауабымды былай түйіндегім келеді – Шекспир трегедиялары сияқты кітап­тар әдебиетте аз жазылды, оның есесіне Азия мен Африкада ХХ ғасырда қалам тер­бегендердің талайы өз халықтары тра­гедияларының авторларына айналды. Бұл үшін терең білім мен дара таланттың қажеттігі болған жоқ. Саяси Шекспирлер қатарына қосылғысы келетіндер ХХІ ғасырда да жетіп артылады. Мұны ұдайы есте ұстауымыз керек.

– Бұл айтқаныңызды Олжас енді тәуел­сіздікке қарсы шығуға айналды деп түсін­діруге тырысатындар да табылуы мүмкін.

– Оны өздері білсін. Мен тек аб­со­лют­ті тәуелсіздік болмайтынын, әр ел, әр ұлт өзгелермен санасуға тиісті екенін, на­ғыз тәуелсіздікке адамдардың, мемлекет­тер­дің өзара тәуелділігін ескеру жағдай­ын­да ғана қол жететінін айтып отырмын.

– Әңгімеңіз үшін рахмет.

Сауытбек Абдрахманов / Егемен Қазақстан Газеті.

DK: http://www.egemen.kz/152.html 12 Наурыз 2010

Олжас Омарович Сулейменов

Версия для печати Показать список книг

Олжас Омарович Сулейменов (каз. Олжас Омарұлы Сүлейменов; род. 18 мая 1936, Алма-Ата) — поэт, писатель-литературовед, общественно-политический деятель Казахстана, дипломат. Пишет на русском языке.

Биография

Родился в семье офицера казахского кавалерийского полка, репрессированного в 1937 году. Позже Лев Гумилёв сообщил Олжасу, что сидел с его отцом в норильском лагере, где того расстреляли.

Окончил школу в 1954 году и поступил на геологоразведочный факультет Казахского госуниверситета, окончил его в 1959 году, инженер-геолог. Последние годы учебы совмещал с работой в геологоразведочных партиях.

Литературной работой занялся в 1955 году.

В 1958 году поступил в Литературный институт им. А. М. Горького в Москве на отделение поэтического перевода, который окончил в 1961 году.

В 1962—1971 литературный сотрудник газеты «Казахстанская правда», главный редактор сценарно-редакционной коллегии киностудии «Казахфильм», заведующий отделом журналистики в журнале «Простор».

1971—1981 секретарь правления Союза писателей Казахстана,

С 1972 председатель Казахского комитета по связям с писателями стран Азии и Африки.

С начала 70-х и до конца 80-х заместитель Председателя Советского комитета по связям со странами Азии и Африки.

В 1975 году издал литературоведческую книгу «АзиЯ. Книга благонамеренного читателя», получившую резко отрицательный резонанс в Москве, книга была запрещена, автор 8 лет не издавался и практически перестал писать стихи.

1977—1995, 18 лет председатель федерации шахмат Казахстана.

1981—1983 председатель Государственного комитета Казахской ССР по кинематографии.

1983—1991 — первый секретарь Правления Союза Писателей Казахстана, в 1984 году — секретарь правления СП СССР.

1989 — Народный депутат Верховного Совета СССР.

В 1989 году стал инициатором и лидером народного движения «Невада — Семипалатинск», целью которого было закрытие Семипалатинского ядерного полигона и других ядерных полигонов мира.

1991—1995 — лидер партии «Народный конгресс Казахстана», в которую преобразовалось антиядерное движение.

1995—2002 годы — полномочный посол Казахстана в Италии и по совместительству в Греции и Мальте.

Продолжил литературоведческую деятельность и выпустил в 1998 году в Риме книги «Язык письма» «о происхождении письменности и языка малого человечества» и «Улыбка бога», в 2001 — «Пересекающиеся параллели» (введение в тюркославистику) а в 2002 году — книгу «Тюрки в доистории» (о происхождении древнетюркских языков и письменностей), за которую получил премию Кюльтегина «за выдающиеся достижения в области тюркологии», 2002.

С 2002 года постоянный представитель Казахстана в ЮНЕСКО (Париж), готовит к изданию большой этимологический словарь «1001 слово».

Поэтическая деятельность

Олжаса Сулейменова причисляют к поэтам-шестидесятникам, его друзьями были три столпа тех лет: Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Роберт Рождественский. Вознесенский написал стихи «АТЕ 36-70» или «2 секунды, 20 июня 1970», посвященные Олжасу и автоаварии, в которую они попали под Алма-Атой. Увлеченный стихами Сулейменова о казахском поэте и народном герое Махамбете, он сам создал цикл «Читая Махамбета»: «Зачитываюсь Махамбетом, Заслышу Азию во мне, Антенной вздрогнет в кабинете Стрела, торчащая в стене.» Рождественский начал свой стих «О друзьях» так: «Олжас, Мумин, Виталий…», а Римма Казакова в 1968 году написала целое стихотворение: «Люблю тебя, товарищ мой Олжас». Большой была популярность поэта среди его поклонников по всей стране

Причину его необыкновенного всесоюзного успеха известный критик Лев Аннинский сформулировал так: «Поэт оказался на скрещении культур, на скрещении традиций: он счастливо совместил в себе сразу многое: молодой задор и книжную образованность…. и ассоциативную экспрессию распространенного сегодня поэтического стиля… и филологическую любовь к мировым построениям, в которых Пушкин встречается у Сулейменова с Чоканом Валихановым, Конфуцием и Тагором… и местную обжигательную степную специфику…».

Молодой поэт писал стихи на русском языке и был поначалу известен только у себя на родине. Широкую известность он получил весной 1961 года. Тогда, отчисленный за драку из Литературного института, он вернулся в Алма-Ату и подрабатывал в газете «Казахстанская правда». 11 апреля осведомленный о событиях на Байконуре редактор газеты Фёдор Боярский заказал ему стихи про полет человека в космос. За ночь он набросал несколько строк и 12 апреля, когда объявили о полете Гагарина в космос, стихи уже вышли в газете и листовки с этим текстом разбрасывали с самолетов над Алма-Атой и другими городами Казахстана. Впечатленный эпохальным событием, поэт за неделю превратил эти стихи в поэму «Земля, поклонись человеку!» и уже в мае она вышла в свет.

«Разгадай:

Почему люди тянутся к звёздам!

Почему в наших песнях

Герой — это сокол?

Почему всё прекрасное,

Что он создал,

Человек, помолчав,

Называет — Высоким?»

Сулейменов впоследствии говорил: «Мою поэму передавали по центральному телевидению и радио, печатали в газетах, почти каждую неделю я выступал в каком-то городе: на заводах, фабриках, в студенческих аудиториях. Вот такой был успех». Поэма попала в струю и вскоре получила Премию ЦК комсомола Казахстана.

25-летнего Сулейменова стали включать в состав советских делегаций по Европе и Штатам, он читал свою поэму в Колумбийском университете (Нью-Йорк) и парижской Сорбонне. Дебют оказался блестящим. Конфликт с ректоратом сразу был улажен. Впоследствии именно его строка «Земля, поклонись человеку» была начертана на пьедестале обелиска работы Рукавишникова, установленного на месте гибели Юрия Гагарина под Киржачом Владимирской области.

На волне этого успеха вышел первый сборник стихов Сулейменова «Аргамаки» (1961), который чуть было не полетел из планов издательства из-за того инцидента с дракой в Литературном институте. Острые строки стихов «Аргамак», «Я видел», «Волчата» и др. подвинули казахского культуролога Мурата Ауэзова заявить, что они стали «протестом против насилия в условиях тоталитарного режима».

«Казахстан, ты огромен, пять Франций — без Лувров, Монмартров — / уместились в тебе, все Бастилии грешных столиц. / Ты огромною каторгой плавал на маленькой карте. Мы на этой каторге — родились!» (через много лет это стихотворение цитировал Жак Ширак на встрече с Назарбаевым).

На IV Всесоюзном совещании молодых писателей, отмечая новый сборник стихов Олжаса Сулейменова «Солнечные ночи» (1962), один из старейших поэтов двадцатого столетия Николай Семенович Тихонов сказал: «Не только я, но и все участники обсуждения были радостно поражены темпераментом, силой образности, широтой чувств, большим захватом темы… Из пламени такого поэтического костра рождается характер нового человека, нашего современника, дышащего всей мощью нашего индустриального, богатого чудесами атомного века».

«Нет Востока, И Запада нет.

Нет у неба конца.

Нет Востока, И Запада нет,

Два сына есть у отца.

Нет Востока, И Запада нет,

Есть Восход и закат,

Есть большое слово — ЗЕМЛЯ!»

Очередной сборник стихов «Доброе время восхода» (1964) удостоился уже премии ЦК ВЛКСМ.

«Кочую по чёрно-белому свету.

Мне дом двухэтажный построить советуют,

а я, как удастся какая оказия,

мотаюсь по Африкам, Франциям, Азиям.

В Нью-Йорке с дастанами выступаю,

в Алеппе арабам глаза открываю,

вернусь, И в кармане опять — ни копья;

Копьё заведётся — опять на коня!»

Стихи и поэмы Олжаса Сулейменова переведены на английский, французский, немецкий, испанский, чешский, польский, словацкий, болгарский, венгерский, монгольский и турецкий языки. Наибольшую известность казахский поэт получил во Франции, где помимо целого ряда стихотворений, опубликованных в разное время на страницах литературной периодики, было издано несколько поэтических сборников казахского поэта. Широко известна в литературных кругах Франции дискуссия в связи с выходом в Париже «Года обезьяны» (1967) и «Глиняной книги» (1969). «В „Годе обезьяны“ Олжаса Сулейменова, — писала Лили Дени в газете „Летер франсез“ за 19 июня 1968 года, — я прочла то, что является одновременно прошлым и будущим. Слова о корнях…».

А профессор Сорбонны, поэт и переводчик русской поэзии Леон Робель, представляя французскому читателю свой перевод поэмы «Глиняная книга» написал: «Олжасу Сулейменову давно уже близка идея братства культур и духовное взаимообогащение народов. Он хочет читать историю, как большую книгу переселений и изменений знаков. Расшифровка письменности, языков и легенд, по его мнению, поможет нам по-другому взглянуть на Историю Человечества, все же единую, в которую разделение и произвольная изоляция внесли замешательство. Это страстное чувство проходит через всю книгу, и, несмотря на шутливую, едкую полемическую форму, это произведение от корки эпическое: давно уже наш раздробленный мир не слышал такого сильного голоса — мы признаем Олжаса Сулейменова наследником или преемником Гильгамеша, Гюго, Хлебникова, одним из тех, величие которых естественно».

Такой видный человек должен в СССР быть в рядах партии и в 1969 году Сулейменов стал членом КПСС. Ему заказали поэму к 100-летию Ленина, но вместо неё он принёс в издательство свою «Глиняную книгу», которую восторженно встретила советская интеллигенция. Эта поэма считается лучшим произведением Сулейменова. Но государственную премию имени Абая он получил за пафосную поэму «Синие острова» (1973).

http://lit.kz/authors/kazakhstan/suleimenov-olzhas




One thought on “Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ: ШЕКСПИРІ ЖОҚ ЕЛДІҢ НЬЮТОНЫ ДА БОЛМАЙДЫ

  1. Дәуір

    О.Сүлейменовтің сөзге шешен, жігерлі екені рас. Өлеңдері қазақтан басқа жұртқа әсерлі. Әсіресе: дала, арғымақ, қыран, бейбітшілік, патриотизм туралылары, бірақ олары Мағжан,Ілияс, Қасым және басқалардың жырларымен теңесе алмайды. Гагарин туралысы - саяси өлең, сол кезде Совет Одағына өте керек болды, ол сонымен көтеріліп кетті,ал Жер-Анаға балаңа басыңды ій, табын деуі - өрескелдік! Кезінде түсінбеген бізге де, өзге ұлттарға ға “ғажап” болған “АЗиЯ” кітабын бүкіл түрік әлемінің ғұламасы Лев Гумилев: “сколько страниц (304), столько ляпсусов” деп, шындықты тура айтты. Ақынның әкесі Омар жарықтық, павлодарлық қарттардың айтуынша, погранзаставаның бастығы болып, бірде шекара бұзғандармен атыста қаза тауыпты.”Халық жауы” болмаған.Гумилепен айдауда бірге болған әлдекім сол кісінің аты-жөнін әдейі иеленіп жүруі мүмкін, оның “Жезқазғандық кен инженері” делінуі-ақ күдікті. Әкесінің әскери кісі болғанын Олжас та айтыпты. Олжабай батыр “Абылай әскерінің оң қанатын басқарды” деу де - қате. Абылай туралы деректерде Олжабайдың сондай болғаны айтылмайды. Ол негізінен өз өңірінде соғысқан батыр болған. Олжастың мақтануында шек жоқ: 4-класта-ақ Толстойдың 12 томын қалай, қайдан оқысын! Біріншіден, қанщама ынталы, зейінді болса да,түсіне қоятын жаста емес, екіншіден, ол жылдары Толстойдың соншама томы қазақ отбасына бұйырған емес. Ақынның Семей полигонының жабылуына сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды, бірақ бірінші орын оныкі емес. Ол туралы фактімен жазылған материалдар жеткілікті. Ал Махамбет туралы фильм сценариясы десек,жауына Махамбетті атып өлтіртіп, исі қазаққа мәлім тарихи шындықты бұрмалай салыпты. Қазақтың әдебиеті, тілі, оппозициясы, т. б. мәселелерде де атүсті айта салыпты. Әйтеуір, өзін насихаттауға қашанда өте шебер бұл ақын. Жарасқан Әбірашев жазғандай, бұл ақынды қазақ Қадыр Мырзалиев арқылы таныды. Сөйткен ақын қазағына қарата нәрлі сөз айтпай келеді, қазақ тіліне қарсы сөздері қаншама?! Қазақтың “мамыр”,”желтоқсан” ай аттарына жармасты, “толық тәуелсіздің - бізге қауіпті” деді,Алматыны қайтадан Алма-Ата деу керек” деді. Әлі күнге дейін орыс тілінің жоқшысы. Ал өмірде жолыболғыш: алмаған атағы, силығы жоқ. Досының арқасында. Е, ала берсін!..

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir