Шәкір Ыбраев: Түркология – әлем елдерінің ғалымдарына ортақ ғылым
Шәкір аға, өзіңіз басқарып отырған академия туралы айтып берсеңіз.
— Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздігін алғаннан кейін еліміздің Орталық Азиядағы, жалпы, дүниежүзіндегі саяси салмағы, мәдени маңызы күн өткен сайын арта түскені барлығымызға мәлім. Осының тағы бір айқын көрінісі — өткен жылы Түркі халықтарының Әзірбайжанның Нахчиван қаласында өткен саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі халықтарының халықаралық академиясын Астана қаласында ашу туралы ұсыныс жасауы.
Елбасымыздың осы бастамасын өзге де елдің президенттері бірауыздан қолдады. Кейіннен бұл бастама Ыстамбұлдағы түркі халықтарының Саммитінде қайтадан көтеріліп, оның жүзеге асырылуы үшін арнайы бағдарламалар қабылданды. Нәтижесінде, осы жылдың мамыр айында Елбасымыз және Түркия президенті Абдуллаһ Гүл Тәуелсіздік және келісім сарайында түркі халықтарының академиясын ресми түрде ашты. Айта кету керек, бұл академияның мән-мағынасын ең алдымен түсінген – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Түркі халықтарының шығу тамыры, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнерін ғылыми тұрғыдан тұтастай зерттеген кезде ғана олардың арасындағы тарихи байланысты, оның мән-мағынасын, маңызын жан-жақты ажырата аламыз. Бұл түбі бір түркі халықтарының бір-бірімен қандай қарым-қатынаста болатынын да айғақтады. Бүкіл саяси-мәдени астарын да осы зерттеу жұмыстары арқылы белгілеп алуымызға әбден болады.
Мұндай жұмыстың халықаралық мән-маңызын мынандай бір мысалдармен дәлел-дегім келеді. Кезінде Кеңестер Одағында «Совет түркологтарының комитеті» деген арнайы ұйым болған. Оның орталығы Мәскеу еді. Бұл комитет жыл сайын барлық түркітанушы ғалымдардың басын қосып, осы ғылымда қандай жұмыстар жасау керек дейтін мәселелерді талқылап, шешім қабылдап оты-ратын. Соның негізінде келесі жылға дейінгі түркология ғылымында зерттелетін жоспардың барлығын алдын ала кесіп, пішіп алатын. Кезінде осы комитетті белгілі академик ғалымдар басқарды. Ең соңғы комитеттің төрағасы атақты ғалым КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Э.Р.Тенишов болды. Кейін Кеңестер Одағы тарағаннан кейін бұл комитет те жұмысын тоқтатты.
Демек, бұл академия бұрыннан жұмыс істеп келген ғой?
— Иә, бұрыннан болған. Ол осындай халықаралық деңгейдегі үлкен мекеме еді. Советтік түркологтар комитеті ондаған жылдар бойы «Советская тюркология» деген арнайы журнал да шығарып тұрды. Журнал Бакуде басылды. Сонымен қатар, бұл комитет дүниежүзіндегі түркология саласында қандай жұмыстар жасалады деген сауалға жауап іздеп, соның нәтижелерін 4 жылда арнайы халықаралық конференция өткізіп біліп отырды.
Бұрынғы Совет түркологтары ко-митетінің атқарған жұмыстарының ма-ңыздылары қандай?
— Маңызды деген кейбір жұмыстарын атап өтсем, сол кезде комитет жанынан жыл сайын үлкен түркологиялық жинақ шығарылып отырды. Ол әлгі айтқан «Советская тюркология» журналында жарияланған материалдармен толықтырылып тұрды. Осы комитеттің аясында «Түркі халықтарының тарихи-салыстырмалы грамматикасы» дейтін 4 томдық қалың кітап жарық көрді. Онда бүкіл түркі тілдерін салыстырған ғажайып жұмыстарды жариялайтын. Сондай-ақ, көптомдық «Түркі халықтарының этимологиялық сөздігі» (авторы Севортян) атты еңбегі шықты. Одан басқа, ежелгі замандағы ескерткіштердің сөздік қорынан алынған «Көне түркі тілі» деген сөздігі жарияланды. Міне, осы сияқты іргелі жұмыстарды аталған комитет атқарып келген болатын. Кейіннен Кеңестер Одағы тараған соң Мәскеудегі комитеттің орталығын Уфа, басқа да қалаларға көшіру туралы көзқарастар айтылды.
Енді, дүниежүзіндегі түркология ғылы-мының зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін, істелінген жұмыстардың нәтижесін шығарып, алдағы мақсаттарын айқындап отыратын, сөз жоқ, жаңа заманның талап-тілектеріне сай тәуелсіздікке қол жеткізген түркі халықтарының болмыс-бітімін, шынайы тұтастай зерттейтін ғылым салаларын бір орталықтан үйлестіру жұмыстары бүгінгі күннің заңды талабы еді. Ал осындай халықаралық орталықты ашқысы келген мемлекеттер мен ғылыми мекемелер көп болды. Әзірбайжан мен Түркияда ашу туралы ой да айтылды. Бірақ, осы бастамада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дәлелдері мен ұсыныстары аса салмақты шықты. Оған себеп Қазақстанның этносаяси, мәдени, территориялық шарттары сәйкес келуінде еді. Қазақстанның түркі әлемінің ортасында және түркі мәдениетінің ежелден ту тіккен орталығында орналасуы да бұған қолайлы жағдай туғызды. Қазіргі жағдайымыз да еліміздің түркі мәдениеті мен ғылымына көшбасшылық жасай алатын қабілетіне де байланысты.
Академияның жұмысына тек түркі ғалымдары ғана араласады ма?
— Сұрағыңыз өте орынды. Түркология – түркі мемлекеттерінің ғалымдары ғана айналысатын ғылым емес. Бұған дүниежүзінің ғалымдары атсалысады. Әлемде сан түрлі ғылым салалары бар. Айталық, синология - қытайтану, арабтану – арабистика, славестика – славян халықтарының, болмаса роман-герман халықтарының мәдениетін зерттейтін т.с.с ірі-ірі ғылым салалары жетерлік. Түркология да сондай. Бұл ғылыммен дүниежүзінде көптеген ғалымдар айналысады. Мәселен, Еуропада - Германия, Венгрия, Франция, Польша, Англия, Ресей, сондай-ақ, Жапония, тіпті, АҚШ-та да түркологиямен айналысатын ғалымдар жетерлік. Осы мемлекеттердің білім ошақтарында түркология факультеттері де жұмыс істейді. Бұл ғылымды егжей-тегжейлі зерттейтін орталықтары да ашылған. Сондықтан да, түркология ғылымы бір күнде пайда бола салған дүние емес. Онымен дүниежүзінің ғалымдары айналысады. Бірақ, күні бүгінге дейін нелер істелді, нелер істелінбей жатыр, алда қандай мәселелерге көңіл аударуымыз керек дейтін мәселелерге ғалымдар бірлесіп отырып, жауап іздеуі қажет. Сол үшін де дүниежүзіндегі түркология ғылымына үйлестіретін орталықтың қажеттілігі күн санап артуда. Бұл міндетті Елордамызда ашылған Түркі академиясы атқаратын болады.
Тағы бір айтқым келгені, түркітану ғылымының астарынан саяси мән-мағына іздеудің қажеті жоқ деген ойдамын. Бұл жерге түркішілдікті, пантюркизм ұғымдарын қыстырудың қажеті шамалы. Себебі, бұл — шынайы әлемдегі этно-мәдени бағыттағы сияқты іргелі зерттеулермен айналысатын ғылым. Саяси ойын ойнағысы келетіндер осылай айыптайды. Себебі, қайталап айтайын, түркітанумен қазақ, өзбек, әзірбайжан, түрік ғалымдарымен бірге неміс, жапон, француз, ағылшын тағысын-тағылар түбегейлі айналысады. Осы жерде мына бір мәселені де айта кету орынды, ең алғаш түркология ғылымының қалыптасуына Еуропа оқымыстылары айрықша еңбек сіңірді. ХIX ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың соңында түркологияда айрықша еңбек сіңірген еуропалық ғалымдарды дүниежүзі біледі. Томпсен және Радлов сияқты ғалымдар Орхон-Енесей өзендерінің бойынан табылған ескерткіштерді алғаш рет оқып, ғылыми айналымға түсіргені жұртшылыққа кеңінен мәлім. Осының негізінде кейінгі оқымыстылар түркологияны ары қарай зерттей бастаған. Бұл, шын мәнінде, халықаралық, этносаралық, интернационалдық ғылым. Әрине, осы ғылымның дамуына және түркі мемлекеттерінің өздері мұрындық болатынын айта кету орынды. Соның негізінде қазір Қазақстан осы ғылымның орталығына айналып отыр десек болады. Қазақстанның ЕҚЫҰ–ға төраға болғаны, Дүниежүзілік діни қауымдастықпен келісімге келуі сияқты, енді түркологиялық ғылымның да орталығына айналуы баршамыз үшін үлкен мәртебе.
Түркологтардың бірінші съезіне Ахмет бабамыз қатысқан дейді. Сол рас па?
— Бір қызықты деректер келтірейін, 1926 жылы Баку қаласында түркологтардың бірінші съезі өткен. Сол съезге бізден Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Қабылов және тағы да басқа 4 адам қатысқан. Осы Бакуде дүниежүзінің көптеген халықтары қатысқан бірінші съезде үлкен шешімдер қабылданған. Солардың біреуі – Ахмет Байтұрсыновтың өзіміз білетін әліпби жасау туралы ұсынысы. Сол жиында көптеген оқымыстылар келелі-келелі ойлар айтқан. Түбінде бұл түркі халықтарының басын біріктіруге, санасын оятуға, осы халықтардың барлығының мәдени-кәсіби негізде бір-бірімен туыстығын жақын сезінуіне себепші болатындығын сезген Сталин съезге қатысқан атақты түркологтардың көбісін жазықсыздан-жазықсыз репрессияға ұшыратып жіберген. Байтұрсыновтың да ұсталып кетуінің негізгі себебінің біреуі осы болуы мүмкін. Міне, содан кейін бұл жұмыс тоқтап қалды да, тек арада 50 жыл өткенде 1975 жылы екінші рет осы конференция Алматыда өткізілді. Содан кейін бұл басқосу әрбір 4 жыл сайын Ташкентте, Ашхабадта, Бішкекте, Қазанда конференциялар болып, жұмысын жалғастырды.
Халықаралық түркі академиясы алдына қандай міндеттер қойып отыр?
— Қазір академия дүниежүзінің түрко-логтарының басын қосып, халықаралық конгрестер өткізіп отыратын болады. Осының негізінде түркология саласында айрықша еңбек етіп жүрген ғалымдардың еңбектері ескеріліп, арнайы сыйлықтар беріп, олардың барлығының жұмыстарына жаңаша бағыт-бағдар белгілеп, түркілік мәдениет пен тарихты жалпыадамзаттық контексте зерделеу міндеті алдымызда тұр. Осы бағытта түркі халықтарының ортақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері тұтастай пайымдалатын болады. Сөйтіп, біз өзіміздің ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз туралы деректерді дуалы ауыз ғалымдардың аузынан еститін боламыз. Бұл ала-құла, жүрдім-бардым айтылған пікірлерге жол бермейтін болады. Қазіргі таңда түркі халықтарының арасындағы мәдени іс-шараларды үйлестіретін «Түркісой» сияқты мекеме бар. Одан кейін, өздеріңіз білесіздер, Түркі халықтарының ақсақалдар кеңесі құрылды. Ал, соның ішінде, ғылымды зерттейтін, тарихымызды таразылайтын, өткен өмірімізді, әдебиетімізді бүгінгі күн тұрғысынан елеп-екшейтін бірден-бір мекеме осы акедемия болып табылады.
Ал, бұл академияның мерзімді басылымдары болады ма?
— Сөз жоқ, болады. Алтайстика және түркология салалары бойынша бірнеше тілде, атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін ғылыми журналы, сондай-ақ, түркі тілдерінің өз нұсқасында және аудармасында жарияланатын кітаптар болатыны сөзсіз. Себебі, біздің жұмысымызбен шетелдіктер ғалымдар да танысып отыруы керек. Сондай-ақ, оғыз тілдері тобының ішінде – түрік тілінде, қыпшақ тобының ішінде – қазақ тілінде, қарлұқ тобының ішінде – өзбек тілінде т.б түркі тілдерінде зерттеулер және мәтіндік материалдар орын алады.
Тағы да осы секілді орталықтар мен ұйымдар басқа да мемлекеттерде ашылуы мүмкін бе?
— Түбінде осы академияның бөлімшелері, үйлестіру орталықтары ірі-ірі мемлекеттерде ашылуы әбден мүмкін. Мысалы, Татарстанның Қазан университетінде татар тілі және әде-биеті, татар тарихы немесе түркология кафедралары бар. Ал дәл сол сияқты кафедра Түркия университеттерінде бар. Сондай мамандықтарды Венгрияда да, Польшада да, Жапонияда да даярлайды. Осылардың жұмыстарын үйлестіру бір орталықтан, яғни Астанадан жүргізілмек.
Шетелдік және өзіміздің студенттерге түркология саласы туралы арнайы дәріс оқытылады ма?
— Болашақта академияның жанынан магистратура, пейдж-доктарантура бойынша түркология мамандықтарынан даярлау жоспарымызда бар. Мұның ерекшелігі, жалпытүркілік тарих, тіл, әдебиет, мәдениет бойынша кеңірек даярлығы бар мамандарды жетілдіру. Сөйтіп, түркология бойынша, жан-жақты мамандардың көптеген мемлекеттерде қызмет істеуіне жағдай жасау. Олар түркология бойынша да, әлемдік гуманитарлық білім салалары бойынша да жан-жақты жетілген мамандар болуы тиіс.
Алдағы таңда академияның жұмысына қандай мамандар шақырылады?
— Айтайық, түркология ғылымында айрықша еңбек сіңірген Германияның ғалымы Карл Райхлер, Ресейден Дмитрий Василев, Насилов, А.В.Дыбо, И.Л.Кызласов, Н.И.Егоров, В.Я.Бутанаев, Татарстаннан М.Закиев, Х.Ю.Миннегулов, Польшадан Х. Янковский, Түркиядан О.Сертқая, А. Ювалы, О.Хората, Венгриядан М.Иванович, Башқұртстаннан А.Г.Шайкулов, Тывадан С. Орус-оол, Сақадан В.В. Иллиарионов, Қырғызстаннан А.Ахматалиев, Ш.Жұмағұлов тағы басқа атақты түрколог ғалымдар шақырылады. Осындай әрбір мемлекетте әлем мойындаған түрколог ғалымдар жетерлік. Солардың барлығының басын қосып «Сіз не зерттеу жүргіздіңіз? Алда не тындырмақ ойыңыз бар?» деген сияқты сауалдарды үлкен бір мақсатқа бағыттауымыз керек. Сол секілді күні бүгінге дейін зерттелінбей жатқан аспектілерді тауып, ғалымдарға бөліп беріп, жаңа міндеттер алуымыз қажет.
Орталығымыз өз жұмысын жаңадан бас-тап жатыр. Ғалымдар енді алынады. Академияны Елбасымыз ашты, енді бұған түркі оқымыстылары өздерінің ұсыныстарын айтып, академияға мүше болып кіреді. Олар да академияны құруға атсалысады.
Ал еліміздің атынан сіздер қандай ұсыныстар жасап жатырсыздар?
— Қазақстанның атынан шетелдік ғалымдардың академияға бірдей дәрежеде қатысуын, олардың да қаржыландыруын баса айтып жатырмыз. Сонымен бірге, ортақ тарих жазуды қолға алсақ деген ойдамыз. Мәселен, біз өз бетімізше отырып Қазақстан тарихын жазамыз. Дәл сол тарихты өзбек те жазады. Түріктер де жазып жатыр. Осыны барлығымыз бірігіп, бір-бірімізбен келісіп отырып жасасақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ол тарихты әркім білгенінше жаза бермей, артық-кемін айшықтап «Мына жеріне келісемін, болмаса келіспеймін» деп ғылыми тұрғыда талқылап отырып жазғанымыз жөн болар еді. «Түркі, түркі» деп мың рет айтқаннан гөрі ортақ тарихымызды бірлесіп жазатын болсақ, ертеңгі күні ұрпақтарымызға «Біздің ортақ тарихымыз осылай болған», — деп сеніммен айта аламыз.
Осындай игілікті жұмысқа Білім және ғылым министрлігі қаншалықты қолдау көрсетпек?
— Академияның ашылуы тікелей Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүргізіліп отыр. Қаржыландыру да осы министрлік арқылы, атап айтқанда, Ғылым комитеті арқылы жүзеге асуда. Ең бастысы, ғылыми жұмыстарымызды үйлестіру, жоспарлау, оларды сараптаудан өткізу осы министрліктен өтеді. Жалпы, бұл жұмыстар Елбасының тікелей тапсырмасы болғандықтан, Президент әкімшілігі, Үкімет басшысы бұл жұмыстарға барынша қолдау көрсетуде.
1926 жылы Баку қаласында түркологтардың бірінші съезі өткен. Сол съезге бізден Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Қабылов жəне тағы да басқа 4 адам қатысқан. Осы Бакуде дүниежүзінің көптеген халықтары қатысқан бірінші съезде үлкен шешімдер қабылданған. Солардың біреуі – Ахмет Байтұрсыновтың өзіміз білетін əліпби жасау туралы ұсынысы. Сол жиында көптеген оқымыстылар келелі-келелі ойлар айтқан. Түбінде бұл түркі халықтарының басын біріктіруге, санасын оятуға, осы халықтардың барлығының мəдени-кəсіби негізде бір-бірімен туыстығын жақын сезінуі не себепші болатындығын сезген Сталин съезге қатысқан атақты түркологтардың көбісін жазықсыздан-жазықсыз репрессияға ұшыратып жіберген.
25.11.2021
Әңгімелескен Жадыра Мүсілім
ДК: http://kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?sectionId=239&newsId=53519