Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

“Нұр Орда” шәкірттерге әлем есігін ашады

“Нұр Орда” шәкірттерге әлем есігін ашады

Орхан бей, білдей бір Қазақияның Астанасындағы, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейін басқарып отырсыз. Бүгінгі таңда елімізде қанша қазақ-түрік лицейі жұмыс жасап жатыр?
— Алғашқы қазақ-түрік лицейлері 1992 жылы құрылып, білім беру кешендері үш қалада — Алматы, Көкшетау, Түркістанда ашылды. Ол кезде білім нәрімен сусындаған балалар бүгінде кәмелеттік жасқа толып, ат жалын тартып мінуге жарап қалды. Әртүрлі жоғары оқу орындарында, шетелдің көрнекті білім ошақтарында дәріс тыңдап жүргендері қаншама? Бүгінде жарасым тапқан екі елдің ынтымағының арқасында жүйелі түрде жұмыс жасап жатқан, Қазақстан бойынша 30-ға тарта қазақ-түрік лицейі бар. Келешекте сапалы білім беретін орталықтардың көптеп ашыларына сенім мол.

Қазір, жасыратыны жоқ, ұрпағының келешегін ойлаған кез келген ата-ана басқа мектептерден гөрі қазақ-түрік лицейлеріне ынта-ықыластары ерекше.

— Ұлттық келбетін сақтаған, өмірлік тәжірибелері кім-кімге де үлгі болардай ұстаздарға бай қазақ мектептері өте көп. Ескі мен жаңа, жақсылық пен жамандық ит жығыс түсіп жатуы — өмір заңдылығы. Бірақ, нарық заманында бәсекелестік бәрібір бірінші орынға шығады. Қай білім ордасы жаңа технологиямен, жаңа оқу әдістемелік құралдарымен қаруланса, келешекте соның үні жарқын. Бұл — бүгінгі заманның сұранысы. Осы жерде мен нарықты құр бекер айтып тұрған жоқпын. Бізде берілетін білім ақылы. Қазіргі таңда ата-аналардың өз баласына білім ордасын таңдау мүмкіндігінің аясы кең. Бірақ ата-ана қауымы қазақ-түрік лицейлеріне зор сенім артып отыр. Бұл бізді қуантады, жауапкершілік жүктейді.

Лицейге оқуға түсушілeр бір орынға 20-дан келді

Оқу ақысы төлeнген баланың толыққанды сапалы білім алуына кепілдік беретін боларсыздар?

— Бойында қабілет-қарымы төмен, ойы орашолақ баланы ұшпаққа шығарамын деу — педагогикаға жат қылық. Ондай іске қадам баспаймыз. Осы жерде білім мәселесінде ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болатынымызды айта кеткім келеді. Баланың үлгіріміне, тәртібіне тек мұғалімі ғана жауапты деген дұрыс емес. Берген тапсырмаларды қадағалап, баланың жүріс-тұрысына, бой басына үнемі көз жүгіртіп отыру — ата-ананың борышы. Өзіңіз айтпақшы, ақысы төленген соң әр баланың қабілет-қарымына, зейініне, ынта-жігеріне баса назар аударамыз. Біздің «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде балалар екі бағдарлама бойынша оқытылады. Біріншісі — қазақ-түрік лицейі бағдарламасы, 1-ден 11 сыныпқа дейін. Екіншісі — халықаралық бағдарлама. Бұл бағдарлама бойынша сабақтар ағылшын тілінде өткізіледі. Бұл мектептерде 14 елдің баласы Америка, Канада, Қытай, Корея, Ирак, Арабия т.б. мемлекеттерден келген түлектер оқиды. Ал білім беру сапасына тоқталсам, қызмет жасайтын мұғалімдердің бәрі дерлік жоғары білімді, біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші, жоғары санатты, өз ісіне жетік мамандар десем, артық айтқаным емес. Және айтарым, оқуын жаңа тәмамдаған жас мамандарды білім қабілетіне қарай жұмысқа тартамыз. Жұмысқа қабылдарда тест арқылы сынақ аламыз. Бұл – бір. Екіншіден. қазақ-түрік лицейлерінде техникалық пәндердің ағылшын тілінде жүргізілуіне көп мән беріледі. Осы тілге жете мән беруіміздің өзі басқа мектептерден шоқтығымызды биіктетіп тұрған шығар. Бұл тілдің оқушыларға тигізер пайдасы күні ертең шетелге шығып білім алуына, жаңа технологияларды игеруіне жол ашатын «алтын кілт» десем, артық айтқандығым болмас.

«Алтын кілт» демекші, қазақ тілінің мәртебесі ағылшын тілінің қалқасында қалып қоймай ма?

— Бізде қазақ тілі әманда бірінші орында тұрады. Керек десеңіз, 6 сыныпқа дейін оқушылар қазақша оқиды. Қазақтың салт-дәстүрлері, ән-күйі ерекше дәріптеледі. Домбыра, қазақ биі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Мемлекеттік тілге біздің көзқарасымыз оң. Тек қазақ тілімен шектеліп қалмай түрікше, орысша, ағылшынша оқушылардың тіл сындыруына жол ашамыз. Логика сабақтары өткізіледі. Лицейдің алдына қойған мақсаты да айқын. Әмбебап, алғыр, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.

Лицейге оқушы қабылдағанда бір орынға қанша баладан келеді?

— Мысалы, биыл Қазақстан бойынша қазақ-түрік лицейлеріне 30000-ға тарта бала оқуға түсуге ниет білдіріпті. Бірақ оқуға қабылданғандары 1500 ғана оқушы. Ал біздің «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейіне биыл 300-ден астам баладан тест қабылданды. Бізге 80 баланы ғана оқуға қабылдау керек-тін. Байқасаңыз, 1 орынға 4 баладан келіп тұр. «Кімнің бабымен бағы қатар шауып келсе, оның жолына кім кедергі болмақ? Және бұл мәселені арнайы комиссия қадағалайтынын қаперден шығармаңыздар.

Қазақ балалары оқуға өте алғыр

Жоғарыда бір сөзіңізде оқудың ақылы екенін, екінің бірінің қолы жете бермейтіндігін айттыңыз. Оқу ақысы соншалықты қымбат па?

— Негізі бір жылдық төлем 700 000-ға жуықтайды. Жоғары сыныптарға көшкен сайын ақы пұл да қымбаттай береді. Бізге мемлекеттен бір тиын да бөлінбейді. Мұғалімдердің, тәрбиешілердің жалақысы, (оқушылар демалысқа шыққанда) ұстаздарымызды тәжірибе алмасу мақсатында басқа қалалар мен шетелдерге семинарларға, курстарға жіберуге де қаражат осы ақшадан қаралады. Энергияға кететін шығындар, оқушылардың үш мезгілдік тамағы, мектеп формасы, оқулықтары, қосымша алынатын әдеби кітаптар, т.б. керек-жарақтарға жұмсалатын ақшалардың бәрі осы қазаннан шығады.

Лицейде қанша сынып бар? Балалардың оқуға ынтасы қалай?

— 40 сыныбымыз, оларға жетекшілік ететін 40 сынып жетекшісі және 40 тәрбиеші бар. Әр сыныпқа бір жетекші, бір тәрбиешіден келеді. Оқушыларға қаншалықты көңіл аударылатынын осыдан-ақ көруге болатын шығар. Екінші сұрағыңызға айтарым, қазақ балалары оқуға өте алғыр, табанды болып келеді. Бұл менің ғана емес, семинар жиындарда бірге болатын шетелдік мамандардың да пікірі.

Лицейде тәлім алып жатқан шәкірттеріңіз олим-пиадаларға, әртүрлі деңгейде өткізілетін білім сайыстарына жиі атсалысатын болар?

— Информатикадан, химиядан, физикадан, матема-тикадан, тағы басқа пәндерден оқушыларымыз рес-публикаға танымал. Ерекше есте қалған толағай табы-сымыз деп былтырғы жылы Бразилия елінен математика пәні бойынша Халықаралық жобадан алтын медаль, Румыния елінен информатикадан қола жүлдеге ие болғанымызды мақтанышпен айтар едім. Мәскеу қаласында өткен қолданбалы математикадан күміс медаль иегерлері бар. Түркияның Анкара қаласында өткен информатика бойынша «Ебико» халықаралық білім жарысына барып 7 сынып оқушыларының 2 орынды қанжығаларына байлап келуі де білім сапасының қандай деңгейде екенін көрсететін шығар.

Сіздерге жұмысқа орналасқысы келетін жоғарғы білімді мамандардың түрік тілін білуі міндет пе?

— Міндетті емес. Қойылатын талап мынадай. Өзі сабақ беретін пәнді бүге-шүгесіне дейін жетік білсе болғаны.

Қазақ тілін жетік меңгеріпсіз. Қашан және қанша уақытта үйрендіңіз?

— Өз басым қазақ тілін үш айда үйреніп шықтым. Тез үйренуіме көп сөздердің мағынасы мен қолданылуының бір-біріне егіздің сыңарындай жақындығы қатты әсер етті. Шын ниеті болса, ел мен жерге деген құрмет басым жатса, тіл игеруге не кедергі? Қазақ тілінің келешегіне сенгендер балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанын көріп жүрміз. Жеткен жетістіктеріміз де ұшан-теңіз. Тілдің нәрін қашырмаған, ұлтқа берері көп, бодандықтың қыспағына түспеген балғын ұрпақ өсіп келеді. Солардың амандығын тілейік. Ұстаз болған соң көріп, сезіп жүреміз ғой. Мағжан ақын айтпақшы, «мен жастарға сенемін».

Орхан бей, сөз арасында «тілге жеңіл» орысшаны әдемі пайдалануыңызға қарағанда ресми тілді де әжептәуір білесіз-ау деймін?

— «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, қазақ бауырлардан жұққан ғой. Астанаға келгенге дейін Қызылжарда (Петропавл деген жоқ) жұмыс жасағанымды біреу білсе, біреу білмес. Мен барған жылдары Қызылжарда орыстілділердің «наны» жүріп тұр екен. (Бүгінде тәубе, ол жақта жылымық ). Жоғарыда сөз еткен тілге қажеттілік деп осыны айтады. Мен секілді сырттан келгендердің орысша үйренуге ықыластарының артып тұратыны сондықтан. Жиындарға, әртүрлі мерекелік іс-шараларға барасың, қазақша басталады, орысша аяқталады. Ең аяғы дүкенге барсаң да орысша жауап аласың. Қажеттілік туды, орыс тілін үйренуге тура келді.

Қазақ қандай халық? Түрік ағайындармен ең ұқсас керемет дәстүрлерін айта аласыз ба?

— Аумағына 5 Франция, 14 Израиль мемлекеті сыятын ұлан-ғайыр даланы игеріп, ұрпағына аманат еткен ұлы бабалардың қажыр-қайраты кім-кімге де үлгі. Қазақта «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас негізге» деген жақсы сөз бар. Одан асырып ештеңе де айта алмайтын шығармын. Кейде лицей басшыларын ата-аналар сыйлап қонаққа шақырып жатады. Сонда байқағаным, қонақ күтудегі қазақ пен түріктің керемет ұқсастығы бар. Екі халық та дарқан. Екеуі де қонақжай. Бұл — екі туысқан халыққа Аллаһтың берген үлкен сыйы.

Емен-жарқын әңгімеңізге үлкен рақмет!

Орхан Озтомсук
Орхан Озтомсук бей 1975 жылы Түркияның Газиантеп қаласында дүниеге келген. Мектепті сол жақта бітіргенімен, жоғары оқу орнын Қазақстанда жалғастырған. Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынас жəне шет тілдері университетіне 1994 жылы түсіп, 1998 жылы бітіріп шыққан. Кейін осы университетте магистратураны тəмамдаған. Ағылшын тілінің білгір маманы.

04.11.2021

Әңгімелескен Нағашыбай Қабылбеков
ДК: http://kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=53401




3 thoughts on ““Нұр Орда” шәкірттерге әлем есігін ашады

  1. baidaulet

    егер барлық пәннен тапсырып бір пән тапсыра алмағанда бала арғы тапсырмаға өтпейді бұл әдлнтсіздік

  2. baidaulet

    егер мен түсіп кетсем сіздерге шексіз риза болар едім

  3. Алтынбек Есмаханов

    Салеметсізбе мен қазақ - түрік лицейінде оқығым келіп жүр , жасым 12-де,7 сыныпқа көштім , сіздің бүкіл талаптарыңызға сай келемін.Мен қазақ-түрік лецеіне кешігіп қалған жоқпынба немесе сіздер мені қабылдай алмайсыз ба? сабақты үлгілі оқыймын және астана қаласының тұрғынымын.Жауабын күтемін жылдам

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir