Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

«Қазақстандық туристер санын 500 мыңға жеткіземіз»

«Қазақстандық туристер санын 500 мыңға жеткіземіз»

Алматы қаласындағы Интерконтиненталь қонақүйінде туризм мәселесіне байланысты Қазақстандағы Түркия Республикасының елшілігі ұйымдастырған баспасөз конференциясында нақ осындай мәлімдеме жасалды. Конференция барысында Түркия Республикасының Туризм министрлігінің өкілі Жумхур Гүвен Ташбашы алдымен осы елдің туризм саласында атқарып жатқан іс-қызметтері мен қол жеткізген табыстары жайлы жан-жақты баяндап берді. Ж.Г.Ташбашы: «Туризм саласы біздің елде өте жоғары деңгейде дамыған. Мемлекет бюджетінің біраз бөлігін осы саладан түскен қаражат толтыратыны анық. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биылғы жылы біздің елге 27 миллионнан астам туристер келіп қайтқан екен. Түрік жеріне келуші туристер ішінде бірінші орында немістер тұрса, екінші орын орыс ұлты өкілдерінің үлесіне тиеді. Үшінші орынды иемденген тұрақты халық өкілдері жоқ. Сол себепті, біз туысқан қазақ бауырларымыз осы кеңістіктің олқы жерін толықтырып, туристік рейтингте жоғары үшінші орынға көтеріледі деп сенеміз.
Биылғы жылы Түркияға барлығы 200 мыңнан астам қазақстандық туристер келіп қайтты. Бұл көрсеткіш осының алдындағы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Олардың ішінде тікелей демалу үшін келгендері де, Ыстамбұл мен Анкара, т.б. ірілі-уақты қалаларға іскерлік сапар жасағандары да, сауда-саттық жөнімен келіп кеткендері де бар. Біздегі туристер өте көп келетін қалалардағы қонақүйлер, негізінен, бес жұлдызды болып келеді. Ондай қонақүйлерге қойылатын белгілі бір талаптар бар. Олар — жер аумағының үлкен болуы, сервистік қызмет түрлерінің сапалылығы, қонақүй территориясындағы инфрақұрылымдарда демалушының барлық сұранысын қанағаттандыратындай жағ-дайдың жасалуы, т.б. Ал, тарихи жәдігерлер аса көп шоғырланған Мармарис пен Даламанда ондай ауқымды алаңдар аз, сол себепті онда 3 жұлдызды, шағын бутик типті қонақүйлер көп. Біздің туристік саламыз үшін Қазақстан рыногы аса маңызды. Өйткені, қазақстандықтардың демалу мәдениеті мен адами қасиеттері жоғары әрі қазақ жұртының өзінің ұлан-ғайыр жері сияқты көңілі де дарқан болғандықтан, олар кең, үлкен қонақүйлерде тұруға ұмтылады, яғни сапалы іс-қызмет түрлерін жиі пайдаланады. Ал, еуропалықтар балса, керісінше, шағын бутиктерде тұрғанды ұнатады. Бәлкім, уақыт өте келе қазақстандықтар да соған бейімделер, кім білсін? Біз, әсіресе, мәдени, тарихи және сауықтыру туризмі түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөлеміз: себебі, бұлар біз үшін ең маңызды салалар. Рас, бізде қысқы туризм онша дамымаған. Ал, сіздерде жағдай басқаша. Қазақстанда төбесі көк тіреген заңғар биік таулар мен тұмса келбеті бұзылмаған әсем табиғат, қойнауында ықылым заманнан бергі тарихтың құпия сырларын жасырған көрікті жерлер өте көп: ал, бұл сіздерге қысқы туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Біз, Құдай қаласа, алдағы уақыттарда круиздік туризмді дамытуға баса назар аударамыз ба деп отырмыз. Елімізге келетін қазақ бауырларымыздың санын арттыру бағытында осы Қазақстандағы туроператорлармен бірлесіп, қоян-қолтық араласа отырып жұмыс істеуге ниеттіміз. Мақсатымыз — қонақтарға еліміздің үлкен қалалары мен көрікті жерлерін көрсетіп, оларды түрік халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен, қолөнерімен таныстыру. Ондай инфотурлар сәуір, мамыр айларында ұйымдастырылады. Қазіргі күні Түркияның алты қаласынан Қазақстанға тіке ұшатын чартерлік әуе жолы желісі жұмыс істейді. Қазақстаннан да, шамамен, он қаладан дәл осындай әуе жолы желісін ашу жоспарланып отыр. Олардың бәріне жеңілдік жасау жағы қарастырылады. Қазіргі күні әлемде дағдарыс бұлты сейілмей тұрғандықтан, туристік билет құнына бәрі шығын түрі кіретін жүйемен жұмыс істеу тәжірибесінен бас тартпаймыз. Біздің елімізге келіңіздер, құшақ жайып қарсы аламыз!»— деп, өз сөзін аяқтады. Мұнан кейін жергілікті туроператорлар мәжілісті ұйымдастырушылардан өздерін толғандыратын сұрақтарға жан-жақты түсініктеме алып, конференциядан көңілдері көтеріліп қайтты.

04.11.2021

Ермек Сахариев

ДК: http://kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=53422




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir