Іздеу
Тамыз 9, 2016
  • :
  • :

Түбірін сақтап өскен өркениетті ел – Түркия

Түркияда соңғы жиырма жыл ішінде саясат пен эко-номикада ғана емес, білім саласында да өрлеу байқалды. Тоқсаныншы жылдардан кейін жекеменшік орта оқу орындары ғаламдық озық əдістемелерді өндіріске енгізу арқылы қарыштап дамуға мүмкіндік алды. Əсіресе, жара-тылыстану пəндерін тереңдетіп оқытатын оқу орындарының түлектері бүгінгі күні түрік қоға-мындағы ғылыми технократияның дамуына мейлінше мол үлес қосуда.

Біз Бұрса қаласында жекеменшік «Нилуфер » мектебіне бас сұқтық. Оқу орнында жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытуға басымдық берілген екен. Десек те, мектептің ішіне енгенде, тарихи мұражайға еніп кеткендей күй кештік. Мектептің кіре беріс үлкен залына І Дүниежүзілік соғыс кезінде 1915 жылғы болған Антанта күштеріне қарсы Осман түріктерінің «Чанакале» ғазауатын бейнелейтін макет қойылған. Түріктің тарихи тұлғаларының суреттері мен ерліктері жазылған тақталар қабырғаларға ілініпті.

Мектептің ішіндегі отансүйгіштікке тәрбиелейтін көрнекі құралдар адамды өзіне еріксіз мойын бұрғызады.

Оқу орнының директоры Мұстафа бізге ерекше ілтипат көрсетіп, қонақасы берді. «Нилуфер» мектеп желісінде 3 мыңнан астам оқушы білімін шыңдауда. Оқушылардың жылдық төлемақысы 10 мың лира (біздің ақшамен 1 000 000 теңге) екенін естіп білдік. Мектеп түлектері Бұрса уалаяты бойынша ҰБТ-да жоғары ұпай еншілейтіндіктен, халық оқу ақысы қымбат болса да балаларын осы оқу орнында оқытуға құмбыл екен. «Нилуфер » шәкірттерінің түрлі халықаралық білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып жүргенінен де хабардар болдық.

«Шіркін-ай, осындай оқу орындары еліміздің әрбір қаласында болса ғой!» — деп, заманауи білім беретін орта оқу орнынан ерекше әсермен шықтық. Адамның дүниетанымы мен негізгі білімі мектеп қабырғасында қалыптасатындықтан, жас өскіндерге озық үлгіде орта білім беруі аса маңызды. Білімнің тамыры тереңнен нәр алғанда ғана, жастарымыз мәуесін үйіп-төгетін дараққа айнала алады. Осы тұрғыда, «Нилуфер» секілді озық орта білім беретін мектептерден үйренеріміз мол сияқты.

Осман мәдениетінің кіндігі – Маниса

Бұрсадан кейінгі тоқтаған қаламыз Маниса қаласы болды. Түркияның ірі қалаларымен салыстырғанда, Маниса шағын ғана шаһар саналады. Қаланың іргетасы ежелгі Хетт мемлекеті дәуірінде қаланған. Маниса қаласы Фракия, Лидия мемлекеттері кезінде дамып, одан кейін бірде Парсы патшалығының, бірде

Македонияның қарамағында болған. Рим империясы екіге бөлінгенде, қала Византия империясының қол астына өтеді. 1313 жылы Сарухан бей Маниса уалаятын Византиядан тартып алғаннан бері қала оғыз түріктерінің еншісінде.

Манисаның сәулет құрылысынан көне грек, Орта ғасырлардағы Византия, сондай-ақ, Ислам мәдениетінің іздерін көруге болады. Біз Манисада «Ұлы Жами» мешітіне бет алдық. «Ұлы Жами» тарихи кешені бұрын Византия дәуірінде христиан шіркеуі болған екен. Маниса қаласы Сарухан иелігінің орталығына айналған шақта, түріктер шіркеуді мешітке айналдырыпты. Содан осы күнге дейін Маниса тұрғындары «Ұлы Жами» тарихи кешенін құлшылық орны ретінде пайдаланып келеді. Мешіт қабырғаларынан христиан дініне тән айқыш белгілер таңбаланғанын көрдік. Жалпы, тарихи кешеннің қаңқасы шіркеуге негізделіп салынғаны бірден аңғарылады. Мешітке айналған көне шіркеуге құлшылық жасауға келушілердің қарасының көптігіне қарап, түрік бауырларымызда діни төзімділіктің іргесі берік қалыптасқанын байқадық.

Сарухан бей Осман ғазимен бір уақытта қатар өмір сүргенімен, тәуелсіз өз иелігін құрған оғыздың қас баһадүрі. Ол 1313 жылы Манисаны басып алғаннан соң, уалаяттың аты Сарухан иелігі деп аталды. Манисаны 1346 жылы Сарухан бей қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Ілияс бей, одан соң Ысқақ Челеби биледі. Осы Ысқақ Челебидің кезінде Манисада «Ұлы Жами» мешіті мен медресесі, Мәулауие ханакасы, Шүкір моншасы салынып, қала мәдениеті ислам нақыштарымен өрнектеле бастады. Анадолыда түрік билі-гінің нығаюына атсалысқан осы тарихи тұлғалардың мазарларына барып, зиярат жасадық.

Түрік халқы сопылық ілімді хақиқатты танытатын терең философиялық мектеп ретінде бағалайды. Мәулауия ханакасында болғанымызда, сопылардың психо-техникалық жаттығуларды қалай орындағанын бейнелейтін көріністерді тама-шаладық. Сопылық ілімдегі рухани кемелдену сатылары хұжыраларға бөлініп рет-ретімен әдемі пішінделген. Балдың дәмін татып көріп, оның тіл үйірер тәттілігін сезінуге болатыны секілді, сопылық ілімді де рухани халдерді бастан кешіру арқылы ғана терең түйсіне аласың. Десек те, осы шағын Мәулауия тарихи кешенінде сопылық ілім туралы жан-жақты терең ақпарат алуға барынша мүмкіндік жасалыпты.

Осы күні Халуатия тарихатының теккесінде  болып, сопылардың сама зікірін салғанын да көрдік. Ішінен Хақты айтып, шыр-көбелек айналған сопылардың ынты-шынты жасаған құлшылығы дүйім жұртты ерекше күйге бөледі. Бабаларының сопылық бай дүниетанымы түрік бауырларымыздың мерейін асқақтатып тұрғанын байқадық. Ал біздің елде кейбір кертартпалар сопыларды (сопылықтың атын жамылған ағымды) сынаймен деп, хақ діннің өзегі саналатын сопылық ілімді де жөн-жосықсыз қаралауда. Осы жерде ұлттың бет-бейнесіне дақ түсіретін білімсіздік екенін түйсініп, еліміздегі орын алып отырған қазіргі діни ахуалға шарасыздықтан іштей налыдық.

Даңқты Иылдырым Баязит 1391 жылы Манисаны Осман мемлекетінің құрамына қосты. Алайда, Иылдырым Баязит 1402 жылы Анкара соғысында Ақсақ Темірден оңбай жеңілгеннен кейін Маниса уақытша дербес иелік ретінде бөлініп шықты. Бірақ, Челеби Мехметтің Анадолыны қайтадан біріктіруі кезеңінде Маниса уәлаяты 1412 жылы қайтадан Осман мемлекетінің құрамына кірді. Осыдан кейін Маниса Осман түріктерінің кіндік қаласына айнала бастады. Осман тарихында Маниса қаласын «Ханзадалар ордасы» деп атайды. Себебі, Осман ханзадалары мемлекеттің тізгінін қолға алмай тұрып, Маниса қаласын басқарумен тәжірибе жинақтайтын болған. Мысалы, 1453 жылы Константинопольді жаулап алған атақты Фатих Сұлтан Мехмет ханзада кезінде осы Манисада тәрбиеленген. Одан өзге ІІ Мурад, Кануни Сұлтан Сүлеймен, ІІ Селим, ІІІ Мурад, ІІІ Мехмед, І Мұстафа т.б. он алты ханзада осы Маниса қаласында мемлекеттік басқару ісінде тәжірибеден өткен. Осыған орай, сол дәуірде «Манисаны басқара алған адам Осман мемлекетін де басқара алады » деген қанатты сөз қалыптасқан екен.

Біз Манисада даңқты ғазауатшы Фатих Сұлтан Мехметтің атындағы (Шахзада Мехмет) мектепте де болдық. Оқу орнының құрылтайшысы Шамсиддин мырза 1993 жылы Қызылордадағы «Ақмешіт қазақ-түрік лицейін» ашуға атсалысыпты. Ол өзін Сыр бойының азаматы санайды екен. Белгілі жазушы Қуандық Түменбай ағамыз бауы-рына қазақы шапан жауып, екі туысқан арқа-жарқа болып, төс қағыстырды. Бұл оқу орнындағы басқосуда мұғалімдер мектептің оқу-әдістемесімен және оқушыларының жеткен жетістіктерімен таныстырды. Бұл оқу орнының заты жекеменшік саналғанымен, мектеп өңірдегі озық оқу орны һәм Маниса әкімшілігінің зор мақтанышы саналады екен. Кездесу барысында Шамшиддин мырза «Пидақор түрік» деген өлең оқыды. Қарымтасына біздің жақтан да ақын ағаларымыз Қадірбек Құныпияұлы мен Дәулетбек Байтұрсын көмейінен отты өлеңдерін төгіп, кездесуіміз поэзия кешіне ұласқандай болды.

Эгей теңізінің жағасындағы жұмақ қала

Біз Манисадан кейін Анадолының ең көрікті қалаларының бірі Измир қаласына бет бұрдық. Эгей теңізінің жағасына жайғасқан жұмақ қаланың тарихы үш мың жылдан асып жығылады. Тіпті, «Жасылоба» қорымынан табылған жәдігерлер Измирдің іргетасы б.э.б. 6500 жылдары қаланғанын әйгілеуде. Тарихи деректер бойынша Измир қаласы ежелгі Троя мемлекетінің ірі қалаларының бірі саналады. Хетт мемлекетінің қол астында болған кезде Измирдің қала құрылысы өзіндік сәулет өнерімен ерекшелене бастады. Тарихшылар Хетт сәулет өнерінің Измир қаласы арқылы Грек мәдениетіне трансформацияланғанын жеткізеді. Гректердің кезінде қала өркениет ошақтарының біріне айналды. Ежелгі Рим, одан кейін Византия империясына қараған Измирді VII ғасырда Омаядтар, ХІ ғасырда Селжұқтар, ХІІ ғасырда крест жорықшылары, ХІІІ-ХІV ғасырларда Айдыноғулары мен Женебизилер бағындырды. Ал Осман мемлекеті 1398 жылы қаланы басып алды. Содан бері Измир қаласы «Хақтың қылышы» саналған түрік халқына қасиетті мекен болып келеді.

Біз Измирдің бір қиырындағы Яманлар тауының сілеміндегі «Яманлар» мектебіне бас сұқтық. «Яманлар» мектебі Фетхуллаһ Гүлен ақсақалдың бастамасымен 1960 жылдардың аяғында бой көтеріпті. Жол бастаушы түрік жігіті бізге мектеп ғимаратының алғашқы бөлігін көрсетіп жатыр. Фетхуллаһ ақсақалдың шәкірттері күндіз өз жұмысын істеп, түніменен осы жерде жұмыс жасап, мектеп ғимаратының алғашқы бөлігін салған екен. Сол кездегі қаржы тапшылығына байланысты, түрік азаматтары үш қабатты ғимараттың көп бөлігін техникасыз, қолмен тұрғызыпты. Алайда, мектептің қазіргі пішініне қарап, зәулім ғимараттың қолмен тұрғызылғанына сену қиын. Мектеп қазіргі тұрысымен заманауи ғимараттардан еш кем емес. Күн жексенбі болғандықтан, мектепте бейсауыт жүрген ешкім байқалмады. Оқу орнының ұжымы демалысқа шыққандықтан, біз тек мектептің сыртқы көрінісін көрумен шектелдік.

Яманлар мектебінен кейін Измирдің әсем жерлерін тамашаладық. Эгей теңізінің «Кордон» жағалауы Измирдің ең көрікті жері саналады. Құжынаған шетелдік саяхатшылар теңіздің шағаласындай жағалауда сейіл құрып жүр. Буырқанған ақжал толқындар жағаға соғып, кенереде  теңіз иісі аңқып тұр. Бейне көк майса жайлаудағы ақ шаңқан киіз үйлер секілді теңіз толқынында ақ кемелер тербетіле жүзіп барады. Жағалаудағы демалыс орындарының қызмет көрсету мүмкіндігі де өте жоғары деңгейде екен. «Кордон» жағалауындағы сұлу суреттер бір тамашалаған жанның жадында мәңгілік сақталып қалатындай.

Осы жерде қарт Каспийдің жағасына орын тепкен өзіміздің Ақтау есіме түсті. Осыдан үш жыл бұрын барғанымда «Ақтау-Сити» жобасы орта жолдан тоқтап, қала құрылысы рабайсыз күй кешіп тұрған еді. Теңіз жағалауын абаттандырып, келістіріп заманауи демалыс орындарын тұрғызса, Ақтау да жұмақ қалаға айналар еді. Каспийдің табанындағы байлықты ғана көріп, ал теңіздің сұлу жағалауын кәдемізге жарата алмай келеміз. Қолда бар дүниенің қадіріне жете бермейтінімізге іштей қынжылдық.

Біз Измирде тағы бір «Яманлар» атындағы оқу орнына бардық. Бұл оқу орны мектеп емес, колледж екен. Колледж ауласындағы мешіт пішіндес күмбезді ғимарат тұр. Бірақ, бұл кітапхана ғимараты екен. Ғимаратты салдырған демеуші кәсіпкер әйел кітапхана келбетінің осылай болғанын қалапты. Колледждің оқу корпусы мен жатақханасының көркіне де көз тоймайды. Еңселі оқу ордасы жан-жақты заманауи құрылғылармен жабдықталыпты. Оқу корпустарын аралағанымызда, «Яманлар» колледжінде оқу орнына қажетті барлық жағдайдың жасалғанына көз жеткіздік.

Бұнда бізді Жүсіп аға қарсы алды. Жүсіп Пекмежи бұрын он жылдан астам Қазақстанда тұрып кеткен. Қаскелеңдегі «Хамле» кондитерлік фабрикасын ашқан кәсіпкер кісі. Ол туған бауырларын көргендей бізді ыстық құшағына алып, еріксіз көзіне жас алды. Қазақстанды сағынғанын айтып, бізбен мәре-сәре болып шүйіркелесті. Ел жаңалықтарын естіп біліп, мауқын басқандай болды. Қазақстанда болған кезіндегі естен кетпес қызықты оқиғаларды әңгімелеп берді. Қонақасыдан кейін Жүсіп ағамен бірге суретке түстік. «Яманлар» колледжінің ұжымымен де қол бұлғап қош айтыстық.

Бабаларымыздың «Доңыз» қаласындағы іздері

Біз Измирден кейін Денизли қаласына бет бұрдық. Бұл қаланы б.э.б. 261-245 жылдар аралығында Сирия королі Антиокһос тұрғызған. Алғашқыда қала Лаодикеия деп аталған. VII ғасырға дейін Лаодикеия қаласы Анатолиядағы дамыған қалалардың бірі болды. Алайда, VII ғасырдың орта тұсында күшті жер асты дүмпуінен қала жермен-жексен болып қирады. ХІІ ғасырда Селжұқтар осы өңірді басып алғанда, қала оғыз-түркімен тайпаларының иелігіне айналды.

Қаланың аты Селжұқтар кезінде «Ладик» деп аталған көрінеді. Қаланың «Денизли » атауы алғаш рет ибн Батуттаның «Саяхатнамасында» ұшырасады. Әмір-Темірдің жеңісті жорықтарын жазған Шарафаддин Замдидің «Зафарнамасында» қаланың «Денизли» атауының түбірі теңіз сөзінен шыққандығы айтылады. Әйтсе де, белгілі түріктанушы Н.Кенжеахметтің зерттеулеріне қарағанда, «Денизли» атауының теңізбен еш қатысы жоқ. Оның айтуына қарағанда, қала атауы доңыз сөзінен шығады. Орта ғасырларда қала алқабындағы орманда доңыз көп болған екен. Денизли атауы осыған байланысты қойылғанға ұқсайды. Қаланың төңірегінде теңіз көрінбегендіктен, Нұрлан бауырымыздың болжамы дұрыс-ау деген ойға қалдық.

VII ғасырдағы зілзаладан кейін Византия империясының қарамағында болған Денизли қаласы біртіндеп қайтадан дами бастайды. Денизлиге ХІІ ғасырдың басында Селжұқтар, осы ғасырдың аяғында қайтадан Византия империясы иелік етеді. ХІІІ ғасырдың басында Селжұқ патшасы Гиясседдин Кейкусревтің кезінде Денизли уәлаяты Византия империя-сымен шекара сызығы қызметін атқарды. Селжұқ мемлекетінің қарауына өткен тұста қалада мешіттер, сұлтан резиденциясы, керуен сарай салынып, Денизлидің келбеті исламдық сәулет өнерімен өрнектеле бастайды.

Қала ХІІІ ғасырдың екінші жартысында бір мезет Құлағу илхандығына бағынғанмен, артынша қайтадан оғыз тайпаларының қарауына өтеді. 1391 жылы Иылдырым Баязит Денизлиді Осман иелігіне қосты. Алайда, 1402 жылы Әмір-Темір Анадолыға жорық жасағанда Денизлиді жаулап алып, қаланы Гермияноғулларына тарту етеді. Даңқты бабамыз Иылдырым Баязитпен болған шешуші «Анкара» шайқасына осы жерден аттанған екен. «Зафарнамада» Ақсақ Темірдің Доңыз қаласында әскери ордасының тігілгені де айтылады.

Жиһангер бабамыз қайтыс болғаннан кейін қаланы 1411 жылы Гермияноғуллардан Қараманоғуллары тартып алады. Бірақ Осман мемлекеті қайтадан күшейген тұста 1429 жылы қаланы біржолата өзіне бағындырады.

«Өлілeр қаласындағы» баянды тіршілік

Біз Денизлиге кеш бата жетіп, таңертең қаладан жиырма бес шақырым жердегі гректердің көне Хиераполис қаласының орнын көруге аттандық. Таң атпай жатып шетелдік саяхатшылар Памуккале бекетіне келіп алыпты. Көбісінің дені еуропалықтар, арасында жүрген орыстарды да байқадық. Мен орысша сөйлеген жігітпен жақын барып таныстым.

Валерий есімді жігіт қасындағы жаңа үйленген зайыбымен Анталияға шымылдығын желбіретуге келіпті. Қазақстаннан екенімді айтып едім, «Мен Шымкентте туылғанмын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін отбасымыз Мәскеуге көшті. Туған жерімді сағынғанымда Шым қалаға барып тұрам», — деді. Мен де Шымкенттен екенімді айтқанымда, Валерий қатты қуанды.

Көне қаланың негізгі бөлігін тастан салынған қорым құрайтындықтан, Хиераполис «өлілер қаласы» деп аталады екен. Қорымға жақын жерде гректердің аспан асты ашық театры да орналасқан. Сондай-ақ, құрамында күкірт қышқылы мол минералды су тау жартастарын шайып ағатындықтан, ақ құзданып кеткен «мақта қала» (памукаале) мен табиғи жер асты арасаны да осы туристік орталықтың кереметтерінің бірі саналады.

Саяхатшылар «Мақта қаланың» ғажайып көрінісін ынты-шынтысымен тамашалауда. Аппақ жартастың ойдым-ойдым арналарына бөгелген мөлдір су бейне алтын кеседегі зәмзам суына ұқсайтындай. Жұрт етек-жеңін түріп алып, толарсағынан ыстық суды кешіп, «мақта қаланы» қызықтап жүр. Біз де балағымызды қайырып, мөлдір суды кешіп, біраз жерге дейін барып қайттық.

26.05.2021
Мұхан Исахан (жалғасы бар)

ДК: Қазақстан Заман   http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=53857




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir