Sunday, March 30, 2022

Ататүрiк:ТҮРIКПIН ДЕГЕН АДАМ ҚАНДАЙ БАҚЫТТЫ! 

 Түркия Республикасының президенті Абдолла Гүлдің Қазақстанға жасаған сапары сәтті аяқталды. Түркия президенті Қазақстанның Мемлекет басшысын Түрік әлемінің лидері ретінде танитынын ресми түрде мәлімдеді. Түркия президентінің сөздерінде түрік әлемін жақындастыруда Ата Түріктің ой мақсаттарының жүзеге асқанын баян етті. Біз осыған орай, Ата Түріктің кезінде жасаған сөздеріне екпін түсіріп, ой қорытып отырмыз.

 

Түркия Республикасының қазiргi қол жеткен табыстары ұлт болып ұйысу жолындағы азапты жылдардың жемiсi. Түрiк халқы бұл күнге оңай жете қойған жоқ. Ол жолда қаншама бауырымыздың қаны төгiлдi. Бұл күнге үш жыл бойы жүргiзiлген аяусыз әрi қанды соғыс арқылы қол жеткiзiлдi. Бұл соғыс ұлт болып ұйысу мен мемлекет болып қалыптасудағы қасиеттi соғыс болды.

Тарихи дамудың шындығы Анадолыны шет ел интервенттерiнiң жаулап алуынан құтқару оқиғасына, осы бағытта Мұстафа Кемал Ататүрiк бастаған ұлт-азаттық күрестiң жеңiске жетуiне алып келдi. 1923 жылы 29-қазанда ұлттық идея жеңiске жетiп, бұрынғы дiни-монархиялық мемлекеттiң орнына зайырлы Түркия Республикасы пайда болып, ол ұлт өмiрiн түбiрiмен өзгерттi. Түрiктердiң бiрiгу идеясына негiзделген түрiкшiлдiк қозғалыс түрiктердiң ұлттық идеясына айналып, ол дүниежүзiлiк саяси картада жауынгер Түркия ұлттық мемлекетiнiң пайда болуына жол ашты.

1923 жылы 29-қазанда Түрiк Республикасы құрылды. 1934 жылы 24-қарашада Мұстафа Кемалға «Ататүрiк» тегi берiлдi. 1938 жылы 10-қарашада Стамбұлда бүкiл түркiнiң атасы түрiк мемлекетiнiң негiзiн салушы Мұстафа Кемал Ататүрiк дүниеден өттi.

Ататүрiк 1881 жылы Эгей теңiзiнiң жағасындағы Селаник қаласында өмiрге келген. Грекияның бұл қаласы бұрын Осман империясының бағынысында болған. Мұстафаның әкесi Әли Рыза бей күнкөрiс қамымен ағаш саудасын кәсiп еткен. Анасы Зүбәйдә ханым үй шаруасымен айналысқан. Олардың баласы бiрiнен соң бiрi шетiнеп, соңына көп ұрпақ қалдыра алмаған. Ата-анасына бұйырмаған осы бақытты жас Мұстафа да көре алмады. Әйтсе де ол бiрнеше балаға өкiл әке болды.

Мұстафа отбасында жеке-дара өскендiктен, бiртоға, бұйығы болып өседi. Анасы дiнге жақын болғандықтан оны имандылық iсiне, қайырымдылыққа тәрбиелейдi. Әкесiнен 7 жасында жетiм қалғандықтан оның тәрбиесiн көре алмады. Әли Рыза бей 1876 жылы Сербиямен болған соғыста ерлiк көрсетiп, 54 жасында дүниеден өтедi. Бала Мұстафа алғашында түрiк қоғамында қалыптасқан дәстүрмен молдадан бiлiм алады. Әке өлiмiнен кейiн Зүбәйдә ханым екi баласын алып, бауыры Хусейннiң жанына көшiп барып, бала тәрбиесiн нағашыларының қолына тапсырады. Тәрбие бесiгiнiң қайда жатқанын сезiнген Мұстафа анасына сездiрмей әскери мектепке барады. Оның бұл шешiмiне әкесi өлгенде одан мұралыққа қалған қылышын төсегiнiң басына iлiп қоюы әсер етедi. Әскери мектеп жас Мұстафаның өмiрге бейiмделуiне орасан зор ықпал етедi. Алғыр, оның үстiне әскери iсте тәртiптi баланы ұстаздары да ұнатады. Оның Мұстафа атына Кемал атының қосылуы да осы әскери мектептен басталады. Кемал атының берiлуi – оның болашағының кемелдiгiнен, өжеттiгiнен, алғырлығынан туындаған. Ол – ұстазы Мұстафаның ұсынысы болады.

Мұстафа Кемал мектептен соң Монастыр әскери лицейiнде оқиды, кейiн әскер академияны капитан шенiмен бiтiредi. Монастыр әскери мектебi Македониядағы провинция орталығы едi. Оның Еуропаға жақын орналасуы және аймақта тұратын басқа ұлт өкiлдерiне қарсы ХIХ ғасырдан бастап белсендi iс-әрекеттерге көшудi үдете түсуi Осман империясының iргесiн шайқалта түседi. Селаник қаласы әртүрлi қауым, тiлдер мен дiндер араласқан қала болатын. Онда француз, немiс, грек, итальян, еврей, серб, американ, ағылшын және армян мектептерi болады. Түрлi пiкiрлер тоқайласқан Монастыр мектебi жас Мұстафаның саяси мәселелер жөнiнде көзқарасын қалыптастыруға ықпал етедi. Қалада француз тiлi басымдық көрсететiндiктен Мұстафа арнаулы француз мектебiне барып тiл сындыруға мәжбүр болады. Алайда, оның бұл қылығына жақтастары қарсылық бiлдiрiп, ақыры оған тыйым салады. Оның бұл көзқарасы болашақта оның iрi мемлекет қайраткерi ретiнде Батыстық өркениетке бет бұруына түрткi болады. Француз мектебiнде оқыған жылдары ол тарихқа, әдебиетке, шешендiк сөздерге ден қояды. Француз тiлiндегi түпнұсқадан Монтескье, Руссо, Вольтер еңбектерiн оқиды.        

Мұстафа Кемал Осман армиясында батылдығымен бiрден көзге түседi. Бұл кез Осман билiгiнде болған Балқан түбегiндегi оқиғалардың ерекше өршiп тұрған кезi едi. Македония, Сербия мен Болгарияда құрылған қарулы топтар аймақтағы мұсылман халқының әбден мазасын алатын. Албанияның да дегбiрi қашқан  кез болатын. Жас офицер Осман билiгiнiң ұзаққа бармайтынын өзгелерден бұрын сезедi. Iргесi шайқала бастаған империяға разы болмаған бiр топ офицерлер 1908 жылы Конституциялық монархия жариялайды. Бұл iс-қимыл Мұстафа Кемалға ұнамайды. Ол батыс үлгiсiндегi жаңашыл мемлекеттi көздейдi.

1911 жылы Осман империясы Ливия үшiн болған шайқаста Италиядан жеңiлiп, Уши шартына қол қоюға мәжбүр болады. Осыдан соң жас мемлекетке қарсы сыртқы және iшкi дүшпандар соғысы өрши түседi. Беделден жұрдай Осман үкiметi 1920 жылы 10-тамызда мемлекетке өлiммен пара-пар Себре шартына қол қояды. Бұған қарсы Мұстафа Кемал күллi халықты, әскердi күреске шақырады. 1922 жылы 22-тамызда басталған шабуыл жеңiспен аяқталып, Түркия барлық жауларынан азат етiледi. Осы жеңiс құрметiне Ұлы Ұлттық Мәжiлiс бас қолбасшы Мұстафа Кемалға маршал шенi мен «Ғази» атағын бередi.

1922 жылы Стамбұлды қолдан шығарып алған Англия премьер-министрi Л.Джордж Парламент депутаттары тарпа бас салғанда былай дейдi: «Ғасырлар данышпанды тым сирек бередi. Жолымыздың болмағанын көрмейсiз бе, үстiмiздегi ғасырдағы ұлы тұлға түрiк ұлтынан шықты. Мұстафа Кемалдың данышпандығына қолдан келер не бар!».

Түрiк Республикасы 1923 жылы 29-қазанда жарияланады. Жас республиканың тұңғыш президентi болып маршал, Ғази Мұстафа Кемал сайланады. Мемлекет пен халық алдындағы еңбегi үшiн Мұстафа Кемалға 1934 жылы 24-қарашада «Ататүрiк» тегi берiледi.

Халық билiгi мен республика негiздерiнiң ең маңызды кепiлi ретiнде елде әртүрлi тiл, дiн және салт-дәстүрге ие болса да, жүздеген жылдар бойы бiр тағдырды бөлiскен халықтардың мәдени одағы барлығына сенедi. Осының негiзiн құру мақсатымен түбегейлi реформаларды iске асырады. Ол ең бiрiншiден, дiн мен мемлекет iстерiн бiр-бiрiнен айырды. Халықаралық өлшем бiрлiктерi, жаңа күнтiзбе және латын әлiппесiн енгiздi. Мұсылман елдерi арасында тұңғыш рет әйелдерге сайлау және сайлануға құқық берiлдi. Ататүрiк реформаларды iске асыруда жастар мен ұлтжанды азаматтарға иек артты. «Республика жастарға аманат» деп ұран тастады. Себебi жастардың жаңалыққа ұмтылатынын бiлдi. Ол, осылайша Түркияны қазiргi заманға жеткiзетiн жолды көрсетiп бердi.

Ол Түркия территориясын талан-таражға түсiп, бодан болудан құтқарды. Ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясы ұлтшылдық iлiмiнен қуат алды. Ағартушылық реформасын жаңа идеялық сатыға көтерiп, рухани ренессанс кезеңiне екпiн түсiрдi. Экономикалық дамуда этатизм (республикашылдық) жолын таңдады, яғни, жалпы ұлттық экономика үшiн жауапкершiлiктi мемлекеттiң өз мойнына жүктедi.    

Осылайша 1923 жылы 29-қазанда кешкi сағат 20.30-да Мәжiлiс республиканы жариялады. Арада 15 минут өткесiн, яғни 20.45-те республика президентi сайланды. Республика туының көтерiлуiмен әлемдiк қауымдастықтардағы барлық мемлекеттерге бұл жөнiнде хабар берiлдi. Түн жарымында республиканың құрылу құрметiне жүз бiр рет зеңбiректен оқ атылды.

Түркия президентiн сайлауға 158 адам қатысты және 158 мүше бiр ауыздан халық депутаты Мұстафа Кемал пашаны президент етiп сайлады.

Мұстафа Кемал осыған орай Мәжiлiсте сөз сөйледi:

«Қымбатты достар, дүние жүзiнде маңызды және таңғажайып оқиғалар болып жатқанда бiздiң қымбатты халқымыздың зеректiгi мен саналылығын көрсететiн құнды құжатқа айналған Конституцияның кейбiр баптарын нақтылау үшiн құрылған арнайы комиссияның сiздерге ұсынған заң жобасын қабылдау арқылы Түркия мемлекетiнiң онсыз да бүкiл әлемге аян маңызы халықаралық мәртебеге ие болды. Мұның табиғи қажеттiлiгi ретiнде бүгiнге дейiн сiздер менi Мәжiлiс төрағалығына отырғызып келдiңiздер. Ендi, мiне, тағы да президент ретiнде тағы да сол досыңызға мiндет жүктеп отырсыздар. Осылайша қазiрге дейiн маған көрсеткен сүйiспеншiлiгiңiз бен адалдығыңызды және сенiмдерiңiздi тағы да бiр дәлелдеп, кiсi қадiрiн бiлетiндiктерiңiздi көрсеттiңiздер. Осыған орай, барлықтарыңызға шын жүректен алғысымды бiлдiремiн.

Мырзалар, қаншама ғасырлардан берi шығыста әдiлетсiздiк пен зұлымдыққа ұшырап келген түрiк халқы шындығында да тексiз, жоғарғы қабiлеттен жұрдай деп есептелетiн.

Соңғы жылдары халқымыздың көрсеткен қабiлетi мен саналылығы өзi туралы жаман ойлап келгендердiң шындықтан алыс, құр сыртқы көрiнiске алданған адамдар екендiктерiн жақсылап дәлелдеп бердi. Халқымыз өзiне тән қасиеттерiн және беделiн үкiметтiң жаңаша атаумен өркениеттi әлемге оп-оңай таныта алады. Түркия Республикасы дүние жүзi мемлекеттерi арасында өзiне лайықты орны бар екендiгiн дәлелдейдi.

Бауырлар, осындай тамаша режiмдi дүниеге әкелген түрiк халқының соңғы төрт жыл iшiнде жеткен жеңiстерi осыны көрсетедi. Мен адамдардың маған деген сенiмiне лайық болуы үшiн өзiм өте маңызды деп есептейтiн бiр қажеттiлiктi айта кетуге мәжбүрмiн. Ол қажеттiлiк – сiздердiң маған деген сүйiспеншiлiктерiңiз, сенiмдерiңiз бен қолдауларыңыздың жалғасуы. Тек сонда ғана Тәңiрдiң қолдауымен маған жүктеген және жүктейтiн мiндеттерiңiздi мүлтiксiз орындап шығамын деп үмiттенемiн.

Әрдайым қымбатты достарыммен бiрiгiп жұмыс iстейтiн боламын. Әрқашанда халықтың махаббаты мен сенiмiне сүйене отырып, бәрiмiз бiрге алға басамыз. Түркия Республикасы бақытты, тәуелсiз және жеңiмпаз болады».

Республикалық идеяны қолдағандар да болды, қолдамағандар да болды. Олар сұлтандық дәуiрден республика дәуiрiне өту жолында психологиялық сырқаттарға тап боламыз деп қорықты. Сондықтан жаңа ояну дәуiрiнде ұлттың санасын оятып, тарихи жадын қалыптастыруда уақыт сынынан өту қажет болды. Республика отауынан қауiптенiп, оны құруға бар қабiлетiн салушыларды баспасөзде сынаушылар да табылды. Ұлт көсемi ондай кертартпа жандарға арнаған бiр сөзiнде: «Бiздiң жұмыс тәсiлiмiз «өркениет әлемiнен хабары бар, оқыған, зерттеген және мемлекет басында тәжiрибе жинақтаған адамдардың ақыл-ойының, парасаттылықтың, естiлiктiң нәтижесi» емес екен деп ақылмен жауап бердi.

Республиканың жариялануын Мәжiлiстiң қол соғып тұрып қабылдауын, халықтың зеңбiрек атып тойлауын сынағандар да болған. «Республика қол шапалақтаумен, дұғамен және көңiл көтерiп қуанумен, сәндеп, әшекейлеумен өмiр сүрмейдi», «Республика бойтұмар емес. Ұлттық Мәжiлiсте бiр сиқыр жасалды. Осыдан кейiн барлық нәрсе жөнделiп, барлық дерттiң дауасы өз-өзiнен табыла салмайды» деп өрекпеушiлер де болды. Оларға да сөз табылды.

Мен республиканы жақтаймын дегендердiң республика жарияланған күнi қаламынан шығатын сөз осылай болуы керек пе едi? Ең жоғарғы басқару формасы республика деп айтып жүргендердiң ендi келiп республика сөзiне «пұтқа табынғандай табынбаймын» деп айтуының астарында нендей мағына жатыр, олар ненi меңзеп айтып отыр? – дедi ұлт көсемi өз Жолдауында.

Адамның ар-ұжданын ашу-ыза, кек жаулап алған кезде, ол адамның аузынан қандай сөздер шығады? Осыны бiлгiлерiңiз келе ме?

Өздерiнiң тойымсыз құлқынының құлы болып келген лидерлер ешқандай да ұлттық партия құрып, ұлттық идеяларды көтере алмайды».

«Келешекке үмiтпен ұмтылған жастар тап-таза, кiршiксiз пәк жандарын пида еттi. Мемлекеттi азат ету үшiн! Мемлекеттi өздерiнiң қара басы мен қызықтарынан басқа ештеңе ойламайтын саясатшылардың ойыншығы ету үшiн емес!».

Бiздiң жүзiмiз әрқашан таза және пәк болатын. Әрқашан да таза және ақ болып қала бермек. Жүздерi жиiркенiштi, ар-ұжданы лас бiреулер бiздiң отансүйгiш ұжданымыздың тазалығы мен намысқой әрекеттерiмiздi өздерiнiң жиiркенiштi қылықтары кесiрiнен жиiркенiштi етiп көрсеткiсi келiп отыр.

Көрiп отырғандарыңыздай, бiз әрбiр құралды бiр ғана негiзгi көзқарасқа сүйене отырып пайдаланамыз. Ол көзқарас мынау: түрiк халқын өркениеттi әлемде өзiне лайық дәрежеде көтеру, Түркия Республикасын мызғымас iргетасымен қоса одан сайын күшейту… және сол үшiн де жеке билiк (деспотизм, тирания) туралы пiкiрдi тұншықтыру…

Ұлт көсемi осыған байланысты болашақ ұрпаққа өз аманат-өсиетiн арнауды да өзiне парыз санады.

Қымбатты мырзалар, бiрнеше күннен берi сiздердiң уақыттарыңызды алған Жолдауым, ендi, мiне, тарихқа айналды. Егер осы Жолдауымда халқым үшiн және келешек ұрпақ үшiн пайдалы, олардың көзiн ашатын мәселелердi көрсете бiлсем, өзiмдi бақытты санаймын.

Мырзалар, осы Жолдауым арқылы өз болмысын жоғалтып, жойылып бара жатқан үлкен бiр халықтың өз тәуелсiзiдiгiне қалай қол жеткiзгендiгi, ғылым мен техниканың соңғы негiздерiне сүйенген ұлттық және заман талабына сай мемлекеттi қалай құрғандығы жөнiнде айтуға тырыстым.

Бүгiн қол жеткiзген жетiстiгiмiз – бiрнеше ғасырдан берi халқымыздың тартқан азабының нәтижесiнде пайда болған зеректiктiң жемiсi мен қасиеттi Отанның әрбiр бұрышын суарған қанның өтеуi.

Осы жетiстiктi түрiк жастарына аман еттiм.

Уа, түрiк жастары! Бiрiншi мiндетiң – түрiк тәуелсiздiгiн, Түркия Республикасын мәңгi қорғау және сақтау.

Болмысыңның және келешегiңнiң басты негiзi осы. Бұл негiз сенiң ең қымбат қазынаң. Келешекте де сенi осы қазынадан мақұрым еткiсi келетiн iшкi және сыртқы жауларың болады. Бiр күнi тәуелсiздiгiң мен республикаңды қорғауыңа тура келсе, мiндетiңдi орындау үшiн басыңа түсетiн жағдайды, мүмкiндiктер мен шарттарын ойланып жатпа! Бұл мүмкiндiк пен шарттар сен үшiн өте қолайсыз болуы мүмкiн. Тәуелсiздiгiң мен республикада көзiн сұққан дұшпандарың, әлемде теңдесi жоқ жеңiмпаз болуы да мүмкiн. Күшпен және айламен қасиеттi Отанның барлық бекiнiстерiн басып алуы, бүкiл теңiз арсеналдарына кiрiп алуы, бүкiл армияның ыдырап кетуi, мемлекеттiң түкпiр-түкпiрi iс жүзiнде жау қолында қалуы мүмкiн. Бүкiл осы шарттардан да қорқыныштысы және сұмдығы сол, елдегi билiк басындағылар арасында ашықауыздар, тайғанақ жандар, тiптi сатқындар да болуы мүмкiн.     Тiптi, осы билiк басындағылар жеке бастарының пайдасын, мемлекетке шабуыл жасаушылардың саяси әрекеттерiмен бiрлестiрiп жiберулерi мүмкiн, халық кедейлiк пен жоқшылықтан әлi құрып, құлауы мүмкiн.

Уа, түрiктiң келешек ұрпағы! Мiне, осындай жағдай мен шарттарда да сенiң негiзгi мiндетiң – түрiк тәуелсiздiгi мен республикасын сақтау болмақ! Саған қажеттi құдырет тамырларыңдағы асыл қанда!

Баба аманатына адал ұрпақ күнi бүгiнге дейiн ел шетiне жау тигiзбей, ұлт мұратын өрге сүйреп келедi.

Түрiк Республикасын құрған Мұстафа Кемал Ататүрiк тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алмаған басқа түрiк дүниесiнiң хал-жағдайын өте жақсы бiлдi, барлық қиындықты жан-тәнiмен сездi.

Ататүрiк – Анатолы түрiктерiн азат еткен қолбасшы ғана емес, ол өз пiкiрлерi арқылы күллi түркi халықтарының тағдыр тұтастығын басты мақсат еттi.

Түркия Республикасының 10 жылдығына арнап сөйлеген сөзiн Ататүрiк «Түрiкпiн деген адам қандай бақытты!» – деген сөзбен аяқтапты. Бұл сөздiң мағынасында өз ұлтын шексiз сүю, мақтан ету, болашағына берiк сенiммен қарау жатыр. Ол дәл осы қиын сәтте өзге аймақтардағы түрiк дүниесiн де ұмыт қалдырмады. Ол туралы ойын айтып қана қойған жоқ, кейiнгi ұрпақтарына аманат етiп қалдырды. Ол өз сөзiнде: «Бүгiн Кеңес Одағы – досымыз, көршiмiз, одақтасымыз. Осы одаққа мұқтажымыз бар. Алайда  оны ертең не күтiп тұрғанын бүгiн ешкiм кесiп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия – Венгрия империялары сияқты бөлшектенiп,  ұсақталуы ғажап емес. Бұрын жұдырығынан жiбермей ұстаған халықтар алақаннан шығып кетуi әбден мүмкiн. Дүние жаңа тепе-теңдiкке ұласуы тиiс. Осы досымыздың қол астында тiлi, дiнi, тағдыр-тауқыметi бiр бауырларымыз бар. Оларға қол созуға әзiр отыруымыз қажет. Әзiр болу – сол күндi үнсiз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзiрленедi? Рухани көпiрлердi сақтай отырып. Тiл – бiр көпiр… Сенiм – бiр көпiр… Тамыр-тегiмiзге оралып, сан-қилы оқиғалармен сөгiлген тарихымызда түгенделуге тиiспiз. Олардың (сыртағы түрiктер) бiзге жақындауын күте алмаймыз. Бiз оларға жақындауымыз керек».

Ұлт көсемi болашақты сезе бiлдi. Түркi халықтарының азаттық идеясын тұншықтырып отыратынын, «пантүркизмге» қарсы күрестiң ұзақ жылғы нәтижесi оларды бiр-бiрiнен өгейсiтiп тастайтынын, шекара ұғымы мен «жеке халықтар» идеясының мықтап орнығатынын мүлтiксiз сезе бiлдi. Ежелгi дәстүр-салты қалыптасқан түрiкшiлдiк идеясы жалғасын тапты. Түрiкшiлдiк ақыл-ой парасаты тұтас бiр саяси-әлеуметтiк құбылысқа айналды. Бертiн келе түрiкшiлдiк идеясы саяси өмiрдiң айқын көрiнiсiне айналды.

… Тамырымызға оралып, сан оқиғалармен бөлiнген тарихымызда бүтiнделуге тиiспiз. Олардың бiзге жақындауын күте алмаймыз. Бiздiң оларға жақындауымыз керек!» Көреген қайраткер Ататүрiктiң осы арманы араға жарты ғасыр салып iске асты.

Бүгiнгi өркениет көшiнiң бел ортасында келе жатқан Түркия мемлекетiн iс жүзiнде шет елдердiң құрсауында қалып, ту-талапай бөлiнiп кеткен жерiнен қайта бiрiктiрген Ататүрiк болатын. Итальяндар мен ағылшындардың, гректер мен француздардың, армяндардың «жемтiгiне» айналған түрiк елiнiң басы бiрiгетiнiне күмәнмен қарағандарға: «Неде болса туған топырақта қаламыз. Қасиеттi отанның әр шоқысы – бiзге қорған. Мемлекетiмiздiң қиыр түкпiрiнде байрағымыздың түбiнде өлемiз!» деген Кемал ұраны тұтас елдi сақтап қалды. Осы ұран түрiк ұлтын бiр тудың астына жиналуға негiз жасады.

ХХ ғасырдың соңында Кеңес Одағы тарқағаннан кейiн түркi әлемiнiң тарихи-саяси тағдырында жаңа кезең туды. Саяси аренада тәуелсiз бiр топ түркi мемлекеттерi пайда болып, өз Туларын көтерiп шықты. Сөйтiп, қоғамдық-саяси кеңiстiгiмiз кеңiдi.

Түркия – Қазақстанның Тәуелсiздiгiн мойындап, оны мемлекет ретiнде таныған алғашқы ел. Қазiр екi ел арасында мәдени-экономикалық қарым-қатынастар жан-жақты дамып келедi. Оған Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға жасаған таяудағы сапары куә.

Халықтың құрметiне бөленген Ататүрiк өз өмiрiнiң соңын өте мазасыз өткiзедi. 1937 жылы ол елдiң барлық өңiрлерiн аралайды. Ауыр сырқатқа шалдыққанын бiлiп, күн сайын бала күнгi достарымен кездесiп, өткен күндерден өзiне рухани күш жинайды. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап, теңiз жағалауындағы өз резиденциясында Босфор бұғазынан өткен кемелерге қарап ой түйедi. Өлiмнiң таяп қалғанын бiлiп хатшысына нотариалдық кеңсе арқылы дүние-мүлкiн қаттап тапсырады. Дүние тiршiлiгiнде жинаған бар байлығын Халықтық партияға жазып қалдырады. Дүниесiнiң аз бөлiгiн қарындасы Мақбұлаға, бiр бөлiгiн асырап алған қызына бередi. Қомақты қаржысын Тарихи және тiлдi дамыту қоғамына берудi тапсырады. 1937 жылы 13-қазанда Ататүрiкке операция жасалып, оның асқазанынан 10 литр су алынады. 8-қараша күнi ол түс қайта ес-түсiнен айрылып қалады. Оның өлiм алдындағы ең соңғы сөзi: «Аллейкумассалам!» болады. Оның өлiмiне жауларының өзi тағзым етедi. Франция, Англия, КСРО, Албания, Румыния елдерiнен келген крейсерлер теңiз үстiнде қайғылы аза тұтады. Сол күндерi оның құрметiне шет елдерден келген 13 вагон гүлдесте қойылды.

Түрiктердiң даңқы алысқа баратынын ұлық Пайғамбарымыз Мұхамбет (с.ғ.с.) те байқап, соңына мәңгiлiк сөз қалдырып: «Түрiктер сендерге тиiспейiнше, олармен бейбiт өмiр сүрiңдер. Түрiктердiң тiлiн үйренiңдер, өйткенi олардың үстемдiгi ұзаққа баратын болады», – дептi.

Ататүрiк алысты болжай бiлдi. Өркениеттi көштiң қайыс бұйдасын қолына алған тамырлас түрiк жұрағаттары бүгiнгi таңда еңсесiн тiктедi. Олар әлемнiң алпауыт елдерiмен бiр дастархан басында отыратын дәрежеге жетiп қана қоймай, әлемдiк даму үрдiсiне өз түзетулерiн енгiзе бастады. Соның айқын көрiнiсi – Қазақстандағы бүгiнгi тыныс-тiршiлiк, кезiнде КСРО-ның бұратана жұрты деп танылған қазақтың да әлем аузына iлiге бастауы, тiптi, түптеп келгенде бiрқатар әлемдiк мәндi мәселелерге байланысты өркениеттi мемлекеттердiң басшылары Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, санасатындығы.

Бүгiнгi Қазақстан – Түрiк әлемiнде, жалпы, Ислам әлемiнде алғашқы болып Еуропалық ықпалды ұйымға басшылық етуiнiң өзi түрiк жұртының парасаттылығын көрсетедi.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 Алматы Ақшамы Газеті

Пікір жазу