Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

Сұқ саусақ (Әңгіме)

Сұқ саусақ (Әңгіме)

Нұртөре ЖҮСІП

Сырдың суы - лайсаң. Құтты бір суға жоғары жақтан сары лайды біреу қосып жіберіп жатқандай. Бір-бірін қуған толқын-толқын бұратыла, сырғатыла ағып жатыр. Арғы беттен ақырын жылжып паром  келеді. Үстінде көк күпәйке, қалың бомази көйлегінің жағасы кір мен терден жағал-жағалданған, қолдары паром бұрғысын ұстай-ұстай әбден мүйізгектеніп кеткен Аралбайдың  жақындаған сайын қабағы түксие түскен. Бері бетте Амангелді мен Жеңіс күздің қара суығына шыдас бере алмай, жұқа сырт киімдері бұйым болмай, тоңған тауық тәрізді мойындарын ішке тығып, бүрсең қағып тұр. Аралбай паром тұмсығы жағаға тірелген бетте түйеден түскендей тіл қатты.

-         Шалдың шаруасы біткен сияқты…

Жеңіс Амангелдінің бетіне жаутаңдай қарады. Ол Аралбайдың сөзін естімеген адамша сұп-сұр қалпында селт еткен жоқ.  Паромға екеуі секіріп мінді де суық желдің өтінде тұра алмай Аралбайды ықтады. Алпысты алқымдаған Аралбайдың қарулы қолдары сағат тіліндей жұмыс істей бастады: арғы бетке қарай ылдым-жылдым бағыт алып, өзен ағысымен алыса қимылдайды, өз ісіне машықтанып алғаны сондай бір артық қимылы жоқ. Артық-ауыс сөзі де жоқ. Қимылдаған сайын ыс-ыс еткен дыбысы ғана шығады. Сырдың асау толқыны паромды бұйым көрмей әлдеқайда ала қашқысы келеді. Аралбай қиялай салып ақыры арғы бетке жеткізді. Амангелді мен Жеңіс жайпауыт жер көрінгенде ытқып-ытқып жағаға шықты. Аралбайдың сөзі қысқа болды.

-         Крупскаяның екі есегін талға байлап кеттім. Сонымен жетерсіңдер.

«Ақтам» деп аталатын ауылда жалғыз үй қалған. Үй дейтін де сиқы жоқ. Баяғы қазақы қоржын там. Бұрын бұл ауыл Крупская колхозының бөлімшесі болатын. Жаңадария деген совхоз құрылып, орталықтандырамыз деген мақсатпен бұрынғы колхоз да, оның бөлімшесі де аз жылда қаңырап шыға келген. Көшпей қалған Бекмағамбет молда ғана. «Кеткен жұрт кете берсін, мен ата мекенімнен еш қайда кетпеймін» деп шорт кескен. Кезінде қожа-молданың бәрі қуғынға түскенде Бекмағамбетті де қыспаққа алған. Талай рет аудандағы түрмеге апарып қамаған да. Сыртынан қанша құлып салып, есікті тарс бекітіп кетсе де күнде таңертең Бекмағамбет молда түрменің төбесіне шығып, азан шақырып, намазын оқып отыратын. Тергеушілер молда теріс оқып жүре ме, дуалап тастап, пәлесіне ұшыраймыз ба деп қорыққан. НКВД-ның бастығы бір жағы жиендігі бар, оңаша шақырып алып: - «Молдеке, сіз бізді көрген жоқсыз, біз сізді көрген жоқпыз» деп уағда байласып, қол алысып кеткен еді. Содан бері осында. Ешқайда шыққан да емес, барған да емес. Бес уақыт намазын оқиды. Оразасын ұстайды. Соғыстан жаралы болып 44-тің басында қайтқан, 45-ші жылы наурызда тұңғышы Амангелді дүниеге келді. Мектепке барғанша қолында болды. Төрт жылдық бастауышты Амангелді колхозда оқыды. Одан кейін аудан орталығындағы интернатқа кетті. Кемпірі екеуі бір шәй дескен емес. Кеңес үкіметі мал да ұстатпады. Азын-аулақ ұсақ мал мен төрт-бес сиыр, бес-алты түйені бағып осында күн кешіп келеді. Былтыр бошалап кеткен сиырын іздеймін деп желтоқсанның аязына ұрынды. Өкпесіне суық тиді ме,  қолқасы қабынды ма, әйтеуір бітпейтін бір жөтел мазасын алды. Ай осы жолы құлақтанып шығып еді, қазан ұратын суыққа көрінді ме, соңғы күндері жел азынап, ызғар есті. Шал қыбырлап сыртқа шығудан да қалды. Мал-палды кемпірі жайғайды. Отын-су да соған қарап тұр.

-         Құдайдың күні қағынып кетті ғой. Мына жыңғылыңды бұйым көрмей барады. Пешке сексеуіл салдым.

Темір пештің аузын жауып, қазан-ошақтың жанына бір жамбастап қисая отырды. Ақ жаулығы ысырылып кеткен екен, соны жөндеді. Керуетте жатқан шалына мүсіркей қарап сәл үңілді де өзімен өзі тілдескендей сөз бастады.

-          Жылда осы бір теріңнің қысатыны бар еді. Жақсылап терле. Жантақтың шәйін демдейін. Ол да терлетеді. Шөлдеген де шығарсың. Қанша жаныңа батса да қыңқ етпейтінің бар.

Кемпірі шалына енді естірте сөйлеп отыр. Тағдырдың талай теперішін көрсе де сабыр сақтаған, әйел болып күйеуіне әлек салмаған, бетін әжім басса да, өзі күйкентайдай кішкене болса да қарулы, қайратты жан. Намазға шалының артынан жығылып, күндіз-түні тәңірден жалғыз баласының тілеуін тілеп, айдаладағы жалғыз тамда тіршілік отын өшірмей отырғанына да талай жыл. Илеген қамырын дөңгелектеп, табаға салып, пештің булығына қойып жатып сөзін жалғады.

-         Ана балаға хабар айтып жібергем. Қанша дегенмен аупарткомда істейді. Облысқа апарар. Алматыға апарар. Әйтеуір қаратады ғой. Бүйтіп жатып алмайтын едің. Жақсы боп кетесің. Соғыстан да аман келдің ғой. Осы жерде не бар екенін?!. Совхоз орталығына көшейік дедім. Көшпедің. Ана балаңның ауданда зәңкиген тамы бар. Соған барып отырайық дедім. Бармадың…

Кемпір жаулығының ұшымен көзінің қиығына құйылған жасты сүртіп тастап, пеш үстінде тұрған құманды көтерді. Сексеуілдің қып-қызыл жалыны пештің ойығынан сумаң-сумаң етеді. Іскек темірмен пеш сырғақтарын түрткілеп жапты да құманды алып шәй демдей бастады. Өткен жылы Өскенбай шалдың жаназасынан келген масаты жыртысқа оралған жантақ бұтақтарын үккіштеп, кішкентай ақ шәйнекке салды. Оның бетіне майлықты жауып, бұқтырып қойды.

-         Неғып байланып қалғаныңды…Екеуден екеу… Елдің іші жақсы ғой. Ауырып сыздай қалсаң доқтыр бар. Ата-бабамның көзі деп малдан айрылмадың. Түйелі болған жақсы. Биелі болған жақсы. Бірақ жас емеспіз. Алай-бұлай болса, мен байғұс қайда барам? Бір сенің етегіңнен ұстағалы жаман өмір сүрген жоқпын. Құдайдан бала сұрап едім, берді. Алты бірдей құрсақтан аман қалғаны – Амангелді. Сол жалғыздың бетінен қақпай өсірдік. Бір жібімей-ақ қойдың ғой. О байғұс та қақайып алып…Бәріміз пендеміз…Түсінер… Жалғыздың тілеуін тілеп отырмын…

-         Әй, соныңды қойшы!

Шал сырылдай тіл қатып, қолын сілтеді. Әл-дәрмені кетіп, сілтеген қолын әзер жиды. Іле-шала қылғына жөтеліп, басын жастықтан көтерем дегенше тұншыға дем алды. Кеудесі көтеріліп, қолқаға тірелген қақырығы құрғыр шыға қоймай, ышқына жөтелді. Екі бүйрегі түсіп қалардай дірілдеп, өкпесі сырылдап, барлық қауқарынан айрылып қалды.

-         Ей-и, құдай-ай! Осы бір жөтел қайдан жабысты…Шауып-ақ жүрген адам ең. Түкіргіш әперейін бе? Қазір,қазір. Қақырық түссе жеңілдеп қалар ең. Борсықтың майы да бітіп қалыпты. Қараң қалғыр-ай! «Қырсыққанда қымыран іриді» деген. Ыстықтай шәй ішші. Басылар сосын…

Кемпір етегіне сүрініп орнынан тұрды. Шалына құм мен күлді араластырып салып қойған түкіргіш банкіні ұсынды. Шал ұзақ қиқылдап-шиқылдап барып, қақырықты әзер тастады. Содан кейін барып жәйлап тыныс алды.

-         Жастығыңды көтерейін бе? Кеше ана ауылдан бір әйел кеген, баласына дем салып берсін деп. Тәуір болғасын келерсің деп қайтарып жібердім…

Кемпір жүкаяқта қаз-қатар жинаулы тұрған көрпе, көрпешенің үстіндегі барқыт тысты қоңыр жастықты жұлып алды да шалының басын биіктетті. Шал сонда ған еркіндеу тыныстады. Өкпесі сыр-сыр етеді. Қолқадан шыққан шиқыл кемпірдің құлағына естілді. Әзер демін алып, кемпіріне бар мейірі мен қимастығын сала қарады да ыңырси тіл қатты.

-         Ұзаққа бармаспын.

-         Жақсы сөйле.

-         Ары кетсе…Бейсенбі ме, бүгін?..

-         Қайдағыны айтпа… «Жақсы сөз – жарым ырыс» деуші едің ғой.

-         Жұмада.. жамбасым.. жерге тисе…

-         Қой! Зарлай бергенің не?

-         Алланың үкімі кешіктірілмейді. Шамам барда айтып қалайын.

-         Бір кесе шәй ішші тым болмаса.

-         Тыңда. Мұнда жұрт келе алмайды. Өз жаназамды оқып қойдым…Анауың келсе, ауылға, ауданға сүйреймін деп әуре болмасын. Осы ата-бабамыздың зиратына қойсын.

-         Құдай-ай! Не деп кеттің? Мені тастап кетпекпісің?..

-         Сенен кешу сұраймын.. Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Тілім тиген болса, кешір.

-         Алла-ай! Алла, өзің жар бола гөр!

-         Разылығыңды бер!

-         Разымын, разымын!…

Бұдан кейін ауыр үнсіздік орнады. Шал өз ойымен, кемпір өз ойымен бетпе-бет қалғандай. Далада күздің қара суығы долдана соға бастады. Адуын жел пештен шыққан түтінді көкке көтертпей, олай бұлай умаждап, мұржаға қайта тығып тастағысы келгендей екпіндей, еселене соға түсті.

Шалдың есіне жалғыз ұлы түсті. Есікті тарс жауып, долдана шығып кеткен кезі көз алдына келді. «Баланы аямау керек екен, жалғыз деп жұмсамадым, алтын асықтай бала еді, интернатқа барды да құдай ұрды»…

- Атаңның аты Толымбай, оның әкесі Туғанбай…Арғы тегіңді біліп жүр…

Бекмағамбет Амангелдіге ататегін таратып айта бастаған. Бала орнынан атып тұрды да:

-         Менің атам – маймыл, менің атам – маймыл,- деп екі қолын құлақ шекесіне апарып, тілін шығарып ыржалақтады.

-         Қой балам, ондайды қайдан шығардың?

-         Бізге мектепте солай үйретті. Чарлз Дарвин «адамдардың арғы тегі маймылдан шыққан» дейді. Яғни, сіздің де, менің де аталарымыз маймыл емес пе?..

-         Астапыралла! Астапыралла! Қайдағыны айтпа! Алла тағала алдымен мына ғаламды жаратқан. Алты күнде. Сосын Адам Атаны жаратты.

-         Адам Ата да маймыл! Оны жаратқан құдай да маймыл! Амангелді үйді басына көтеріп, айқай салды. Бір орнында тұра алмай шыр айнала жүгірді.

-         Әй, қой деймін! Қой! Не болса соны көкіме.

-         Менің атам - маймыл. Сіз де маймылсыз. Мен де маймылмын! Бала қоймады.

Бекмағамбет шыр айнала жүгіріп жүрген Амангелдінің қолынан шап беріп ұстап алды да жағынан шапалақпен тартып-тартып жіберді.

-         Ноқалай неме! Бос сөйлеме! Екінші гәрі осылай дейтін болсаң, көресіні көресің!..

-         Бәріміз маймылдан жаратылғанбыз. Сенің құдайың да маймыл!- деді Амангелді көзінен ыршып шыққан жасты жұтып тұрып.

-         Әй, сен қоясың ба, жоқ па?

-         Қоймаймын!

-         Қоймасаң, мә, ендеше,- деді де Бекмағамбет баласын жағынан тағы да осып-осып жіберді. Анау аңыраған күйі шығар есікке қарай беттеді.

-         Кетем! Кетем бұл үйден!

-         Кетсең – кет! Қайтып табалдырықтан аттаушы болма!

Амангелді сол кеткеннен қайтып туған үйінің табалдырығын аттамады. Жүрегінде мұз ба, кек пе, қан ба, әйтеуір тастай бірдеңе қатып қалды. Шешесінің көз жасы да оны жібіте алған жоқ. «Әкең өлгелі жатыр. Ең болмаса, бір уыс топырақ салуға келерсің» деген ана сәлемі ғана ұзақ жылдар бойы қордаланған кектің уытын сәл-пәл жібіткендей еді. Жеңісті қасына алып, күздің қара суығында дірілдеп тоңып келе жатқанда да әкесін көруге онша құштар емес-ті.

Ескі зираттағы төрт-бес төмпешіктің екеуінің үстін шөп басып, шет жағындағылардың жанында жыңғыл қаптай өсіпті. Әр молада табақтай-табақтай тас бастырылып жатыр. Амангелді әрқайсысына үңіліп өзінің аталарының, әжелерінің есімдерін әзер оқыды. Қаратаудың жалпақ-жалпақ тастарын әкесі арнайы алдыртып, бәріне араб қарпімен аты-жөндерін ойып жазып, белгі ғып қойған еді. Әкесі мектепке барғанша Амангелдіні ескіше оқытқан. Араб қарпін жиі қолданып отырмаса, адам қарайып қалады. Амангелді де кей әріптерді жыға танымай, бірқатарындағы ойып жазылған таңбалар қар мен жаңбыр суынан өшіп те қалыпты, ежіктеп әрең оқыды.

-         Мына жазуларды оқып тұрсың ба? Өй, өзің арабша біледі екенсің ғой, - деді Жеңіс.

-         Мынау Толымбай атам, анау әжем. Ар жағындағы бабамыз Туғанбай. Қасында атамның інісі жатыр.

-         Жатқан жерлері жайлы болсын! Пейіште нұры шалқысын!

-         Пейіш жоқ.  Бос былшылды қойсаңдаршы!

-         Өй, өзің молданың баласысың. Мұның не?

-         Құдай бар, жәннат бар, жаһаннам бар деп шал өмір бақи қақсап еді. Не болды? Жатыр әне. Қайда пейіші? Қара жерге келесің. Қара жерде қаласың. Тудың. Өлдің. Болды. Басқа ештеңе жоқ.

-         Астапыралла! Құдай жоқ демесей. Коммунист екеніңді білем. Жұмысыңда айта бер. Ал…Мұнда екеумізден басқа ешкім жоқ қой.

-         Жоқ дедім ғой мен сендерге! Құдай, Алла деген жоқ…

Жеңіс кішкентайынан бірге өскен досының осылай бір қасарысса қатып қалатын мінезін жақсы біледі. Ары қарай тәжікелесе бергісі келмесе де, ойына келген сөзді ірікпеді.

-         Партия қызметінде жүргенде жоқ деуге болатын шығар. Бірақ, білмеймін ғой, Алла ма, құдай ма, әйтеуір бір жаратушы күш бар ғой…

-         Мен айттым ғой саған. Жоқ деген соң жоқ.

-         Қайдам, біздің әкей құдай бар, қабір азабы бар дейтін…

-         Құлағым сарсыған сондай сөздерден. Мүңкір, Нәңкір дей ме? Сұрақ сұрайды-мыс. Оған өлген адам жауап береді екен. Әй, өзің айтшы. Өлген адам - өлді ме?

Амангелді досына ызғарлана қарады. Екі көзі ежірейіп тұр. Қолындағы күрекпен басына бір салудан да тайынбайды –ау. Жеңіс  топырақты сыртқа атып жатып немқұрайды қалыппен жауап қатты.

-         Енді…бәріміз де өлеміз ғой…

-         Өлсең қайтіп жауап бересің сұраққа. Қазір тірі болған соң маған жауап беріп тұрсың. Ал өлсең ше?..

-         Ей, қойшы сен…

-         Қоятын түгі де жоқ. Давай, мен саған дәлелдейін. Міне, шал өлді. Қазір көрін қазамыз да көмеміз. Мен көрге бірге түсем. Анау сұрағыштар келе ме, жоқ па? Өз көзіммен көрем. Сосын саған айтам. Келістік пе?

-         Қайдағы сұмдықты шығармашы.

-         Кел, бәстесейік. Мен саған дәлелдеп берем!

-         Әй, осы сенің бірбеткейлігің-ай! Баяғыдан осындайсың ғой, неге, а?

-         Өйткені, құдай жоқ.

-         Біссімілла! Байқашы…

-         Байқайтын түк те жоқ. Бүгін саған дәлелдеп берем. Қиқаңдама. Менің айтқанымды істейсің. Дәлелдеймін саған. Басқаларға да…

Бірер сағатта көр қазылды. Топырағы сазды екен. Лақаттың іші құп-құрғақ. Сырттағы желдің гуілі соншылықты естілмейді. Жеңіс ішке түсіп ұзынынан жатып көрді. Отырып қолын көтерді.

-         Жеңіс-ей, әкеммен бірге ішінде қалғың келмесе, шық бері!

Амангелді зират басынан үйге жеткенше Жеңіске не  істеу керектігін түсіндіріп берді. Досының қырсық мінезін білетін Жеңіс үн-түнсіз елпең қағып келеді. Жел басылды. Бұлар үйге кіргенде кемпір сыңсып дауыс салды.

-         Азаматым-ай! Арысым-ай! Аяулым-ай! – деп екі бүйірін таянып, шашын жайып сұңқылдай жылап отырған шешесіне Амангелді ақырып жіберді.

-         Апа! Өлген шалың - өлді. Енді қайтып келмейді.

-         Қарағым-ай, неткен қатыгез едің…

-         Қазір апарып көмеміз. Сені ауданға алып кетем. Жылай берме.

-         Шалдың жетісі бар, қырқы бар. Жылы бар…

-         Жалғыз отырып арам қатып қалсаң не болады? Алып кетем…

-         Құдайдан қорықсаңшы. Әруақты сыйлау керек.

-         Жоқ дедім ғой құдай! Не ғып сұңқылдай бересіңдер. Мына шал да құдай бар, құда бар деп миымды жеп еді. Құдай бар болса, өлгеннен кейін тірілтем дейді дейсіңдер. Неге тірілтпейді шалыңды!?.

-         Алла-ай, алла-ай! Бала бер дегенде осыншалықты безер ғып бер дедім бе?..

-         Жеңіс! Кеттік. Көтер!

Екеуі мәйітті көтеріп тысқа шықты. Жеңіс әбден құр сүлдері қалған, етінен арылған, кебінге оратылған  Бекмағамбет ақсақалдың сүйегі жеңіл шығар деп ойлаған, қанша арық болғанымен өлген адамның салмағы ауыр тартады екен. Есік алдындағы арбаға есекті жегіп, жасыл кілемге оралған мәйітті арбаға салып, Амангелді екеуі қорым жаққа бет алды. Үйде дауыс салып кемпір қалды…

Амангелді ақыры айтқанынан қайтпады. Мәйітті көрге екеулеп жүріп түсірді.  Жеңіс өз әкесін жерлегенде көрген нәрсесінің бәрін істеп шықты. Ақ кебінге үш жерден буылған ақ шүберекті шешті. Марқұмның басын құбылаға қаратып жатқызды. Бас топырағын алып шалдың шүйдесіне қойды.

-         Мен осында отырамын. Сен шық та, топырақты жартылай түсір. Сосын үйге бара бер.

-         Сені мұнда қалдырып кетпеймін. Апаңа не деймін?

-         Әкесімен қоштасып жатыр де. Мен  тез барам.

-         Өй, өзің де алған бетіңнен қайтпайтын қырсық екенсің.

-         Сөзді қой. Мен саған дәлелдеп берем.

-         Өзің біл…

Жеңіс лақатқа кіре беріс тұсты ашық қалдырды да моланың қалған жағын топырақпен толтырды. Амангелді көрге кіріп, бет-аузын орамалмен тұмшалап, шаңға тұншығып қалмаудың қамын жасады. Біраздан соң шаң сейілді. Жеңіс шынымен кетіп қалған сияқты. Амангелді әкесі ораулы жатқан кебінге қарап безірейіп отыра берді. «Қане, айта беретін Мүңкірі мен Нәңкірі?», «Бар болса, келмей ме?» деп іштей қитығып, сырт еткен дыбыс болса көргісі кеп отыр. Ақырында тынысы тарыла бастады. Лақат аузындағы топырақты қолмен ысырып, басын шығарды. Салқын ауа кеңсірігін жарып жібере жаздады. Танауына шаң толып қалған ба, дереу түшкіріп салды. «Мұның ішінде отырып көрдің не, сыртында отырып көрдің не?» деген ой келісімен лақаттан сыртқа шықты. Топырақ та кептеліп қалыпты. Қолмен тырмалап, жүрелеп отыратындай кеңістік жасады. Сосын әкесінің сүйегі жатқан қабір ішіне қадала қарады. Қанша отырғаны есінде жоқ. Кенет…

Ия, кенет бірдеңе сыр-сыр еткендей болды. Лақаттың аузына әлдебір буалдыр перде пайда болғандай көрінді. Бұл не? Елес пе? Амангелді отырған орнынан сәл көтеріліп, әлгі пердені ысырмақ болып сұқ саусағымен түртіп көріп еді, шоқ басқандай ыршып кетті. Саусағы күйіп қалғандай тыз ете түсті. Саусағының ұшын тілімен жалап, түкірігін жағып еді, ауырғаны басылғандай әсер алды. Қайтадан әлгі пердені тағы да ысырмаққа сұқ саусағын қайта батырды.

-         Ах, әкеңнің!- деп ышқына айқайлап үлгерген Амангелді қабірден атып шықты. Сұқ саусағының ұшын от жалап, күйдіріп барады. Тілімен жалағанға да, түкіргенге де болмады. Дыз-дыз еткен бір нәрсе тұла бойын ысытып, күйдіріп, жандырып жанын көзіне көрсетті. Сұқ саусағын аспанға қарай шошайтып, дызақтап, безек қаққан күйі үйге қарай жүгірді. Ебіл-дебілі шығып кеткен, көзі алақ-жұлақ еткен, саусағын сілкілеп, көзінен жас парлап үйге жеткен досын көргенде Жеңістің зәре-құты қалмады.

-         Әй, саған не болды? Жеңіс жалма-жан Амангелдіге қарай атылды. Қапсыра құшақтап, «сабыр ет, сабыр ет» дей берді.

-         Балам-ау, қолыңа не болды? – деген шешесінің де сауалы жауапсыз қалды.

Саусағын аспанға қарай сілкілеп, екі көзінен жас сорғалап, иегі кемсеңдеп, ештеңені байыбына барып айта алмай, дір-дір еткен күйі үйдің ішін алақ-жалақ кезіп, жанына жалау таба алмай далаға атып шықты.

-         Аллам-ай, сақтай гөр! Не болды бұған?- деп кемпір кемсең қаққан күйі бір-екі ұмтылып, қорыққанынан аяқ-қолдары дірілдеп, орнынан тұра алмай қалды.

Жеңіс соңынан ұмтылды. Амангелді шом қора жақтағы шеген құдыққа қарай құстай ұшты. Қауғаны салып, зырылдатып қайта тартып алды да сұқ саусағын суға матырды. Сонда ғана безектеген қалпынан айрылғандай, жанына дауа тапқандай «ух» дегенге ұқсас бір дыбыс шығарды. Үсті-басын шаң басқан. Кірпігіне дейін шаң ілінген.  Жеңіс те жүгірген бетте келе сала: - «Не болды? Не көрдің? Мүңкір, Нәңкір келді ме? Көрдің бе?» деп еді, Амангелді еңіреп жылап жіберді. Мандытып ештеңе айта алмады. Қауғадағы судан саусағын суырып алып еді, жаны мұрнының ұшына келді. Ауаға саусағын сілкілеп, тұрған орнынан секіріп, ышқынып кетті. Саусағын қайтадан суға салды. Қайта шығарды. Саусақ ұшын бір от жалын шоқтай қарып барады. Амангелдінің көзі шарасынан шығып кеткен, еріндері дүрдиген, сұп-сұр өңінде қасықтай да қан қалмаған сияқты боп-боз.

Жеңіс Амангелдінің мына түрін көріп, бір пәленің болғанын ұқты.

-         Суға сал! Сұқ саусағыңды суға сал! Қоя ма?- деді.

-         Ә-ы…Ә-ы..І-і.., деген күйінде Амангелді сұқ саусағын суға салды.

Маңдайынан суық тер бұрқ етіп, өне-бойы дір-дір етіп, Жеңіске жәутең-жәутең қарай берді…

Беліне су толы ыдысты байлап алып, сәт сайын сол суға саусағын малып, бір орнында байыз тауып отыра алмайтын Амангелдіні жұрт «пері соққан», «құдай атқан» дейтін сыртынан.

Ол ауданға қайтып барған жоқ. Партиядан да, жұмыстан да шықты. Жан адаммен тілдеспейді. Жөнге шақырам деген Жеңіс досы да ақыры ештеңе шықпаған соң шаршап қойды.

Қашан да белінде су толтырылған ыдыс бар, сұқ саусағын соған қысы-жазы, күндіз-түні батырып, делқұлы сияқты зырылдап жүгіріп жүретін Амангелді бес уақыт намазын қаза қылмайтын…

О, құдайдың құдіреті-ай!




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir