Wednesday, August 6, 2021

Абайдың «Ескендір» поэмасы және «Көрұғлы» жыры 

Ахмет Аляз

Абайдың «Ескендір» поэмасы және «Көрұғлы» жырыХакім Абайдан қалған «ғақлияның» ғасырларға азық болатын тынысы терең дүние екендігіне дау жоқ. Оның шығармасының әдеби, фалсафалық, музыкалық, құқықтық, тарихи, діни аспектілері ғалымдар тарапынан тыңғылықты зерттелініп келе жатқаны белгілі. Әйтседе, ақиқаттан сусындаған Абайдың ой-әлеміне терең бойлаудың оңайға соқпасы да анық. Абай мұрасының мәнін ұғып, пайымдау үшін оны кешенді талдай білетін ілім мен таным қажет. Себебі, хакімнің ғақлиясы әр ғасырда өзінің жаңа қырынан танылып отыратын тұңғиығы жоқ түпсіз ілім іспетті. Данышпан бабамыздың осындай жаңа қырынан танылуы тиіс тұрпаты - Ұлы Абайдың ғақлиясының фольклормен байланысы десек асыра айтқандық емес.  

Абайдың фольклормен қатынасы туралы кезінде Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұхановтар жақсы пікірлер айтқан болатын. Кейінгі дәуірде Зәки Ахмедов, Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахмет, Сейіт Қасқабасов, Жабал Шойынбет секілді зерттеушілер осы тақырыпқа тереңірек қозғау салды. Әсіресе, Сейіт Қасқабасов «Абай және фольклор» атты зерттеу жұмысында данышпан бабамыздың көптеген өлеңдері мен поэмаларының фольклормен біте-қайнасып жатқанын дәлелдеді. Ал, біз бүгін түрік халықтарына ортақ фольклорлық мұра саналатын «Көрұғлы» жыры мен Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеттік ұқсастығы мен ерекшеліктерін екшеп көрмекпіз. 

Ежелден шығыс халықтарының фольклорында Ескендір Зұлқарнайын туралы аңыз-әңгімелер кен етек жайған. Тіпті, Ескендір Зұлқарнайын хақында қасиетті Құран-Кәрімнің Кехф сүресінің 83-97 аяттарында да баяндалады  [1. 301-302 беттер]. Яғни, Ислам әлемінде қос мүйізді Ескендір туралы әпсананы естімеген адам жоқ десек те болады. Әйткенмен, белгілі фольклортанушы Сейіт Қасқабасов шығыс халықтарында Ескендір жөнінде үш топқа негізделген, яғни, әпсана мен хикаят және жыр жанрында кең таралған мұраның бар екенін алға тартады:

Осылардың ішінде әпсанаға жататын әңгімелердің қысқаша мазмұны былай болып келеді: Ескендір патшаның басында мүйізі бар. Сол мүйізін ешкімге көрсетпеуге тырысып, шашын алған адамдарды түгел өлтіріп отырған. Сондай шаштаразшылардың ішінен біреуі тірі қалады. Күндердің бір күнінде білетін құпиясын жасыра алмай, ол құдыққа барып: « - …Ескендірдің мүйізі бар!» - деп айқайлайды. Құдықтан қамыс өсіп шығады. Ол қамыстан бір қойшы сыбызғы жасап, ойнайды. Сөйтсе, сыбызғыдан шыққан дыбыс «…Ескендірдің мүйізі бар!» - деген ән болып, Ескендір патшаның құпиясы елге жарияланып кетеді.

Қазақ арасына тараған Ескендір жайлы шығармалардың екінші тобы хикаятқа жатады да, оның сюжеті төмендегіше болып келеді:

Ескендір өзінің Қызыр және Ілияс деген жолдастарын ертіп, Зұлматқа өлмес суды іздей келеді. Бірақ ол суды алға қарай озып кеткен Қызыр мен Ілияс тауып ішеді де, соңынан Ескендір келіп жеткенде, ол су ғайып болып кетеді, немесе ол суды қарғалар ішіп қояды.

Ал үшінші топты құрайтын шығармалар мына сюжетке құрылған:

Ескендір патша жорықта (жолда) келе жатып, керемет бұлаққа тап болады. Бұлақты бойлай жүріп, ол жұмақтың қақпасына жетеді. Патша қақпаны аш деп бұйырады, бірақ қақпаны ешкім ашпайды. Оған қақпаның арғыжағынан орамалға түйілген адамның бас сүйегі (кейде бір дорба ұнмен қоса) тастайды. Оның мәнісін түсінбеген Ескендір ашу шақырады. Сол кезде әміршінің қасындағы Қызыр (данышпан) бас сүйекті таразыға салдырып, өлшетеді. Бас сүйекті еш нәрсе баса алмайды. Сол уақытта таңданған патшаға данышпан:

«Адамның көзі дүниеге тоймайды, тек топырақ қана баса алады!» - деп, бір уыс топырақты сүйектің көзіне салады. Сол сәтте таразының бас сүйек тұрған жағы көтеріледі де, бұл мысалдан ғибрат алған Ескендір патша жаһангерлік райынан қайтады [2. 101 б].

 Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеті осы үшінші топқа жатады. Бірақ, Шығыс аңыздарында Ескендірдің әскерінің елсіз жерге тап болып, судан қаталағаны айтылмайды. Ал, Абай жырлаған поэмада Ескендірдің кенезесі кеуіп, қатты сусағаны баяндалады. Яғни, бұл жерде судың тапшылығы мен қасиетіне мән беріледі:

Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,

Алып жүрген суының бәрін ішті.

Адам, хаиуан бәрі де бірдей шөлдеп,

Басына Құдай салды қиын істі.

 

Сандалды сар далада су таба алмай,

Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?

Қызметкердің бәрін де өлтірмекші

Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай. [3. 65 б].

Ескендір туралы хикаяттың бірінде де ол қасына Қызыр мен Ілиясты ертіп Зұлматтың өлмес суын іздеп шығады. Алға озып кеткен Қызыр мен Ілияс ол суды ішеді де, Ескендір келгенде су көзден бұл-бұл ұшып, ғайып болады [2. 101 б]. Яғни, бұл хикаяда да су культі ерекше маңызға ие ретінде суреттеледі.

Көрұғлы жырының Пертеу Наили жинаған Элазиз нұсқасында су культіне қатысты эпизоттар көрініс береді. Бір күні Көрұғлы екі құс аулап, оларды тазарту үшін бір бұлақтың басына келеді. Құстар сол суға тие салысымен ұшып кетеді. Бірақ, бұлақ бірден қыр бөлшекке бөлініп, қырық тармаққа айырылады (немесе 40 мың). Осы сәтті Көрұғлы әкесіне баяндағанында әкесі: «Сол судан іштің бе?», - деп сұрайды. Көрұғлы Гираттың ішкенін, өзінің ішпегенін айтады. Әкесі сол судың өлімсіздік суы екенін айтады. Аңыз бойынша өлімсіздік суын ішкен Гират әлі тірі екен және жыл сайын біреуге сатылып тұрады-мыс [4. 32 б].

Көрұғлының Тобыл нұсқасында да су культіне қатысты сюжет орын алады. Көрұғлының әкесі падишахқа арғымақ іздеп жүргенінде судың жағасында жайылып жүрген биеге судан шыққан бір айғыр қосылады. Көрұғлының әкесі осы биеге белгі қойып, кейін бие құлындап тайға айналғанда оны Ыстамбұл падишахына сыйға тартады. Ол ат болашақ батыр Көрұғлының арғымағы Гират болатын [4. 21-22 б]. Яғни, бұл жерде де судан шыққан айғырдан тараған Гиратты асыл текті етіп көрсету арқылы су культіне ерекше назар аударылған.

Ескендір хикаясындағы және Пертеу Наили жинаған Элазиз нұсқасындағы Гират ішкен өлімсіздік суының мотивінің бір екенін аңғарамыз. Ал, Абай жырлаған Ескендір поэмасында бұл мотив көрініс бермегенімен, судың тапшылығы Ескендір мен оның жер қайысқан қолын тығырыққа тірегені жан-жақты жырланады. Жырланып қана қоймайды, сол кез болған бұлақтың бастауында ішіне жан баласы кіре алмас жұмақ қамалы орныққандығы айтылады. Поэманың өзегі осы жұмақ қамалының ішінде жатқан хикметке негізделген. Ол жерден алынған бас сүйек безбенге салғанда алтын мен жауһар, қару-саймандарды басып кетеді. Аристотель жерден бір уыс топырақ алып бас сүйектің көзіне салғанда ғана таразының екінші көтерілгені жырланады. Жырлаушы осылайша Ескендірдің пендеуи  ашкөздігін сынайды. Яғни, мұнда шешуші рөлге ие емес болғанымен, су культі екі хикаяның да сюжеттік өзіндік бояуын беріп, оқиғалар өрісінің қарқынын арттыра түседі.

Ескендір сүйекті қасиетін көргеннен кейін ашкөздіктен тыйылып, жер-дүниені жаулап алудан бас тартады. Былайша айтқанда мансап-мақамды тәрк етеді. Поэмада бұл жағдай төмендегіше жырланады:

Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,

Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.

Бекерлік екен менің бұл ісім деп,

Қолын алып жұртына қайта көшті [3. 67-68 б].

Ескендірдің дүние-мансаптан бас тартқаны секілді Көрұғлы жырының әжірбайжан нұсқасында кейіпкерді атақ-даңқтан бас тартқызатын сюжет бар.

Аббас шаһ Көрұғлының атақ-даңқын естіп, оған бас қолбасшылық қызмет ұсынады. Ал, Көрұғлы болса, бұл мансаптан бас тартады. Бұған ашуланған шаһ Көрұғлының басын әкелген адамды бас қолбасшы етіп тағайындайтынын хабарлайды.

Жалған дүниені жалпағынан басып, асарын асап, жасарын жасаған Көрұғлы бір күні серіктерін шақырып, орнына Айбазды тағайындайды. Қылышын майырып, енді соғыспаймын деп ант береді. Ол енді қажылыққа аттанбақ болады. Жолдастары Казлы көлге дейін шығарып салып, осы жерде олармен қош айтысады. Осыдан бұрын ол Шамбылбелге келіп, жанарынан жас ағып, өлең оқыған болатын.

Аббас шаһтың Илияс (Алмас) хан және Бахрам хан атты екі құлы бар еді. Сапарда келе жатып Көрұғлы оларға кезігіп, қонақ болады. Сол күні кеште Илияс хан мен Бахрам хан Кыратты өлтіреді. Қыратынан айырылған Көрұғлы екі жандайшапқа қарсылық көрсетпестен мойын ұсынады. Жандайшаптар батырдың басын Аббас шаһқа алып барады. Көрұғлының басынан бір тамшы қан шаһтың етегіне тамады. Аббас шаһ  Илияс хан мен Бахрам ханның Көрұғлыны ерлікпен емес, қаскөйлікпен өлтіргенін іші сезіп, Шамбылбелден үш адамды куәға тартады. Олардан шындықты біліп, бәрінің көзінен жасы ағып, екі құлды қылышпен турап өлтіреді. Айбазды Көрұғлының өсиетіне сай Шамбылбелдің әкімі етіп тағайындайды [4. 15-16 б].  

Яғни, Абай жырлаған поэмада Ескендір жорыққа аттанып, жұмақ бекетіне кезігіп, ол жерден алған бас сүйектің хикметін сезініп барып, ашкөздігінен қайтса, ал, әжірбайжан нұсқасында Көрұғлы жасы ұлғайып барып, ақылы толысып, мансап пен атақ-даңқтан бас тартады. Яғни, оқиға өрісі ұқсамағанмен, мұндағы дүние қызықшылығынан тәрк етушілік ұғымы екі туындыда да мазмұндас болып келеді.

Ескендір туралы хикаяның бірінде Зұлматтағы өлместің суын ішуге Ескендірмен бірге Қызыр мен Ілиястың барғанын жоғарыда айтып өттік. Ал, Көрұғлы жырының қазақ нұсқаларында қысылтаяң шақта Көрұғлыға рухани күштердің қол ұшын созатын тұстары бар. Ә.Мазхожаев, М.Ж.Көпеев, Ә.Жүргенбаев, Е.Есенжолов нұсқаларында көрде туылған Көрұғлыны ғауыс ағзам пірлер мен қырық шілтендер мейіздің шәрбатын беріп бағып-қағады. Әлбетте, сопылық ілім бойынша ғауыс ағзам мен қырық шілтендердің әрқайсысының рухани атқаратын функциясы бөлек-бөлек болады. Ал, Қызыр мен Ілияс бұл рухани күштерден мүлде бөлек тұлғалар. Сүгір жыраудың жырларында Қызыр мен Ілияс өлместің суын ішкен рухани күштер болып табылады [5.]

Құранның Саффат сүресінің 123-132 аяттарында Ілиястың пайғамбар болғаны баяндалады. Белгілі дінтанушы Өмер Насухи Билменнің айтуына қарағанда Ілияс пайғамбар азғынданған яһуди қауымына хақ дінді нұсқау үшін жіберіледі. Белебек деген аймақтың басшысы «Бал» атты пұт жасап, яһудилер оған табына бастайды. Ілияс пайғамбар орларға тек бір Аллаға табыну керектігін айтып, уағыз жасайды. Алайда, яһуди қауымы «Балға» табынғанын жалғастыра береді. Бұған қатты кейіген Ілияс жалғыз өзі өмір сүреді [6. 489 б].

Құранның Кахф сүресінің 64-82 аяттарында Қызыр бабаның Мұса (с.ғ.а)-мен бірге сапарға шыққандығы айтылады. Зерттеушілер Қызыр бабаның кім болғанын нақты айта алмайды. Мұса (с.ғ.а)-ның Қызырдан «ләдуни ілімін» (Алланың құпия ілімі) үйренгені ғана айтылады. Жалпы, Қызырдың өлместің суын ішкендігі туралы діни аңыз әлем халықтарында кеңінен тараған  [6. 486 б].

Міне, осы Ілияс (с.ғ.а) пен Қызыр баба Ескендір туралы хикаяның бірінде оның серіктері ретінде суреттеледі. Суреттеліп қана қоймайды, ол екеуі Зұлматтың өлмес суын Ескендір келмей тұрып ішіп алады. Бұл мотив Өмер Насухи Билменнің «Қызыр өлместің суын ішкендігі туралы әлем халықтарында тараған діни аңыз бар» деген дерегімен толық үндестік табады. Ал, Көрұғлы жырының М.Ж.Көпеев нұсқасында Бозұғлан жиені Көрұғлы Күйген таудағы қырық бір қарақшыны алмаққа аттанғанда «Жәрдем бергіл, қырық шілтен, Ғаусыл ағзам, Қызыр, Ілияс» деп рухани күштерден қол жайып жәрдем сұрайды [7. 171 бет]. Яғни, Көрұғлы жырында Қызыр мен Ілияс пайғамбардың өлместің суын ішуі туралы мотив болмағанымен, олардан медет тілеу, көмек сұрау, қадір тұтушылық атрибуттары бар.

Ескендір Зұлқарнайын туралы тараған аңыздардың бірінде Филип патшаның баласы болмай, баласыздық зарын тартады. Филип бір дін адамына: «Менің әйелім бала көтермесе сені өлтірем», - деп қорқытады. Әлгі діндар: «Кешке сарайыңның есік-терезесін ашып қою. Бір бүркіт бейнесіндегі әруақ келіп әйеліңді емдейді»», - дейді. Сонымен ымырт  түсісімен әлгі діндар бүркіт бейнесінде келіп, Филиптің әйелімен болып, содан Филиптің әйелі жүкті болады. Одан туған бала Ескендір Зұлқарнайын болатын. Кейін Ескендір Зұлқарнайын патша болған кезінде өзінің ойнастан туғанын біліп, әлгі діндарды тауып алып, өлтірткізеді [8. 762-766 б].

Дәл осыған ұқсас патшаның өз әкесінің баласы болмай шығатын сюжет Көрұғлы жырының Р.Мазхожаев және Ә.Жүргенбаев нұсқаларында ұшырасады. Бірақ, бұл нұсқаларда патша әке-шешесінің ойнас жасауынан өмірге келмейді. Шағдат патшаның шешесі бедеу болып, бала көтермейді. Осы кезде патша сарайында Бағдаттан келген наубай мен оның әйелі өліп, артында қалған үш жасар ұлын баласыздық зарын тартқан Шағдаттың әкесі мен шешесі асырап алады. Патша өлгеннен кейін Шағдат қызылбас елінің мұрагер патшасы атанады. Шағдат патша болып тұрғанда өзінің тексіз тұқымнан екенін Раушанбектен естіп білгенде, қаһарланып оның екі көзін ойып алады [7. 46-51 б].

Абай батыс және шығыс өркениетімен сусындаған дәстүрлі қазақ мәдениетінің ірі өкілі. Яғни, Абайдың дүниетанымына қазақтың жыр-дастандары мен шешендік өнері әсер етумен бірге орыс пен араб және парсы қайнар-көздерінің де ықпалы болған. Көрұғлыны қазақ даласында кеңінен жырлаған Жамбыл және Майлықожа секілді ақындары Абай өмір сүрген дәуірдің өкілдері. Демек, Абайдың Майлықожа мен Жамбыл және өзгеде жыршылар жырлаған Көрұғлыны естімеуі мүмкін емес. Сондықтан, Абайдың «Ескендір» поэмасы мен «Көрұғлы» жырының белгілі-бір сюжеттік ұқсастығы бар екеніне күман келтірмейміз.

 

Cілтемелер:

 1. Құрани-керим ве түркше ашыкламалы меалі. Сууд арабистан корольдігі. Мәдина 1992.

2. Сейіт Қасқабасов. Елзерде. «Жібек жолы». Алматы. 2008

3. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Алматы. «Жазушы». 2002

4. Пертеу Найли. Көрұғлы дастаны. Ыстанбул. Евкат баспасы. 1931 жыл.

5. Үш Қиян газеті. 11.06.20009.

6. Өмер Насухи Билмен. Үлкен ислам илмихалы. Акшағ баспасы. Анкара.

7. Бабалар сөзі. І том Фолиант баспасы. Алматы 2008.

8. Түрік Дүниесі. Тіл және Әдебиет журналы. № 6. 1998.

Пікір жазу