Іздеу
Сәуір 24, 2017
  • :
  • :

Исмаил Гаспринский және қазақ қаламгерлері

Исмаил Гаспринский және қазақ қаламгерлері

Он тоғызыншы ғасырдың соңында әл-Курсави мен әл-Маржаниден тәлім алған Исмаил Гаспринский күллі Ресей мұсылмандарын оқу-білімге шақырып, «ұйықтап» жатқан халықты оятуға тырысты. Ол түркі халықтарының арасынан бірнеше оқу орындарында оқығандардың бірі болды. Білімі мен білігін Ресей мұсылмандарына үйретуге бар күш-жігерін жұмсаған кемеңгер тұлға еді.

Алаш көсемі Ә.Бөкейхан былай жазады: «Исмағил мырза Мұс­тафаұғлы Қырымда 1851 жылы Гас­пра деген ауылда туған. Гаспринский деген фамилия содан қалған. Ата-анасы бұрынғы Қырым хандары нәсілінен келген ханзада балалары болған».

И.Гаспринский күллі түркі жұртына, оның ішінде қазақ халқына да кеңінен танымал болды. 1881 жылы Ресей өкіметінің орыстандыру саясатын, білім беру жүйесін сынға алып, Ресей империясы мұсылмандарының рухани өсуіне мүмкіндік беруді талап еткен «Орыс мұсылмандығы» еңбегін жариялады.

Мұсылмандық мектептер мен медреселерде оқытудың мазмұнын, әдістерін жетілдіруді жақтап, оларға діни сабақтармен қатар математика, география, тарих, биология секілді пәндердің оқытылу қажеттігін насихаттады. Араб әліпбиінің дыбыстық естілу ерекшеліктеріне қарай түркі халықтарының тіліне лайықталуы керектігін айтты. Араб әліппесін дыбыстап үйретуді қолға алды. «Усул жәдид» деп аталатын жаңаша оқыту әдісімен мұғалім болып шәкірттер оқытты. Ресей империясындағы мұсылман түріктерінің артта қалуын жою, қараңғылықтан шығарып, бір-бірін жақындастырып, біріктіру үшін ортақ білім беру жүйесін ұсынды.

Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұрсынұлы «Қазақша сөз жазу­шыларға» атты мақаласында: «Егер де Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Азбаған асыл тілден емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек.

Ақтығында айтатыным: бұл күнде жазылып жатқан кітаптарда, газеттерде, журналдарда қазақ тілінде болсын, татар тілінде болсын анықталған қағидалы емле деп айтуға да жол жоқ. Тұтынып жүрген емлеміз сап түзеген солдаттардай болғанша, мұн­дай сөзді қозғау түзелуімізге себеп болады» дейді.

И.Гаспринский 1883 жылы 10 сәуірден бастап «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұранмен «Тәржіман» газетін шығарады. Ол туралы Ә.Бөкейхан: «Исмағил мырза «Тәржіманды» өзі жазған, баспаханада харіпті өзі терген, машинада өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіманның» бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған» деп оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін жазады.
Белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы былай дейді: «Патша өкіметі тарапынан жаңа көзқарас қатаң бақылауға алынып отырған шақта жалғыз қайраткердің осыншама батыл істерді үзбей жүргізуі үшін тәуекелшілдік қана емес, терең білім, сындарлы ой, көркем сабыр, ақ-адал жүрек қажет болса, ол қасиетті құдай И.Гаспринскийге дарытқан еді».

«Тәржіманда» қазақ халқының мәдениеті мен тарихына, экономикасына қатысты көптеген материалдар жарияланды. «Қазақтар», «Торғай һәм Орал облыстарындағы қазақтардың жағдайы», «Орыс қоныстанушылары мен жергілікті қазақтардың құқы», «Қазақтар және отарлау саясаты», «Тұтас халықтың қырғыны» сынды мақалалары Гаспринскийдің қазақ халқының тағдырына бауырластық жанашырлықпен қарағанын танытады.

М.Дулатов «Исмағил Ғас­принскийдің айтқан сөзі» мақа­ласында былай деп жазады: «Тәр­жіман» газетінің мұхәррирі машһүр Исмағил Гаспринский жәнәбләрі біздің қазақ халқына жаны ашып, өзінің газетасының 1909 жылғы 46-нөмірінде төмендегі сөздерді жазған. Кейбір түсінуге ауыр лұғатларын (сөздерін) қазақша етіп жаздым…

Келсе сабан – бітер шобан, жетсе заман – үйіріміз аман. Аральскийден Ақмолаға шейін һәм онан да ары Ташкенттен Алматыға уә Семипалатқа кәдәр, яғни Руссиядан қазақ іштеріне Түркістаннан Сібірге шейін темір жолдар салынуы мізакирә етіліп жатыр. Шәһәрде тұратұғын халықтар, хсусан саудагерлер һәм үкімет те осылайша болуын ұнатады.

Олай болғанда бес-он жылдың ішінде темір жолдар тартылып, отарбалар, вагондар қазақ даласының басынан кіріп, аяғына шығашықдыр».
Темір жолдар салынса, сатушы, алушы, жер алу үшін хохолдар ағылып келеді, малдың, жердің, судың бағасы көтеріліп, қазақтың жақсы жерлеріне мұжықтар орнығып, қазақтар шөл далаға шығып кете ме деп алаңдайды.

«Қазақтар атамекен жерлерін, қыстау, егіндіктерін сақтасын. Бұрынғы көп жерінен айрылып қалғандары өздерінің қазіргі сыбағасына тиген жерлерін тәрбиелеп, ноғай, сарт, орыстарша егін салсын. Неге десеңіз, бұл заманда байлық аяқты малда емес, егінде қалды» деп егін егуге шақырады. Қырым халқының да қазақ секілді мал асырап, көшіп жүргенін, кейін орыс, немістер егін салып, қала қылғасын мал өрісі тарылып, жойылғанын жазады.

Исмаил Гаспринский қазақ халқын отырықшылыққа шақырып, жерге ие болуды ескертеді. Бұл ісінен оның ұлтты бөліп-жармай, барлығына тең қарағанын байқаймыз. Осындай асыл азаматтың өлімі түркі жұртымен қатар қазақ халқының да қабырғасын қайыстырып кетті. Бірнеше алаш зиялылары Гаспринскийдің дүниеден озуына байланысты қазанамалар жазып, газет беттерінде жариялады.

«Қазақ» газетінің 1914 жылдың 16 қыркүйегіндегі №78 санында М.Дулатовтың «Ғаспринский офаты» деген мақаласы жарық көреді. «Қырымда Бақшасарай шаһарынан 12 сентиабрде «Исмағил бек Ғаспринский офат, бүгін жамбасы жерге тиеді» деген қайғылы хабар келді. Бұл өкінішті хабар жалғыз Оренбургта ғана емес, бүтін Русиа мұсылмандары арасына, оннан аса бүтін дүние мұсылмандары арасына тарады. Бұл хабарды естіген адамның көңілі қайғы, көзі жасқа толды. Русиадағы күллі мұсылман халқы бүгін өздерінің мағнауи атасы дәрежесінде болған ұстаздарынан айырылып, жетім қалып отыр. Бүгін күллі түрік қауымдары қараңғыда жарық болған жолбасшысынан айырылып, дағдарғандай түрі бар. Русиа мұсылмандарының басына неше түрлі ауыр күндер туғанда өздеріне тұлға болған бас қалқасын ақырет сапарына жөнелтіп, қабырғасы қайысып отыр» деп оның әліппе жазып, мектеп ашып, мұғалім болғанын жазса, «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералин «Жуырда орны толмастай өлім» мақаласында «Осы сентябрь жұлдызының 11-і, бейсенбі күні Бақшасарай шаһарында бүкіл мұсылман дүниясында аты мәшһүр «Тәржіман» газетасының басқарушысы һәм бастырушысы И.Гаспринский 65 жасында қайтып, жұма күні 12 сентябрьде көр иесі болды. 35 жылдан бермен қарай бүкіл Русие мұсылмандарына жолбасшы болып, ғылым шырағын қолына алып, жұрттың жүрер жолын жарық қылып келе жатқан бір данамыздан, бір маңғаз серкемізден айырылдық. Күні кеше жұрт қамы үшін қайғырып жүрген бір Асан қайғымыз арамыздан жоғалды. Күні кеше бар еді, бүгін жоқ болды, топырақ астына кірді. Бұл өлім – жуырда орны толмастай бір өлім» деп қатты қайғырады.

Ал, алаш қайраткерлерінің бірі Хайретдин Болғанбай «Жылдар түгіл, ғасырлар өтсе де ұлт баласының жүрегінен жойылмайтын бір қазаға біздің Русиядағы түрік тұқымы душар болды. Сол күні ұлтымыздың кемеңгер атасы, көсемі, ардақты Исмағилбек біздің арамыздан мәңгілік жайына қайтты. Неше миллиондаған түрік балаларын артына жетім қалдырды. Бұл хабардың Русиядағы бүкіл түрік-татар жұртына қаншалық батқаны уақытында матбуғат жүзінде жайылған қайғылы мақалалардан көруге болады. Русияның һәр тарапына газета басқармаларына келген сансыз телегірем бұл қазаның жалпы болғанын көрсетті. Мызғымас атамыздан айырылдық, қайыспас қорғанымыз құлады деп көздің жасын көл қылып жазған мақалалармен матбуғат жүзі толды» деп жазады. Күллі Ресей мұсылмандарына қорған, ақылшы болған Гаспринский өлімі тек қазақ халқына ғана емес, сонымен қатар, басқа да мұсылман халықтарға ауыр соққы болғанын байқаймыз.

Исмаил Гаспринскийді қазақ қайраткерлері өздеріне ұстаз тұтты. Шәкәрім Құдайбердіұлы И.Гаспринскийді өзіне ұстаз тұтқанын «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегінде «Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла екі дүниеде мақсатына жеткізсін, әмин» деп атап өтсе, М.Сералин «Русие қол астына қараған 20 миллион мұсылмандардың оқымыстыларының барлығына Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол марқұмды білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді… Біздер Исмағилбек арқасында өзімізді тани бастадық, дүнияда қандай ғылым, қандай хабар, барлығын көре бастадық, бұрынғы өтіп кеткен аталарымыздың қандай хабарлы екендігін біле бастадық. Жеңіл тәртіппенен оқытудың пайдалы екендігіне өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді. Сөйтіп ол марқұм біздің мәшһүр ұстазымыз… мәшһүр атамыз болды. Соның үшін оны еш заманда ұмытатын емеспіз. Біздің жұрт жұрт болып тұрғанда Гаспринский есімі өлсе де, рухы бізбенен бірге болашақ» деп оның есімінің қазақ халқы тұрғанда ешқашан ұмытылмайтынын жазады.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
магистранты

http://kultobe.kz/?p=6511




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir