Іздеу
Сәуір 24, 2017
  • :
  • :

Жаһандану дәуіріндегі түркі әлемі (Әлеуметтік-тілдік сараптама)

Жаһандану дәуіріндегі түркі әлемі (Әлеуметтік-тілдік сараптама)

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Тілдері фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жағынан бір-біріне жақын, ұқсас, туыстас түркі әлемі Тынық мұхитынан Атлант мұхитына дейінгі аралықта созылып жатыр.  Қазір  түркі әлемінде  40-тай (кейбір зерттеушілер – 25, енді біреулері – 49 деп, көрсетеді) тілде сөйлейтін 200 миллиондай адам өмір сүріп жатыр. Түркі әлемінің тілдік көрінісін көру үшін алдымен, цифрларға сөз берейік. Сол 200 миллион халықтың 40 пайыздайы бір, 70 пайыздайы 6 тілде де қалған 30 пайызы 34 тілде сөйлейді екен. Халқының саны жағынан алғашқы ондықты  80 млн. түрік, 35 млн. әзірбайжан, 30 млн. өзбек, 12 млн. қазақ, 9 млн. ұйғыр, 7 млн. түркімен, 6,5 млн. татар, 4,5 млн. қырғыз, 2,2 млн. башқұрт, 1,5 млн. қашқай тілдері құрайды. Саны ең азы – 2 500 адамдық шұлым, 5 000 адам сөйлейтін долған және жұғыр,  7 000 адамнан тұратын айну    тілдері. Қарайым мен тофа тілдерін бірде есепке алып, енді бірде өлі тілге жатқызып жүр.

 

Қырықтай тіл дегенімізбен, бұлардың түбі бір, бір-бірімен түсінісе алатындай жақын; көршілері өзара сөйлескенде, еркін ұғыныса алады да, тұрағы қашықтаған сайын түрлі жағдайлардың әсерінен болған айырмашылықтар сезіле бастайды. Сол жақын-қашықтығына қарай түркі тілдері негізінен қыпшақ, оғыз, ұйғыр, Сібір топтарына бөлінеді. Бұларға Ресейде тұратын 2 миллиондай халқы бар шуаштар мен Ирандағы 42 мыңдай Һалаж қосылмайды. Осылардың ішінде қазақ, әзірбайжан, қырғыз, өзбек, түрік, түркімен ұлттары өздерінің мемлекеттігін құрып, тілдеріне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, дамуына жан-жақты жағдайлар жасап отыр. Мемлекеттік тұрғыдан қорғалып отырған бұл тілдерге дәл қазір төніп тұрған қауіптің жолы біршама жабық деуге болады.

Ал екінші топқа  алтай, башқұрт, балқар, қарашай, құмық, саха, татар, тыуа, ұйғыр, шуаш, хақас тілдері жатады. Бұл халықтардың ұлттық тәуелсіздігі жоқ, сондықтан да тілдерінің тіршілік еркіндігі шектеулі. Ресей мен Қытайдың құрамындағы бұл елдердің саяси хұқы автономиямен шектеліп, тілдеріне жергілікті ресми тіл дәрежесі берілген. Бұл тілдер жергілікті автономиялық облыс, аудан аумағында ғана, онда да сол мемлекеттің мемлекеттік тіліне қосымша ретінде ғана қолданылады.

Ресми тіл болғанымен де бұл топтағы тілдердің болашағы жарқырап тұрған жоқ; тіпті оның дамуына кедергілер, қыспақтар көбеюде. Ресми жағынан тіл еркіндігіне қарамастан іс жүзінде  қоғамдық өмірде қолданылу аясы тарыла түсуде. Осындай жағдайлардың салдарынан аз санды халықтар түгілі,  8 миллиондай татар мен 3 миллионнан астам башқұрт халықтары да ұлттық даму жағынан қысым көріп жатыр.

«Бүгінде Ресей Федерациясының құрамындағы автономиялық республикалардың ана тілінің жағдайы мәз емес. Жалпы бүгінге дейін Ресей Федерациясының құрамында болған ұлттардың біразы фузиялық әрекеттің құрбаны болды. Ең алдымен тілі, ділі, діні жоғалып, кейіннен ұлттың өзін толығымен сіңіріп жіберді. Ендігі кезек татар мен башқұртқа келген секілді. Қазіргі кезде башқұрт, татар ұлттары өз ана тілін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Бұл ұлттардың зиялы қауымының күн тәртібіне қойып отырған мәселесі – ана тілдерінің қолданыс аясын барынша кеңейту, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ана тілін үйрету. Олар ана тілін сонау балабақшадан бастап дамытып, оны қарапайым кітап шығарудан бастауды, кешкі тегін тіл курстарын ұйымдастыруды, телеарналарды барынша ана тілінде сөйлетуді қолға алу керектігін ескертті. Алайда тіл мәселесіне келген кезде кейбір татар журналистерінің бір мәмілеге келе алмай жатқан тұстары да бар. Оған себеп: мектеп қабырғасын бітірген түлектің өз ана тіліне емес, өзге тілге мұқтаждығының басым болуы. Егер университетке тапсырғанда, біріншіден, орыс тілінен, екіншіден, математика секілді пәндерден орысша емтихан тапсыру міндетті болғандықтан, татар тілінің қажеті аз деген сауал қояды. Осы мәселені шешу жөнініде Ресей өкіметіне арнайы хат жолдап, ЖОО-ға түсу үшін талапкерлерге ерік беруін, таңдау хұқығын алдыға шығаруды, өз ана тілдерінде емтихан тапсыруды сұрамақшы» (Татар, башқұрттардың ана тілі үшін жанталасы. «Қазақстан-Заман», 28.02.2013). Бұл жолдардан татар, башқұрт тілдерінің бүгінгі хал-жағдайы, тыныс-тіршілігі  анық көрінеді.

Ал автономиялы шуаштардың ұлттық жағдайы сын көтермейді. Патшалы Ресей кезінде күшпен жаппай шоқындырылып, христиан дінін қабылдаған халықтың ана тілі тек ауылдағы аға буынның ғана тіліне айналған. Мектептегі оқудың, барлық іс-қағаздарының, ресми жиындардың  орыс тілінде жүруі салдарынан, яғни өмірлік қажеттілігі жоқтықтан шуаштардың бүгінгі ұрпағы ана тілінен айрылып қалған.  Жағдай осылай жалғаса беретін болса, енді екі, үш ұрпақтан соң шуаш тілінде сөйлейтін адамды табудың өзі қиынға айналуы мүмкін.

Ресейдің құрамында автономиялы республика саналатын Якутияда миллионға жуық  халық тұратын болса, соның 462 492-сі, яғни жарымы – сахалар. Жеріне бес Франция сыйып кететіндей ұлан-ғайыр, табиғаты қатал  өңірде тұрып жатқан сахалар сан жағынан аздап өсіп жатқанымен де тілінің қолданылу аясы тарылып бара жатыр. Түркі тектес халықтардан қашықта, оның үстіне христиандық мәдениеттің аясында өмір сүріп жатқандықтан да ұлттық болмысының түркілік сыпаты кеми түскен.

Негізінен Қытайда (8,2 млн), Қырғызстанда (500 млн), Қазақстанда (300 млн) өмір сүріп жатқан жалпы саны 9 миллионнан асатын ұйғырлардың да тілдік жағынан дамуы ойдағыдай емес. Негізгі диаспорасы Шығыс Түркістанда тұратын ұйғырлардың ресми түрде автономиялық хұқы бар болғанымен де өлкеде қытайлардың үлесі салмағы жергілікті ұлттан көп болғандықтан да ұйғыр тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдануға келгенде, белгілі бір қиындықтар туындап отыр. Мұның аяғы кей кездерде ушығып, қарулы қақтығыстарға да апарып соқтырды. Ал Қазақстанда ұйғырларға біршама жағдайлар жасалынған; автономиялы ауданы бар, мектептерінде оқу ана тілінде жүреді, мәдени дамуына көңіл бөлінген.

Жоғарыдағылармен салыстырғанда, Өзбекстанның құрамына кіретін 400 мыңнан асатын қарақалпақтардың жағдайы мүлдем өзгеше. Өзбек тілінің де қарақалпақ тілі секілді түркі тілдері тобына жатуы бұлардың арақатынасында агрессияшылдық туғызбай, керісінше бір бағытта үйлесімді дамуына жағдай жасауда. Мұның өзі екі тілдің көбіне жат сөздермен емес, бірінде жоқ болса, екіншісінде  бар түбірі ортақ сөздермен толығып, түркілік негізде жақындаса түсуіне мүмкіндіктер беріп отыр.

Алтай, балқар, қарашай, құмық, тыуа, хахас халықтары Ресейдің құрамында ұлттық автономия мәртебесінде өмір сүріп жатқанымен де саны бар да көпшілігі өз тілінде сөйлемейтін, ұлттық болмысы әлсіреген халықтарға айналып барады. Мемлекеттік мәртебедегі орыс тілінің тықсыруымен басқа аз халықтардың тілдері тұрмыстық деңгейде ғана қалып, мектептегі, жоғары оқу орындарындағы  оқудан бастап, қоғамдық, саяси, ғылыми, экономикалық өмірдің барлық саласында дерлік  қолданылудан шығып қалуы олардың тамырына балта шапқанмен бірдей болып отыр. Ұлттық автономия аясында ұлттық тілдерді дамытуға арналған түрлі шаралар қолға алынып жатса да онда тіл дамуының басты мәселесі шешілмегендіктен де оң нәтижелер беріп жатқаны жоқ; керісінше аз ұлттардың тілдік дамуының  құлдырауы күшейе түсуде.   Мысалы, 75 мыңнан асатын алтайлықтардың шамамен 2 пайыздайы ғана ана тілінде сөйлей алады. Дағыстанға кіретін 500 мыңдай құмықтың, бірі шеркестермен, енді бірі кабардиндермен қосылып, автономия құрған 250 мың қарашай-балқардың, 65 мыңдай хахастың, 260 мың тыуаның тілдік жағдайлары да осы деңгейден алыс емес.

«Жалпы Ресей мемлекетінде тіл жағдайы аса мәз емес. Ғылыми негізде әлем тілдері пайдаланылу дәрежесіне қарай 6 топқа топтастырылатынын ескерсек, Ресейдің қолданыстағы тілдерінің «қауіпсіздер» тобына орыс, татар, украин, «жоғалуы мүмкін» деген болжам қатарына 20, «өте қауіптілерге» 29, «нашар жағдайдағыларға» 22, ал «жоғалғандар» санатына 20 тіл жатады» (А. Құлтай. Қазақ тілінің қауқары қандай? «Жас қазақ үні», 29.03.2011-04.04.2011).

Қырықтай түркі тілдерінің ішінде алтауының  ғана мемлекеттік тіл, он екісінің  мемлекет ішіндегі автономиялық тіл мәртебесі бар болса, мұның өзі мүмкіндігіне, заңдық күшіне орай сол тілдердің қалыпты өмір сүруін әрқалай қамтамасыз етіп отырса, қалғандарын қорғансыз тілдер қатарына жатқызуға болады. Бұлардың кейбіреулерінің әлсірегені соншалық, сол тілде сөйлейтін санаулы адамдар ғана қалған. Мысалы, қарайым тілінде Литвада 20, Украинада 10, Польшада 10 адам ғана сөйлейді. Осы қырықтай адам өмірден өтсе, қарайым тілі де өледі. Демек, қарайым тілі қазір хал үстінде. Мұның өзі ертеңгі күні қарайым тілі ғана емес, сол тілде сөйлеген тұтас бір халық, яғни бір кездері Еуразияның Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейінгі аралығында ат ойнатып, билік жүргізген көк түрік ұрпақтарының бір әулеті,  сол тілде жасалынған тұтас бір рухани әлем де бұл өмірмен қоштасады деген сөз.

Қарайым тілі сияқты Иранда тұратын 7 мыңдай айналлы, Қытайдағы 5 мың жұғыр мен 7 мың айну, Ресейдегі 5 мыңдай долған, 2 жарым мыңдай шұлым, 10 мыңдай шор тілдеріне де қауіптің қара бұлты үйіріліп тұр.  Ал   тофа тілін ғалымдар қазірдің өзінде-ақ өлі тілге жатқызып қойған.

Украинада (200 000), Өзбекстанда (190 000), Қырғызстанда (40 000) тұратын 500 мыңдай қырым татарының, Молдавияда (170 000), Балқанда (130 000), Украинада (20 000),  Болгарияда  (10 000), жалпы саны 330 мыңдай гагауыздың, Ирандағы 400 мың хорасанның, 1,5 миллиондай қашқайдың, 42 мың һалаждың,  Ауғанстандағы 300 мыңдай афшардың, Қытайдағы 55 мың салардың, Солтүстік Кавказдағы 70 мыңдай ноғайдың ресми түрде тәуелсіздіктері болмағандықтан да ұлт ретінде даму мүмкіндіктері шектеулі қалпында қалып отыр. Мұның өзі олардың тілдерін өмір сүріп отырған мемлекеттеріндегі ресми тілдердің қысымына ұшыратып, қолданылу аясын тарылта түсуде.

Өмірде мәңгілік ешнәрсе жоқ, бәрі де – өткінші. Сол сияқты ұлт та, тіл де мәңгілік емес. Тіл де өмір заңдарына сәйкес пайда болып, өсіп-өркендеп, әлсіреп, жоғалып, немесе басқа тілге айналып отырады. Кейбір зерттеушілердің анықтауынша, тіл орта есеппен бір жарым мың жыл жасайды екен. Міне, осы тұрғыдан келіп, ғалымдар түркі халықтарының тарихында бұлғар, ғұн, хазар, абар, көне түркі, айни, шағатай, құман, қыпшақ, печенег, ежелгі татар, қырымлы, османлы тілдері болды деп, бұларды өлі тілдерге жатқызып жүр.

Бәсекелестікке негізделген қоғамдық өмірдің даму заңы аса қатал, оған ешкім қарсы шыға алмайды  десек те, мынадай жағдайларға назар аударған жөн секілді. Өмірге келген әрбір адамның өмір сүруге хұқы бар, одан оны бір алладан басқа ешкімнің айыруға хақы жоқ. Сол сияқты сол адамдардан тұратын ұлттар мен  сол ұлттағы адамдар сөйлейтін тілдер де өмір сүруге  хұқылы. Тіл майданында жүріп жатқан мәңгілік  майданды ешкім тоқтата алмайды, оған ешкім де қарсы емес. Қарсылық осы бәсекелестік барысында жасанды түрде опасыздықпен қолдан жасалынған кедергілерден, зұлымдықпен қасақана  істелінген қастандықтардан, арам ниетпен қазылған орлардан,  жалпы жеке дара билеп төстеушілікке  ұмтылған тілдердің өктемдігінен туындайды.

Жоғарыда біз қарастырып өткен кейбір түркі тілдерінің мүшкіл халі ең алдымен, олардың өздерін заманға орай, ұлт ретінде сақтап, қорғап, қоғамдық дамуға ілесе алмағандықтарынан, шамалары келмегендіктерінен,  ең бастысы бәсекелестікке төтеп бере білмеген қабілетсіздіктерінен десек те көпшілігі түрлі саяси озбырлықтардың салдарынан екендігі  де анық.

Десек те салмақтың ауыры сол ұлттың өзіне түседі. Тілді сақтай білу негізінен сол тілде сөйлейтіндердің санына емес, сапасына, яғни ұлттық сана-сезімінің қаншалықты дәрежеде екендігіне байланыстылығын өмір көрсетіп отыр. Халқының саны миллионнан сәл-ақ асатын эстон, латыш, литовтардың өздерінің тілдерін көзінің қарашығындай сақтап, еш тілден кем қылмай мәпелеп отырғаны – бұл айтқандарымызға дәлел.

Ал ұлттық сана, ұлттық  рух  күшті болса, оның алмайтын қамалы жоқтығын еврейлер әлемге паш етті. Олар өліп қалған иврит тілін он тоғыз ғасырдан соң қайта тірілтіп, Израильдің  мемлекеттік тіліне айналдырды. Иврит тілін жандандыруды профессор Бен-Иехуде 1881 жылы қолға алып, бұл тілді алдымен балаларына оқытудан бастап, содан кейін өзгелерге насихаттап, нәтижесінде жаппай үйрену басталды.   ХХ ғасырдың басында санаулы-ақ адам сөйлеген иврит тілі 1918 жылы еврей халқының 40 пайызының ана тіліне, 1921 жылы ағылшын, араб тілдерімен бірге Палестинаның ресми тіліне айналды. 1949 жылы Израиль мемлекеті құрылғанда, оның мемлекеттік тілі болып жарияланды. Қазір Израильде бар тіршілік иврит тілінде тыныстап тұр. Мемлекеттік тілді білмеген адам ол елде өмір сүрмек түгілі,  азаматығын да  ала алмайды. Иврит тілі әлемнің 500-ден астам университетінде шет тілі ретінде оқытылады.

Қазір бүкіл әлемде табиғатты қорғау қозғалысы өріс алуда. Мұның мәні – табиғатқа біліп, немесе білместікпен жасалынған зиянкестіктердің салдарынан құрып бара жатқан  фауна мен флораны сақтап қалу. Қозғалыс қазір бүкіләлемдік қолдауға ие болып, жер-жерлерде тұқымы құрып бара жатқан аңдар мен өсімдіктерді жойылып кетуден құтқару, сақтау үшін оларға барлық жағдайлар жасалынуда. Олардың аттары «Қызыл кітапқа» жазылып, мұны орындау әрбір адамның азаматтық парызына айналып отыр. Сонда аң-құсқа, өсімдіктерге, ескінің көзі тарихи ескерткіштерге жасалынып жатқан қамқорлық неге адам баласына, сол адамдардан тұратын аз ұлттарға, олардың тіліне жасалынбайды деген сауалдардың туындауы да заңды.

Табиғат жер бедерімен, сол жер бетінде жайқалып өсіп тұрған қызылды-жасылды құлпырып тұрған көгеріш көрпесімен, тау-тастың, орман-тоғайдың арасында, өзен-көлдің жағасында мыңғырып жатқан аң-құсымен, малымен  сұлу болса, адамзат қоғамы да сол жер-ананың үстінде өмір сүріп, түрлі тілде ойлап, сөйлеп, ән салып, той тойлап, өзінше тіршілік жасап, тату-тәтті   ғұмыр кешіп жатқан әр түрлі ұлттарымен – көркем.

Ауруды емдейді. Қоғамдық, әлеуметтік теңсіздіктер салдарынан ауыр халге түскен тілдерге қол ұшын созып, қоғамдық кеселдерге қарсы шара қолданса, олардың  сауығып, табиғи даму жолына түсіп кетері анық.  Бұлай істеу – ХХ1 ғасырда демократиялық жолмен  әділетті қоғам орнатамыз деп жатқан адамзат қоғамына – үлкен сын.

 




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir