Іздеу
Тамыз 6, 2020
  • :
  • :

Адамзаттың Айтматовы (12.12.1928-10.06.2008)

Адамзаттың Айтматовы (12.12.1928-10.06.2008)

Дандай  Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әлем әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі, «Адамзаттың Айтматовы» атанған  қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы желтоқсан айының 12-сі күні Қырғыз Республикасы Талас өңірінің Шекер ауылында белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Төреқұл Айтматовтың отбасында өмірге келген. Әкесі 1937 жылы жазықсыз жазалауға ұшыраған Шыңғыс әжесінің қолында тәрбиеленеді. Жастайынан «халық жауының» баласы атанып, жетімдіктің, жоқшылықтың зардабын көп тартады.

Сегізінші сыныптан соң, Жамбыл (Луговой) зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын (1948), Қырғыз ауылшаруашылық институтын (1953), Мәскеудегі Жоғары Әдебиет курсын (1956-1958) бітірген. Жамбыл облысының Талас ауданындағы  Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник (1953-1956), «Литературный Киргизстан» журналының редакторы (1959-1960), «Правда» газетінің Қырғызстандағы тілшісі (1960-1965), Қырғызстан Кинематографистер Одағының төрағасы (1965-1985), Қырғызстан Жазушылар Одағының төрағасы (1986-1988), «Иностранная литература» журналының бас редакторы (1988-1990), КСРО-ның, соңынан Ресейдің Люксембургтегі елшісі (1990-1994), 1994 жылдан Қырғызстанның Бельгия, Нидерландия, Люксембург елдеріндегі елшісі, ЮНЕСКО-дағы өкілі қызметтерін атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақстандағы БТА-банк Директорлар Кеңесінің мүшесі болды.

Жазушының тырнақалды туындысы «Әшім» 1952 жылы 24 жасында жарық көрді. Айтматовтың атын  шығарып, атағын асырған - М. Әуезовтің алғысөзімен «Новый мир» журналында жарияланған «Жәмила» (1958) повесі. «Оның «Жәмиласы» ХХ ғасыр әдебиетінде бір кездегі Шыңғысхан жорығындай төтен оқиға болған еді» (Ә. Кекілбаев). Әр жылдарда жазылған «Аспалы көпір» (1956), «Бетпе-бет» (1957), «Шынарым менің, шырайлым менің» (1960), «Алғашқы ұстаз» (1962), «Құс жолы» (1963), «Қош бол, Гүлсары» (1967), «Ертегіден соң» (1970), «Ақ кеме» (1970), «Ерте қайтқан тырналар» (1975), «Боранды бекет» (1980), «Жанпида» (1986), «Кассандра таңбасы» (1995), «Құз басындағы аңшының зары» (1997, М. Шахановпен бірге),  «Таулар құлағанда» (2007), т. б. шығармалары арқылы Ш. Айтматов қырғыз халқының ұлттық тыныс-тіршілігін, арман-аңсарларын, дүниетанымын адамзаттық  философиямен ұштастыра бейнелеп, түркілік, одан қалды әлемдік әдебиеттің көркемдік көкжиегін кеңейте түсті. Сөйтіп, қырғыз Алатауынан жарқ етіп шыққан Шыңғыс Айтматов өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовтермен бірге ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиеттегі түркілік әдеби ренессансты әйгілеген тұтас бір дәуірді жасады. Шыңғыстың шығармалары әлемнің 100-ден астам тілдеріне, оның ішінде ағылшын, араб, француз, неміс, жапон, парсы, түрік тілдерімен бірге қазақшаға да түгелдей  аударылған.

Шыңғыстың прозаның шағын жанрларында көрінген алғашқы шығармаларында адам жанының құпия сырлары шынайы суреттелсе, кейінгі кесек-кесек туындылары өмір қатпарларын тұтасымен қопарған  роман жанрына  қарай біржола ойысқандығын байқатады. Жазушының соңғы романдары қоғамдық өмірдің сан қырлы жақтарына үңіліп, оның ішкі сырларын ашуға ұмтылысымен, көтерген әлеуметтік мәселелерінің көкейкестілігімен, философиялық ой тереңдігімен, көркемдік қатпарларының қалыңдығымен  ерекшеленеді. «Ақ кеме» шыққанда, повестің негізгі идеясы, әлеуметтік астарлары, оны көркемдікпен бейнелеу құралдары жайлы болған қызу пікіралысулар бірнеше жылдарға созылды.

Оқырманының ойынан шыға білген    Ш. Айтматовтың қаламынан туындаған әрбір шығармасының шығуы мәдени өмірде айтулы оқиға, әдеби құбылыс болды. Жазушы «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Алғашқы мұғалім», «Ана – Жер Ана» повестері енген «Тау мен дала хикаясы» үшін 1963 жылы 33 жасында сол кездегі ең жоғарғы марапат Лениндік сыйлықтың лауреаты атағын  алды. Одан кейін «Қош бол, Гүлсары», «Ерте қайтқан тырналар», «Боранды бекет» үшін үш мәрте (1968, 1977, 1983) КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмір жолы қазақ топырағымен тікелей байланысты десек те болады. Жазушының туып-өскен жері қазақтың Жуалысымен қоныстас, ес білгенде, аулынан алғаш рет аттап шыққанда, көргені қазақ жері, қазақ аулы  болғандықтан да оның шығармаларында қазақ тақырыбы ерекше көрініс береді. Шыңғыстың қаламгер ретінде де, азамат ретінде де қалыптасуына қазақ жері, қазақ елі айтарлықтай әсер етті. Кейбір зерттеушілердің анықтауынша, Шыңғыс шығармаларында  оқиғаларының 70 пайыздайы қазақ даласында өтеді екен.

Жазушының балалық шағында басталған қазақ елімен, жерімен байланыстары кейіннен шығармашылық, достық қарым-қатынастарға ұласты. Кезінде М. Әуезов пен                      Ш. Айтматовтың ағалы-інілік, достық сыйластығы жалғасып,              З. Қабдолов, Қ. Нұрмаханов, Т. Ахтанов, Қ. Мұхамеджанов,             С. Бердіқұлов, А. Сүлейменов, Ш. Мұртаза. М. Шаханов,              Ә. Кекілбаев, Н. Оразалин сынды қазақ қаламгерлері Шыңғыспен туыстардай аралас-құралас болып кетті. Осындай шынайы достыққа негізделген шығармашылық қарым-қатынастардың барысында Ш. Айтматов пен қазақ қаламгерлері бірігіп жазған тамаша туындылар өмірге келді.

Шыңғыстың «Ана-Жер Ана» туындысын Әзірбайжан Мәмбетов 1964 жылы М. Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасына шығарды. Сахналық қойылымның бас режиссері Ә. Мәмбетовке, басты рольдерді ойнаған Сәбира Майқанова мен Бикен Римоваға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ә. Мәмбетов «Ғасырдан да ұзақ күнді» 1983 жылы М. Әуезов атындағы қазақ драма театрында, 1984 жылы Мәскеудің Вахтангов атындағы орыс драма театрында қойды. Оның драматург Қ. Мұхамеджановпен бірігіп жазған  «Көктебедегі кездесу» атты спектаклі  1974 жылы академтеатрдың сахнасына шығып, ұзақ уақыт репертуардан түспеді.

Ғазиза Жұбанова «Боранды Едіге, немесе Айтматов аңыздары» атты опера жазды. Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов Айтматовтың шығармасы бойынша «Қош бол, Гүлсары» атты көркем фильм түсірді (2008).

Екі елге кеңінен танымал қазақ ақыны Мұхтар Шахановпен ағалы-інідей болған ұзақ жылғы достығы барысында телавторлық «Құз басындағы аңшының зары» атты эсселер кітабы мен «Сократты еске алу түні, немесе миғұла терісі үстіндегі сот» пьесасы өмірге келді. Пьеса қазақтың Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды (1998). Айтматов екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен 1993 жылғы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты атағын алды.

Қырғыздың аса көрнекті жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, ойшыл-гуманист Шыңғыс Айтматов - Қырғыз Республикасының халық жазушысы (1968), Қырғыз Республикасы Ғылым Академиясының академигі (1974), Социалистік Еңбек Ері (1978), Қырғыз Республикасының Батыры (1997), сондай-ақ бірсыпыра Еуропа елдері Ғылым Академияларының құрметті мүшесі. Ол екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығы орденімен, 1-ші дәрежелі «Манас» орденімен, «Дустлық» орденімен (Өзбекстан), түркітілдес елдердің мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркия үкіметінің жоғары сыйлығымен, Крупская медалімен, Токиодағы Шығыс философиясы институтының «Әлемде бейбітшілік пен өркениет игілігі жолындағы мәдениет пен өнердің дамуына қосқан зор үлесі үшін» Құрмет медалімен, т. б. марапатталған.

Ол   КСРО Мемлекеттік сыйлығының үш дүркін иегері, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Әдеби қызметі үшін «Лотос», Халықаралық Дж. Неру, Италиядағы Мәдени бастамалардың Жерорта орталығығының, Американың діни, экономикалық «Ар шақыруы» қорының, Рюккарт атындағы Бавария, А. Меня атындағы, В. Гюго атындағы мәдениет, Руханият, т. б. құрметті сыйлықтарын алған.

Айтматов шығармашылықпен қоса қыруар қоғамдық жұмыстар атқарды.Бірнеше рет КСРО және Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі  болып сайланды. Ол халықаралық интеллектуальдық қозғалыс «Ыстықкөл форумын» құрды; «Солдаттарға мәңгілік құрмет»қорының қамқоршысы, Орталық Азия халықтарының Ассамблеясының президенті болды.

Ш. Айтматов атындағы Алтын медаль және Халықаралық қор жұмыс істейді.  1993 жылы Бішкекте Халықаралық Айтматов Академиясы құрылған. Түркияның Ел-Азық қаласында Шыңғыс Айтматов атындағы парк бар.

Әдебиеттер:  М. Әуезов. Путь добрый. Шығармалар жинағы, 1 том, Алматы, 1985; К. Асаналиев. Открытие человека современности. Фрунзе, 1968; Г. Грачев. Любовь, человек, эпоха. Москва, 1955; Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. Алматы, 1999; Краткая литературная энциклопедия. 1 том. Москва,1962;  Ә. Кекілбаев. Мәңгілікпен үндестік. «Жалын», 1988, №6;  Қ. Мәдібай. Айтматов шолған қиырлар. «Қазақ әдебиеті», 20.04.2012; М. Шаханов. Екі Шыңғыс өнегесі және мәңгүрттік қасірет. «Қазақстан-Заман», 03.07.2008;  Д. Ысқақұлы. Айтматов айдыны. «Жалын», 2008, №11.




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir