Іздеу
Мамыр 26, 2017
  • :
  • :

Бахтияр Махмуд оглы Ваһабзаде

Бахтияр Махмуд оглы Ваһабзаде

Аударған және түсініктемелерін әзірлеген:

Амантай ШӘРІП

1925 жылдың 16 тамызында Әзірбайжан Республикасының Шәкі қаласында туып, 2009 жылдың 13 ақпаны күні ел астанасы – Бакуда дүниеден қайтқан.

Әзірбайжанның Халық ақыны (1984), Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984).

Жетпістен астам жыр жинағының, ондаған драмалық туындылардың, көптеген ғылыми монографиялық еңбектердің авторы. Баку мемлекеттік университетінде 40 жыл бойы қызмет істей жүріп, өз ұстазы – Самед Вургунның шығармашылығын және әзірбайжан әдебиетінің өзекті мәселелерін зерттеумен айналысқан. Лирикалық өлеңдері әлемнің жиырма шақты тіліне тәржімаланған.

Қоғамдық жұмыспен белсене шұғылданған. Республика Жоғарғы Кеңесіне бес рет, тәуелсіздік тұсында Ұлттық Мәжіліске бір рет депутат болып сайланған.

Қазақ ақыны Олжас Сүлейменов әріптес досы Бахтияр Ваһабзаде туралы: «Ол ең жоғары марапаттардың бәріне ие болды. Бірақ мұның ішіндегі ең биік дәрежелісі – халқының сүйіспеншілігі», – деп жазды.

2012 жылғы 13-15 желтоқсан аралығында Баку қаласында түркі халықтары ғалымдарының қатысуымен І Халықаралық Бахтияр Вахабзаде симпозиумы болып өтті. Енді ол дәстүрлі түрде өткізілетін болады деп ұйғарылды.

Автордың қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отырған «Гүлістан» поэмасы 1959 жылы қолжазба күйінде тарап, сол үшін қудалау көрген. Оның желісі 1813 жылғы 12 қазанда Әзірбайжан жерін Ресей империясы мен Парсы патшалығы екіге бөліп алу жөнінде келісімшарт жасасқан тарихи оқиғаға құрылған. Келісімшартқа қол қойғандар: Ресей тарапынан – бас қолбасшы, генерал-лейтенант Н.Ф.Ртищев, Иран тарапынан – сыртқы істер министрі Абул-Хасан-хан мырза. Поэмада бұлардың бейнелері шартты түрде ғана көрініс тапқан.

 

 

Бахтияр Ваһабзаде

 

ГҮЛСТАН

(поэма)

 

Әзірбайжан халқының бірлігі мен бостандығы үшін күрескен Саттар  хан, Шейх Мұхаммед Хиябани  мен Пишеверидің рухына бағышталады[1]

Шетін сүртіп ақ шәйі жібекпенен,

Көзәйнегін киді де –

бір еппенен –

Үстелдегі үңілді қағазына,

Қол қойғанда саусағы дір етпеген.

Басқан мөрден биліктің зәрі шығып,

Езу тартты, құжатты әрі ысырып.

Бір-ақ кесіп халықты бөлді екіге,

Жалынса да жазмышқа жанұшырып.

Жебе-қалам жайратқан көп қамалды,

Әзірбайжан төсіне кеп қадалды.

Наразы елді жапырып, жаныштаған –

Жаһилдік пен жауыздық төкті амалды.

Бауырларды айырып бір жаралған,

Суық ызғар сұғынып тұр жанардан.

Шаһидтерді көрмейді қанын шашқан,

Елемейді тағдырды мылжаланған.

Қасына кеп жайғасты сақалды адам,

Тілмаш жігіт соңында қақаңдаған.

Өз адамы өзгенің – бас шұлғиды,

Таспиығын санамай ақы алмаған.

Қол қойды да: «ырзамыз өте…», – деді,

Қара жерім қайғысын көтереді.

Кімдер еді бұларың?

Кім болса да,

Жарылқамас біздерді бөтен еді.

****

Тұмар[2] рухы тірілер шақ туылып,

Бабек[3] қылышы жарқ етсе, жатты қуып,

Солар айтсын шын ердің қол-аяғын

Бұғаулаған кім екен, қатты буып.

Шепті бұзып, жол салып – сынар бағын,

Қайдасыңдар, ержүрек ұландарым?

Барсың ба сен, заманның Көрғұлысы[4],

Байрақ еткен халқының ұлы арманын!

Көк найзалы атамның өр намысы,

Бізге жетсін қиқулап зор дабысы,

Нәлет дұшпан – найсаптар, нақұрыстар,

Зорлағысы келгенде, қорлағысы.

Көк кеудесі күркіреп, ұран өріп,

Нажағайдан жүрекке шырақ еніп,

Ақ семсерін жауына сілтей шапсын,

Бабаларым бейіттен тұра келіп!

Шеменді жұрт шерлене сөз бастады,

Тау төменшік, теңселген тозды асқары.

Бұлақтардың сулары сарнап ағып,

Қыз-қатынның саулады көз жастары…

*****

Екі жақ та алаңсыз түрге еніпті,

Жанайқайын жұртымның мүлде ұмытты.

Тағдырыңа қол қою – олар үшін

Күйбең тірлік секілді күнделікті.

Сып-сыпайы әңгіме күйі бөлек,

Сыр білмесек, сыртынан сүйінер ек.

Көзәйнек пен таспиық тіл табысқан,

Бірі-біріне қол берді иіле кеп.

Ұйлығысты ұлықтар шөлі қанған,

Жерім менен жұртымды бөліп алған.

Құм құйылды аузына ерлерімнің,

Жат қолында тағы мен төрі қалған.

«Ие де бар, бұл жерде кие де бар!», –

Демеді ешкім, сөз де жоқ тие қалар.

Еңіреген елімді екі жарып,

Топырағын таптауды сүйеді олар.

Заң жалған, шындығының жүзі бекер,

Тарихыңа түкіріп, қызық етер.

Бірақ бауырластардың жүректері

Шекараның бөгетін бұзып өтер.

Жиіркене қарайсың ұлықтарға,

Жан аяйтын оларда құлық бар ма?

Құлдық, күңдік – біздерге тым бейтаныс,

Берік болар іргеміз мұны ұққанда.

Ет пен сүйек, жан мен тән көктен біткен,

Ажыраттың арасын өктемдікпен.

Еркімді алар кімсің сен, қойсаңшы енді,

Сыйлы қонақ емес ең шеттен күткен!

Ор қазып, ірге көміп, майдан құрды,

Гүлстанды тұраққа айналдырды.

Аспан көшіп, бұлт басып төңіректі,

Сол күні күллі әлемді қайран қылды.

Оғыз ханның рухы назырқанып,

Жатыр десті сенімі әзір халық.

Бір күн бұрын гүлді алқап түгел солды,

Ию-қию бетінде әжім қалып.

Гүлстанның тарихы – шерлі дастан,

Мың тақсырет төбеден елді басқан.

«Яныг Кәрәм»[5] – бұл сарын көпке мәлім,

Жылай, жырлай әуені желге ұласқан.

Шайырлардың шерменде сазы қатты,

Жер мен көкті түгелдей азынатты.

Ай адасып, Күн кеміп сол уақытта,

Топырақты топан су қазып ақты.

Бүкіл арман – осыған жан төзер ме –

Батып кеткен жоқ па екен Арпа өзенге?

Тау самалы қондырып қанатына,

Талай аңыз таратты тар кезеңде.

Құлағына тигенде ызғарлы ақпар,

Құзғындарды қарғады қызғалдақтар.

Арыстан жал толқындар арпалысып,

Байғұстардың ұйқысын бұзды аруақтар.

Сұңқар сезім серттерін баптай берсін,

Қос қанатты ел қалайша қақпайға ерсін.

Құздан төмен құлатпай, құлдыратпай,

Бір қанат қырқылғаннан сақтай көрсін!

Кешір, бауырым, тағдырды жарға теліп,

Сәттерімде түңілген бар қателік.

Енжарлардың қолына қанжар беріп,

Кейде көзім кетеді қанға толып.

****

Әй, мырзалар! Үкімің неткен ауыр,

Ойсыздықпен өте ме текке дәуір?

Әр шаңырақ қайғыдан шайқалады,

Ыза-кекке тұнады өкпе-бауыр.

Басын шауып, адамды дарға асарда,

Есіттің бе жан даусын анда-санда?

Фузули[6] мен Бабекті тыңдамадың,

Айналаңды үреймен арбасаң да.

Жалғыз тамшы сиямен салып қырғын,

Бір халықты тұтастай ғаріп қылдың.

Үйден, күйден күдерін үздірдің де,

Туған жерден айырып зарықтырдың.

Қара сия айналып көз жасыма,

Мәңгілік мұң орнатты өз басыма.

Жебір неме, талғажау зат табылса,

Жетіп келе қоясың тез қасыма.

Сөзің майда, сен үшін әркім –  керім,

Ал сыртымнан «мал» дедің, «малғұн» дедің.

Алаға да құмартып, жалаға да,

Құрбандыққа жылдардың шалдың көбін.

Келісімшарт сан рет мөр басылған,

Секілденер қазулы көр қасымнан.

Мойныңа мұсалдат, Әзірбайжан,

Ауыр және салмағы қорғасыннан.

Бір-ақ парақ, сол нәлет бір-ақ парақ,

Күш-қуаты кетті ғой жырақ тарап.

Қанша қарсы соғыссақ, сілтессек те,

Жанымыздан өшпейді тұрақтап ап.

Ақ қағазды бір мәтін қаралаған,

Соның бәрі таусылмас нала маған.

Еріміздің жігерін құмдай қылып,

Еліміздің  жүрегін жаралаған.

Жаман қағаз, сен сөйтіп елді бөлдің,

Жыртылмадың, ұшырмас желді көрдің.

Өртенбедің, қоқысқа тасталмадың,

Шежіресі боп қалдың шерлілердің.

*****

Сырыңды ұғар қамыс пен қоға ғана,

Араз[7] өзен, айналдың шекараға,

Жағаңа әкеп орнатқан бағандардан

Аққан тамшы жер жұтып жоғала ма?

Көзімнің қарасы мен ағы сынды –

Қом сулар-ай,

тұп-тұнық ағысыңды

Бұзбадың ғой болмаса бір бұлқынып,

Удай өксік шарпыды тағы ішімді.

Алғыс алып тастақ шөл, тал шыбықтан,

Араз, арнаң – жас толған, тамшы бұққан,

Сені шеп қып жатқанда жатжерліктер,

Құрғап неге кетпедің қарсылықтан?

Ана беттен қол созған «ағам-ау» деп,

Бауырларды естимін тамам әулет.

Әй, сұм заман, дауысым жеткен жерлер

Аяқ тимес тұр, әне, жағалау боп.

Күйреп түскен дүние шын ашулы,

Қамығысы қайғыға ұласулы.

Араз, сенің жағаңда таусыламын,

Қалай кешіп өтсем деп мына суды.

*****

Фузулидың кітабын табанды деп,

Қойды үстіне қара зіл бағанды кеп.

Жүз елу жыл жырлар да жырақтады,

Сөз бен сырын бейтаныс заман күреп.

Тілек, тарих, сүю мен салты-дағы,

Темір торда үмітпен қалтырады.

Елден безген ездердің елестері

Екі айырылған өзендей шарқ ұрады.

Тілім, рухым, жүрегім ада қалып,

Түбіріне тастады қада қағып.

Саз тартқанда, жылаймын, жымиямын,

Сезімдердің барлығын садаға ғып.

Саздың зары туған жоқ бос ермектен,

Қан аралас бар онда есем кеткен.

Шахриярдың[8] шоқ толы шумақтары

Көпір болып Аразға төселмеп пе ең?

Бір-біріне сүйінген, сағынысқан,

Екі жақта көңілдер алып-ұшқан.

Дариялар оларды бөле алмайды,

Бағандар да бұл жерден әрі ығысқан.

Екі аймаққа бүтін жұрт сазын жайған,

Тебриз, Баку дегені –  Әзірбайжан.

Құр қағазбен арасын айырса да,

Рух, тіл – бір, қайнаған қазір майдан.

Әй, өктемдік, тапқан соң осынша айла,

Топырағымды жұлмалап, төсін жайла,

Қағаз қарайт, қазық қақ, қамал қалқайт,

Рахатыңды қорғайтын қосын сайла.

Беріп қойдым жерімді, амал нешік,

Келем содан зарлана заман кешіп.

Жан мен тәнім бәрібір бөлінбейді,

Сарыныммен барады самал көшіп.

Мұстафа Пайан[9] дауысы арғы беттен,

Ғазалымен Ваһидтың[10] қарғып өткен.

Өткен жылдар өзегін жуа алмапты,

Ақындардың жырлары зарлы неткен.

Вургунменен[11] үндесер сыры көп-ті,

Шехриярдың Тебриздан жыры кепті:

«Қайдар баба[12], қаптаған қара тұман,

Бұл өлкені бір сойқан ұрып өтті.

Теңселсе де тұғырда таныс байрақ,

Сақ сындырмай, күнелттік намыс қайрап.

Сен тимесең, мен тимен – жарамады,

Бөлді бізді, жақсыны алысқа айдап.

Тау селдетсе дегендей құртам бәрін,

Ағынына ілесіп, бір талмадым,

Көру үшін –

кім қашып өз жерінен,

Кім қырылып, елімен кім қалғанын».

[1] Саттар хан (1867-1914) – Ирандағы Конституциялық төңкеріс кезеңінің көрнекті қайраткері, халық батыры, «ұлт көсемі», «әзірбайжан Пугачеві», «иран Гарибальдиі» деген лақап аттарға ие болған; Шейх Мұхаммед  Гаджи Абдулгамид Хиябани Табризи (1880-1920) – Парсының шахтық режиміне қарсы үйымдасқан әзірбайжан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі; Сеид Джафар Пишевери (1892-1947) – Оңтүстік Әзірбайжан ұлт-азаттық күресінің қайраткері.

[2] Парсы патшасы Кирді ажал құштырған массагет-сақтардың әйел көсемі (б.д.д. 570-520 ж.ж.).

[3] Әзірбайжанның ұлттық батыры (өмір сүрген уақыты шамамен 800-838 ж.ж.). Араб халифатына қарсы соғысқан.

[4] Бірқатар түркі халықтарына ортақ осы аттас эпикалық жырдың бас қаһарманы.

[5] Әзірбайжан ашугтарының (жыршыларының) әуені.

[6] Магомед Сулейман оглы Фузули (ХҮІ ғасыр) – ақын, философ. Әзірбайжан әдебиетінің классигі саналады.

[7] Ресей мен Иранның 1813 жылғы Гүлстан келісімшартына сәйкес әзірбайжандардың жерін екіге бөліп ағып жатқан өзен. Көбіне орыс тілі арқылы енген «Аракс» нұсқасы қолданылып жүр.

[8] Мухаммед Хусейн Шахрияр (1906-1988) – әзірбайжанның Иранда өмір сүрген көрнекті ақыны. Өлеңдерін парсы тілінде де жазған.

[9] Тегеран радиосының солисі.

[10] Алиаға Мамедкули оглы Искендиров (1895-1965) – әзірбайжан ақыны. Ғазал жанрының шебері.

[11] Самед Вургун (1906-1956) – әзірбайжанның көрнекті ақыны.

[12] Шехрияр шайыр баурайында балалық шағын өткізген таудың аты. «Қайдар бабаға сәлем» атты поэмасы оның шығармашылығының шыңы болып есептеледі.




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir