Іздеу
Қазан 21, 2017
  • :
  • :

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ЖАЗУШЫСЫ (Мұхтар Әуезов. 1897-1961)

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ЖАЗУШЫСЫ (Мұхтар Әуезов. 1897-1961)

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының (бұрынғы Семей облысы) Шыңғыстау бөктеріндегі Қасқабұлақ деген елді мекенде дүниеге келді. Мұхтар туылғанда, Абай елу екі жаста, есімі елге кеңінен тараған атақты ақын еді. М.Әуезов Абайды өз көзімен көреді. Жастайынан Абай өлеңдерін жаттап, ауылдағы ескі құлақ қариялардан аңыз-ертегілерді, жыр-дастандарды жалықпай тыңдап, Абай мектебінен осылайша тағлым алады; ұлы Абай поэзиясының асыл қасиеттері жас Мұхтардың жүрек түкпіріне сөз өнерінің ұрығын терең сеуіп, келешекте шешек атып гүлдеуіне негіз жасайды.

Жас Мұхтар Семей қаласындағы медреседе,  бес кластық орыс мектебінде, оқытушылар семинариясында (1914-1919) білім алады. Бұл кез  Семей қаласының қазақ даласындағы рүхани-саяси орталықтардың біріне айнала бастаған уақыты болатын. Осындағы оқыған қазақ жастарымен, әсіресе ұлт азаттығын мақсат тұтқан алашордашылармен қоян-қолтық араласудың барысында семинарист Мұхтардың ұлттық сана-сезімі жетіліп, біржола халықтық, ұлттық жолға түседі.  М. Әуезов осы жылдарда қалыптасқан ұлттық-халықтық бағыттағы азаматтық бет-бағдары үшін   өмір бойы (әсіресе 30,50-ші жылдары) кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, әупірім-тәңіріммен аман қалып отырды.

М. Әуезов оқуын бітірісімен бұрқ-сарқ қайнап жатқан қоғамдық өмірге белсене араласып кетеді: Семей губерниялық атқару комитетінде председательдің орынбасары, соңынан төрағасы болып, Орынборда КАЗЦИК-тің орталық аппаратында істейді. Ленинград университеті қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөлімін (1923-1928), Ташкенттегі Орта Азия университеті түркітану бөлімінің аспирантурасын (1928-1931) бітірген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтында (1932-1933), С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (1934-1955), М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде (1954) оқытушылық, КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Тіл-әдебиет және тарих институтының әдебиет секторында аға ғылыми қызметкер (1943-1945), Қазақ әдебиеті секторының меңгерушісі (1946-1956), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институты халық творчествосы бөлімінің меңгерушісі (1957-1961) қызметтерін атқарады.

Жазушының мәдениет, әдебиет мәселелеріне араласып, баспасөз бетінде мақалалар жаза бастауы аласапыран  кезең – Қазан төңкерісіне тұспа-тұс келді. Бұл алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларын отаршылдық езгіде есеңгіреген елдің ертеңі ойландыра бастаған уақыт болатын. Қазақ халқының болашақ даму жолдары  қай бағытта болмақ, не істеу керектігі жайлы қызу пікір алысулар жүріп жатты.

Міне, осындай отаршыл саясатқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлтшыл  азаматтар қарсы шығып, елінің ертеңін оның егемендігінен көрді. Осы мақсатқа алашорда қозғалысы құрылып, қазақ зиялыларының көпшілігін маңына топтастырды. М.Дулатов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сынды қазақтың аса дарынды ақын-жазушыларымен бірге М.Әуезов  те осы топта жүрді. Оның ағартушылық-демократтық бағытта жазған алғашқы мақалаларында өнер-білімге, ғылымға, кәсіпке ұмтылмай, қамсыз отырған халқының болашағына алаңдаушылық, ұйқыдағы қалыптан оятып, жақсылыққа жетелейтін дұрыс жол іздеушілік байқалады. Кейін келе жазушы публицистикасы әдебиет мәселелеріне қарай ойысты.

Заманының заңғар жазушысы, дарқан дарын иесі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық мұрасы аса бай. Ол көркем әдебиеттің барлық саласында дерлік қалам тербеп, көркемдігі кемел туындылар жазды. Поэзия үлгісіндегі дәстүрлі қазақ әдебиеті ХХ ғасырда М. Әуезовтің кең құлашты роман-эпопеясы арқылы әлемдік әдебиеттің ақ айдынына шығып, дүние жүзіне танылды.

Мұхтар Әуезов – ең алдымен, жазушы. Жазушылық қызметінің алғашқы жылдарында жазылған “Еңлік-Кебек” драмасы мен “Қорғансыздың күні”, “Ескілік көлеңкесінде”, “Көксерек”, “Қыр әңгімелері”, “Қыр суреттері”, “Жетім”, “Қараш-қараш”, “Қаралы сұлу” т.б. сияқты қазақ даласының ұлттық тұрмыс –тіршілігін шынайы бейнелеген әңгімелері арқылы-ақ ол өзінің  ұзаққа шабар зор дарын иесі екендігін танытты. Қазақ әңгімесінің деңгейін әлемдік биік дәрежеге көтерді.

Сан-алуан тақырыпқа жазылып, өмірдің көкейкесті мәселелерін қозғаған көптеген әңгімелері мен повестерін, очерктерін былай қойғанның өзінде, ол – жиырмадан астам пьесаның, “Қилы заман”, “Абай”, “Абай жолы”, “Өскен өркен” сияқты романдардың авторы. М.Әуезовтің профессионалды қазақ әдебиетінің туып қалыптасуында, дамуында атқарған ролі айрықша.

Мұхтар Әуезовтің есімі қазақ халқының соңғы ғасырдағы мәдени, әдеби тарихымен тікелей байланысты. 1926 жылы қазақтың тұңғыш театры өзінің сахнасын “Еңлік-Кебек” пьесасымен ашты. Оның қаламынан туған “Еңлік-Кебек”, “Бәйбіше-тоқал”, “Қаракөз”, “Түнгі сарын”, “Айман-Шолпан”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, “Абай” т.б. көптеген драмалық туындылары ұзақ уақыттар бойы қазақ театрларының сахнасынан түспей, негізгі репертуарын құрады. М.Әуезов пьесаларының көпшілігі қазақ театр өнерінің классикалық туындыларына  айналды.

Жазушы қазақ драматургиясында төлтума туындылар жасаумен ғана тынған жоқ, сонымен бірге әлемдік әдебиеттің асылдарынан тамаша аудармалар да жасады. Ол қазақшалаған В.Шекспирдің “Отелласы” мен “Асауға тұсауы”, Н.Гогольдің “Ревизоры”, К.Треновтің “Любовь Яроваясы”, Н.Погодиннің “Ақсүйектері” – бір тілден екінші тілге тәржімалаудың тамаша үлгілері.

Мұхтар Әуезовтің шығармашылығында маңызды орын алатын шығармалардың бірі – “Қилы заман”. Ромен 1916 жылы Жетісу өңіріндегі Албан руының патша өкіметіне қарсы бағытталған халықтық бас көтеру оқиғаларына арналған. М.Әуезов өзінің бұл туындысында эпикалық баяндау тәсілін игерген кең тынысты суреткер екендігін көрсете білді. “Қилы заман” – өз елін, туған жерін сүйе біліп, халқы басынан кешірген 1916 жыл трагедиясын жан-тәнімен сезініп, терең ойға орап, сезімтал жүректің қанымен жазылған кемел көркем шығарма. Бұл кітап елінің елдігі, халқының азаттығы үшін алысып өткен, сол жолда құрбан болғандарға арнап орнатқан еңсесі биік көркем ескерткіш іспеттес.

Мұхтар Әуезов талантының барынша жарқырай бар қырымен, сыр-сымбатымен көрінген шығармасы  – “Абай жолы” роман-эпопеясы. Қазақтың өткен ғасырда жасаған ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмірінен жазылған төрт томдық эпопея жазушы шығармашылығының бас кітабына айналды.

М.Әуезов “Абай жолына” үлкен дайындықпен келді. Жазушы тетралогияны он бес жылға жуық уақытта жазды. Абайдың шығармашылық өмір жолын тереңдеп зерттеген көптеген ғылыми мақалалар мен монография  жариялады. 1936 жылы Леонид Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясы (1939) қазақ драматургиясының үздік туындыларының біріне айналды.

“Абай жолы” романының алғашқы тараулары отызыншы жылдардың аяғында-ақ әдебиет журналында жариялана бастады. Пушкиннің 100 жылдығына орай жарық көрген «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі кейін «Абай жолы» роман-эпопеясына бір тарау болып енді.  Төрт томдық роман-эпопеяның біріншісі 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы, үшіншісі 1950 жылы, соңғысы 1949 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1959 жылы төрт томдық “Абай жолы” роман-эпопеясы үшін Мұхтар Әуезовке “Лениндік сыйлықтың лауреаты” атағы берілді. Ұлы жазушының өлмес еңбегіне, заңғар талантына көрсетілген бұл баға сол кездегі әдебиет пен өнерге берілетін ең жоғары, ең беделді атақ болатын.

Мұхтар Әуезов қазақ халқының да әлемдік өркениетте өзіне лайықты құрметті орны бар екенін “Абай жолы” роман-эпопеясын жазу арқылы дәлелдеп берді. Көркемдік әдістің, бейнелеу құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, өмірді көркемдік тұрғыдан бейнелеп көрсетудің асқан үлгісін көрсетті; қазақ халқының философ ақыны Абайдың толық қанды бейнесін жасады; қазақ әдебиетіне жан-дүниесі, өмірлік бағыты айқын бейнеленіп сом жасалған тың кейіпкерлер әкелді; өткен ғасырдағы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін барлық тынысымен суреттей білді; қазақ даласының көркем келбеті шын мәнінде тұңғыш рет осы эпопеяда толық бояуымен, суретімен көрінді; қазақ прозасына терең психологизм әкелді. Ең соңында, қазақ әдебиетін әлемге паш етіп, М.Әуезовтің өзі әлемдік әдебиет алыптарының қатарынан берік орын алды; ал “Абай жолы” эпопеясы болса, аса жоғары бағаланды да дүние жүзілік әдебиеттің классикалық шығармасы қатарында адамзат рухани байлығының алтын қазынасына қосылды.

1956 жылы атақты “Абай жолы” эпопеясын аяқтаған соң, Мұхтар Әуезов бүгінгі күн тақырыбынан жаңа шығармалар жазуды жоспарлайды. “Өскен өркен” (1962) – аяқталмаған роман. Сонда да болса бұл кітаптың басты ерекшеліктері ретінде коммунизм құрылысшыларының еңбегін марапаттау, социалистік құрылыстың көшбасшылары совет коммунистерінің бейнесін жасау басты мақсат болғандығын да айта кеткен жөн.

Әдебиетті шын сүйген әрбір қаламгер күнделікті әдеби өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып, пікір айтудан қалыс қала алмайды. М.Әуезов те өз кезіндегі көркемдік дамудың өткір өңірлеріне батыл барып, белсене араласып отырған. Қазақ кеңес әдебиетінің тарихында Мұхаң араласпаған әдеби оқиға, пікір білдірмеген қаламгер жоқ шығар, сірә. Ол С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, К.Әбдіқадыров, Ә.Тәжібаев т.б. көптеген ақын-жазушылардың өзіндік ерекшеліктері, жеке шығармалары жайлы жылы лебіздер білдірді. КСРО халықтарының, Батыс, Шығыс әдебиеттерін жетік білген жазушы әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдері хақында да бірсыпыра құнды пікірлер айтты.

М.Әуезов тек қана үлкен суреткер, дарынды драматург немесе тамаша аудармашы,  белсенді сыншы ғана емес, диапазоны кең ғұлама ғалым да. Жазушының дарын қырлары ғалым-зерттеуші ретінде де жарқырап көрінді. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі болды. “Әдебиет тарихында” (1927) қазақ ауыз әдебиеті алғаш рет түрлерге бөліп, жүйелеу ұсынылды. “Абай Құнанбайұлы” атты көлемді монография М.Әуезовтің ақын шығармашылығын зерттеген ұзақ жылдарғы еңбегінің нәтижесі секілді. Мүнда Абай өмір сүрген дәуір, Абайды зерттеу мәселелері, Абайдың өмірбаяны, жастық шағындағы шығармалары, лирикасы, поэмалары, аудармалары, қара сөздері жеке-жеке тарауларда кеңінен зерттелінеді. Абайдың ақын балалары Ақылбай мен Мағауияның шығармалары жайлы да айта кетуді жөн көрген. М.Әуезов қазақ әдебиетінің тарихынан оқулық ретінде жазылған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабы” (1933), “Әдебиет хрестоматиясы” (1937) кітаптарын да шығарды.

Қазақтың даңқты жазушысы, ғұлама ғалымы, әдебиет сыншысы, тамаша педагогі Мұхтар Әуезов белгілі қоғам қайраткері де болатын. Ол әсіресе, Азия, Африка жазушыларының демократиялық бағыттағы қозғалысын ұйымдастыруда көп еңбек сіңірді. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, КСРО және Қазақстан Жазушылар Одағы басқармаларының, Лениндік сыйлықтар беру жөніндегі комитет пен Дүниежүзілік Бейбітшілік сақтау комитетінің, көптеген одақтық, республикалық баспа органдарының редколлегия мүшесі ретінде ұлан-ғайыр қызметтер атқарды.

Халық құрметіне бөленген ол Ленин ((1957), Еңбек Қызыл Ту (1945), «Құрмет белгісі» (1956) ордендарымен марапатталған.

Әдебиеттер:  А. Нұрқатов. Мұхтар Әуезов творчествосы. Алматы, 1965; Л. М. Ауэзова. Исторические основы эпопеи «Путь Абая». Алматы, 1969; М. Мырзахметов Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары. Алматы, 1982: З. Ахметов. Поэтика эпопеи «Путь Абая»в свете ее создания. Алматы, 1984;                     Ж. Дәдебаев. М. Әуезов. Алматы, 1991; Б. Майтанов. Мұхтар Әуезов – суреткер. Алматы, 1996; З. Қабдолов. Алматы, 1997; К. Сыздықов. Мұхтартанудың беймәлім беттері. Алматы, 1997; Р. Нұрғалиев. Әуезов және Алаш. Алматы, 1997Р. Бердібай. Мұхтар шыңы. Алматы, 1997; Т. Жұртбай. Талқы. Алматы, 1997;    Д. Ысқақұлы. Мұхтар Әуезов. Алматы, 1997.




2 thoughts on “ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ЖАЗУШЫСЫ (Мұхтар Әуезов. 1897-1961)

  1. асем

    мухтар ауезов
    (1897-1961)
    28кыркуйек дуниеге келди
    27маусымда дуниеден кетти

  2. Dilnaz

    Мен Муктар Ауезовты катт. Жаксы Кореи

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir