Іздеу
Тамыз 6, 2020
  • :
  • :

Аңызға айналған көк аса- Пір- Бекет

Бұл өмірде көп қой алғыр ойлы адам,

Ғұмыр бойы үлгі, өнеге жинаған.

Өзге ұлттар озық тұр ғой қалайда

Аруақтарын , тарихын сыйлаған.

Ашылмаған құпия көп тірлікте,

Әрбір адам зерттелмеген бір нүкте

«Бекет», «Бекет!» дейді әркім әр жерде,

Бірақ біздер оны терең білдік пе? [1,-75б]- деп  ақындардың өлең жырларына арқау болған   Ұлы ұстаз, желеп- жебеуші, халықтың сенім- сүйеніші  Пір- Бекеттің қасиетіне  айтылған ел аузындағы  аңыз әңгімелерге тоқталсақ дейміз. Сондай аңыздардың  бірі- Атаның көк асасы. Аңызда: «Бекет  он төрт жасқа толғанда әкесінен білім жолына түсуге  рұқсат сұрайды. Мейрімді әке ақ батасын беріп:  « Менің ақылымды тыңдасаң,  Шопан Атаға бар; соның рұқсат батасын ал; басына барып тағзым ет , түне» - депті. Көкрегі ояу, санасы сергек,  қиялы қыран, жас өспірім Бекет  Шопан – Ата әруағына тәу етіп , үш күн түнеген екен.  Әруақты ата түсінде аян беріп: « Үргенішке бар, сонда Пақыржан  қажы деген қасиет иесіне жолық, соны сағала, шырағым!» депті. Сонда Бекет: « Уа, жебеушім, Шопан -Ата, маған Үргенішке  Пақыржан қажыға бар дейсіз. Менің оған жетер мұғдарым жоқ қой ?»- деп сауал тастаған да ұйқыға кеткен.

Таң сарғайып атқан  уақыт мәзірінде «Балам көлігің әзір. Жолға шық! Бұл жерден енді кет!» деген пір сөзінен шошып оянады. Алдында көлденеңдеп , әбзелі түзілген пырақ тыпыршып тұр екен. «Иә, алла, жолымды оңғара гөр!»деген Бекетті пырақ ала жөнеліпті. Содан бір шаһарға келгенде пырақ көзден ғайып болыпты.

Бекет Пақыржан қажыға кезігіп, оның шәкірттерімен қатар  жеті жыл дәріс алады.  Бекетке пірдің пейілі ерекше ауады. Біраз жыл өтеді. Бір күні Ұстаз айтады:«Шәкірттерім, медресені тамамдар кездерің жетті. Менің дәрісімнің қаншасы  дарыды, оны Алла біледі, өмір көрсетеді. Мен қартайдым,  менің ісімді енді жалғастыратын сіздер. Мен Аллаға сыйынып аса таяғымды  лақтырамын.  Сол таяқ түскен жерден мешіт  медресе салдырып, бала оқытарсыңдар »  деген Ұстаз ырғап- ырғап аса таяғын лақтырып кеп  жібереді.  Шәкірттер сан тарапқа жүгіре жөнеледі. Бекет медресе ішінде отырып қалады. Мұны байқаған Ұстаз : «Балам сен неғып отырсың ?»- дейді.  «Ұстазым сіздің асаңыз жақын жерге түскен жоқ. Оны іздеуге өзіңізден бата алып, жолға шығуым керек»- деген  Бекетке Пақыржан қажы зерек, ерекше қабілетті  шәкіртіне ақ батасын беріпті.

Бекет  арып- ашып апталап, айлап жол жүріпті. Үстірттің Маңғыстау ойпатына сұғына біткен бір тұмсығына  келгенде қыр үстінде тұрған ұстазының аса таяғына көзі түседі. Пір аманаты бойынша  Бекет асаны ниет қылып келсе, жанында бір қарт кісі отыр. Асаны алуға ол пейіл білдірмесе керек. « Бұл асаның құдіретінің  пәрменімен осында келіп шаншылғанына жетінші жыл. Менен өзге мұны көрген , білген пенде жоқ асылдың иесі менмін. Таңқаларлық сыры сол, аса орнынан міз бақпайды, суырылмайды » депті . «Олай болса, бұл асаны күші жетіп, суырып алған адам меншіктесін»  деп сөз тоқтатыпты. Үлкеннің жолын сыйлаған Бекет қарт кісіге кезек беріпті. Үш күн бойы арпаласқан бейтаныс қарт  көздегеніне жете алмай болдыртса керек. Қарттың көңілі босап, жүзі жабырқау тартып,  Бекетке амал жоқ кезегін береді.   Бекет шаншулы аса таяқтың жанына келіп:«Иә, Алла » деп дұғасын оқығанда , аса таяқ оп – оңай суырылып, қолында тұрады.  Қазіргі  Бекет – Ата мешіті  жанындағы  күні- түні тынбай ағып жатқан  тұщы сулы кәусәр бұлақ,  сол Пақыржан қажы лақтырған аса таяқтың  суырылып  алынған  орнынан бастау  алған деседі.  Ал бейтаныс қарттың көз жасы  тамған екі  жерден ащы  сулы қос құдық пайда болған.  Сол мешіт жанындағы құдық суының  ащы болуы – аса  таяққа иелік ете алмаған  әлгі қарттың  көз жасы көрінеді» - деп аяқталатын аңыздың тағы да бірнеше нұсқасы болса керек.[2,-30б] Аса таяқ қадалған жерге  Оғланды  мешітін  салдырып,  бала оқытып,  сопылық жолды ұстанған атамыздың қазірде  бес жерден  салған  жер асты мешіттері бар. Бекет  атамыздың бес баласы болған. Үлкені Жайлау, одан кейінгісі  Байтелі , үшінші ұлы Тоғай,  төртіншісі Байнияз, бесінші ұлы Қодар. Ата балаларына батасы мен еншілерін бөлген кезде талай тартыстар болса керек. Үлкен ұлы Жайлауға қара құран бұйырып, екінші ұлы Байтеліге бұйырған аса таяқ  бүгінде жетінші ұрпағы  Аяпбергенұлы Бердіхан атаның қолында екен. Көзбен көріп, қолмен ұстауға Бердіхан атаның үйіне іздеп бардық.  Атамен жүздесу бірінші күні нәсіп болмады. Екінші күні кешқұрым барған бізді атаның өзі қарсы алды. Текті тұқымның ұрпағы  бес уақыт намазын оқыған, аузынан Алласы түспеген, сол аулының  еліне сыйлы, емшілік қасиеті де бар жан  екен. Әкесіне бұйырған аса таяқтың кереметтерін бір «Алла ғана біледі»,- деп сөз бастаған атамыз: «Маңғыстау  маңына танымал Самалақ сұпы  атамыз асаны үнемі асынып жүрсе керек. Асаны арқалаған бойы ел аралап кетеді екен.  Тілегеніне  тілегі қабыл болып, жетпегені жетіп, сенің үйіңе пайда әкелетін садақа мал,  Самалақ сұпының артынан өзі еріп жүрсе керек. Мың жарым малды екі айға жеткізбей жетім- жесірге таратып  беріп отырады екен. Қорыққанда,қуанғанда ұшықтап, дұғасын оқып, Алладан шипа тілеп отыратын әкеміз талай жылдар үкімет адамдарынан қуғын көріп, аса таяқты арнайы іздеп келген адамға көрінбей кереметтерін көрсетсе керек.  Елбасымыздың арқасында өз топырағына қайта оралған  тайқазан  секілді, бұл  асамыз да баға жетпес құндылық. Әкем дүниеден өткеннен кейін аса таяққа мен иелік етіп отырмын.  Шамам келгенше жолын ұстанып, жалғастырудамын. Әкем кез - келген адамға аса таяқты ұстатып, түнеуге рұхсат бермейтін еді. Әлі есімде атақты ел ағаларына да рұхсат бермей қайтарған күндері болған. Шынында да аса таяқтан ем күш -қуат алғысы келген пенденің ниеті түзу, өзі таза болмаса, өзіне зиян келері анық. Өзіміз де асаның жанына бара бермейміз, кез - келгеннің қолына да ұстата  салмаймыз. Аса таяқты сақтауға да болмайды, кез - келгеннің көзіне тамашалатып мұражайға да тапсырмадық . Әке - шешеңнен қалған қандай зат болса да көзіңе ыстық болары шындық.   Мұның қасиетін бір Алла ғана біледі. Аса таяқ жөнінде қызықты әңгімелер өте көп, қасиетін халық бағалайды. Алладан сұрап, пайғамбарымыз (с.у.с) құрметі үшін , дұға тілек жасағанның  тілегі қабыл болады » ,- деп сөзін аяқтаған Ата ұрпағы аса таяққа үш рет маңдай тигізіп, сүйіп, тілек тілеуге рұқсат етті. Қағбадағы қара тасты сүйерде хазіретті Омар «Ей, қара тас сені пайғамбарымыз (с.у.с) сүйгені үшін сүйдім» дегендей аса таяққа маңдай тигізіп, сүйіп тілек тіледік.  «Алла ниетімізді қабыл қылып, елімізді тыныш қылғай», - деп тілек айтып кете бардық.

Ақындарымыздың бірі Серік Тұрғынбекұлының :

Не бітірдім дейді екен бұл өмірде ,

Бекетіне бір барып қайтпаған жан, [3,152-б-]–деп жырлағандай Ата басына барып, тағзым қылу міндетіміз деп санасақ та, бүгінгі күні Ата басына барып қайтуды саяхатқа балап, жөнді - жосықсыз  мазалай беру Ата қасиетіне деген құрметті төмендетеді деп білемін.Сондықтан да  Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: « Әлсізге- Медет, күштіге- Айбар,  зарыққанға – Жебеу, тарыққанға -  Медеу ,  асқанға- Тосқан,  сасқанға – Сая,  ұрпаққа -Ұстаз , ұлысқа -Ұран, ел Иесі , жер Киесі,  Пір- Атаға  қанша тағзым қылсаң да,  артық емес деп  білеміз»[4,-6б] дегендей, біз де өмір  жолында торығып, қиналып жүрген жан бармаса ермек үшін, көріп келу дұрыс емес екенін түсіндік.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Рахмет Аяпбергенұлы « Бекет ата» поэмасы  Бекет ата кітабы. Құрастырған Қабиболла Сыдиықұлы «Арыс» баспасы. Алматы -1994
  2. « Оғланды мен Бекеттің кездесуі» аңызы Бекет ата кітабы. Құрастырған Қабиболла Сыдиықұлы «Арыс» баспасы. Алматы -1994
  3. Серік Тұрғынбекұлының «Бекет ата »өлеңінен үзінді «Бекет ата тағлымы» Халықаралық ғылыми теориялық конференциясының еңбектері.
  4. Әбіш Кекілбайұлының пікірі.  Бекет ата кітабы. Құрастырған Қабиболла Сыдиықұлы «Арыс» баспасы. Алматы -1994

Автор: Айман Мамедалиева




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir