Іздеу
Шілде 22, 2017
  • :
  • :

Басын бермеген шейіт

Басын бермеген шейіт

Өмер Сефеддин, Түрік жазушысы  //Әнгіме /

 

Ертең арапа. Бүрсігүні құрбан айт. Құрбандыққа даярланған ақ қошқарлар Грижгал қамалының маңайында жайылып жүр еді. Жарты шақырымдай алыста Тойғын Пашаның қоршауынан қыстың ауыр қыспақ мінезінің арқасында аман қалған Зігетуар қаласы. Бұл қала лапылдап өртеніп сөнген вулкан тау сияқты қап-қара түнек болып тұрды. Күн суық болатын. Алайда тот басқан темір түсті қап-қара бұлттар қалың сызықтар сыңайлы. Тобыр-тобыр ұшып қаланың үстінен өткен қарғалар дәл қорғандардың үстіне келгенде жасырын және сұмпайы суық бір хабарды айтып тұрғандай шуылдап кетуші еді. Паланка2есігінің оң жағындағы бекіністе иесі жоқ көлеңкедей состиып тұрған Құрықады екінтіден бері дымқыл, суық желдің астында тұрып терең ойға батып, алыстағы тұмандардың арасынан бозарып көрінген қорғанның мұнараларына қарап тұр еді. Қазір бұл қала маңындағы паланкалардың бәрі түріктердің қолында болатын. Тек қана мына Зігетуар… құламайтын, өлім әкелетін бір қамал сияқты. «Қызыл алма»3 жолын бітеп тұр. Мына сұмпайы қарғалар мұнараның тесіктерінен тасқындап шығып, түсініксіз бір тілдің балағат сөздерін айтып тұрғандай. Құрықады күрсініп, қап деді. Жіңішкелеу келген, сіңірлері шыққан мойнының үстіндегі үшкір маңдайлы тасқа ұқсас басын шайқады. Жасыл сәлдесін артқа қарай итеріп, жасаураған екі көзін уқалады. Өзі әскери адам болмаса да барлық соғысқа, жорыққа қатысып келген. Бірнеше мың сарбазы, төрт-бес зеңбірегі болса мына сұрланып тұрған қаланы қолға түсіретініне сенімі зор еді. Бірақ қазір өз еркі өзінде билік қолында болғанымен бастығы Ахмет Паша Тойғын Пашаның Қопышуар4 жорығына қатысып кеткен. Қопышуардан кейін Зігетуарды қоршаған әскер қыстың қиыншылығына шыдамай бұл қаланы босатып, Будинге5 қайтқанда ол сарбаздарымен өз қалашығына келмей, Тойғын Пашамен бірге қалған болатын. Сол Ахмет Паша бүгін Грижгалға тоғыз-он шақырымдай алыста болса, мына кішкентай бекініс қорғаны Паланка Құрықадының қолында еді. Құрықады бетін быжырайтып «паланка, паланка» амал не, қолымда түк жоқ деді. Барлық мықты сарбаздарды, қару-жарақтың күштілерін Ахмет Паша алып кеткен. Бекіністегілер ылғи кәртең, денсаулығы нашар күзетшілер. Кәртейіп қалған сарбаздарды да санағанда барлығы өзімен жүз он төрт адам еді. Дұшпан жан-жақта бір-бірімен алыс орналасқан Түрік бекіністерінен тартынатын. Бұл жерде тек қана өздері болса, баяғыда құртып жіберетін еді.

Біраз иіліп, әбден дымқылданып кеткен бекіністің кірпіш дуалына шынтағын тіреп төмен қараса бірнеше сарбаз қошқарлардың арасында жүр. Біреуі бір қошқардың басына тиіп-қашып, оның ашуын келтіріп, сүздіріп ойнап тұр. Ана екеуі соларға қарап, қолдарындағы қаруларын ұстаған бойынша қарқ-қарқ күліп, мәз болуда. Оларға қарап айғайлап:

– Ойнамаңдар, жануармен!

– …

Сарбаздар дауытың келген жағына жалт қарады. Құрықадыдан бәрі тартынатын. Қатаң тәртіпті, тез ашуланатын адам еді. Бір көрген адам жынданған ба немене деп қалатын. Ертеден қара кешке дейін босай қалса намаз оқитын. Зікір айтып түнде де ұйықтамайтын. Күні бүгінге дейін оның түнде ұйықтап жатқанын адам баласы көрген емес. Аймақ әкімі Ахмет Паша «ол біздің жапалағымыз» дейтін.

Қайта айқай салды.

– Болды енді, кеш болды. Оларды қораға кіргізіңдер! Сарбаздар қошқарларды иіре бастады. Құрықадының шынтақтары талып кетті. Басын көтеріп Зігетуар қаласына тағы бір қарады. Жоғары жақтағы көл кірленген бір жез қаңылтырға ұқсаса, қарғалар жан біткен тас көмірдей ұшып мазаны алардай қарқылдап барады. Құрықадының жүрегі зу ете түсті. Өте қайғылы бір оқиға естігендей. Өз-өзіне тыныштық болар иншалла деп қойса да іштей қиналып кетті. Басын иіп жерге қарап аяғының астындағы еден тастарына да назар аудармай екі қолын артына ұстап, ақырындай баяу басып баспалардан түпсіз бір құдыққа түсіп бара жатқандай жүріп кетті.

Арапа күні таңертең елдің бәрі ұйқыда жатқанда ол әдеттегідей ояу болатын. Мешіттің ауласындағы намаз дәретін алатын орында дәрет алып отырды. Өткен түннің қараңғы көлеңкелері таудың бөктерінен әлі кетпеген еді. Бақшаға шығатын есіктің үстіндегі май шам нашарлаған сәулесімен дуалды селкілдетіп тұрған секілді.

– Ей, Шауышбашы6, ей!

– …

Қасындағы құманды тастай салып құлақ тікті. Бұл күзетші мұнарасындағы сарбаздың дауысы еді. Білегін сыбанған күйі жалаңаяқ мұнараға таман бет алды. Баспада кезіккен Шауышқа назар да салмастан күзетшінің жанына жетіп барды:

– Не боп қалды? – деді.

– Қаладан дұшпандар шығып, бері қарай бет алып жатыр.

Сұп-сұр жартастай болып тұрған Зігетуарға қарады. Жардың түбінен өздеріне таман жылан құсап иіріле жер бауырлап келе жатқан жау әскерін аңғарды.

– Бізге келе жатыр!

Шауышқа бұрылып:

– Тез! Сарбаздарды, газилерді7 оят! Құрбан айтты бүгіннен бастаймыз. Тез бол! Маған зеңбірекшіні жібер.

Шауыш бір қолымен дулығасын басып, баспаны екіден-үштен бір-ақ аттап жоғалды. Құрықады алыстағы қара жыландай иіріліп келе жатқан дұшпан әскери қолына көзін біресе ашып, біресе қысып ұзақ қараса, олардың алдында бірнеше зеңбіректі сүйреген арбаларды байқады. Олар мыңдай адамнан құралғанды. Өздерінің жүз он төрт адамнан құралғаны есіне түсіп қынжылды. Оқасы жоқ, біз оларды жеңеміз деді. Осы арада сарбаздар оянып орындарына орналасып жатты. Қамалдың есігін мықтап жабыңдар деп бұйрық берді. Сәлдесін, шапанын, мылтығын алдыртты. Зеңбірекші келіп еді, оған дереу маңайдағы түрік бекіністеріне хабарландыру ишаратын бер деді. Әдетте жауға тап болған паланкалар алысты-жақынды орналасқан маңайдағы бекіністерге жауға тап болғандарын зеңбірек арқылы хабар беруші еді. Аздан кейін келе жатқан дұшпан қолы қамалдың алдында соғыс тәртібінде келіп тұрды. Олардың зеңбіректері аузын жалаңдата ашып тұрған айдаһар сияқты қарап тұр. Іштерінен біреу түрікше айқайлап:

– Елшімізді қабыл алыңыздар, сіздерге ұсынысымыз бар, – деді.

– …

Құрықады:

– Қабыл аламыз, жіберіңдер! Келсін! – деп жауап қатты.

Қорғандағы бекіністер сауытты, қарулы сарбаз газилерімен толып кетті. Паланканың рухы, күлкісі, ермегі екі жолдас қайдағы бірнәрселерді әңгімелеп маңайындағылардың ішек-сілесі қатқанша күлдіріп жатты. Жолдастары бұл екеуіне дәруіш, жынды, мәжнүн дейтін. Жынды Меһмет, жынды Хүсреу. Бұл екеуі қатысқан соғыстарында қиялға келмейтіндей дәрежеде адам миына симайтын жетістіктерге қол жеткізгені үшін аңыз қаһармандарына айналған. Бұл екі жынды әскери қатаң тәртіптерін ереже-шарттарын мойынсынбайтын.дүние абыройына, мал-мүлкіне, қызығына еліктемеген түрік дәруіштері еді. Әрбір жеңістен кейін бұл екеуінің бастықтары шен, мансап, құнды тастармен әшекейленген қылыш, қанжарларды сыйға тартса қарқылдап күліп, алмаймын. Өткінші дүниеде бізге үш метр кебін ғана керек. Мына бергендерің надандарды, дүниеқоңыздарды қуандырады деп Алла жолындағы жорықтары үшін ақы, сыйлық алмайтын. Олар үшін соғысқа бару тойға барумен бірдей еді. Зеңбіректер атылып, қалқандар қағысып, қылыштар сақырлай бастағанда өздерін жоғалтып алатын. Алла, Алла! деп ұран салып дұшпан тобына кіргенде от болып лапылдап өртеп кететін. Найзағайдың ұшқынындай жылдам қимылдарына көз ілеспейтін.

Құрықады олардың күлкілі әңгімесін жылы шыраймен тыңдап, жымиып тұрғанда әлгі жаудың елшісі жанына келді. Екі жындыдан бастап барлығы үн-түнсіз қалып, елшіге құлақ түрді. Келген елші түрікше сайрап тұр. Тәкаппар мінез көрсетіп, қолбасшы батыр Қарачиннің екі мың сарбазымен келіп тұрғанын айтып, өз еріктеріңмен бізге беріліңдер, сендерге тиіспейміз, емін-еркін кетесіңдер деп Інжіл кітабына ант етіп, уағда берді. Құрықады:

– Түсінікті, жарайды, қазір сен кете бер. Біз өз арамызда ұсыныстарыңды талқыға салайық. Қарарымызды түстен кейін айтамыз, – деп есікті ашқызып елшіні жіберді де, жанындағы сарбаз газилеріне бір қарап, бүкір белін түзеп:

– Естідіңдер ғой, газилерім Қарачин оңбағыры біздің жүз он төрт-ақ адам екенімізді біліп өзінше батырсымақтанып екі мың әскерімен бізді қоршап отыр. Оның беріліңдер деген ұсынысын қабылдағандар қол көтерсін.

– …

Қол көтерген ешкім болмады.

– Жарайсыңдар! Олай болса, соғысқа даярланайық, ал енді.

Сарбаздар шулап кетті.

– Біз даярмыз!

– Біз даярмыз!

– Бәріміз, бәріміз!

– Оқтарымыз көздеулі!

– Бүгін жеңіс күні!

– Әумин, әумин!

Құрықады иа раббел аламин… деп екі қолын жайып дұғаға бастайын деп еді жынды Меһмет қылышын қолына ұстаған күйі алдына келіп тұрып алды. Қалың мұртты, көк көзді, жалпақтау келген ақ келбеті толған ай сияқты жарқырап:

– Дұға еткенді қой, мырза, соғысу дұғадан абзал. Кел, бұйрық бер! Мына есікті бізге ашқыз! Жүрегіндегі қорқуды жой! Міне, бәріміз даярмыз! Қасымызға келіп тұрған мына мүмкіншілікті пайдаланайық, – деді.

Құрықадының екі қолы екі жағына салбырап түсіп кетті. Жынды Хүсреу де жолдасының жанына келді. Барлық сарбаздар да осы екі жындының жанына жиналып, бәрі бірдей «аш есікті, аш есікті!» деп шуылдады. Құрықадының танадай көзі жасаурап, екі беті боп-боз болып қаны тартылып кетті. Сақалы желбіреп, екі жындыны да, барлық газилердің де үрейін келтіретіндей бір дауыспен Алланың сөздерін айтып тұрғандай әсер етіп:

– Майдан ерлері, батырлар, патшамыз Сүлеймен гази құрметіне, сөзіме назар аударыңдар, менің мақсат-мұратым сендерді Алла жолындағы бұл соғысқа жібермей қою емес. Бұл күнге жанымыз, басымыз құрбан болсын! Ертең құрбан айты, сендерге айтайын дегенім, бүгін жұма және арапа. Осы қасиетті күнде қажыларымыз Арафат тауында, қалған мұсылмандар мешіттерде бізге ұқсас газилердің, сарбаздардың жау алдында жеңіске жету үшін жалбарынуда, солай ма?!

– Иә, солай.

– Иә.

– Олай болса бізге лайық болғаны, жұма намазын оқиық. Бір-бірімізбен алалдасып, ризашылығымызды білдірейік те, соғысқа кірейік. Аман қалғандарымыз гази, өлгендеріміз шейіт болсын. Бұл дүниеде жақсы істерімізбен есте қалайық та, ақыретте Пайғамбарымыздың жанында жиналайық. Бұған қалай қарайсыңдар?

– Жарайды, жарайды.

– Келістік.

– Мақұл.

Газилердің бәрі бұл ұсынысқа разы болып, түске дейін күтіп, сосын дәрет алып намазға тұрды. Алланы ұлықтап, тәкпір айтып, бір-бірімен қоштасып алалдасты. Қарачиннің әскерлері паланкадан естіліп жатқан осы дуды түріктер өз араларында келісе алмағандықтан шулап жатқан болар деп болжамдады. Тұтқиылдан алыстан зеңбіректің бір дауысы естілді. Бұл түрік бекіністегілердің шыдаңдар, келе жатырмыз дегені еді. Құрықады өз қолымен қамалдың есігін ашты. Газилер «Алла, Алла!» деп ұран салып, қақпаға ашылған су бекітпесінің суы сияқты далаға төгіле шықты. Екі қолға бөлінген газилердің біреуінің басында жынды Меһмет, ал екіншісінің басында жынды Хүсреу бар еді. Алыстан мыңдаған әскер келе жатқандай шаңның көтерілгенін көрген дұшпан әскерлері екі оттың ортасында қалдық деп сасқалақтап не істерін білмей келген жерлеріне қаша бастады. Негізінде келе жатқан жақындағы түрік қамалынан көмекке аттанған он бес-жиырмадай ғана түрік сарбазы еді. Жынды Меһмет пен жынды Хүсреудің қолы дұшпанның алдынан оралып, оларды қырып жатты. Құрықады шапанын шешініп, ұран салып, қызу соғыстың ішінде еді.

Жынды Хүсреу ес-түсі жоқ, дұшпан әскерлерінің арасына кіріп кеткен. Қылышымен олай да, былай алдынан кім шықса соны кескілеп жатты. Тіпті қашып бара жатқандарды да қуып жетіп өлтіріп жатты. Құрықады жынды Меһмет қайда екен деп жан-жағына қарағанымен оны көре алмады. Анандай бір жерде дұшпан әскерлерінің арасынан жерде жатқан ірі денелі бір адамды байқап жүрегі зу ете түсті. Елу қадамдай алыстағы бұл денені кәпірдің бір сарбазы найзалап жатты. Дереу жүгіруге ұмтылғанымен аяғы тасқа сүрініп омақаса жығылды. Қолындағы қылышы да ұшып кетті. Көзді ашып-жұмғанша қылышын іліп алып қараса әлгіндегі дұшпан сарбазы жатқан дененің басын кесіп алып, атына ыршып мініп барады екен. Құрықады барлық күш-қуаты, ынтасымен оны ұстауға ұмтылды. Жүгіре артына қараса жынды Хүсреу қолындағы қалқанды бұлғақтатып:

– Меһмет! Меһмет, жаныңды бердің, бірақ басыңды берме, Меһмет!

Бұл дауыс сондай әсерлі де өткір еді.

Құрықады апыр-ай, а бұл жынды Меһмет екен ғой деп шөгіп отырып қалды. Сол сәтте жиырма-отыз адымдай алдында жатқан әлгі әлсіз дененің орнынан ұшып түрегеле жүгіріп, басын алып кетіп бара жатқан дұшпан сарбазының артынан қуа жөнелгенін көрді. Жынды Меһметтің бассыз денесі әлгі сарбазды ұстап алып жерге атып ұрғанда оның қолындағы кесілген бас жерге топ ете қалды. Жынды Меһмет кәдімгідей жанды адамға ұқсас жердегі өз басын алып құшақтай алды да, шаршап құлаған адамдай серең ете түсті. Мұны тек жынды Хүсреу мен Құрықады көрген-ді. Сарбаздардың барлығы қашқан дұшпандарды қуалап кеткен. Артында тұрған жынды Хүсреу:

– Алланың алдында жүзің ақ болсын, ей! – деп айғай салды да:

– Қалай, мына жігіттің істеген ісін көрдің бе? – деді.

– …

Үн-түнсіз қалған Құрықады куә болған нәрсесі оны аң-таң қылып, тікесінен тік қатып қалған бір тас ескерткішке айналдырып жіберді. Тұла бойында жаны шығып кеткен сияқты. Жынды Хүсреу оны өзіне келтіру үшін жұлмалап-жұлмалап жіберіп:

– Не болды саған? Неғып тұрсың?! Дұшпан қашып барады.

Жынды Хүсреудің жұлмалауымен өзіне келіп, есін жинап, қылышын ұстаған Құрықады қашқан дұшпанның артынан Аллалап қуа жөнелді.

Шайқас кешке дейін созылды. Ер майданына ақшамның қызғылтым қараңғылығы түсе бастағанда:

– Газилер, сарбаздар, бекініске қайтыңдар, – деген бір үн естілді.

Майданда қылыштарынан қан тамшылаған бірнеше сарбаздар мен Құрықады қалды. Жарақаттанғандары ішкері алдырып, шейіт болғандарды санатса, олар он тоғыз адам екен. Шайқас алаңында дұшпан алпыс төрт өлік қалдырыпты. Басқа өліктерін алып кеткен. Құрықады таңертеңнен бері тамақ жемей, су ішпей үздіксіз соғыс ішінде болып әбден шаршап әлсіреген еді. Шейіттерді жинатып, қамалдың алдына әкелдірді. Жынды Меһметтің сүйегін өзі тапты. Жынды Меһмет кесілген басын құшақтап алған күйімен тыныш бір ұйқыдағы адам сияқты. Оны сол жығылған жерінде жерледі де, жанындағыларды қамалға жіберіп, өзі мазардың басында жалғыз отырып Ясин сүресін оқи бастады. Қамалдың сыртында ешкім жоқ еді. Алыстағы қорғанның есігінде екі күзетші бар-тын.

Құрықады Құран оқып отырғанда тұтқиылдан келген жап-жасыл бір нұр сәулесінің мазарды лапылдата өртеп жатқанын көріп, үні жоғалды. Еріндері қимылға келмей жағы қарысып қалды. Мына жасыл нұрдың ішінде жынды Меһметтің қанданған мойнын құшақтап алған ақ қанатты бір періште бір қолымен оның өне бойын сипап тұрса, бір жағынан оның маңдайын сүйіп жатты. Бұл белең алған жылы нұр алауы үлкейді, кеңейді, барлық әлемді тұмшалады. Құрықадының көздерін қарыды. Рухы өртеніп кеткендей болып шалқасынан талып түсті. Оның осылай ұйықтағанын бірінші рет көрген достары тұрыңыз, есіктерді жабамыз деп алып кетті. Құрықады тіл қата алмады. Мас кісіге ұқсас сенделіп, қалшылдап тұр еді. Осы халде жынды Хүсреудің қорасының жанынан өтіп бара жатса бір дыбыстар құлағына шалынды. Жылап тұр ма, еңіреп тұр ма, не екені белгісіз. Хүсреу әлгі дыбысқа қайта құлақ салса жынды Хүсреу өлеңдетіп, атын қашаумен қашалап тұр екен.

– Хүсреу?! – деді.

– Ау, – деп қолында қашау, аяқ-қолын сыбанған, бас киімсіз қораның есігін ашып, сыртқа шыққан Хүсреуге Құрықады бірнәрсе дей алмай тұрды. Жынды Хүсреу:

– Көрдің бе, жынды Меһметтің батқан ләззатын?!

– Сен де мен көргенді көрдің бе?

– «Көзі барға жасырын ешнәрсе жоқ», – деп есігін тарс еткізе жауып алып, өлеңдете жұмысын жалғастыра берді.

***

Құрықады таңды әрең атқызды. Күн шықпастан жынды Меһметтің мазарының басына барды. Бұдан кейін барлық уақытын осы мазардың басында өткізетін болды. Бейіттің басына үлкен бір тас орнаттырды. Бес уақыт намазды көпшілікпен бірге осы жерде оқытуды да қалайтын… Енді не тілесе бәрі орындалатын халге жетті. Грижгал аймағындағы Түріктің басқа бекіністерінде де Құрықады жынданып кетті деген әңгіме жайылды. Әр сәтте ақырет шарабын ішкен мас сияқты елеуреп өзін жоғалтып алатын болды. Тыныш таппас бір аптығыс ішінде өмір сүріп жатты.

Бірақ теңіз кесеге қалай симаса оның білген сыры кеудесіне симай кетті. Шайқас күні көргендерінің бәрін айта бастады. Айтқанымен қоймай өлеңдетіп жазып үлкен бір аңыз-дастанға айналдырып еді. Осы күннен бастап бұрынғы халден арылып, рухына қараңғылық ұялап, жүрегіне бір ауыр жүк жүктелгендей сезінді. Жынды Меһметтің мазарындағы куә болған Алланың кереметінен кейін өзінде пайда болған көңілді, рухани ләззатты жоғалтып алды. Бұл оны жындандырып жіберді. Тіпті, жеп-ішуден де қалды. Тағы бір күн даланың жазығында диуана сияқты айналып жүргенде жынды Хүсреуге кез келді. Ол да іші пысып, ерігіп жүргенге ұқсайды. Қолындағы ұзын талшыбықпен Құрықадының артынан ақырын түртіп:

– Ақымақ! – деді. – Өзің көрген кереметті халыққа не үшін әшкереледің? Кісі көргенін жасырмаса рухында пайда болған халден айырылады. Егер айтпаған болсаң, өле өлгенше сол кереметке куә болар едің.

Құрықады екі тізерлеп отырып жылап жіберді.

– Істеген ісіме өкінемін! – деп күрсінді.

Өкініші, қайғырғаны соншалық, көз жасын жинай алмады. – Мені, – деді, – білместіктен істеген осы қателіктен айықтыршы, маған көрінген неғылған керемет Алланың құпиясы? Есімді жоғалтардай көрінген бұл не? Бізден басқа көрген адам болды ма?

– Біреу тағы көрді. Ол кез келгенге көрінбейді.

– Ол кім сонда?

– Біле алмайсың.

– Басқа біреулерге көрінбейді, сонда тек қана бізге көрінгені ме? Мұнда бір мағына болуы керек қой.

– Шейіттік сүйіншісі ол, екеуміз де шейіт боламыз.

– …

– …

Құрықады күн өткен сайын жынданып, басының ауған жағына жүретін, Ләйлісін іздеген Мәжнүннен айырмашылығы қалмады. Өзін сондай құрметтеп, жақсы көретін Ахмет Паша Құрықадының мына жағдайына қарап «Бұл Мәжнүнге айналған адам, паланкадағы қызметін атқара алмайды» деп жұмысынан босатуға мәжбүр болды.

Арада ұзақ уақыт өтті. Шекара бойындағы аймақтарда ғана емес, Грижгал қамалындағы сарбаздар да оны ұмытты. Тек қана жазған өлеңдері есте қалды.

Он екі жылдан кейін Зігетуар қаласы ақыры түріктердің қолына түсті. Сол шайқастың кешінде жараланғандарды тасып жатқанда зеңбіректің оғыменен парша-паршасы шыққан жынды Хүсреудің денесінің жанында ұзын бойлы, ақ шашты, ақ сақалды, жасыл шапан киген бір шейіттің денесі тағы табылды. Басы құбылаға қараған күйі етбеттеп жатқан бұл адамның сәлдесі бұзылмаған, қолында қару да жоқ еді. Қай жерінен жараланып шейіт болғаны да белгісіз. Күнделеп созылған қоршау кезінде бұл адамды ешкім көрмеген. Кім екендігіне байланысты егжей-тегжейінен зерттеу жүргізілсе де анықталмады. Сарбаздардың, газилердің әруақ ордасынан бізге көмекке келген бір әулиесі ғой деп тұжырымдап қойған осы адам Грижгал қаласының атақты Құрықадысы ма еді?

Түрік тілінен аударған

Өмір Білген




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir