Іздеу
Ақпан 22, 2020
  • :
  • :

Атымды Рамазан деп әжем қойған

Атымды Рамазан деп әжем қойғанҚасиетті рамазан айында дүниеге келгендіктен, маған бұл атты өзімнің әжем қойған. Бір жағынан менің үлкен ағамның аты – Ролан, әпкемнің аты Роза болғандықтан, менің атымды оларға ұқсаттырып Рамазан деп азан шақырып қойыпты. Еміс-еміс есімде, бала кезімізде әжеміз таң сәрісінде ауыз бекітетін.Өзімен бірге тұрып шай ішкен бізге кәмпит, күлшесін үлестіретін. Кейде сол тәттіні жеу үшін таңмен таласып әжемізбен бірге ауыз бекіткендей болушы едік. Мен өзім Кегеннің тумасымын ғой. Ұмытпасам, жетпісінші жылдардың басы болуы керек, ауыз ашар беретін үйде алдын ала тары түйіліп, май-сөк жасалатын. Шуылдаған жас бала ауыз ашар беретін үйдің төңірегіне жиналушы едік. Бізге тарыны келіге салып, тоқпақпен түйген қызық болып көрінетін. Жасалған женттен, кәмпит, күлшеден дәм татқанымызға мәз болатынбыз. Үлкендер жағы ауыз ашып болғаннан соң, өзара діни әңгімені соғатын. Біз ол кезде баламыз ғой. Олардың не айтқандарына мән бермейтінбіз. Бірақ, әйтеуір қазіргідей тартысып, бір-бірінің бетінен алмайтын. Қайта, бір-бірін құптап отыратын сыңай танытатын. Ал, бүгінгі діни ортаға тап болсам, бітпейтін даудың арасына еніп кеткендей боламын. Біреуі зікір салуды үндесе, екіншісі оған шектеу қойып жатады. Қайсысынікі жөн, қайсысынікі бұрыс, оны бір Құдай біледі.

Мен өзімді діндар адаммын деп есептемеймін. Жұмаға барып тұратыным болмаса, Құдай өзі кешірсін, бес уақыт намазға әлі жығылған емеспін. Менің түсінігімше, бәрінен бұрын адамның жүрегі таза болуы шарт. Мен өзім осыған қатты мән беремін. Әйтсе де, намазға жығыла алмай жүргеніме қынжыламын. Жұмыс кезінде шәкірттерім «намаз уақытысы» деп рұқсат сұраса, сөзге келмей сабақтан босатамын. Дегенмен, Аллаға мың да бір шүкір, он екі-он үш жылдың шамасы болып қалды, әулетімізбен рамазан айында ауыз бекітіп келеміз. Оразаның денсаулыққа тигізетін пайдасымен бірге, адамның мінез-құлқының жақсаруына ықпалы зор ғой. Мысалы, ораза төзімділік мен сабырлы болуға үйретеді. Оны қанша жыл болды, өз басым сезініп жүрмін. Отбасымызбен таң сәріде ауыз бекітіп, кешқұрым күн ұясына батқанда бәріміз дастарқан басына алқа-қотан отыра қалып, «биссмилла» деп аузымызды ашып, мәре-сәре болып жатамыз. Осы тұрғыда айтарым: отбасымен ораза тұтқанның өзінше ерекше дәмі бар. Әке-шешемен қатар бала-шағаның ауыз бекітіп, күн ұзақ ашқұрсақ болып, ақшамда ауыз ашарды бірге қарсы алуы, түсінген адамға отбасы мүшелерінің үндестігін, ынтымағын арттырады. Керісінше, үйде біреу ауыз бекітіп, келесі біреуі ораза тұтпаса, бір дастарқанда отырып бірге ас та іше алмайды ғой. Сондықтан, оразаның отбасының ынтымағы мен берекесін арттыруға да әсері бар деп ойлаймын.

Қазір эстрада колледжінде жұмыс істеймін. Рамазан айында ұжым болып студенттерге дастарқан жайып, ауыз аштырамыз. Бұрын консерваторияда істеп жүргенімде осылай істейтінбіз. Одан қалса, пітір-садақа берумен бірге, алдымнан қол жайып шыққанның бетін қайтарған емеспін. Кейде Рамазан айында жетім балалар мен қарттар үйіне ауыз ашар беріп, концерттер беріп тұрамыз. Тіпті, қайырымдылық концерттерін колонияларда да өткізген кезіміз болды. Өкініштісі, Рамазан айында қайырымдылық іс-шаралары жүйелі түрде өткізілмейді. Әр жылы әр түрлі болып өтіп жатады. Ислам елдеріндегідей ел басшылары бастап, әкім-қаралар қоштап, қарны жуан байшыкештер жарлы-жақыбайларға ауыз ашар беруді жүйелі түрде қолға алса, нұр үстіне нұр болатын еді. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда «әлхамдулиллаһ» десек болады. Жылдан-жылға жұртшылықтың дінге деген, ауыз бекітуге деген ынта-ықыласы артып келеді. Алла-Тағала осы ықыластан айырмасын, халқымыз дін аман болсын, оразадан оразаға аман-есен жете берейік деп тілеймін.

06.08.2010

Мұхан Исахан




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir