Іздеу
Маусым 24, 2017
  • :
  • :

Жүніс Әміре

Ynus Emre – (1238-1320) – Анадолыдағы Қожа Ахмет Иасауи жолын қуған сопылық мектептің негізін қалаушы, атақты түрік ақыны. Жүніс Әміре өз өлеңдерін XIII – XIV ғасырдағы Анадолы оғыздарының халыққа түсінікті қарапайым тілінде шығыстық аруз өлшемнің, ІІ буындық түрік өлшеміне сәйкес жазған.

Жан өлмейді

Жаны таза пендеге Аллам өзі дем берер,

Тура жолды тапқанға мәңгі өмірге жол берер.

Жан шыққанда кеудеден – соңыңда із, шаң қалар,

Денең жерге көміліп, кеңістікте жан қалар.

Кейбір дінсіз дүмшелер, мақтау сөзге мастанар,

Құдай нәсіп қылмаса тозағына аттанар.

Қайран көңіл айнадай нәзік болар, сырласым,

Мықтап ұста сен оны, қолдан түсіп сынбасын.

Абай болғын және де Тәңір берген кесеңе

Өздігінен толмайды ол, жақсылықпен еселе.

Өз ісіңе адал бол, Жүніс – арсыз демесін,

Өткеннен соң өмірден, қайдан қайтып келесің?..

Қорқамын…

Уа, ағайын, дос-жаран, мен қорқамын өлімнен,

Арқалаған күнәм көп, көрім жақын төрімнен.

Барлық күнәм өлгенде, көз алдыма тартылар,

Ақыретті ойласам – өне бойым қалтырыр.

Қызығына баттым да мына фәни-жалғанның,

Құлдық қылмай Құдайға, кір нәпсіге арбалдым.

Бет-пердеңді ысырсаң, Қайран Жүніс – күнәң көп,

Шын сыйынсаң Бір Алла кешіреді – күмән жоқ!

Сүйем сені

Күллі әлемге жайлы нұрын таратқан,

Жаннан артық сүйем сені Жаратқан!

Мен – мен емес сияқтымын, шегім бар,

Өзегімде менен өзге «менім» бар.

Дүниеде барсың Ием, сеземін,

Бір өзіңе зәру боп тұр өзегім.

Көре алмаймын ішімдегі «өзімді»,

Құр сүлдерім кезіп жүр бұл өмірді.

Күмәнсіз ғой Жаратқанның дерегі,

Бірақ діннің кім теріп жүр дәнегін?

Қай пендеге түссе Алланың назары,

Көгінде оның Бақ жұлдызы жанады.

Маған деген махаббатын Алланың,

Бағамдауға жетпейді ғой талғамым.

Асыл дінді мансұқтаудан тыйылам,

Бір Аллға шексіз сенем, сыйынам!

Нәпсі

Бір Аллаға сыйынған дос-бауырға жанасам,

Қайда барсам солармен бірге жүріп жол ашам.

Бір күні мен жан беріп, дүниемен қоштасам,

Мүмкін, сонда пейіште періменен достасам.

Таза, жұмсақ киіммен мәңгі жүру жоқ маған,

Құмнан төсек салынып, тас жастықты жастанам.

Жаман қара ниетті арқандасам деп едім,

Тыйып Нәпсі қалауын талқандасам деп едім.

Қасиетін Алланың терең ұғып, білмеп ем,

Тазартатын кез жетті жан мен тәнді кірлеген.

Сабақ ал…

Адам – пендем, бір сабақ,

Алғың келсе Өлімнен.

Тірлігіңде пұл санап,

Босқа өтпегін өмірден.

Аруақтың көрдегі,

Қалды қандай амалы?

Осыны ойла сен де бір,

Тірлік етіп саналы.

Байлар қайда бұрынғы,

Байлығына сыйынған?

Оларға да бүгінгі,

Бейіттен жер бұйырған.

Ханзадалар қайда асты,

Хан сарайға сыймаған?

Көрге олар да жайғасты,

Құм төсегін жимаған.

Қай жақта жүр шашырап,

Сұлу қыздар – асыл жан?

Олардың да топырақ,

Айдай жүзін жасырған.

Кішік пенен ұлығым,

Теңеседі көмген соң.

Бегі қайсы, құлы кім,

Маңызы жоқ өлген соң.

Қазақшаға аударған Алмат Исәділ




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir