Tuesday, June 16, 2021

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» КІТАБЫНЫҢ ТҮРІК ТІЛІНДЕГІ ТҰСАУКЕСЕРІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС 

Ер мерейі - ел мерейі. Басшысының мәртебесі биіктеген сайын елдің абыройы да асқақтай береді. Сеулдегі сәтті саммитте жаһандық жетекшілердің көз алдында біздің Елбасымыз әлемдік ауқымда ой толғаған күндері бауырлас түрік жерінде Қазақстан көшбасшысының қадір-қасиетін айшықты аша түсетін тағы бір тағылымды іс-шара ұйымдастырылды: Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабының түрік тіліндегі басылымының («HALKINI SEVEN, HALKIN SEVDIGI ONDER») тұсаукесері өтті.

әлемдегі аса ірі мегаполистердің бірі - Ыстамбұлдың губернаторынан бастап, ұлттық Парламенттің мүшелері, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Тұсаукесер туралы мақалалар, іс-шарадан түсірілген фотолар таралымы миллион даналық «ZAMAN» газетінен бастап бірқатар белді басылымдарға шықты, елдің басты телеарналарынан сюжеттер көрсетілді. Біз Түркиядағы танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Ыстамбұлдағы Мимар Синан Көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның сол жиыннан жазған мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Махмұт Қасымбековтің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған кітабының тұсаукесері Ыстамбұлда 27 наурыз, сейсенбі күні өтті. Оған Ыстамбұл қаласындағы мемлекет қайраткерлерімен қатар ғалымдар мен азаматтық ұйымдардың, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Тұсаукесер рәсімі жоғары деңгейде өтті. Оған жиналғандар жиырма жылда Еуразияның асқақтаған жұлдызы атанған Қазақстанның жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың көпшілік біле бермейтін адами ерекшеліктерімен танысты.
Бірінші болып мінберге осы кітап тұсаукесерін ұйымдастырып отырған ДА платформаcының төрағасы Харұн Тоқақ көтеріліп, түркі дүниесіне қатысты көптеген іс-шаралар өткізіп жатқандарын, бірақ солардың ішінде өзіне ең қатты ұнағаны кітап шығару ісі болғанын айтты. Ол түркі дүниесінен 100 кітапты түрік тіліне аударып шығару жобаларының бар екенін айта келіп, былай деді:
“Махмұт Қасымбековтің бүгін тұсаукесерін жасап отырған кітабы да осы жобадағы еңбектің бірі. Бұл кітап Қазақстан Президентінің жанында жылдар бойы бірге жүрген мемлекеттік қайраткердің қаламынан шығуымен де құнды. Әр елдің мықты президенттері болады. Ал Назарбаев болса, тек мықты Президент қана емес, ол, сонымен қатар дана тұлға және ұлағатты ұстаз. Бір адамның бір елді осыншама жыл табысты басқаруының басты себебі осы болуы керек.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп кітап оқыдым. Қасымбеков кітабының солардан өзіндік айырмашылығы бар екен. Өйткені ол бұл еңбекте ең алдымен Президенттің адамдық қасиеттерін әңгімелеп отыр. Мұндай кітапты жазу үшін Президент Кеңсесінің бастығы болу жеткілікті емес. Сонымен қатар өмір құбылыстарына терең талдау жасайтын ғалым, сезімтал қаламгер де болу керек.
Ел басшысының адамдық қасиеттерін көрсететін нақты мысалдар бұл кітапта көп. Соның бірі мынадай: Рим Папасының Қазақстанға сапары кезінде жасы егде тартқан рухани жетекші сөзін оқып жатқанда қолындағы қағазын түсіріп алады. Қағаз сусып барып, анадай жерге түседі. Өте ыңғайсыз бір жағдай болады. Мұндайды протоколдық кризис деп атайды. Сол сәтте Президент орнынан тұрып, жердегі қағазды алып, Рим Папасына береді. Сол сәтті кейін бүкіл әлемнің ақпарат құралдары көрсетіп шықты.
Көзіме түскен маңызды бір жайтқа тоқталуыма рұқсат етіңіздер. Елбасы тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде маңызды бір үндеу жариялап, шетелдердегі қазақтарды тарихи отанына оралуға шақырды. Сөйтіп, шетелдерден көптеген қазақ туған Отанына қайтуға мүмкіндік тапты. Сонда Өзбекстандағы бір ақсақал Қазақстанға көшіп бара жатқан қазақтарға: “Барыңдар, жолдарың болсын! Туған Отандарыңа барыңдар. Менің кәрі жүрегім сезеді, сендердің дана жетекшілерің бар. Ол келешектің жарқыраған жұлдызы болады. Сендер ол басқарған елде шат-шадыман, бақытты өмір кешесіңдер” деген екен. Айтқаны келгенін көріп отырмыз.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев былай деді: “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы елімізде және шетелдерде көптеген кітап жарияланды. Олардың барлығы Елбасын тек мемлекет қайраткері тұрғысынан таныстырады. Ал Махмұт Қасымбековтің кітабы болса, Елбасын оларға қоса көпшілікке беймәлім қырларымен көрсетеді. Кітапта баяндалғандай, Қазақстан халқы қиын-қыстау бір кезеңде ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Президент ел сенімін ақтап, Қазақстанды биік белестерге көтерді. Бүгін әлемде “Қазақстан жолы” деген ұғым орнығып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тек аймақ көлемінде емес, жаһандық көлемде де күшті мемлекетке айналдырды.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасының қасында болып келе жатқан Махмұт Қасымбеков белгілі ғалым. Ол еңбегін тек қазақ оқырмандары үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі оқырмандар үшін жазып отыр. Автор Қазақстан Президентінің Кеңсесінде ұзақ жылдар жұмыс істеді. Өзім сол Әкімшілікте хаттама ісіне жауапты жетекші болып 7 жыл істегенімде, Махмұт Қасымбековтің қандай жанқиярлықпен еңбек еткенін өз көзіммен көрген едім.
Махмұт Базарқұлұлы бүгін тұсаукесері жасалып отырған кітаптан басқа Елбасының сөздерінен құралған 16 томдық еңбектің жарық көруін де қамтамасыз еткен. Оның Президенттің жеке архиві мен мұражайын құруда да еңбегі зор. Бұлар ел тарихы үшін аса маңызды жұмыстар. Өйткені Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі сондай-ақ Қазақстан Республикасының да тарихы. Сондықтан оқырман М.Қасымбековтің кітабынан тек Елбасының ғана өмірімен емес, сонымен бірге республика тарихымен де танысады.
Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім Қазақстан Президенті жайлы жазылған кітаптар ішінде Қасымбеков кітабының орны ерекше дей келіп, сөзін былайша сабақтады:
«М.Қасымбеков кітабына “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” деп жақсы ат қойған. Расында да, Президент елін сүйеді, елі де Президентті сүйеді. Жалпы алғанда, Қасымбековтің кітабын оқып отырып, Елбасы туралы мынадай қорытындыға келдім.
Біріншіден, Елбасы - мемлекет құрған саяси тұлға. Мұндай саясаткерлер әлемде аз кездеседі. Бұл тұрғыда оны Ататүрікпен салыстыруға болады.
Екіншіден, Елбасы астана салды. Мұның маңызы зор. Өйткені бір кезде Горбачев, Солженицын сияқты бәзбір қайраткерлер Қазақстанның солтүстік облыстарының бізге тиесілігіне күмән келтірген еді. Мұндай сыпсың сөздер Астана салынғаннан кейін сап тыйылды.
Үшіншіден, Елбасы Қазақ елінің айналасындағы мемлекеттермен шекараларын анықтады. Бұл - керемет табыс. Мұнда Елбасының қызметі мен талантының рөлі зор.
Төртіншіден, Президентіміз халықаралық қоғамдастықта Қазақстан мемлекетінің беделін адам сенгісіз дәрежеге көтерді. Мұның барлығы Елбасының ерен еңбегі арқасында болып жатқан істер.
Бесіншіден, Қазақстан әлем тарихына ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болып енді. Сөйтіп, әлемдегі ядролық қарусыздану дәуірінің есігін алғаш рет ашты. Дүниежүзіндегі бір ғана мемлекет - Қазақстан, бір ғана саяси қайраткер - Нұрсұлтан Назарбаев мұндай шешімге бара білді.
Алтыншыдан, Елбасының ұзақ жылдардан кейін қайта табысуға мүмкіндік алған түркі мемлекеттері мен халықтарының саяси, мәдени және ғылыми тұрғыдан ынтымақтасу іс-шараларында рөлі зор болғанын әркім мойындап отыр. Сондықтан Түркия президенті Абдолла Гүл мырза оған «Түркі әлемінің көшбасшысы» деген атақ берді».
Сенатор сөзінен кейін мінберге «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов шақырылды. Тұсауы кесіліп отырған кітаптың шетелдерде, алдымен түрікше жарық көруі, әрі жарасымды, әрі заңды,- деді ол. Құдай қосқанды адам ажырата алмайды. Көк түріктерінің ұрпақтарын тарих жан-жаққа жұлқылап әкеткенімен, әсіресе, кейінгі үш ғасырда біз бодандықтың бұғауында өмір сүргенімізбен, сәт сағаты соққанда қайта табыстық. Біз Тәуелсіздік жариялаған күні бірер сағаттан кейін-ақ Қазақстанды Түркия таныды. Милли Меджлис жұмысын тоқтата тұрып, күн тәртібіне қосымша мәселе енгізіп, аз уақыттың аясында шешім шығарды. Бұл әлемдік дипломатия тарихында сирек оқиға болса керек. Байқап қарасаңыздар, Түркия мен Қазақстанның тарихында ғана емес, тағдырында да ортақтастық көп. Біз де сіздер сияқты екі әлемнің, екі құрлықтың, екі мәдениеттің тоғысқан тұсында тұрмыз. Бүгінде Еуропадағы алтыншы, әлемдегі он алтыншы экономиканың иесі болып отырған Түрік Республикасының өміршеңдігінің бір сыры осында. Біздің басшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені дегенде біз Елбасының екі әлемнің, екі құрлықтың, екі мәдениеттің ғана емес, екі қоғамдық құрылыстың - басымыздан кешкен социализм мен жаңа басталып жатқан капитализмнің, екі саяси жүйенің - тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің - жоспар мен нарықтың ортасынан қайнап шыққан, сол от пен судай кереғар жайлардан өзінің металлург мамандығына сай жаңа қоғам, жаңа жүйе, жаңа ел құйып жатқан бөлек бітімді тұлға екендігін айтамыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы саясаткер екендігі жайында көп айтуға да, аз айтуға да болады. Аз айтар болсақ, оның нақты дәлелі - біздің Елбасымызға Түркия астанасы Анкарада қойылған ескерткіш. Есілдің жағасында бар түріктің атасы Ататүрік бейнесін асқақтатқанда біз де ұлы тұлғаға осындай құрметімізді танытқан едік. Нұрсұлтан Назарбаев - Мұстафа Кемал Ататүріктің елі үшін жасаған ерлігін жалғастырған жасампаз саясаткер. Махмұт Қасымбековтің кітабын оқып шыққан түрік азаматтары осындай ойын орнықтыра түсетіні талассыз.
Кітап авторы - егемендіктің елең-алаң шағынан бері Елбасының сенімді серіктері қатарында келе жатқан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер. Ең бастысы - мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Махмұт Базарқұлұлымен осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын партияның Орталық комитетінің аппаратында қатар жұмыс бастаған, содан бері қанаттас келе жатқан адам, дос ретінде мен мұны сеніммен айта аламын. Елбасының Кеңсесін басқару, күнбе-күн алдын көріп, үздік үлгісінен үйрену, өрелі өнегесінен тағылым алу, талай-талай маңызды шешімдердің қабылдануына куәгер болу авторға мемлекет тарихының қалай жасалатынын нақты бақылау, сол тарихқа хал-қадірінше қатысу мүмкіндігін берген. Махмұт Қасымбеков ол мүмкіндікті қапысыз пайдаланған. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы әрбір қазақстандықты ел үшін, жер үшін, ел мен жердің игілігі жолында басын бәйгеге тігіп, аттан түспей жүрген ер үшін мақтаныш сезіміне бөлентеді. Осы арқылы отаншылдығымызды күшейтеді, болашаққа сенімімізді арттырады. Бұл кітапты оқу арқылы түрік жұртшылығы алыстағы ағайынның тәуелсіз мемлекет құру жолындағы жанқиярлық жұмысымен танысады, сол жолда елін бір асудан кейін бір асуға бекем бастап бара жатқан Елбасының еңбегін бағалай түседі. Кітап артықша ғылымиландырылмай, жөнсіз саясаттандырылмай, өте шынайы, жүрекпен жазылған, оның өн бойында Президенттің дара тұлғасын айшықты ашатын жанды мысалдар көп. Мұның өзі автордың саясаттанушылық пен қаламгерлікті әдемі қабыстыра білетіндігінің белгісі.
Бұдан соң мінберге саясаткер, мемлекет қайраткері Бүлент Қарашөл көтерілді. Ол: “1991 жылы Кеңес Одағы келмеске кетіп, 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды. Солардың бірі - Қазақстан. Міне, осыдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық шеруі басталды. Бұл кітап оның іс-қимылдарын жан-жақты баяндайды. Кітап Назарбаевтың неге бөлекше лидер екендігін бізге нақты көрсетеді. Кітапта Назарбаевтың 1991 жылғы төңкерістік әрекетке табанды қарсы тұруы баяндалған. Мұның аса зор және батыл демократиялық қимыл екені анық. Сонсоң оның Қазақстандағы барлық этностық топтарға ұлттық мәселелерде, әсіресе, ана тілдерін үйренуде, қолдануда еркіндік беруі - Батыс елдерінде де болмаған демократиялық қадам. Нұрсұлтан Назарбаев - нағыз демократияшыл лидер. Астананың ел ордасы жасалуы да ерекше іс. Жетекші өзіне-өзі бек сенімді болмаса, бұған бара алмайды. Семейдегі ядролық қару полигонын жабу да нағыз ерлік. Ол әлемдік бейбітшілікке, экологияны қорғап сақтауға үлкен үлес”, деп сөзін аяқтады Бүлент Қараша.
Түркия Парламентінің депутаты Исмайыл Сафи кітап туралы пікірін былай өрбітті: «Кітапта Мемлекет басшысының өмірі ғана емес, мемлекеттің тарихы да таныстырылады. Сонымен қатар Қазақстан Президентінің адами қасиеттері мен беймәлім қырлары ашып көрсетілген. Бұл кітап екі елдің байланыстарының нығаюына да үлес қосады. Бүгінгі таңда түркі дүниесінің аспанында жарқыраған екі жұлдыз бар. Біреуі - Азияның ең батысындағы Түркия, екіншісі - Азияның ең шығысындағы Қазақстан. Екі мемлекеттің жарығы Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміндегідей бүкіл түркі халықтарына нұр шашады деп ойлаймын”.
Ыстамбұл қаласының губернаторы Хусейін Авни Мутлы: “Бізді бүгін осындағы айтылған сөздер ғана емес, сонымен қатар бауырластардың басқосуы да толқытып отыр. Осында айтылған “Құдай қосқанды адам ажырата алмайды” деген сөз маған қатты әсер етті. Шынында да, Алланың қосқанын ешкім айыра алмайды. Біздің бауырластығымыз, достығымыз мәңгілік болады. Бүгінгі кітапты жазған және бізге аса құрметті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адами қырларын таныстырған Махмұт мырзаға алғысым шексіз. Кітаптың бас жағында айтылған “Қаншама мықты болсаң да, бір бауырыңның болуы бәрінен маңызды” деген сөз біздің бүкіл сезімдерімізді, ойларымызды қорытындылағандай. Бауырластықтың бүкіл күштерден маңызды күш екенін айтқан бұл сөз өте мәнді» деді.
Жиналыс соңында толқу мен тебіреніс үстінде екені байқалып тұрған кітап авторы Махмұт Қасымбеков мінберге шақырылды. “Дәл мұндай кездесу болады деп күткен жоқпын. Қарапайым шағын топпен кездесіп, кітап туралы әңгімелеп беремін деп ойлағанмын. Түрік бауырларымыз бізге ыстық ықыласын тағы да көрсетті. Сол үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Кітабымды түрік тіліне аударып, тұсаукесер жасап жатқандарыңыз үшін ең алдымен ДА платформасына, демеуші Туркуаз фирмасына, еңбек еткен бүкіл азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл ең алдымен қазақ халқына, ел басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіп отырған құрметтеріңіз деп білемін» деген автор мұнан кейін кітаптың жазылу себебіне тоқталды.
Мемлекеттік қызметте, Елбасының жанында жүріп осындай кітап жазғаныма кей адам таңданыспен қарайды. Ал дұрысында мұндай кітапты біз жазбағанда кім жазуы керек? Мен Елбасының қарамағында 1990 жылдың 4 сәуірінен бері жұмыс істеп келемін. Осы күндерде оған дәл 22 жыл толады. Әуел баста Президент Аппаратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанбыз. Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы елді дербес мемлекет болуға дайындай бастады. Сол тұста басшымыздың іскерлік қасиеттеріне талай рет куә болғанбыз. Одан бері талай су ақты, аппаратта да көп адам жұмыс істеді. Талайлар келді, талайлар кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен аппаратта жұмыс істеп жүргендерден қазіргі Әкімшілікте мен-ақ қалған сияқтымын. Басқалар түрлі жұмыстарға ауысты. Содан бері тапжылмай бір жұмыста отырмын. Сіздер осынша жылдың ішінде Түркияға алғаш келіп отырмын десем, таңданатын шығарсыздар. Шындығы солай. Менің қызметім сондай. Сыртқа шығатын, шетте жүретін жұмыс емес. Жұрт алдында суырылып сөйлеп жату да біздің міндеттің сипатына келе бермейді. Мен ата-бабаларымыздың көшпелі өмір сүргені, соған байланысты қағазға жазылған құжаттар көп сақталмағаны, мұның өзі елдің тарихын жазуға қиындық келтіретіні жөнінде көп ойланған едім. Сондықтан да өз билігіміз өз қолымызға тигенде мемлекеттілігіміздің деректі жазбаша тарихын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін анық сезіндім.
Ат жалын тартып мінген жылдарым егемендіктің елең-алаң шағына, тәуелсіздіктің таңсәрі шағына тұстас келгені, осы кезеңде жас мемлекетіміздің қаз басып, қалыптасуына хал-қадірімше араласқаным, тәуелсіз Қазақстан атты ғимараттың бір кірпіші болып қалануға ұмтылғаным, сол жұмысты халқымыздың бағына біткен дара да дана тұлғаның - еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен, үйрене жүріп, тағылым ала жүріп атқару мүмкіндігі маңдайыма бұйырғаны - баға жетпес бақытым. Мен сол бақыттың бағасын білдім дей аламын. Өйткені мен ол кісінің жай адам еместігін, шын мәнінде ұлы тұлға екенін өз көзіммен көріп келемін. Көптеген жылдар бойы Президент Кеңсесін басқарғандықтан, соған байланысты Елбасының алдына жиі кіретіндіктен, ол кісінің айтқан әңгімелерін көкірекке түйе жүрдім, жүйелі жазба жасап отырдым. Ақыр аяғында оларды жинақтап, жүйелеп, қалың жұртшылыққа жеткізуді парыз санадым. Президент үлгісінен үйренетін жайлар өте көп екеніне менің кітабымдағы нақты мысалдар дәлел болады деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде мен Елбасының адамдық қасиеттерін жақын тани алдым. Ол кісінің де жан-дүниесінде алай-дүлей бұрқаныстар болып жататынын, тәуелсіздіктің тағдыры үшін қандайлық сынақтарға түсетінін, қиналатынын, қуанатынын көрдім. Президент өзінің көрегендік саясатымен Қазақстанды ырысы артық, ынтымағы жарасқан елге айналдырды. Халықаралық саясатта үлкен жеңістерге қол жеткізді. Қазір қарап отырсаңыз, КСРО-ның бұрынғы республикаларының Қазақстаннан басқа бірде-бірінің көршілермен шекара мәселесі толық шешілмеген екен. Ал Қазақстан бұрынғы одақтас республикалармен ғана емес, Қытаймен де шекарасын дау-шарсыз шегендеп алды. Ресеймен шекара бекіту де оңайға түскен жоқ. Осының бәрінде Нұрсұлтан Әбішұлының даналық дипломатиясы жатыр. Елбасымыздың Астананы салуы өз бетінше бөлек ерлік. Президенттің жаңа қала тұрғызу жолындағы ізденістері, қиналыстары, ондағы әр құрылысқа қуануы да көз алдымда өтті. Мемлекеттің болашағын айқындайтын осындай ұлы істердің қалай атқарылатынын да оқырманға айтып бергім келді.
Менің бұл кітабым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған теңдесі жоқ ерлігін халыққа шынайы жеткізудің тағы бір талпынысы. Бұл туынды көпшіліктің, соның ішінде түрік ағайындарымыздың да көңілінен шығып жатса, азын-аулақ еңбегімнің ақталғаны деп білемін,- деді Махмұт Қасымбеков сөзінің соңында.
Тұсаукесер рәсімінен жеке өз басым да көп әсер алдым. Жалпы, бұл шара туралы түрік баспасөзіндегі және интернет сайттарындағы ақпараттардан түрік жұртшылығында кітапқа деген қызығушылық жоғары екені байқалды. Өйткені Қазақстанды жиырма жылда үлкен жетістіктерге бастаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы әркімнің-ақ білгісі келеді. Әсіресе, жетекшінің жеке қасиеттері, адами ерекшеліктері жайлы сөз болғанда мұндай қызығушылықтың арта түсетіні анық. Түрік тарихшылары арасында “түркі халықтары тарихты жасаған, бірақ тарихты жаза алмаған” деген мәтелге айналған сөз бар. Автор тарихты жазған, дей аламыз.
Екіншіден, француз ойшылы Вольтер “тарихшыларды жазғандары үшін емес, жазбағандары үшін жазалау керек” деген екен. Бұл - өте дұрыс сөз. Меніңше, тек тарихшыларды ғана емес, ұлы істердің басы-қасында жүріп, көрген-білгендерін жазбаған мемлекет қайраткерлеріне де сондай жаза қолдану керек. Бұл кітап Франция немесе Германияда жазылса, оған ешкім таңданбас та еді. Сондықтан бұл еңбек Қазақстанда жазылуымен құнды. Өзім кітапты оқыған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қасиеттерінің ашылмаған қырларының көп екеніне көзім жетті. Осы себепті, мұндай кітаптар әлі де жазылуы керек деп білемін. Бұл - тарихи жауапкершілік.
Мен Елбасының төңірегінде Махмұт Қасымбеков сынды мемлекет қайраткерлерінің жүргеніне қуанамын. Мәселен, Түркия президенті Тұрғыт Өзалдың көптеген қырлары ашылмай жатыр. Ал М.Қасымбеков Елбасының көпшілікке беймәлім қырларын кітапқа түсіру арқылы Қазақстанның тәуелсіздік тарихын зерттеушілер үшін баға жетпес құнды деректер қалдырып отыр.
Босфор жағасындағы бұл тұсаукесер осындағы қазақ қауымының мерейін көкке көтерді. Еліміз үшін мақтана түстік. Елбасымыздың қадірін бұрынғыдан да біле түстік.

Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының
докторы, Ыстамбұлдағы
Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=13344&Itemid=37

Пікір жазу