Іздеу
Наурыз 20, 2018
  • :
  • :

ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.

Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын - әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар  екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс - әдебиеттің тарихы.

Әдебиеттің тарихы - әдебиеттану ғылымының негізі болумен бірге көлемі жағынан ауқымдысы да, сондай-ақ шешімін күтіп тұрған проблемалары көбірегі де. Әдебиет тарихын жасау, оны дәуірлеу мәселесі әдебиетті зерттей бастаған кезден күн тәртібінде келеді. Сырт қарағанда, онда тұрған не бар, тарихты кезең-кезеңдерге бөліп, жаза берсе болмай ма деуге де болатын сияқты. Сөйтіп те келдік. Десек те заман өзгерді, заманмен бірге адам да жаңарды; қоғамдық сана өзгеріп, ғылым мен мәдениет дамыды.

Осының барлығы әдебиеттің, оның ғылымының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның бірі - әдебиеттің тарихын жаңаша дәуірлеу, тың деректер мен пікірлермен толықтыра түсу, бүгінгі таңдағы қоғамтану ғылымының жетістіктерімен қаруланған, ХХ1 ғасырдың жаңа адамының талғамын қанағағттандырып, толғандырар сұрақтарына жауап бере  алатын  толыққанды әдебиет тарихын қайта жасау.

ХХ1 ғасырдағы қоғамдық дамудың  өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі  адамзат қоғамының алдына мүлдем жаңа проблемалар қойып отыр. Батыста басталып, «бұл болмай қоймайтын, өркениетке апарар жол» деп, барынша насихатталып жатқан жаһандану жолындағы мәдениеттердің, әдебиеттердің  барлығын жалмап, жұтып, халықтарды ұлттық рухани тамырынан айырып, мәңгүрттендіру арқылы  бір оқ шығармай, әлемді бағындыру әрекетіне көшті.

«Мәдениеттер қақтығысының», сыпайылап айтқанда, «мәдениеттер тоғысының» негізгі соққысы ұлттық тілге, оның әдебиетіне бағытталып, әлемді алқымынан алып, халықтың жанды жерінен жаралап, рухын жоюда. Соның нәтижесінде Еуропаның батысындағы шағын ғана аралды мекендейтін 60 миллион ағылшынның тілін ана тілі санайтындардың саны 500 миллионнан, жалпы пайдаланушылар 1 миллиардтан асып, әлемнің 44 елінде мемлекеттік мәртебеге ие болып отыр (А. Кәрімұлы. Тіл майданы - біз үшін Отан соғысы. «Қазақ әдебиеті», 20-26.01.2012). Мұның барлығы басқа тілдердің, мәдениеттердің, әдебиеттердің жойылуы есебінен болып жатқандығы белгілі.

Қазіргі тіл майданы жүріп жатқан әлемде ұлттардың алдына не өмір, не өлім  проблемасы қойылып, қамдарын жасай бастады. Міне, осындай кездерде түбі бір түркі халықтары өздерінің жаһандануға жұтылып кетпеуі үшін де рухани жағынан бірігуінің маңызы зор. Ал бұл бірігудің бірден-бір жолы бағзы замандарда Алтайдың, Еуразияның кең сахарасында бірге жүріп жасаған, күні бүгінге дейін өзінің құндылықтарын жоғалтпаған, керісінше бүгінгі туысқан халықтардың бір-бірімен тату-тәтті, түсіністікпен өмір сүруіне көмектесетін рухани тамырларды тірілтуде, бүгінгінің кәдесіне жаратуда жатыр.

Әдебиет - руханияттың күре тамыры. Сондықтан да тегі бір, тілі бір халықтардың ерте кездердегі әдебиетін қайта қарап, бүгінгі әдебиеттану ғылымы жеткен жетістіктерді пайдалана отырып, жаңаша көзқараспен түркі бірлігіне қызмет ететін ортақ әдебиет тарихын жасау - кезек күттірмейтін мәселе.

Бұл - мәселенің бір жағы болса, екінші жағынан, күні бүгінге дейін өзіне лайықты насихатталып, бағасын ала алмай келе  жатқан дамыған түркілік әдебиетті тіпті өзімізге, одан қалды әлемдік оқырманға да насихаттау, таныстыру өз дәрежесінде емес. Оның ар жағында қоғамдық даму барысында түркілік мәдениеттің әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесін анықтау деген секілді ауқымды міндеттер тағы тұр.

Әрине, бұл - айта салуға оңай болғанымен, жүзеге асыруға, жазуға келгенде, күрмеуі көп, шешімін күтіп тұрған мәселелері жеткілікті шаруа. Қазір түрлі тарихи жағдайлардың әсерінен әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап, түрлі мәдениеттердің ықпалына ұшыраған  түркі тектес халықтардың жалпы саны 200 миллионның о жақ бұ жағында. Олардың ішінде тілінен, рухани тамырынан көз жазып қалғандары, болмаса соған жақын тұрғандары да бар. Міне, осындай жағдайдағы халықтардың тарихи негізді ортақ бай әдеби мұрасын жинақтау, нақтылай айтқанда, түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жазу - теориялық жағынан да, практикалық жағынан да бірсыпыра күрделі мәселелерді шешуді, қажыр-қайратты қажет ететін күрделі проблема. Бүкіл түркі халықтары түгілі бір ғана ұлттың әдебиет тарихын жасаудың өзі қаншама қиындықтар туғызатынын қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолдарынан-ақ байқауға болады.

Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау барысында есте боларлық бірнеше жағдайлар бар. Отаршылдықтың салдарынан түркі халықтарының көпшілігі күні кешеге шейін өздерінің шын мәніндегі ғылыми негізді әдебиет тарихын жасай алмай келді. Оған бір жағынан, түркі халықтарын қоғамдық дамудың төменгі сатысындағылар санайтын еуропацентризм ілімі кедергі келтірсе, екінші жағынан, ұлттық атаулыға қарсы кеңестік отаршылдық саясат мүмкіндік бере бермеді.  Соған қарамастан, КСРО құрамына кірген түркі халықтары өздерінің ұлттық әдебиетінің тарихын зерттеген ғылыми ізденістерін бір сәтке де тоқтатқан жоқ деуге болады. Нәтижесінде социалистік реализм принциптері негізінде жазылған әр ұлттың жеке өзіндік әдебиет тарихтары өмірге келді.

Кеңестік кезеңде өмірге келген әдебиет тарихтарын жазу барысында туындаған   түрлі ғылыми мәселелерді әр ұлт өзінше шешті. Әдебиет тарихтарын біреулері түркі халықтарының барлығына бірдей ортақ ерте кездерден бастаса, кейбіреулері кейінгі кездерді місе тұтты. Әдебиет тарихының келелі мәселелерін ғалымдар болып ойласып шешу, үйлестіру жағы жетісе бермеді.

Ортақ әдебиеттің ортақ мәселелерін әр ұлттың өзінше шешуі түркі халықтарының көпшілігі тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті күшейе түсті. Бұл айтылғандар негізінен, түркі халықтарының ортақ әдебиетіне қай дәуірлерді жатқызу, түркі халықтарының барлығына ортақ ірі әдеби тұлғаларды бір ғана ұлттың әдебиеті аясында қарап,  меншіктеу хақында  болып отыр.  Түркі халықтарының әдебиет тарихын жасауда осы сияқты толып жатқан мәселелер баршылық. Бұларды енді бұрынғыдай әр ұлт жеке-жеке шешпей, ғалымдар болып ойласа отырып, мәмілеге келетін кез келген сияқты. Мұндай мәселелердің нақтылы түрде дұрыс шешілуінде түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау септігін тигізбек.

Әдебиеттің негізгі екі жағы бар. Оның ең біріншісі және негізгісі әдебиетті әдебиет қылып тұрған оның ішкі жағы, яғни өнер ретіндегі көркемдік қасиеті болса, екіншісі - сол көркем әдебиеттің тууына, өмір сүруіне жағдай жасайтын,  тағдырын айқындайтын қоғамдық ортаның әсері. Әдебиеттің тарихын жасағанда, негізгі мәселе осы екі жағын да ескеріп отыру - аса маңызды. Осы бір күрделі мәселені таразының басын тең ұстай отырып, іс жүзінде  шешу қазақ әдебиетінің тарихын жасаушыларға да оңайға түспеген.

Болашақта жасалар түркі халықтары әдебиетінің ортақ тарихын жазуға кіріспестен бұрын ұлттық әдебиет тарихтарының жасалу жолдарын, тәжірибелерін қорытып, оның жеткен жетістіктерін пайдалану керек; жетпей жатқан жерлерін жеткізуді, қателіктерін жоюды, проблемаларын шешуді көп болып ойластырып, ортақ ұстанымдарға келу керек. Тарих - ұлы ұстаз. Сондықтан да тарихтың сабақтарын бүгінгі күннің талаптарымен, ғылыми жетістіктерімен ұштастыра отырып, жұмыс жасау алға көп міндеттер жүктейді.

Ортақ әдебиет тарихының зерттеу нысаны – алдымен, анықталып алынуы тиіс күрделі мәселенің бірі. Түркі халықтарының әдебиеті дегеніміз не, ұлттық әдебиет пен түркілік әдебиеттің ара жігі қалай, ортақ әдебиетке қай дәуірлер жатады, ұлттық, түркілік әдебиетке қандай әдебиетті жатқызып, негізгі өлшем ретінде тегі, жері, тілі сияқты өлшемдердің қайсысын аламыз деген секілді сандаған сауалдар ғылыми тұрғыдан жауаптар күтуде. Осы сияқты бірсыпыра мәселелердің дұрыс шешілуі қолға алынғалы отырған үлкен жұмыстың дұрыс бағытта жүруінің бірден-бір кепілі болмақ.

Осы уақытқа дейін түркілік ортақ әдебиетті бірлесе отырып зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойылмай, тек ұлттық әдебиеттің тарихын жасау жұмыстары жүріп жатыр. Осының салдарынан түркілік ортақ әдебиет пен ұлттық әдебиеттің бірге қарастырылуы тиіс көптеген мәселелері біржақты шешіліп келді. Ұлттық әдебиетті анықтауда көбіне территориялық принциптің  алға шығып отырғандығын байқаймыз.

Мысалы, ортағасырлық Әл-Фараби көп уақыттарға дейін өзбек әдебиетінің тарихында орын алып келсе, кейін туылған жері Отырар (Фараби) Қазақстанда болғандықтан да қазақ делініп жүр. Профессор Ә. Дербісәлінің зерттеуінше, Отырардан шыққан Әл-Фарабилердің ұзын саны отыздың о жақ, бұ жағында. Солардың барлығының да қазақ руханиятына қатысы бар деп есептейді. Жүсіп Баласағұнға қазақ пен қырғыз таласуда. Шу өзенінің бойындағы Баласағұн қаласында туылған ғұламаны қырғыздар қырғыз жерінде, қазақтар қазақ жерінде туылған деп дәлелдейді. Көрші жатқан екі халықтың Жүсіпке таласы аяғында Баласағұн қаласының қай елде болғандығы жайлы ғылыми пікірталастарға ұласты. Сонда бар мәселе Баласағұн қаласының қай жерде болғандығы анықталуына байланысты шешілетін сияқты. Осы сияқты орта ғасырларда жасаған Қ. А. Иассауи, М. Қашқари, Ә. Хорезми сияқты көптеген ірі қайраткерлер көбіне бір ғана ұлттың ауқымында қарастырылып, олардың күллі түркі жұртына ортақ ұлы тұлғалар екендігіне назар онша аударылмай келеді.

Белгілі бір әдебиеттің өкілдерін анықтағанда, оның шыққан тегіне мән береді. Мысалы, Әл-Фараби Отырарда туылғанының үстіне руы қыпшақ екендігі көрсетілгендіктен де, ал қыпшақтардың кейіннен қазақ ұлтының құрамына кірген негізгі ұлттардың бірі болғандықтан да қазақ деп жүр. Ал Қадырғали Жалайыри, Мұхамед Хайдар Дулати сияқты шыққан руын ата-тегі (фамилия) етіп алғандар да бар. Әзірше Жалайыриға талас жоқ, Өйткені жалайыр тайпасы тек қазақтың құрамында. Ал Дулатиға келсек, әңгіме - басқашалау.

Өткен (2011) жылы күзде Өзбекстанның Андижан қаласында Мұхамед Хайдар Дулатиға арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Дұрыс. Дұрыс емесі олардың тарихқа танымал Мұхамед Хайдар Дулати деген аты-жөнін өзгертіп, оны  Мырза Хайдар жасап, өзбек қылуы болды. Дәлелі: Дулати рудың аты, ондай фамилия болмайды, сондықтан оны алып тастау керек; туылған жері - Ташкент.  Тегіне келсек, дулаттар қазақтың құрамына кірген, қалайша ол өзбек болады; Дулати сол кездерде осы өңірде өмір сүрген түркі тектес халықтардың барлығына бірдей ортақ дегенге оның туылған жері қазіргі Өзбекстан екендігін алға тартып, пікірлерінен қайтпады. Тегіне келгенде, осындай дау-дамайлардың да шығып қалатындығы да бар.

Түркі халықтарының бір кездерде қытайлармен аралас-құралас өмір сүргендігі белгілі. Соңғы зерттеулердің барысында қытай деректерінен түркі тайпаларынан шыққан көптеген ақындар белгілі болды. Мысалы, қытай тілінде жазған қаңлы Пото-Дың (232-248), қаңлы Бұқым (1255-1300), қыпшақ Сағидолла (1272-?), дулат Хы-Тял-Тың (1247-1313), қыпшақ Сарын  т. б. сияқты бұрындары белгісіз болып келген ақындар шығып жатыр. Қытай әдебиетінің классигі саналып келген Ли Боның дулат руынан шыққандығын дәлелдеп, ақынның қазақ әдебиетінің тарихынан өзіне лайықты орнын алуы керектігін көтерген М. Оразбайдың пікірі кейіннен дау-дамайға ұласты. «Қытай әдебиетінде жүрген» тағы бір түркілік ақын  Кан Мен Эрдың тағдыры да осылай болды.

Әдебиеттің негізі – тіл. Шығарма қай ұлттың тілінде жазылса, сол ұлттың әдебиетіне жататындығы дау тудырмайды. Қай халықтың болмасын, ұлттық әдебиетін сол ұлттың тілінде жазылған туындылар құрайды. Түркілік әдебиеттің негізгі өлшемі де – осы. Десек те бұл қалыпқа сия бермейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Жоғарыдағы тегіне қарай түркі әдебиетіне жатқызылып жүрген ақындардың қытай, араб тілдерінде жазғаны белгілі. Әдебиет ұлттық мәдениеттің, рухтың көрінісі болса, басқа мәдениетке, рухқа сай тілде жазылған көркем шығарманы  авторының тегіндегі әдебиетке жатқыза аламыз ба? Ақын жазушы қай тілде жазса, сол ұлттың сөз өнеріне үлес қосып, ұлттық рухына, мүддесіне  қызмет ететіні белгілі.   Әлемдік әдебиетте қаламгер қай тілде жазса, сол тілдегі әдебиеттің өкілі деп қараушылық басым. Бұл мәселені біз қалай шешуіміз керек? Отаршылдық саяаттың «жемісі» ретінде соңғы кезеңдерде орыс, қытай  тілінде жазатын қазақ қаламгерлері шыға бастады.  Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» соңғы кітабында «Қазақстандағы орыс әдебиетіне» арнайы тарау арналды.

Міне, осы тақілеттес сандаған сауалдар әдебиет тарихының тереңіне бойлаған сайын мен мұндалап көбейе түседі. Сондықтан да мұндай мәселелердің әлемдік әдебиет тарихтарында қалайша шешімін тауып жүргеніне назар аударып, ғылыми негізді бір шешімдерге келу керек. Олай болмаса, аяғы таусылмайтын дауларға ұласып кетуі мүмкін.

Әдебиет тарихының негізгі зерттеу нысаны - белгілі бір дәуірдің әдеби өмірі.  Ал әдеби өмір (процесс)  дегеніміз, белгілі бір дәуірдегі әдебиеттің тұтастай күйіндегі тарихи өмір сүруі, дамуы күйіндегі аса күрделі  жай-күйі. Ал әдеби өмірді жекелеген қаламгерлер, олардың шығармалары, ол шығармаларды оқырмандардың қалай қабылдағаны жайлы пікірлер, әдеби, немесе әдебиетке қатысы бар оқиғалар құрайды. Әдебиет тарихын зерттеуші бұдан талай замандар бұрын өтіп кеткен дәуірлерге үңіліп, әдеби өмірде болып өткен елеулі оқиғаларды, фактілерді електен өткізіп, негізгілерін анықтау үшін әдеби өмірдің даму бағытын белгілеген басты оқиғаларды, негізгі ағымдарды сол дәуірдің саяси-әлеуметтік, мәдени аясында  ашып көрсетуі тиіс.

Қазандай қайнап жататын әдеби өмірдің басты тұлғалары сол әдебиетті жасау жолында еңбектеніп, күресіп жатқан – қаламгерлер. Әрбір дәуірдің әдебиетін сол кезде дүниеге келген әдеби туындылар, сөз өнерінің соңында жүрген ақын-жазушылар жасайды. Замана ағымын дөп баса білген дарын иесі сол дәуір қажетсініп отырған зәру мәселені дер кезінде шеберлікпен көтеріп, «мода» болуы мүмкін; не керісінше, қанша дарынды болғанымен де, айтқаны асыл болса да саяси-әлеуметтік өмірде болып жатқан түрлі жағдайлардың салдарынан не бір құнды шығармалар қабылданылмай, түсінілмей қалуы, өзінің танылар таңын күтіп, ұзақ уақыт жатып қалуы мүмкін. Әдебиет тарихында жиі кездесетін мұндай жағдайлар әдебиет тарихын зерттеушінің әрдәйім есінде боларлық жәйт.

Әдебиеттің тарихы - осы уақытқа дейін әдебиеттің әр дәуірлерінде өмір сүріп, артына өшпес мұра қалдырған ақын-жазушылардың хронологиялық тұрғыдан жүйеге түскен шежіресі де. Шын мәніндегі әрбір дарын иесі бұрынғы ұлттық дәстүрді жаңаша жалғастырып, әдебиетке жаңа стиль, жаңа бағыт, жаңа форма, жаңа идеялар  әкеліп, тұтастай бір әдеби мектепке айналады. Әдеби өмірде мұндай әдеби бағыттар бірнешеу болып, қатарынан қанаттаса дамып, не болмаса, араларында әдебиетке көшбасшылық үшін қым-қиғаш күрестер жүріп жатуы  мүмкін. Сондықтан да әдебиет тарихшысы әдеби дәуірлерді зерттегенде, осы мәселелерге назар аударып, әдеби ағымдардың ішіндегі басты даму бағыттарын айқындай түсіп, соның басы-қасында жүрген көрнекті әдебиет қайраткерлерінің әдеби дамуға қосқан үлесін анықтауға күш салуы тиіс.

Әдебиет тарихын зерттегенде, ылғи да назарда болуға тиіс мәселенің бірі - әдеби жанрлар. Әдебиеттің бірден пайда бола салмағаны әлімсақтан белгілі. Әдебиет дегеніміз – жанр. Әдебиет ғасырлар бойы жанрлық тұрғыдан дамып, бүгінгі биікке жетті. Демек, әдебиеттің дамуы дегеніміз, оның жанрлық тұрғыдан жетілуі екен. Сондықтан да әдебиеттің тарихын зерттеуші қарастырып отырған дәуіріндегі әдеби жанрлардың жай-күйін барлық уақытта назарда ұстап отырғаны лазым.

Әдеби жанрлар бірден пайда бола қалған жоқ. Әдебиет тарихының ежелгі дәуірінің әдебиеті деп жүргеніміздің көпшілігі біздің бүгінгі әдебиет туралы ұғымымызға, әдеби қалыптарға сай келе бермейді. Сөз өнерінің ең көне үлгілері қатарында тасқа жазылған сына жазулары, шежірелер, шіркеулік жазбалар, хаттар, тарихи деректер сияқты үлгілер алынып жүр. Бұлар кейін ұзақ даму жолдарынан өтіп, бүгінгі профессиональды әдебиет дәрежесіне жеткен. Сондықтан да әдебиет тарихшысы белгілі бір дәуір әдебиетін зерттеу барысында  оның жанрлық, яғни көркемдік  жағынан қаншалықты деңгейде екенін анықтап отыруы лазым.

Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихының негізін жекелеген ұлт әдебиеттерінің тарихы құрайды. Сондықтан да алдымен, ұлттық әдебиет тарихтарын жасау мәселелері дұрыс шешілуі керек. Әрбір ұлт әдебиет тарихының өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, тәжірибелері тиянақталуы қажет. Осылардың негізінде түркі халықтары әдебиетінің ортақ әдебиет тарихын жасаудың теориялық, практикалық  мәселелері  айқындалып,  толық шешімін табатын болады.

Сонымен, түркілік ортақ әдебиет тарихын жасаудың негізі – ұлттық әдебиет тарихтары. Соның бірі қазақ әдебиетінің тарихын жасау да ұзақ та, күрделі ауыр жолдардан өтті. Қазақ әдебиетінің  тарихын зерттеудің алғашқы кезеңдерінде ұлттық әдебиеттің бар екендігін де дәлелдеуге тура келген. Әдебиеттің тарихы ұлттық әдебиеттің өткен даму жолдарын, нақтылай айтқанда, сөз өнерінің қайнар бастауларынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи дамуын, дамудың жетекші заңдылықтарын, ондағы жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылықтарын зерттейтін әдебиеттану ғылымының бір саласы дейтін болсақ, оның алғашқы сілемдері Х1Х ғасырда Ш. Уәлихановтың еңбектерінде («Қазақ халық поэзиясының түрлері» атты мақаласы, Жанақ, Орынбай, Шөже туралы айтқандары, т. б.) көрінсе, ХХ ғасырдың алғашқы жарымында біртіндеп  қалыптаса бастады.

Қазақ әдебиеттану ғылымы алғашында өткен кездерде жасалынған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары жайлы әртүрлі деңгейде айтылған пікірлер түрінде өмірге келді. Түрлі мақсатта көрінген  В. В. Радлов, П. М. Мелиоранский, А. Е. Алекторов, Н. И. Ильминский, Г. Н. Потанин, А. Янушкевич, Ә. Дибаев секілді жат жұрттық ғалымдардың қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзиясы хақындағы құнды пікірлерінің болашақта жасалынар әдебиет тарихы үшін маңызы айтарлықтай болды. Әдетте, әрбір ұлт өзінің ұлттық тарихын, әдебиетін, өнерін негізінен өзі зерттейді. Ал қазақ әдебиетінің тарихын жасаудың алғашқы кезеңінде оған басқа ұлт өкілдерінің араласуының бірнеше себептері болса, соның ең негізгісі әдебиетті зерттейтін  ұлттық кадрларымыздың жоқтығы еді.

ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей империясында бұрқ-сарқ қайнап жатқан саяси оқиғалар қазақ даласына да жетіп, ұлт-азаттық қозғалыс өріс алды; ұлттық сана-сезім оянып, ұлттың ұлт болып өмір сүруіне негіз болатын рухани таяныштар ізделіне бастады. Рухсыз ұлттың басқа халықтармен терезесі тең өмір сүре алуы - неғайбыл. «Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт» (М. Дулатов. «Қазақ», 1915, №155). Сондықтан да қазақтан шыққан зиялы азаматтар мамандықтары басқа болғандықтарына қарамастан, халықтың ұлттық сана-сезімін ояту, қалыптастыру  мақсатымен, қазақтың азаматтық тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуді өз қолдарына алды. Осы кездерде                                    Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Х. Досмұхамедовтің,              С. Торайғыровтың, М. Жұмабаевтың, Ж. Аймауытовтың,  С. Сәдуақасовтың,                 М. Әуезовтің, Р. Мәрсековтің, Қ. Кемеңгеровтің, Ы. Мұстамбаевтың,                              С. Қожановтың, С. Сейфуллиннің, т. б. «Қазақ», «Айқап», «Сана», «Лениншіл жас» секілді басылымдарда жарияланған материалдарында қазақ әдебиетінің тарихын жасауға тікелей қатысты алғы шарттар жасалынды. Бұларды болашақта жасалар  әдебиет тарихының дайындық материалдары, яғни «шикізаты» деуге болады.

1917 жылғы Қазан төңкерісі әлемге жаңа заманның басталғанын жариялады. Революция Ресей империясындағы барлық езілген халықтарға азаттық, теңдік әкеледі деген үміт ақталмай,  орыс отаршылдығы жаңаша формада, социалистік мазмұнда күшейе түсті. Бодандықтың салдарынан саяси-экономикалық, мәдени-әдеби салаларда кенжелеп қалған халықтарды маркстік-лениндік ілімге сүйене отырып, қоғам дамуының капиталистік сатысынан өтпеген, артта қалған, халық ретінде пісіп жетілмеген, әлі ұлт болып қалыптаспаған, ұлттық тарихы, әдебиеті жоқ  бұратаналар санап, біз олардың ұлт болып ұйысуына, яғни социалистік ұлт болып шығуына көмектесеміз деген, түптің түбінде басқа ұлттардың жойылуына, ұлтсыздандыруға апаратын құйтұрқы саясат күшейе түсті.

Міне, осындай ұлт тағдырына қауіп төнген кезде Ресей құрамындағы түркі тектес ұлттардың зиялы азаматтары өздерінің де басқалар сияқты ұлт екендігін дәлелдеу мақсатымен азаматтық тарихын, ұлттық әдебиетін, мәдениетін іздей бастады. Қазақтың да бұрыннан келе жатқан ұлт, дамыған ұлттық әдебиеті, мәдениеті бар халық екендігін дәлелдеп, жазылған мақаланың бірі  С. Сәдуақасовтың «Қырғыз әдебиеті» («Трудовая Сибирь», 1919, №1) тақырыбындағы тарихи-сыни очеркі болды. Орыс тілінде жазылған мақаланың негізгі мақсаты қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті төмен деп түсінетін орыс оқырмандарына өткен дәуірлерде ұлттық әдебиеттің, әсіресе ауыз әдебиетінің дамыған, бай түрі болғандығын, оның өзгелерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін таныстыру болған. Смағұл қазақтың жазба әдебиетінің тарихын Мәшһүр Жүсіптен, Абайдан бастаған. Қазақ әдебиетінің ірі өкілдері ретінде М. Дулатовтың, А. Байтұрсыновтың, М. Жұмабаевтың, С. Дөнентаевтың, Ғ. Қарашевтің, Ш. Құдайбердиевтің, С. Торайғыровтың, А. Мәметовтің, С. Сейфуллиннің, т. б. шығармаларын талдап, сипаттамалар берген.

Осы кездерде  бұрындары қазақ әдебиеті болды ма, болса, қай кезден бастап бар деген мәселе көтерілді. Отаршылдар негізінен, қазақтарда шын мәніндегі әдебиет болған жоқ деген таптық ілімге сүйенген бағытты ұстанса, ұлтжанды қазақ зиялылары әдебиет болғандығын дәлелдеуге кірісті.                              М. Жұмабаев 1923 жылы қазақта бұрындары дамыған әдебиет болмаған дегендерге қарсы «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұщқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмытылған, желдей өскен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ қалған» (М. Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 340-бет) – деп, өткен замандарда жасалынған әдеби мұрамыздың ұмытылып бара жатқандығына жұртшылық назарын аударды.

Ұлттық дамудың әдебиеттегі рухани тамырларын үзіп тастау мақсатымен жүзеге асырыла бастаған пролетарлық мәдениет бағытына қарсы Мағжан 1924-1926 жылдары  «Алқаның» бағдарламасын дайындады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ж. Тілеулин, С. Дөнентаев, М. Әуезов, С. Сәдуақасов, Е. Омаров, С. Қожанұлы, Е. Алдоңғарұлы, Ж. Сәрсенбіұлы сияқты қазақтың біртуар алашшыл азаматтары қолдаған бағдарламада да бұрындары қазақ халқының бай әдебиеті болғандығын дәлелдей түскен. Мағжан әдебиеттің деңгейі қоғамдық дамумен тікелей байланысты болуына орай феодалдық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының әдебиеті де төмен деген пікірдің сыңаржақ екендігін айта келіп, «техника мәдениеті тіпті төмен болғанымен», «өзінше терең әдебиеті болған һәм бар» деп дәлелдеді. Дәлелге «кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай білген шын жыраулар екенін» алға тартты. Осында ол қазақтың ұлы ақыны Абайдың поэзиясын аса жоғары бағалады.

Келтірілген мысалдардан қазақ әдебиетінің тарихына қатысты алғашқы зерттеулердің алдымен, ұлттық әдебиеттің ғасырлар бойы дамып келе жатқан бай тарихы бар екендігін дәлелдеуден басталғандығын көреміз. Қоғамдық  өмірде үстемдік құрған таптық идеологияны әдебиет пен мәдениетке де қолданып, тұрпайылықпен жүзеге асыра бастаған кездерде оған қарсылық ретінде айтылған осы сияқты пікірлердің болашақта жасалар қазақ әдебиетінің тарихы үшін саяси жағынан да, ғылыми жағынан да практикалық маңызы аса зор болды. Саяси қудалауларға қарамастан, алашшыл азаматтар халықтың болашағы үшін ұлттық әдебиет тарихын жасаудың аса қажеттілігін, оны қай бағытта жазу керектігін батыл көрсетіп берді.

Қазақ әдебиетінің бастау бұлақтарын анықтау, тарихын кезеңдерге бөлу жолындағы ізденістерде қазақ әдебиеттану ғылымы ұзақ жолдардан өтті. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай қазақ әдебиетінің өткендегі даму жолдарын зерттеп, дәуірлерге бөліп, ғылыми жүйеге түсіруге ұмтылған еңбектер көріне бастады. А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926)  қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыдан тұтастай алып, теориялық, тарихи тұрғыдан зерттеудің жолдарын алғаш рет жүйелеген  еңбек болды. Мұнда жалпы әдебиетті ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп екіге бөліп, ары қарай тағы да іштей түрлерге, жанрларға жіктеген. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихын «діндар дәуір», «ділмар дәуір», «сындар дәуір» аталған кезеңдерге бөлген. Діндар дәуірге араб, парсы үлгісіндегі діни бағыттағы әдебиетті, ділмар дәуірге орыс әдебиетінен өнеге ала бастаған кезден бергіні, сындар дәуірге Абайдан кейінгі кезді жатқызған. Мұнда әдебиеттің тарихын кезеңдерге бөлуге алғаш рет әрекет жасалынып, ғылыми ұстаным ретінде хронология емес, әдебиеттің негізгі бағыты, мазмұны, сыйпаты алынғандығы көрінеді.  Сөйтіп, А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөліп, оны дәуірлеудің өзіндік принциптері ұсынылды.

1927 жылы М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» шықты. Кітап осылайша аталынғанымен де онда негізінен қазақ халқының ауыз әдебиеті қарастырылған. Мұнда ауыз әдебиетіне анықтама беріліп, сыршылдық салт өлеңдері, әңгімелі өлеңдер (батырлар әңгімесі, ел помасы, тарихи өлеңдер), айтыс-тақпақ, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ түрлеріне жіктелінген. Әдебиеттің тарихын әңгімелегенде,  Х1Х ғасыр  әдебиетін «зар заман» әдебиеті атаған. Қазақ әдебиетінің тарихын Асан Қайғыдан бастап, Бұқар, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Ыбырай, Ығылман, Абай, Нармамбет сияқты ұлт мүддесін жырлаған ақындардың шығармашылықтарын жоғары бағалаған. Ұлт-азаттық күресті жырлаған ақын-жыраулардың поэзиясын насихаттады деген айыппен «Әдебиет тарихы» жарық көре салысымен «қамауға алынды».

Халел Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиетінде» (1928, орыс тілінде) ауыз әдебиетінің табиғаты, жазба әдебиеттен ерекшелігі, халық өмірімен байланыстылығы кеңінен әңгімеленді. «Халық әдебиетінің қайсы бір үлгі нұсқасының із-түзсіз жойылып кетуі мәдениетіміз үшін орын толмас өкініш болмақ» деп білген Халел қазақ ауыз әдебиетінің 46 түрін көрсетеді. Тәуелсіздік алғанға дейін фольклористика ғылымында қазақ ауыз әдебиетінің он шақты-ақ түрі ғылыми айналымда болып келгенін ескерер болсақ, Х. Досмұхамедов зерттеуінің мәні мен маңызы толығырақ түсініледі.  Халелдің Махамбет, Мұрат, Шортанбай туралы зерттеулері кейіннен қазақ әдебиетінің тарихын жасау кездерінде кірпіш болып, қаланды десе де болғандай.

Қазақ әдебиетінің өткен кездердегі тарихын зерттеу істерінде С. Сейфуллин айтарлықтай еңбек сіңірді. Ол жиырмасыншы жылдардың соңына қарай баспасөз бетінде  ауыз әдебиетін, әдеби мұраны жинауға үндеген бірнеше хат-мақала жазды. Нәтижесінде «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Қазақ әдебиеті» (1932) өмірге келді. Профессор Т. Кәкішевтің дәлелдеуі бойынша, С. Сейфуллин қазақ әдебиетінің тарихына арнап бірнеше кітап жазуды жоспарлаған. Бізге жеткені соның екеуі ғана.

Сәкен қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі дәуірін сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайына орай, үлкен екі кезеңге бөледі: 1). «билер дәуірі», 2). «орыс патшасына бағынған дәуір». 1932 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінде» осының алғашқы кезеңі «билер  дәуірінің» әдебиеті ғана қамтылған. Мұнда негізінен қазақтың ауыз әдебиеті түрлерге, жанрларға жіктеліп, қарастырылған.  «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» хрестоматиясына Бұхар, Балқы Базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Сералы, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді ақындардың өлең, айтыстары енген. Бұлардың біразы баспа бетін алғаш рет көрсе, ал енді кейбіреулері күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін «жабық» болып келді. Сөйтіп Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», «Қазақ әдебиеті» атты еңбектері  ұлттық әдебиеттің тарихына тұңғыш рет хронологиялық, хрестоматиялық жүйемен желі болып тартылып, қазығы болып қағылды.

ХХ ғасырдың бірінші жарымындағы қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі, социалистік реализм әдебиетінің ту ұстаушыларының бірі С. Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу істеріне аса қомақты үлес қосты. Жазушының әдебиет тарихына қатысты зерттеулерін іштей жіктесек, ХУ111-Х1Х ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті болып келеді.  Сәбит қазақ әдебиетінің тарихын ХУ111 ғасырдан бастап зерттеген. Оның себебін осыған дейінгі ақындардың аттары жөнді сақталмағандығымен, «белгілі дәуірде жасаған ақын бар, ол ақынның белгілі шығармасы бар ғасыр қазақ әдебиетінің тарихында ХУ111 ғасыр» болғандығымен түсіндіреді. Сонан соң бұл дәуірдің әдебиетін «қазақ халқының тәуелсіздігін қорғау жолындағы күресін сипаттайтын әдебиет» деп анықтаған.

С. Мұқановтың «ХУ111-Х1Х ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы» көлемді зерттеуі алдымен, «Халық мұғалімі» (1941, №6-12) журналында жарияланды. Автор осы кездің әдебиетін 1) ұлт бостандығы үшін күресудің әдебиетке әсері, 2) «Зар заман» әдебиеті, 3) ақын және айтыстар, 4) шығыс әдебиетінің әсері, 5) просветительдік әдебиет деп, жіктеп қарастыруды жоспарлаған. Кейін кітап болып шыққанда, біраз өзгерістер байқалады. Алдымен, кітап «Қазақтың ХУ111-Х1Х ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942) аталған.  Бірінші тарау «Бостандық күресі»,  екіншісі «Зар заман», үшіншісі «Айтыс туралы» болып өзгеріп, бастапқыда жоспарланған «Шығыс әдебиетінің әсері», «Просветительдік әдебиет» тараулары кітапта жоқ.

Кітаптың «Бостандық күресі» тарауында Бұхар жыраудың, Сырым Датұлының, Махамбет Өтемісұлының өлеңдеріне, Жанқожа батыр, Кенесары-Наурызбай туралы жырларға, «Бекет батыр» дастанына тоқталған.  Автор зар заман әдебиетін Асан қайғыдан бастап, оның өкілдері ретінде Бұхар жырау, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Ыбырай Алтынсарыұлы, Нармамбет, Шернияз, Досқожа, Күдері, Нысанбай, Ығылман сияқты ақындарды атап, өлеңдеріне талдаулар жасайды.

Сәбит Мұқановтың қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың, ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың өмірін, шығармашылығын зерттеп, іргелі зерттеулер жазғаны белгілі. Бұл еңбектер қазақ әдебиетінің тарихына қосылған сүбелі үлес болып, өзінің ғылыми құндылығын күні бүгінге дейін жойған жоқ.

Қазақ әдебиетінің тарихын жасауда күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін «ақтаңдақ» болып, шешімін таппай келген кезең – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті болатын. Міне, осы бір саяси күрмеуі күрделі тақырыпқа алғаш рет жол салып,   ғылыми тұрғыдан ерлік жасаған С. Мұқанов болды. Оның 1932 жылы шыққан «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне» «1 бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі» деген қосымша ат берілуі автордың кеңестік кезеңге арнап та жеке кітап жазбақ болғанын аңғартады. Кітап негізгі екі бөлімнен тұрады. «Ұлт деген  не?»,  «Ұлтшылдық неден шығады?»,  «Қазақтың ұлтшыл оқығандары», «Ұлтшылдықтың өркендеуі», «Алашорда» тараулары құрайтын бірінші бөлім түгелдей ұлт, ұлтшылдық мәселелерін сол кездің идеологиялық ауқымы аясында түсіндіруге арналған. «Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары аталған екінші бөлімде алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдері А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, О. Қарашұлының, М. Жұмабаевтың, С. Торайғыровтың, С. Дөнентаевтың, Б. Күлеевтің, М. Әуезовтің, Ж. Аймауытовтың шығармашылықтары жеке-жеке қарастырылады.

Таптық күрестің барынша күшейіп тұрған отызыншы жылдардың бас кезінде жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде» таптық ілімнің әдеби мұра туралы ұстанымдары айқын көрінеді. Тіпті екі бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі, яғни тең жарымы сол кездің саясатында «модный» боп тұрған «ұлтшылдықтың» зиянды екендігін «ғылыми тұрғыдан» барынша дәлелдеуге күш салып, соның дәлелін қазақ әдебиеті арқылы көрсетуге тырысқан. Автор алашордашыл жазушыларды «ұлтшылдар» деп, сынайды. Ол кездің саяси өлшемі бойынша, ұлтшылдан өткен қаскөй адам болмайтын. Ал енді «ұлтшылды» бүгінгі отанын шын сүйетін патриот ұғымында түсінер болсақ,  кітапта алашшыл қалам иелеріне дұрыс баға берген деп те қарауға болады.

Сәбит алашордашыл ақын-жазушыларды идеялық жағынан халыққа жат деп, сынап отырғанымен де шығармаларының көркемдік жағына келгенде, аса құнарлы пікірлер айта білген. Мысалы, Мағжан туралы «Ақындық жағына келгенде, Мағжан қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа үлгісін шет-пұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика)  басым келеді. Мағжан қазақ әдебиетінде бейнешіл (символист) ақынның орнын алады» - деген пікірі күні бүгінге дейін өзінің құнын жоя қойған жоқ.

М. Баталов пен М. Сильченко 1933 жылы шыққан «Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе» деген кітабында қазақ әдебиетінің тарихын Ыбырай мен Абайдан бастады. Онда да Ыбырайды орыс миссионерлерінің ықпалында болды, Абай феодал ақыны деп, сыңаржақтыққа ұрынды.

Е. Ысмайылов қазақ әдебиетін 1) қазақтың фольклоры, 2) ХУ111-Х1Х ғасырдағы қазақ әдебиеті, 3) ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жүйесінде қарастыруды ұсынды (Е. Ысмайылов. Қазақ әдебиетінің тарихын жасау туралы. «Социалистік Қазақстан», 03.09.2021).

Соғысқа дейінгі дәуірдегі әдебиеттің тарихына, оны дәуірлеуге қатысты ізденістер мектепке арналған оқулықтар жазу, хрестоматиялар құрастыру барысында да жүріп жатты. І. Жансүгіров пен Ғ. Мүсіреповтің «Көркем әдебиет жинағы» (орта мектептің 6-оқу жылы үшін, 1933), М. Жолдыбаев, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаевтың «Х1Х ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу құралы» (7-жыл оқу үшін, 1933), С. Сейфуллин мен Ө. Тұрманжановтың «Көркем әдебиет» (5-оқу жылы үшін, 1934), Е. Ысмайылов пен Т. Ақшолақовтың «Әдебиет хрестоматиясы» (1939) секілді оқулық, оқу құралдарында әдебиеттің тарихын дәуірлерге бөліп, ұсына бастады.

Соғысқа дейінгі дәуірде қазақ әдебиетінің тарихын игеруге қатысты біршама жұмыстар атқарылып, енді соларды ғылыми тұрғыдан жүйелеу, ғылыми түрде бір ізділендіру міндеті алға шыға бастады. Әдебиет тарихын дәуірлеудің  бірнеше үлгілері ұсынылып, пікірталастар жүре бастады.

Қажым Жұмалиев он сегізінші-он тоғызыншы ғасырлардағы қазақ әдебиетінен диссертация қорғап (1941), қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан, яғни ХУ111 ғасырдан бастауды ұсынды.  Бұқарға дейінгі қазақ әдебиетінің барлығы - ауыз әдебиеті; «ХУ111 ғасырдың екінші жартысы, Х1Х ғасырдың бас кезінен бері қарай тарихта бірінші рет аты мәлім, шығармалары да өзінің атымен сақталған ақын – Бұқар жырау. Біз қазақ әдебиетінің, жазба әдебиетінің тарихының басы Бұқар жырау дейміз» мазмұндағы  осы концепциясын «Қазақ әдебиеті» (1941), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1948), «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (2 томдық. 1 том, 1958; 2 том, 1960) сияқты іргелі  еңбектерінде жалғастыра түсті.

Осы мәселеге орай, профессор Бейсенбай Кенжебаев арнайы мақала жазып, қазақ әдебиетінің тарихын төмендегіше дәуірлеуді ұсынды:

«Бірінші – қазақ хандығы тұсындағы әдебиет. Яғни, ХУ111 ғасырдың ақырына дейінгі әдебиет.

Екінші – Х1Х ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиет.

Үшінші – Х1Х ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет.

Төртінші –ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылындағы әдебиет.

Бесінші – Кеңес әдебиеті»

(Б. Кенжебаев. Қазақ әдебиетінің тарихы туралы. «Социалистік Қазақстан», 15.06.2021). Б. Кенжебаевтың бұл дәуірлеуінде бұрынғыларға қарағанда, көп ілгерілеу бар. Соның ең бастысы -  қазақ әдебиетінің тарихын ХУ ғасырдан, яғни қазақ хандығы құрылған кезден бастау керек деген ұсынысы. Бейсекеңнің ұлт бар жерде оның әдебиеті де бар деген ұстанымды басшылыққа алып, қазақ әдебиетінің тарихы қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан кезден басталады деуі сол тұстағы қазақ әдебиеттану ғылымы үшін үлкен жаңалық, үлкен ілгерілеу болды.

Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған «Әдеби мұра және оны зерттеу»  (1959) атты ғылыми-теориялық конференция қазақ әдебиетінің тарихын, оның елеулі өкілдерін зерттеуде айтарлықтай оқиға болды. Десек те орталық мәселе қазақ әдебиетінің тарихын қай кезден бастаймыз дегенде, бұрынғы таптаурын пікір тағы да басым түсті.  Қазақ әдебиеттанушыларының төрт көзі түгел жиналған осы бір алқалы жиында Бейсекең бұрынғы пікірін тереңдете түсіп, одан да арыға кетіп, қазақ әдебиетінің тарихын У11-У111 ғасырлардан бастау керек деген ұсынысты ортаға салды. Қазақ әдебиетінің тарихын бұлайша дәуірлеу бір жағынан, сол кездегі идеологиялық канондарға сыя бермейтін болса, екінші жағынан, бұған қазақ әдебиеттануының, оның әдебиетші ғалымдарының өресі жете бермейтін; ең соңында мұндай концепцияны қабылдауға қазақ әдебиеттанушылары дайын емес-тұғын. Конференцияның барысында әдебиетіміздің өткен тарихы жайлы құнды пікірлер білдірген М. Әуезовтің өзі де жиынды қорытқан сөзінде Б. Кенжебаевтың ұсынысын қабылдамай, Қ. Жұмалиевтің пікіріне қолдау білдірді.

Әдебиеттің тарихы қай кезден басталады, оны қалай дәуірлеу керек деген мәселе төңірегіндегі пікірталас алпысыншы, жетпісінші жылдардың әдеби сынында, әдебиеттану ғылымындағы орталық мәселенің бірі болды. Белгілі ғалым Б. Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихының көне дәуірін зерттеу жолындағы ізденістерін жалғастыра берді. Ежелгі әдебиетті зерттеу мәселелеріне арналған бірсыпыра мақалалар жазылып, «Көне әдебиет туралы» (1967), «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы» (1967), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» (1973) сиқты кітаптар шықты. Бұларда қазақ әдебиетінің тарихы жаңаша көзқараспен мүлдем басқаша пайымдалды.

Ғалымның қазақ әдебиетінің тарихына қатысты айтып келген пікірлері алпысыншы жылдардың соңынан жетпісінші жылдарға қарай тұтас бір ғылыми концепцияға айналды. Бұл концепция бойынша, «Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнесі, көрінісі, сүрлеуі, ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихы да қазақ халқы тарихының ізімен жасалуы тиіс» (Б. Кенжебаев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы, 1973, 3-бет). Бұл концепция бойынша, қазақ әдебиетінің тарихы төмендегіше дәуірленеді:

«1. Бұрынғы әдебиет (У-ХУ ғасырлар). Қазақ ру-тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті, көбінше, сол замандардағы түрік ру-тайпаларымен бірге жасаған ортақ әдебиет.

2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХУ-ХУ111 ғасыр), қазақтың өзіндік әдебиеті.

3. Қазақтың Х1Х ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиеті.

4. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.

5. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиет» (Б. Кенжебаев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973,    3-4 беттер).

Б. Кенжебаевтың бұл ғылыми концепциясы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бейсекең алғашында жалғыз болса, кейін қарасы көбейіп, тұтас бір ғылыми мектепке айналды. Ә. Қоңыратбаев, Х. Сүйіншәлиев, Т. Қожакеев, Р. Бердібай, Т. Кәкішев, Ә. Оспанұлы сияқты белгілі ғалымдар қазақ әдебиетінің тарихын тереңдете зерттеуді қолдап қана қоймай, өздері де рухани мұраны игере түсу істерінде айтарлықтай үлес қосты. Ә. Қоңыратбаевтың «Ескі түрік поэзиясы және қазіргі халық фольклоры» (1971), Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967),  М. Мағауиннің «ХУ-ХУ111 ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» (1965), «Қобыз сарыны» (1968), «Алдаспан» (1972), М. Жолдасбековтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» (оқулық-хрестоматия, 1967), «Көне түркі ескерткіштері және олардың қазақ әдебиетіне қатысы» (1969), Қ. Сыдықовтың құрастыруымен «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1985),  Н. Келімбетовтің «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (жоғары оқу орындарына арналған оқулық, 1986), М. Қараевтың «Қазақ әдебиетінің тарихи даму кезеңдеріндегі көркемдік әдіс мәселесі» (1986), А. Қыраубаеваның «Ежелгі әдебиет» (1999), «Махаббатнама» (1983), «Ғасырлар мұрасы» (1989), А. Егеубайдың «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі» (1999) сияқты еңбектерде қазақ әдебиетінің тарихы көне замандарға қарай тереңдей түсті.  Р. Нұрғали, У. Қалижан, А. Еспембетов сияқты дарынды ғалымдар Б. Кенжебаевтың ғылыми мектебінен өтіп, ғылыми бағытын жалғастырды. Сондықтан да олардың қазақ әдебиетінің тарихын тереңдете зерттеген ғылыми ізденістері жемісті болып, әдебиет тарихының көкжиегін кеңейте, ұлттық әдебиеттану ғылымын байыта түскен еңбектер өмірге келді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Б. Кенжебаевтың әдебиет тарихын зерттеу, дәуірлеу мәселесіндегі ғылыми концепциясы түпкілікті мойындалып, әдебиет тарихын зерттеу саласында жаңа биіктерге жол бастады. Н. Келімбетовтің  (Ежелгі дәуір әдебиеті. 2005),  Т. Еңсегенұлының (Көне түркі руна жазбасы. Екі томдық, 1 том 2007;  2 том 2008), У. Қалижанның (Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым. 1998), Қ Мәдібаеваның (Х1Х ғасырдағы қазақ әдебиеті. 2001), Б. Омаровтың (Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика. 2003), А. Шәріптің (Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. 2003), т. б. еңбектерінде қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудің  жаңа өрістері ашылды. Қазақ әдебиетінің тарихы араб, парсы, қытай деректерімен толығып, тарихтың тереңінде жатқан рухани мұралар баий түсті. Мұның барлығы да рухани мұраны игере түсу істерінің алдына жаңа міндеттер қоюда. Әдебиеттің тарихын жаңаша пайымдаған зерттеулер көрініп, өзіндік пікірі бар жас зерттеушілер шыға бастады

Әдебиеттану ғылымының  ең басты міндеті - әдебиеттің бар-жоғын түгендеп, жеткен жетістіктері мен жетпей жатқан жерлерін саралап, халықтың рухани қажеттілігін өтеу жолында оқырманға ғылыми негізді жол сілтеп отыру. Десек те бұл міндетті атқару оңай шаруа емес. Оқырманның әдебиет мұхитының ішінен жол тауып жүруіне, іздегенін тауып алуына көмектесетін бірден бір көмекші  әдебиеттану болғандықтан да бүкіл әдебиетті тарихи тұрғыдан ғылыми жүйеге түсіріп, дәуірлеудің маңызы зор. Әдебиеттану ғылымы дамыған сайын оның әдебиет тарихы да тереңдей түсіп,  оны ғылыми негізді кезеңдерге бөліп қарастыруталабы да күшейе түседі. Алдымен, әдебиет тарихын қалай жасау керек мәселесі көтеріліп, талқыланып,  енді сол айтылған пікірлерді  жинақтап, түркі  халықтары әдебиетінің толыққанды ортақ тарихын жасау күн тәртібінде тұр.

Әдебиеттің ғылыми негізді академиялық тарихын жасау жөніндегі алғашқы тәжірибелер қырқыншы жылдардан бастап көріне бастады. Ұлттық әдебиеттің тұтастай тарихын жазуға дайындық әлі жетіспейтін. Әдебиеттің терең тамырларын зерттей түсуге, оларды ғылыми тұрғыдан саралауға таптық ілімге негізделген кеңестік әдебиеттану мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан, қырқыншы жылдардың соңына қарай көп томдық қазақ әдебиетінің тарихы жазыла бастады да, оның ауыз әдебиетіне арналған алғашқы томы М. Әуезовтің редакциясымен 1948-жылы жарық көрді. Келесі (1949) жылы Қ. Жұмалиевтің басшылығымен «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» деген атпен екінші томы шықты.

Сол кездің идеологиялық талаптарына сай, маркстік-лениндік ілім әдіснамасы негізінде жазылып, әдебиеттің көптеген жекелеген өкілдері, тұтас әдеби ағымдар, әдеби дәуірлер енбей қалғанына  қарамастан, бұл екі кітап та елуінші жылдарға қарай қайта өріс алған «ұлтшылдыққа» қарсы күрес науқанының қырына ұшырап, ресми билік тарапынан қатты сынға ұшырады. Сыналғанда, ғылыми жағының жетіспеушілік жақтарынан емес, әдеби үдеріске, жекелеген қаламгерлердің шығармашылықтарына баға бергенде, «саяси қырағылықтың» өз дәрежесінде болмауы кемшілік болып тағылды.

Әдебиет тарихын жасау ісін арғы дәуірлерге бармай, бер жағындағы социалистік реализм әдісіне негізделген қазақ кеңес әдебиетінен бастаған «Қазақ совет әдебиетінің очеркі» (1958) елуінші жылдардағы әдебиеттану ғылымының елеулі еңбегі ретінде бағаланды. Осы кітаптың негізімен «Очерк истории казахской советской литературы» (1960) жазылды. Мұнда да іштей дәуірлерге бөлу жоқ. Бұларда қазақ кеңес әдебиетінің С. Сейфуллиннен басталған жеке өкілдерінің шығармашылықтарын көрсетуге мән берілген. Соғысқа дейінгі дәуір (1930-1941), соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі дәуір әдебиеттері және проза, поэзия, драматургия, сын салалалары жеке тарауларда шолынған. Кітаптың әдебиет тарихының очеркі аталуы да бұл еңбектің ғылыми негізді тарих болуға таласпайтындығын байқатты. Шынына келгенде, бұл очерк те, мұның алдында шыққан қос томдық та көп томдық көлемді әдебиет тарихын жасауға жасалып жатқан дайындықтардың бірі  болатын.

Алпысыншы жылдары үш томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» (1960-1967) шығуы  қазақ әдебиеттану ғылымының айтулы табысына айналды. Республика Ғылым Академиясы ғалымдарының көп жылдық ұжымдық ізденістерінің нәтижесі-   үш томдықтың біріншісі ауыз әдебиетіне, екіншісі әдебиет тарихына, үшіншісі кеңес әдебиетіне арналған.   Әр том қалың-қалың екі кітаптан тұрады.

Фольклорға арналған бірінші томның алғашқы кітабы дәстүрлі ауыз әдебиетіне, екіншісі кеңестік кезге  арналғанынан сол кездегі фольклортанудың өресін байқауға болады.  Ауыз әдебиетіне арналған алғашқы томның бірінші кітабына жалпы ауыз әдебиеті туралы мағлұматтар мен оның даму жолдары, түрлері, жанрлары хақындағы шолулармен бірге тұрмыс-салт жырлары, айтыс, лирикалық өлеңдер, жұмбақ пен жаңылтпаштар, батылар жыры, лиро-эпостық жырлар, тарихи өлеңдер мен үлгілі сөздерге  жеке-жеке тараулар арналған. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш -  Баян сұлу»,  «Қыз Жібек» сияқты эпостық жырларды талдауға едәуір орын берілген.

Бірінші кітаптың жалпы редакциясын М. Әуезов басқарса, кеңестік дәуірдегі фольклорға арналған екінші кітаптың жазылуына М. Қаратаев басшылық жасаған. Мұнда да кеңестік дәуірдегі ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшелігін айқындаған шолулық тараумен бірге Жамбыл Жабаевтың, Иса Байзақовтың, Нұрпейіс Байғаниннің, Омар Шипиннің, Нартай Бекежановтың, Кенен Әзірбаевтың, т. б. ақындардың шығармашылықтарына арналған тараулар бар. Бұл ақындардың шығармашылықтары кейінгі зерттеулерде авторлық әдебиеттің өкілдері ретінде қарастырылып жүр.

Қазақ әдебиетінің 1917 жылғы төңкеріске дейінгі тарихына арналған екінші томның бірінші кітабының редакциясын Қ. Жұмалиев басқарған. ХУ111 – Х1Х ғасырлардағы қазақ әдебиетіне арналған кітапта Бұхар жыраудан бергі әдебиеттен негізгі мағлұматтар шолу түрінде берілген. Осы кездерде жасаған көптеген ақындық, жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілдерінің поэзиялық туындылары өзіне лайықты бағасын ала алмай, өлең өрнектерінің өзіндік кестелері ашылмай қалған. Десек те мұндай міндеттерді авторлардың алға қоймағандығы байқалады; бұлар феодальдық дәуірдің ақындары, сондықтан да олардың бізге қажеті шамалы деген пиғыл да қылаң беріп қалады. Кітапта бұқарашылдық бағыттағы С. Торайғыровтың, С. Дөнентаевтың, Жаяу Мұса Байжанұлының, М.Байзақовтың, Ы. Шөрековтің, С. Көбеевтің, Т. Ізтілеуовтің, Б. Өтетілеуовтің шығармашылықтарын арнайы бөлімдерде талдап, олардағы әлеуметтік теңсіздікті жырлаған тұстарына назар аударады.

Екінші томның екінші кітабы (редакциясын басқарған Ы. Дүйсенбаев) ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласында жүріп өткен өзгерістерді, әдеби өмірді шолумен басталып, 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған халық поэзиясын талдаумен жалғасады. Абайдан бастап,  осы кездегі қазақ әдебиетінің  үлкенді-кішілі Ақылбай Құнанбаев, Мағауия Құнанбаев, Сүйінбай Аронұлы, Шәңгерей Бөкеев, Біржан Қожағұлұлы, Ыбырай Алтынсарин, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы сияқты өкілдеріне жеке тараулар арналған.

Көптомдықтың екінші томының екі кітабында да сол кездерде қоғамдық ғылымдарда үстемдік құрған екі түрлі мәденит туралы ілімнің салдарынан қазір «зар заман» әдебиеті, ұлт-азаттық бағыттағы әдебиет аталып жүрген әдеби ағымдарға тоқталмаған.  Сол себепті де осы дәуірдің өзіндік әдеби сыпаты тұтас күйінде ашылмай қалған.

Қазақ әдебиетінің кеңестік дәуіріне арналған үшінші томының алғашқы кітабы кеңес әдебиетінің тууы, қалыптасуы және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жай-күйі жайлы шолумен басталып, қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұқанов сияқты ірі өкілдеріне жеке тараулар арналған. Екінші кітапта «Ұлы Отан соғысынан кейінгі (1946-1956)»,  «Қазіргі дәуір әдебиеті (1956-1966)» шолуларынан соң, Ғ. Мүсіреповтің,                     А. Тоқмағамбетовтің, Ғ. Мұстафиннің, Т. Жароковтың,                       Ә. Тәжібаевтың, Ғ. Ормановтың Қ. Аманжоловтың өнерпаздық жолдарын талдаған шығармашылық портреттерге орын берілген.

Алты кітаптан тұратын үш томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» академиялық басылым болғандықтан да әр томның соңында библиография мен әдеби шежіренің орын алуы еңбектің ғылымилық сыпатын арттырып тұр.

Көп ұзамай-ақ көп томдық қазақ әдебиетінің тарихы орыс тілінде де жарық көрді. Орыс тілінде шыққан үш томдықтың («История казахской литературы») біріншісі («Казахский фольклор», 1968) ауыз әдебиетіне арналды. Бұл жердегі басты өзгешелік алты томдықта ауыз әдебиетіне екі том арналса, мұнда бір томдықпен шектелген. Кеңестік дәуірдегі ауыз әдебиетіне арнайы тарау  бөлінбеген. Осы кездегі айтыс қана жеке тарауда сөз болып, оны жаңа дәуірде Жамбыл сияқты халық ақындары дамыта түскендігін тілге тиек еткен.

Екінші том (1978) қазақ әдебиетінің тарихына арналған. Редакциясын Ы. Дүйсенбаев басқарған кітаптың кіріспесінде шын мәніндегі қазақ әдебиетінің басы  ХУ111 ғасырда жасаған Бұқар жырау дегенімен де іс жүзінде ХУ ғасырдағы Асан Қайғылардан бастаған. Кітап негізінен қазақ тіліндегі томның ізімен жазылғанымен де азын-аулақ өзгерістер де бар. Мысалы, мұнда Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы хақындағы тараулар жоқ.

Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиеті  «Қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасуы (1917-1929)», «Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиеті», «Ұлы Отан соғысы дәуіріндегі әдебиет», «Соғыстан кейінгі кездегі әдебиет (1946-1955)», «Қазіргі қазақ әдебиеті (1956-1968)»  аталған дәуірлерге бөлініп, үшінші томда (1971) қарастырылған. Социалистік реализм әдісіне негізделген жаңа тұрпатты әдебиеттің көш басшысы С. Сейфуллиннен бастап, оның бірсыпыра көрнекті өкілдерінің шығармашылықтарымен таныстырған.  Қазақ тіліндегі томнан айырмашылығы мұнда «Қазақтың әдеби тілі туралы», «Қазақ әдебиетінің интернациональдық байланыстары хақында», «Қазақстандық орыс жазушыларының шығармашылығы» тараулары жаңадан қосылған.

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарының қатысуымен қазақ, орыс тілдерінде дайындалған бұл «Қазақ әдебиеті тарихының» академиялық көптомдықтары қазақ әдебиеттану ғылымының биіктей бастаған өресін байқатқан елеулі еңбек ретінде бағаланды. Десек те академиялық зерттеулерге қойылатын биік талаптар тұрғысынан келгенде, сол кездегі саяси өмірдің, идеологияның  әсерінен, әдебиеттану ғылымы басшылыққа алған әдіснамалық негіздерінен туындаған зерттеу әдістерінің әлсіздігігінен, жетілмегендігінен туындаған бірсыпыра жетіспеушіліктерді байқау қиын емес.

Әдебиет тарихының басты міндеті өзі қамтып отырған дәуірді барынша толығырақ қамтып, оның басты даму жолдарын, негізгі бағыттарын көрсетуге тиіс болса, бұл көптомдықтар мұндай биік талаптарға тұтастай жауап бере бермейді. Таптық ілімге негізделген екі түрлі мәдениет  концепциясына сүйенудің барысында тек бұқарашыл бағыттағы әдебиет қана қамтылып, біржақтылыққа ұрынған. Қазақтың аса бай ауыз әдебиеті мен әдеби мұрасы, оның аса көрнекті өкілдері осындай себептермен «Қазақ әдебиетінің тарихына» енбей  қалған.

Әдебиет тарихын жасаудағы аса бір маңызды мәселе - әдебиет тарихын қай кезден бастау туралы. Қазақ әдебиетінің тарихына арналған жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы алғашқы зерттеулерде (А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы», М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы», С. Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті», т. б.) фольклорлық пен әдеби мұраның ара жігі ашылмай, араласып бірге жүрді; әдебиеттің тарихы ауыз әдебиетінен басталған. Ал осыдан отыз жылдай кейін жазылған әдебиет тарихында көп ілгерілеу бар болғанымен де әлі де шешімін таба қоймаған кейбір мәселелер де байқалады. Мысалы, Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов, О. Шипин, К. Әзірбаев сияқты ақындардың шығармашылықтары ауыз әдебиеті үлгілері қатарында қарастырылған; әдебиеттің тарихын ХУ111 ғасырдан, әдебиет тарихының көрнекті өкілдерінің шығармашылықтарын талдауды іс жүзінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтан бастаған.

Осы кезге дейінгі әдеби зерттеулердің тағы басты  бір кемшілігі әдебиеттің көркемдік қасиеттерін ашудың орнына көбіне әлеуметтік жақтарына назар аударып, идеялық тұрғыдан бағалаушылықтың өріс алуы, соның бірден-бір әмбебап зерттеушілік құралға айналуы болды. Осы бір жағдайдан қазақ және орыс тілдерінде шыққан  «Қазақ әдебиетінің тарихының» көптомдықтары да тыс қала алмады.

Қазір заман өзгерді. Сол заманмен бірге адам да өзгерді; адамның сана-сезімі өсіп, өмірге жаңаша көзқараспен қарайтын жаңа ұрпақ келді; ғылым дамып рухани құндылықтар өзгере бастады. Осының барлығы әдебиеттану ғылымының алдына жаңа міндеттер қойды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер оның тарихы тым арыда, тарихтың түпсіз тереңдерінде жатқандығын анықтай түсті. Қазақ әдебиетінің тарихын жаңаша бағамдап, жаңа сөз айтқан іргелі зерттеулердің бірі-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарының күшімен шыққан екі томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» болды.

«Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші кітабы (2001) «Ертедегі көшпелі тайпалар тарихы» бөлімімен ашылған. Мұнда ертедегі  қытай жазба деректеріне сүйене отырып, қазақ әдебиеті туралы сөзді біздің жыл санауымыздан бұрынғы 1У ғасырдағы түркілік тайпалардың сөз өнеріне қатысты мұраларынан бастаған. Осы дәуірлерде өмір сүрген көптеген түркілік ақындардың аттары анықталып, өлеңдері сөз болған.

Екі томдықтың қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөлуінде де бұрынғы жүйеден өзгешелік бар. Х1Х ғасырға дейінгі әдебиет «Ертедегі көшпелі тайпалар тарихы», «Ежелгі түрік әдебиеті (У1-ХУ)», «Қазақтың төл әдебиеті (ХУ-ХУ111)», «Х1Х ғасыр әдебиеті», «Жаңа жазба әдебиет» бөлімдеріне жіктелген. Ал ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет және кеңес дәуіріндегі әдебиет болып бөлінген. Шетелдегі қазақ әдебиетіне жеке тарау арналған.

Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылғандықтан да қазақ әдебиетінің тарихын түгел қамтуды алдына міндет етіп қоймаған сияқты. Сонымен бірге әлі де зерттей, нақтылай түсуді қажет ететін тұстары, пікір таластыратын жерлері де жоқ емес. Десек те толыққанды қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы ізденістерде екі томдық «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша тарихы» өзіндік бағыты, өзіндік жүйесі бар, жаңаша пікірлер айтқан елеулі еңбек болды.

Тәуелсіздік кезінде қазақ әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күннің рухына, талаптарына сай келетін көп томдық әдебиет тарихын жасау міндеті күн тәртібінен түспеді. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қолға алған бұл аса ауқымды да маңызды жұмысты екі мыңыншы жылдары жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атқарып шықты.

Кеңестік кезеңде шыққан үш томдық алты кітаптан тұратын «Қазақ әдебиетінің тарихы»  (1960-1967) академиялық басылым болғанымен, коммунистік идеологияның қалпымен жазылғандықтан да әдебиет тарихын түгел қамтуға мүмкіндіктері шектеулі болғандығы белгілі. Ал жаңадан шыққан он томдықтың басты құндылығы – мұнда қазақ халқының ғасырлар бойғы рухани дамуында жинақтаған әдеби мұрасының тұңғыш рет тұтастай ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, ұлттық мүдде, көзқарас тұрғысынан саралануы болды.

Он томдықтың біріншісі қазақ фольклорына арналған. «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының сыртқы мұқабасына «фольклорлық кезеңі» деген анықтамалық беріліп, титульды бетінде «Қазақ фольклорының тарихы» деп көрсетілген. Жалпы редакциясын С. Қасқабасов басқарған ауыз әдебиетіне арналған кітапта біраз жаңалықтар байқалады. Соның ең бастысы бұрынғы зерттеулерде қазақ ауыз әдебиеті негізінен жанрлық жүйе бойынша зерттелініп келсе, мұнда алғаш рет қазақ фольклоры хронологиялық принциппен даму үстінде тарихи тұрғыдан қарастырылады. Ауыз әдебиеті ескі замандарда адамдардың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімдері барысында пайда болып, даму барысында формалық, мазмұндық жағынан жетіле түсіп, ұлт руханиятының асыл қазынасына айналған жолдары көрініс тапқан.

Қазақ фольклорының тарихы үш дәуірге жіктелген: «Ежелгі заманғы рухани мәдениет», «Орта ғасырлардағы фольклор», «Жаңа дәуірдегі фольклор».  Әр бөлім іштей тағы да тарауларға бөлінеді. Бірінші бөлімде «Еңбек фольклоры», «Ғұрыптық фольклор», «Байырғы фольклор» тараулары орын алған. Әр тарау тағы да іштей жанрлық жағынан түрленген.

Қазақ фольклористикасына арналған томның басты жаңалығы - оны хронологиялық тұрғыдан даму үстінде қарастыруы ғана емес, сонымен бірге оларды тағы да тақырыптық жағынан бөліп,  іштей жанрларға жіктеуі. «Ғұрыптық фольклор» аталған  екінші тарау маусымдық, отбасылық, магиялық болып, олар ары қарай жанрлық түрлерге бөлінген. Еңбекте бұрын жеке жанр ретінде аталмай, зерттеу нысанына айналмай келген ауыз әдебиетінің бірсыпыра түрлері еңбекте зерттеу нысанына айналған. Мысалы, отбасылық ғұрып фольклоры үйлену, балалар, жерлеу ғұрып фольклоры, ал магиялық арбау, жалбарыну, алғыс, бата,  қарғыс, ант, бәдік, бақсы сарыны болып жіктелген. Ал «Байырғы фольклордың» миф, хикая, этиологиялық ертегі, қиял-ғажайып ертегі, көне эпос, жұмбақ түрлері ажыратылған.

Осы сияқты «Орта ғасырлардағы фольклордың» жіктелуі де бұрынғылардан өзгешелеу. Бұл бөлім «Түркі жазбаларындағы фольклор» және «Қазақ хандығы кезіндегі фольклордан»  құралған. Мұның алғашқысында түркі халықтарына ортақ ауыз әдебиеті жайлы әңгіме қозғалған. Біздің осы уақытқа дейін қазақ халқының ауыз әдебиеті деп келгеніміздің  дені қазақ хандығы кезінде туған фольклор екендігіне кітапты оқи отыра көз жетеді.

Ауыз әдебиеті де - даму үстіндегі категория. Өзінің бастауын ескі замандардағы халықтың тұрмыс-тіршілігінен алған ауыз әдебиеті күні бүгінге дейін халықпен бірге жасасып келеді. «Жаңа дәуірдегі фольклор»  аталған үшінші бөлімде  қазақ фольклорының ХУ111-Х1Х және ХХ ғасырлардағы дамуы жеке- жеке тарауларда қарастырылған.  Ауыз әдебиетінің халықпен бірге жасай беретіндігін бүгінгі фольклордағы жаңаша сыпаттағы өлең, жұмбақ, мақал-мәтел, әңгіме жанрларын талдай отырып, дәлелдейді.

«Қазақ әдебиеті тарихының» екінші  томы ежелгі дәуір  мен орта ғасырлар әдебиетіне арналған. Шын мәніндегі «қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихы өте ерте, қадым замандардан, ежелгі дәуірлерден басталатындығын» айта келіп, «зерттеудің негізгі мақсаты – сақтар, ғұндар дәуіріндегі ерлік дастандары және Түрік қағанаты тұсында жазылған қаһармандық жырлар мен қазақтың батырлық жырлары сан ғасырлар бойы бір сәтке де үзілмей, жалғасып келе жатқан байланыс бар екенін мазмұн, форма, стиль, көріктеу құралдары тұрғысынан ашып көрсету; ислам дәуірі әдебиетіндегі гуманистік идеялар мен эстетикалық, дидактикалық ой-пікірлер бертін келе қазақ жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік дәстүр жалғастығынтапқанын, әрі жаңа тарихи жағдайда этикалық-дидактикалық мазмұндағы поэзия одан әрі дами түскенін нақты деректер негізінде дәлелдеп көрсету” (Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. 2-том. Алматы, 2006, 12-бет) -деп, айқындаған.

Қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуіріне арналған екінші том бұдан үш мыңдай жыл бұрын Қара теңіз бен Азов теңізінің аралығындағы ұлан-ғайыр өлкеде көшіп-қонып жүрген сақтар туралы грек тарихшысы Геродоттың жазбаларындағы деректерден басталған. Геродоттың еңбектеріндегі  біздің заманымыздан 1500 жыл бұрын өмір сүрген «тарихта есімі сақталған тұңғыш түрік патшасы» Тарғытай, бейбіт жатқан елді шапқан парсы елінің патшасы Кирдің басын кесіп, адам қанына толы меске салып жазалаған Тұмар ханым (еуропаша Томирис), шапқыншылығын қоймаған парсы елінің тағы бір патшасы Дарийді алдап, қалың құмның ішіне адастырып, шөлден қырған Шырақ батыр батыр туралы бізге жеткен деректерді, дастандарды әңгімелеуден басталған.

«Түркі дәуіріне дейінгі әдеби жәдігерліктер» бөлімінде «Алып Ер Тоңға», «Шу», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» «Хуастуанифт» дастандарының тарихи құндылықтарына басты назарды аударады. Бұлардың алғашқы екеуін сақтардың қаһармандық дастаны, соңғыларын ғұндардың  батырлық жырлары атаған.

«Түркі дәуіріндегі әдебиетте» «Күлтегін», «Тоныкөк», «Оғызнама» т. б. жырлар талданылған. Әл-Фарабидің, Қорқыттың, Ж. Баласағұнның, М. Қашқаридің, Қ. А. Иассауидің, С. Бақырғанидың, А. Йгүнекийдің өмір жолдары мен шығармашылықтары таныстырылады.

«Қазақ әдебиеті тарихының» 4-ші томы Х111-ХУ111 ғасырлардағы дәуіріне арналған. «Алтын Орда дәуірі әдебиеті» және «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» аталған бөлімдердің алғашқысында Хорезми, Құтб, Сәйф Сараи, Дүрбек, Әли, Әбілғазы Баһадұрхан, Қадырғали Жалайырхан, Захириддин Мұхамед Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Дана Хиқар хикаясы жайлы академиялық әдебиет тарихында жеке тарулардың берілуі-  бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін айтарлықтай табыс. Өйткені түркі халықтарының көпшілігі бөлініп шығып, әлі еншісін ала қоймаған, дербес ұлт, мемлекет болып, қалыптаса қоймаған  кездерде жасаған бұларды туған жеріне, болмаса тілінің жақындығына қарап, бір ғана ұлттың өкілі деп, меншіктеуге  келмейді. «Тарих» авторларының бұл кезең әдебиетін «Алтын Орда әдебиеті» атап, сол кезде осы хандық құрамында болған халықтарға ортақ мұра ретінде қарастыруы шындыққа жақын, әрі ғылыми жағынан да негізді.

ХУ ғасырда қазақ хандығының іргесі қаланып, қазақ деген халықтың тарих сахнасына шыққандығы белгілі. Міне, осы кезден бастап қазақ халқының дербес ұлттық, мемлекеттік тарихы басталады. Кітаптың екінші бөлімінде Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқаралардың жыраулық поэзиясы көшпелі тұрмыс тудырған ерекше бір өнер құбылысы ретінде зерттелінеді.

Бұл әдебиет тарихының тағы бір жаңалығы -  мұнда қазақтың шешендік өнері жайлы тараулардың берілуі. Бұрындары түрлі себептермен онша зерттелінбей келе жатқан, зерттелінсе де әдебиет тарихындағы өзіне лайықты  құрметті орнын ала алмай келе жатқан қазақтың шешендік өнері жайлы осы кітапта «Шешендер шығармашылығы» (М. Жармұхамедұлы) туралы шолу мақаламен бірге Төле, Қазыбек, Әйтеке, Ақтайлақ билермен қатар Сырым, Бөлтірік шешендердің өнерпаздық қырлары хақындағы тараулардың орын алуы да – құптарлық.

Кеңес өкіметі жылдарында би-шешендер феодализм заманының билеушілері, мүддесін қорғаушылары, жыршылары танылып, шығармашылықтары идеялық жағынан халыққа жат саналып келсе, олардың әдеби мұралары тәуелсіздік тұсында ғана жан-жақты зерттеліне бастады. Өмір шындығын шынайы бейнелеп, халықтың мұңын жырлап, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ деп, қара қылды қақ жарып, бетің бар, жүзің бар демей, ақихатты  ту еткен  осы бір теңдесі жоқ синкретті өнердің  көп томдық әдебиет тарихынан орын алуы болған әділетсіздіктерді қалпына келтіру де болмақ.

Х1Х ғасырдың бірінші жарымындағы дәуірге арналған «Қазақ әдебиеті тарихы» 4-ші томының басты өзгешелігі деп, мұнда бұрындары аттары аталып, поэзиясы сөз болып жүргенімен де әдебиет қайраткері ретінде шығармашылықтары арнайы зерттеу нысанына айналып, әдебиет тарихындағы өзіне лайықты орнын ала алмай келе жатқан Көтеш, Қобылан, Шал,  Жанақ, Абыл, Түбек, Сабырбай, Ұлбике сияқты сөз дүлділдерінің арнайы тарауларда қарастырылуы дер едік. А. Егеубаев жазған «Х1Х ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетінде» осы кез әдебиетінің өзіндік сыр-сыйпаты ашыла түскен.

Бесінші томның басындағы «Х1Х ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті» тақырбындағы негізгі тарауды да А. Егеубаев жазыпты. Шоқанды, Ыбырайды, Абайды берген дәуірдің әдебиеті бізге біршама таныс. Ағартушы демократтық бағытпен бірге  осы кездерде сал-серілер поэзиясы, діни ағартушылық ағым да қатар дамыды. «Тарихта» Ақан Қорамсаұлы, Біржан Қожағұлұлы секілді сал-серілердің, Ақмолла Мұхамедиярұлы, Мұсабек Байзақұлы, Шәді Жәңгірұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы сияқты діни ағартушылардың шығармашылықтары да жеке тарауларда сөз болады. Сондай-ақ  Мұрат Мөңкеұлының, Базар Оңдасұлы Өтемісовтің, Шәңгерей Бөкеевтің, Ақтан Керейұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Нұржан Наушабайұлының, Әсет Найманбаевтың  өнерпаздық жолдары да кеңінен қарастырылған.

«Қазақ әдебиеті тарихының» алтыншы томы ХХ ғасырдың басындағы әдебиетке арналған. Кеңестік кезеңде  сұрқылтай саясаттың салдарынан зерттелінбей, зерттелінсе де шет-пұшпақтап, теріс бағаланып келген осы бір бұрқ-сарқ қайнаған заман әдебиетінің жеке томда қарастырылуының өзі біраз нәрсені байқатқан. Бұл кітаптың негізгі мәселелері «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», «Абайдың әдеби мектебі», «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған поэзия»  тарауларында көтерілген.  Ә. Бөкейхан, Ш. Құдайбердіұлы, А. Байтұрсынұлы, С. Торайғырұлы, С. Дөнентайұлы, М. Дулатұлы, Ғ. Қараш, М. Сералин, М. Ж. Көпейұлы, Ж. Тілепбергенов, Б. Күлеев, Т. Жомартбаев, С. Көбеев, Н. Орманбетұлыларының шығармашылықтары арнайы сөз болған.

«Қазақ әдебиеті тарихының» жетінші, сегізінші, тоғызыншы томдары кеңестік кезеңдегі әдебиетке арналған. Қазақ кеңес әдебиетінің 20-30-жылдары 7-ші томда,   Отан соғысы және соғыстан кейінгі дәуірі  8-ші томда, соңғы (1956-1990) кезеңі 9-шы томда қарастырылған. Жалпы редакциясын басқарып, негізгі «20-30 жылдар әдебиетін шолуға кіріспе», «20-30 жылдардағы халық поэзиясының дамуы», «20-шы жылдардағы проза» (7-ші том), «Кіріспе», «Проза», «Әдеби сын», «Сәбит Мұқанов» (8-ші том), «1960-1980 жылдардағы қазақ әдебиеті» (9-шы том) тарауларын жазған - ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Серік Қирабаев.

Бұл үш томда да дәуір әдебиетін неғұрлым толығырақ қамтуды шолулық мақалалар жүзеге асырған. 8-ші және 9-шы томдарда «Қытай және Моңғолия қазақтарының әдебиеті» мен «Әдеби байланыстарға», 9-шы томда «Орыс тілді қазақ әдебиетіне» орын берілуі осы кезеңдегі қазақ әдебиетінің даму өрісін неғұрлым ауқымды қамту, әлемдік әдеби өмір контексінде көрсету мақсатында өзін ақтап тұр.

Қазақ кеңес әдебиетіне арналған томдарда осы кез әдебиеті жайлы мол мағлұматтар шоғырланған. Белгілі бір дәуірдің, немесе жанрдың жай-күйін, мәселелерін қорытып баяндаған шолулармен бірге көрнекті өкілдерінің шығармашылықтарын жан-жақты талдаған творчестволық портреттердің қатар беріліп отыруы да ұлан-ғайыр міндеттің үдесінен шығуға айтарлықтай септігін тигізген.  Кеңестік дәуірдің көрнекті өкілдері ретінде Мағжан, Жүсіпбек, Сәкендерден бастап, Ә. Кекілбаев, М. Мағауинге дейін отыз үш қаламгердің шығармашылғына жеке тараулар арналыпты.

Оныншы том  «Қазақ әдебиетінің тарихы. Тәуелсіздік кезеңі» (1991-2001) аталады. Егемендік алғаннан кейінгі қазақ әдебиетінің даму жолдарына сараптама жасалынған бұл кітаптың жазылуына Ш. Елеукенов жетекшілік жасаған. Әлі айқындала қоймаған көркемдік-идеялық мәселелері баршылық жаңа дәуірдің әдебиеті жайлы «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде» деген негізгі және әр саланың,  жанрдың жай-күйін нақтылы саралаған тараулардан мол мағлұматтар алуға болады. Мұнда портреттік мақалалар жоқ; қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің елеулі шығармалары негізгі шолуда және жанрлық жүйемен түзілген тарауларда лайықты бағасын алған.

Он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» академиялық басылымының екінші томынан бастап, әрқайсысы библиографиямен қамтамасыз етілген; 4,5-ші томдарда қосымша бар. 7,8,9,10-шы томдарға берілген «Әдеби өмір шежіресінің» де әдебиет сүйер қауымға берері мол.

Түйіп айтар болсақ, он томдық академиялық «Қазақ әдебиетінің тарихы» сан ғасырлық қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген, әдеби мұраны бүгінгі күн биігінен қайта саралап, бағалаған, ұлттық әдебиетімізді әлемдік әдебиет контексінде қарастырып, әдеби-эстетикалық деңгейіміз қаншалықты деген сияқты сан сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап берген, өткеннің әдеби мұрасын игеру жолындағы ізденістерді қорытындылаған, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының өресін байқатқан іргелі еңбек болып қала бермек.

Әдебиет  тарихын қай кезден бастау - әдебиет тарихын жасауда ең алдымен, шешілуі тиіс негізгі мәселе. Осы  мәселенің қалай шешілуі әдебиет тарихының ғылыми сапасын анықтайтын негізгі өлшемдердің бірінен саналады. Сонымен бірге әдебиетінің тарихы неғұрлым тереңде жатқан халық ұлттық тамырлары да тереңде, рухани қазынасы да бай, ұлттық, қоғамдық сана-сезімі де дамыған өркениетті ел саналады. Сол себепті ұлттық әдебиеттің ғасырлардың қойнауында шаң басып жатқан бастауларын анықтап, сілемдерін аршып, халықтың рухани игілігіне айналдырудың ғылыми да, практикалық та маңызы зор.

Бұл мәселеге келгенде, күні бүгінге шейін түпкілікті шешімін таппай келе жатқан түйінді мәселелер баршылық. Соның ең бастысы - түркі халықтары әдебиет тарихтарының әр қайсысының әр түрлі кездерден басталатындығы. Мысалы, қазақ әдебиетіне қарағанда түрік, өзбек, ұйғыр әдебиеттерінің тарихтары әрегіректен алынған. Ал шуваштар өздерінің төл әдебиет тарихын ХУ111 ғасырдан бастағанды жөн санайды.

Белгілі бір әдебиет өкілінің қандай ұлт әдебиетіне жататындығын анықтауда қай жерде туылғандығы, қай рудан шыққандығы сияқты өлшемдер басшылыққа алынып жүр. Осылардың барлығын бір жүйеге түсіріп, ойласып,  ортақ ұстанымдарды жасаудың уақыты келген сияқты. Бұған бүгінгі таңдағы әдебиеттану ғылымының, түркітанудың шамасы әбден келеді.

Орыс әдебиетінің тарихын зерттеушілер оны ертедегі Киев Русінің құрылған кезінен, яғни Х1 ғасырдағы жылнама, шежіре, шіркеулік жазбалар, уағыздар секілді хатқа түсіп, сақталынып қалған жазбалардан бастап жүр (Қараңыз: В. В. Кусков, Н. И. Прокофьев. История древнерусской литературы. Ленинград, 1987, 16, 30-беттер; В. В. Кусков. История древнерусской литературы. Москва, 1989, 21, 41-беттер; История русской литературы. В четырех томах. Том первый. Древнерусская литература. Под редакцией Д. С. Лихачева и Г. П. Макогоненко. Ленинград, 1980, 11-бет. т. б.). Ал бұл кез шығыс славян халықтарының әлі орыс, украин, белорус болып бөлінбеген тұсы болатын. Сонда орыс әдебиетінің тарихында шығыс славян халықтарына ортақ   әдеби мұраларды оның алғашқы дәуіріне жатқызған.

Ал орысша шыққан шетел әдебиетінің тарихтары көбіне Ертедегі Шығыс әдебиетінен бастау алып жүр. Атап айтқанда, ертедегі Шумер мен Вавилон жазбаларымен, ежелгі Египет, парсы, еврей, үнді, қытай әдебиеттерімен танысуға болады.  Ал түркілік әдебиетке келгенде, әңгіме басқаша. Ол жағы  бүгінгі күн биігінен қарағанда, мүлдем  сын көтермейді. Түркі халықтарында дамыған мәдениет болмаған деген «еуропацентристік» жалған теория осы бағытта жасалынған жұмыстарда да «жүзеге асып» отырған. Мысалы В. А. Луковтың жоғары оқу орындарына шетел әдебиетінен ( В. А. Луков. История литературы. Зарубежная литература от истоков до наших дней. Москва, 2003) оқу құралы  ретінде ұсынылған еңбегінде түркі халықтарының әдебиеті жайлы бір ауыз сөз жоқ. Әлемдік мәдениетке айтарлықтай үлес қосқан түркі халықтары тарихта болмағандай.

Қазіргі түркітану түркі халықтарының тарихына, мәдениетіне қатысты тың жаңалықтармен толыға түсуде. Солардың ішінде ертедегі еврей әдебиетінің басы делініп жүрген шумер жазбаларының, парсы әдебиетінің классикалық туындысы саналатын  «Авестаның» тегі түркілік мәдениетке қатысы барлығын, сондай-ақ көне қытай жазбаларында сақталынған тарихи деректер түркілік әдебиеттің түп-тамырлары тым әріде, біздің жыл санауымыздан бұрынғы оныншы ғасырларда жатқандығын дәлелдеп отыр.  Осындай себептерден де түркілердің өткен тарихы мен мәдениетіне қатысты соңғы кездердің зерттеулерінде  ашылып жатқан тың деректеріне, жалпы әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне  сүйене отырып,  түркі тектес халықтардың ортақ әдебиет тарихын жазу бүгінгі күннің кезек күттірмес аса зәру міндеттерінің бірінен саналуы тиіс.

Қазақ әдебиетінің тарихын қай кезден бастау керектігін анықтау жолындағы ізденістердің бұралаңы көп болды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында шыға бастаған алғашқы әдебиет тарихына қатысты еңбектерде бұрындары жасалынған әдеби үлгілерді ауыз әдебиеті, әдеби мұра деп жіктемей, барлығын да бір әдебиет деп, қарастырушылық байқалады.

М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1926)  атты зерттеуі осылай аталғанымен де әдебиеттің тарихы шын мәнінде ауыз әдебиетінен басталған. С. Сейфуллиннің  «Ескі әдебиет нұсқалары» (1931) мен «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбектерінде де ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихының ара жігі ашылмай, бірге араласып жүрді. Бұлай болуының екі түрлі себебі болды: оның біріншісі - әдебиет туралы ғылымның әлі балаңдығы болса, екіншісі – қазақ әдебиеті тарихының әлі жете зерттелінбеуі еді.

Фольклор мен әдебиет тарихының ара жігін ашып алу мәселесі қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу барысында біртіндеп жүзеге асты. Мысалы, Халел Досмұхамедов қазақтың ауыз әдебиетіне арналған еңбегін «Қазақтың халық әдебиеті» (1928, орыс тілінде) атап, тек қана фольклорлық мұраны жанрларға жіктеп, зерттеді. Одан кейінгі еңбектерде фольклортану мен әдебиеттің тарихы әдебиеттану ғылымының дербес, жеке-жеке салалары болып қалыптасты. Қазіргі қазақ фольклористикасын әбден кемеліне келген, әлемдік деңгейдегі ғылым саласы деп бағалауға тұрарлық.

Әдебиет пен фольклористика бір бірінен еншісін  алған соң да кей туындыларды қайсысына жатқызамыз деген мәселе көп уақыттарға дейін шешімін таппай келді. Авторы белгісіз, ауызша шығарылып, ауызша тараған, ел арасында түрлі нұсқалары қатар жүрген әдеби үлгілердің барлығы да фольклорға  жатқызылып, аузша жырлап, өлеңдері бізге ғасырлардың қойнауынан ауыздан-ауызға көшіп жеткен ақын-жыраулар ауыз әдебиетінің өкілдері атанды да олардың әдебиет тарихына кіру-кірмеуінің өзі дау туғызды. Осындай себептермен алпысыншы жылдары жарық көрген үш томдық академиялық «Қазақ әдебиетінің тарихы» ХУ111 ғасырда жасаған Бұқардан басталып, оған дейін жасаған ақын-жыраулардың барлығы ауыз әдебиеті өкілдеріне жатқызылған.  Жетпісінші жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады деген пікір үстемдік құрып келді.

Әдебиеттің тарихын қай кезден бастау керектігі жайлы ұзаққа созылған пікірталас барысында Б. Кенжебаевтың қазақ әдебиеті қазақ хандығы құрылған ХУ ғасырдан бастау алады деген ұстанымы өміршеңдік танытты. «Түркі ұлыстарынан шыққан тұңғыш оқымысты, әдебиетшілер өздері қай ру, қай ұлыстан шықпасын, өз шығармаларын сол кездің ортақ әдеби тілінде, өз тұсындағы барлық түркі елдер тайпасы қолданған тілде, көне таңба үлгілерінде жазған. Сондықтан, ерте дәуірге жататын кейбір жазба деректер мен көне ескерткіштер, әдеби еңбектер қазіргі Орта Азия мен Қазақстан елдеріне ортақ мұра болып танылады» (Х. Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А., 1967, 17-бет) - деген пікір қазақ ғалымдарының негізгі ұстанымына айнала бастады.

Одан кейін еуропалық және қазақ ғалымдарының зерттеулеріне сүйене отырып, қазақ әдебиетінің тарихы ары қарай тағы да он жылға тереңдеп, У-У111 ғасырлардағы Орхон, Енисей, Талас жазбаларына дейін созылды. Қазақ әдебиеті тарихының белгілі зерттеушісі профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің  1967 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» атты зерттеуінде әдебиеттің бастаулары көне дәуірлерде жатқандығын айтса, тоқсаныншы жылдарда жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихында» У-У11 ғасырлардағы сына жазуларынан бастаған. Екі мыңыншы жылдары шыққан он томдықта қазақ әдебиетінің тарихын көне грек тарихшысы Герододоттың деректеріне сүйене отырып, біздің жыл санауымызға дейін үш мың жылдай бұрын өмір сүрген сақтардың қаһармандық дастандарынан бастаған ( Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 2-том, Алматы, 2006, 17-бет).

Соңғы зерттеулерде қазақ әдебиетінің тарихы тереңдей түскен. И. Нұрахмет қазақ әдебиетінің тарихына қатысты соңғы зерттеулерге сүйене отырып, мүлдем жаңаша пікір білдіреді. Ол қазақ әдебиетінің тарихын Орхон-Енисей жазбаларынан емес, одан да арыдан бастауды ұсынады. Иманғазы «қытай деректерінде кездесетін сақ, ғұн, үйсін-қаңлы, түрік патшалықтар дәуірінің әдебиетіне тиісті нұсқалар мен басқа ұлттар тілінде жазылған әдеби үлгілер түркі халықтарына ортақ әдебиеттің бастау көздерінің бірі болып саналу керек» (Нұрахметұлы И. Қазақ әдебиетінің төркіні мен тарихын дәуірлеу (Заманымызға дейінгі Х ғасырдан заманымыздың ХУ111 ғасырына дейін). Автореферат. 2005, 20-бет)—дейді.

Қазір кейбір зерттеушілер қазақ әдебиетінің тарихын біздің дәуірімізден бес мың жыл бұрынғы шумер ескерткіштеріндегі жазбалардан бастап жүр. Ал шумерлердің кезінде аса дамыған өркениетті ел болғандығын соңғы зерттеулер дәлелдеп отыр.

Қазақ әдебиетінің тарихы қай кезден басталады, қазақ хандығы құрылып, жеке ұлт, мемлекет болып, тарих сахнасына шыққан ХУ ғасырдан ба, әлде, қазақтың құрамына кірген ру-тайпалардың арыда жатқан терең тарихынан ба деген сауалдарға келгенде, әлі де түркілік тұрғыдан, қазаққа қатысы жағынан салыстыра отырып, ғылыми жағынан зерттей, нақтылай  түсуді қажет ететін тұстары баршылық.

Әдебиетті дәуірлеу жолдары. Әдебиеттің тарихын жазу барысында, оны жасау жолдары қандай, оны дәуірлерге бөлгенде, қандай ұстанымдар басшылыққа алынады, қандай талаптар қойылады  деген ыңғайдағы біраз сауалдар  туындайды. Қазір әдебиет тарихын дәуірлеудің негізгі үш жолы белгілі:

1. Хронологиялық.

2.  Азаматтық тарихпен орайлас.

3. Әдебиеттің өзіндік көркемдік дамуына қарай.

Осылардың ішінде көбірек қолданылып жүргені - алғашқы екеуі. Өйткені, әдебиет дегеніміз, халық тарихының көркем бейнесі, бейнелі шежіресі. Сондықтан да халық бар жерде оның тарихы бар десек, оның ажырамас бір бөлігі ретінде белгілі бір оқиғаның, болмаса қайраткердің өмірде болғандығын көркем бейнелеп, иллюстрациямен дәлелдей түсетін әдебиетінің болуы да - заңдылық.  Сол себептерден де  әдебиет тарихын дәуірлеуді  қолға алған кездерден бастап, оның шегараларын жылдармен, немесе ғасырлармен  анықтап отырған дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы, Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967) іштей «Ерте дәуір әдебиеті» және «Х1Х ғасыр әдебиетіне» бөлінсе, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1997) «Ежелгі әдебиет», «ХУ-ХУ111 ғасырлардағы әдебиет», «ХУ111 ғасыр әдебиеті», «Х1Х ғасыр әдебиеті» болып, дәуірленген. Соңғы он томдықтың 4-ші томы «Х1Х ғасырдың бірінші жартысы (1800-1850)»,  5-ші томы «Х1Х ғасырдың екінші жартысы (1850-1900), 6-шы том «ХХ ғасырдың басы (1900-1916)» аталған.

Шуваш әдебиетінің тарихын зерттеушілер оны бұлғар (У111-Х111ғғ.), Алтынорда–Қазан (Х1У-ХУ1ғғ.) және орыс мемлекетінің құрамындағы (ХУ1-ХУ111) дәуірлерге бөлген (Қараңыз:Дореволюционная чувашская литература. Тексты. 1 том. Чубаксары, 1984, 464-бет).   Орыс әдебиеттану ғылымы да әдебиет тарихын дәуірлерге бөлгенде, негізінен осы ұстанымды басшылыққа алып келе жатыр десек болады. Мысалы, КСРО Ғылым Академиясының Ленинград бөлімшесі шығарған төрт томдық «Орыс әдебиетінің тарихы» (История русской литературы. Ленинград, 1980) әдебиет кезеңдерін осы принциппен жүйелеген. Ертедегі орыс әдебиетіне (Древнерусская литература. Том редакторы академик Д. С. Лихачев пен Г. П. Макогенко) арналған бірінші том хронология бойынша, «Х-ХУ111 ғасырлардағы орыс әдебиеті», «ХУ111 ғасырдағы орыс әдебиеті» бөлімдеріне бөлініп, ары қарай тағы да іштей тарауларға жіктелінген.  В. Кусковтың «Ертедегі орыс әдебиеті» (История древнерусской литературы,1989) ертедегі орыс әдебиетінің пайда болуы, Киев Русінің әдебиеті (Х1-Х11 ғғ.), феодальдық дәуірдегі әдебиет (Х11-Х111 ғғ.), орыс халқының монгол-татар басқыншыларына қарсы күресі және орталықтанған мемлекеттің пайда бола бастауы (Х111-ХУғ.), бір орталыққа бағынған орыс мемлекетінің әдебиеті (ХУ-ХУ1), орыс ұлтының қалыптаса бастауы кезіндегі әдебиет (ХУ11ғ.) бөлімдеріне бөлінген. Осындай жүйені В. В. Кусков пен Н. И. Прокофьевтің «Ежелгі орыс әдебиеті» (История древнерусской литературы. 1987), Н. К. Гудзийдің «Ертедегі орыс әдебиеті» (История древней русской литературы. 2002) секілді еңбектерден де көреміз.

КСРО Ғылым Академиясы А. М.  Горький атындағы Әлем әдебиеті институты шығарған төрт томдық «Орыс совет әдебиетінің тарихы» (История русской советской литературы, 1967-1968)  әдебиетті арнайы дәуірлерге бөлмей, оны тек жылдармен ғана көрсеткен. Мысалы, 1-ші томы 1917-1929, 2-ші томы 1930-1941, 3-ші томы 1941-1953, 4-ші томы 1954-1965 жылдарды қамтыған. Ал 1974 жылы жарық көрген «Орыс совет әдебиетінің тарихында» осы кездің әдебиетін дәуірлегенде, жылдармен де, сол дәуірдің тарихи атымен де жіктепті: «Революция және Азамат соғысы дәуіріндегі әдебиет», «Жиырмасыншы жылдар әдебиеті», «Отызыншы жылдар әдебиеті», «Ұлы Отан соғысындағы әдебиет», «Соғыстан кейінгі әдебиет», «Елуінші-алпысыншы  жылдардағы әдебиет».

Орыс ғалымдары жазған шетел әдебиетінің тарихы да негізінен хронология бойынша дәуірленіп жүр. Мысалы, В. А. Луков әлемдік әдебиеттің тарихын төмендегідей кезеңдерге бөледі: «Ежелгі Шығыс әдебиеті», «Антикалық әдебиет», «Орта ғасырлар әдебиеті», «Қайта өрлеу алдындағы әдебиет», «Қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиет», «Қайта өрлеу дәуірінен  ХУ11 ғасырға өту», «ХУ11 ғасыр әдебиеті» (В. А. Луков. История литературы. Зарубежная литература от истоков до наших дней. Москва, 2003).   С. Д. Артамонов, З. Т. Гражданская, Р. М. Самариннің «История зарубежной литературы ХУ11-ХУ111 в. В.» (1973) еңбегінде осы дәуірдің әдебиетін «ХУ11 век. Литература Испании, Франции, Англии», «ХУ111 век. Литература Англии и Франции», «ХУ11-ХУ111 века. Литература Германии, Италии, Польши, Болгарии, Чехии, Румынии, Венгрии. Южнославянская литература» жүйесімен баяндаған. 1973 жылы жоғары оқу орындарына оқу құралы ретінде шыққан «Зарубежная литература ХХ века» «История зарубежной литературы 1871-1917 гг.» және «История зарубежной литературы 1917-1970 гг.» болып, үлкен екі бөлімге жіктелген.  Бұларда негізінен хронологиялық жүйе басшылыққа алынған.

Әдебиет тарихын дәуірлеудің алғашқы екі түрі жеке-жеке де, бірігіп те қолданылып жүр. Екі томдық «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихында» (1-ші кітап 2001; 2-ші кітап 2002)  ұлттық әдебиетіміздің ғасырлар бойы жүріп өткен жолы «Ертедегі көшпелі тайпалар әдебиеті», «Ежелгі түрік әдебиеті (У1)», «Қазақтың төл әдебиеті (ХУ-ХУ111)», «Х1Х ғасыр әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы әдебиет», «Кеңес дәуіріндегі әдебиет» болып көрсетілген. Мұндағы 4,5-ші бөлімдердің атауы хронологиялық принципке сүйенсе, 1,2,3 және 6-шы бөлімдердің тақырыбы қазақ халқының азаматтық тарихын еске түсіреді.

КСРО Ғылым Академиясы М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының ғалымдары  шығарған «Древнегреческая литературная критика» (1975) атты ұжымдық еңбекте осы кездің әдеби сынын іштей кезеңдерге жіктегенде, хронологияны және сол дәуірдің тарихи атауын қатар пайдаланған. Мысалы, «Литературная критика классической и эллинистической эпох» бөлімі іштей «Ранний период греческой литературной критики», «К истории литературной критики  в классической Греций У-1У вв.»  деген ыңғайда жүйеленген.  Бұл жерде авторлар дәуірлерге бөлгенде, сол заманның, сол кез әдебиетінің  басты сыйпатын айшықтайтын эпитет тектес атауларды қолданып, оған келмесе,  жай ғана уақытымен айқындап отырғандығы көрінеді. Қалай болғанда да дәуірге бөлгенде, сол дәуір әдебиетінің өзіндік сыпатты ерекшелігі бірінші кезекте ескеріліп, оның аталуы соған сай кеп тұруы керек.

Әдебиет тарихын дәуірлеудің үшінші жолы - әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін, сапалық даму жолдарын басшылыққа алып отыру. Әдеби мұраны зерттеудің алғашқы кезеңдерінде оның қай кездерде жазылғанын, авторы кім екендігін анықтау, шығарманың өмірге келуінің алғы шарттары, обьективтік, субьективтік себептері секілді толып жатқан жақтарын ашу алдыңғы орынға шығып, яғни, әдебиеттің әлеуметтік қырларын ашуға көбірек мән беріледі де оның көркемдік қырларына түрлі себептермен тереңдей алмай жататындығын байқау қиын емес. Әдебиеттану ғылымы қоғамдық ғылымдардың аясында бірге дамып, әбден бұғанасы бекіп, кемеліне келген кезде барып, ғылыммен қаруланып, әдебиет атты әлемнің ішіне кіріп, оның әсемдік әлемін көре алады.

Әдебиетті зәулім сарайға теңесек, ол алыстан мұнартып көрінеді. Жақындай түссек барып, сыртқы жарқыраған көркін көріп, қандай дүние екендігін білуге құмарта түсеміз.Алдымен, авторы кім екенін, содан кейін қай кезде, қандай мақсатпен, қалай салынғанын, тағдыры қалай болғанын хабардар болғаннан соң, сарайдың ішінде не барын білгіміз келеді. Ішіне кіріп, таныса бастағасын бұл сарайдың өзгеше екендігіне көз жетеді. Сырттан көрінбейтін, ішіне кіргенде ғана куәсі болатын көркем көріністер алдыңыздан шығады.

Әдебиет те солай. Алдымен, әдебиеттің қоғамдық, рухани өмірдегі ізі, орны, атқарған қызметі  жайлы деректер біртіндеп жиналып, содан кейін барып, солардың көмегі арқасында «ішкі» жағына үңіліп,  оны әдебиет қылып тұрған көркемдіктің қалың қатпарларында жатқан сұлулықтың не бір сырларын  ашуға ұмтылыс басталады.

Әдебиеттің дамуы дегеніміз, оның көркемдік жағынан жетіле түсуі дейтін болсақ, оны көркемдік тұрғыдан өсу үстінде көрсету - аса маңызды. Әдебиеттің тарихын хронологиялық жүйеде түзгеннің өзінде де дәлелденілуі тиіс негізгі мәселе осы болмақ. Сол себепті де әдебиет тарихын зерттеушілердің бұл жағдайды ылғи да басты назарда ұстап отырғандығы байқалады. Әдебиетті дәуірлерге бөлгенде, негізгі ұстаным ретінде тарихилық басшылыққа алынғанымен де оған қосымша көркемдік дамуды да қатар қолданып отырады. Мысалы, В. А. Луков шетел әдебиетінің ХУ11-Х1Х ғасырлардағы тарихын барокко, классицизм, сентиментализм, предромантизм, романтизм, реализм, натурализм, символизм, модернизм, т. б. тарауларында да арнайы қарастырған.

Тіпті соңғы зерттеулерде әдебиеттің тарихын көркемдік әдістің дамуымен, орын ауыстырып отыруымен түсіндіретін концепция күшейіп келеді. Орыс ғалымы С. С. Аверинцев осы тұрғыдан келіп, «мәдениеттің рефлекстілігі мен дәстүрлілігі» терминін енгізіп, әлем әдебиетінің тарихын үлкен үш дәуірге бөледі. Оның біріншісі «рефлексіз, дәстүрлі» әдебиетке ежелгі, У ғасырға дейінгі  уақытты жатқызған. Бұл кездің әдебиеті бүгінгі күнгі түсінігіміздей, әдебиеттің қисынына келмейді; көркем туынды ретінде пікір туғызып, талданылып жатпаған. Екіншісі У ғасырдан риторика, поэтика, грамматика  пайда бола бастаған кезеңді қамтыса, үшіншісі осы кезден бүгінгі күнге дейін созылады. Екіншісінде әдебиет «рефлексті, дәстүрлі» болса, соңғы дәуірде рефлекстілік сақталып, сыртқы әсерлердің салдарынан әдебиеттегі дәстүр жалғастығы бұзыла бастайды. Әдебиет тарихын бұлайша жүйелеуден әдебиет деуге әлі келе бермейтін, элементтері жетілу, қалыптаса бастаған кезін, әдебиеттің қалыптасып, онымен  бірге сөз өнерінің пайда болған және қазіргі жаһандану жағдайындағы  дәуірлерін көреміз.

Бұл,  әрине, еуропалық әдебиеттің тәжірибелеріне сүйене отырып, түйілген пікір болса керек. Өйткені, дәл осылайша дәуірлеу қазақ әдебиетіне қолдануға келе бермейтін сияқты. Бір жағынан, Еуразияның кең даласында сайран салып, теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін жасаған, екінші жағынан, Сыр бойында, Жетісуда, Алтайда гүлденген қалалар тұрғызып, мәдениеті өркендеп, әлемдік білім-ғылымға айтарлықтай үлес қосқан ғұламалар шыққан   қазақтың әдебиеті оның ғылымы пайда болмай тұрып-ақ халықтық эстетика негізінде одан көп ғасырлар бұрын өмірге келгендігін айта кеткен лазым.

Әдебиеттің тарихына осы рефлекс, дәстүр жағынан келетін болсақ, қазақ және басқа да түркі халықтарына ортақ деп жүрген ежелгі дәуірдегі Орхон-Енисей сияқты сына жазуларынан бастап, одан арғы кездердегі әдеби мұра деп жүргеніміздің барлығы да көркем әдебиетке қойылар талаптардың үдесінен шыға бермейді. Анықтаңқырай айтқанда, бұлардың көркемдік сыпатынан гөрі құжаттық, тарихилық, танымдық қызметі басым. Десек те бұлар - әдебиеттің бастауларында тұрған құнды мұралар.

Әдебиет тарихын зерттеушілер (Д. С. Лихачев, И. П. Еремин, В. В. Кусков, Н. И. Прокофьев, Н. К. Гудзий, т. б.) орыс әдебиетінің төл тарихын Х ғасырдағы түрлі шежірелерден, князьдардың бір біріне жазған хаттарынан, шіркеу жазбаларынан  бастап жүр. Қазақ әдебиетінің бастаулары бұдан да ары кездерден, біздің жыл санауымыздан бұрынғы У-Х ғасырларда жатқандығын соңғы зерттеулер анықтап отыр. Қытай, араб, парсы мұрағаттарында сақталынып қалған сақтар, ғұндар туралы жазбалар осы «рефлекссіз, дәстүрлі» әдебиет дәуіріне жатады. Бұлар - ұлыстың өзін сақтап қалуы үшін отан сүйгіштік рухта тәрбие беру, ел бірлігін сақтаған, елді жаудан қорғаған ерлердің ерлігін ертеңгі ұрпаққа жеткізу,  үлгі ету мақсатымен жазылған тарихи маңызы аса құнды мұралар. Сондықтан да бұларды зерттегенде, көркемдік жағынан гөрі тарихи танымдық, дидактикалық, тәрбиелік қызметтеріне көбірек мән берілгені жөн.

Ал қазақ хандығы құрылған кезден бермен қарайғы жыраулық, ақындық өнер де еуропалық әдебиетті дәуірлеу өлшемдеріне сия бермейді. Арғы дәуір түгілі, ХУ-ХУ11 ғасырлардың өзінде де бізде әдебиет болғанымен де оның хатқа түскен негізгі заңдылықтары, теориясы болған жоқ. ХУ ғасырдан бастап қазақтың төл әдебиеті өмір сүрді десек, оның ғылымы осыдан төрт ғасырдай кейін ғана (Шоқанның мақалалары) пайда бола бастады. Сына, түрлі құжаттық жазбалар әлі әдеби тұрғыдан пісіп жетілмеген болса,  одан кейінгі орта ғасырлық жазба әдебиет танымдық, дидактикалық бағытымен қатар көркемдік  сипат ала түсті десек, қазақ хандығы құрылғаннан бергі дәуірдегі төл әдебиет сөз  өнеріне  қойылатын жоғары талаптар үдесінен көрінді. Енді бұрынғыдай әдебиет атқарып келген танымдық, дидактикалық қызметтермен бірге халықтың эстетикалық қажеттілігін өтеу міндеті де алға шықты. Осы кездерде қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән ұлттық поэзиясы өмірге келді. Бірақ та бұл ешқандай да әдебиет туралы ғылымның көмегінсіз, халықтың ғасырлар бойғы дамуы барысында қалыптасқан эстетикалық талғамынан өтіп барып, ұлттық дәстүр ізімен жасалынған рухани інжу-маржандар болатын. Сондықтан да әдебиетті дәуірлеу мәселесінде шетелдік ғалымдардың жетістіктерін пайдалану барысында оған сын көзімен қарап, ойланарлық тұстары да баршылық  екені әрдәйім есте болғаны абзал.

Әдебиет тарихының ертедегі кездерінде оның көркемдік сыпатынан гөрі тарихи құжаттық жағы басым болғандықтан да оны әдеби әдістердің дамуы тұрғысынан жүйелеуге келе бермейді. Егер, қазақ әдебиетін көркемдік тәсілдің ауысуы бойынша, дәуірлеуге тырыссақ, онда ХУ ғасырдағы жыраулық дәстүрдегі ұлттық поэзиямыздан бастап, қазақ әдебиетін әдеби әдістердің дамуы тұрғысынан көркемдік дәуірлерге бөлуге болады. Қазақ хандығы кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ әдебиеті негізінен реализм, сыншыл реализм, социалистік реализм әдістерімен жазылыпты. Ара-тұра натурализм, романтизм, символизм, формализм сияқты измдерді де шет-пұшпақтап байқап көрді. Социализмнен көз жазып, тәуелсіздікке қарай бет алғалы  бері қайтадан жандана түскен ұлттық дәстүр  мен қазір Батыста «мода» болып тұрған түрлі модернизм, постмодернизмдердің «дәмін татып», әлі бір тоқтамға келе алмай, тоқыраудан шыға алмай жатқан секілді.

Әдебиет теоретигі Н. А. Гуляев әдебиетті көркемдік әдіс, ағым, стиль тұрғысынан зерттеп, оның гуманистік реализм, классицизм, ағартушылық реализм, сентиментализм, романтизм, сыншыл реализм, ХХ ғасыр әдебиеті мен өнеріндегі реалистік емес ағымдар, натурализм, модернизм, социалистік реализм даму сатыларынан өткендігін дәлелдейді (Н. А. Гуляев. Теория литературы. Москва, 1985). Бір теориялық еңбекте бүкіл әдебиеттің тарихы антикалық әдебиет, орта ғасырлар және қайта өрлеу дәуірінің әдебиеті, барокко, классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм, декаденс - модернизм, социалистік реализм, жаппай әдебиет дамуы үстінде зерттелінеді (Основы литературоведения. Под общей редакцией В. П. Мещерякова. Москва,2003). Тағы бір топ ғалымдар әдеби өмірді көркемдік әдіс, әдеби бағыт, әдеби ағым, әдеби мектеп, көркем бейнелеу ұстанымдарының дамуы үстінде қарастырып, осылардың ішінде көркемдік әдістің классицизм, сентиментализм, романтизм, реализм, символизм, акмеизм, футуризм секілді сатыларын атайды (Введение в литературоведение. Под общей редакцией            Л. М. Крупчанова. Москва, 2005).

Н. Л. Лейдерманның  ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің тарихын дәуірлерге бөлуіжаңашылдығымен ерекшеленеді. Ғалымның тарихи хронологиядан гөрі әдебиеттің «ішкі» даму жақтарына, сол дәуірдің мәдени-әдеби өмірінде болған өзгерістерден туындаған әдебиеттегі көркемдік жаңалықтарға көбірек назар аударғаны байқалады. Ол өткен ғасырдағы кеңес әдебиетін  төмендегіше дәуірлеуді ұсынады:

1).  1890-1920-жылдардың соңы. Бұл кезде түрлі әдеби ағымдардың арасындағы күрес күшейе түсті.

2). 1930-жылдардың басы – 1950-жылдардың ортасы. Іштей «отызыншы жылдар», «Ұлы Отан соғысы кезеңі», «соғыстан кейінгі алғашқы он жылдыққа» бөлініп, «соцреализмнің шығармашылық әдіс, әдеби ағым ретінде үстемдік құруы», оған қарсылық ретінде түрлі әдеби ағымдардың көріне бастауымен сыпаталады.

3). 1950-жылдардың ортасы мен 1980-жылдардың ортасы. Бұл кезді «алпысыншы жылдар» (1954-1968),  «жетпісінші жылдар», социалистік мәдениеттің дағдарысы, социалистік реализм әдісі негіздерінің шайқалып, реалистік дәстүрдің жандана түсуі, модернистік, авангардтық ағымдардың туа бастауы құрайды.

4). 1980-жылдардың ортасынан бастап, бүгінгі күнге дейін. Бұл дәуір қоғамда жаппай рухани дағдарыстың өріс алып, орыс постмодернизмінің туып, дамуымен, өмірді бейнелеудің жаңа тәсілдерін (постреализм, натуралдық сентиментализм) іздеумен ерекшеленеді (Лейдерман Н. Л. Периодизация русской литературы ХХ века и текущий литературный процесс. Материалы международной научно-практической конференций «Современная русская литература: проблемы изучения и преподования». Пермь, 2003).

Профессор Өмірхан Әбдиманұлының «ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (2002) атты монографиялық көлемді зерттеуінде осы дәуір әдебиетін іштей тағы да  діни –ағартушылық, ағартушы-демократтық, ұлт-азатшыл бағыттарға жіктеген. Бұл жерде зерттеуші осы кезді үш бағыттағы  біртұтас үдеріс ретінде қарастырып, әдебиеттің өзіне ғана тән көркемдік дамуын басты назарда ұстаған. Ғалым ғасыр басындағы әдебиетті ғылыми тұрғыдан саралағанда, қоғамдық-саяси өмірдің салдарынан туындаған ұлттық әдебиеттегі сапалық өзгерістерге қарай жіктеуі, әдебиетті идеялық-көркемдік бірлікте қарастыруы оңтайлы шыққан.

Әдебиеттің өзін-өзі теориялық тұрғыдан танытатын құрамдас бір бөлігі санайтын әдебиеттің сыны тарихының жасалуында негізінен осы соңғы көркемдік әдіс жүйесінің  басшылыққа алынатындығы байқалады. Өйткені, әдеби сын дегеніміз, белгілі бір әдеби әдістің, болмаса әдеби ағымның, не әдеби  мектептің көркемдік принциптерінің орнығуы үшін күрес құралы болғандықтан да белгілі бір дәуір сыны сол дәуірдегі көркемдік жүйемен тікелей байланысты. Сол себепті де әдеби сынның жүріп өткен жолдарынан әдебиеттің көркемдік әдіс жағынан дамуы да айқын көрінеді. Мысалы, ХХ ғасырдың бас кезіндегі (1900-1917)  орыс әдеби сынын Н. А. Трифонов «Революциялық пролетарлық сынның қалыптасуы», «Сыншыл реализм әдебиеті», «Реализмнен декадентікке», «Модерн-декаденттік әдебиет» (символизм, акмеизм, футуризм), «Декаденттікті жою жолында» тарауларына бөліп қарастырған (Русская литература ХХ века. Дооктябрьский период. Хрестоматия. Составил Н. А. Трифонов. Москва, 1971).

В. И. Кулешов ХУ111-Х1Х ғасырлардағы  орыс әдеби сынының тарихын  былайша түзген: классикалық сын (Ломоносов, Тредиаковский, Сумароков, Державин, т.б.), сентиментал сын (Карамзин, Дмитриев), сатиралық сипаттағы, немесе, ағартушылық реализм (Крылов, Фонвизин, Радищев), сындағы ескі бағыттың құлдырауы және эклектикалық теорияның пайда болуы (Мерзляков), романтизмнің алғашқы элементтері (Жуковский, Батюшков), азаматтық, революциялық романтизм бағдарламасы (Бестужев, Кюхельбекер, т.б.), демократиялық романтизм (Н. Полевой, Кс. Полевой), реалистік сын табалдырығында (Надеждин), сыншыл реализмде орыстың революциялық-демократиялық тұғырнамасының жасалуы (Белинский, Майков, Герцен, Некрасов), сындағы реализмге қарсы бағыт (Булгарин, Аксаков, Дружинин, т. б.), сыншыл реализмдегі революциялық-демократиялық тұғырнаманың жетіле түсуі (Чернышевский, Добролюбов, Писарев, Салтыков-Щедрин), сындағы консервативті-романтикалық және реакцияшыл-либеральдық бағыттар (Григорьев, Суворин, т. б.), реалистік сынның ішіндегі ағымдар (Михайловский, Тургенов, Гончаров, Островский, Короленко), орыстық «натурализм» теориясы (Боборыкин), сындағы антиреалистік, декаденттік ағымдар (Волынский, Мережковский, Брюсов, т. б.), социалистік реализм сынының алғашқы қайраткерлері (Плеханов, Луначарский, Воровский, Горький, т. б.) (В. И. Кулешов. История русской литературы. Москва, 1972).

КСРО Ғылым Академиясы А. М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институты шығарған тоғыз томдық  «Әлем әдебиетінің тарихы» ( История всемирной литературы. В девяти томах. Издательства «Наука», 1983-1994) орыс әдебиеттану ғылымының ХХ ғасырдағы аса ірі табысы ретінде бағаланды. Авторлар құрамында С. С. Аверинцев, Н. И. Балашов, Г. Б. Бердников, И. С. Брагинский,  Ю. Б. Виппер, М. Л. Гаспаров, Н. И. Конрад, Д. С. Лихачев,Г. И. Ломидзе, Ю. М. Лотман, Е. М. Метлинский, А. Д. Михайлов, Б. И. Пуришев,  Э. Р. Тенишев, М. Б. Храпченко, Е. П. Челышев, т. б.  секілді танымал әдебиеттанушылар бар бұл аса ірі академиялық іргелі зерттеуде әдебиет тарихын зерттеудің, дәуірлерге бөлудің көптеген әдіснамалық мәселелері теориялық және практикалық жағынан қалайша шешімін тапқандығы назар аударарлық.

Әлем әдебиеті тарихын жазушылар оны дәуірлерге жіктегенде негізінен тарихи-хронологиялық ұстанымды басшылыққа алып, мәселеге типологиялық тұрғыдан келіп отырған. Бұл деген - әдебиет тарихын дәуірлеуде оның үш түрін де, яғни хронологиялық, тарихи және көркемдік даму түрлерін ретіне қарай қатар қолдану деген сөз. Тараулардың тақырыптарының өзінен-ақ осы үш түрлі ұстанымның үйлесім тауып қолданылғандығы  көрінеді. Көптомдықта әдебиетті дәуірлерге бөлгенде негізінен тарихи-хронологияның басшылыққа алынып, ішкі тараушаларында көркемдік дамуға назар көбірек аударылып отырған.

Әр том шамамен бір әдеби дәуірге арналған.  1-том әдебиеттің пайда бола бастаған ерте, фольклорлық бастауларынан жаңа заманға дейін, 2-том жаңа дәуір басталуынан Х111-Х1У ғасырдың басына дейін, 3-том Х111ғасырдың соңы мен Х1У ғасырдың басынан ХУ1 ғасырға дейін, 4-том ХУ11 ғасырды, 5-том ХУ111 ғасырды, 6-том Ұлы Француз революциясынан Х1Х ғасырдың ортасына дейін, 7-том Х1Х ғасырдың екінші жарымы, 8-том 1890-жылдардан 1917-жылға шейін, 9-том Октябрь революциясынан екінші жер жүзілік соғыс аяқталғанға дейін  уақыттарды қамтыған.

Бұлайша дәуірлеудің астарында әлемдік тарихта, әдеби дамуда үлкен өзгерістер, серпілістер  әкелген ұлы тарихи оқиғалар, кезеңдер жатыр. Яғни, әдебиетті дәуірлеу тарихи-хронологиялық негізде жүргізілген. Әдебиеттің тарихын бұлайша кезеңдерге бөлу әдебиетті қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени даму аясында біртұтас процесс ретінде қарастыруға мүмкіндіктер туғызған. Десек те әдебиетті тек тарихи оқиғалардың ыңғайында қарап, оның өнер туындысы екендігі ескерілмесе, онда әдебиет тарихы азаматтық тарихтың жай ғана жалаң иллюстрациясы ғана болып шыққан болар еді. Сондықтан да авторлар бұлай болып шықпауы үшін тарихи-хронологияны көркемдік даму тарихымен ұштастырып отырған.  Мысалы, 6-шы томдағы Х1Х ғасырдың бірінші жарымындағы орыс әдебиетіне арналған тарау «Х1Х ғасырдың бірінші жарымындағы әдебиет», «Ғасыр басындағы әдеби ағымдар», «Орыс романтизмінің ерекшеліктері. Декабристер әдебиеті»,  «20-шы жылдардың екінші жарымы мен 30-шы жылдардағы проза мен драматургия», «Натуральдық мектеп» аталған шолу сыпатты тараушалармен бірге Карамзин, Жуковский, Батюшков, Крылов, Грибоедов, Пушкин, Баратынский, Тютчев, Кольцов, Гоголь, Белинскиий   хақындағы шығармашылық портреттермен толыға түскен. Мұның өзі сол кез әдбиетін тұтас күйінде де,  көрнекті қайраткерлері арқылы да тануға мүмкіндіктер ашқан.

Десек те  «Әлем әдебиеті тарихында» қазақ, түркі әдебиеттеріне қатысты берілген материалдар көңіл көншітпейді. Бүкіл тоғыз томдықтан «Ертедегі түркі әдебиеті» (И. В. Стеблева. Древняя тюркоязычная литература. 2-том, көлемі-7 бет), «Орта Азия әдебиеттері» (И. С. Брагинский, У. Кәрімов, А. Қаюмов, С. Дурдиев, М. Овезгелдиев. Литературы Средней Азии. 4-том, көлемі - 5 бет), «Орта Азия және Қазақстан әдебиеттері» (Х. Короглы. Введение; А. Каюмов. Узбекская литература; С. Каррыев. Туркменская литератра; Н. Смирнова. Казахская литература. 5-том, көлемі – 10 бет), «Орта Азия және Қазақстан әдебиеттері» (Литературы Средней Азии и Казахстана. З. Османова. Введение; И. Дюсенбаев.Казахская литература ; А. Хайтметов. Узбекская литература; С. Каррыев. Туркменская литератра. 6-том, көлемі - 10 бет),  «Орта Азия және Қазақстан халықтарының әдебиеті» (Литературы народов Средней Азии и Казахстана. З. Османова. Введение; З. Ахметов. Казахская литература; С. Каррыев. Туркменская литература; А. Абдугафуров, А. Джалалов. Узбекская литература. 7-том, көлемі - 7 бет), «Орта Азия және Қазақстан әдебиеті» (З. Османова. Введение; Э. Каримов. Узбекская литература; С. Карыев. Туркменская литература; З. Ахметов, А. Дербисалин, Ш. Сатбаева. Казахская литература; К. Асаналиев. Киргизская литература. 8-том, көлемі - 10 бет) және Х1У-ХУ11 ғасырлардағы әдебиетке арналған 3-томдағы түрік, өзбек әдебиеттеріне, қырғыздың «Манас», ортаазиялық «Алпамыс», қарақалпақтың «Қырық қыз» эпостарына, ноғайлы жырларына, Қорқыт, Көрұлы аңыздарына арналған тарауларға ғана орын беріліпті. Сонда бүкіл түркі тектес халықтардың (түріктерден басқа) әдебиеттеріне 69-ақ бет берілген.

Кеңестік империяның соңғы жылдарында жазылған «Әлем әдебиетінің тарихындағы» мұндай өрескел  кемшіліктерді сол кездерде қоғамдық, мәдени өмірдің барлық салаларында салтанат құрып тұрған отаршылдық саясаттың, еуропацентризмнің салқыны демеске лаж жоқ. Ал есесіне тәуелсіз ел ретінде түрік әдебиетіне үшіншіден бастап, әр томда жеке тарау берілгенін құптасақ та, оның жалпы түркілік әдебиеттен бөлек қарастырылуы ойлантады. Х111 ғасырға дейінгі түркі халықтарының әдебиеті бірге қамтылған да, одан кейінгі томдарда түрікпен бірге  өзбек әдебиеті де бөлек қарастырылған. Оның үстіне Орта Азия әдебиетіне жатады деп, тәжік әдебиетін де түркілік топқа қосып жіберген. Ал Ресей құрамындағы татар, башқұрт, шуваш секілді түркі тектес халықтардың әдебиеттері де осы томдардан өзіне лайықты орнын алуға хақысы бар еді. Өкінішке орай, олай болмаған: тек кеңестік дәуірдегі Еділ және Жайық бойындағы халықтардың әдебиетіне берілген 7, 8- томдардағы қысқа ғана  7 беттік  шолумен ғана шектеліпті.

Бұл жерде қазақ әдебиетіне қатысты айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол - қазақ әдебиеті осы әлемдік әдебиеттің тарихына арналған іргелі еңбекте өзіндік болмысымен көрініп, өзіне лайықты орнын ала алды ма деген сауал. Біздіңше, ала алған жоқ. Олай дейтініміз, бұл еңбек социалистік релизм салтанат құрып тұрған кеңестік кезеңде жазылды да, әдебиеттің ұлттық болмысын ашып көрсетуге мүмкіндіктері шектеулі, басқа әдебиеттердің өткендегі тарихына деген көзқарас салқындау болды. Осындай себептермен басқаларды былай қойғанның өзінде, әлемдік әдебиет классиктерінің қатарында тұруы тиіс Абай, Мағжан сияқты қазақтың ұлттық әдебиетінің аса көрнекті қайраткерлері бұл  томдарда жоқ. Қазақ әдебиетінің ешбір елде қайталанбас өзіндік ерекшелігі саналатын жыраулық поэзияны, ақындық өнерді былай қойғанда, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық бағыттағы тұтас бір дәуірдің әдебиеті де түсіп қалған.

Бұлардың барлығын ежіктеп айтып жатқандағы мақсат: түркі халықтарының дербес ортақ әдебиет тарихын жасаудың бүгінгі әлеуметтік-мәдени өмір, ғылымның дамуы ұсынып отырған маңызды мәселе; осы салада жүргізіліп келген ғылыми ізденістер болғанымен де оларда түрлі себептермен орын алған қателіктерді  тез арада жойып, түркі халықтарының әлемдік әдеби дамуға қосқан тарихи үлесінің аса қомақты екендігіне көзді жеткізе түсу.

Әдебиет тарихының негізгі зерттеу нысаны – өткен  дәуірлердің көркем әдебиеті, сол әдебиетті жасаушылар. Әдебиет тарихында белгілі бір дәуірдің ғылыми негізді әдеби көрінісі жасалуы тиіс. Ал әдебиеттің өткен жолдарына көз жіберсек, тарихтың терең тылсымдарынан мен мұндалаған не бір ұлылар үн қатады. Олардың кейбіреулері Алатаудың биік шыңдарындай, алыстан мұнартып, тарихтың биік жоталарына, асуларына айналса, енді біреулері арқаның жосылып жатқан таусылмайтын жота-шоқыларындай,  қасына жақындамасаң, сырын аша бермейді.

Біз әдетте әдебиеттің өткені жайлы сөз болғанда, Абайға дейінгі әдебиет, Абайдан кейінгі әдебиет деген сияқты межелеуді жиі қолданамыз. Жетпісінші жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тарихы «Бұқар жыраудан басталады» деп келгеніміз бар. Оның қай кез екені он сегізінші ғасыр делініп,  осы тіркестің соңынан  анықталып отырды. Мұндай жағдай әдебиет тарихтарында жиі кездеседі. Мысалы, орыс әдебиетін зерттеушілер оны Пушкинге дейінгі және кейінгі деп, үлкен екі кезеңге бөледі.

Әдебиетті жасаушы өнер иелері болғандықтан да тарихты жазғанда, олардың әрқайсысының көркемдік дамуға қосқан үлесі барынша әділ бағалануы аса маңызды. Әдебиет тарихын жазу дегеніміз, іс жүзінде сол кездерде жасаған үлкенді-кішілі ақын-жазушылардың шығармаларын жан-жақты қарастырып, ғылыми тұрғыдан талдап,  тарихтың таразысына салып таразылануы, әрқайсысының өзіне лайықты орнының анықталуы да деген сөз.

Белгілі бір дәуір әдебиетін тұтастай көруге әдетте шолу көмектеседі. Әдебиет тарихшысы ең алдымен, өзі зерттеп отырған дәуірдің әдеби, мәдени, әлеуметтік  панорамасын жасап алып, содан кейін барып, сол кездің әдебиетін шолып, оның үлкенді-кішілі өкілдерін көркемдік дамуға қосқан үлестеріне қарай орын орнына қояды; әдебиеттің аса ірі өкілдерінің шығармашылық жетістіктерін жан-жақты көрсету мақсатымен оларға жеке шығармашылық портреттер арнайды.

Әдебиет тарихын жазғанда,  көбіне ақын-жазушылардың өмірбаяндық деректері мен шығармаларының мазмұнын таныстырумен шектеліп жүргендей. Дұрыс. Әсіресе, көне дәуірлерде жасалынған әдебиет жайлы деректердің аздығы, олардың бізге жеткен әдеби мұраларының бүгінгі көркемдік талдауларға көне бермейтіндігі де амалсыздан осылай етуге мәжбүр етеді. Десек те әрбір зерттеуші өзінің әдебиет жайлы жазып отырғанын әрдәйім есте ұстап отырғаны жөн.

Әдебиет қайраткерлеріне арналған шығармашылық портреттерде сол кездің қоғамдық-тарихи жағдайы, мәдени, әдеби өмірде болып жатқан өзгерістері  аясында дарын иесінің өзіндік шығармашылық қолтаңбасы, әдеби дамуға қосқан үлесі, қоғамдық өмірде алатын орны, бағалануы сияқты сауалдарға жауаптар берілуі қажет. Ғылыми негізді әдебиет тарихы бұларға қоса оның шығармашылығына, көркемдік танымына айтарлықтай әсер еткен өмірбаяндық оқиғаларға да мән беріп, қоғамның, өмірдің жазушылық болмысқа әсерін анықтайды; сөйтіп, суреткердің көркемдік әлемінің табиғатын бар болмысымен аша түсуді басты назарда ұстайды.

Әдебиет тарихын жасау – теориялық жағынан аса күрделі, көлемі жағынан ауқымды іс. Бұл іс әдеби, ғылыми дайындығының үстіне қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен де жан-жақты қарулануды қажет етеді. Әдебиет тарихын зерттеуші ғалым ең алдымен, жақсы тарихшы болуы керек; тарихи зерттеулердің негізгі заңдылықтарына, табыстарына арқа сүйеп отырмаса, таза әдеби зерттеулердің жемісті болуы екіталай. Басқасын былай қойғанда, ең негізгі мәселе саналатын  әдебиет тарихын дәуірлерге бөлудің өзі тарихи кезеңдермен тікелей байланысты.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ауыр саяси жағдай қазақ әдебиетінің ұлттық дамуын біраз уақытқа тежеді. Отызыншы жылдардағы бесжылдықтар науқаны әдебиетке де қозғау салды. Отыз жеті мен елу үштің арасында барынша асқынған жеке адамға табынушылық салдарынан қазақ әдебиеті де орны толмас зардап шекті. Елуінші жылдардың орта шенінен басталған саяси жылымық қазақ әдебиетінің де дами түсуіне біршама мүмкіндіктер туғызды. Демек, әдебиеттің даму дәуірлері көбіне қоғамдық-саяси даму тарихымен  сәйкес келіп отырады екен. Мұнан шығатын қорытынды әдебиетті кезеңдерге бөлгенде, азаматтық тарихтың дәуірлерге бөлінуі барлық уақытта ескеріліп отыруы тиіс.

Бұл деген тарихтың дәуірлерін сол күйінде әдебиеттің тарихына әкеліп қондыра салу деген сөз емес. Керісінше. Әдебиет қоғамдық өмірдің аясында, белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүргенімен, оның да өнер ретінде өзіндік даму ерекшеліктері бар. Мысалы, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде отаршылдық саясаттың асқына түсуі халықтың жаппай наразылығын туғызып, ұлттық сана-сезімнің оянуына алып келді. Қоғамдық өмірдегі ауыртпалықтар ұлт  зиялыларын ұлт-азаттық күресті бастауға мәжбүр етті. Осы кезде бұрындары мүлгіп келген әдебиет те «оянып», қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» туды (Абай, Мағжан, т. б.). Демек, бұл кездің әдебиетін тарихтың дайын дәуірлеу қалыптарына салуға келмейтіндігі көрініп тұр.  Мұндай кезде әдебиетті дәуірлерге бөлудің үшінші түрі яғни, көркемдік даму ұстанымы басшылыққа алынуы тиіс.

Тағы бір мәселе есте болғаны жөн: әдеби дәуірлердің арасында қатып қалған «шегара» жоқ, ол «шегараның» өзі де жылжымалы. Әдеби дәуірлердің ара жігі уақытпен межеленетін болса, сол уақыттар кейде ондаған жылдарға дейін ары-бері жылжып тұратын жағдайлар жиі кездеседі. Өйткені әдебиет те - бір-бірімен тұтасып, ұласып жатқан жанды құбылыс. Сондықтан да бір-бірімен жалғасып жатқанды бірден кесіп тастауға келе бермейтіндігі тағы бар.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақ әдебиетінің «шегарада тұрған» қайсы бір ірі өкілдерін дәуірлерге жатқызғанда, ойланатын кейбір мәселелер бар. Мысалы, 2002 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихында» (жалпы редакциясын басқарған профессор Т. Кәкішұлы) Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовты ХХ ғасыр басындағы әдебиетке жатқызса, он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихының» 7- ші томында 20-30-жылдарға, яғни кеңес  әдебиетінің өкіліне жатқызыпты. Алғашқы еңбекте негізінен әдебиетті дәуірлеудің көркемдік-идеялық сыпаты басшылыққа алынса, екіншісінде тарихи-хронологияны ұстанғаны байқалады.

Біздіңше, Мағжан мен Жүсіпбек - кеңес әдебиетіне дейінгі ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің, яғни ұлт-азаттық бағытты ұстанған алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдері. Өйткені бұлардың шығармашылықтары ғасыр басында ұлт-азаттық идеяны көтеріп шыққан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров сынды әдебиет алыптарымен үндес. Оның үстіне бұларды танытқан атақты шығармалары кеңестік кезеңде емес, сол дәуірде жазылды. Сондықтан да бұларды Ахмет, Мыржақыптың тобымен бірге атап, бір бағыттағы, бір сипаттағы шығармашылықтарын бір ыңғайда қарастырған жөн.

Рас, бұлар кеңес өкіметі жылдарында да өмір сүрді; шығармашылықпен айналысты. Бірақ та олар бұл кезде үстемдік құрған социалистік реализм әдісін толықтай қабылдай алмады. Сол себепті де бұрынғыдай жарқын шығармалар өмірге келмеді. Біздіңше, кеңес әдебиетінің тарихын Сәкен, Сәбиттерден бастаған жөн.

Әдебиет тарихын зерттеудің әдіснамалық негізі –ғылыми ізденістердің дұрыс арнада жүруінің бірден-бір кепілі. Әдебиетті зерттеу барысында туындайтын түрлі  мәселелердің қалай шешілуі түптеп келгенде, ғылыми ізденістердің жалпы бағытын айқындайтын әдіснамаға байланысты.

Әдіснаманы екі түрлі ыңғайда түсінуге болады. Оның біріншісі - бүкіл дүниетанымдық ізденістерде басшылыққа алынатын негізгі қағидалар, ғылыми бағыт. «Әдіснама-таным мен өмірді өзгертудің, өмірге көзқарас ұстанымдарын таным процестерінде, рухани шығармашылықта және тәжірибеде қолданудың әдістері жайлы философиялық ілім» (Основы научных исследований. М., 1989, 54-бет).

Әдіснаманың философиялық сипаты айқын. Философия дегеніміз-көзқарас, тіршілік туралы түсініктердің ортақ арнасы. Дүниетанымдық көзқарастардың осы уақытқа дейін негізінен идеалистік және материалистік болып екіге бөлініп келгені белгілі. Өмірді, сол өмірдің көркем бейнесі саналатын көркем шығарманы танып білуде жер бетінде тіршіліктің пайда болуы, адамзат қоғамының дамуы, тіршіліктің мәні туралы ілімнің маңызы зор. Бүкіл қоғамдық ғылымдар  сияқты әдебиеттің тарихын зерттегенде де әлемнің материалдық тұтастығы және оның ылғи да даму үстінде болатындығы жайлы философиялық-ғылыми тұжырымдар басшылыққа алынып келеді.

Әдебиеттің тарихын зерттегенде, әдіснамалық негізінің дұрыс болуы көненің сарғайған беттеріне айналған әдеби дәуірді тұтастай қамтуға, әдеби құбылыстардың пайда болу, даму себептерін, жолдарын анықтай түсуге алғышарттар жасайды. Ғылыми зерттеудің нәтижесі ғана емес, соған қол жеткізетін, бағытты басқа жаққа бұрмай, оған тура алып баратын  жол да аса маңызды. Ғылыми негізді әдіснама әдебиетті зерттеу барысында шындыққа қарай жол көрсетіп отыратын сенімді бағдар (А. Я. Зись. Эстетика: идеология и методология. М., «Наука», 1984, 11-бет). Мәселенің барлығы айналып келгенде, осы тура бағытты, яғни әдіснамалық негізді дұрыс айқындап, шындыққа қол жеткізетін сара жолды дәл таба білуге келіп тіреледі. Сол себептен де әдіснамалық мәселелер ғылыми ізденістерде алдыңғы қатарға шығып, алдымен анықтап алуды талап етеді. Әдіснама дұрыс шешілмейінше, ғылымның мәселелері де дұрыс шешілмейді.

Әдебиеттің көркемдік дамуы оның бейнелеу тәсілдерінің жетіле түсуінен көрінетін  болса, әдебиеттанудың да қалыптасу, жетілу барысында әдебиетті зерттеу әдіс-амалдары толыға түсті. Осы уақытқа дейінгі әдебиеттану ғылымының жетістіктері де, кемшіліктері де оның әдіснамалық негіздерінде жатыр. Әдебиетті зерттеудің әдіснамалық негіздерінің жетілмеуі, болмаса, көркемдік дамудың өзіндік ерекшеліктерінің ескерілмей, саясатқа байланған жалған теориялар басшылыққа алынуы сияқты кемшіліктерден әдебиетіміз де, оның ғылымы да айтарлықтай опық жеді.

Демек, әдіснаманың дұрыс таңдалуы ғылыми ізденістердің дұрыс арнада, көзқараста болып, оның барар бағытын, қол жеткізетін нәтижесін алдын ала аңғартып тұрады. Мысалы, Батыс адамзат қоғамының көшбасшысы,  қоғамдық-экономикалық-рухани даму жағынан Шығыстан жоғары деген өздерінің отаршылдық пиғылдарын жүзеге асыруды ғылыми жағынан негіздеген еуроцентристік жалған ілім шығыс халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеу істеріне  қаншама зиян келтіріп, жалған теориялардың тууына жол ашты. Осы сияқты себептердің салдарынан түркі халықтарының ерте кездердегі тарихы, әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесі сияқты мәселелер күні бүгінге дейін жеткілікті дәрежеде зерттелінбей, зерттелінгеннің өзінде де лайықты бағасын ала алмай келе жатыр. Түркі халықтарының бір кездерде дамыған, гүденген мәдениеті, әдебиеті болғандығы, олардың арасынан әлемдік ғылымның аса көрнекті қайраткерлері шыққандығы, тіпті түркілік озық мәдениеттің Батыстың өркениет жолымен дамуына айтарлықтай әсер еткендігі - күні бүгінге дейін мойындалмай келе жатқан шындық. Ал ежелгі түркілік әдебиеттің жайына келетін болсақ, бұл да парақталмаған кітап секілді, өз зерттеушілерін, оқырмандарын күтуде.

Кеңестік кезеңдегі ғылымның әдіснамалық негізіне маркстік-лениндік таптық ілім алынып, оның басты қағидасы партиялық принцип әдебиетті бағалаудың негізгі өлшеміне айналып, әрбір ұлттық мәдениетте екі түрлі мәдениет болады деген жалған теория үстемдік құрған тұстарда қазақ әдебиеті мен оның ғылымы орны толмас зардап шекті. Біртұтас ұлтты таптық тұрғыдан екіге бөліп, байларының бізге керегі жоқ деп, халық жауы санаған, сондықтан да оларды түп-тұқиянымен құрту керек деп, оларға қарсы бітіспес күрес ашып, тек кедейлерді ғана адам санатына қосып, солардың ғана сөзі сөйленген заман да болған. Әдебиеттің басты қасиеті - оның көркемдігі ескерілмей, тек қана идеялық жағына мән беріліп, коммунистік партиялық көзқарасқа сай келетіндігін, немесе келмейтіндігін анықтау болған уақыттарда әсіресе әдебиеттің тарихын зерттеу саласында ғылыми тоқырау болды.   Қазақ әдебиетінің өткен ғасырларда жасаған көрнекті өкілдері түгіл, тұтас бір дәуірлері, оны айтасыз, төңкеріске дейінгі  бүкіл ұлттық әдебиеттің тарихы халыққа жат саналып, жоққа шығарылды.

Тәуелсіз ел болып, тарихқа басқаша көзқараспен қарап жатқанда, оны бұрынғы ескі зерттеу тәсілдері арқылы қарастыру мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті. Қазіргі қоғамдық ғылымдардың жетістігі, қоғамдық, ұлттық ғылыми сананың өсуі өткеннің әдеби мұраларын зерттеу істеріне мүлдем жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жаңа міндеттердің жаңаша зерттеу әдістерін қажет  ететіні белгілі. Кезінде жасалынған осындай   ғылыми «жетістіктерді»  дұрыс әдіснамалық негізге сүйене отырып, бүгінгі күннің биігі, ұлттық, түркілік, жалпыадамзаттық  мүдделер тұрғысынан зерделеп, бағалап, орын-орнына  қою - әдебиеттану ғылымының бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған зәру мәселе.

Әдіснаманың екінші мағынасы белгілі бір ғылым саласына қатысты ұғынылады. Бұл жерде ол  жалпы әдіснаманың құрамдас бір бөлігі ретінде сол саланың өзіндік ерекшеліктеріне орай нақтылы жағдайда көрінеді.   Бұл турасында белгілі ғалым А. Быков «Жеке ғылымдық әдіснама жоқ. Бір ғана әдіснама бар. Ол – философия, логика. Өйткені, философия мен логика ғана болмыс пен ойлаудың жалпыға ортақ заңдылықтарын зерттейді. Жеке ғылымдық әдістер – жалпы әдістің, жалпы әдіснаманың нақтылануы. Жеке ғылымдық принциптер мен теория әдіснамалық жүйе құра алмайды» (А. Быков. К вопросу о системе методологии методов в диалектической логике. Кітапта: «Диалектика и логика научного мышления». М., 1966, 322-бет)-деп жазады.

Әдебиеттану ғылымының да ұзақ жылдар бойғы дамуы барысында қалыптасқан, ғылыми жағынан жетіліп, сыннан өткен өзіндік әдіснамасы бар. Әдеби зерттеулердің әдіснамасы дегеніміз, әдебиеттанудың, қоғамдық  ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып, әдебиетті зерттегенде қолданылатын әдістер мен ғылыми ізденістердің негізгі бағдарын белгілеп, басшылыққа алып отыратын негізгі ұстанымдардың жиынтығы.   Әдебиеттің өткен дәуірлеріне үңіліп, тарихтың тереңіне сүңгіп, ерте кездерде жасалынған әдеби мұраларды ғылыми айналымға салғанда, зерттеудің дұрыс жолда жүруін қамтамасыз ететін, шамшырақтай жарқырап, алды көрсетіп отыратын – осы әдіснама. Әдіснамалық тұғыры мықты болмаса, ғылыми жұмыстың жемісті болуы күмәнді.

Табиғат пен қоғамның ортақ заңдылықтарын ашуға көмектесетін жалпыға ортақ философиялық әдіснама бар да,  жекелеген ғылым салаларының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты ғана қолданылатын ұстанымдар мен тәсілдердің жиынтығынан тұратын әдіснама тағы бар екен. Бұлардың арақатынасын жалпының жекеге, немесе жекенің жалпыға қарым-қатынасы түрінде де түсінуге болады.

Әдебиетті зерттеу барысында басшылыққа алынып отыратын негізгі қағидаларды, идеяларды ұстанымдар (принциптер) дейміз. Әдеби зерттеу ұстанымдары ғылыми ізденістердің жүрер бағытын, таным процесінде қолданылар әдіс-амалдарды алдын-ала анықтап, оның нәтижелі болуын алдын-ала қамтамасыз етіп отырады.

Зерттеу ұстанымдары да көркем әдебиеттің, оның ғылымының дамуымен бірге өсіп, жетіліп отырған. Әдебиеттану ғылымының тарихи кезеңдерінде әртүрлі зерттеу ұстанымдарын басшылыққа алған түлі ғылыми мектептердің болғандығы белгілі. Қазіргі қолданылып жүрген әдебиетті зерттеу ұстанымдары ұзақ уақыттар бойғы ғылыми ізденістердің барысында сұрыпталып, сыннан өтіп, қалыптасқан, орныққан қағидалар.

Зерттеу ұстанымы ғылыми ізденістің алдына қойған негізгі мақсатын айқындайтын - әдіснамадағы ең негізгі мәселе. Сондықтан да зерттеу жұмыстарының жемісті болуы онда басшылыққа алынған ғылыми ұстанымдардың орынды қолданылуына тікелей байланысты. Қандай әдістердің қолданылғандығы белгілі бір дәрежеде зерттеу жұмыстарының сапасын да аңғарта алады. Мұның өзі әдебиетші ғалымнан ғылыми ұстанымдарды   толық меңгеріп, оларды қажетіне қарай оңтайлы пайдалана білуін талап етеді.

Алдына қойған мақсатын айқындайтын нақтылы ғылыми ұстанымсыз  зерттеу жұмыстарының нәтижелі болуы екіталай; барар жағы  белгісіз, жел қалай соқса, солай қарай ғана ығатын ескексіз қайық секілді. Бір істі қолға алған адамның оны қалай атқаруын қамдастыратыны секілді, зерттеуші де болашақ атқарылар жұмыстарын жүзеге асыру жолдарын қарастырады. Бұған бұл ретте алдымен көмекке келетін - ғылыми ұстанымдар. Әдебиеттің тарихын зерттегенде, ғылыми ізденістердің жүрер жолын, барар бағытын сызып, шамшырақтай көрсетіп отыратын аса маңызды ұстаным-тархшылдық принципі.

Тарихшылдық табиғат пен қоғамдық ғылым салаларында зерттеу бағытын айқындаушы негізгі ұстаным болып табылады. Өйткені, табиғат пен қоғамда барлығы да бір-бірімен байланыста, даму үстінде. Оның осындай ерекшеліктерін ескермей, ғылыми шындыққа жету неғайбыл.

Кең мағынасындағы тарихшылдық заттар мен құбылыстарды пайда болу, даму, тарихи байланыстары үстінде танып білуді мақсат етеді. Әдебиет қоғамдық құбылысқа жататындықтан да бұл принцип әдеби зерттеулерде де аса маңызды рөл атқарады.

Зерттеліп отырған әдебиетте белгілі бір дәуірдің қоғамдық тарихи шындығы қаншалықты көрініс тапқандығын анықтау барысында сол кезеңге қатысты тарихи мағлұматтар кеңінен пайдаланылады. Демек, тарихи құбылысты бейнелеген әдебиетті тарихи тұрғыдан қарастыру – оны шынайы танып білудің бірден бір шарты.

«Әрбір өнер туындысы өз дәуіріне, тарихи заманына, суреткердің қоғамға қатынастарына орай қаралуы тиіс: оның өмірін,т. б. қарастыру шығарманың жасалуын түсіндіруге қызмет етеді»             (В. Г. Белинский. Үш томдық шығармалар жинағы. 2-том, М., 1948, 361-бет). А. Бушмин тарихшылдық әдеби құбылыстардың ішкі-сыртқы себеп-салдарлық байланыстарын, оның генезисін, дамуын нақтылы тарихи жағдайда талдап, ашып беру деп біледі (А. Бушмин. Методологические вопросы литературоведческих исследований. Ленинград, 1969, 123-бет).

Сонымен, тарихшылдық өткен дәуірлерде жасалынған әдебиетке сол кездегі тарихи факторлардың әсер-ықпалын анықтауға, сол арқылы барып, оған обьективті баға беруді қамтамасыз етеді. Сөйтіп, әдебиетті зерттеудің әдіснамалық негізін құрайды. Тарихшылдық ұстанымы бойынша, әдеби үдеріс (процесс) даму үстіндегі жанды құбылыс, қазіргі әдебиет өткендегі әдебиеттің жалғасы, бүгінгі көрінісі ретінде қарастырылады.

Тарихшылдық принципі қатып қалған стандарт емес. Ол әдебиеттің, ғылымның дамуымен бірге жетіліп отыратындықтан да қолданғанда, шығармашылық  шеберлікті қажет етеді. Ол әрбір зерттеушінің дүниетанымына, білім-ғылым дәрежесіне тікелей байланысты. Сондықтан да осы ұстанымды дұрыс қолданбаудың, болмаса, қолдануға өресі жетпегендіктен де бір әдеби дәуір, не сол дәуірдің көрнекті өкілі жайлы түрліше пікірлердің болуы - жиі кездесетін жағдай. Мысалы, арыға бармай-ақ, күні кешегі кеңестік дәуірде жасаған С. Сейфуллиннің, С. Мұқановтың шығармашылықтары хақында түрліше пікірлер айтылып келеді. Әдебиет тарихынан мұндайларды көптеп келтіруге болады. Кей жағдайларда мұндай пікіралысулардың аяғы пікірталастарға, әдеби-ғылыми дау-дамайларға ұласып жатады.  Бұл жердегі басты мәселе тікелей өмірлік дүниетанымға, тарихшылдық  ұстанымын қолдану ерекшеліктеріне тікелей байланысты болса керек. Керек десеңіз, қазіргі плюрализм заманында түрліше пікірлердің болуы заңды құбылыс сияқты да көрінеді.

Бұл ұстаным зерттеушіден жан-жақты білімдарлықты, қарастырып отырған әдеби дәуірге қатысты материалдарды толықтай игеруді қажет етеді.  Көркем әдебиеттің даму жолдарын зерделегенде, өмірде жиі кездесетін уақытша ғана көрініс беріп, қате пікірлерге бастайтын жалған фактілердің шылауында кетпей, негізгі даму жолдарын айқындайтын типтік құбылыстарды дөп басып, сұрыптап ала білуі, солардың негізінде толымды тұжырымдар жасап, ғылыми қорытындыларға келуі  керек.

Көркем әдебиет қоғамдық өмірдің асыл сөзбен апталып, көркем кестеленген бейнесі дейтін болсақ, сол өмір шындығы көркем шындыққа қалай айналды, қаламгер не айтпақ болды  деген сауалдарға жауап беруге бастап апаратын бірден-бір жолбасшы осы – тарихшылдық. Сондықтан да өткен замандардағы әдеби мұраларды зерттегенде, олардың идеялық, көркемдік құндылықтарын ашу  тарихшылдық ұстанымынсыз мүмкін емес деуге болады. Тіпті, ғылыми негізді әдебиет тарихын жасау тікелей осы тарихшылдық ұстанымының оңтайлы да сауатты қолданылуына тікелей байланысты дер едік.

Сонымен, әдебиет тарихын зерттеу барысында тарихшылдық принципін ұстанып отыру дегеніміз, әрбір әдебиет қайраткеріне, дәуірге баға бергенде, сол дәуірдің аясында, өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып барып бағалау болмақ.  Сонда ғана әдебиет тарихының шынайы тарихын жасауға болады.

Тарихшылдық ұстанымы шындық категориясымен тікелей байланысты.  Ғылымның мақсаты – шындыққа жету болса, әдебиеттану ғылымы өмір шындығының көркем шындыққа айналу заңдылықтарын зерттеп, әдебиеттің шындығын айтуға ұмтылады.

Біз күнде әдеби өмірде  көріп жүргеннің, болып жатқанның, оларға беріліп жатқан  бағалардың  бәрі шындық па, жалпы  өмір шындығы деген не, көркем шындық деген не, екеуінің ара қатынасы қандай деген сауалдар төңірегінде де ойланарлық мәселелер жеткілікті. Біреуді «классик қаламгер» деп мақтап, енді біреуін «халтуршик» деп, даттап жатамыз. Шындығында солай ма? Қым-қуыт, қым-қиғаш оқиғаларға толы өмірдің шыны қайсы, жалғаны қайсы екендігін анықтауға, дұрыс бағытта болуына ғалымның білім дәрежесі, өмірлік  тәжірибесі, басшылыққа алған ғылыми ұстанымы көмектеседі.

Күнделікті тіршілікте өмір шындығы деп танығанымыз ертеңгі күні басқаша болып кетуі мүмкін. М. Горький айтқандай, «көрінген фактінің бәрі әлі шындық емес, ол - әлі піспеген шындық. Оны ой қазанында қайнатып, нағыз шындықты таза күйінде қорытып ала білу керек. Фактіні сыртындағы қауыздарынан тазартып, оның ішіндегі негізгі мәнін білдіретін жақтарын айырып алу  оңайға соқпайды»             (М. Горький. О литературе. М., 1953, 563-бет).

Ғылымның дамуы  абсолютті шындықты танып білу бағытында тоқтаусыз жүріп отырады. Шындыққа жету жолында оның адасуы да, шамасы жетпей жатуы да мүмкін. Өйткені,  шындықтың жолы – ауыр, «тар жол, тайғақ кешулі», қауіпті жол. Өмірде таза алтынның кездеспейтіні сияқты, «таза шындық» та сирек; «жалған шындық» пен «шын шындық» бір-бірімен жағаласып, араласып, қатар өмір сүріп жатады. Оның қайсысы қайсы екендігін ажырату қиын. Көрер көзге екеуі де бірдей. Көкірегінде көзі бар бірлі-жарымды парасатты азаматтар болмаса, бүгінгі өмір шындығымен  тіршілігін жасап жүрген адамға бұларды ажырата білу оңайға түспейді.

«Бәріне де уақыт - сыншы» - дейді дана халық. Шындық уақытқа, сол уақыттағы саяси-әлеуметтік жағдайға тікелей тәуелді. Сол кезде үстемдік құрып тұрған саяси құрылыс өмір шындығын да саясиландырып, өңін айналдырып, өз мүддесіне қызмет еткізеді. Уақыт өткен сайын шындық  үстін қымтаған өз дәуірінің уақытынша қабыршықтарынан арыла түседі десек те небір тарихи дәуірлерден өтіп, бізге жетемін дегенше, сол бір аласапыран замандардың шаң-тозаңдарына тағы көміліп қалатындары да, оны аршып алудың көптеген қиындықтар туғызатыны да болады.

Шындықтың уақтылы танылуы үшін қолайлы қоғамдық-мәдени орта керек.  Сондықтан да қайсы бір шындықтың  ашылуы үшін белгілі бір уақыт аралығы қажет болып, жарыққа шығар күнін күтіп жатып қалуы да жиі кездеседі. Бұл мәселенің бір жағы болса, екінші жағынан тарихтың еншісіне айналған әдеби құбылыстың  шындығын танып білу процесіне зерттеуші өмір сүріп отырған дәуірдің саяси-әлеуметтік жағдайы, яғни өмір сүріп отырған дәуірдің қажетсінуі де да әсер етіп, бұл үдеріс созыла түсуі де  мүмкін. Десек те шындықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір салтанат құратындығы хақ.

Түрлі себептерден шындығы айтылмай келе жатқан жағдайлар әдебиет тарихында да баршылық. Жеке бір ұлттың, не болмаса, мемлекеттің, аймақтың ыңғайына орай жазылған  «жалған тарихтар» - өкінішке орай, өмірде кездесіп тұратын фактілер.  Осы тұрғыдан келгенде, әдебиет тарихын жасау барысында ойланып шешетін біраз мәселелер бар. Бұл әсіресе ұлт-азаттық әдебиет өкілдеріне тікелей қатысты. Ұлт-азаттық бағыттағы ағым белгілі бір халықтың ұлттық тұрғыдан рухани өсіп-өркендеуіне айтарлықтай еңбек сіңірген әдебиетінің жарқын беттерінен саналса, басқалар үшін олай емес, керісінше, тіпті кейбір көрші халықтар үшін жау көрінуі де заңды. Осындай себептерден қазақ халқының азаттығын, ұлт-азаттық күрестерде ерен ерліктер жасап, керек десеңіз, өмірін қиған халық қаһармандарын жырлаған не бір ауыз әдебиетінің үлгілері, тарихи жырлар, ақын-жыраулар егеменді ел болсақ та күні бүгінге дейін өзіне лайықты бағасын ала алмай келеді. Мұндай жағдайлар басқа да кейбір ұлттық әдебиет тарихын жазу барысында да кездеседі.

Бұл айтқанымыз ұлттық әдебиеттің тарихына қатысты десек те осы мәселе ұлыстық, болмаса әлемдік әдебиеттің тарихын жазу барысында қалай шешімін табуы керек деген мәселе ойлантпай қоймайды.  Сонда арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін, барлығына да бірдей, ойынан шығатын әдебиет тарихын жасаудың ортақ жолы қайда жатыр? Біздіңше, ондай жол бар. Мұндағы басты мәселе әдіснамалық негізді, яғни «тарих» қай тұрғыда жазылуы керек дегенді шешуге келіп тіреледі. Біздің ойымызша, ұлттық әдебиеттің тарихы ұлттық мүдде тұрғысынан жазылуы керек. Өйткені ол белгілі бір ұлтқа қызмет етеді. Сол сияқты ұлыстың әдебиет тарихы ұлыстық, әлемдік әдебиеттің тарихы жалпы адамзаттық мүдде тұрғысынан жасалғаны жөн. Бұл жерде мәселеге кең ауқымда келіп, ұлттық әдебиеттің әлемдік әдебиеттің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылғаны лазым.

Адамзат тарихына көз жіберсек, негізінен халықтардың бір-бірімен тату көршілік қарым-қатынастарда өмір сүргенін көреміз. Десек те олардың арасында түсінісбеушіліктердің де орын алып, олардың аяғы жауласуға дейін барып отырғандығы - тағы да шындық. Қоғамдық өмірдің көркем шежіресі әдебиетте негізінен адамдардың, халықтардың арасындағы достық, адамгершілік қасиеттері көбірек жырланып отырған. Сонымен бірге көрші халықтардың арасындағы кейбір түсінісбеушіліктердің салдарынан туындаған жауласушылықтардың да  орын алуы, олардың әдебиетте көрініс беріп отыруы да заңды. Мұндай шығармалар көбіне ел қорғау тақырыбына,  халық басына қатер төнген қиын-қыстау кездерде ерліктің асқан үлгісін көрсетіп, ұлттық мақтанышқа айналған ерлердің ерлігін жырлауға арналып, жұрт сүйіп оқитын рухани құндылыққа айналады.

Әрине, ортақ әдебиет тарихын жасау барысында кездесетін мұндай шығармаларды, ұлтқа өлшеусіз қызмет еткен әдебиет қайраткерлерін  халықтар арасындағы достыққа нұқсан келтіреді деп, шындықты аттап кетуге болмайды. Оның ұлт өміріндегі ерекше рөлі аталып өтумен бірге онда  басқа халықтарға қарсы күрес суреттелуінің обьективтік, субьективтік себептері де түсіндірілуі қажет. Қалай дегенде де ортақ әдебиет тарихын жазу барысында   онда халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарға қылау түсіретін жағдайларға жол берілмей, керісінше жер басып жүрген жұмыр басты  барлық халықтардың алға қойған арман-мақсаттары бір, ол –бақытты өмір сүру; оған тек достық, бір-бірін құрметтеушілік, жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды бойға сіңіру арқылы ғана жетуге болады  деген гуманистік идеялар негізгі лейтмотив болуы керек.

Бұл жерде ұлттық пен адамзаттық категорияларын анықтай түсудің қажеттілігі сезіледі. Жалпы, ұлттық пен жалпыадамзаттық ұғымдары бір-біріне қарсы ұғымдар емес, керісінше, біртұтас дүниенің түрлі жағдайлардағы көрінісі. Ұлттық құндылықтар- жалпы адамзаттық рухани құндылықтардың құрамдас бір бөлігі. Демек, әлемдік құндылықтардың құрамына  ұлттық әдебиеттер де кіретіндіктен әлем әдебиеті деп жүргеніміздің өзі – ұлттық әдебиеттердің жиынтығы. Сондықтан да ортақ әдебиеттің тарихын жасау барысында барлық ұлттық әдебиеттердің ішіндегі жалпы адамзаттық идеалдардың жырлану мәселелеріне ерекше мән беріліп отырғаны жөн. Сонда ғана ортақ әдебиет тарихы ортақ идеалдарды жырлаған әдебиеттің шындығын айтып, халықтар арасында гуманистік идеалдардың салтанат құруына қызмет ететін болады.

Сонымен бірге әр уақыттың, әр дәуірдің өз шындығы тағы бар. Мысалы, кеңес өкіметі жылдарындағы мен қазіргі тәуелсіз ел кезіндегі өмір шындығының арасындағы айырма -  жер мен көктей. Осы кездерде жазылған көп томдық «Қазақ әдебиетінің тарихтарын» шын мәніндегі толық қанды ғылыми негізді еңбек деуге келе бермейді. Бұларда қазақ әдебиетінің тарих көшінде жүріп өткен жолдарының соқпақтары сайрап жатқанымен де сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайдың ықпалымен әдеби өмір шындығы кері бағаланған. Қазақ әдебиетінің  А. Байтұрсынов, М. Дулатов,                     М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, М. Ж. Көпеев секілді классиктері «ұлтшыл», «байшыл», «халыққа жат» саналып, әдебиет тарихынан алынып тасталынуы сол кездің саяси шындығы болатын.

Шынайы әдебиет тарихын жасауда басшылыққа алынып отыратын тарихшылдық, шыншылдық ұстанымдарымен бірге зерттеудің ғылыми сыпатта жүруі, бағалаудың халықтық тұрғыдан болуы, өмірмен тығыз байланыста болып, қоғам қажеттілігін өтеуі де  да маңызды. Ең бастысы қарастырылып отырған дәуірдің әдебиеті көркемдік тұрғыдан бағаланып, ұлттық, одан қалды әлемдік әдеби дамуға қандай жаңалықтар әкелді, рухани қазынаға нендей үлес қосты деген сауалдарға жауаптар ізделінеді. Ғалым зерттеп отырған нысанына орай қандай пікір білдірсе де ғылымның бұрынғы-соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, айтылуы тиіс. Сонымен бірге ғылымның ғылым үшін ғана емес, халықтың өзін-өзі тарихи тұрғыдан  тануы, рухани азық қажеттілігін өтеуі де ылғи ескеріліп, ұлттық мүддеге қызмет етуі міндет.

Өмірді ғылыми тұрғыдан танып білудің философиялық принциптеріне сүйеніп, тұтас бір жүйеге айналған жекелеген ғылым салаларының тәсілдерін сол ғылымның әдістері деп айтамыз                       (А. С. Бушмин. Методологические вопросы литературоведческих исследовании. Ленинград, 1969, 13-бет). Әдіснама ұстанымдар мен әдістерден тұрады. Жекелеген әдістерді әдіснаманың нақтылы жағдайларда тәжірибеде қолданылуы деп ұққан жөн. Ал зерттеу барысында қандай әдістің қолданылу қажет екендігін анықтайтын, таңдауға көмектесетін - әдіснама, оның ұстанымдары. Зерттеу әдісі - әдіснаманың әдебиетті тану барысында қолданатын құралы, қаруы. Қаруы мықтының  атқарған жұмысының нәтижелі болары да хақ.

Әдіс дегеніміз - «танымның одан әрі дами түсуіне қызмет ететін, танылған заңдылықтардың негізінде жасалынған ережелер»                   (Ю. Борев. Роль литературной критики в художественном процессе. М., 1979, 37-бет), «субьектінің қолындағы обьектімен жұмыс істеу құралы» (Г. Гегель. Наука логики. 3 том , М., 1972, 291-бет). Әдістерді іштей шартты  түрде барлық ғылым салаларына ортақ (бақылау, салыстыру, талдау, жинақтау, тәжірибе жасау, т. б.) және бір ғана ғылым саласында қолданылатын деп,  екіге  жіктеуге болады.

Әдіске қойылатын басты талап –ол зерттеу нысанына сай келіп, оның табиғатын ашып бере алатындай болуы керек. Ғалым еңбегінің нәтижелі болуы алға қойған мақсатына орай зерттеп отырған әдеби нысанының табиғатын аша алатын әдісті дұрыс таңдай алуына, дұрыс пайдалана білуіне байланысты. Демек, әдебиеттің өткен жолдарын зерттеуде  ең алдымен, алға дұрыс мақсаттар қоя біліп, оны орындау үшін дұрыс бағытты, оған барар жол мен қалай, немен жету керектігін анықтап алудың маңызы зор. Зерттеу барысында әдіснамалық негіз бен қолданылатын әдістердің дұрыс қолданылуы шешуші рөл атқарады.

Әдебиеттің шынайы тарихын өткеннің рухани мұрасының табиғатын аша алатын зерттеу әдістерінсіз танып білу мүмкін емес. Сондықтан да әдебиет тарихын зерттеушіден алдымен, әдебиеттану ғылымының зерттеу әдіс-амалдарын игеру, оны қажетіне қарай қолдана білу талап етіледі. Әдебиетті зерттеуші қолына қандай әдіс-қару алады – көп нәрсе соған байланысты.

Көркем әдебиеттің негізгі екі - әлеуметтік және көркемдік жағы бар. Осыған орай қоғамдық өмірдің әлеуметтік мәселелерін зерттеудің, сол сияқты әдебиеттің көркемдік қырларын ашудың өзіндік тәсілдері бар. Осылайша екі түрлі бағытта қолданылатын зерттеу әдістерін бір жерге басын қосып, әдебиетті талдауға қолданғанда туындайтын қиындықтар зерттеушіден жан-жақты білімдарлықты, шеберлікті, тапқырлықты қажет етеді.

Әдебиетте адамзат қоғамының әлеуметтік өмірі сөз өнерімен көркемделіп, көрініс табады. Әдебиеттану ғылымының басты мұраты осы қоғамдық өмір әдебиетте қалайша, қаншалықты көркем көрініс тапты, адамдардың бақытты өмір сүруіне септігін тигізер қандай идеялар көтерілді деген сауалдарға жауап іздеу болса, әдебиеттің тарихын жасағанда, осы проблемалар алдыңғы қатарға шығады. Жалпы әдебиеттану ғылымы әдебиетті әлеуметтік, көркемдік қырлары бір-бірінен ажырамастай кірігіп, біртұтас әдебиет әлеміне айналып кеткен көркем шығарманы біртұтас нысан ретінде қарауға тиіс.

Өмір қаншалықты шексіз болса, оны көркем бейнелеу амалдары да соншалықты шексіз. Талант неғұрлым тегеурінді болса, оның шығармаларында қоғамдық өмірдің болмысы да соғұрлым тереңірек көрініс береді. Әдебиеттің тарихы белгілі бір дәуірдің әдебиеті сол кезеңнің әлеуметтік-рухани мәселелерін қаншалықты көтере білді, оларды қандай көркемдік тәсілдермен жеткізді, көркемдік дамуға нендей үлес қосты деген сауалдарға жауап іздейді.

Жалпы көркем әдебиеттің сөз өнері ретінде тілдік, қоғамдық өмірдің бейнесі ретіндегі әлеуметтік және өнер туындысы ретінде көркемдік қырлары бар.  Зерттеушіні алға қойған мақсатына орай, ақын-жазушының оны ерекшелендіріп, осындай биікке көтеріп тұрған, әдебиетке жаңалық әкелген, немесе көркемдік дамуға үлес болып қосылған қырлары ғана қызықтыруы мүмкін. Сол себепті де кейде оның әлеуметтік жақтары, енді бірде көркемдік қырлары алға шығып, оған көбірек мән беріліп, талданылып жатады.

Әдебиеттің теориясы, сыны көбіне шығарманың көркемдік қасиеттеріне үңілсе, әдебиеттің тарихы оның жүріп өткен жолдарының әлеуметтік-қоғамдық жағдайларына көбірек көңіл аударып, әдебиеттің осылай даму себептерін ашуға ұмтылады. Бұл әдебиеттің тарихы көркемдік мәселелерді назардан тыс қалдырады деген сөз емес, керісінше, әдебиеттің өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік факторларды аша отырып, оның көркемдік дамуға еткен әсерін анықтай түсуді алдына басты міндет етіп қояды.

Зерттеушінің бұл жолмен жүруіне тарихи поэтика көмектеседі. Тарихи поэтиканы негізінен өмірді көркемдік тұрғыдан бейнелеу әдістері мен құралдарының даму жолдары, олардың қоғамдық-эстетикалық қызметі, әдеби жаңалықтардың тарихи тағдыры  қызықтыратын болса, әдебиеттің тарихы поэтикалық шығармашылықтың тарихын қоғамдық өмір дамуымен, ұлттық әдебиеттің, оның жекелеген қайраткерлерінің тағдырымен тығыз байланыста қарастырады (М. Б. Храпченко. Художественное творчество. Действительность. Человек. М., 1976). Демек, тарихи поэтика шын мәніндегі көркемдік дамудың тарихын жасауға көмектесіп, жағдай жасап отырады екен.

Тәжірибеде әдебиетті зерттеудің ғылыми ұстанымдары жеке дара қолданылмайды десе де болғандай. Өйткені сан қырлы бөліктерден, байланыстардан, құбылыстардан тұратын өмірді тұтас күйінде көркем бейнелеу қаншалықты күрделі болса, көркемдік құралдардың көмегімен біртұтас дүниеге айналған  өнер туындысын талдау да соншалықты қиындықтар туғызады. Сан қырлы әдебиетті дұрыс бағытта танып-білуді қамтамасыз етуге  бір ғана ұстанымның шамасы жете бермейді де, көркем туындының сан сыпатты табиғатын аша түсетін зерттеу ұстанымдары таңдап алынып, тұтастай кешенді (комплексті) түрде қолданылады.

Әдебиетші ғалым зерттеу нысанын, ізденістерінің бағытын ғылыми ұстанымдар арқылы айқындап алған соң, келесі кезең өзінің алға қойған мақсатына қол жеткізетін талдау тәсілдерін таңдауға кіріседі. Ол біреу, бірнешеу, не  кешенді (комплексті) болуы да мүмкін. Зерттеу барысында қандай әдістің, болмаса әдістердің қолданылатыны алға қойған мақсатқа, қарастырылып отырған әдеби нысанның сыпатына орай анықталады.

Қазіргі әдебиеттану ғылымы әдебиет тарихын зерттеу әдістері жағынан да біршама жетістіктерге жеткен. Солардың ішінде әдеби дәуірді тани түсуге тарихи-типологиялық тұрғыдан келу өзінің жемісті жол екендігін көрсетіп жүр.

Әдебиеттің тарихын жасау - оның жүріп өткен жолдарын, әдеби құбылыстарын сол кездердің әлеуметтік-тарихи жағдайы аясында, қоғамдық оқиғаларымен тығыз байланыста қарастыру деген сөз. Өйткені, әдебиет дегеніміз - белгілі бір қоғамдық өмірдің, дәуірдің тұтастай алғандағы көркем бейнесі. Әлеуметтік өмірдің зәру проблемалары сол дәуірдің әдебиетінде қаншалықты көрініс тапқандығын, уақыт талабына, ұлттық, халықтық мүдделерге қаншалықты жауап беріп, қызмет ете алғандығын анықтау әдебиет тарихшысының алдында тұрады. Мұның өзі зерттеушіден бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен, оның ішінде зерттеу әдістерімен де толық қарулануды қажет етеді. Етіп қана қоймайды, талап етеді.

Әдебиет жекелеген қаламгерлерден тұрады. Шын мәніндегі әрбір талантты қаламгер - өзгеге ұқсамайтын қайталанбас өнер иесі ретінде әдеби құбылыс. Сонымен бірге әдебиеттің ірі өкілдерін, белгілі бір дәуірдің, ұлттың әдебиетін басқалармен іштей байланыстырып тұратын, сырт көзге онша байқала бермейтін ұқсастықтар да болады. Барлық әдебиеттерде кездесетін ортақ ұқсастықтар олардың өзгеге ұқсамайтын өнерпаздық қолтаңбасы мен ұлттық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Мұндай жағдай  екі түрлі себептерден болуы мүмкін.  Оның біріншісі әдебиет өмір сүріп отырған қоғамдық-мәдени ортаның ұсастығынан болса, екіншісі - әдеби байланыстардың әсері. Әдеби ортақ қасиеттер бір ағымдағы қаламгерлерді, ұлттық әдебиет, одан қалды ұлттық әдебиеттерден тұратын әлемдік әдебиет өкілдерін жұмыр жердегі бүкіл адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін күресінде бір-бірімен жақындастырып, ізгілікті істерге жұмылдыра түседі. Міне, осындағы қоғамдық дамудың бірдейлігінен  пайда болған әдебиеттегі ұқсастықтарды типологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындайды.

Көркем әдебиетің бірнеше құрылымдық қатпарлары бар. Оның ең сыртында әлеуметтік, ең ішкі жақтарында көркемдік  қатпарлары орналасқан. Бірінсіз бірі жоқ. Бұлар бір-біріне алғышарттар жасап,  біртұтас өмір сүруді қамтамасыз етеді. Әдеби шығарманың көркемдік қасиеттерін бағалау  алдымен, оның «сыртындағы» әлеуметтік қырларын анықтаудан бастау алады. Сондықтан да белгілі бір туындыны, қаламгерді, әдеби дәуірді бағалау сол дәуірдің қоғамдық-саяси өміріне экскурстан басталады. Өйткені, қаламгер де - қоғам мүшесі. Суреткер де қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтыны сияқты бұлардың да оның  шығармашылығына әсері болмай қоймайды.

Жалпы, әдебиеттің дамуы қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға тікелей байланысты.  Өмірге келген әрбір шығарманы қоғамда жүріп жатқан түрлі әлеуметтік процестердің тікелей салдары десе де болғандай. Сондықтан да әдебиетті зерттеу осы әдебиетті өмірге әкелген, оның осындай болуына әсер еткен қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға алдымен назар аударады. Әдебиеттің әлеуметтік қырларын ашуға типологиялық зерттеулер көмектеседі. Әдебиетті типологялық тұрғыдан зерттеу  көркемдік дамудағы ортақ ағымдарды, ұқсастықтарды анықтауды мақсат тұтады. Нақтылай түссек, ұлттық әдебиеттердегі, одан қалды әлемдік әдебиеттегі қоғамдық дамудың салдарынан туындаған ортақ сарындарды, олардың көркем туындыдағы көріністерін зерттейді. Жеке қаламгерге келгенде, оның шығармашылығына өз дәуірінің әсерін, өзіне дейінгі және басқа да әдебиеттермен ұқсас болу себептерін  ашады.

Зерттеуші  әдебиеттің көркемдік қыр-сырларын  аша түсу үшін оның осылай болу себептеріне үңіледі. Әдеби шығарма туылмастан бұрын оның жазылуына, жазылғанда да дәл осылай шығуына тікелей әсер еткен саяси-әлеуметтік, тұрмыстық факторларды анықтау көркемдік әлемінің ішіне кіргізер кілт іспеттес. Себепсіз салдар болмайды. Әдебиетті әдебиет қылған да,  қудалап құлдыратқан да –заманы, сол қоғамда жүріп жататын түрлі саяси жағдайлар. Осындай  мағлұматтардың  барлығы  да - зерттеліп отырған әдебиеттің,  әдеби дәуірдің қыр-сырларын аша түсуде әдебиет тарихшысы  үшін аса құнды деректер.

Әдебиетті, әдебиеттің тарихын типологиялық зерттеуге қарсылар да бар. Неміс ғалымы В. Кайзер «Сөз өнері» атты кітабында әдебиет ғылымы көркем шығарманы зерттеуі керек, ал «әдебиеттің ішінен» тысқарының  барлығы да, атап айтқанда, жазушының өмірбаяны, тұлғасы, жасы, араласқан адамдары, өмір сүрген ортасы сияқтылар әдебиеттанудан тыс мәселелер деп біледі. Сол сияқты әдебиеттің таза көркемдік құрылысын анықтауды басты міндет санайтын «структурализм», көркем шығарманы жаңа түр санап, оны формалық жағынан ғана қарастыратын «формализм», жазу атаулының барлығын «таңба» ғана деп білетін «семиотика» секілді әдебиеттанудағы ғылыми ағымдар типологиялық тұрғыдан зерттеуді онша мойындай бермейді.

Мұндай пікірлердің дұрыс жағы да, дұрыс емесі де бар.  Дұрыс емесі - типологияны жоққа шығарып, әдебиетті тек қана көркемдік тұрғыдан, онда  да менің ғана тәсіліммен зертте деп, көркем әдебиеттің әлеуметтік сыпатын елемеуі. Дұрысы - әдебиет зерттеушілерін типологиялық зерттеулермен тым әуестене бермей, басқа да әдістердің бар екендігіне назар аудару.

Біздіңше, қоғамдық өмір аса күрделі болса, сол өмір шындығының көркем бейнесі саналатын көркем әдебиет те соншалықты күрделі. Оны бір ғана зерттеу тәсілімен зерттеп, көркем шығарма ретіндегі қасиеттерін ашып беру мүмкін емес. Қоғамдық өмірдің түрлі жақтарын сандаған ғылым салалары зерттейді. Сондықтан да әдебиетте көрініс тапқан әлеуметтік өмірдің түрлі жақтарының қалайша бейнеленгенін анықтауға типологиялық зерттеу көмекке келеді.

Типологиялық зерттеулердің аясы өте кең. Ол жекелеген қалам иелерінің шығармашылықтарындағы ұқсастықтардан бастап әлемдік әдебиеттегі ортақ сарындарға дейін қамтиды. Әдебиеттер арасындағы ұқсастықтардың тарихи дамудың бірдейлілігінен, не әдеби-мәдени қарым-қатынастардың    әсерінен екендігін анықтап, осылай болудың жалпыға ортақ заңдылықтарын аша түсуге талпыныс жасайды.

Сонымен типологиялық тұрғыдан зерттеу әдебиеттердің арасындағы ұқсастықтарды көркем шығарманың құрылысы, идеясы, образ, сюжет, стиль, әдеби жанр,  әдеби ағым, әдеби бағыт, әдеби дәуір, әдеби процесс, ұлттық әдебиет деңгейлерінде қарастырып, олардың ортақ заңдылықтарын ашуға көмектеседі. Яғни, қоғамдық ортаның әдебиетке тікелей әсерлерін, көркемдіктің қыр-сырларын әлеуметтік жағынан келіп ашуға ұмтылады.

Типологиялық зерттеулердің дұрыс бағытта жүруіне  дүниетанымдық көзқарас ерекше рөл атқарады. Зерттеушінің білім деңгейінің, өмірлік тәжірибесінің мол болуы, зерттеу әдістерін меңгеріп, оларды орынды қолдана білуі  типологиялық ізденістердің жемісті болуының бірден бір шарты.

Әдебиет тарихын зерттегенде, негізгі міндет - стиль, ағым, бағыт, әдеби мектептерге назар аударып, сол дәуірдің әдеби өміріндегі басты тенденцияларды анықтау болса, мұны жалаң күйінде емес, тарихи тұрғыдан, сол кездің саяси-әлеметтік өмірі аясында танып білуге көмектесетін әдістер бар. Әдебиет тарихын зерттеуде қолданылып жүрген зерттеу әдістері төмендегідей:

1). Биографиялық. Бұл әдіс бойынша, әдеби туынды оның авторының өмірбаянымен байланыста, өмір жолының тікелей нәтижесі ретінде қарастырылады.

2). Мәдени-тарихи әдіс әдебиетті зерттеп отырған дәуірдің мәдени-тарихи жағдайымен тығыз байланыста, сол дәуірдің жемісі, бір көрінісі тұрғысынан қарастыруды талап етеді.

3). Салыстырмалы-тарихи метод әдебиетті өзіне дейінгі, сол дәуірдегі басқа да қаламгерлермен, әдебиеттермен салыстыра отырып, зерттейді. Бұл әдісті қолданғанда, салыстыруға болатын, болмайтын жағдайларды айыра білу қажет.

4). Әлеуметтік (социологиялық) әдіс әдебиеттің қоғамдық қырларына, идеялық жақтарына көбірек мән береді.  Мұнда көркем әдебиеттің басты мақсаты қоғамдық өмірдің толыққанды бейнесін жасау, өмірді жақсартуға көмектесе алатын идея ұсыну санап, соларды анықтауға күш салады.

5). Формальдық тәсіл көркем шығарманы белгілі бір формадағы өнер туындысы деп қарап, әдебиеттану ғылымының басты мақсаты көркемдік дамудағы формалық жаңалықтарды анықтау деп біледі. Формальдық метод кейіннен структурализмге, ол өз кезегінде  жүйелі (системно)- структурализмге  ұласты.

6). Тарихи-функциональды метод. Әдебиетті қоғамда атқаратын үгіт-насихатшылық, тәрбиешілік, эстетикалық, ұйымдастырушылық секілді қызметтеріне қарай қарастырады.

7). Тарихи-генетика  көркем шығарманың туу негіздерін, себептерін зерттейді.

8). Тарихи-теориялық тәсіл әдебиетке теориялық жағынан келіп, сол дәуірде тарихи қалыптасқан көркем формалардың тарихи санада көрініс табуы, дамуы зерделенеді.

9). Мифология әдебиетті бір елден екінші елге ауысқан аңыздардың, ортақ сюжеттердің  жаңа ортада басқа ұлттық формада көрінісі санайды.

Әдебиетті, оның тарихын зерттеу әдістері мұнымен шектеліп қалмайды. Көркем әдебиетті қоғамдық өмір туғызған тұтас бір өнер туындысы ретінде емес, оны бір жақты ғана зерттейтін семиотика, структурализм, математикалық, т. б.  әдістер толып жатыр. Әрине, бұлардың барлығын да жоққа шығаруға болмайды. Орынды пайдалана білсе,  көркем әдебиеттің сан қырларын аша түсуге септігін тигізері анық. Бірақ та негізгі зерттеу әдісі ретінде қолдануға келгенде, мүмкіндіктері шектеулі.

Өмір қаншалықты күрделі болса, оның көркем бейнесін жасайтын әдебиет те сан қырлы. Қоғамды, табиғатты қаншама ғылым салалары зерттесе, солар көрініс табатын бір ғана әдебиетті танып білудің, талдаудың да соншалықты талдау амалдарын қажет еткен қиындықты алдан шығады. Демек, көркем әдебиетті бір ғана амалмен, тіпті әдебиеттану ғылымының тәсілдерімен зерттеумен шектеліп қалуға болмайды екен.

Ғалым ғылыми ізденістер барысында өзіне оңтайлы, өзі көркем шығарманың маңызды жағы санап отырған тұстарын ашып көрсетуге көмектесетін әдістерді ғана қолданады. Ол жеткіліксіз болса, қашан алға қойған мақсатына жеткенше, қажетіне қарай, келесісіне көшіп, қатарынан бірнеше тәсілдерді қолдануы мүмкін.  Бұлардың ішінде біреуі негізгі де қалғандары көмекші. Тіпті, тұтас бір дәуір бейнеленген көркем туындының көркемдік қасиеттерін ашып көрсету үшін бір ғана әдебиеттану ғылымының әдіс-амалдары жеткіліксіздік танытып, ондай кездерде басқа да қоғамдық ғылымдардың жетістіктері мен зерттеу тәсілдерін пайдалану да - жиі кездесетін жәйт. Сондықтан да соңғы кездердің әдеби зерттеулерінде кешенді талдауды көбірек қолдануға ұмтылыс бар.

х    х    х

Сонымен, түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау жайлы ойларымыздың негізгі түйіндері төмендегіше:

1). Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау мәселесі - ғылыми жағынан да, саяси-әлеуметтік жағынан да күн тәртібінде тұрған, пісіп жетілген қажеттілік.

2). Ортақ әдебиет тарихын жасау ісіне осы саланың білікті түркілік ғалымдарымен бірге, әлемдік әйгілі түркітанушылар да қатысып, оны жазудың терминдік,  әдістемелік негіздерін бірлесе отырып шешу керек.

3) Әдебиет тарихын қай кездерден бастау мәселесінде кейінгі кездерде анықталған біздің жыл санауымыздан бұрынғы көне қытай жазбаларындағы түркілік деректерге, осыған қатысты басқа да жаңалықтарға назар аударыңқыраған жөн. Соңғы зерттеулер түркі халықтары әдебиетінің  тарихы біздің жыл санауымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастау алатындығын дәлелдеп отыр.

4). Әдебиет тарихын дәуірлеу – әдеби өмірде түбірлі өзгерістер туып, көркемдік дамуға сапалық жаңалықтар әкелген кезеңнің межесін хронологиялық тұрғыдан анықтау деген сөз.  Әдебиеттің жүріп өткен жолдарын дәуірлегенде, тарихи-хронологиялық ұстаным мен идеялық-көркемдік, яғни әдеби даму тұрғысынан жіктеуді қатар қолдана білу  оңтайлылық  танытады.

5). Түркілік ортақ әдебиетке түркі халықтарының әрқайсысы тарих сахнасына жеке мемлекет, ұлт болып шыққанға дейінгі дәуір жатады. Мысалы, қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ халықтарының төл әдебиет тарихтары шамамен ХУ ғасырдан, түрік, әзербайжан, шуваш әдебиеттері одан әрігіректен бастау алады.

6). Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихы әдеби фактілердің тарихи тізбесі емес, әдебиеттану, қоғамдық ғылымдардың соңғы жетістіктеріне сүйеніп, тарихи-теориялық тұрғыдан жазылған ғылыми еңбек болуы керек.

7). Ортақ әдебиет тарихын жазу барысында түркі халықтарының өзіндік даму тарихы, мәдениеті еуропалық таным, ғылым стандарттарына көп реттерде сия бермейтіндігі ескеріліп, сөз өнерінің өзгеге ұқсамайтын ұлттық, ұлыстық көркемдік сыпатын ашуға басты назар аударылғаны жөн.

8). Әдеби дәуірлердің сыпаттамасында  оған әсер еткен ішкі, сыртқы факторларды анықтай отырып, әдеби өмірдің негізгі көркемдік даму бағыттарын аша түсуге ұмтылу керек.

9). Негізгі мәселе әдебиет тарихы болғандықтан да белгілі бір дәуірдің әдебиеті, болмаса сол әдебиеттің көрнекті өкілдері әдеби дамуға қаншалықты үлес қосты деген сауалға жауаптар ғылыми негізді болғаны дұрыс.




One thought on “ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

  1. индира

    әдебиеттің жанрларын, тектерін терең зерттеу 19 ғасырда басталғаны бәрімізге белгілі. Десек те, оны одан әрі дамытып, тыңғылықты зерттеу мына біздің болашақ өскелең ұрпақтың еншісінде…..

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir