Іздеу
Маусым 24, 2017
  • :
  • :

Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл

Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл

Тәуелсіздігімізді алдымен танып, еңсемізді көтере бастаған уақыттарда бауырмалдық құшағын ашып, алғашқы лекте инвестиция құйып қолтығымыздан демеген Түркия болатын. Содан бергі кезеңдерде түбі бір түркіліктің негізінде қос ел президентері ынтымақ пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. Осы орайда 1 наурызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай, қазақстандық және түркиялық ғалымдардың қатысуымен «Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастардың өткені, бүгіні және ертеңі» атты конференция өткізілетінін естіп Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Лале Үлкер ханыммен жедел сұхбат әзірледік..

Қатпары қалың тарихқа үңілсек, ұлан байтақ даланың әр тасы сыр айтады. Кешегі кеңес дәуірінде бауырлас елдердің қарым қатынасына шектеу қойылды. Дейтұрғанмен, түбі бір түркі жұртының қос бұтағы Қазақия мен Түркияның қарым қатынасы тәуелсіздік кезеңінде қайта жаңғырды. Сол уақытқа ойша көз жүгіртіп көріңізші?

Тамыры тереңде жатқан бауырластық,  туыстық сезімдер-түркі жұртының бәрінің жадында өшпестей жаңғырып тұрған. Оның жарқын мысалдары жетерлік. Мысалы Мұстафа Кемал Ататүрік КСРО-ның қол астында жатқан мемлекеттердің ішіндегі Түркі бауырларының азаттығын аңсаған.  Ал алаштың қайраткер ұлы Мұстафа Шоқайда Тұран мемлекетінің гүлденгенін армандап өткен. Осының өзі-ақ туыстық сезімнің қаншама жылдар өтсе де санадан өшпегенін көрсетіп тұр? Түркия мен Қазақстан арасында жоғары деңгейлі байланыстар мен сапарлар Қазақстан тәуелсіздігін жарияламас бұрын басталды. Түркия Республикасының сол кездегі Президенті Тұрғыт Өзал 1991 жылдың наурызында Қазақстанға алғаш сапарын жасаған болатын. Осы сапар барысында Түркия Республикасы мен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы арасында Достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. 1991 жылдың күзінде Президент Өзал Орталық Азиядағы бес Президентті Анкараға шақырды. Бұл шақыру бойынша алғаш болып Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында Түркияға алғашқы сапарын жүзеге асырды.

–                    Бауырлас қос ел басшыларының арасындағы жоғары деңгейлі жүздесулерден нені аңғарасыз?

Бауырластықты, қимастықты. Екі ел президенттерінің құстың қос қанатындай ынтымағы мен жарастығы кім-кімге де үлгі болғандай.

Жалпы Түркия мемлекеті қандай жағдай да болмасын Қазақстанды қолдауға дайын ба?

Қазақстан мен терең тарихи байланыстары бар Түркия, әрдайым Қазақстанның қасынан табылды және тәуелсіздігін алған күннен бастап халықаралық қауымдастық арасында лайықты орнын алуы үшін қажетті қолдаудың бәрін көрсетті. Екі ел арсындағы бауырластықтың белгісі ретінде 1991 жылдың 16 желтоқсанын да Қазақстан өз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін екі сағат өтпей тәуелсіздікті мойындаған алғашқы ел болды Түркия. Екі ел арасындағы жоғары деңгейлі жүздесулер кезінде Қазақстан жағының мұны әлі күнге дейін ризашылықпен еске алуы біз үшін үлкен мақтаныш.

Алғашқы дипломатиялық байланыстардың қалай жүзеге асқаны жайлы әңгімелесеңіз?

Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастар Түркия Республикасының сол кездегі Сыртқы істер министрі Хикмет Четиннің Қазақстанға жасаған сапары кезінде қол қойылған хаттамаға сәйкес 1992 жылғы 2 наурызда құрылды және сол жылдың 18 сәуірінде Алматы қаласында Түркия Республикасының Елшілігі ашылды. Қазақстанның Түркия Республикасындағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі Қанат Саудабаев 1992 жылдың 20 мамырын да өз қызметіне кірісті. Қазақстанмен қарым-қатынасымыз жоғары деңгейге жетіп қана қоймай, қазақ елі өңірдегі ең маңызды саяси және экономикалық әріптесімізге айналды. Елдеріміз арасында жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқан жиі сапарлар екі елдің қарым-қатынасын одан ары нығайта түсуде.

Бүгінгі таңда Түркия мен Қазақстан арасындағы инвестициялық, сауда –экономикалық байланыстар қай деңгейде? Көңіліңізден шыға ма?

Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстар әр тараптанып, артуын жалғастыруда.  Қазақстан – Түркияның аймақтағы ең сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2011 жылдың аяғындағы жағдай бойынша екіжақты сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Түрік компанияларының Қазақстандағы жалпы капиталы 2 миллиард доллар шамасында. Түркия, энергетика саласын қоспағанда, Қазақстанға инвестиция салу жағынан төртінші орынды иеленеді. Түркиялық құрылыс компаниялары алған жобалардың жалпы құны 15 миллиард доллардан асты. Екі елдің мемлекет басшылары, әсіресе сауда-экономикалық, инвестиция салаларында ынтымақтастықты әртараптандыру мақсатын алға қойып отыр. Осының аясында соңғы уақыттарда қорғаныс өнеркәсібі саласында елеулі табыстарға қол жеткізілді. Түркия мен Қазақстан арасында туризм саласында да ынтымақтастық қарқынды түрде дамып келеді. 2011 жылы Түркияға келген Қазақстан азаматтарының саны 2010 жылмен салыстырғанда 28 пайызға өсіп, 316 мыңға жетіпті.

Білім мен мәдениет егіз ұғым. Онсыз қарға адым жер басу жаһандану дәуірінде мүмкін болмай тұр. Түркия мен Қазақстан арасындағы білім саласында атқарылып жатқан  жетістіктерге тоқталыңызшы?

Білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастығымыз қарым-қатынасымыздың  маңызды өлшемдерінің бірін құрайды. 1992 жылдан бері өткен мерзім ішінде көптеген қазақстандық студент Түркияда жоғары білім алды. Осы күнге дейін Түркияда білім нәрін алған қазақстандықтардың саны 3000-ға жеткен. Түркияда және Қазақстандағы түрік университеттері мен қазақ-түрік мектептерінде оқыған және білім алып жатқан қазақ жастары, Қ. А. Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті және басқа да білім орындарында оқыған және оқып жатқан түрік жастары екі елдің ортақ келешегінің негізін қалайды. Қазақстандағы түрік мәдениеті мен тіліне деген қызығушылыққа ризашылығымызды білдіреміз. Осы орайда, Президентіміздің 2010 жылдың мамырында Қазақстанға жасаған сапары кезінде Астана қаласында Юнус Эмре атындағы мәдениет орталығын ашуы өте орынды болды деп санаймыз.

Кеше ғана әсем Астанамыз Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Түркітілдес елдердің қуанышында шек жоқ. Әйтседе, бас қала атануға ұсыныстардың қалай түскенін әңгімелеп берсеңіз?

Оны айту үшін мына мәселелерге шолу жасайын. Түркия мен Қазақстанның өңірлік және халықаралық аренадағы ынтымақтастығы қарқынды түрде жылдан жылға артып келе жатқаны мәлім. 1992 жылы Анкарада алғашқы өткізілген Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті нәтижесінде, екі елдің жетекшілігімен құрылып, 2010 жылғы 15-16 қыркүйек күндері Стамбұл қаласында өткен Саммит шешіміне сәйкес өз жұмысын бастаған Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесін, Түркия мен Қазақстанның Еуразия өңірінің бейбітшілігі мен тұрақтылығы бағытындағы ынтымақтастығының нақты жемісі деп атауға болады. Ынтымақтастық кеңесі алғашқы Саммитін 2011 жылғы 21 қазанда Алматы қаласында өткізді. Сол жерде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұсынысы бойынша Астана қаласы 2012 жылы, Эскишехир қаласы 2013 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Көріп отырғандарыңыздай рухани сабақтастық деген осылай жалғасады. Бұл да болса түбі бір Түркілердің тұтастығының кепілі!

Сіздер қанша дегенмен Еуропаға қарап бой түзеген елсіздер? Демократиясы мен ішкі саясаты мықты, экономикасы қалыптасқан ел ретінде де айтарларыңыз бар? «Сырт көз сыншы» ғой, Қазақстанның келешегін Түркия одан қалса, әлем саясаткерлері қалай болжап жатқанын елші ретінде айта аласыз ба?

«Әрине, болашақтарыңыз жарқын болады. Әлем Қазақстанның әр қадамына көз тігіп отыр. Дуалы ауыз саясаткерлердің аузынан жақсы пікірлер айтылуда. Бұлда болса артылған сенім. Президенттеріңіз Назарбаевтың көрегенді жетекшілігі арқасында тәуелсіздік алғалы бері өткен қысқа мерзім ішінде қол жеткізген жетістіктеріңіз толағай. Нұрсұлтан Әбішұлының Халықаралық қауымдастық алдындағы беделінің өте жоғары екенін мойындаймыз. Түркия мен Қазақстан  арасындағы ортақ тіл, дін, тарих, және мәдени құндылықтардан қуат алатын және стратегиялық әріптестік дәрежесіндегі қатынастарды барлық салада нығайта түсу үшін  зор әлеуетіміз бар. Қос елде қарым-қатынасымыз бен ынтымақтастығымызды әртараптандырып, тереңдету үшін қажетті саяси ерік-жігердің бар болуы қуантарлық жәйт. Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толуына орай дос және бауылас ел – Қазақстан халқына деген құрмет сезімдеріміз ерекше.

Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығы аталып өткелі жатыр. Содан хабардар ете кетсеңіз?

Бүгін, 1 наурызда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай, қазақстандық және түркиялық ғалымдардың қатысуымен «Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастардың өткені, бүгіні және ертеңі» атты конференция өткізіледі. Осы отырыста екі жақты байланысты одан әрі дамыту, бауырлас екі елдің ынтымағы мен экономикалық тұрғыдағы жетістіктері, тарихи тамырластығы әңгімеге арқау болмақ.

20 жылда туыстас екі ел бірін бірі танып болғаны анық. Мызғымас  достықтың кепіліндей келер ұрпақтың санасына сіңірер, екі елдің ортақ тарихына айналар тұлғаларға жасалып жатқан игі шараларды сөз етсеңіз?

Түрік және қазақ халықтары араларындағы жер шалғайлығына және бір-бірлерінен ұзақ жылдар ажырап қалғандарына қарамастан тілдері бір, өткені мен мәдениеті ортақ екендігін ешқашан ұмытпай, әрдайым бір-біріне тілектес болғаны жасырын емес. Біз бөлісіп отырған осы қасиетті құндылықтар мен ортақ тілектер қарым-қатынасымыздың негізін құрады. Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тегіміз, тіліміз бен қасиетті құндылықтарымыз елдерімізді тығыз байланыстырып, Қожа Ахмет Ясауи және Мұстафа Кемал Ататүрік сынды түркі әлемінің ұлы даналары мен жетекшілері елдеріміз бен халықтарымызды жақындастыра түсуде. Осы мәңгі достықтың белгісі ретінде Астана қаласының ең көрікті орындарының бірінде Түркия Республикасының негізін қалаушы Ататүрікке, Анкара қаласының ең әсем саябақтарының бірінде Президент Назарбаев мырзаға ескерткіш орнатылды. Осының бәрі жасалып жатқан игі істердің өміршеңдігі мен сарабдал саясаттың беріп жатқан жемісі!

Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Нағашыбай Қабылбек

DK: Kazakzaman.kz




3 thoughts on “Түркия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 20 жыл

  1. aktolkyn

    казакстан мен туркиянын карым-катынасы кашан орнады?

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir