Іздеу
Сәуір 24, 2017
  • :
  • :

КСРО көсемдері қанша жалақы алды?

КСРО көсемдері қанша жалақы алды?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

21.07.11.

Өткен тарих қызық. Оны жоққа шығаруға болмайды. Десек те, жүріп өткен жолға қараудың да жөні бар. Өйткені өткенді сызып тастай алмайсың. Санадан да… Бірақ әлемдік геосаясаттың арасалмағын таразылап отырған КСРО-дай алып мемлекеттің 70 жыл ғана өмір сүріп барып, тарих қойнауына кетуі кімді де болса толғандырмай қоймайды.

Жарайды, империялық мемлекеттің құрдымға кетуі жаңа мемлекеттердің тәуел­сіздік алуына жол ашты. Бірақ…
Бәрібір өткен қоғамның толық ашыл­маған саясатына үңіле бергіміз келеді. Оның себебі бар. Өйткені КСРО-дай алып мемлекетте ашықтық пен жариялылық болған жоқ. Бүгін ғой, демократиялық құндылықтарға қадам басқан тұста біз барлығынан да хабардармыз. Интернеттік байланыс күшейді, ақпарат көз алдыңызда тұр. Интернетті қос та, керегіңді ала бер. Ал бұрын…
ТАСС-тың ғана мәліметін ақиқат деп ұғатын ұлттық сана тәуелсіздіктен кейін ғана жаңғырды. Бүгін біз Обама мен Медведевтің, Путин мен Саркозидің, Меркель мен Берлусконидің қанша айлық алып, қаншасын жарататынын білеміз. Оған таңданбаймыз да. Ал КСРО көсем­дерінің қанша айлық алатынын білмей келдік, білмей де өстік. Бүгін бәрі қызық. Өйткені өткен қоғам – тасбауыр, өткен дәуір – құпия. Сонымен…
Ал өмірге социалистік құндылықтарды алып келіп, коммунистік жаңа қоғам орнатуға талпынған пролетариат көсемі қанша жалақы алды? Бұл бүгін де қызық. КСРО қоғамында жоғары деңгейдегі ше­неуніктердің жеке өмірі мемлекеттік құпия ретінде сақталып келді. «Кремль бухгал­териясы» Ленин, Сталин, Брежнев, Чер­ненко, Андроповтардың жалақы жөніндегі ведомствосының сырын ашқан жоқ. Бүгін ғой, демократиялық принциптерге және салыққа қатысты заңдылықтарға сәйкес кез келген шенеунік табыс декларациясын жариялайды. Десек те, КСРО көсемдерінің айлық табысы қанша болды?
Жалпы социалистік жүйеге жол салушы, әлемдік төңкерістің көсемі Лениннің өткен ғасырдың басында қол қойып кеткен нұсқауы КСРО-да 1979 жылға дейін орын­далып келді деп қорытынды жасауға бо­лады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік қыз­метте жүрген жоғары шенеуніктерге көлденең табыспен айналысуға тыйым салынды, тіпті қаламақы алуға да рұқсат етілмеді. Сонымен, пролетариат көсемінің айлығы 500 сом шамасында болды дейді дереккөз. «Бұл жалақы Лениннің өмір сү­руіне толық жетті» дейді көне тарихты қоз­­ғаған мұрағат. Алайда Ленин халықтың сол кездегі хал-жағдайын толыққанды түсіне отырып, жалақысын арттырудан бірнеше рет бас тартты деген дерек бар. Әйтсе де, биліктегі бұл қарапайымдылық билік басына жез мұрт Сталин келгеннен кейін ондаған жыл өткен соң барып бұзылғанға ұқсайды. Атап айтар болсақ, Бас хатшы Сталин Жаңа экономикалық саясат кезеңінен бастап 1935 жылға дейін 225 сом жалақы алып, айына 6 сом 75 тиындық партиялық жар­насын төлеп келген көрінеді. Әрине, бұл уақыт кеңестік кезеңнің ең ауыр жылдарды бастан кешіп, ашаршылық орнап, елде «үлкен террордың» бастау алар тұсы екен­дігін ескерсек, бұл айлықты төмен деуге келмес. Кремльдің жаңа қожайынының алғаш рет айлық та­бысы 1935 жылы күрт көтерілгенін айта кету керек. Бұл бұл ма, кеңестің ішкі, яғни «халық жауларына» күресті күшейткен Сталин келер 1936 жыл­дың ақпанында жалақысын 1200 сомға көбейтті, оның бұл кезеңде партиялық жар­насы 36 сом құрағанын айта кету керек. Негізінен, бұл қаржыға шалқып өмір сүруге болатын еді: өйткені сол кезеңде КСРО өндірісіндегі орташа айлық жалақы көсем­дікінен 5 есе төмен болды. Ал соғыстың аяқталар тұсында «халықтар көсемі» айы­на 2000 сом жалақы алды. Ұлы жеңістен кейін 1947 жылы Сталиннің ел алдындағы ең­бе­гі ес­ке­ріліп, оның табысы 10 мың сомға жетті. Алайда КСРО-ның мемлекеттік шенеу­ніктері алатын ең жоғары табысты Никита Хрущев билік басына келгеннен кейін бірден төмендетті деуге болады. Ол 1949 жылы Орталық комитеттің хатшысы ретінде 800 сом алғаны белгілі. Ал Орталық комитеттің бірінші хатшысы қызметіне келген кезде де ол осы көлемдегі жалақыны қанағат тұтты. Ол билікте болған жылдары бірде-бір рет сыйақы алмаған көрінеді. Отставкаға кеткеннен соң 2 айдан соң, 1965 жылдың қаңтарына дейін 800 сом көлемін­де айлық алып тұрған. Тек содан кейін барып оған 500 сом көлемінде одақтық дәрежедегі зейнетақы тағайындалған екен. Хрущев өмірінің соңына дейін осы көлемде зей­нетақы алып келген жалғыз Кремль қо­жайыны болып табылады.
Леонид Ильич Брежнев Хрущевтің жалақыға қатысты ұстанымын жойған жоқ, ол да 9 жыл бойы айына 800 сом айлық алып келді. Тек 1973 жылдан кейін ғана оның материалдық игілігі артты, 1973 жы­лы оған «Халықтар арасындағы бейбіт­шілікті нығайтқаны үшін» халықаралық Лениндік сыйлық берілді. Сөйтіп, оның жалақысы 25 мың сомға күрт артты. Ол ол ма, 1970 жылдардың аяғына қарай кеңес әдебиетіне жаңа есім келіп қосылды. «Ма­лая земля», «Целина» және «Возрождение» кітаптары үшін Леонид Ильич Брежнев көңіл толатын қаламақы алып тұрды. Брежневтің әл-ауқаты 1979 жылдан бастап «жақсара» бастағанын айта кету керек. 1979 жылдың шілдесінде 21132 сомның, 1980 жыл­дың мамыр айында 17780 сомның, осы жылдың желтоқсан айында 30150 сомның партиялық жарнасын төлеген. Мәскеуде олимпиада басталған 1980 жылы Бас хатшының жеке табысы 78349 сомды құраған, ал 1981 жылы 121728 сомға жеткен көрінеді. «КСРО-ны басқарған 20 жылға жуық уақыт ішінде Брежневтің қаржысы жар­ты миллион сомға жетті» дейді орыс бас­па­-сөзі. Әрине, мұның барлығы да – Бреж­нев­тің әртүрлі туындылар мен сыйақы­лардан түскен табысы. Ал 1979 жылы бас хатшының жалақысы 1582 сом болғанын айта кету керек.
1982 жылдары алып империяны бас­қарғанымен, билікте көп бола алмаған Юрий Андропов айына 1200 сом ақша алып тұрған. Бірақ ол Бас хатшы болып сайлан­ғаннан кейін ол осыдан 40 жыл бұрынғы Сталин дәуірдегі 800 сомдық айлыққа қайта оралған көрінеді. Алайда Брежнев секілді ол да қаламақыдан көп табыс тапқан. 1984 жылдың қаңтар айында оның табысы 8815 сомға жеткен көрінеді. Бұдан кейін билікке келген Черненко да ста­линдік-андроповтық дәуірдегі 800 сомдық айлықпен күн көргенге ұқсайды. Алайда ол да Брежнев секілді әртүрлі партиялық конференцияларда сөз сөйлеп, оның баян­дамалары жиі кітап болып жарық көрген. Мысалы, 1984 жылдың мамыр айында оның жалақысына қаламақылық үстеме ретінде 1200 сом, маусым айында 1700 сом қосылған екен.
Ал КСРО-ны тарих қойнауына жіберген Михаил Горбачев 1990 жылдарға дейін өзінің айлық табысын өзгерткен жоқ, 800 сом көлемінде табыс тауып келді. Тек Президент болғаннан кейін ол 3 мың кө­лемінде айлық табысқа ие болды. Алайда бұл Горбачевтің жалақысы ғана. Көп сөй­леп, баяндамаларының бәрін кітап етіп бастырған Горбачев те қаламақыға қа­рық болды. Горбачевтің басқару дәуірінде ел­-дің әл-ауқаты нашар болғанымен, Пре­зиденттің жағдайы төмен болған жоқ. Ол сөзуарлыққа салынып, КСРО-ны келмеске жіберді. Алып ел империяны «қайта құра­мын» деп құртты. Осы қадамымен тарихта қалды.
…Құпиялылықтың болғаны да құнды шы­ғар. Бірақ бұл өткенді көксеу емес. Ақи­қаты, билік пен бұқараның әл-ауқаты­нда алшақтық болса, сол қиын…

DK: http://www.aikyn.kz




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir