Іздеу
Қыркүйек 26, 2017
  • :
  • :

ИРАН ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЖЕК-ЖАТ ЖҰРАҒАТТЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ

Ислам  Жеменей / Ф.ғ.д. Сүлейман Демирел атындағы университетінің профессоры

Иран қазақтары жеті атаға дейін бір атаның баласындай үлкен шаңырақтың мүшелері болып өмір сүреді.

Жасы балиғатқа жеткен жасөспірім жігіт қалындығын көшеде танысып, қосылмайды. Ата-аналары арнайы рұқсат беріп, құда түсіп екі жасқа батасын бергеннен кейін ғана қосылып, некелері қиылған күні ғана жақындасуға мүмкіндік алған.

Қазақ жылқы мінездес дегенді жиі айтады. Бұл сөз тегін айтылмаған сияқты. Жылқы да өз үйіріне өзге үйірдің жылқыларын қоспайды. Қосыла қалған жағдайда ол үйірден бөлініп кетуі неғыбайыл. Осы орайдан келгенде қазақтарда ежелден ата атаға бөлініп өздерінің ұлттық қасиетті қағидаларын сақтап келеді. Рулық топ жеті атаға толған кезде арнайы ру ақсақалдары екі рудың жастарын боз биенің сүтіне шомылдырып қол жайып бата беріп олардың қосылуларына рұқсат берген. Содан барып қазақ ұлтында жаңа ру қосылып отырады.

Шетелдегі қазақтар, оның ішінде Иран  қазақтары еліміздің осы дәстүріне қатты мән беретінін біз көріп өстік.

Әсіресе қазақтар арасында үйлену кезде олардың рулық қатынастарының маңызы зор болғандықтан әр қазақ өзінің аталық шежіресін жақсы білуге тиіс. Сондықтан қазақтар аталық шежіресін есте сақтауды мықтап меңгеріп, өзіндік салт-дәстүрін қатаң ұстанған.

Иран қазақтары өздерін Әнес Сахаба [Әнес ибн Малик, Әбу Хамза, пайғамбардың сахабасы. Ол Хәзәржи Бәни Нәжжар тайпасынан шыққан «Әнсар» (Пайғамбардың жанында жүрген достарының қатарында болған). Пайғамбар Мекке қаласынан Мәдине шаһарына көшкенде Әнестің анасы, басқа бір рауаятқа қарағанда өгей әкесі Әбу Тәлһе оны пайғамбардың хұзырына алып келіп, қабылдауын өтінді. Содан бастап Әнес Пайғамбардың соңғы деміне дейін оның жанында болды. Пайғамбардың қасында ирандықтармен болған Шуштер шайқасында  Иран әскерінің қолбасшысы Һормозанды тізе бүктірткен сардар. Әнес үлкен отбасынан шыққан аса бай жан болған. Көп балалы отбасыдан шыққан Әнес мол байлығын, ұзақ ғұмырын, үлкен шаңырақ болуы себебін Алла тағалаға жасаған дұғаларына байланыстырады. Өйткені Пайғамбар оған Алла тағалаға мінәжат етуін бұйырған екен. Оның перзенттерінің қатарынан  фиқһ  ғалымы, көркем сөздің майталман шешендері шығып, биік дәрежелерге қол жеткізген атақты тұлғалар болды.  Әнес жасы жүзден асқан шақта 712 жылы дүние салған. Иран қазақтарының қариялары  Әнес баба ұрпағынанбыз деп біледі.

Гүмбез-Қауыс қаласы, Шәйбойы ауылында тұратын қазақтар өзедерін «Елтай» ұрпағынан санайды. Олар Елтайды шамамен 850 (1446) жылы өмір сүргенін айтады. Оның төртінші атасы Елу батыр Харезм мен Хожәнд шаһарларында диқаншылықпен айналысқан ауқаты мол, бай кісі екен . Елу батыр үлкен тайпаның басшысы ретінде өз қарамағында көптеген қызметшілері мен төрт түлік малы және басқа да мүліктері болған. Сол себепті ауа райының ерекшелігіне қарай жаз жайлауға қыс қыстауға көшіп-қонып жүре беретін. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері мен оның ішінде қазақ еместерге үйленіп, тұрмыс құруға қатаң тыйым салынған. Дегенмен адай руларының әйгілі аталарының бірі Қосай ата өмірінің бір шейленісті жағдайына қатысты өзінің отбасы мүшелері, бауырлары мен ағайындарын алып қашуға мәжбүр болады. Қашып жүрген қатаң қыста мұз қатқан дарияның (теңіз) үстінен өтуге тура келеді. Қосай арғымағымен алға түсіп, арттағы жолдастарынан бұрынырақ дариядан өтіп оларды арғы жағалауда күтеді. Олардан хабар болмағаннан кейін, сезіктеніп артқа оралады.  Қайта келген Қосай өзінің отбасы мүшелерін көре алмады. Жазым болып, дарияның мұзы жарылып барлығы су астына кеткен екен. Оларды құтқаратын қолынан шара келмей, қайғылы жағдайға тап келіп, өзінің әзиз жандарымен мәңгілікке қоштасуға тура келеді. Қосай сол оқиғадан біраз уақыт өткен соң бір түркімен қызымен үйленеді. Одан туған баланың атын Түркімен Адай қойған. Қазіргі кезде Иран қазақтарының бірнеше руы Түркімен Адай ұрпақтары.  Бұл оқиғаның өзі Адай аталарымыз ұрпақтың жалғасуына қажет болған жағдайда өзге де ұлт-ұлыстармен некелесуді жөн көргенін байқатады.

Қорыта айтқанда, қазақтар арасында үйлену заңы бойынша өз ағайын-туыстарымен үйленуге тыйым салынған (Endogamy). Сондықтан ешқашан ағайындардың ұл-қыздары бір-бірімен үйленуі түгіл мүлдем жыныстық қарым-қатынаста да болмайды. Ағайынды ұл-қыз бір-бірін бейне бір әке-шешенің перзенттеріндей көреді. Яғни қазақтар өзге ру-тайпалардың ұл-қыздарымен үйленуге құқығы бар (Exogamy).

Қазақтар

Кесте бойынша, осы уақытқа дейін рулар арасында туыстық қатынас сақталып келді.

«Қазақтар отбасыларында әке басшы болып, ұл-қыздардың үйлену тәртібі, әкенің тегіне қарап іске асатын-ды. Мәселен, ұл баланың әкесі Жеменей болып, анасы Тобыш болса, ол Тобыш (сүттес бауыр болмаған жағдайда) қызына үйленуге болады. Осындай үйлену ережелеріне орай қазақтар арасында гинетикалық ауру кезікпейді. Қазақтардың аталас рулар өзара әрі өзге ұлт өкілдерімен үйленуге  тыйым салып, отбасылық мүшелерінің денсаулығымен ұрпақ жалғастығын мықтап қамтамасыз еткендерін айта аламыз».

Бауырлас болу – қазақтар арасында көнеден келе жатқан «ағайынды ағайын» деген сөз бар. Сол үрдіс бойынша екі қазақ «қандас бауыр» болады. Онда саусақтарының ұшынан қан ағызып сүтпен араластырып, оны ішеді. Сөйтіп «бауыр» болғаны үшін ант беріледі. Осы ескі салт бойынша туған ағайындары жасалатын «қандас бауырлар» рәсіміне қатыспай қойса оларды ағайын қатарына қоспай қояды. Бұл дәстүр қазақ жырларында да көрініс тапқан. Онда:

Қазақта әдет бар ескі заңдық

Тамызып қанын сүтке қосып ұйтып

Анттасады екен туысқандық  – деп жырланады.

Құрдас – екі сәби бір жыл, бір ай, бір күн ішінде бір ауылда туылса, оларды «құрдас» деп атайды. Содан кейін олар өмір бойы бір-бірімен тату, сырлас дос болады. Екі сәбидің құрдас болуына оның жынысы есепке алынбайды. Екі қыз болса – құрбы, екі ұл болса – құрдас, ал, бір ұл мен бір қыз болса екеуі құрдас болып есептеледі. Кейде құрдас болған ұл-қыздар бір-бірімен шәриәт бойынша үйлене береді.

Отбасы – қазақ отбасылары үлкен шаңырақ болып есептеледі. Өйткені онда әке, шеше, балалар мен келіндер, немерелер көп бөлмелі бір үйде тұрады. Әке сол шаңырақтың басшысы ретінде құрметке ие болады. Үйдің ұлдары үйленгенге дейін әкесінің үйінде қала береді. Кейін орта немесе жоғары оқу орнын бітіріп, яки жұмысқа орналасып, өз тіршілігін жүргізе алатындай жағдайға келгенде ата-анасының рұқсаты әрі батасын алып бөлек шаңырақ құруына болады. Ұл балалардың үйленуі әкенің табысына байланысты болады. Әке баласын үйлендіруге қаржысы жеткілікті болған жағдайда отағасының әйелі ағайындарымен ақылдасып, шешім қабылдайды. Баласымен ақылдасу шарт емес. Мәселен, бұрындары Иран қазақтарының арасынан ең әуелі ұл балалар оқып, жоғары оқу орынынан білім алғанымен әкелерінің шешімі бойынша мүлдем оқымаған қыздармен де үйленуге міндетті болды. Бұл үрдіс 1980 жылдарға дейін қатаң сақталып келді де, кейінгі жылдары ұл-қыздардың таңдау мүмкіндігі туды.

Енші – жанұяның ұлдарының бірі, тәртіп бойынша әуелі үлкен баласы үйленіп, аяққа тұрып, әкесінің шаңырағынан жеке үйге қоныстанғысы келсе, әкесі байлығының жалпы есебінен оған тиесілі үлесін береді.

Ол үшін жақын ағайындар, Ақсақалдар, замандас құрдастарын үйге шақырып, дастарқан жаяды. Жиналған қауымға мән-жайды айтып, өзінің ризалығын білдіріп, көпшіліктің хұзырында батасын береді. Бұл дәстүрді «Енші беру» рәсімі деп атайды. Енші алған бала кейін әкенің мал-мүлкінен мұрагер деген желеумен үлес алуға құқығы жоқ. Өйткені одан кейін байлық үлкен шаңырақта қалған балалардың еншісінде қалады.

Құда түсу рәсімі

Қыз ұзату – қазақтардың ұл-қыздары өздерінің болашақ жарын таңдауға ешқандай еркі болмай олардың ата-аналары таңдайтын. Әке баласына лайық көрген қызды құда түсіп айттыруға ағайындардың үлкендерімен кеңесіп, шешім қабылдайды. Қалыңдық таңдауда ата-ана бірденнен шешім қабылдамайды. Олар өздеріне лайық деген жанұялардың мінез-құлқын, тұрмыстық жағдайын, бала-шағасының хал-ахуалын, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын, жолдас-жоралары, жек-жаттары арқылы әбден біліп алып барып шешімге келеді. Бұл шаруа қазақтардың жабық қоғамында онша қиынға соқпайды. Ал қазіргі кезде ұл балалардың қыз таңдауда өз еріктері бар. Бірақ, қыз балалардың емін-еркін жүрістері болмағандықтан, оларға қиындықтардың көп болатыны рас.

Айттыру – ағайынның үлкендері ұл мен қыздың үйленуіне келісім бере қойса, пысық, сөзге шебер туыстың бір әйел адамы қыздың анасымен хабарласып өз ойларын айтады. Қыздың анасы мақұл көріп, күйеуімен бұл жайлы әңгімелесіп, қыздарын беруді дұрыс деп шешсе, бір апта ішінде өздерінің келіскендерін хабарлайды. Жігіт жақтан елге абыройлы, беделді ағайындарының бірі бас болып бірнеше адамды ертіп қыздың үйіне барып, жігітін мақтап, өздерінің келгендегі ниетін айтады. Бұл екі жақтың келісімге келгендіктерін көрсетеді. Содан кейін қыздың ата-анасы Ақсақалдармен кеңесе отырып, құда түсетін күнін белгілеп жігіт жаққа хабарын береді. Жігіттің әкесі бірнеше Ақсақалдарды ертіп қыз жақтың «үлкен шаңырағына» барып құда түседі. Екі жақтың ата-аналары, Ақсақалдары әңгіме-дүкен құрып, шәй ішіп, тамақтанып болған соң қыз жағы «Бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Олар өз ниеттерін айтады. Сөйтіп, екі жақта өз ризалықтарын айтып, жек-жат болайық деген тоқтамға келеді. Сөйтіп екі жақ сөз берісіп, құдалықтың алғы шартын жасайды, болады. Одан кейінгі күндері құда болу рәсімі, сосын құда тойы рет-ретімен жасалады.

Құда болу – құда болу күні ырым бойынша сәтті күннің бірін тағайындайды. Бұл күні екі жақ дәстүрлі қалыңмал мөлшерін анықтайды. Қалыңмал ұдайы нақтылы бір мөлшерде қала бермейді. Оның мөлшерін ауқатты немесе бәсекешіл адамдар өзгертіп отырады. Дегенмен өзіндік мөлшері азды-көпті жоғарылап не төмендеп өзгеріп отырады. Мәселен қазіргі кезде мың-екі мың доллар көлемінде қалыңмал төленеді. Қалыңмал жігіт жақтың материялдық  жағдайына байланысты бөлініп бір, екі яки үш мезгілге бөлініп төленеді. Тағы да қалыңмалдың оннан бір мөлшері «Ағалық хақы» деп беріледі. Қалыңмалдың белгіленген мөлшері төленген соң екі жақ құдалық той жасау күнін белгілейді.

Құдалық той – құдалық той белгіленген соң бірнеше күн бұрын дайындық бастайды. Жігіт жағы өздерінің ағайын-туысқандарына той болатын күнді хабардар етеді. Қыз жақ құдалық тойға баратын ағайындарын анықтап шақырады. Жігіттің анасы жақын апа-жеңгелері (Адайлар оңтүстіктегі қолданылатын әпке сөзінің орнына Апа сөзін, ал, Апа сөзінің орнына Әже сөзін қолданады) қызға тағатын алтын сырға тағы басқа сыйлықтарын дайындайды. Мұнда жігіт жақтың ауқатылығына байланысты қызға алтын бұйымдар мен түрлі сыйлықтар беріледі. Қыз жақтың адамдары да құр қол келмей «Ақ қалта», «Ала қалтасын» көтеріп келеді. Құдалық той екі жақтың бір-біріне қошамет сөздері, кең дастарқанның түрлі тағамдары, сый-сыйапатпен өрнектеліп ән-биге ұласып жатады.

Құдалық той қыз жақта жасалады. Жігіт жақтан келетін құдаларға арнап үй дайындап қояды. Бұл үйді «Құда түсетін үй» деп атайды. Қыз жақтың бір жақын ағайыны құдаларды қарсы алып, олардың жағдайын жасауды міндетіне алады. Сол күні құдаларға атап қой сойылып «Ет» (Мұнда жасанды «Бес бармақ» сөзі қолданылады) асылады. Құдаға бас тартып тиісті сый-құрмет жасалады. Құдалық тойдан бір күн бұрын май нан (шелпек), бауырсақ пісіріледі. Бұл күнде құда түсетін үйге қыз жақтың жеңгелері, тума-туыстары достарының әйелдері жиналып тойға керекті заттарды дайындауға кіріседі. Көмектесуге шақырылған әйелдер құр қол келмейді. Өздерімен ақ қалта, ала қалтасына тойға қажет тәттілер, түрлі мата тағы басқа бұйымдарын той шашуы деп ала келеді. Сондай-ақ келе-сала теңгелерін «шашу» етіп шашады. Қонақтар шәй дастарқанынан дәм татып, жұмысқа кіріседі. Бірі қамыр илейді. Бірі ошақ дайындайды, бірі отынын алып келеді. Сөйтіп, көңілді, жүздерінде күлкі ойнап, әдемі қалжыңдар мен қуанышқа ұласып жатады. Бұл күні қой сойылып, өкпе-бауыр, ішек-қарынды картоппен қосып қонақтарға қуырдақ дайындалады. Тойға тиісті дайындық аяқталған соң әйелдер үйлеріне қайтып, ертеңіне таң атысымен келесі бір топ ағайындар той болатын жерге келеді. Құдалық той күні көмектесуге тума әйелдер тоб-тобымен той қалталарымен келіп, тойға шашуын шашып, тойға шақырылған дүйім жұрт «Тойшылар» жайылған дастарқан төңірегіне отырып шәй ішіп, қуырдақ жеп сыртқа шығып орнын жаңадан келген қонақтарға босатып беріп, бір-бірін қошаметтеп тойды думандатып қыздырып жатады..

Бұл жерде қыз жақтың жақын ағайын үйіне де қалыңмалдан үлес беріледі. Ол  қалыңмалдан алған ақшалай үлесін қонақтарды қабылдауға жұмсайды. Құдалардың саны 200 адамға дейін жетеді. Әрине бұл сан қазірге кезде нарықтық жағдайға байланысты төмендеп кетті. Көп жылдардан бері құдаларды қазақ «күріш» пісіріп қарсы алуды дәстүрге айналдырды. Қонақтар санының көп болуына қатысты әр төрт, алты қонаққа бір табақ күріш тартылады. Дастарқанға жеміс-жидек, салат және сусындар қойылады. Тамақ қолмен желінетіндіктен қонақтарға қол жуғыш алып келіп қолдарына құмғанмен су құяды.

Тамақ тартылып жатқанда, бір адам шелек алып жүру дәстүрін орындайды. Шелек ішіне қонақтар туыстық-достық қарым-қатынастардың алыс-жақындығына қарап сый ақша салады. Шелекке түскен ақшалар қонақ иесіне тапсырылады. Жиналған ақшаның есебінен қонақ иесі көмектескен жас әйелдерге ақшалай немесе заттай үлес береді. Тамақ желініп болғаннан кейін ас қайырып, құран оқылады. Қонақтар бәрі үйден сыртқа шыққан соң жігіттің әкесі не ағасы үйден сыртқа шықпастан бұрын отырған жердің киізінің астына қонақ иесіне «сыйлық» ретінде ақша қалдырады. Оған «төсек асты» делінеді. Құдалар қонақасы берілген үйден шыққан соң қыздың әкесінің үйіне бет алады. Қыз жағының әйелдері құдаларды шашу шашып қарсы алады. Құдаларға қонақ бөлмеге кірер алдында ырымдап ақ жол болсын деген ниетпен ұн жағады.

Құдалық тойдың ең қызық сәті «Құда түсіру» деп есептеледі. Өйткені құдаларды қызықтап қарсы алу және құт болсын деген ниетпен оларға ұн жағып жатады. Бүгін қызыққа батамыз деп құдалардың  ішінде қалжыңдауға ыңғайы келген құданы ұнға әбден малтып, тұла бойын қардай аппақ қылып тастайтын. Кейінгі жылдары бұл рәсімнің тек қана ырымы жасалады.

Қыз жағы құдаларды шәй дастарқанымен қарсы алып, қуырдақтан кейін күрішпен тамақтандырады. Бұдан кейін қыз жағы жігіт жағынан келген құдаларға бес түрлі «кит» береді. Біріншісі жігіттің ата-анасына, екіншісі бірінші дәрежелі туыстарына, үшіншісі одан кейінгі ағайындарына, төртіншісі дос-жарандарына, бесінші кит «көптің киті» деп аталады. Ол жалпы жиналған қонақтарға таратылады. Сондай-ақ «өлі-тірінің киті» бар. Ол сондағы молдаға тапсырылады. Әрине аталған киттердің мөлшері жоғарыдан төменге қарай азая түседі. Содан кейін «төс» құдаларға тарту етіледі. Төсті арнайы табаққа салып, оған қоса әйелдерге арналған көйлек маталар, бір жұп әйел костюм және матаға оралған кілемше қосып құдаларға сыйлайды. Құдалар төс пен қатар алған сыйлықтарын алып қайтады. Оларды жігіттің үйі қой сойып қарсы алады. Құда болып қайтқан жамағат жігіттің үйінде қуырдақпен шәй ішіп, ет жеп үйлеріне тарасады. Қонақтар тарап болған соң жақын ағайындар киттерді атап жазылған қағаздарына қарап ата-ана, жігіттің ағайындары, жақын туыстары, алыс тумаластары мен тойға қатысқан қауымға үйлестіріп береді. Алып келген төс пен қосымша етінен жиналған адамдар ырымдап дәм татады. Одан кейін төс пен бірге алып келген сыйлықтардың қабын ашуға кіріседі. Төстің сыйлық қабын күйеу әрі балалары қайтыс болмаған яғни бақытты жас әйелдің ашуын қалайды. Төс сыйлығының түймешегінде орамалға оранған арнайы сыйлық бар. Ол төс түймешегін ашқан әйелге тиісті болады. Төс сыйлық мата, кастюмдері, кілемше жиналғандарға көрсетіліп, әкесі өзіне тиісті сыйлықты жақын ағайынның біріне тарту етеді. Келесі күні «Құда той» жігіттің үйінде жалғасады. Жігіттің үйіндегі құда тойда дәл қыздың үйіне жасалған рәсімдермен қайталанады. Яғни қыз жағынан келген құдалар әуелі жігіттің ең жақын деген туысының үйінде қонақасы жеп, сый-сыйапатына бөленіп, кейін жігіттің үйіне келіп түседі. Оларды да жігіт жағы шашу шашып қарсы алып, ұн жағу рәсімін жасайды. Ұн жағу рәсімі де өткен күнгі ұн жағу рәсімінің қалай өткеніне байланысты қыза түседі. Ал, жігіт жағы құдаларға төстің орнына «құйымшақ» тарту етеді. Құйымшақты үлкен табаққа күріш қосып салып береді. Оған қоса келісілгендей қалыңмалдың бір бөлігін әрі бұрынғыша сыйлықтар беріледі. Қыз жақтан келген құдалар қалыңмал, сый-сыйапатын алған соң бата береді. Бұл рәсімдердің соңында бата берілгеннен кейін қыз ресми түрде жігіттің қалыңдығы болғанын мәлімдейді.

Қалыңдық болу мерзімі – қалыңдық мерзімі әртүрлі алты айдан бес жылға дейін созылғандары бар. Ең қызығы бұл мерзім аралығында жігітпен қыз ашықтан ашық бір-бірімен кездесе алмайды. Сондай-ақ қыз-жігіт ата-ене және туған-туыстарының көзіне түсе бермеуі керек. Бұл жағдай «қашпақ» деп аталады. Ал жігіт пен қыз бұл үрдісті сақтамаған болса оларға айып пұл төлеуге тура келеді. Әрине, бұл қатаң дәстүр қазіргі кезде біршама жұмсарды.

Айт күндері мәселен құрбан айт, наурыз мерекесінде екі жақ құдалар көрісуге барады. Ал, наурыз айтта күйеу баланың тарапынан қалыңдыққа міндетті түрде  түрлі алтын әшекейлі бұйымдар сыйлыққа алып барады.

Тойға дайындық – жігіт жағы  қалыңмалды толық өтегеннен кейін келін түсіру тойды жасауға дайын екендіктерін жария етеді. Той мерзімі жақындай түсісімен қыз өзінің сырлас жеңгелерінен «сыңсу» өлеңдерін  үйрене бастайды. Тойдың күні нақтылай белгіленген соң қызды өз ағайындары мен дос-жарандарын қонақасы беруге қонаққа шақырады. Оның ең жақындары мұндай шақыруды думанға айналдырып жібереді. Яғни қызды түнде барлық туыстар мен достарын қоса шақырып, үлкен құрмет көрсетіп, ән айтып, күй шертіп дүрілдетіп той жасап өткізеді. Бұған Иран қазақтары «Ойын кеші» деп ат қойған. Қыздың құрметіне жасалатын мұндай «Ойын кештері» ағайындарының санына байланысты қырық түн, қырық күнге дейін созылуы мүмкін. Әсіресе бай қызына ойын-сауықтың ұзаққа созылуы ғажап емес. 1980-1985 жылдарға дейін «Ойын кештерінің» көркі қазақтың қара домбырасы мен қазақ жырлары еді. Темірбай, Емберген, Қайырбай, Жаңбыр, Шомақ тағы басқалары той кештерді домбырамен жырларын әндетіп қыздыра түсетін. Бүгіндері олардың біразы қайтыс болса, қалғандары қартайды. Сондықтан той кештерінің басым бөлігі ирандық жеңіл-желпі музыкасымен ырду-дырду күйінде өтіп жатады. Қысқасы Кейінгі жылдары бұрынғы ұлттық үрдіс жойылып, «Ойын кештері» жергілікті жердің жеңіл әуендері, жеңіл билерімен парсы тіліндегі әуендермен өтіп жатады. Бұл қазақ тілінің әлсірей түскенінің бір белгісі. Бұл кемшіліктің түп-тамырын ол жерден емес, олардың еліктеп тұрған үлкен шаңырақтың қазақ тіліне немқұрайды қарайтынынан іздеу керек сияқты. Үлкен шаңырақтың тілге деген құрметі мықты болса, оның жаңғырығы шетелдегі бауырларға да өз ықпал-әсерін тигізбей  қоймайды. Міне, осылай қызды «Бақыт үйіне» кетуге дайындап, ағайын-туыстарымен қоштасуға мүмкіндік береді. Бұл да болса қазақтың ежелгі дәстүрлерінің сарқыты болу керек. Өйткені көшпелі қазақ қызын ұзатқан соң айлап, бәлки жылдап оны қайта көре алмайтын шығар. Тойға дейін қыздың жасауындағы жетіспей жатқан бұйымдар түгенделеді. Той күні екі жақ Алланың сәтті бір күніне орайластырып бекітеді.

Күйеу той – той мерзімін бұрын жігіт жағы барлық туыс-тумаларын тойға шақырып тойдың керекті заттарын ақылдаса дайындауға кіріседі. Тойға бір күн қалғанда нан, бауырсақ пісіріп той құрметіне бірнеше қой, тана, бұзау не сиыр сойылады. Еттерін ертеңгі күнге турап дайындап қояды. Бұл шаралардың бәріне жақын ағайын-жақындар ат салысады. Көмектескен жамағат шәй дастарқанында «Қызыл қуырдақтан» дәм татады. Күйеу баланың әкесі оларға рахмет айтып, ризалығын білдіріп, оларды ертең өтетін тойға қызмет көрсетулерін сұрайды. Той күні таң сәріден бастап ошақтардың үстіне қара қазан қойылып, оған ет асылынады. Ет піскенше күріш, сәбіз, кәшміш тағы басқа қосымша тағамға қосылатын бұйымдар дайындалады. Той тамағы түс мезгілінен бұрын әзірленіп, табақ тартуға дайын тұрады. Қонақтар келе салысымен тамақ жеуге кіріседі.

Күйеу тойға келген қонақтар той иесіне материялдық көмек болсын деген ниетпен « той орамалы » деп ақшалай үлес қосып жатады.  «Орамал тон болмайды, жол болады» деген мақал осыдай дәстүрден туған болар. Тойдан кейін күйеу жақтың ең жақын туыстары қалады. Оларға «Ошақ басы» дейді. Олардың арасынан кейеу баланы қыз жаққа қорған болып, ертіп алып баратын адам сайланады. Оған «Бас құда» дейді. Ол тойдың бастан аяғына дейін күйеу баланың жанында жүреді. Барлық жасалатын рәсімдерде күйеу баланың өкілі ретінде сөз сөйлеп, қажетті  міндеттерді атқарады. «Бас құданың» жанына бір көмекшіде белгіленеді.

Күйеу баламен бірге жүретін құда тағайындалған соң басшы әйелдермен Ақсақалдар «кит» мөлшерін, кімдерге беру мәселесін белгілеуге кіріседі. Келешек келіннің отбасы мүшелері мен ағайындарына китпен қоса белгілі мөлшерде ақша орамалға орап салынады. Дайындаған киттердің кімге тиесілі екендігін қағазға жазып, кит матаның бір бұрышына байланады. Киттен үлес алатындар төменгідей:

  1. Қыздың әкесіне кит – ең қомақты киті.
  2. Қыздың аға-інілерін киті.
  3. Қыздың апа-сіңлілеріне киті.
  4. Нағашы киті.
  5. Қыздың жақын руластарына киті.
  6. «Ақсақал шапаны» немесе «Қосай шапаны» деп аталатын кит қыз жақтың жасы үлкен кәрияға беріледі. Бұл жердегі Қосай шапаны дейтін себебі Адайлар Қосай атаны үлкен шалымыз деп есептейді.
  7. «Мал бауыздар» киті. Бұл мал сойып, тойдың асын дайындаған кісіге беріледі.
  8. «Жеңгетай» киті. Бұл бағалы сыйлық күйеу баланың ең жақын жеңгесіне тиесілі.
  9. «Қол ұстатар» киті. Бұл сыйлықты күйеу бала өз қолымен өзіне келіннің қолын ұстатқан жеңгесіне тапсырады.
  10. «Күйеу аттандырар» киті. Бұл соңғы сыйлық. Оны Бас құда «қыз отыратын күн» яғни әкесінің үйіндегі соңғы күнінде тапсырады.
  11. «Қыз қашар» үшін берілетін ақша нарық заманының базары жылдамдықпен өзгеруі, сондай-ақ қазақтың бәсекеге бейімдігінің салдарынан кит немесе басқа рәсімдерге берілетін ақшалай мөлшерін біз әдейі көрсетуге тырысқан жоқпыз. Өйткені ол мөлшер құбылып тұрады.

Кит аса маңызды және кірпияз сыйлық өйткені кит дұрыс берілмей қалса қарсы жақтың назарына ілігіп, өкпелетіп алуы мүмкін. Сол үшін китті дайындауда мұқият болу керек.,

Одан кейін тағы бір қызық рәсімнің бірі орындала бастайды. Күйеу той түске дейін өтіп, киттер дайыналып, бас құда мен көмекшісі белгіленіп біткеннен кейін түс қайта жігттің жеңгелері «Күйеу кастюмын» кигізу рәсімі жасалады. Бұның қызық жері жігітке күйеу кастюмімен қоса иығына плащ, басына қалпақ (шапка) кигізеді (Суретке назар аударыңыз). Бұл дәстүр қазақ түгілі парсылар мен түркімендерде жоқ. Бұл дәстүр қайдан шықты? Не үшін жасалады? Алла біледі. Әйтеуір күйеу бала тойдың басынан-аяғына дейін келінді  үйіне алып келгенше барлық рәсімдерде иығана плаш жауып, басына қалпақ киіп жүруге міндетті. Жігіттің жеңгелері оны киіндіріп болған соң қыз жақтағы жеңгелеріне сыйлайтын заттық сыйлықтар мен тиісті ақшасын қалтасына салып қояды.

Міне бұдан кейін күйеу бала – бас құда, құда көмекшісі және өз достарымен «Қайын ауылға» қарай аттанады. Бұл топ китке толы чемоданымен ауылдың бір шетінде тоқтап, «Қайын ауылдың» кіруге рұқсатын күтеді (Қазіргі кезде ағайын-достардың үйінде күтеді). Сол сәтте бас құда мен көмекші құда қыздың үйіне барады. Қарсы алып, дастарқан жайып қарсы алады.

Иран қазақтарының қыз ұзату тойындағы бір ерекшелік – қыздың жеңгелері оны киіндеріп, иығына «жадағай» (суретке қараңыз) жабады. Ал, бұл кезде қыздың басындағы «телпекті» алып тастап, оның орнына мақпал қызыл түсті орамалды жабады. Ал, жаңа келін өз бөлмесінен шығып, той рәсімдеріне қатысу кездеріне «жадағайды» басына дейін жауып, бүркініп жүреді (суретке қараңыз) кешке таман қыз жағынан тағайындалған жеңгелер бір топ қыздар, келіншектермен күйеу баланы алып келуге шығады. Араларындағы жасы үлкен келіншек күйеу балаға барып, сәлем береді. Күйеу бала бәрімен қол беріп амандасады. Содан кейін күйеу балаға арналған қоналқысына бет алады. Ол жерге жеткенде үй иесінің рұқсатын күтіп, рұқсат етілген соң плащының жиегін төмен түсіріп, келбеті көзге түспейтін жағдайда бұрынан үйдің бір бөлмесіндегі әсемделіп, түрлі нақышпен безендірілген «шымылдықпен бөлініп қойған бөлменің оң жағына орналасады. Күйеу бала шымылдықтың арғы жағында түргеліп тұрады. Үй иесі рұқсат бергенде барып отыруына болады. Бұның тағы бір ерекшелігі күйеу бала шымылдықтың сыртында тұрса да жеңгелерінің   пәрманын олардың дегенін орындайды. Мәселен күйеу бала отырған бөлмеге қыз жақтың бір туысы кіре қалса, күйеу жеңге оның плащының бұрышын тартып, белгі бергенде күйеу бала орнынан тұрады. Ал, кірген адам оған рұқсат етпей күйеу бала отыра алмайды. Мұндайда кейде әдейі күйеу аяғын жазсын деп отыру рұқсатын біразға созады. Бұл жерде баса айту керек, мәселен – күйеу орнын тұруға тиіс, бір кісі бөлмеге қанша рет кіріп-шықса да күйеу сонша рет орнынан тұрып, оның рұқсатынсыз отырмайды.

Күйеудің орнынан тұруға тиісті екінші жағдай оған шәй немесе тамақ алып келген кезде орнынан тұрып рұқсат бергенде қана отырады.

Шымылдық сыртындағы тағы бір дәстүр қыз жағының жаңадан балалы болған келіншектері күйеудің алдына барып, танысып жаңа дүниеге келген сәбилерін көрсетіп «Көрімдік» сұрайды. Күйеу олардың әрқайсысына ырымдап көрімдік береді. Сондай-ақ күйеудің жаңа балдыздары да онымен танысып, тиісті сыйлықтарын күйеуден алып жатады. Күйеу оларға алдын-ала дайындап қойған сыйлықтарын тапсырады. Күйеу бір бөлменің шымылдығының сыртында отырған кезде, жаңа келінде басқа бөлмеде өзінің құрбылары, жеңгелерімен отырады. Ал, күйеу құда, көмекшісімен жолдастары да жеке бөлмеде орналасады. Сол күннің кешкісінде «Ойын кеші» өтеді. Онда аталған үш бөлмеде жыршылар домбыраларымен ән әндетіп «ойын кешін» қыздыра түседі. Онда қыздың  да жігіттің де ағайын-туыстары, дос-жарандары орындаушы жыршыларға ақшалай «орамал» кәде беріп жатады. «Ойын кеші» кешкі ас берілген соң аяқталады. Бұл кеш кейде ұзаққа созылып түн ауғанша жалғаса береді. «Ойын кеші» аяқталған соң жеңгелдері күйеуге барып дем алуына рұқсат береді. Сонымен қатар күйеу құда, жолдастары да рұқсат алып, сол ауылдағы бір ағайынның үйіне барып дем алады.

Ертеңгі күні қыздың үйінде «нан» күні өтеді. Дәстүр бойынша бұл күні әйелдер түске дейін нан пісіріп, тойға басқа да дайындықтарына кіріседі. Түстен кейін қыз жағы күйеу құданы үйге шақырып алады. Бір бөлмеге орналасқан олар кит сыйлықтарын егелеріне тапсырады. Күйеу құда  мен көмекшісі кит сыйлықтарын ашып, тапсыру әрі құрмет сөздерімен қарсы жақтың ризалығын алу күйеу құданың  атқарған ең маңызды шаруасы болып есептеледі.

Күйеу құда қыздың атасының атына жазылған китті ашып, қыздың анасына тапсырады. Басқа да кит сыйлықтарын рет-ретімен атын атап тапсырып отырады. Бірде біреу китке қарсы уәжі болса, күйеу құдаға айтып отырады. Күйеу құда өзімен қосымша алып келген бұйымдар, мата және ақшасымен қажет деп тапқан жерде киттің мөлшерін көбейтіп береді. Әйтеуір кит алушы мен келісімді түрде іс жасап олардың көңілін аулау күйеу құданың негізгі жұмысы болып табылады. Бұл арада мал соятын қасап та киттен үлесін алмай  жұмысына кіріспейді. Кит тарату шаруасы ойдағыдай тәмамдалған соң ертеңгі «Қыз қашар тойға» дайындық басталып кетеді.

Қыз ұзату тойы – Бұл күні қыздың үйінде барлық туыстары, жек-жаттары, достары жиналып тойға қатысады. Тойға арналған үлкен дастарқаннан шәй ішіп, тамақтанғаннан кейін қыз жағының етене жақын туыстары қалып, «Қыз қашар» тойды кім өткізу керектігіне ұсыныстар айтады. Ақсақалдар  кеңесі  мақұлдаған ағайын той міндетін мойнына алады . «Қыз қашар» той барысында ең үлкен, ауқымды «Ойын кеші» болғандықтан оған келетін қонақтар көп болады. Ойын-сауық «Қыз қашар» түннің бір уағына дейін жалғасады. «Қыз қашар» «Ойын кешін» өткізетін ағайынның есімі жария болған соң күйеу құданы шақырып, «Қыз қашардың» шығынын өтеуін міндеттейді. Осы күні қонақасы берілгеннен кейін жаршы келіп, «Той бастар» жырын қалыңдықтың алдында орындайды. Тойбастардың мазмұны 1980 жылдары жазып алғын нұсқасы бойынша төмендегідей болды:

Бағлан серке, марқасқа, қой бастайды

Қой алдында жануар ойқастайды

Құтты болсын кез болған жүлде жігіт

Бұрынғының жолымен той бастайды.

Құнан қойын сайлатып сойдырған-ау

Табақ-табақ ет тартып тойдырған-ау

Құтты болсын тойыңыз той қылған-ау

Сәтті күні сәрсенбі той қылыпсыз.

Жұртқа лайық жол тұрады

Құтты болсын тойыңыз той иесі

Той есесін тәңірім толтырады

Құнан толып қойыңыз қойға ұлассын

Қырға сыймай шуласып ойға ұлассын

Құтты болсын айтамыз тойыңызға

Той иесі тойыңыз тойға ұлассын.

«Той бастар» жырының бірнеше нұсқасы бар. «Той бастар» жыры айтылғаннан кейін қызды жігіт жағындағы келіншектер алып кету рәсімін жасауға кіріседі. Бірақ қыз жағы қыздарын беруге қимастық кейіп танытып, сол арада «Тартыс» атты рәсім жасалады. Онда қыздың төңірегін арқанмен қоршаған жеңгелері жігіт жағынан келген келіншектерге қызды бермеуге тырысады, сөйтіп екі жақта тартыс басталып кетеді. Бұл дәстүр 1980 жылдардан бұрынғы кезеңде кәдімгідей екі жақтың келіншектерінің күш сынасу майданына айланып кететін еді. Кейінгі жылдары тартыс бәсеңдей түсіп, қазіргі уақытта ұмыт қалып бара жатқан салттардың бірі.

Тартыс рәсімі қаншалықты шынайылықпен өткенімен, бұл жерде үнемі күйеу жігіт жағы жеңіске жетіп отырады. Бұл рәсім қыз жақтың қыздарын қимай отырған пейілін бейнелейді. Олар қызды әдемі алашаға орап, «Қыз қашар» ойын кеші өтетін үйге алып барады.

Қалыңдықты «Қыз қашар» өтетін үйге алып барғаннан кейін жеңгелер күйеудің артынан барып оны қыздың атасының үйіне алып келеді. Бұл жерде де күйеуге бір бөлмеде шымылдық құрып оның отыратын орнын белгілеп қойған. Күйеу сол ұяң түрімен иығында плащ, басындағы қалпағымен шымылдық артында отырып, кірген адамдарға, алып келген шәй, тамақтарын ұсынған кезде  орнынан тұрып, ізет көрсетеді. Сосын  рұқсатпен отырады. Күйеу қайын атасының қонақасын жеп, батасын алған соң манағы «Қыз қашар» өтетін үйге барып, бұрынғыша шымылдықтың артында отырады. «Ойын кештің» қонақасы берілгеннен кейін көпшілік қонақтар тарқасады. Сосын неке оқуға «Ахунд немесе молда» шақырылады. Үй иесі келген молданы шәй дастарқанында түрлі тәттілермен қарсы алады. Содан кейін неке рәсімі басталады.

Неке рәсімі – суға толтырылған бір ыдысқа қыз жағынан бір күміс теңге салынады. Сосын жігіт жағынан алып келінген бір шаршы мертр көлеміндегі жібек ақ орамалмен ыдыстың үстін жабады. Неке рәсімін жасауға екі кісі «Куә» болып сайланады. Бұл екеуі «Куәлік жырын» айтып:

«Куә куә куәдүрміз

Куәлікке жүредүрміз

Таң ақ қасында

Ақ халық қасында

Куә куә куәдүрміз»

– деп қыздың жанына барып жиналған жамағат арасынан бір өкіл әке таңдауын сұрайды. Қыз өкіл әкесін таңдап, жария еткенде оның сөзін куәлар естуге тиіс. Содан кейін күйеудің анасының алдына барып өкіл әке таңдауын өтінеді. Күйеу жиындағы бір кісінің атын өкіл әкесі ретінде атайды. Екі жақтың өкіл әкесі сайланған соң «Қызды айттыру», «Құдалық той», «Қалыңмалды» белгілеу дәстүрін бастайды. Күйеудің өкіл әкесі біреуді өз ұлының ролінде қыздың өкіл әкесінің жанына қызын айттыруға  жібереді. Бірнеше минут өткен соң тағы бір баласын қыздың өкіл әкесінің алдына жібереді. Ең соңында келісімге келіп бірнеше құрбақа, тасбақа, құмырсқа тағы басқа жануарлар беріп, бұл екі өкіл әке құдандасады. Бұл қалжың ойынынан кейін неке қиюдың шынайы рәсімдері басталады.

Молда – пәленше мырза қыздың өкіл әкесі, пәленше баланың өкіл әкесі дейді. Сосын  қыздың әкесінің атын атап, сізді қыз өкіл әкем деп сайлады. Сіз бұл қызды пәленшемен некелесуіне (жігіттің есімін атап) ризасыз ба? Деп сұрайды. Дәл осы сұрақты жігіттің өкіл әкесіне қояды. Екі өкіл әке ризалықтарын айтып молдаға хабарлайды. Молда олардың риза екендігін естігеннен кейін екі «кәуа» қыз-жігітпен хабарласып, олардың риза екендігін молдаға айтып жеткізеді. Молда олардың да риза екендігін естіп некелерін кияды. Құттықтап ризалық лебізін білдіреді.  Сосын молда алдындағы шекер қосып, бір күміс теңге ішіне салынған бір кесе суды жамағатқа ұсынады. Әрбір адам ырымдап тістерін құрт жемесін – деп бір ұрттам су ішеді. Молданың қиған некесінен кейін қыз-жігіт шариғат бойынша ерлі-зайыпты болып танылады. Бұдан кейін жеңгелері келін мен күйеудің «қол ұстату» рәсімін жаңа келіннің атасының үйінде жасайды.

Қол ұстасу рәсімі – келіннің жеңгелері оның әкесінің үйінде бір бөлмесінде арнайы жастық пен көрпемен жаптықталған төсекті қол ұстату рәсіміне  дайындап қояды. Жеңгелер неке рәсімінен кейін келінді әкесінің үйіне алып келеді. Оны төсекке жатқызады. Сосын жақын көршілес бір үйде күтіп отырған күйеуді келіннің бөлмесіне алып келеді. Күйеу орамалға оранған мақпал көйлек, білезік, жүзік сияқты сән бұйымдарын «Жеңгетай сыйы» деп жеңгесіне сыйлайды. Жеңге келін мен күйеудің оң қолдарын бір жібек матаға орайды. Келін мен күйеу бала бір-бірінің беттерін сипайды. Сосын төсекке кіреді. Екі жар біраз уақыт бір-бірімен әңгімелесіп, сырласқан соң жеңгелер ішке кіріп күйеу баланы бөлмеден шығарып салады. Бұл түнде екі жардың арасында жақындасу болмайды.

Қыз отыратын күн – «Қыз қашар» күннен кейін «Қыз отыру күні» басталады. Бұл күнде сол кезге дейін қыздың қонақасын беріп үлгере алмаған ағайындары қызбен қоштасу есебінде шақырылады.

Келесі күні қызды бақыт үйіне шығарып салатын болғандықтан қыздың әкесі күйеу баланы, құда мен жанындағыларды ағайын ақсақалдарымен қоса қонаққа шақырады. Шәй дастарқанында қуырдақпен қонақтарды қарсы алады. Қыздың әкесі мен туысқан ақасақалдар қыз бен жігітке «Алдыңыздан ақ күн тусын» деген тілек айтып, игілігік пен мол бақыт тілейді. Оларды өмір жолында бір-біріне адал жар болғай деп аталық баталарын береді. Қыздың туыстары келін мен күйеуге жылқы, сиыр, қой сияқты түліктерін атын түстеп тартуларын жариялайды. Осы арада жастар жағы қыздың жасау-жиһаздарын жүк машинаға артып, жолға шығуға дайындап қояды. Қызды үйден шығарған кезде, ол жақын адамдарымен «Сыңсу» жырын айтып, құшақтасып қоштасады. Содан кейін қыздың жезделерінің бірі оны иығына көтеріп мишинаға отырғызады. Күйеу бала да арнайы дайындалған машинаға жайғасады. Олар жолға шығар алдында қыздың ағайындары орамал, сабын тағы басқа майда-шүйде сыйлықтарын күйеу баланың қалтасына салады. Өйткені күйеу жігіт үйіне оралғаннан кейін оның жеңгелері сарқыт дәметіп күйеудің қалтасын ақтарады (Қазақстанда тоғыз) деп аталады.

Келін түсу – жігіт жағы бір күн бұрын нан, бауырсақ пісіріп, бір сиыр, неше қой сойдырып келін түсіру тойына үлкен дайындық жасайды. Той қонақтары таңертеңнен тойға келіп, үйге кіріп шәй ішкен соң сыртқа шығып келін мен күйеудің келуін күтеді. Күйеу жақтың келіншектері тойдың тамағын дайындауға кіріседі. Келін келген сәтте сәнделген, әсем киінген қыз-келіншектер оны қарсы алады. Келін күйеудің үйінен алшақтау бір ашық алаңда машинадан түседі. Жеңгелері келінге арнап дайындаған киімді түймешесінен шығарып келінге кигізеді.

Бұл жерде келіннің басындағы қызыл түсті мақпал орамалды алып, оның орнына «Бұрама жаулық» кигізеді. Сол кезде келіннің сіңлілері бас орамалын жаулықпен ауыстыруға кедергі жасауға тырысады. Бұдан кейін келіннің беліне «Терме белбеу» орайды. Сосын ақ түсті жібек матамен келіннің бетін көрінбейтін қылып жабады. Одан кейін екі жағынан жеңгелері келіннің қолтығынан ұстап, басқа да қыз-келіншектермен бірге күйеу баланың үйіне қарай бет алады (Келіннің қолтық сүйер рәсімі). Үйге жетпестен бұрын жігіт жақтың ағайындары келінді қарсы алады. Сол кезде күйеудің туған жеңгесі  немесе нағашы жеңгесі келіннің белінен «Терме белбеуді» шешіп алады. Сосын екі келіншек шымылдықтың екі ұшын екі жақтан ұстап келіннің алдында жүріп отырады. Келін керуені үйге жақындап қалғанда қайын енесі оны қарсы алып құшақтайды. Келін үйдің ауласына кірер алдында теңге мен кәмпит шашып үйдің ауласында алдын ала белгіленген жерге отырғызады. Сол кезде қыз-келіншектер оның айналасына жиналып отырады.

Келін түскен кезде оны қарсы алу рәсімдері жасалып жатқанда күйеу бала үйіне барады. Оны ағайын әйелдер мен жеңгелері шашу шашып қарсы алады. Сосын бөлмесіне кіріп плащ пен қалпаған шешіп, дастарқаннан ауыз тиіп, үйден шығып, достарының үйіне кетеді. Содан кейін той жақта онша көп көріне қоймайды.

Келінді күйеудің ағайын, жек-жаттары үлкен қошеметпен жан-жақтан шашу шашып қарсы алып жатады. Шашу рәсімі екі түрде іске асып жатады. Бір топ қолында түрлі бұйымдар мәселен қуыршақ, құты, доп тағы басқа заттарды алып лақтырады. Әрбір затты лақтырғанда берілетін шашу мөлшерін мәселен 10 доллар немесе 50 доллар деп атап айтады. Сол бұйымды алған адам шашудың айтылған мөлшерін, шашу шашып тұрған адамның қолынан алады.  Екінші түрінде шашуды қағаз ақшаларды шашып іске асырады. Мұны «пұл ұшырмақ» деп атайды. Келін түсірудің той дастарқанынан кейін келін жағынан күйеудің ағайындарына жіберген сыйлықтар тапсырылады. Екінші жағынан үйдің ауласында қазақша күрес өтіп жатады. Күрестің жеңімпаздарына да арнайы жүлделер табыс етіледі. Тойдың тамағынан кейін келіннің ағаларына – құда бала мен жолдастарына арнайы қой сойылып, «ет» асылады. Осы арнайы қонақасында құдағи мен құдашаларға арнайы бөлінген бөлмеде сый-сыйапат көрсетіледі. Қонақасы беріліп, күрес жарыстары мәресіне жетіп аяқталған соң «Беташар» рәсімі жасалады. Беташар жыршы қызыл түсті матаның бір ұшын өз қолына ұстап, екінші ұшын келіннің басына жабылған ақ түсті  үлкен орамалға байлап қояды. Беташар жырын жырлай бастағанда келін сәлем берер сәтте қызыл түсті матаның ұшын ақырын тартып отырады. Сонда келіннің екі жағында екі қолтығын ұстап тұрған келіншектер келінге иілдіріп тағзым жасатады.

«Беташар» :

Алла деп мен ашайын бетіңді

Ашылды келін бетін төріліп

Түбі көрсем тұра алмай

Асаугерді оранып

Халқың отыр асығып

Кешіктің келін нақылып

Елеңдеп әрең сын шақтың

Көздің жасы бұршақтап

Менің айтқан бір сөзім

Ата-енеңді оңдап бақ

Бұл сөзімді тыңдасаң

Ол дүние де келін иман тап

Ана тұрған атасы

Атасы емес, қара бір жердің жотасы

Дариды оның батасы

Батасына бір сәлем.

Ана тұрған енесі

Енесі емес қара бір теңіздің кемесі

Келін келді дегенде

Көкке жетті төбесі

Енесіне бір сәлем

Ана тұрған қайнаға

Қайнаға шабар найзаға

Қайнағаға бір сәлем

Ана тұрған қайынысы

Қайынысы емес қай кісі

Атан түйе бай кісі

Ағам қатын алды деп

Маған кезек қалды деп

Жалмаңдап тұр ғой байқұсы

Қайнысына бір сәлем

Ана тұрған бикеші

Бикешіне бір сәлем

Ана тұрған абысын

Абысын емес аңдысын

Абысынмен алыспа

Өзі тиіссе қалыспа

Сақина түзек салар деп

Жылмаңдап торғай құсың

Абысыныңа да бір сәлем.

Осы беташарды

Жаздырқан Бәубек Назардың баласы

Оған да бір сәлем.
«Беташар» рәсімі жасалған соң жеңгелер келіннің басындағы ақ жабылғыны жоғары көтеріп, бетін ашады. Артынша келін бетін түрлі-түсті орамалмен қайта жабады. Бұл оның ұяты бар инабатты келін екенін көрсетеді. Бұдан кейін жеңгелері келіннің «жасауын» ашып, жиналған қауымға көрсетеді. Жасауда қырықтан аса кастюм, безендірілген көрпе-төсек, жастық, алтын-күміс білезік, алқа, сырға, жүзік, сағат тағысы тағы, қол өнер бұйымдары , үйге қажет бұйымдар бәрі бар. Қыз жағы қалыңмал алғанымен еселеп оны қыздың жасауына жұмсағаны анық байқалады.  Қалыңмал алған жақ кедей болса жұмсаған қаражаты жетпей тақырға отырып қалады. Себебі, қалыңдыққа арналған қалыңмал көбіне аз ғана мөлшерде беріледі. Ол қыздың түгел жасауына жетпейді.

Келін барлық сән-салтанатымен алтын алқа, алтын білезік, алтын сырға, күміспен  күптелген шашбау тағы басқа зинет бұйымдарын тағып, жаулығын басына байлап шәй дастарқанның шеткі бұрышына отырып, жақын ағайындарына шәй құйып береді. Келіннің қолынан шәй ішейік деп келген ағайындар келін жүзін көрмек болып «көрімдік» беріп жатады. Көрімдіктен түскен ақшаны келін мен күйеудің ағайындары өзара бөлісед.

Келіннің ағайындары қонақасынан кейін өздеріне арналған бөлмеге оралады. Олардың арасынан келіннің анасы мен бірнеше егде тартқан ағайын әйелдер үш-төрт күнге күйеудің отбасына қонып қалуға шешім қабылдайды. Үш-төрт күн мерзім өткен соң күйеу бала тағы бұрынғыша күйеу киімін яғни жаңа кастюм, плащ, қалпағын киіп қайын енесімен жолдастарын үйлеріне жеткізіп салады.

Келін түскен күннен кейін ертесі күні күйеудің ағайындары келінді қонаққа шақырады. Келін қонаққа барған үйінің иесіне «елу» деп аталатын сыйлығын тартуға апарады. Ал, мұндай жағдайда қонақ иесі келіннің жасауынан сырға, гүл көйлек немесе кілемше талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайда келіннің ризалығымен оның сұранысы қанағаттандырылуы мүмкін немесе қонақ иесінің сұраған бұйымтайын базардан алып беріп, оның ризалығын алуы керек. Мұндай орынсыз сұраныс «орынсыз буынға пышақ сұққандай» күйеу мен келін арасында алауыздық оттың тұтануына апарып соқтыратын жағдайлар да болып жатады. Бірақ, ақсақалдардың парасат-пайымы мұндай мәселелердің оңынан шешілу жолдарын тауып жататыны да қазақ салтының тамаша үлгілі дәстүрі болып табылады.

Той түйіні

Ирандағы той Маңғыстау тойындай. Бірақ иранда жерге дастарқан жайып марқайып  отырады. Дастарқанда жеміс-жидек басымдау. Ал етті Иранда өте дәмді, жұмсақ, баптап пісіреді.  Тек сорпа қызыл болады. Себебі қазан қайнап жатқанда-ақ томат соусын құйып жібереді.

Иранда той тілегі баяндама-тост болып айтылмайды. Тойшы реті келгенде ақ тілегін  қысқаша ғана айтады. Арақ деген атымен болмайды. Сондықтан да тойдағы дастарқан мәзірі ұзаққа созылмайды. Бірақ бұдан той қысқа  болып қалмайды. Күйеу – құда қыз ауылында оншақты күндей болып, ағайындар кезектесе шақырып, думан-тартыс жалғасып жатады.

Қазіргі кезде Қазақтың ұлттық өнері  тапшылау көрінеді.  Мұндағы той әндері көбісі мұңды, парсы әндері орындалады.

Қыз баланың жасауы. Қалыңдықтың киімі – үлде мен бүлде. Төсек неше түрлі, ең кемі төрт-бес қалы кілем, ыдыс-аяқ.

Бұл жақта қалыңмал алынады. Міндетті түрде берілуі керек. Бірақ сол қалыңмал түгелдей қыздың жасауына пайдаланылады және ол жетпей қыздың үйі тағы шабылады, бәсеке деген бәле той тауқыметінң бір бөлігі. Сонда қалыңмал алды десе де, қыздың үйі үлкен шығында қалады.

Жаңа түскен келін-баланың сәніне көз де, сөз де жетпейді. Мұнда қыз балалар түгелдей ісмерлік, кілем тоқу мен киім тігуді үйренеді. Жас келін оймышталған керемет камзол, түрлі қима-қиынды желектер, зерлі ою, бедерлі белбеумен сәндене киініп келеді.

Күйеу  ақшыл киім киюге тиіс . Ақ қалпақ, ақ көйлек, (галстук ол жақта дәріптелмейді), ақшыл плащ, ақшыл шалбар, ақ шұлық, аппақ туфли.  Бұл қазақтың «ақтан жарылқасын» деген ырымы.

Күйеу сызылып, бір тізерлеп отырады. Және жай бір тізерлеу емес, шоқиып тік отырады. Есіктен біреу кіріп келсе, ұшып тұрады. Неше адам кіріп, шықса да (үлкен болсын, кіші болсын бәрі бір) ұшып тұрып сәлем береді.

Ирандағы қазақтарда неке қию рәсімі жақсы сақталған. Ақсақалдар бұл дәстүр бұдан 60-70жыл бұрын Маңғыстаудан кеткендегіден еш өзгеріс жоқ дегенді айтады.

Әуелі молда қол жайып бата қылады. Содан кейін оның екі жағына екі адам жайғасады. Біреуі жігіттің өкіл әкесі, екіншісі қыздың өкіл әкесі. Жігіттің өкіл әкесі бір жас жігітті шақырып, оны өзіне уәкіл етіп тағайындайды. Енді сол уәкілді қыздың өкіл әкесіне жұмсайды. Құда түсіп, біздің баламызға қызын бере ме, бермей ме? Тап осы жерде қызық ойын басталады. Қыздың өкіл әкесі «бұлданады». Күйеу бала жөнінде жорта сұрақтар қояды. Басы таз емес пе? Көзі қыли емес пе? Ал уәкіл күйеу баланы майпаздап, мақтай береді. Бұл ойын – айтыс сол түнгі тойдың қызығы. Содан кейін уәкілден түрлі сұраныстар талап етіледі. Бұл қалыңмал емес, қалыңмал тойдан бұрын келісіліп беріліп қойған. Тек ойын есебінде. Мәселен, мынадай күлкілі сұраулар қойылады.

Тоқсан тоғыз тасбақа,

Алпыс алты құрбақа,

Жетпіс жеті құмырсқа әкел дейді. Уәкіл жігіт етегін толтырып, соларды әкелген болады. Ән айту, би билеу бәрін қыздың өкіл әкесі сұрап, ал уәкіл ұйымдастарып отырады. Тағы да түрлі қызғылықты сұрақ, ойындардан кейін қыздың өкіл әкесі: «Апыр-ай енді мен көндім, енді баланың өзінен сұраңдаршы» дейді. Уәкіл жігіт жүгіріп жігіттің өкіл әкесіне келіп, қыздың өкіл әкесінің көнгенін хабарлайды. Жігіттің өкіл әкесі мұны ортада  отырған молдаға жеткізеді. Молда ишарат етіп, енді қыз бен жігіттің өздерінің разылылығын сұраңдар, – дейді. Енді уәкіл жігіт жүгіріп, келесі бөлмеде шымылдықтың тасасында отырған қызға келеді.

Куәдірміз, куәдірміз,

Куәлікке жүрәдүрміз.

Таңда хақ қасында

Бүгінде халық қасында

Ақ куәлігін бередүрміз.

Сіз ризамысыз ба?, – деп сұрайды. Қыз ұялып көбіне «разымын» деп айта алмайды. Ал уәкіл жігіт қызық үшін қазымырланып қайта-қайта сұрай береді. Сонда қасында отырған жеңгелері «Әй, қу шешек шыққыр, кетші, бұл разы, ұялып айта алмай отыр» деп әлгіні қуып жібереді екен.

Бірақ соңғы кезде қыздар ұялмай-ақ «разымын» деп, басын шұлғып отыратын болды деп күліседі.

Содан кейін күйеу жігіттен сұрайды. Ол разылығын білдіреді. Сосын уәкіл қыз бен жігіттің өкіл әкелеріне жастардың разы екендіктерін хабарлайды. Екі өкіл әке бұл мәселені ортада отырған молдаға мәлім етеді. Осы кезде ішінде секері және күміс теңгесі бар бір кесе су әкелінеді. Секер өмірлерінің тәтті болуының ырымы, ал күміс теңге – Омар патша заманынан қалған қаде деседі. «Омардың он теңгесі» деп аталады екен. Себебі сол кезде шыққан бұл күміс пұлдың мөлшері, бұл отбасының табыс байлығының ырымы.

Бұл судан әуелі молда, өкіл әкелер, уәкіл жігіт және үйленіп жатқан жастар ішеді. Содан кейін дәреті түзу, дені таза адамдар дәм тату керек. Содан кейін молда бата қылады. Міне, осы сәттен бастап неке кілті жабылып, ол аспанға кетті деп есептелінеді. Оны аспаннан түсіріп, некені бұзып қайта ашу тек ер адамның «талақ, талақ, талақ» деген үш сөзінен кейін ғана мүмкін болады» деп сенеді. Түйіндеп айтқанда азаматтық қоғамның психологиясы кеңейе түскен сайын ұлттық дәстүрдің орындалу кеңістігі тарыла түседі. Бұл уақыт еншісінде жаңа үрдісін күтетін құбылыс демекпіз.




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir