Іздеу
Желтоқсан 11, 2017
  • :
  • :

«Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар»

24 Şubat 2012, Cuma / ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН — КӘМШАТ АЙДАРХАНОВА,

Алаш жұртшылығы ел үшін аса маңызды саналған үлкен басқосуды «тағанақ жиын» деп атайтын болған. «Қазақстан-ZAMAN» газеті осы ескі үрдісті жаңғырта отырып, қазақ әнінің бүгінгі тағдыры турасында талқы жасаған еді.
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп жатамыз. Рас, шынымен де бүгінгі қазақ эстрадасында Абай атамыз айтатын есті әндерге қарағанда, жеңіл ойлы, ойнақы, той сарынындағы әндер кең белең алып барады. Қоғамды, жастарды улаған өзекті жайттың себебін өнерде жүрген зиялы қауыммен бірге талқылаған едік.

«Қазақстан-Zaman» газетінің дөңгелек үстелінде

Мәдениет және ақпарат министрі Мыңбай Дархан Қамзабекұлына өнер саласында жүрген әнші-сазгерлерден

Ұсыныс хат қабылданды

Өнер — халқымыздың қазынасы, ұлтымыздың өресі. Ата-бабамыздан мирас етіп қалдырылып, ғасырдан-ғасырға саф күмістей сақталып келген өнерімізді дәріптеу, келешек ұрпаққа оның маңызын жоғалтпай, аманат етіп қалдыру әрбір адамзаттың азаматтық парызы. Бірақ күн өте өткенімізді ұмытып, бабалар салған сара жолдан адасып барамыз. Себебі бүгінде ұлттық нақыштағы есті әндерден гөрі, өзге ұлттың ырғағы басымырақ жеңіл-желпі, ойнақы, той сарынындағы ессіз әндер ұрпағымызды улап келеді.

«Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар», — деп, ХХ ғасырдағы тұлғамыз Сұлтанмахмұт Торайғыровты толғантқан мәселе бүгінгі күннің де бас ауыртып, жүректі сыздататын өзекті өкініші. Осы орайда, төмендегідей ұсыныстарды министрлік тарапына және өнер жолында жүрген әрбір тұлғаға ұсына отырып, қазақтың әнін бірлесе сақтауға шақырамыз!

1. Өнер саласын бірізділікке түсіретін жалпыға ортақ арнайы заң керек.

2. Киелі сахнаны сақтауды алғашқы баспалдақтан бастасақ (демек, өнер мектебіне, колледждерге, академия, университеттерге түсуде тұла бойында таланттың тамыры бар, өмірін өнермен өрбітуге дайын шын талантты шәкірттерге жол ашсақ);

3. Өнерімізде ұлттық ырғақтың, ұлттық әуеннің жоғалып кетуіне жол бермеу; (яғни қазақ әндерін сараптап, ой сүзгісінен өткізетін көркемдік кеңес құрып, жұмысын жандандырса);

4. БАҚ-та өзге елдің емес, өзіміздің ұлттық өнеріміз кеңінен насихатталса;

5. Жазушылар одағынан ән мәтінін жазатын ақындардың өлеңдерін сараптамадан өткізетін, тіркеп отыратын бөлім жұмысы қажет;

6. Киелі сахнаға шыққан әрбір өнер иесінің му-зыкалық сауаты болуы шарт;

7. Өнердегі идеологияның рөлі күшті болуы шарт. (Демек, бірінші орында ақша емес, талант тұрса. Жасырып қайтейік, қоғамның қай саласын да жаулаған бармақ басты, көз қысты, тамыр-таныстыққа қасиетті өнерге мүлдем жат екенін түсіну және мойындау);

8. Ұлттық әндерді, бейнебаяндарды насихат-тайтын телеарналар болса (мысалға, “ХИТ тв” телеарнасы жастарымызды жат өнердің бейәдеп әндерімен улап жатыр. Бұған тыйым салып, оны қазақтың әнін, күйін насихаттауға бұрған жөн);

9. Әндерді талғайтын, талдайтын, орын-даушыларға қамқорлық жасайтын орталық ауадай қажет.

10. Әуе жолдарында, пойыздарда, жолаушы кө-ліктерінде қазақтың ән-күйлерінің орындалуына ықпал ету;

11. Композиторларға, әннің сөзін шығаратын ақындарға қомақты қаламақы берудің жүйесі мемлекеттік тұрғыда жасалса.

Сапасыз әндердің шығуына

композиторлар кінәлі

Е.Айғалиұлы, «Қазақстан-Zaman» газетінің Бас редакторы:

— Құдайға шүкір, тәуелсіздіктен кейін біз-дің әнімізде де, дінімізде де, тілімізде де біраз бетбұрыстар байқалады. Бірақ ән жөнінде түрлі-түрлі сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Бүгінде сөзі мен әуені үйлескен әндеріміз бар, бірақ оларға ие болатын, сүзгі таразысынан өткізетін орынның жоқтығы көңілді қатты алаңдатады. Сондықтан осы мәселе төңірегінде өздеріңіздің ойларыңызды ортаға салып, пікірлеріңізді айтсаңыздар.

Мен Өзбекстанда туылғанмын. 6 жасымда еліме келсем де, құлағымнан әлі күнге өзбектің «ашуласы» кетпейді. Өйткені өзбек ұлты ұлттық әнін ұрпағының құлағына жас-тайынан сіңіріп, елдің ертеңін өнермен байланыстырады. Демек, әннің ғажайып орны бар, бірақ оның мәніне, маңызына терең бойламай отырмыз.

Менің тағы бір қуанатыным — соңғы уақытта талантты әншілер, жақсы-жақсы ансамбльдер шығып жатыр. Бір кездері қоғамдық көліктерде Америка я басқа елдердің әндерін ғана естісек, қазір қазақтың дәстүрлі әндерін халыққа жеткізетін Рамазан, Сәуле сынды және «МузАрттың» әндері тыңдарманға жол тартып жатыр. Бұл — қуанарлық жайт. Дегенмен, естір құлаққа түрпідей тиетін жеңіл ойлы, даңғыраған әуенді қазақша әндердің қаптап жатқаны жасырын емес. Алпыс екі тамырды иітетін, қазақты қазақ қылатын, рух беретін әнімізден неге айырылып барамыз?

Асылбек Әбдірахман, ақын:

— Бүгінде сапасыз әндердің көбеюіне бірден-бір себепкер ком-позиторлардың тал-ғамының таяздығы. Себебі сазгер әуен жазарда мағыналы мәтін-дерді талғап алуы шарт. Ал егер ән мәтіні сазгердің көңілінен шықпаса, «Қарағым, мына әнді ертең дүйім жұрт тыңдайды. Сондықтан сөзін дұрыстап жаз, мына жерін өзгерт немесе қайта ойланып кел», — деп, композиторлар ақындарға таудай талап қою керек. Бірақ сазгерлердің өзінде талғамның аздығынан өзгеден ештеңе талап ете алмай жатады.

Еуропалық үлгіде я орыстың Чайковскийі болсын, олар ешуақытта классикалық ыр-ғақты бұзған емес. Ал қазіргі ізденбейтін жас композиторлардың көпшілігі ырғақты созылып кеткенін немесе кем қалғанын байқамай, бұзып жібереді. Мысалы, 9 ырғақты болатын өлең бірде 9, бірде 11 болып кетеді. Міне, бұл құбылыс жақсы өлең мәтініне жазылған әннің өзін де сәтті шығармайды. Талай уақытты артқа қалдырған Ақан әндерінің өміршең болып келе жатқанының өзі оның классикалық үлгіде болғандығы. Қалай дегенмен де, классикалық форманы сақтау керек.

Орындаушыларды қорғайтын заң керек

Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші:

— Қазір біз өзіміз ақынбыз, өзіміз композитормыз, өзіміз орындаушымыз, өзіміз тыңдаушымыз. Егер ондай дарынды Алла тағала төбесінен құйып тұрса, бұл өте керемет деуге болады. Бірақ әр саланың арнайы машықтанған маманы болмағаннан кейін, «аспан ашық, бірақ жаңбыр жауып» деген сынды мағынасыз әндердің туатыны заңдылық қой. Осы ауру бізде әлі келе жатыр. Ақынбыз деген бауырларымыз сөздеріне абайлап қарап, оның астарында не жатыр деп, арғы-бергі пішінін тексеріп, ой-толғағынан өткізіп барып, оқырманына ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өлең деген қасиетті құндылықты ойыншыққа айналдырмауымыз керек. Сондықтан оның толғағы жеткенше ары-бері қарап, «өсіп келе жатқан іні-қарындастарымызға не бере аламыз?», «Болашағы қандай?» деген сауалдарды ақын да, сазгер де, орындаушы да бірінші кезекке қоюы шарт. Біз бүгін халық билесе бітті, ән екен деп, екі тиын тапқан ақшамызға мәз болып жүрміз.

Одан кейін аранжировка деген нәрсе бар. Соңғы кезде осы мәселені Өзбекстанда шешіп жүрміз. Қазіргі сахнада жүрген мықты деген әншілеріміздің әндерінің аранжировкаларын солар жасап жатыр. Әрине, олар қазақтың әнін зерттеп, зерделеп жүрген адам болмаған соң, міндетті түрде сіздің әніңіздің ішіне өздерінің ұлттық ырғағын, ұлттық милизмдерін кіріктіреді. Оны біліп жатқан ешкім жоқ. Біз сол әндерді міндетті түрде экраннан беріміз, көрерменге көрсетеміз. Сондай әуенді тыңдап өскен ұрпаққа қазақтың ұлттық нақыштағы әнін көрсетіп, біздің ән мынау десек, сенбейтін дәрежеге жеттік.

Ал әншінің талғамы деген бөлек дүние. Ол үшін мектептен өтуі, ұстаздардың алдын көру керек. Әншілерге оқудың керегі жоқ деген нәрсені айту, сондай дәрежеге жеткізудің өзі ұят нәрсе.

Тағы бір өзекті мәселе — әуенді халыққа жеткізетін ақпарат жүйелері, «Қазақ радиосы» я басқа коммерциялық радиоларда сіздің әніңіздің қандай екеніне де қарамайды. Ақша берсеңіз болды, мәселе шешіледі. Ал әндерді сұрыптап өткізетін көркемдік кеңес құру керек деген мәселе өмір бойы айтылып келе жатыр. Ондай ұйым болса, өнеріміз осындай күйге жетпес еді. Сондықтан орындаушыларды қорғайтын арнайы заң шығу керек. Адам бір нәрседен қорықпаса, есіктен шыққаннан кейін барлық нәрсені ұмытып кетеді.

Сондай-ақ, қазақ әндерінің 30-40 пайы-зында қытай қазақтарының әндері бар. Қазақстанда әнді, композиторды қорғайтын авторлық қоғамның халықаралық деңгейдегі деген мәртебесі бар. Сол кісілерге осы мәселені айтсаң, «біз Қытайға бара алмаймыз», — дейді.

Мемлекет тарапынан, Әділет министрлігінің қолдауымен орындаушыларды қорғайтын заң шықса, сөзді де, әнді де сүзгіден өткізсе, сонда ғана өнеріміз өркендейді. Әйтпесе бұл даудың созылғанына бір ғасырға таяп барады.

Махат Садық, «Қазақ» радиосының директоры, әндер-ді іріктеу көркемдік кеңесінің төрағасы:

— Біз мемлекеттік радио болғандықтан, мынандай кесте жасадық. «Шалқар» радиосынан бағдарлама беріліп жатса, «Қазақ радиосынан» ән беруге, ал «Қазақ радиосында» бағдарлама болса, «Шалқардан» ән береміз. Себебі қазақтың әні, қазақтың даусы 24 сағат бойы әуе толқынында болу керек.

Радио эфиріне берілетін 60 сағат болса, соның 45 сағаты музыкаға арналады. Нашар әндерді эфирге ешкім қоймайды, себебі бізге де рейтинг керек.

Біз ешбір әншіні алаламайтын деңгейге жеттік. Мемлекеттің ақшасын алып отырып, мемлекетте тұратын 10 млн. қазақтың сүйікті әншілерінің әндерін эфирден бермеу ақылға қонымсыз нәрсе. Жасырын емес, бұл үрдіс кезінде, яғни эфирден Роза мен Мақпалдың әндерін беруге шектеу қойылған сәттер де болған. Бүгінде дәстүрлі әндерді қолдаймыз, оған арнайы уақыт та берілген. Жыр, термеші мектебінің де уақытын тұрақты белгілеп жатырмыз.

Көркемдік кеңес іштен құрылды. Радионың өзінде Қазақстанға еңбек сіңірген 4 қайраткер, 10 ақынымыз бар. Демек, өзіміздің де пікір айта алатын жағдайымыз бар.

Мемлекеттік тіл — нақты саясат. Тіліміз өз деңгейінде емес деп сайрай бергенше, оданда осындай нәрселерді қолға алуымыз керек. «Шалқар» радиосында тек қазақша әндер болады, бірақ «Қазақ» радиосына әлемдік ретро хит әндерді қосайық деген жоспар бар. Әрине, бас шайқайсыздар, бірақ біз мұны әншілердің өзі үшін жасап жатырмыз. Мысалы, Рамазанның әнін бере отырып, ортасына әлемдік хит Мадоннаны қосып берсек, мұның пайдасы бар.

Қазіргі «Қазақ» радиосының рейтінгі 75 пайызға жақындап қалды, мұны тыңдайтын 40 пайыз қазақтар дейік. Ал орыстілді қазақтарды біздің арамызға тарту, қазақтандыру үшін Рамазан, Сәуле сияқты дәстүрлі әншілердің қатарына әлемдік әндерді қосу арқылы қазақ тыңдармандарының қатарын молайтуымыз керек. Махат келіп, қазақ әндерін орыс я ағылшын әндеріне қоса бастады деп ойламаңыздар. Басты мақсат — ретроға жету.

Априза Айтбаева:

— Кеңес кезінде әнді ақындар мен композиторлар бірігіп жазатын. Композиторлар әрбір шыққан жаңа ән-ді көркемдік кеңестен өткізетін. Сол кеңестен сүрінбей өткен ән ғана эфир төріне шығатын. Ал қазір бір-екі ән жазғандар өздерін сазгермін деп, бейне-баян түсіріп, сахнада жалт етіп бір көрінгендер әншімін деп көкірегін қағады. Біз өмір сүріп отырған қоғамда не әнші, не композитор жоқ. Орындауындағы әндердің сөздері өзге емес, өздеріне түсініксіз. Мәселен, «Тракторист» деген әнде «Сен неге есікті, күндіз жауып алғансың?» «Шиеліден саған бір қап күріш әкеліп тұрмын» деген қарабайыр сөздер ән мәтінінде толып жүр. Міне, осындай әндер жастарымызға жол тартып жатыр.

Жастар тақырыбындағы әндерге көңіл бөлсек…

Өктем Алтаев,

эстрада әншісі:

— Өтпелі жастағы жасөспірімдер мен 25-тен кейінгі жастарды біз әлі күнге дейін ажырата алмай жатырмыз. Олардың әні де, жыры да бөлек. Біздің шырқайтын әндерге олар күле қарайды. Оларға Абайдың, Омар Хаямның тілімен айтсақ, түсінбейді. Сондықтан әннің сөзін жазатын ақын ағаларымызға өтініш — осы жас-тар тақырыбындағы әндерге қайта оралсақ. Шынын айтсақ, баяғы «Қошақаным» әнінен кейін балалар тақырыбына ән жоқ.

Бүгінде мағынасыз әндердің орындаушылары көбінесе жастар. Алайда біз жастарды сынап-міней бермей, оларға көмектесуіміз керек. Өзім де көп қателік жібердім. Жастарға шабыт бере отырып, жіберген кемшіліктерін жеке өзіне айтып, қайта оларды тәрбиелеуіміз керек қой.

Дәстүрлі ән, ол — біздің қазағымыздың әні. Ал дәстүрлі әнді жастарымыздың мойындамауы — уақытша көрініс. Себебі бәріңіз де кезінде «Битлздың» әнін тыңдадыңыздар, соларға еліктедіңіздер. Ал жастарымыз шетелдің әніне ауып кетпес үшін біз эстрадада ән айтып жүрміз.

Сәуле Жанпейісова, дәстүрлі әнші:

— Шынында да, тәуелсіздік жылдардағы қазақ әндерінің сый-қы қандай? Рас, жақ-сы дүниелер бар. Біз жақсылардың да жақсылығын айтуымыз керек. Дегенмен, мүлдем іске алғысыз дүниелер жетерлік. Алайда ең өкініштісі, керексіз, іске алғысыз дүниелер керемет дүниелердің үстіне шығып кетіп жатыр. Себебі бұл жарнамаға байланысты.

Бүгінде дәстүрлі әншілер мен эстрада әншілерінің арасында көзге көрінбейтін жік пайда болды. Бұл неден? Рас, біз бүгінгі заманның әншілерін Рамазан екеуміз көп сынаймыз. Себебі мәнсіз дүниелер өте көп. Айқын деген баланы мен өзім жақсы көремін. Жақсы әнші, бірақ айтып жүрген әні ән емес. Сол айтып жүрген әні ән емес деп айтқанымыз үшін біз эстрада әншілерімен үнемі сөзге келіп қаламыз. Қалай дегенмен де, эстрада — сырттан келген жаңа жанр, бірақ оның өзінің орындаушылық ерекшеліктері бар. Бүгінгі жастар орындап жүрген қазақ әндерінің көпшілігі дәстүрден бөлек. Дәстүр басқа жақта, бүгінгі ән басқа жақта тұр, яғни шетелдің әніне қарай ығысып барамыз.

Бізде тек дәстүрлі өнер ғана емес, классика, эстрада сынды өнердің түрі көп. Соларды бөліп, аражігін ажыратып, неге оқушыларға аптасына бір сағаттық пән ретінде кіргізбеске? Менің музыка мектебінде оқитын қызым айтады: «Анашым, музыкасыз басқа сабақтарды қалай оқи береді?» — дейді. Иә, шынында да, мектеп оқушыларын үлкен-кіші деп бөлмей, аптасына бір рет музыка пәнін жүргізіп отыр-са, олар өздері-ақ қазақтың әні қандай деңгейде болатынын біліп отырады. Сонда ғана біз сауатты орындаушылар ғана емес, сауатты тыңдаушылар дайындап шығатын едік.

Ән туралы сөз болғанда әнді орындаушы аталады да, ал сол өлеңін, сөзін жазған ақын аталмайды. Бүгінде кім болса сол өлең жазады. Жазушылар одағы ұйымы, орындаушылық қоғам деген бар. Ал Жазушылар одағында бірнеше бөлім бар, бірақ әннің сөзін жазатын ақындарға қарайтын бірде-бір бөлім жоқ. Неге ол болмауы керек? Сонда әннің мәтініне кім жауап береді? Кезінде Жазушылар одағында ел-елдегі, жер-жердегі ақындарды тізімге алып, тіркеп отыратын. Қазірде дарынды ақындар жетерлік, бірақ оларды ешкім де керек етіп отырған жоқ. Сондықтан ақындарға қарайтын арнайы орталық болу керек. Осы тұста Мәдениет министрлігі қайда қарап отыр? Неге жаңа әндерді арнайы сараптамадан өткізбеске, талантты композиторларды жарыққа шығарып, қолдау көрсетпеске? Қалай айтсақ та, 20 жылдағы қазақтың әніне талдау жасайтын орталық болуы керек.

Мен концертімді өткізерде міндетті түрде Мәдениет министрлігіне хат жазамын. Сонда олардың маған жасайтын бар қамқорлығы — 600 мың теңгеге жалға алған зал құнының жарты бағасын ғана төлеуіме көмектесті.

Бүгінгі заманның тағы бір кемшілігі — әуесқой мен кәсіби әншілердің айырмашылығы жоқ. Керісінше, әуесқойлардың барлығы Республика сарайында концерт береді.

Ән — ұлттық тәрбиенің бастауы

Жарылқасын Дәулет, сазгер:

— Барлық дүниені қалыптастыратын ұлттық тәрбие. Ал ән — ұлттық тәрбиенің бастауы. Кешегі Біржан салдар да осылай қалыптасты. Бір кездері халқымыз қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерге ілессе, қазір, өкінішке орай, ұрпағымыз әншілерге ілесетін болды. Әншілерге қарап еліктейтін болдық. Ал төсін жарнамалап тұрған, санын жарқыратып ел алдына шығатын әншілеріміз келер ұрпаққа қалай тәрбие бастауы бола алады? Тіпті кешегі Ақан серінің магикандары саналатын әншілеріміздің өзі патриоттық әндерді көп айтпайды. Бір өзі бір театр бола алатын таланттылар қазір бізде бар ма? Біз тағы да жастар, жастар деп, соларды кінәлаймыз. Ал сол жастарға жол сілтеп, жөн көрсететін аға буындардың бүгінде қатары аз.

Бүгінде Мәдениет министрлігі дегеніміз қандай құзырлы орын? Ол тендерлерді реттейтін орын болып тұр. Егер басшылық ақылды болса, әншілер арқылы елдің саясатын жүргізу керектігін білер еді. Ал біздің өнер батыстанып барады. Бүгінде композиторлар одағы бар. Оған талант емес, қағаз керек. Композиторлар одағының бастығы Балнұрдың шығармасын бір қазақ білмейді. Бізге қазір опералық дауыс керек пе? Біздің байлығымыз опера және балет емес, дәстүрлі әндер емес пе?!

Серік Сейітманов, ақын:

— Бүгінде Шәмші әндері ресми түрде әнұран болып шыр-қалып жүр. Ол әндер несімен мықты болып тұр? Себебі ол кезде талантты композитор, мықты сарапшы болды. Кез келген сөзін қарасаңыз, бір мін таппайсыз.

Өмірден өтіп кеткен Ержан Серікбаев деген сазгер ағамыз болды, мен ол кісіні қатты аяймын. Себебі жазған әуені керемет, барлығы жүрегімнің түбінен орын алды, бірақ сөздеріне қарасаңыз, сын көтермейді.

Сал-серілер, жыраулар дәуірін алып қарайық, ол кезде өздері сөзін шығарды, өзінің мақамына салды, өздері орындады. Егер бүгінгі өнер сахнасында жүргендерде шынымен сондай талғам, биік өре болатын болса, онда қуанатын едік. Мен де кейде ыңылдасам, аузыма ән сияқты бірдеңе келеді. Мен соны ән екен деп, оған сөз жазып, өзім орындай берсем бола ма? Бәлкім, мықты ақын шығармын, бірақ талантты сазгер емеспін. Сондықтан әрқайсысымыз өз жолымызды білгеніміз жөн. Авторлар қоғамы бар деп жатырмыз ғой. Алайда авторлар қоғамы бар болғанмен де, олардың құқығын қорғап жатыр деп айта алмаймыз.

Қазіргі идеологиялық құрал әрбір үйдегі көк сандық болып қалды ғой. Құдайға шүкір, «Қазақ», «Шалқар» радиолары қазақтың әндерін насихаттап жатыр. Жаманды-жақсылы көркемдік кеңесі де бар. Ал енді әндерді насихаттайтын жалғыз ғана «ХИТ тв» арнасы бар. Оның саясатын жақсы білесіздер. Сондықтан «ХИТ тв»-дің өзін қазақи болмысқа қарай бұруымыз керек. Жалпы, біздің елге тек қана әндерді насихаттайтын, бейнебаяндарды көрсететін телеарна ашылса және онда нағыз көркемдік кеңесіміз болу керек.

Жазушылар одағының тағы бір осалдығы — жаңа өлеңдерді тізімге алмайтындығы. Мысалы, мен «Қазақ» радиосында Рамазан Стамғазиев ағамыздың орындауындағы Бауыржан Үсеновтың «Аңсарым» деген бір тамаша әні туралы хабар дайындадым. Сол кезде әні жайында әр жылдың мұрағаттарын ақтарып, біраз мәлімет іздегеніммен, ешнәрсе таба алмадым. Сөйтсем, ол ән тізімге мүлде енбеген екен.

Қазақ грамматикасында орфография, орфоэпия заңдылығы бар. Осы заңдылықты әндерінде сақтамайтын әншілеріміз де жетерлік. Оймақ ауыз, күлім көз деген, яғни дұрыс айту, дұрыс жазу заңдылығын қатаң қадағалайтын сөздерді айтқанда қателіктер кетіп жатады. Сөз жазу, ән жазудағы барлық мәселенің түп-төркіні осында.

Кейінгі буын өзге елдің әуенімен уланып жатыр

Ержан Белғозиев, әнші-сазгер:

— Қазіргі әндердің жақсы жағы бар, бірақ жаманшылығы басымырақ. Себебі қазақ әндердің 70 пайызы өзбектікіне жақын. Сондай-ақ, әндеріміздің көпшілігі күнкөрістің қамымен жазылады. Тойға арналып дайындалған ән болғандықтан, онда міндетті түрде өзбектің ырғағы болады.

Бүгінгі таңда композиторлар көп. Олар әндердің сәл ғана ритмін өзгертіп алады да, біріне-бірі ұқсас әндерді жаза береді. Қазақстанға өзбектің аранжирова жазатын 3-4 маманы мұрнын тығып алған. Олар қай әнге де өзбектің даңғарасын міндетті түрде қосады. Біз кезінде Ш.Қалдаяқов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов сынды таланттардың өлеңін тыңдап өстік те, сол кісілермен қалдық. Ал бүгінгі жастарымыз өзбектің және өзге елдің әуенімен уланып жатыр.

Сазгерлердің көпшілігі поэзия оқымайды. Әрбір сөздің мәнін ұғынып барып, өзінің әнін қиюластырса, онда жақсы дүние шығады. Мәдениет және ақпарат министрлігіне өнерді түсінетін, өнер десе ішкен асын жерге қоятын басшылық келмей, біздің ақсаған өнеріміз ақсай береді. Жоғары жақтың тарапынан теле-радиоларда айтылып жатқан сапасыз әндерге тоқтау салып, қадағалап отыратын басшылық болмаса, ештеңе түзелмейді.

Үнемі мерекелік кештерде телеарнаның бетін бермейтін жаттанды әншілер. Ал мәскеулік арнаны басып қалсаңыз, Кабзосы, Пугачевасы, Шатуновы болсын, жалпы, ең мықты карифондары, жақсы жүргізетін дикторлары сонда жүреді. Өйткені олар халықпен қабылданған адамдар. Ал біздің арналарды басып қалсаң, не сөздің, не әннің мағынасын түсінбейтін, танымайтын жастар жүреді. Жарайды, жақсы әндер айтып жатса мейлі ғой, бірақ соның 5 пайызын ғана тыңдауға болады, қалғаны ән емес. Сондай сапасыз әндер халықты, ұрпағымызды улап жатыр.

Сондай-ақ, көп сөйлегенше, көп жұмыс істеу керек. Мен құрылысшы болсам да, өнерді сүйгендіктен, өнердің бір ұшында жүрмін. Келешекте қазақтың әні бұзылып кетпесін, өзбектің әні қанымызға сіңіп кетпесін деген мақсатпен ән студиясын аштым.

Ахмет Аляз, «Қазақстан-Zaman» газетінің Бас директоры:

— Мен жас кезімде дәстүрлі әндерді тыңдамадым. Себебі маған ұлттық әндер біртүрлі жат сияқты көрінді. Сөйтсем, жалғыз мен емес, 25-30 жас аралығындағы жастардың тыңдайтыны көбінесе ырғақты әндер екен. Ырғағы жоқ болса, сіз жүз жерден ұлттық ән берсеңіз де, оны тыңдамайды. Бірақ жасыңыз 30-ға жеткенде ақыл-ойды жинай бастайсыз да, әннен гөрі енді сөзді іздеп, сапалы ұлттық әндерді сол кезде іздей бастайсыз.

Рас, ұлттық әндерде көбінесе ырғақ жоқ. Мысалы, эстрада әндерінің сөзін түсінсеңіз, оның әуені бірден түсінікті болып тұрады. Ал ұлттық әнде мұндай сарын жоқ. Оның өзіндік ерекшелігін өздеріңіз білетін боларсыздар. Дегенмен, осы әндерді жастарға кішкене жақындату керек сияқты. «Кеш you» тобы орындап жүрген «Ақ көйлек, қара бешпет, қызыл комзол» деген жолдары бар жаңаша сипаттағы дәстүрлі әнді естідім. Маған соның ырғағы ұнады. Өйткені айту мәнері ырғаққа салынған, жаңашаланған. Әр нәрсенің түпнұсқасын сақтау бар, дегенмен жастарға арнап, соларға жақындату мәселесі де бар. Мұның керегі неде? Егер біз олай жасамайтын болсақ, амал жоқ, жастарды басқа халықтардың, елдердің өнеріне табындырамыз. Ол жастар міндетті түрде Мадоннаны, Филипті тыңдайтын болады. Осыдан барып қазақилықтан алшақтап кетеді. Егер біз жастардың талғамымен санаса білсек, ол міндетті түрде қазақтың әнін тыңдайды және өзгелерге тыңдата біледі. Қазір баяғыдай кез емес, дүниежүзіндегі атақты әншілердің бейнебаяндары ғалам-тор беттерінде тегін тұр. Әр елде шығып жатқан жаңа бейнебаяндар бір күнге жетпей барлық елдерге тарайды. Яғни қазір жастарға мүмкіншілік көп.

Менің тағы бір айтатыным — қазақтың әнін насихаттайтын әншілер әсіресе түркі мемлекеттерінің арасында көбірек концерт ұйымдастырғаны дұрыс. Сол аймақтың атақты, танымал әншілермен бірге дуэт жасау арқылы ол жақтан көрермендерін таба білуі керек. Мұның жолын өзбекстандық әнші Ю.Османова тапты. Оның қазақша, түрікше, әзірбайжанша айтқан әні де бар. Ол өзі жалғыз алаңды толтыра алмайды, демек сол елдің атақты әншісімен дуэт жасау арқылы ол біраз көрерменін жинап алады. Көрдіңіз бе, біз нарықтың бұл жағын да игеруіміз керек. Қазақ әндерін осылай насихаттауымыз керек. Өзбектің әні бізге қалай жетіп отырса, қазақтікі де өзбекке де, өзгеге де жетуі тиіс. Менің тыңдарман ретінде пікірім — осы.

http://www.kazakzaman.kz/kz/newsDetail_getNewsById.action?newsId=54874




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir