Іздеу
Қазан 21, 2017
  • :
  • :

АҚТЕҢІЗ… АППАҚ ТОЛҚЫНДАР

АҚТЕҢІЗ… АППАҚ ТОЛҚЫНДАР

Ақтеңіз ай астында ағараңдап жатыр. Көкжиек қызыл жалқын бояумен белдеуленген күйі арайлы күнді тағатсыздана күткен дерсіз. Таңғы сарын тым алыстан уілдей естіледі. Аңқылдаған жел беймаза күйінде белгісіз бір арпалысқан үнді тынымсыз жеткізеді. Шоқ-шоқ пальма басындағы ұзын жапырақтарын сабалаған сыңай танытқан қалып ызалы кейіппен бір әуенді созғылаған болып терезеден қайталайды. Аспандағы тілік ай үзіліп түсердей. Ұлы теңіздің беті жыбыр-жыбыр толқиды. Тым алыста көзге тау кейпінде көрінер суретті салған тентек толқынның ерке қылығы екенін түсінесіз. Қарауытқан жағалауға ақ көбіктенген ақ жал толқын гуілдей жетіп, өкіре аһ ұрып кері қайтады. Таң алдында беймаза жел де ішін тартып, уілін бір сәт үзіп, демін алғандай. Шіркін, теңіз аппақ өңге беріліп өзгеше кейіпке енеді. аспан да бозғылданып ғажайып күннің келбетін асыға күткендей. Жағада бір сәтке меңіреу тыныштық орнады… Ақтеңіз… аппақ толқындар.

АНТАЛЬЯ

Антальяға келген күні біз орналасқан «Faim Residence» бес жұлдызды қонақүйінің төртінші қабатынан таң алдында Ақтеңізге қарап отырып осы жолдар ақ қағазға түсті.

Анталья… Жарықтық, екі мың жыл бұрын Пергама патшасы Аттал ІІ жауынгерлеріне жер сұлулығын табыңдар деп бұйрық берді. Көрген сәтте жан баласы көз ала алмай тамсанатындай болуы керек. Пергаманың сарбаздары ұзақ іздеді. Теңіз жағалауын Тавр тауынан асып түсіп қарағанда ғажап көрініске өздері таң қалды. Әскердің соңын ала Тавр тауынан асқан сәт Аттал ІІ-нің өзі жер жаннаты осы деп қабылдады… Анталья… Жаннат дегеніңіз осы шығар да, табаныңыздың астында жатыр. Патша қала тұрғызды, атын Аттелея атады. Пергаманың қала салған тұрғындарының алғашқы атауы сан өзгерді. Атталия, Стелан, Саталья, Адалья, сосын Анталья… Тек, бүгінгі күнге өзгеріссіз жеткені сұлулығы ғана шығар.

Страбонның ізі. Біздің дәуірімізге дейінгі VІІ ғасырдың өзінде ежелгі географ Страбон бұл өңірге қадам баса отырып, өзінің алған әсерін тамсана қағазға түсірді.

«Фаселистің ар жағында, Помфилий маңында ағынды өзен ағады, кең ауқымды су екпінмен биік жартастан теңізге құлап тасқа соғылады. Бұл жерден өзінің негізін қалаған Атталдың есімімен аталатын Атталея қаласы қол созым жерде тұр…». Страбонның ғажайыптар әлеміне ендеген тылсым дүниеге сапары бүгінде Ақсу деп аталатын, сол кезде Кестрос деп картаға түскен өзенді жағалап Пергені, Сильонды, Аспендосты, Сидені бағытқа алады… Анадолы жерi мыңжылдықтар әлетiндегi айшықталған өркениет тылсымы шертер сыр көп. Әр дәуірдің бедерленген кескіні өлшеусіз қазына болып өрнек төгеді. Ұлы жердің табанында қалған сан жылдың таңба қырқысқан қиын қантөгістерден өткен, жеңістер мен жеңілістердің жел айғыздаған табын сезген, аңыз бен ақиқатты бастан өткерген сүрлеу жолдардың ізін жасырған тау мен тастың айтар жұмбағы тармақталады.

Жерорта теңізінің керім жағалауы Ксантостан басталып, Аланияға ұласқан ұлан-ғайыр өлкенің көрікті табиғаты мен тылсым жаратылысты жасырып бүгінге жеткізген тарихы баяндар сырлы сипат тамсантқан Анталья есігін айқара ашады.

Анталья… Батысында Бейдаг тауы мұнарланып, солтүстігі мен шығысында Тавр тауының өркешті жағалауы көз жауын алған көріністі бар бояуымен көре алсаң ғой дегендей ақ күлгін жағалауға Ақтеңіз аптыға аласұрады. Ақтеңіз… аппақ толқындар…

Анталья қаласының орталығы байырғы мен бүгінгіні үндестіре білген. Рим мен Византия империясының мұрасын селджүктер мен Осман сәулетінің үлгілері қазіргі салтанатпен қабыса түседі. Кесік мұнарасының жанында бір кезде римдік храм болды, византиялық тіркеу қоңыраулатты, мешіт бой көтерді. Екімыңжылдық маяк, Хыдырлық мұнарасы, Сағатты Мұнара қорғаны басында түрік елінің қызыл жалауы желбірейді. Көк тіреген Йивли мұнарасы көз тартады.

Анталья қаласында өткен жыл сайынғы туризм көрмесінде жүріп Осман Айыппен танысу барысында ардақты ағаның туризм саласында дәйекті қызмет етіп келе жатқаны қызықтырды. 2005 жылы Түркия аумағында «Тур Опек» конфедерациясы құрылғаннан кейін, осы ұйымның белсенді мүшесі болды. Ал былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап конфедерацияға төраға болып сайланды. Осман мырза, сонымен қатар «Ақтеңіз» қонақүйлер жүйесінің, яғни Антальядағы қонақүйлер конфедерациясының төрағасы. Ағамыздың қазақтың белгілі балуаны Болат Тұрлыхановпен ажырамас дос болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Антальяның көрме орталығы бір жағынан жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін жарнамаласа, екінші жағынан туристерді тарту үшін таптырмас орын. Ақтеңіз конфедерациясының жетекшілерінің бірі Шора Батыр, түбі өзіміздің ноғай, сондай бауырмал жігіт көп жайтты әңгімеледі.

Жалпы, аталмыш конфедерацияға Түркияның 12 аймағы мүше. Дәл қазіргі таңда Түркияның туризм саласы жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, қарқынды дамып келеді. Соған байланысты конфедерация жұмысы да жандануда. Түркия туризмі 1980 жылдардан кейін ерекше екпінмен дамып, әлемдік туризм орталықтарының біріне айналды. Бұған мысал, 2011 жылы Түркияға келген туристердің саны қараша айына дейінгі көрсеткіш бойынша 30,2 млн. адамға жетті. Жылды қорытындылағанда бұл сан одан әрі де өсе түскені сөзсіз. Осы көрсеткіш бойынша Түркия әлемдегі туристер қабылдау жағынан 6 үздік мемлекеттің қатарына кіріп отыр. Атап айтар болсақ, түрік бауырларымыз АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Италия сияқты алпауыт елдермен иық қағыстырып тұр. Бір ғана Антальяны алар болсақ, былтырғы жылы бұл өңір 11 млн. туристі қабылдаған екен. Биылдың өзінде Анталья Қазақстаннан келер 200 мың туристі асыға күтіп отыр. Жалпы, елдің қонақжайлылығы керемет, тамсандырады десек болғандай. Мамандар, бір сәтте 1 млн. туристі күте алар қабілеттерін ерекше мақтанышпен жеткізеді. Алға қойған мақсаттары да биік. 2015 жылға дейін туризмнің ауқымын одан әрі арттырып, осы арқылы Үкімет міндеттеген тапсырма бойынша 2023 жылға қарай Анадолы еліне келуші туристердің санын 60 млн. адамға жеткізбек. Ал сырттан келушілерден түсетін пайда 60 млрд. долларға жуықтамақ. Қазіргі көрсеткіш, жыл сайын туризмнен түсетін табыс 10 пайызға еселеніп келе жатыр. Түркия туризмінің татып алар тұсы, туристік қызметтер азаматтар үшін арзан әрі қолжетімді. Ашығын айтқанда, елдің бар байлығы да осы туризм, өйткені мұнай мен газ Түркияда тапшы. Оның үстіне Түркияның табиғаты да адамдарға төрт маусым бойына демалуға болатындай өте қолайлы. Сонымен қатар, қазіргі туризм орталықтарында гольф алаңдары да көптеп ашылуда. Сөзімізге дәлел, Антальядағы гольф алаңдары 2009 жылы әлемнің ең үздік алаңдары деп танылыпты. Елге қонаққа келіп кететін туристердің көпшілігі әртүрлі бұйым алуға да келеді. Себебі, жеңіл өнеркәсіп тауарлары әрі арзан, әрі сапалы.

Екінші мәселе, Түркияның тартымдылығы оның әдемі жағажайлары мен көрікті қонақ үйлерінде ғана жатқан жоқ, бұл ел туристерді көне мәдениеті, салт-дәстүрімен де қатты қызықтырады. Өңір тарихына қызығатын туристердің саны күн өткен сайын артып келеді. Бір мысал, Анталья қаласының орналасқан жерінде көнеден қалған 140 қала бар.

Үшіншіден, келуші туристердің нөпірі толастамау үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Қазір Түркияның 40 қаласында арнайы рейстер жасақталған. Теңіздермен шекараласып жатқан барлық қалаларда порттар соғылған. Сондай-ақ, келуші қонақтарға ыңғайластырып жасалған заманауи жолдарын айтыңыз. Осының арқасында туристер елдегі бір қаладан басқа бір қалаға қиналмай сапар шеге алады. Анталья бойынша қонақүйлер 3 жерде тіркеледі. Біріншісі, министрліктің тіркеуіндегі қонақүйлер, екіншісі әкімшіліктің тіркеуінде, үшінші кішігірім ұйымдардың тіркеуінде. Министрліктің тіркеуінде 300 мың қонақ үй бар. Бұлар жоғары сапалы қонақүйлер. Әкімшіліктің қарамағына 200 мың қонақүй тиесілі. Бұлар орта дәрежелі саналады. Ал бір жұлдызды пансионттар 37 мың. Бұлар тиісінше кішігірім ұйымдардың тіркеуінде тұр. Антальяда 275 бесжұлдызды қонақүй бар. Өткен жылы айшықты қалаға барлығы 65 елдің ұшақтары келіп қонғаны да біраз жайтты аңғартса керек. Мұнда тек қана қонақүйлер емес, сонымен қатар 14 гольф алаңы, 90 футбол алаңы, 150 мың орындықтан тұратын конгрес-холл залдары бар. Қазіргі таңда келуші туристер тасқыны жөнінен Лондон мен Парижден кейін Анталья үшінші орында тұр.

Негізі, туризм саласы таза, әрі адамның тірнектей істеген толайым еңбегімен жасалатын сала екенін түйіндейсіз. Бұл салада қызмет ететін адамдар жауапкер және еңбекқор болуы тиіс екенін сезінесіз.

СОЛ КҮНІ АСПАН ШАЙДАЙ АШЫҚ ЕДІ, ЫЗҒАРЛЫ ЖЕЛ ЕНТІГЕ СОҒЫП ТҰРДЫ, ЖОЛ ЖИЕГІНЕН ЖАРҚЫРАЙ ТӨҢКЕРІЛГЕН КӨГІЛДІР ТЕҢІЗГЕ ЫНТЫҒА ҚАРАП ҚОЯМЫЗ…

АСПЕНДОС

Кепрючай өзені байырғы атына салсақ, Эвримедан аталған кезінен-ақ антикалық қаланы Жерорта теңізімен қосатын маңызды су арнасының бірі санатынан саналады.

Ең алғашқы көпір римдіктер кезеңінде салынып, ол жарамсыз болып қалған кезде ХІІІ ғасырда Селджуктер оны жаңалап қайта тұрғызды. Он бір қақпалы көпірден өткен бүгінгі жолаушының өзі оның мықтылығына бас шайқап таңданыс білдіреді. Аспендос амфитеатры ерте дәуірден бүгінгі күнге тәуір сақталып жеткен римдік сәулет өнерінің санаулы үлгілерінің бірі ретінде айшықталып тұрады. Құдайлар мен императорлар ойынына арналған нағыз өмір сахнасы екенін көз алдыңызға елестетеді.

Аспендос өңіріне сыйлы патшаның айдай сұлу Белқыз атты қызының көркі мен асқан даналығы жөніндегі әңгіме ауыздан ауызға жетіп, ел ынтыға түсті.

Патшаға қызына сөз салған жігіттердің біреуі ұнаған жоқ, содан дауыс жетер аймаққа жар салды. Кімде кім Аспендос үшін теңдессіз ғажайып ойлап шығарса, соған беремін деп шешті. Елге ұнағаны, екі үміткер жігіттің жасаған еңбегі ерекшелене берді. Бірі жұртты қызықтырған таулы өңірге өте зәру су құбырын тұрғызды, ал, екіншісі амфитеатрдың есігін айқара ашты. Патша таңғажайып су құбырын көргенде тамсана қарсы алды. Таңданған күйі нөкерлерімен театрға келіп, сыйлы қонақтарға арналған арнайы орынға көтерілді.Жоғарғы қатардан әспетті амфитеатрдың көркіне көңіл тоқтатып, зер салған тұста бір әуен тербеткендей әсерге бөледі. «Мен Белқызды жар етуім керек, мен Белқызды жар етуім керек…». Әдемі әуез төгіледі, белгісіз мақпал үннің иесі кім, қайдан естіледі, патша осы іздеген сазды сөйлемнің иесін тым төмендегі алаңқайдан көрді. Ол мына амфитеатрды салған жігітті енді байқады. Ғаламат үннің келбетін ашып, тербете білген жігіттің өнеріне толқыған патша өз уәдесінде тұрып, бекзаданы теңіне қосқан деседі…

Аңызды аудармашы Мұстафа Ялшын осылай жеткізгенде сапарлас дос Нұртөре Жүсіп мырза қызықты бір әңгіме бастады:

– Менің қайынатам Әмірбек Сейітов ақсақал көп оқыған кісі еді. Ескі жыр-дастандарды жатқа білетін. Сол кісі айтып отыратын, баяғыда Сүлеймен пайғамбарға дүниежүзіндегі адам да, жан-жануар да бас игенде бір қана Белқыз деген патша бағынбапты деп. Сүлеймен ашуланып, Белқыз патшаны алдыртады. Белқыз айтады, сенің құдіретің осыған ғана жетті ме? – деп. Сүлеймен тағы не керек дегенде, Белқыз «сен менің астымдағы тағымды осы жерге алдыртсаң, мен сендікпін» депті. Ақыры Сүлеймен пайғамбар өзінің жын-перілерін жұмсап Белқыздың тағын алдыртқан екен, – деп әңгіме қылып отыратын. Тап сол Белқыздың тағын алдыртқан жер осы болды. Маңайда Белқыз өзені ағып жатыр. О заманнан бері қанша заман өтті. Қазақтың алыс ауылында жатып, көзі ашық, көкірегі ояу болған ақсақалдың айтқан әңгімесін сол жерде еске алып, тарихи оқиғаның баянын қоса шерткендей әсерде қалдырды.

Аспендос амфитеатры… Сыры кетсе де сыны кетпеген қалпы көңілді баурай түседі. Біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ғасырда салынған ғажайып ғимарат сәулетші Зенонның заңғар қиялының астарына көлеңке түсірмеген күйі жеткізген көненің көзіне қызыға қарайсыз. Таңдай қақтырар акустика, толқыған дауыс ырғағы бүкіл құпиясын танып ал дегендей тербеліспен береді. Биіктен Нұртөре қара сөзбен жарыса, алаңқайда Серік бауырым «Айттым сәлем Қаламқас» әнін төгілдіріп тұр екен. Ерекшелігі 20000 көрерменге арналған акустикалық мәнердің бүгінге дейін мәнін жоғалтпай жеткізіп, акустика заңының сақталуын айтыңыз. 24 метр биіктікке өрілген баспалдақ, 500 орындық оркестрге арналған бөлік, көрерменге арналған қатарлар арасын қосатын өткел жолдар жиегі, қадірлі қонақтар ложалары, барельефтер мен өрнектер… Амфитеатрды айрықша өнер шығармасы ретінде айшықтай түседі дерсіз. Амфитеатрдың әдемі күйінде бүгінгі күнге жетуінің себебін түсіндірушілер, селджуктер керуен сарайы ретінде пайдаланып, ғимаратқа әрлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ықылас танытқанынан іздейді.

СОЛ КҮНІ АСПАНДА АҚША БҰЛТТАР ЖҮЗДІ, АҢҚЫЛДАЙ СОҚҚАН ЖЕЛ ЖҮЗІҢДІ АЙМАЛАЙДЫ, КӨГІЛДІР ТЕҢІЗ АЙДЫНЫНДА БІР НҮКТЕГЕ ҚАДАЛҒАНДАЙ ҚАЛЫПТАҒЫ АҚ КЕМЕНІ КӨРДІК.

ПЕРГЕ

Көне шаһардың ұлылығын алғаш алға қадам басқан сәттегі таңсық қақпа сұлбасы аңғартқандай еді.

Оның әрбір тасы, сыңсып бой түзеген, етпеттей өксіген мұнаралар, мөлдірей талықсыған әуездер, аршылған қалың түкті қабырғалар шер ақтарардай… Арса-арсасы шыққан осы кейіптің өзі сәулет өнерінің таңғажайып үлгісін танытар мәдениет пен өнердің мәңгілік рухын сезіндіреді. Пергенің алтын ғасыры 333 жылы Александр Македонскийдің келуімен үндесіп өрілген асқақ келбетін айшықтай түсті. Перизат тынысты Пергенің парасат танытар кейіпі сымбаты жарасқан қос даңғылдың бойынан аңғарылып жатты. Кербез қаланың келбетіне тояттаған тұрғындар бірімен-бірі гүлзарлар бойында кездесіп, қыдырыстап, дүкен аралап, жүргенін көз алдыңызға елестетесіз. Бір кезгі дәуірлі даңғылдар келісті күйде аспан тепкен колонналар, шыныдай мөлдір мозайкалар уақыт сынына шыдас берген қалпы.

Анталья аумағындағы көне қалалар ішіндегі Пергенің ең үлкен, ең сәнді, ең ғажайып римдік моншасы ерекше әсерге бөлейді. Бірлікке, сұлулыққа, ұлылыққа мойынсұнған Перге жер сілкінісіне, қантөгіске, жойқын шабуылдарға шыдай алмады. ҮІІ ғасырда асқақ арман мен естеліктерді ғана қалдырып, тарих сахнасынан теріс айналды. Артемиданың статуясы шаһардың сәніне айналғандай. Зевстің кескіні де Пергеден табылды. Антальяның археологиялық музейінің негізгі бөлігін құраған римдік скульптураның әлемдегі ең бай коллекциясы осы шаһарға тән.

Бұл өте тарихи қала. Мұнда Иса пайғамбардың 12 апостолының бірі Әулие Павел болған деген дерек бар. Қалаға кіре берісте ең үлкен римдік гипотруп салынған. Сондай-ақ, ежелгі христиан әлемінен хабар беретін римдік монша да сақталған. Ежелгі сауда алаңы да осында болған. Қаланың ішінен Игуменес өзені ағады. Осы өзеннің арнасын бұрып әкеліп, кезінде канал арқылы бүкіл қаланы сумен жабдықтаған. Әйгілі Троя соғысынан кейін қаланың негізі қаланып, римдік дәуірдің дүр ілдеп тұрған кезінде шаһардың дамуына үлкен серпін берілді. Осылайша, қаланың ежелгі тарихи негізі римдік дәуірмен тікелей байланысты. Жалпы, антикалық қаланың тарихы христиандық дүние, римдік кезеңмен және түркілік дәуірмен қабысып жатыр. Түрік селджүктерінің дәуірі кезеңінде бұл жерде «Керуен сарай» пайда болды. Мұнда көне Антальялық мұражай да бар. Сонымен қатар, ұлы мысырлық өркениеттің де белгілері қалған. Осының барлығы көне қаланың тарихын байыта түседі.

Бұл аймақта біздің эрамызға дейінгі І ғасырда Ликия мен Персия болды. Сондықтан ликиялықтар да, персиялықтар да бұл өңірде бар. Біздің эрамызға дейінгі 334 жылы Александр Македонский бүкіл аймақты жаулап алады. Осыдан кейін бұл өңір соғыс көрмеген. Өңірдің бейбітшілік жолмен дамуын Александр Македонский тікелей бақылауында ұстайды. Сауда-саттықтың орталығына айналған бұл жерде тіршілік жандана түседі. Әулие Павелдің мұнда келуі де осыған байланысты. Ежелгі римдік моншалардың пайда болуы да осы кезеңге сәйкес келеді. Базарға саудаға келген адамдар арнайы моншаға түсуді де әдетке айналдыра бастайды. Монша бұл тазалық орны міндетін атқарған жоқ, ол адамдар үшін демалыс орнына, бір-бірімен пікірлесіп, әңгіме дүкен құратын жерге айналды. Осылайша, дені сау римдік тұрғын моншаға баруы керек деген түсінік пайда болды. Олардың жалшы, құлдардан айырмашылығы да осыдан көрініп тұратын болды. Моншада алғашқы массаж жасау, сылап-сипап емдеу шаралары пайда болды. Ол кезде саб ынның орнына әдемі иіс шығаратын майды денелеріне жаққан. Бірақ, алғашқы кезде әйелдерге ерлермен бір мезетте моншаға баруға тыйым салынды.

Бұл жерде арнайы мал бауыздап, қан-жынын жуып тазалайтын орын болған. Әрбір дүкен мен сауда орындарының не сататыны туралы, орналасқан мекен жайлары түгел жазылып жарнамаланып тұрды. Алғашқы жарнаманың негізі де осылайша пайда бола бастады. Ол кезде сауда Құдайы деп Гермес танылды. Қалада қатты ыстық болған кезде арнайы субұрқақтар арқылы су бүркіп, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасап тұрған. Су бір әуізден екінші әуізге сатылап жіберіліп тұрған. Аптап ыстық кезінде осы жүйе арқылы қала көшелерін салқындатып отырған.

СОЛ КҮНІ АСПАНДЫ БҰЛТ ТОРЛАДЫ ДА ҚАЙТА АШЫЛЫП КЕТТІ. ДЕГЕНМЕН ЕРТЕ КӨКТЕМНІҢ ЫЗҒАРЫ СЕЗІЛЕДІ, ҚАРСЫ АЛДЫМЫЗДА ДӨҢГЕЛЕНГЕН КҮН ШЕКЕ ЖІБІТЕДІ, ЖАҒАЛАУДА КӨГІЛДІР ТЕҢІЗ АЙНАДАЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ. Алматы – Стамбул – Анталья – Аспендос – Перге.

ДК: http://dmk.kz/?p=10808




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir