Іздеу
Қыркүйек 26, 2017
  • :
  • :

«САЙЛАУДА ТҮРКИЯҒА ҚАРСЫ САЯСАТ ҰСТАНУ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ»

Франция Сенаты «армян геноцидін» жоққа шығарушыларды жазалау туралы даулы заңды мақұлдады. Бұл заң күшіне енетін болса, бұдан былай Францияда «армян геноцидін» жоққа шығарушылар бір жылға бас бостандығынан айырылып, 45 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болмақ. Бір қызығы, бұдан бір апта бұрын Францияның заң жөніндегі сенат комиссиясы оны «конституцияға қайшы келеді» деп кері қайтарған болатын.
Бұдан кейін Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердуан: «Егер бұл кемсітуші әрі нәсілшіл заң күшіне енетін болса, мен ешқашан Францияға аяғымды аттап баспаймын» деп мәлімдеп, Францияға қарсы санкция салу қажеттігін айтты. Анкара Франциядағы елшісін ақылдасу үшін қайтарып алды. Екіжақты барып-келістерді тоқтатты. Бірлескен әскери жаттығуды доғарды. Мұнымен шектелмей, Анкара Париждің үстінен Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағым түсірмек.
Түріктің сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы: «Егер әр елдің парламенті тарихқа қатысты өз көзқарасы бойынша шешім қабылдап, оны жүзеге асыра беретін болса, онда Еуропада инквизицияның жаңа дәуірі басталады», – деп баға берді.
Ресей басылымындарына сенсек, Саркози өткен аптада Ердуанға хат жолдап, «армян геноциді» деген сөз құжат мәтінінде ашық көрсетілмегенін айтып ақталғандай болыпты.
Түркия мен Франция арасындағы осы дау-дамайға қатысты Халықаралық «Қазақстан Заман» газетінің Бас директоры Ахмет Алияз мырзамен сұхбаттастық:


Жас қазақ: Француз сенаторларының осы заң жобасын қабылдауына не түрткі болды?
Ахмет Алияз: Бірінші себеп – Франция­да тұратын армяндардың ықпалы.
Екіншіден, жақында Францияда президент сайлауы болады. Осы сайлауда Николя Саркози ұлтшылдар мен діншілдердің дауысына ие болуды көздейді. Президент болып сайланар алдында оның сыртқы саясаты Түркияны Еуроодаққа кіргізбеуге құрылған еді. Және соның арқасында ол жеңіске жетті. Негізгі себептері осы.
Ал Францияның Африка елдерінде жасаған геноциді туралы, оның құрбандарының нақты санын әлем жұртшылығы біле бермейді. Бір ғана Алжирде 2 миллиондай адамды қырған. Егер осы заңды қабылдайтын болса, біз де Францияның Алжирде жасаған геноциді туралы арнайы заң қабылдайтын боламыз деген әңгіме жиі айтылып жүр. Бірақ дәл қазір ол мәселе көтеріліп жатқан жоқ.
Тек қана Франция ғана емес, Еуропадағы біраз елдер, әсіресе, Грекия, Аустрия, Германия сайлау алдында Түркияға қарсы саясат ұстануды сәнге айналдырып алды. Өйткені, өз елінің ішкі мәселелерін шешуден гөрі сыртқы саясатқа қатысты ұран көтерген оңай.
Франция президенті Николя Саркозидің ата-тегі яһудей екенін білесіздер. Испания оларды елден жаппай қуып жатқан кезінде 1 жарым миллиондай яһудейді Осман империясы құшақ жайып қарсы алды. Яһудей отбасынан шыққан адамның Түркияға қарсы ұран көтеруіне ешқандай негіз жоқ. Өкінішке қарай, Саркози өзінің жеке басының қамы үшін мұны елдің ұлттық саясатына айналдырып отыр.
Жас қазақ: Екі ел арасындағы дау-дамайдың салдары туралы не айтар едіңіз?
Ахмет Алияз: Франция мен Түркия арасында экономикалық кикілжіңдер болуы мүмкін. Бұдан былай Түркияда тендерлерге француз фирмаларын қатыстырмауға шешім қабылданды. Біздің билік екінші кезекте Израильмен арадағы жанжалдағыдай елшіні қайтарып, дипломатиялық байланысты барынша азайтады. Францияда үшінші, төртінші орынбасар деңгейіндегі дипломаттарды ғана қалдыруы мүмкін.
Жас қазақ: «Түріктер армяндарды жаппай қырып жойды» деген сөз неге жиі айтылады? Оған негіз болып отырған не?
Ахмет Алияз: Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1 миллионға жуық адам, нақтырақ айтқанда, 980 мың армян шығыс аймақтан оңтүстік аймаққа қарай көшірілді. Яғни, бүгінгі Ливан, Сирия, Ирак шекараларына қарай қоныс аударылды. Бұған бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде армяндардың орыстармен бірігіп, түрік әскеріне шабуыл жасауы түрткі болды. Осман империясы осылайша сақтық шарасын жасауға мәжбүр еді. Түріктің мұрағат құжаттары бойынша, көшірілген адамдардың қанша жері болса, жаңа қоныстарынан сонша жер бөліп берілген. Мал-мүлкі де түгел қайтарылған. Сөз жоқ, қоныс аударушылардың арасында қайтыс болған адамдар болған да шығар. Бірақ «армяндарды жаппай қырды» деген сөз – қаңқу сөз. Біздің тарихымызда ондай оқиға болған емес.
Оған куәлік еткен шетелдік елшілер де бар. Және олар сол кездегі халықаралық ұйымдардың бақылауымен көшірілген. Қай елге, қай жерге қанша адам көшірілгені туралы құжаттар бар. Олардың ішінде орыс елшісі мен генералдарының, француз елшісі мен генералдарының да пікірлері бар. Бірақ олар бұл құжаттарды көргісі келмейді. Олардың мақсаты – Түркияға қатысты саяси дағдарыс тудыру, Еуропамен байланысын үзу және халықаралық сахнада Түркияның беделін төмендету.
Жас қазақ: Францияның «Le Monde» газетінің сайтында жүргізілген бір сауалнамада француздардың 55,5 пайызы бұл заң жобасын «Францияның үлкен қателігі» деп бағалаған. Сонда бұл ат төбеліндей топтың мүддесі болып тұрғандай ма, қалай?
Ахмет Алияз: Біздің премьер-министр Ердуан: «Француз халқында алты аласы, бес бересіміз жоқ. Бұл халықты басқарып отырған билікпен арада мәселе бар», – деп мәлімдеді. Шыны керек, Франция парламентінде 550-дей депутат болса, соның 58-60-қа жуығы қатысып осы заңды қабылдаған. Сенатта 125 адамның даусымен қабылданды.
Қай халықта да тарихында соғыстар, қиындықтар болған. Арменияға: «Егер сіздер өз құжаттарыңызға сенсеңіздер, біз де өз құжаттарымызға сенеміз. Барлық құжаттарды екі жақ болып тексерейік. Біз бен сіздердің ғалымдарыңыз ғана емес, оған үшінші, төртінші жақтың ғалымдары да қатыссын», – деп айтып жүрміз. Бірақ олар бұдан қашады.
Жас қазақ: Неліктен?
Ахмет Алияз: Өйткені, оларға бұл қажет емес. Бұған келіссе, армяндардың өздерінің 1856 жылдан бастап құрған террорлық топтары бар. Бұл топтардың қырған халқы көш кезінде қаза болған халықтан әлдеқайда көп. Сондықтан олар бұған барғысы келмейді.
Олардың көздегені – жер дауы. «Жер біздікі, ата-қонысымыздан айырдыңыздар, көшіріп жібердіңіздер» дегенді қайта-қайта қозғап отыр. Бірақ оған ешқандай негіз жоқ. Тарихта түріктер ешқашан армяндармен соғысқан емес. Ол жерлерді армяндардан алған емеспіз.
Тағы бір қызық мәселе, армяндар түріктің патшалары кезінде ең сенімді халық деген атқа ие болған. Патшаның өзі осылай атаған. Біз армяндармен мың жыл бойы бірге тұрғанбыз. Тату болғанбыз. Армяндардың бүлік шығарған кезі болмаған. 1850 жылдан бастап француздар мен орыстар армяндарды арандатып, Түркияны іштей іріту арқылы әлсіреткісі келді.

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

DK: http://jasqazaq.kz/post/%C2%ABsailauda-t%D2%AFrkiya%D2%93-%D2%9Barsy-sayasat-%D2%B1stanu-s%D3%99nge-ainaldy%C2%BB




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir