Ұсақ банктерді жапқаннан ұтамыз ба?

«Талаптың күшейтілуі салдарынан біздегі коммерциялық банктердің қатары күрт сиреуі мүмкін. Ол, айналып келгенде, еліміздің бүтін банк жүйесіне үлкен зиянын тигізеді». Осы аптада Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына осылайша депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысы Аманжан Жамалов: «Ұсақ банктердің жаппай қысқаруының салдарынан банк секторындағы көшбасшылық орын жергілікті банктерден шетелдік банктердің қолына көшуі мүмкін, ал бұл экономикалық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді күшейте түсетін фактор болып табылады», – деп дабыл қағады.Бір талап бірнеше банктің өмірін қимақшы
– 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап әр банктің жеке капиталы ең аз дегенде 10 миллиард теңгені, ал аймақтық банктер 4 миллиард теңгені құрауы тиіс. Ал бұл шамалы уақыт аралығында біздегі ұсақ банктер өзіне инвестор тауып немесе белгіленген межедегі ақшаны қарастырып та үлгере алмайды. Демек, бұл шараның соңы банк секторында дүрбелең туғызып, олардың бір-біріне қосылуына немесе қайтадан құрылымдауына әкеп соғады. Ал біреулері мүлде жұмысын доғаратындығын жариялайтын болады. Сөйтіп, біздегі банктердің жалпы саны күрт қысқарады. Яғни ұсақ банктердің көзі мүлде жойылып, бұл нарықта тек ірі ойыншылар қалады. Ал ол бүтін банк жүйесіне үлкен зиянын тигізетін фактор болып саналады, – дейді Мәжіліс депутаты.
Жоғарыда аталған Қаржылық қадағалау агенттігінің талабын орындау, шындығында, біздің банктерге оңайға тимей тұр. Cоңғы мәліметтер бойынша, біздегі 38 банктің 18-і ғана оны орындауға қабілетті екен.
Демек, қалғандары келесі жылдың шілдесіне дейін өздеріне қойылған талапты орындауға дайын болмаса, олар қысқартуға кетеді немесе шағын несиелік серіктес ретінде құрылады деген сөз. Мұндай жағдайда тағы бірін шетелдік банктер сатып алуы да ықтимал. Соған қарағанда келесі жылы 7-8 банкімізден айырылып қалатын түріміз бар. Осы жағынан алғанда, депутаттың айтып отырған сөзінің жаны бар секілді.
Тура осы талапты орындай алуға шамасы жоқ «Мастербанк» жақында «Мастер-Кредит» несиелік серіктестігі болып құрылған болатын. Мән-жайға егжей-тегжей тоқталар болсақ, аталған банк 2007 жылы күзде ресми түрде біздің қаржы секторында жұмыс істеуге рұқсат алған. Оны ресейлік «УРСА банктің» қожайыны Игорь Ким ашқан. Ол кезде «Мастербанктің» бастапқы капиталы 2 миллиард теңгені құраған. Негізі, ол екі мемлекеттің интеграциялық процестері шеңберінде қазақстандық және ресейлік компаниялардың жобаларына қызмет көрсетіп, әмбебап банк ретінде өзін танытады деп жоспарланған. Алайда осыған дейін біраз уақыт бұрын бұл банк өзінің мекенжайын Алматыдан Қаскелеңге ауыстырған. Оған Қаржылық қадағалау агенттігінің біраз уақыт бұрын енгізген талаптары ықпал еткен. Яғни ол бойынша біздегі банктердің жалпы капиталы 5 миллиард теңгеден төмен болмауы керек. Ал аймақтық банктерге бұл шектеу 2 миллиард теңге болып белгіленген. Бірақ араға көп уақыт салмай мұндағы цифрлар тағы екі есеге өсіп шыға келді. Енді аймақтан арыға қашып ешқайда бара алмайтынын білген «Мастербанкке» өзін банк ретінде жойып, несиелік серіктес ретінде қайта құрылымдалуына тура келген.
Сондай-ақ Қаржылық қадағалау агенттігінің жеке капитал көлемін 5 миллиард теңгеге жеткізу жөніндегі талапты орындауға «Метробанк» пен «Данабанк» дайын еместіктерін мәлімдеуде.
Қалай дегенмен де Қаржылық қадағалау агенттігінің өзі осы және тағы бірқатар шараны қабылдауға экономикалық дағдарыстан кейінгі қаржы секторында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсаты итермелегенін айтады. Осылайша үстіміздегі аптада қаржы нарығындағы реттеуге байланысты заңға енгізілген түзетулермен және өзгертулермен Үкімет өкілдерін таныстырған агенттіктің төрайымы Е. Бахмутова олардың тарапынан қолдау алып та үлгерді. Оның ішінде ірі бизнес қатысушысы жоқ банктердің жеке тұлғаларды салым салуға тартуға құқығы жоқ деген пунктер де бар.

Таяқтың екі ұшы болады
Жалпы, бұл өзгерістер туралы Қаржылық қадағалау агенттігінің төрайымы Е. Бахмутова, «2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап ірі бизнес-қатысушысы жоқ қазақстандық банктер жеке тұлғалардың салымын тартуға қақысы жоқ. Бұл арада ірі қатысушы деп банктің 10 пайыз акциясының иегерін айтып отырмыз. Банкте оның тағдыры үшін жауапты болатын бір адам болуы керек. Бұл норма банк меншігі құрылымының ашықтығына бағытталып отыр», – деген еді. Бұл пікіріді «Финама» сарапшысы Константин Романов та қолдайды. «Экономикада, соның ішінде қаржы жүйесінде мемлекеттік реттеуді күшейту – бүгіндері әлем елдерінің көбінде орын алып жатқан құбылыс. Сондықтан Қаржылық қадағалау агенттігінің бастамасына оң баға берер едім. Ол банк секторындағы консолидацияға алып келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің қаржылық жүйесінің тиімділігі мен тұрақтылығының артуына ықпал етеді. Яғни несие ұйымының нақты қожайыны мен қаржылық жағдайын біле алғанда, біз банк секторына дұрыс болжам мен сараптама жасай аламыз. Қалай дегенмен де, бұл талаптардың енгізілуі банк секторына кері әсер етеді деп ойламаймын. Қаржылық жағдайы бұлыңғыр, акционерлері күмәнді миноритарилер үшін бұл жайсыз жайт болады. Бірақ біз банк секторында тазалық жүргізуден осындай жағдайда ғана нақты нәтиже шығара аламыз», – дейді ол.
Соған қарағанда соңғы өзгерістері арқылы Қаржылық қадағалау органы банктің шынайы қожайынын тауып, ресми түрде оған бақылау жасап отырғанын мойындатуға тырысып бағып жатқан секілді.

Автор: Кәмшат Сатиева, «Алаш айнасы» газеті

Пікір жазу