Іздеу
Мамыр 27, 2017
  • :
  • :

Алтын адам табылған жер мұражайға айналды

Алтын адам табылған жер мұражайға айналды

Шұрайлы да, көрікті Жетісудың көркем де келісті бір бөлігі Есік аумағы. Әдетте, «Есік» дегенде біздің көз алдымызға төбесі көк тіреген таулар, Алатаудың көз моншағындай мөлдіреп жатқан Есік көлі мен Жасылкөл, сұлулығы көз суыратын Түрген шатқалы, жартасты жарып, таудан тулай аққан сарқырамалар келері сөзсіз. Әрине, сонымен қатар Есіктің ғана емес, байтақ Қазақ елінің атын әлемге әйгілеген, Отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» да ойға оралады. Жалпы, Жетісу өлкесі, соның ішінде Есік аумағы бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа қарқын ала бастаған туризм саласының болашақ үлкен бір бұтақтарының бірі. Бұл маң тек табиғи туризмді ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени туризмді де дамытуға аса қолайлы аймақ. Көрікті мекенде көненің көзіндей болып бізге жеткен әйгілі сақ қорғандары, тарихын тасқа қашап жазған бабаларымыздың сөзіндей болып аманат қалған тас бетіндегі суреттер, түп-тұқиянымыздың келелі кеңесі мен кемеңгер шешімдері өткен қала-жұрттары мен еңселі ордаларының орындары сынды қадіріне жете білсек қаншама ұрпаққа мақтаныш болар тарихи нысандар да көптеп саналады. 

Сол мұраларымызды жан-жақты зерттеп, зерделеп, көпшілікке таныстыру, оларды көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету, рухани байлығымыздың қадіріне жете білу үшін  Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ежелгі сақтардың астанасы орналасқан жерден құрылған бұл мұражайдың атқаратын істері өте ауқымды. Орайы келгенде, бір жағы – тарихқа тағзым, екінші жағынан – құлақтанбаған халыққа белгілі болсын деген ниетпен ата мұрамыздың ғылыми, мәдени һәм танымдық зерттелу кезеңдері мен оны мәдени туризм мақсатында пайдалану жолындағы атқарылған жұмыстарды саты-сатысымен айта кеткен жөн болатын шығар.

Бірінші танымдық кезеңді (1937- 48 ж.ж.) шартты түрде «Есік обалары» деп атауға болатын сияқты. Алатаудың баурайындағы кең алқапта, негізінен Есік өзенінің батыс жағалауында тізбектеле қоныс тепкен, былайғы жұртқа жәй төбелер болып табылатын Есік обаларына белгілі ғалым А.Н. Бернштамның жетекшілігімен  ҚазКСР  ҒА  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты ұйымдастырған Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізді.

Екінші «Есік қорымдары» (1969-85 ж.ж.) сатысы. Бұл кез әйгілі «Алтын адам» табылған, 1969-1970 жж. К. Ақышевтің жетекшілігімен жүргізілген «Жаңа құрылыс» археологиялық экспедициясының даңқты жылдары болып табылады. Бұл кезеңде Есік обаларының бұрын айтылып жүргендей Есік өзенінің батыс жағалауында ғана емес, шығыс жағалауында да  бар екеніне көз жетті. Енді олардың ұзындығы бұрынғы 3 шақырымнан, 10 шақырымға, ені – 1,5 шақырымнан 3,5 шақырымға өсті. Аталмыш аумақтағы анықталған обалар саны 300-ге дейін жетті. Ал хронологиялық шегі туралы бұрынғы б.д. ХІ ғ. деген пікір б.д.д. Х-ІХ ғ.ғ. дейін шегерілді. Бұл кезеңде К.Ақышев, Ф.П. Григорьев, Б.Нұрмұханбетов сынды ғалымдардың еңбектері зор болды.

Үшінші саты (1985-2009 ж.ж.) – «Есік-Рахат археологиялық кешені» кезі. 1985-2009 ж.ж. аралығында Ә. Марғұлан атындағы Археология институты тарапынан ескерткіштердің тізімін жасау бойынша және  «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясындағы археологиялық экспедиция жұмыстары жүргізілді. Бұл экспедицияның жетекшісі – К.М. Байпақов, отряд бастығы – С.Ахатов және Б. Нұрмұханбетовтар болды. Сонымен қатар, жетекшісі – Е. Омаров, отряд бастығы – Б. Нұрмұханбетов болып табылатын «Қайнар» университетінің археологиялық экспедициясын да айта кету керек. Бұл кезеңде археологиялық ландшафттың тағы да бір тарихи жаңа қыры ашылды. Жоғарыдағы жұмыстар нәтижесінде Есік қорымдарының оңтүстік жағында, тау етегінде ежелгі елді мекендер мен қала-жұрттардың орны табылды.  «Рахат, Өрікті қала-жұрттары» аталатын, сақ патшаларының ордасы болған бұл ескерткіштер бабаларымыздың отырықшы мәдениетін айғақтайтын құнды жәдігерліктер болып табылады. Осы кезеңде, 1992 жылдың тамыз айында, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов ақсақалдың айтуынша, Елбасымыздың өзі осы өңірге келген сапарында, Есік аумағын «Сақтардың астанасы» деп бағалаған екен. Елбасымыздың сол бағасы бүгінде өз маңызын арттыра түспесе, кеміген емес.

Осы игілікті істердің сәтті жалғасы ретіндегі төртінші сатыны «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының құрылуы деп атасақ болатын шығар. Бұл сатының бұрынғы ғылыми мәнділігімен қоса, енді ата мұраларымызды музейлік, мәдени және туризмдік мақсатта пайдалану бағытына түскендігімен ерекшеленеді. Еліміздің ұлттық символдарының бірі болып табылатын осынау баға жетпес бірегей тарихи-мәдени мұраларын сақтап қалу үшін   Елбасының қолдауымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Ордалы жұрттың орнындағы ұлы мұраларды сақтау мен насихаттау, келер ұрпаққа жеткізу сынды аманат арқалаған мұражай  2011 жылдың 10 маусымында ресми ашылып, осы салтанат аясында М.С. Әшімбаевтың төрағалық етуімен, елімізге белгілі ғалымдар мен бірқатар елағаларының қатысуымен, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы  Қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Ашылғанына көп бола қоймаған қорық-мұражайға келіп, көне тарихтың құпияларына қанығып, сырына бойлаймын деушілерді ең алдымен кіре беріс дәліздің қабырғасына бекітілген «Қазақстан аумағындағы сақ-скиф дәуірінің ескерткіштері» атты электронды карта қарсы алады. Онда қазақ жеріндегі сол дәуірге тән 155 археологиялық нысандардың орындары көрсетіліп, тізімдері берілген. Келушілер аталмыш картамен танысып болған соң, 145 жәдігерліктері бар екі бірдей экспозициялық зал есігі ашылады. Оның біріншісі – сақтар тарихы мен тұрмыс-тіршілігіне арналған «Сақтардың тарихы мен мәдениеті» залы. Бұл залда келушілер жаңа ғана өздері біраз мағлұмат алып шыққан электронды карта мәліметтерінің заттай деректерімен таныса алады. Осында қазақ жерінің түрлі түкпірлерінен, атап айтсақ: Шұбарат пен Молалы қорымдарынан (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Шілікті (б.д.д. VІІ ғ), Берел (б.д.д. V-IV ғ.ғ), Бесшатыр (б.д.д. V-IV ғ.ғ) қорғандарынан және т.б. зерттеу орындарынан табылған жәдігерліктердің түпнұсқалары мен көшірмелері және белгілі қалпына келтіруші – Қ. Алтынбековтің орындауындағы әйгілі «Алтын адамның» көшірмесі қойылған. Ал, келесі зал «Алтын адам» мен оны тауып, ғылыми айналымға қосқан ғалымдарға арналған. Бұл залда «Алтын адаммен» бірге табылған заттар, сақ ханзадасы табылған обаның сызбасы мен жобасы, әйгілі ғалым – К.Ақышев пен «Алтын адамға» алғаш қолы тиген – Б.Нұрмұханбетов туралы мәліметтер бар. Сонымен қоса қорық-мұражай жәдігерліктері туралы жан-жақты мәлімет беретін сенсорлы киоскілер қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді.

Мұражай жәдігерліктерімен танысамын деушілер тек қана осы екі залмен шектеліп қалмайды. Қорық-мұражайдың басты жәдігерліктері – сақ обалары және сақ патшалары мен ақсүйектерінің байырқалы ордаларының орны – Рахат пен Өрікті қала-жұрттары. Қорық-мұражайға келуші туристердің осы аспан астындағы жәдігерліктерге деген қызығушылығы толастаған емес. Олардың қатарында ең белсенді қызығушылық танытатындары – ертеңгі ел азаматтары, бүгінгі өскелең ұрпақ – мектеп оқушылары. Қорық-мұражай қызметкерлері келушілерге түрлі тақырыптағы экскурсиялық қызмет көрсетіп қана қоймай, киелі жердің кепиетін ұқтырып, болашақ жобалармен таныстырады. Әсіресе, мектеп оқушыларына, бұл орындар кезінде әлемге атын шығарған даңқты бабаларымыздың сан ғасырлар қойнауынан бүгінгі ұрпақтарына жетіп отырған аманаты екені, ал аманатқа қиянат жасап, қасиетті жерде қасиетсіз іске жол беріп, қорғандар маңайын ластап, таптап жүруге болмайтыны, аманатқа адал болу керектігі баса айтылады.

Жұмысын жаңа бастаған қорық-мұражай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті тарапынан қолдау тапқан 2011-2013 жж. арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Жетісу сақтары және мәдениеті» атты қолданбалы зерттеу жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл жоба аясында сақтар дәуіріндегі және қазақ тарихының б.д.д. VІІІ – ІІІ ғ.ғ. тарихи ескерткіштеріне бай Жетісу  және Есік аумағындағы сақтар заманының археологиялық ескеркіштерінің орналасуының негізгі жоспарын жасау, зерттеу, оларды қазақ даласындағы басқа да осындай археологиялық ескерткіштермен салыстыру, Жетісу сақтары мәдениеті туралы жазылған жаңа және бұрыннан ғылыми айналымда жүрген еңбектерді баспаға әзірлеу сияқты мақсатты іске асыруды көздеп отыр.  Осы зерттеу нәтижесінде  Жетісу сақтарының мәдениеті туралы жаңа мәліметтер ғылыми айналымға түседі, кітап-альбомды дайындауға қажетті ғылыми құжатқа дайындық жасалады, Патша қорғандарының жасалған тарихы айқындалады, табылған материалдарды мұражайлық-экспозициялық қолдануға дайындық жасалады, Жетісу сақтарының мәдениеті туралы көлемі – 40 баспа табақтық ғылыми еңбекті баспаға тапсырылады деп күтілуде.  Жоба жетекшісі – қорық-мұражай директоры, тарих ғылымдарының кандидаты – Гүлмира Райылқызы Мұхтарова, отряд бастығы –  әлденеше ондаған жылдар бойы  Есік қаласы маңындағы  қорғандарды сақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру жолында ерен еңбек атқарып жүрген, белгілі археолог – Бекен Нұрмұханбетов.

Қорық-мұражай сонымен қатар түрлі ғылыми-танымдық көрмелер мен іс-шараларды да өткізіп келеді. Ағымдағы жылдың 1-ші маусымында балалар мерекесіне орай Есік қаласындағы мектеп оқушыларына арнап «Балалық шақ ғаламшары» атты мерекелік іс-шара өткізілсе, мұражай қызметкерлері ұйымдастырған «Тарихи жад баспалдақтары», «Археологиялық сараптама» ЖШС-гі ұйымдастырған «Жетісу сақтары көсемдерінің қорымы»,  ҚР БҒМ Ә. Марғұлан атындағы Археологиялық институты директор орынбасары – Арман Бейсеновтің  Орталық Қазақстаннан табылған сақтар дәуірінің жаңа ескерткіштері жайлы «Талды обасы-2. 2010 жылдың жаңалықтары» және «MUSEUMстан» халықаралық жобасы шеңберінде, дамушы елдермен байланыс орнатушы Нидерландия  Гуманитарлық Институтының (HIVOS), Дешті-и-Арт заманауи мәдениет Орталығының қолдауымен, шағын гранттар шеңберінде ұйымдастырылған «Музей ЕСІКті ашады» атты ауқымды жоба аясында «ЕСІК» плэнер-көрмесі болып өтті.

Әрине, жоғарыда біз қысқаша атап өткен жайттар келешек үлкен істерге бастар босаға болып табылары сөзсіз. Болашақта бұл жер Қазақстан туризмінің үлкен бір саласына айналады деген үміттеміз. Себебі, қандай да да болмасын ұлттың ұлылығын білдіретін белгі – оның тереңге кеткен тарихы мен мәдениеті, сол рухани байлықты, сан ғасырдан жеткен мұраны бүгінгі ұрпақтың ардақтай, алқай алуы болса керек.  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы сол аманат жүгін арқалап,  баға жетпес рухани құндылықтарымызды бүгінге таныстырып қана қоймай, оны болашаққа да жеткізуді мақсат етеді. Ал, аманат жүгі қашан да ауыр.

Досым Зікірия

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-мұражайының ғалым-хатшысы




One thought on “Алтын адам табылған жер мұражайға айналды

  1. Әсет Жұмағұлов

    Досым аға сізге рахмет!Мен осы сіздің алтын адам туралы жазған мәліметіңіздің арқасында “Қазақстан тарихы” пәніне дайындалдым!:)

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir