Іздеу
Тамыз 11, 2020
  • :
  • :

Түбі бір түркі мемлекеттерінің қарым-қатынасынан саясат іздеуге негіз жоқ

Түркі дүниесінің тұтастығы қазіргідей жаһандану жағадан алған заманда қаны мен жаны, діні мен ділі ортақ, шүйіркелесе кетсе болды бірін-бірі қапысыз ұғатын тамыры тереңде жатқан ұлттардың бірлігінің асқар шыңы. Соның ұшар басына қыран тектес түркі баласы татулықпен достықтың туын қадағалыда көп бола қойған жоқ. Жүздерінен қуаныштың     мерейі тасыған, маңайына сәуле шашар шуақты күнді аңсаған, түркі жұртының асыл перзенттері аз болмағаны тағы ақиқат. Олардың асқақ армандарының жүзеге асуына, бірігуіне қойылған тосқауылдар тіптен көп еді. Сондай қыспаққа қарамай, жүрегінің түбіне сыр жасырмай айтарын айтып кеткен арыстарда жетерлік алты алашта. Азулы империялардың арамза пиғылдарымен қоса, бауырлас халықтардың ауызбіршілігінің аздығыда, ортақ мүдде жолында күресуге  салқынын тигізіп келгенін айтпай кетуге болмайды. Кешегі Ахмет  Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқай, Түрік мемлекетінің басты қаһарманы Мұстафа Кемал Ататүрік секілді танымал тұлғалар салып кеткен сара жолды ақылды да ұстамды, саясатқа жетік ұрпақтары  жалғастыруы қарап тұрсаң табиғи заңдылық сияқты. «Орнында бар оңалар» демекші, ер түркінің ерен ұлдарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» талпынысы құптарлық іс. Қажеттіліктен туындап отырған жағдай екеніде мәлім.

Сондықтан коолициялық құрылымдардан зәре құты қалмай қорқатын мемлекеттер үшін, түбі бір түркі мемлекеттерінің қарым қатынасының жақсаруынан саясат іздеп сабылуға еш негіз жоқ. «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін, баршаға дәлелдеу үшін  ынтымақтың жалауын көтеріп, досты қуантып, дұшпанды күйіндеріп, келешекке нық қадам басқан төрт елдің бетке ұстарлары 27-28 сәуір аралығында Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында бас қосты. Талқыға салынған Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінде және Түрк ПА ның II жалпы отырысында көтерілетін келелі мәселелер. Айтулы шараға Түрк ПА құрамына енетін елдер Парламенттерінің төрағалары қатысты.  Парламенттік Ассамблея құру идеясы қайдан шықты? Оның мақсаты мен мүддесі не? Енді осыған қысқаша тоқталып көрелік. Алғаш бұл идеяны 2006 жылғы 17 қарашада Анталья қаласында өткен түркі тілді мемлекеттер басшыларының 8 саммитінде (Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан президенттері қатысқан) Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет ұсынған болатын. Бұл ұсынысты түркі тілді халықтар қуана қолдағаны әлі есте. Ал мақсаты мен мүддесіне келсек Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының ойы айқын. Келешегі жарқын. Армандары асқақ. Парламенттік Ассамблея шеңберінде ынтымақтасқан мемлекеттердің саяси, экономикалық, мәдени және өзгеде салалардағы өзара қарым-қатынастарын тереңдетуге, бір туған халықтарды жақындастыруға, тілі мен мәдениетінің ортақтығынан туындайтын мүмкіндіктерді дамытуға күш салу. Ең бастысы тұтастығымызға қауіп төндірмей, өңірімізді қауіпсіз әрі гүлденген аймаққа айналдыру мақсатында әртүрлі бастамаларды әзірлеп, іске асыру үшін қолайлы саяси кеңістік құруды қолға алу.

Елбасының идеясынан кейін ұйымдастыру істеріне жоғарыдағы төрт мемлекет белсенді ат салысқаны мәлім. Араға екі жыл салып 27 наурызда Астана қаласында хаттамаға қол қойылып ТүркіПА Келісімі жобасы бекітілгені белгілі. Сол жылдың қараша айында Стамбулда Түркі тілдес мемлекеттер парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясы өтті. Осы жиынның соңында Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын (ПА) құру туралы келісімге қол қойылған болатын.

Жанкешті табандылықтың арқасында 2009 жылы 28-29 қыркүйек күндері Баку қаласында Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бірінші жалпы отырысы болып, оған Қазақстан парламентшілерінің делегациясын Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов бастап барған-ды.

Осы жерде тоқтала кететін жайт адамзат тарихында  түркі өркениетінің жетістіктері маңызды орынға ие. О шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын Еуразия кеңістігінің 4 млн шаршы шақырымнан астам аумағын мекендейтін 200 млн-ға жуық халқы бар түркі дүниесінің әлемдік аренада стратегиялық салмағының сақталуын кездейсоқтық деп ешкім айта алмас.  Осынау байтақ өңірдің табиғи ресурстарын зерттеген сарапшылар 500 триллион АҚШ долларынан астам деп бағалаған. Ал Азия мен Еуропа арасындағы жолаушылар мен жүкті жылдам тасымалдаудың жолдарын жүзеге асырудағы транзиттік мүмкіндігіміз орасан зор екені баршаға аян. Осындай шексіз мұрамызға жұдырықтай жұмылып қана қорған бола алатынымызды әрдайым есте ұстағанымыз абзал.

.

Тарихтан бүгінгі ұрпақ сабақ алуға тиіс

27 сәуір түс ауа Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы барысында Түрк ПА делегация басшылары Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Қол қою салтанатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Әзірбайжан Республикасы Милли Меджилисінің Төрағасы Оқтай Асадов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Ахматбек Келдібеков, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин жүзеге асырды. Естеріңізге сала кетейік, аталған келісім 2008 жылы 21-22 қарашада Ыстамбұл қаласында Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттері жетекшілерінің бірінші конференциясында жасалған болатын.

Хаттамаға қол қойылып депутаттар отырысты қайта жалғастыруға бет алғанда, Қырғызстан жоғары кеңесінің депутаты Талант Мамытовқа бірнеше сауал қойып үлгердік. Алғашқысы Парламенттік Ассамблеяның бюджеті туралы болды. Депутат сауалымызға «Бүгін түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының екінші пленарлық отырысы өтіп жатыр. Жиын барысында өте маңызды мәселелер талқылануда. Соның бірі Ассамблеяның бюджеті жайы. Бюджет шамамен 300 мың эвро көлемінде қаралып отыр. Қаржы Ассамблеяның ішкі жұмыстарын ұйымдастыруға, алғы шарттарын жүргізуге бағытталмақ» деген жауап алдық. Ислам тарапынан біріктіру шаралары бола ма деген сауалға,  «түркі тілдес мемлекеттердің баршасы ислам дінін ұстанады. Дініміз, тіліміз бір болғандықтан ол жайлы әңгімеде қаралуы мүмкін. Өйткені бірігудің бір қанаты исламда жатыр» деді. Сөзінің соңында Үшінші пленарлық отырыс 2012 жылы Бішкек қаласында өтуі тиіс дегенді айтып қалды.

Сондай-ақ, бұл күні Кеңес отырысынан соң Түрк ПА-ға қатысушы мемлекеттер Парламенттері аппараттарының басшылары Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясына қатысушы мемлекеттердің парламенттік кітапханаларының ынтымақтастығы туралы хаттамаға да қол қойды. Артынша Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясына төрағалық Әзірбайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына ресми түрде өтті. Тарқатып айтсақ Кеңес отырысында негізінен  Түрк ПА ІІ пленарлық отырысының күн тәртібі нақтыланып, Түрк ПА делегация басшылары ұйымның ағымдағы жылғы бюджетін пысықтап, ынтымақтастық бағыттағы  бірқатар құжаттарға қол қойып рәсімдеді.

Осы бір тарихи сәтте Азербайжан ұлтының өкілі, Қазақстандағы Азербайжан мәдени орталықтар Одағының президенті, «Тұран экспресс» газетінің бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы, ғалым, Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшесі Салахов Видади Корайұлының Түрк Парламенттік Ассамблеясы жайлы пікірін  білуге асықтық.

“Қазір жиі айтылып жүрген түркі халықтарының алты мемлекеті бар.(Автономиялы республикаларды қоспағанда). Түп тамырына үңілсек олардың бәрі бір атаның ұрпақтары. Қорқыт, Әл-фараби, Тоныкөк, Күлтегін, Атилла т.б даңқы шартарапқа тараған есімдер түркі халықтарына ортақ тұлғалар. Сол себепті ортақ мақтанышымыз. Түркі дүниесінің аумағы 20 мың шақырымды құрайды екен. Қандай ғажап қарап тұрсаң.  Шындығына келгенде бұл жерлер бабалар аманаты ғой. Өкінішке орай ағайын арасындағы алауыздық, патшалардың тақ төңірегіндегі шайқастары, біртұтас Түркі деп аталатын алып империяның ыдырауына әкеліп соқтырған. Ол тарих бүгінгі ұрпаққа сабақ болуға тиіс.Түркінің бүгінгі ақылды ұрпағы ондай қателіктерге енді бармаулары керек. Әлемді жаһандану өрті шарпып келе жатқанда, бізге бірігіп, аждаһалардың аузына жұтылып кетпеуді ойластырған жөн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы былтырғы халыққа жолдауында “Біз алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз, сондықтан түркі халықтарына бірігу керек” деп бекер айтпағаны көрініп тұр. Күні кешеге дейін империялық саясат бізді бөлшектеп келді. Тарихымызды бұрмалап жазды. Мұның астарында біріктірмеудің зымиян сызы жатқанын бүгін біліп жатырмыз. Сондықтан  бірігіп, саяси істерде ортақ шешім тауып, әскери жағынан топтасып жатсақ бізге ешкімнің тісі батпасы анық.

Түркіменстан мен Өзбекстанның бейтарап қалуына қандай себеп салдар бары маған беймәлім. Бірақ олардың қажет уақытта сырттап кетуін қолдамаймын. Елінің тыныштығы мен бірлігі н ойлаған түркі тілдес мемлекеттердің басшыларының біртұтас болып ұюдан шеткері қалуы кертартпалық екені даусыз.

Дүние жүзі түркілердің тұлпарларының дүбірін, айбарлы даңқын әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Біздің бүгінгі бірлігімізбен, тірлігімізден өзге мемлекеттердің қорқуына еш негіз болмай тұр. Алайда ген қуалайтын қорқыныш вирусы қандарында қалуы әбден мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмас.

Одақ құру, бірігу, түркі мемлекеттеріне қажет екенін уақыт көрсетіп отыр. Ішкі, сыртқы нарықтық қатынастарды жандандыруға, қандайда бір сыртқы күштерден қорғану үшінде Парламенттік Ассамблеяның атқарар жұмысы шаш етектен. Біз жат жұртқа көз алартудан аулақпыз. Жер байлығы  өзіміздеде жетеді. Бізге түркі мемлекеттерінің бірлігі мен татулығы, салт дәстүрлері мен тілдерінің өміршеңдігін сақтаудан асқан   ұлағатты іс болмақ емес».

Түркі әлемі мәдени мұрамызды байланыстыратын алтын арқау

28 сәуір күні Түрк Парламенттік ассамблеясының жұмысы «Түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздігі: дамуы және жаңа белестері» атты халықаралық фотокөрменің ашылуынан басталды. Осыдан кейін, Елбасы бастамашылығымен құрылған Түркі Академиясының тұсаукесері болды. Сағат 10-00-де Түрк ПА-ның екінші жалпы отырысы өз жұмысын бастады. Жиынның салтанатты ашылу рәсімінде Түрк ПА Кеңесінің төрағасы, Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов, Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы Оқтай Асадов, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Ахматбек Келдібеков, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мехмет Әли Шахин сөз сөйледі. Мұның сыртында ТҮРКСОЙ, Ислам Конференциясы ұйымының Парламенттік одағының, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесінің өкілдері де құттықтау сөзбен қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.

Жиын барысында Орал Мұхамеджанов Қазақстан төрағалығымен өтіп жатқан ТүркПА отырысына қатысушыларға жолдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды. «Түркі әлемі біздің мәдени мұраларымызды етене байланыстыратын алтын арқау. Түп тамырымыз бір, тарихымыз, дініміз және мәдениетіміз ортақ. Біздер осы игіліктеріміз бен құндылықтарымызды жасампаздық жолына пайдалануымыз қажет. Бүгінде тамырлас халықтарды неғұрлым тығыз жақындата түсу жолында Түркі кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы сияқты құрылымдар, сондай-ақ түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы арқылы нақты қадамдар жасауға мол мүмкіндік туып отыр», - деген Елбасы бұл басқосудың мемлекеттер мен халықтар арасындағы тиімді ынтымақтастық пен саяси диалогты дамытуға серпін беретініне сенім білдіре келіп. Отырыстың қорытындысы бойынша делегация басшылары қазақстандық және шетелдік журналистерге арнап, «Кіші Атриум» залында баспасөз мәслихатын өткізді.

ТүркПА-ның ІІ жалпы отырысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Түркия Республикасы  Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мехмет Әли Шахинге сұрақ қоюға мүмкіндік туды.

–Өзбекстан мен Түркіменстанның Түр ПА құрамына қосылмауына не кедергі?

-«Оны тап басып айту қиын. Қажеттіліктен туындап отырған жағдайды оларда түсінуге тиіс. Түбіміз бір болғандықтан ғана емес,өзгеде саяси мәселелерді, ішкі сыртқы қорғанысымызды, бауырлас халықтардың ынтымағын артыратын шарадан бас тартуға болмайды. Ал ұйымға кіру, кірмеу олардың ішкі саясаты. Оған қол сұғуға біздің құқымыз жоқ.

-ТүркПА-ның болашақта құрамын кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды  ма осы жиында?

- Біз мұны әркез ойластырудамыз. ТүрПА құрамында әзірге төрт елміз. Алдағы кезеңде Өзбекстан мен Түркіменстанды да Ассамблеяға қосу бағытында жұмыстар атқарылмақ. Бұған тек қана ПА хатшылығы ғана емес, 4 елдің Парламент төрағалары да атсалысуда. Сондықтан да, ТүркПА-ның болашақта құрамы ұлғаятындығына сенім мол» деді.

ТүрПА алқалы отырысы екі күнге созылды.Түрк ПА құрамына енетін елдер Парламенттері делегацияларының қатысуымен өткен  басқосуда Астана Декларациясы бірауыздан қабылданып, 2012 жылы Астана Түркі әлемінің елордасы деп белгіленгені жария етілді.

DK: Қазақстан ZAMAN / Нағашыбай Қабылбек




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir