Іздеу
Тамыз 23, 2017
  • :
  • :

Түркі өркениетінің тамыры тереңде

20-21 мамыр аралығында,  Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Түркі өркениеті және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті.  Екі күнге созылған бұл шараға әлемнің 18 елінен, атап айтсақ АҚШ, Батыс Еуропа, Ресей, Польша, Венгрия және түркі мемлекеттерінің әр аймағынан  200-ге тарта ғалымдар жиналды.

Естеріңізде болса осыдан бір жылдай уақыт бұрын Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өткен түркі мемлекеттері басшыларының ІХ саммитінде  елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы түркологиялық зерттеулермен айналысатын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы – Түркі академиясын Қазақстанда ашуды ұсынған болатын.

Айтылған ұсынысты түркі мемлекеттерінің басшылары қызу қолдап,  түркі халықтарының кіндік елі, ата жұрты саналатын тәуелсіз еліміздің Астанасында,  өткен жылдың соңында Түркі халықаралық академиясы шаңырақ көтерген еді. Оның президенті болып халықаралық қауымдастыққа танымал түрколог ғалым Шәкір Ыбыраев тағайындалғаны есімізде.

Жаңа құрылған жас академия еліміздің Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, осы бір шуақты сәтті асыға күткен әлемнің түрколог ғалымдарының ынтымақтасуымен, бірден іске кірісіп кетті деп айтуға болады. Аз уақыттың ішінде өзінің кітапханасын ұйымдастырып, түрколог ғалымдардың басын қосуға арналған біршама шараларды өткізіп үлгерді. Қазірдің өзінде әлемнің әртүрлі елдеріндегі түркітанушы ғалымдардың 40 томға жуық еңбектерін жинастырып, баспаға әзірлеп қойыпты. Бұл жұмыс одан әрі де жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.

Кеше ғана құрылған Түркі академиясы, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Астана төрінде аталмыш шараны ұйымдастыруы оның алғашқы қызметіндегі бірінші баспалдағы болғанын айтпай кетуге болмас.

Сонымен, Астанадағы «RAMADA PLAZA» қонақүйінің мәжіліс залына жиналған тарих, археология, тіл білімі, әдебиеттану, этнология, этнография, мәдениеттану, өнертану, философия, әлеуметтану салалары бойынша іргелі еңбектер жазып жүрген көрнекті түрколог ғалымдардың екі күндік басқосу жиыны салтанатты жағдайда ашылды. Оған қатысқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасының құттықтау хатын оқудан бастады сөзін. «… Өткен жылы түркі тілдес мемлекеттердің саммитінде қол жеткізген келісім бойынша Астана қаласында Түркі академиясы шаңырақ көтерді. Ол түркі халықтарының ортақ құндылықтарын әлемдік өркениет аясындағы зерттеулерінде дүние жүзінің түркітанушы ғалымдармен тізе қоса отырып, бірлік пен ынтымақтастықтың аясында шынайы ғылыми ізденістерге  ұмтылуды мақсат етеді. Қазақстанның қазіргі ішкі және сыртқы саясатындағы ұстанымдарына лайық түркологиядағы ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары, сондай-ақ алдағы міндеттері бүгінгі ғылыми жиынның өзекті тақырыбына айналады деп сенемін. Қазақстанның орталығы Астанада ашылып отырған «Түркі өркениеті және Тәуелсіз Қазақстан» халықаралық-түркологиялық конференцияның дүниежүзілік ауқымды тың идеяларға, терең ізденістерге бастама болуына шын жүректен тілектестігімді білдіремін», депті құттықтауында Елбасы.

Мұнан кейін министр келген қонақтарға биылғы жылы түркология тақырыбында 20 жоба бойынша зерттеулердің басталғандығын мәлімдеді. Келген қонақтарды тарихы қатпарлы, шежіресі толымды, өркениеті асқақ түркі дүниесін зерттеуге,  біріге қызмет  жасауға шақырды

Осы жиынға арнайы қатысуға келген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасеинов осы ұйымның атқарып отырған қызметіне, халықаралық деңгейде ұйымдастырып жатқан шараларына біраз тоқтала келе түркі халықтарының ортақ мерекесі  – наурыз мерекесінің ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде аталып өткендігін, таяуда «Ләйлі-Мәжнүн» операсының 100 жылдығы ұйымдастырылғандығын тіліне тиек етті. Сонымен қатар, 2010 жылы Анкарада өткен түркі тілдес мемлекет басшыларының оныншы саммитінде ТҮРКСОЙ-дың 2012 жылы Астана қаласын түркі мәдениетінің астанасы ретінде жариялауды ұсынғанын жеткізді. Астанада Түркі халықаралық академиясының құрылуын түркілер руханиятын әлемге танытудың үлкен бір жолы ретінде атап көрсеткенін айта кетуіміз керек. Одан кейін сөз кезегін алған Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев елімізді мекен ететін ұлттар мен ұлыстардың бейбіт тірлік кешуі, біртұтас Қазақстан халқының өзінің кемел болашағына кәміл сенуі  деді. Бүгінгі өткізіліп жатқан түркі өркениетіне қатысты жиында Тұңғыш Президентіміздің дана саясатының көрінісі,елді басқарудағы көрегендігінің белгісі деп бағалады.

Одан ары қарай баяндамасында «Мемлекеттің баянды дамуын оның интеллектуалдық ұлтты жасайтынын әрдайым атап көрсетіп келе жатқан Елбасы интеграциялық үдерістерді нығайтатын кез келген шараларды қолдап отырады. Сондай игі жұмыстардың бірі – туыстас түркі халықтарының арасын жақындастыра түсетін, олардың білім мен ғылым жүйесінде, мәдени-рухани саласында байланысын арттыратын әлемдік түркология ғылымының жандануына жағдайды жасап отыратындығын атағанымыз абзал» деді.

Шәкір Ыбыраевтың тағы бір айтқаны, дүние жүзі халықтарының үлкен бір тармағын құрайтын түркі этносы туралы ғылыми зерттеулердің бас-аяғын түркология ғылымы деп атау – орныққан дәстүр екен.  Оны былайша тарқатып айтты. «Соңғы екі ғасыр ішінде түркология ғылымының дамуына негіз болған ғажайып экспедициялар ұйымдастырылып, іргелі зерттеулер жүргізілді. Әлем түркілер деп аталатын тылсым дүние сырын ашты. Оның адамзат дамуына қосқан үлкен үлесін көрді», дей келе бір уақытта Еуропада дүниеге келген әлемдік түркологияның ғылыми үйлестіру орталығы енді оның өз отанына оралғандығын, бұл жағдай осы ғылымның еркін, алаңсыз тыныстауына, саясатқа мойынұсынбай қанат жаюына, ең бастысы, түркілердің өз тарихын әділ бағалауына мол мүмкіндіктер беретіндігін атап көрсетті.

«Біз бүгін тарихи, саяси, мәдени жағдайларға қатысты дамып келе жатқан түркологияның сипатын алдымен методология жағынан жинақтап алуымыз керек. Біріншіден, дәстүр бойынша түркологияны тіл білім ше ңберінде қарастыру орын алған. Ал қазіргі түркология – түркі халықтарының тілін, тарихын, әдебиетін, фольклорын, этнографиясын, философиясын, өнерін тұтастай да, саралап та зерттейтін кешенді ғылым. Екіншіден, салыстырмалы типологиялық зерттеу түркологияның өзегі болып табылады. Бұл түркілік мәдениеттің жалпылық және жалқылық белгілерін білу үшін қажет. Үшіншіден, зерттеу жұмыстарының ең басында алдымен терминдерді, ұғымдарды, энциклопедиялық анықтамаларды жолға қоюымыз қажет. Онсыз жинақтау жұмыстарын жүргізу мүмкін емес» деген тұжырымдамасында айта кетті.

Осыған орайда Түркі академиясының алдына әлемдік түрколог ғалымдарды қатыстыра отырып, түркология жөнінде халықаралық зерттеулерді жүргізу, түркологтардың халықаралық комитетін құру, түркі тілдері мен әдебиеттері деректерінің бірыңғай халықаралық базасын, электронды кітапханасы мен мұрағатын қалыптастыру, түркі жазба ескерткіштерін жүйелеу, шағын санды түркі халықтарының бірлесіп тұратын жерлеріне экспедициялар ұйымдастыру, шығыс елдерінің кітапханалары мен архивтерінде сақталған түркі халықтарының тарихи құжаттарына сүйене отырып, көне түркі халықтарының орналасу картасының көшірмелерін әзірлеу секілді аса өршіл міндеттер қойылғанын білдік..

Шәкір Ыбыраев конференция қонақтарына осы аталған істерді «жұдырықтай жұмылып» атқаруға  үлес қосуға шақырды.

Сөз кезегін алған Татарстан Республикасы ҒА академигі Мирфатых Закиев Татарстан ғалымдарының осы конференцияға жолдаған қызу құттықтауы мен сәлемін жеткізе келе, осындай үлкен үйлестіру орталығының құрылуына қамқорлық жасаған Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген үлкен құрметі мен алғысын білдірді. Түркі өркениетінің терең тамыры және тәуелсіз Қазақстан тақырыбында әңгіме қозғады.

Түркиядан келген Ататүрік  мәдени орталығының президенті, А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілеттік кеңес төрағасы доктор Осман Хората түркі халықтарының отақ мәдениеті мен тарихын бірлесіп зерттеуге бағытталған Түркі академиясының және бүгінгі оның ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференция жұмысына үлкен табыс тілеп, «Түркі мемлекеттері тәуелсіздігінің құрылу кезеңі және Түркі академиясы» деген тақырыпта сөз сөйледі.

Салтанатты ашылудан кейін өткен пленарлық мәжілісте М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Михаил Мейер, Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры, Қырғыз Республикасы ұлттық академиясының академигі   Абдылдажан Ахметқалиев, Венгерия Ғылым академиясы Этнография институтының аға ғылыми қызметкері Дәуіт Шомфаи Қара, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Ахметали Асқаров, Әзірбайжан Ұлттық академиясы Тарих институты Ежелгі тарих бөлімінің ғылыми қызметкері Заур Гасанов және басқалар сөз сөйлеп, түркология саласының әр тарамдары бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қырғызстаннан келген Абдылдажан Ахметқалиев 183 мың жолдан тұратын қалыңдығы бір қарыс, салмағы жеті кило болатын Манас жырының Сағынбай Оразбақов жырлаған нұсқасын Түркі академиясына тарту етті. Осының өзі-ақ түркі өркениетінің шыңы емес деп кім айтар.

Біз осы аралықта конференцияға қатысушы бірқатар ғалымдардың ой-пікірлерін сұраған едік.

Анна Дыбо, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі: «Кеңес одағының тұсында түркология ғылымы жақсы дамыған еді. Әр ел өз тәуелсіздігін алғанда түркологтар арасындағы байланыс та әлсіреп, әркім өз бетінше жұмыс істеді. Түркология ғылымы әлсіреді. Енді Қазақстанда олардың басын қосатын Түркі академиясының құрылуы бұл елдегі мемлекеттік саясаттың барған сайын кең тынысты, терең мәнді бола түскендігін көрсетеді. Бұл біздің ортақ игілігіміз».

Сыздықова.Ж.С-т.ғ.д, профессор, Мәскеу

“Жасыратыны жоқ, кеңес дәуірінде түркітілдес ұлттардың мүддесі табанға тапталып келді. Қалай десеңіз жауап  беріп көрейін. Мектеп оқулықтарында түркі дүниесі, олардың өркениеті  жайлы мүлде айтылмайтын. Идеологияның ықпалынан шыға алмаған ғалымдарда, тарихты бұрмалап, ертеңді кеш көшуден қолы тимеген, түйенің қомында, аттың жалында тіршілік кешкен, революциядан кейін ғана сауат ашқан түркітілдес халықтардың жиынтығын тарих сахнасына алып шықты. Сонымен жарты ғасыр санамыз уланып, өркениеттің төріне шыққан көк түріктердің көркем жолынан жаңылып қала жаздадық. Бәлкім мұның түп төркінін патшалық Ресейдің салып кеткен «даңғыл» жолынан іздегеніміз дұрыс болар. Қалай десекте өз дәуірінде түркілер империясы дәуірлеп тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бүгінгі түркіологтар батыс пен шығысты таластырмай, дау туғызбай, тепе теңдікті, көркем шындықты көрсете білсе одан артық ештеңе керек емес. Ресейлік түрколог ғалымдарда осы пікірде. Аз уақытта түркі академиясын құрып, әжептәуір істер атқарған Қазақстандық әріптестерімізге, елбасына амандық тілейміз.”.

Ювалы А. доктор, профессор (Туркия, Анкара). “Меніңше Түркі академиясының құрылу мақсаты орталық Азия мемлекеттеріндегі қандастарын ортақ мүддеге тарту мақсатында жасалып отыр. Бұл игі істі қолдай отырып, шегі мен шеті жоқ мәдениетімізді болашаққа дайындап кетуіміз керек. Осы жерде мына мәселені айта кеткім келеді. Бұған дейін түркілердің мәдениетін, тарихын Еуропаның үлкен-үлкен ғалымдары жазды. Мысалы Франция, Жармен, Англия сияқты мемлекеттердің сол жазбалардан  империялық көз қарасы, анық байқатып отырды. Тарихшылар қанша мықты болсада олардың ырқынан шыға алмады. Ұлан байтақ түркі мәдениеті мен дәстүрін зерттегендерге бұл түркі дүниесі, түркі өркениеті деп айтуға шектеу қойды. Пасық ойларын жүзеге асырып, ұлан байтақ даланы иесіз қаңырап жатқандай көрсеткілері келді. Көне дәуірлерде бұл жерлерде белгісіз бір халықтар өмір сүріп, кейін олар өзара қырқысып жойылып кеткен деген жорамалды халықтың санасына әбден сіңірді. Сол себептен бүгінгі түркі академиясы осындай қиыс кеткен оғаш пікірлерді қайта зерттеуге ден қойып жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Біздің бауырлас халықтарымыз Башқұртстан, Шувашия, Татарстан, т.б келешекте тәуелсіздікке қол жеткізетініне сенуіміз керек. Әрине бәрі бір алланың қолында екені аян. Сондықтан олардыңда келешектен үміті зор. Олардың, жалпы түркітілдес бауырлардың түркі академиясының құрылғанына, Қазақстанның соған басшылық жасап отырғанына қуаныштары шексіз. Әлемдегі түркілердің саны 200 млн деп айтылып жүр. Бәріміздің мәдениетіміз ортақ. Әсіресе түркі мәдениеті үшін Орта Азияның орны бөлек. Біздің тарихымыз осы жерден бастау алады. Біздің Түркі академиясы келешекте Қап тауындағы, Алтай аймағындағы түркілермен толығатынына сенімім мол. Біздің бүгінгі ортақтасуымыздан  саясат іздеуге болмайды. Тарыдай шашылған түркі өркениетінің, мәдениетінің, тарихының жандануынан әлемге төнер қауіп жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып айтқым келетіні Түркі Академиясының келешектегі тілі қазақ тілі болуы шарт. Ғылым тілі қазақ тілі болуы үшін барша ғалымдар ат салысуға тиіс. Ал латын тіліне көшу мәселесін Түркі әлемінің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай бірте-бірте іске асыру керек».

Осман Хората

Профессор, доктор Осман ХОРАТА

Ататүрік мәдениет орталығының төрағасы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Өкілетті Кеңес төрағасы

“Орта Азиядағы түркі тілдес республикалар тәуелсіздіктерінің 20-шы жылын тойлатқалы отырғанда, Түркі Академиясының алғашқы жиналысының өткізілуі,  ең маңызды іс-шара деп ойлаймын. 2009 жылдың 3-ші қазанында Нахчиван Саммитінде Түркі Академиясын құру туралы шешімін қабылдаған Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Түркия Республикалары Елбасыларына және Академияны тез уақытта жүзеге асырған  құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына түркология дүниесі атынан алғысымды білдіремін.

Баршамызға мәлім 1991 жыл Орта Азиядағы түркі халықтарының екі жарым ғасыр бойы отарланған санасы мен даласына құт әкелді. Кеңес империясының ыдырауы мен 15 жаңа мемлекеттің пайда болуы түркі өркениеті үшін ғана емес, дүние тарихы жағынан да өте маңызды оқиға болып саналды. Теңеп айтсам батып бара жатқан кемеден тал қарманып жағаға шыққан бұл халықтардың әр бірі, ортақ қан айналымын көректендіретін тамырлары кесіліп, салт дәстүрі мен тілі күйреп, мәдениеті табанға тапталып, өткені жоққа баланған мемлекеттер болатын. Тағыда әсерлеп айтсам, алдарында тек екі ғана таңдау тұрды: (бетін әрмен қылсын) бастан өткен үлкен жер сілкінісінен кейін үйінділердің астында қалу, немесе олардың астынан қармана көтеріліп қайтадан аяққа тұру. Ұрдажық теңеуім үшін кінәлай көрмеңіздер мені. Сол бір қиын кезеңді басқаша айту мүмкін емес.

Әсіресе Қазақстан осы мемлекеттер арасында кең байтақ жері, ядролық қарулары, мұнай және табиғи газ резервтерімен ең қысылтаяң кезеңде тұрды. Стратегтер түркі тілдес мемлекеттердің келешек өмірін сан саққа жүгіртіп жатты. Оған себеп мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік қуатының аздығы болатын. Расында да қысқа мерзім ішінде нарықтық және қоғамдық іс-әрекеттерді толығымен іске қосу мүмкін емес еді.  Мемлекетті басқара алатын маман жоқ еді. Бұл кезеңді Айтматовша суреттеп айтсақ, тәуелсіздік алған түркі елдерінің бір күні бір ғасырға тең жылдар еді десек қателеспейміз..

Өткен жиырма жыл ішінде болады деген болжамдарды жоққа шығарып, үлкен проблемаларды шешіп, қиындықтарға мойымай шыққан мемлекеттің бірі Қазақстан болды. Қазақстанның бұл жеңісі, аймақтағы достық пен тұрақтылық үшін де, Орта Азиядағы басқа түркі мемлекеттері үшін де үміт шарығы бола білді.

Түркия Республикасы да тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттерді алғашқы күннен бастап, ортақ тарихи және мәдени байланыстарды нығайту жолында және халықаралық ұжыммен тұтастығын сақтауда әр түрлі қолдау көрсетіп келеді. Түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтар арасындағы ортақ тарихи және мәдени байланыстардан бастау алған тығыз қатынастардың Түркі Кеңесі шаңырағында ұйымдастырылуы, өткен жиырма жылдағы саяси байланыстардың өте жақсы сарапталғанының көрсеткіші десек қателеспейміз.

Жиырма жылдық тәжірибенің саяси және экономикалық жағымен қатар әлеуметтік және мәдени жағы маңызды мәселе болып табылады. Бұл жиырма жыл түркі мемлекеттерінің бір жағынан тәуелсіздіктерін қалыптастыру кезеңі болса, екінші жағынан ұлттық куәліктерін қайтадан алып, келешекке сеніммен қарауға жетелейтін уақыт. Өйткені түркі өркениетінің салтанат құратын сәті жетті деп білемін. Кешегі ғылыми конференцияда жаңа ғана құлашын жаза бастаған Түркі Академиясына менің айтқан ұсынысым аймақтық бейбітшілікке үлес қосқан мемлекет қайраткерлеріне, ойшыл және өнерпаздарға Ахмет Ясауи атындағы Бейбітшілік сыйлығын тағайындау туралы болды. Себебі түркі өркениетінің тереңде жатқан тарихын, шежіре беттерін ашып көрсету үшін қандай қадамға болмасын ойланбай баруға тиіспіз. Тәуелсіздік түркітілдес халықтарға еркіндік, өткенге терең үңілуге мүмкіндік берді. Орта Азиядағы түркі халықтарына қолданған жүйе тіл мен сананы өзгерту еді. Егер бұл жоспар жүзеге асқанда аз халықтардың қалғаныда мәңгүрттеніп, түбінен айырылып, саясыз ағаштай қурап қаларына шүбә жоқ болатын. Сондықтан тәуелсіздігімізді ғұмырлы етер түркі өркениетінің аясында, жоғалтқанымызды түгендеп, кеткен есемізді қайтарып  алдыңғы қатарлы озық елдерге қарағанымыз дұрыс. Қолдағы мүмкіндіктерімізді  жақсы пайдаланылу арқылы өсіп келе жатқан ұрпақтың  санасына өткен тарихымызды сіңіріп, өзара байланысымызды күшейтіп,  ұлттық рухымызды аспандатқанда ғана үлкен жетістіктерге жетеміз. Бұл мәселе бойыншада   түркі  дүниесіне үлкен жауапкершілік жүктелуде екенін айтпай кетуге болмайды..

Түркі Академиясының келешекте осындай қажетті конференцияларды көптеп өткізіп, маңызды миссияға иек артатынына  және түркітілдес республикалардың мәнгілікке дейін еркін, абыройлы, нағыз тәуелсіз мемлекет ретінде биғам өмір сүруіне бағыт бағдар беретін ұйым болатынына сенгім келеді.

Бутанаев Виктор Яковлевич, Н.Ф. Катанова атындағы Хакасс мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор.

“Мен қазақтарға қызығамын. Себебі жақсы істердің ылғида басында  жүреді.. Бұған дейін  Түркістанда түркі халықтарының  конференциясына қатысқаным бар. Ол жерде түркі дүниесіне қатысты келелі әңгімелер сөзімізге арқау болды. Астанаға алғаш рет ат басын тіреп тұрмын. Жас қала маған қатты ұнады. Бүгінгі конференцияның  мақсаты айқын. Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихына, тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне тән заңдылықтармен динамиканы, тарихи оқиғалармен өзгерістерді және ондағы тұлғамен адам факторын, әсіресе түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлгісін төлтума деректер негізінде ашуға күш салу. Дей тұрғанмен біз секілді аз халықтардың, азулы арандарға жұтылып кетпеу үшін, бауырлас халықтармен ынтымақтасуы зиян емес пайда әкеледі. Түбіміз түркі болғандықтан, тегімізді танып, жоғымызды іздесек несі жаман. Мысалы біз хакастар 100 мыңға тарта халықпыз. Әлемнің түкпір түкпіріне тарыдай шашылғандары қаншама. Мені келешекте ел болып қала аламыз ба деген ауыр сұрақ жиі мазалайтынын жасырғым келмейді. Оған басты себеп тілдің жоғала бастағаны. Керемет көркем, шұрайлы, терең әуезді тіліміз, күнделікті қолданыста ғана пайдаланылатын тұрмыстық деңгейге түсіп кетті. Жастардың көбі орысша сөйлеуге биімделіп кеткендіктен, хакас тілі ауыр жағдайда тұр. Осындай қиын сәтте түркі мемелекеттерінің бірлігі ғана құлазыған  көңілге демеу. ЖаҺандану қай қоғамды болмасын жағадан алып жатқанда, бүгінгідей конференцияның берері мол. Түп тамырымызды біліп бір түлеу үшін. Ұлтыма қолымнан бар келері сөздік жазып жатырмын. Қалтасына салып жүріп үйренседе бір кәдеге жарасын деп. Ал латын харпіне көшуге Хакас халқы дайын емес. Біз өзіміздің өшуге айналған тілімізді жөндеп алмай мұндай қадамға бара алмаймыз. Ал орта Азияда Қазақстан мен Қырғызстан ғана латынға көшкен жоқ. Татарлар көшуге оқталып еді, Ресей жағдайында ол мүмкін болмай тұр”.

Дүйсен Қасейнов

Дүйсен Құрабайұлы Қасейнов, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы:

“Тәуелсіздік алғаннан бері түрік тілдес халықтарға деген президенттің қолдауы да, көзқарасыда өте жақсы. Әсіресе экономика саласындағы қарым қатынас ерекше дамуда. Біз түркілер руханиятын әлемге таныту мақсатында атқарылып жатқан ғылыми практикалық, мәдени іс шараларымыздың ғылыми негіздемесін жасауға болашақта түркі академиясы секілді әлуетті орталықтарда ат салысады деген сенімдеміз. Түркия президенті Абдуллах Гүл  “бүкіл түркі мемлекеттерінің көшбасшысы” деп таныған елбасымыздың қолдауымен соңғы 5-6 жыл ішінде түркі халықтары ортасындағы интеграциялық жобалар ерекше қарқынмен жүзеге аса бастады. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 2006 жылғы Анталия Саммитінде, 2009 жылғы Нахичиван Саммитінде, 2010 жылғы Ыстамбұл Саммитінде президенттердің бірқатар жалпы түркі құрылымдарын құру жөніндегі бастамалары нәтижесінде, түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА), Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (түркі кеңесі), түркі академиясы құрылды.  Осы аралықтарда қаншама жұмыс атқарылды. Түрксой соңғы үш жылда ірілі ұсақты кездесулермен концерттерді, симпозиумдар мен фестифальдарды, көрмелер мен конференцияларды айтпағанның өзінде түркі мәдениеті тарихына қомақты үлес болып қосылған бірнеше ірі жобаларды іске асырды. Олардың қатарында “көроғылы” операсының халықаралық қойылымы, “Наурыз” мерекесінің Юнеско, БҰҰ штаб пәтерлерінде тойлануы, Ләйлі Мәжүніннің 100 жылдығы,                                                               қазақтың “Қыз жібек” эпосының 500 жылдығы, Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 80 жылдығына арналған мәдени шаралардың ұйымдастырылуы атқарылған істердің бір парасы. Біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Келешекте түркі мәдениетінің әлемдік мәдени процестердегі орнын айқындау мақсатында ұйымның алдына жаңа міндеттер қойып отырмыз. Ендігі жерде өз қазанымызда қайнай бермей түркі халықтарының бай мәдениетін дүние жүзілік деңгейде насихаттауға, Еуропаға, Америкаға, Азияға танытуға күш салуымыз керек. Түрксой тарихында тұңғыш рет 2010 жыл “Ахмет Зәки Уалиди  Тоған жылы” болса,  2011 жыл “Ғабдолла Тоқай жылы” деп жарияланды. Біз түркі халықтарының мәдениетіне, ғылымына, әдебиетіне айырықша үлес қосқан осындай ірі тұлғаларды ұлықтау арқылы түркі мәдениетінің тұтастығын насихаттауға күш салып жатырмыз. Осы жерде мұның бәрінің қаржыға келіп тірелетіні баршаңызға белгілі.  Бұл мәселе биыл оңды шешілгендей. Жылдың басында халықаралық ұйымның материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында Қазақстан үкіметі 500 мың доллар көлемінде бір реттік көмек көрсетті”.

Жусіпов Маханбет. филология ғылымының докторы, профессоры, Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінің құрметті кафедра меңгерушісі

“Қазақстанның бүгінгі мүмкіншілігі түрік дүниесінің насихатталуына қай жағынан болмасын сайма сай келіп тұр. Түрік академиясының алда атқарар ісі жетерлік. Әлі күнге зерттелмеген, толық қанды ашылмаған, құпиясын ішіне бүккен салалары өте көп. Ең негізгілері деп тарих, мәдениет, тілді атап өтер едім. Одан ары баратын болсақ өзіміздің шығу тегімізді дәстүрлі қалыптасқан ұғымдардан әрі апаруымыз міндет. Кеңес дәуіріне бір жақты қарауға болмайды. Әр заманның өзіне сай идеологиясы болады. Сол идеологияға симаған ұғым шеттетіле береді. Сондықтан өткен заманға топырақ шашып ұтарымыз аз. Кеңес дәуірі бізге көп нәрсе берді.  1911 жылғы Ұлыбританияның анықтауы бойынша Орта Азия халықтарын жүз пайыз сауаттандыру үшін 320 жыл керек деген. Ал кеңес үкіметі оны 50 жылда жасады. Бұл кеңес дәуірін мадақтау емес, жасаған жұмысын бағалау. Кеңес жүйесінің қателіктеріде көп болды. Соның бірі алдыңғы орынға орыс тілін қою арқылы орысшы ойлайтын ортаны қалыптастыру еді. Бұл енді басқыншылықтың сыпайы түрі деуге болады. Осының кесірінен түркі өркениетінің жетістіктері, әбден қалыптасқан тілі мен ділі күнделікті күйбең тіршіліктің аумағынан аса алмай қалды. Кейбір түркітілдес аз халықтар тарих сахнасынан жоғалып кетті. Соның көп жылдық “жемісінен” тәуелсіздік алғаннан кейін ғана арыла бастаған жайымыз бар. Бір қызық айтайын кеңестік кезеңнің отарлау көзқарасы Еуропаның, Азияның кей мемлекеттерінен әлі күнге көрініс беріп қалады. Өйткені үстемдік адам баласының санасына әбден орнығып алған. Сондықтан менің айтарым әр заман өзінің идеологиясын, өзінің тәртібін береді. Қол жеткен тәуелсіздіктің арқасында Түрік академиясы түркі мемлекеттері арасында Қазақстанда алғаш құрылды. Бүгінгідей конференциялардың түркі дұниесінің қамбасын ашуға, тарихын таразылауға, тілін жандандыруға тигізер пайдасы мол.

Бірлігімізді көре алмай, айрандай ұйыған тұтастығымызды шайқағысы келетіндерге айтарым, Түрік академиясынан қауіптенудің еш негізі жоқ. Шындап үңілсең түркі тарихы мына тілдерде басымдыққа ие. Арап, парсы, қытай, орыс. Ал Түркі тілінде 5-10 пайызда ғана жазылған. Бұл түркі тілі қолданыста болмады деген сөз емес. Оның түрлі тарихи себептері бар. Ал Қазақстанның латын тіліне көшуіне үзілді кесілді қарсымын. Мәселе мынада. 75 жылда 4 рет әріпті ауыстыру халықты адастырып, тарихынан тамырын үзумен бірдей нәрсе. Оның сыртында бұл процес 5-10 жылмен бітпейді. Мярд-таған қаржы кетеді. Өткеніне он жыл болған Өзбектердің бүгінгі тірлігі соның нақты дәлелі».

Дәуіт Шомфай Қара.  Венгрия ғылым Академиясы Этнография институтының ғылыми қызметкері.

«Түркі тану академиясының Қазақстанда ашылғаны кездейсоқтық деп айтуға келмейді. Бұл кез келген мемлекеттің иығына арта салатын жеңіл жүк емес. Мұндай сарабдал саясатқа бару үшін тұрақтылық, саяси ахуал бірінші орында тұрмақ. Орта Азиядағы бұл талапқа сай келетін бірден бір мемлекет-Қазақстан.  Экономикалық әлуеті артып, әлемге таныла басталған елде, жаңашылдыққа, көшбасшылыққа тән қасиеттердің болуы заңды. Менің жиындағы баяндамам «Мажарстан және Қазақстан: Түркологиялық зерттеулер мәселелері және болашағы» деп аталады. Конференцияда  шама шарқымша түйінді ойларымды айттым. Қазақстан Дешті қыпшақ даласының төріне орналасқан үлкен мемлекет. Табиғи ресурстарымен, қазба байлықтарымен, көне қалаларының көптігіменде ерекшеленеді. Қыпшақтардың атының тұяғы тимеген аймақ жоқ шығар Еуропада. Соның бір айғағы Венгриядағы қыпшақтардың ұрпақтары.  Бабаларының қазақ даласынан екенін бүгінгі ұрпақтары мақтанышпен айтады. Мажарлардың арғы аталары негізі батыс өңірді Еділ мен Жайықтың ортасын, Арал теңізінің жағалауын жайлаған. Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты Еділден ары қарай ығыса берген. Кейін босаған жерлерге қоныс тепкен Қимақ, Қаңылы қыпшақ  ру тайпаларымен Мажарлар тығыз байланыста болған. Тегі бір екенін жадтарынан әсте шығармағанға ұқсайды. Тағы бір айтарым олар Еуропаға мәжбүрліктен қоныс аударғанда  Еділ бойында мажарлардың кей бөліктерінің қалғаны жайла дерек бар. Батый ханның шапқыншылығы кезінде Құман қыпшақтар жеңіліп қашып келгенде, біздің Биға деген падишамыз құшақ жайып қарсы алғаны тарих бетінде жазылып қалған. Сол қыпшақтар Венгрияда қалып,  халықтың арасына сіңісіп кеткен ғой. Олардан тараған бүгінгі ұрпақтар қазақтарды бауырларымыз деп жақын тартады. Мажардың кез келген баласы ата бабаларының қазақ даласынан көшіп келгенін біледі. Соңғы жылдары қызығушылық тіпті артып келеді. Біз Мажарлықтар сондықтан Қазақ даласына бабаларымыздың ата мекені, қандасымыз деп қараймыз. Мажарстандағы азаматтардыңда тіл үйренуге құлшынысы жақсы. Қазақ тілін 93-94 жылдары Алматыға арнайы келіп оқып, бір жарым жылда үйреніп шықтым. Өйткені бұл мемлекетті қандасым деп шын жүрегіммен сүю үшін, тілді үйренуге талпындым. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» ғой. Осы елдің ауасымен дем алып, адал асын сүйсініп ішіп жүрген азаматтардың шын құлығы болса тіл үйренуге еш кедергі жоғына бәс тігуге бармын. Ал түркітілдес ұлттардың ара қатынасына тілдік мәселе сына қаға алмайды. Себебі тілі мен діні бір ұлт, жарасқан көңілдің айдынын шайқамайды. Тілмен, болмаса жүрекпен ұғыса береді. Халықаралық ғылыми конференцияның Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына  орай ұйымдастырылуын жақсылыққа жоримын. Айта кеткім келетіні Мажарстан билігіде Қазақ елімен туыстық қарым қатынас жасауға мүдделі. Себебі түркі дүниесінің өркениет шыңына бет алуын құптайды. Қазір жалғыз түркілер ғана емес, өзгеде ұлт пен ұлыстар жоқ-жітігін түгендеп жатыр. Жаһандану заманында, Түркі өркениеті тамырлас халықтардың бойына қан жүгіртіп қана қоймай, көл көсір байлығымызбен, салт-дәстүрімізді, қарым қатынасымызды жаңа бір сатыға көтеретініне сенімдімін».

Пленарлық мәжіліс аяқталғаннан кейін конференция жұмысы секциялары бойынша жалғасты. Екі күннің ішінде 200-ге тарта баяндама тыңдалып, талқылауға түсті. Әртүрлі пікірлер айтылғанымен, ортақ мүдде алдыңғы орында тұрды. Ойлап қарасаңыз, осының өзі үлкен қазына. Бұл қазына енді Түркі академиясының меншігіне айналмақ. Сан тараулы түркі тілдеріне аударылып, бірте-бірте жүйеге түспек. Сондықтан аталған конференцияның тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі халқы үшін, әлемдік тарих ғылымының сан түрі саласы үшін маңызы зор деп есептейміз.

Дәрек: Қазақстан ЗАМАН / Нағашыбай Қабылбек




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir