Іздеу
Қазан 22, 2020
  • :
  • :

Жыр алыбы Жамбыл (1846-1945 жж.)

Жыр алыбы Жамбыл  (1846-1945 жж.)

Қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаев 1846 жылы «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп ақынның өзі айтқандай қазіргі Жамбыл облысы, Шу өзені бойындағы (Шу ауданы) Жамбыл тауының етегінде Жапа деген қыстауда ақпан айының боранды күндерінің бірінде дүниеге келген. Бұл кез ақынның «Менің өмірім» өлеңінде:

Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,

Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім,

Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,

Қойнында Алатаудың зарды көрдім, –

деп айтқандай ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың меңдеп тұрған тұсы еді. Бұл – Жетісу өңірінің Қоқан хандығына қарап тұрған шақтағы ел басқарудағы жолсыздықтың шектен шыққан кезі еді. Бір жағынан ақ патшаның, екінші жағынан жергілікті ел билеушілердің мөлшерден тыс алым-салығы бұқара халықты титықтатып тастап еді. Қалың бұқараның дені жоқ-жітікпен, бірде аш, бірде тоқ болып өлдім-талдыммен күнелтіп жатқан тұсында дүниеге келген ақын сол тұстағы ел өмірінің жанды картинасын қазақ поэзиясына шынайы қалпында алып келді.

Жамбыл 8 жасқа келгенде әкесі ауыл молдасынан білім алсын деп оны оқуға береді. Бірақ болашақ ақынға молданың ескіше оқуы қонбайды. Сол тұстағы күйін ақын «Шағым», «Әкеме» атты өлеңдеріне арқау етті. Молданың ескіше оқуына қанағаттанбаған ақын: «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан. Ақ сәлдесі басында, Боз інгендей боздаған» деп, білім беруден гөрі мал табуды көздеген молдаға деген наразылығын жасыра алмады. Бұл қазақ арасына жаңаша оқу ене қоймаған, ескіше оқудың кең өріс алып тұрған шағы еді. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып біржола ақындық жолға түседі. Жамбыл Шапыраштының Екей деген руынан, бұл елде ақындардың көп болғанын «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген жолдарынан көруге болады. Осындай ақындық орта болашақ ақынға да мол септігін  тигізді.

Сүйеке, сүйенішім, өнерпазым,

Әйгілі, ақылгөй, желді сөздің.

Әкежан, сен де тіле, бата берсін,

Балаңа өлең қонып, атақ ерсін! –

деп, ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық «импровизаторлық» өнердің классигі,  М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы»  деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып елге таныла бастады.

Өзін шалқарда шалқыған аққуға теңеген ақын «келмеді сасық, шалшық жерде қалғым» деп жыр маржанын тере білді. Бір жағында қалың бұқара, бір жағында бай мен датқа тұрған ақынның алдында кімнің сөзін сөйлеу керек? деген замана сауалы тұрды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай, манаптарды шеней білді. «Жылқышы», «Сараң бай мен жомарт кедей» деген өлеңінде бай мен кедей арасындағы кереғар тірлікті шендестіре отырып қатарластыра (параллел) жырлады:

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,

Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.

Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,

Әйелі шелек толы сүт сауғанға.

Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,

Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.

Ең болмаса, айранға тойғызса деп,

Жатса, тұрса тілейді «а, құдайлап».

Көріп отырғанымыздай Жамбыл да Абай тәрізді сол тұстағы ел ішіндегі толғағы жеткен әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті. Осының өзі Жамбылдың кедей-кепшіктің, бұқара халықтың жоғын жоқтағанын байқатады.

Өмірінен үлкен орын алған Бұрым қыз туралы өлеңінен «Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр» дейтін ақын махаббатының сәтсіздігі байқалады.  Дегенмен жас ақынның осы өлеңіндегі лашынға, ақ сұңқарға, тұлпарға, қорғасынға, қаңбаққа, құрыққа, құлынға теңеулерінен оның бейнелі сөйлейтіндігін байқау оңай. Дерексіз затты қазақ ұғымына түсінікті деректі заттарға теңеу арқылы бейнелі образдар ұсынды.

1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығына қарсы  ұлт-азаттық көтеріліс болған тұста ақын «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» атты өлең, толғауларын жазды. Аталған өлеңдерде сол тұстағы ел билеушілердің ақ патшаның заңына құлдық ұрып, бұқара халықтың ыза-кегін туғызғанын жасыра алмады:

Би, болысты тәңірі атты,

Ел қорғауға жарамай.

Ағайында еңіретті,

Көз жасына қарамай.

Енді ойласақ: не қалды,

Ата жұрттан кету бар, –

деп ел билеушілерге деген елдің наразылығын ашық айта білді. Жайылым жерлерден айырылған қазақ бұл тұста елден үдере көшіп Қытайға жер ауып жатты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде патша жарлығына қарсы бой көтерулер болды, Қарақарадағы албандардың көтерілісі де осы тұста болып еді. Осылардың бәріне куә болған ақын ел өміріндегі ірі-ірі тарихи оқиғаларды шығармаларына арқау етті. Аталаған өлеңдері үшін біраз күн ақ патшаның тар қапасында тұтқын да болды.

Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста кедейге теңдік, әйелге еркіндік берілгеніне ақын да куә болды. Сондықтан да оның шығармаларынан ірі байларды конфискелеу, қосшы ұйымын құру, шабындық пен егістік жерлерді қайта бөлу, кеңес сайлауларын өткізу сынды саяси және мәдени науқандар кең орын алды. Осылардың бәріне куә болған ақын халқымен бірге қуанып, бірге шаттанды. «Кедейлерге», «Қазақстан тойына» бұқараның жырын жырлады.

Жамбыл жырларынан фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да орын алды. «Бата» өлеңінде «жақсы сөз – жарым ырыс» екендігін ескере отырып, «Әумин» деп қолыңды жай, Қабат тусын күн менен ай. Алғаның болсын сайма-сай» деп  бар ақ тілегін жаудырса, «Өсиет»,  «Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға! өлеңінде:

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.

Жақсының әрқашан да жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға, –

деп жақсы өсиет білдірді. Ақынның шығармаларынан ерекше орын алатын арнау өлеңдер. Олардың басым көпшілігі жекелеген адамдарға қаратыла айтылған арнаулар. Осылардың қатарында «Кененге», «Ғасем Лахутиға»,  «Калинин ақсақалға», А.Пушкинге арнап жазылған «Асқан бұлбұл», «Пушкинге», «Сүлеймен Стальскийге», т.б. жекелеген адамдар мен «Қазақстан тойына», «Амангелді тойына», «Социалистік Қазақстан» тойына», т.б. тойларға шашуын да атауға болады.

Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын бар шерін өлеңмен шығара білді. Оның «Алғадай туралы», «Сарғайып атқан та ба екен», «Алатауды айналсам» атты өлеңдері қазақ поэзиясындағы жоқтау жанрын толықтырды:

Мінгенде атым сұр бөрте,

Алғадайды алдың еп-ерте,

Мен жыламай – кім жылайд,

Жал-құйрығы кеп-келте.

Немесе:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?..

Бала қалды жетім боп,

Келін қалды жесір боп,

Біздей кәріп кісіге,

Көз салыңдар есіркеп…

Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде мүшелікке өткен Жамбыл есімін 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі шарықтатып, даңқын арттырып жіберді. Ол да басқа ақындар секілді өз заманының перзенті. Сондықтан еңбекші бұқараға теңдік алып келген Қазан төңкерісіне деген жүрек жарды қуанышын жасыруға болмайды.  «Күн көсемге» деген бар жылы сөзі ақынның «Туған елім», «Халықтың сәлемі», «Ұлы заң», «Ленин», «Орден алғанда», «Қайта жасардым» деген  арнаған ақын шығармаларынан асқақ рух анық байқалады.

Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары.  Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы.  Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.

Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандарының орны ерекше. Жетісу бойына кең тараған Өтеген туралы аңызға Жамбыл ақын жан бітіріп, оны қазақ әдебиетіне алып келді. «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» жайма-шуақ өмірді іздеген Өтегеннің бақыт жолындағы ізденісі халықтың арман-тілегімен ұштасып жатты. Өтеген батыр туралы дастанда  аңыз басым болса, Сұраншы батыр туралы дастанда тарихилық үстем. Қоқан хандығына қарсы  Жетісу қазақтарынан шыққан батыр Сұраншы Ақынбековтың ерлік істері көңілге қонымды. Қазақ, қырғыз, өзбек халқы еңбекшілерінің ынтымағы арқылы адам баласы аңсаған азаттық нанымды бейнеленген.  Осылардың қатарында «Көрұғлының» Жамбыл жырлаған нұсқасы мен «Бақ, дәулет, ақыл» атты аңыздарын да атауға болады. Ақын бақ, дәулет, ақыл туралы аңызды тірілте отырып оқырманға:

«Ал, жігіттер, бұл сөздің шешуін тап,

Бай болғанмен не боларсың, болсаң ақымақ.

Ақымаққа мал бітсе мас болады,

Ақылсыз түк бітірмес, мал менен бақ», –

деген ой салады.

1941 жылдың басында «Кәрілік» атты өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп кәрілікке мойын бере бастаған ақын 15 республикадан құралған мызғымас Кеңестер Одағына фашистік германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда қаламын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман», сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Оның жырлары жыл құсындай болып майданға аттанды. Жауынгерлерге Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер деген ақын жырларында өршілдік рух басым. Кеңес жауынгерлеріне қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан өлеңдерінің ішінен «Ленинградтық өренімді» ерекше атауға болады:

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің.

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін…

Уа, қаһарман, өренім,

Мақтанышым, беделім!..

Қаласындағы Лениннің

Сайып қыран, өренім!

Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі  1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді.

Ақын «Мұнша жасқа келгенде, Не көріп, не білгеннен. Бір ауыз сөз айтылмай, Қалса – үлкен мін ақынға» дей отырып, сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында көрген-білгендерін ой қазанында қорытып, өмір жайлы толғауларын жазды. Оның «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің өмірім» атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жүз жасаған ақынның  өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы-бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді.  Ол толғауларында Қоқан хандығы, одан ақ патшаның қол астында отар болып, «Қысым көрген, қырылған, Таланған да шабылған» қазақ халқының аянышты тірлігі мен Қазан төңкерісімен келген теңдік пен бақытты өмірді «Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда, Николай ұрған доптай тақтан ұшты. Жарқырап бостандықтан сәуле түсті – Жабырқаған халықтың көңілі өсті!» деп жырлады.

Жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды.   Ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты.

Гүлжаһан Орда М.Әуезов сыйлығының лауреаты,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

жетекші ғылыми қызметкері, филол.ғ.к., доцент.




3 thoughts on “Жыр алыбы Жамбыл (1846-1945 жж.)

  1. тоы

    ма5ан жамбыл жабаев туралы пікірлер керек еді

  2. Асель Шайдозимова

    бұл мақала маған ұнады. себебі мұндағы айтылғанның барлығы өзекті мәселелер. жамбыл жабаевтын шығармашылыгы сөз жок

Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir