Іздеу
Маусым 24, 2017
  • :
  • :

ҚАЖЫРЛЫ ҰЛ ҚАЖЕКЕМ!

Мұхтархан ОРАЗБАЙ

(Қажығұмар Шабдан ұлының қырықына арналған жоқтау)

Үржар еді кіндік қаның тамған жер,

Жете алмаған Қазақстан арман ел.

Сексен жаста жылап өлдің қапаста,

Бұл жоқтауды саған жаздым қайран ер.

Отарлықтың өрті жалмап ұяңды,

Көрсеткен ғой бала күнде қиянды.

Босқындыққа жегілдің де,сенделдің,

Сол сапарда ұлтшыл ойың оянды.

Жараланды жас күніңнен жүрегің,

Жаралы елде тоналған-ды күдерің.

Асау арман,ұлы киял,қажырлы ой,

Ертіп алып Дөрбілжіннен «жүр дедің!».

Үрімжіден үкілі ойды ұқсам деп,

Ұлтшылдарға шын ниетпен жұқсам деп.

Буып-түйіп керегіңді,мұлкіңді,

Жорық салдың өмір жолым тоқсан деп.

Отар елден соққы көрдім телмеңдеп,

Осы жерге «қылмысты» боп келдім деп.

Босқын елдің мұңын айтып ойландың,

Сендер үшін осы жолда өлем деп.

Кеттің содан Барлық тауын астың да,

Досты көрдің,ауылдасты,қасты да.

Жағымпаздар,қызғаншақтар,масылдар,

Толып жүрді саудалаған сатқын да.

Сол ортада , отарлықта есейдің,

Именбеуге құл қорлыққа күшейдің.

Қазағым деп қанжылады жүрегің,

Жалғандықты бал қосылған у дедің.

Саясатың қулық дедің «алдаған»,

Жылан болып шын біткенді жалмаған.

Ойды құртып,өзіне табындырар,

Отарлшылдың бар айласы арбаған.

Өмір бойы жанар тау боп атылдың,

Жау жасқанды,шошыды күллі жақының.

Киелі ұран иесін тапты өзіңнен,

Айналмадың кейпіне кіріп «мақұлдың».

Суғарылдың шерімен қасіреттің,

Өз арнаңда сия алмайтасып жаттың.

Ұлы айдынға кемеңді қайраңдатып,

Ұлтың үшін өрт болып жанып жаттың.

Тамақ үшін,атақ үшін демедің,

Қазақ үшін болсын дедің көмегім.

Өз ұлтыңның биігі үшін алыстың,

Келер ұрпақ терер сенен керегін.

40 жыл қырғын,40 жыл тұрме,40 жыл азап,

Өлмедің,өлмеймін дедің недеген ғажап.

Азапта жүріп азаттық үшін алыстың,

Қазақтың атын әлемге жаздың таңбалап.

Сұрапыл ойлар сұлатты жансар қорқақты,

Соны ерлік сомдайды ұлы ұрпақты.

Ез тірліктен ұлтшыл ойды баулыдың,

Сенің сырың талай көзді құрғатты.

Шындық үшін шырқырадың күйзеліп,

Аруақ қонды сені қолдап,сый болып,

Қалам берді қазақ үшін жазуға,

Ата кегің басқа қонды ми болып.

Үнің жетті ғарыштарға,Тәңірге,

Күшің жетті бойсұнбауға әмірге.

Бұғаулықты бұзып кеттің бұлқынып,

Қайта тудың қуат болып өмірге.

Ағын болып арна салдың түреннен,

Қас тұлпардай көріндің тың өреңнен.

Сұңқар болып қанат қақтың сезімде,

Тұма болып ойларға ақтың тереңнен.

Турап өтті ой қанжарың жасықты,

Алшы үйірдің ұлтшыл ойдан асықты.

Алтын рухың аспанда жүр жарқырап,

Сенің мысың күллі жауды басыпты.

Шындық дедің,жауыздарды мінедің,

«Қылмыс» дедің мына көрген күндерің.

Жолсыздықты кешпей кеттің жалғанда,

Жалқы жалау шығып жатты ұндерің.

Арқа,Семей,Шауешек пен Емілім,

«Қылмыстымын» сенделектеп келемін.

Қара қазақ азап шекен күндерде,

Мен қалайша бақытты боп күлемін.

«Қылмысты» етті отар заман мазалап,

Түрмесіне жапты мені жазалап.

Ұлтым үшін шынымды айтып өлемекке

Бел байладым «6 томды» жаза сап.

Дедің мұны,ант еттің,бітірдің,

«6 томда» айттың бәрін ұқтырдың.

Мешел қоғам,қыли заман сені ұқпас,

Ұғар ертең ұлы Қазақ тұқымың.

Қан мен жас,қырсық ғасыр,тыртық тірлік,

Жанталас,қорлық масыл,қорқақ «бірлік».

Ұранға үн қоспайтын тобыр топта,

«Ұлтым!» деп озбырлардан көрдің қорлық.

Тіліп өттің езуін ессіздердің,

Есіне салдың салтын тексіздердің.

Отар мен озбыр топты кезек мінеп,

Есіне салдың өшін кексіздердің.

Жауың түгіл,досың қорықты оқудан,

Ұрпақ туды ойыңа ойды тоқудан.

Ұлтшыл болу отанды, жерді сүюден,

Деп ұқтырдың «қылмысыңды» оқудан.

Қандай қиын отанына жете алмау,

Қандай азап өз үйінде өле алмау.

«Егемендік» күндерінде еңіреп,

Өз елімен емін жарқын бола алмау.

Өксіп өксіп солқылдайды жүрегім,

Өкініш қой,амалым не,төзермін.

Ұлы Қазақ жоқтар ма екен ұлы ұлын,

Қажекем-ау сені жоқтап бұл жаһанды кеземін.

Осы қазақ тарихта не көрмеген,

Отар,талау ойрандарда өлмеген.

Жаны бойда,ар-намысы тапталған,

Сізден қорықты келер ме деп «түрмеден».

«Қытай,Орыс досың емес, дұшпаның,

Осы сөзді өсиет еттім, ұқ жаным.

Байлығыңды таласа,басыңды алса,

«Достық» емес, мұны білмей бұқпағын!»

«Ұлтым,жерім,аталы арым тұмарым,

Соны ұғуға қашандағы құмармын.

Жауларыма «қылмысты» боп өлсем де,

Жығылмайды ҚАЗАҚ деген туларым.!»

Дедің аға, ұлы болдың қазақтың,

Бәрін көрдің өміріңде азаптың.

«Ұлы елім Орта азиям түлейді,

Деп көз жұмдың, «азатпын!»,».

Соңғы сөзің қалды менің есімде,

Соңғы бақыл айтылды қара кешіңде.

Арман болған Үржар саған алыстап,

Қалды молаң Шәуешектің шетінде.

Алатауың басын иіп күрсінді бір,

Тәңір тау тау ұлына толғады сыр.

Алтай мен ұлы Кафказ күңіреніп,

Енртіс,Іле,күңіреніп ақты Еміл.

Елің қалды аңыраған, «қарғаған»,

Жерің қалды сағынатын,сарғайған.

Айдаһарға қылыш сермеп жан үздің,

Атың қалды күллі қазақ жатқа алған.

Суғарасың болашақтың майсасын,

Сені білген қай қиыннан тайсалсын.

Қырық жылдық қапастарда әлдилеп,

Сен жаққан шам келешекке ой салсын.

Жағы талды жамандаған жаулардың,

Бағы солды көре алмаған қулардың.

Қазақ атты ұлы аспанға қалықтап,

Желбіреді өзің тіккен туларың.

Сан ұрпаққа сағыныш боп қаларсың,

Сен «алтынды» мазарыңда аларсың.

Ұлтын сүйген ұлдарыңа бата оқып,

Адамзаттың көкейінде

«Қажекең!» боп қаларсың.

Қажекем-ай!дұғам осы оқыған,

Зорға оралдым азап толы босқыннан.

Жалап өлдің,біз телмеңдеп тіріміз,

Сөзімді ұғар келер ұрпақ осыдан.

Сөзде «азаттық»,біздер үшін бұйырған,

Қажекем-ау! Құтылмадық дойырдан.

«Көшкен елдің бұқасы» боп күнелттік,

Соққы жедік көрінбейтін сойылдан.

Күн туа ма мазарыңа бас ұрар?

Күн туа ма «қалмысыңды» асырар?

Жапандағы жалғыз жалау болмашы,

Сені таныр жақын ба жарқын ғасырлар?

Солқылдадым сені жоқтап Қажекем,

Сені жоқтар ұрпақтарың аз ба екен?!

Топырағың торқа болсын,иман дос,

Бір өзіңе пейіш төрін жазса екен!

Дұғам осы «қырқың» үшін оқылған,

Жәнната бол! «тозақтан пәни» құтылған.

«Қылмысыңды» ақтап алар ұл туды,

Босайды рухың жалғандағы «тұтқыннан»!.




Bir Cevap Yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir